Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалар әдебиеті пәні бойынша дәріс жинағы



бет1/19
Дата21.10.2022
өлшемі174,61 Kb.
#44708
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
пәні бойынша дәріс жинағы
Садуахасова Г.Ж.

1-дәріс
Балалар әдебиеті – рухани қазына


Қазақ балалар әдебиеті және онын зерттелуі
Балалар әдебиетінің өзіндік ерекшеліктер
Балалар әдебиетінің рухани қазығы – фольклор

1.1 Қазақ балалар әдебиеті және онын зерттелуі


Балалар әдебиеті – қазақ әдебиеті тарихының өскелең әрі құрамдас бір саласы. Оның өзіндік өсу, өркендеу жолдары бар. Басында жалпы әдебиетпен бірге дамып, толысып келген ол ХІХ ғасырда өз ерекшеліктерімен дербес күйге жетті. 1960 жылдардан бастап жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқытыла бастады. Балалар әдебиетінің қалыптасу, өсіп-өркендеу жолы бұрынғы-соңғы зерттеулердің аясында, халық өмірі мен қоғам дамуына байланысты қарастырылады.


Педагогикалық, психологиялық тұрғыдан алып қарағанда “бала” деп атап жүрген жас жеткіншектердің өз араларында үлкен өзгешеліктер бар. Бес жастағы бала мен он жастағы баланың мінезі, ұғымы, дүниеге көзқарасы бірдей еместігі мәлім. Соған орай балалар әдебиеті жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше салаға бөлінеді. Балаларға арналып жазылатын шығармалар жасөспірімдердің ой-өрісін, сана-сезімін дамыта отырып, оларға заман талабына сай тәлім-тәрбие беруге бағытталады.
Қазақ балалар әдебиеті көркемдік жағынан болсын, тақырыптық-тәрбиелік жағынан болсын, барлық талаптарға сай өсіп-өркендеп, дамып келеді. Әдебиеттің басқа түрлеріне қарағанда балалар әдебиетінің өзіндік алғы шарттары да жоқ емес. Балалардың ойлау, түсіну қабілеті суреттеліп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығын, дәлдігін өз өмірінің айналасынан алуды қажет етеді. Балаларға арналған ірі туындылардың идеялық-эстетикалық қырларын халықтың педагогикалық көзқарастарымен, өмір тәжірбиесімен, қоғам талабымен, жазба әдебиетке тигізген әсері, дәстүрлік мәселесі, зерттелу жайы жөнінде оқып білгендерін болашақ мамандар тұжырымды түрде жеткізіп отырулары керек.
Балалар әдебиеті – жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-есін дамытатын, оларды адамгершілік қасиеттерге баулитын өмір оқулығы. Оның өзектілігі – мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап он жеті жасқа дейінгі мектеп оқушыларына әдеби тілде жазылған қызықты шығармалар ұсына алатындығында.
Балалар әдебиетінің жіктелуі, салаланып дамуы, сараланып сөз бола бастауы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан басталды. 1927 жылы “Өтірік” деген жинаққа жазған алғысөзінде І.Жансүгіров “Ел өтірігі үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады”,– деп өтірік өлеңге бірінші рет анықтама береді. 1931 жылы жазған “Мен қалай жаздым?” мақаласында “Бізде балалар әдебиеті – жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бір ойым осы әдебиеттің бізде жасалуына көмектесу еді”,– деген. М.Әуезов “Әр жылдар ойлары”, “Ертегілер” деген еңбектерінде “Балалар әдебиетінің арғы төркіні халықтық шығармалардан туады” деп көрсетеді. С.Ерубаев “Балалар әдебиетін жасайық” деген мақаласында (1930) мектепте оқитын жүз мыңдаған оқушылардың балалар әдебиетіне шөліркеп отырғандығын айтады. Б.Бұлқышевтің Қазақстан Жазушыларының ІІ съезі қарсаңында жазылған “Балаларға жақсы кітаптар керек” мақаласында балалар әдебиетіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келе жатқандығы айтылады.
С.Ерубаев қазақ балалар әдебиеті жайында. Горькийдің 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында жарыққа шыққан “Тағы да сауаттылық туралы”, “Балалар әдебиеті туралы”, “Балаларға – әдебиет”, “Тақырыптар туралы”, “Балалар кітаптары мен ойындары туралы жазбалар” мақалаларында да болашақ балалар жазушыларын тәрбиелеу мәселесі басты орынға қойылды. Саттар мақаласының нысанасы да осыған саяды: “...нақтылы міндеттемелер алыңыздар, балалар көркем әдебиетін жасауда өздеріңізді жауапты деп санаңыздар. Болайын деп отырған жазушылар съезінде мәселе көтеріңіздер. Өздерінің тілегендерінен қызғылықты, түсінікті кітап, әңгіме, өлеңдер жазып беріңдер, балалар өміріне жақын келіңдер. Балалар өмірінің өзгешелігімен танысыңыздар, балалардың өз тілімен өз өмірлерінен де жазып беріңдер”. Ендеше, қандай тақырыпта жазылмасын, балалар шығармаларының басты кейіпкері баланың өзі болуға тиіс. Балалар әдебиетінің осынау басты ерекшелігін Саттар ақын-жазушыларға “...балалардың өз тілімен өз өмірлерінен де жазып беріңдер” деу арқылы аңғартып өтеді. Сөйтіп, С.Ерубаевтың аталған мақаласынан балалар әдебиетін ересектер әдебиетінен дараландырып тұратын сипаттарға сол тұстағы қазақ қаламгерлерінің назарын аудармақ болған мақсатын байқағандаймыз.
Саттар хат иелері – кішкентай оқырмандар жөнінде былай дейді: “Бұл оқушылар – кітапқа, қызғылықты өмірге, күреске құмар оқушылар. Бұлардың бәрі де “қызғылықты кітап жоқ, ал болса аз” дейді”. Бұл санамаланған қасиеттердің бала психологиясына тән екендігін және қызықты кітапқа деген зәруліктің қазақ балалар әдебиетінде әлі күнге орын алып отырғандығын ескерсек, Саттар ой-пікірі, ескертуінің сол кезең үшін ғана елеулі болып қоймай, қазір де үлкен мәнге ие екендігін айрықша атап айтамыз. “Лениншіл жас” газетінің 1934 жылғы 29 майда шыққан санында бұрынғы Әулиеата қаласының бір мектебі оқушыларының “Бізге көркем жазылған жақсы, қызық балалар кітабы мен ойын, өлең, әңгімелер керек” деген ашық хаты басылады. Саттардың жоғарыдағы “Осы уақытқа дейін біздің қазақ жазушылары балалармен сөйлесуді, өмірімен танысуды, балалардың пікірін білген емес. Бірақ қазақ пионерлері жазушылар бастамаса өздері бастады. Ендігі міндет – пионер қойған тілекті орындауда” деуі осы себепті.
Қазақ балалар әдебиетінің сараланып сөз бола бастауы ХХ ғасырдың 30-жылдарында басталса, Баубектің балалар әдебиеті мәселелеріне арнаған мақалалары сол тұстағы зерттеулер сапында балалар әдебиетінің даму ерекшелігінен қалың жұртшылықты хабардар етті. Сонымен Баубек ізденісі өткеннен бастау алған және өзге ел мәдениеті мен әдебиеті дәстүрінен үлгі алған сапада ғана емес, жаңашылдыққа бой алдырған сапада да жемісті болды.
Балалар әдебиеті жайында жазылған сын-мақалалар, әсіресе, Отан соғысы жылдарынан кейін кең қанат жайды. М.Ғабдуллин өзінің оқу құралында халық ауыз әдебиетінің кейбір жанрларында балалар фольклорына жататын мұралар барын атап өткен. Қазақ балалар әдебиетінің әр түрлі жанрлары жайында С.Қирабаевтың, Ә.Тәжібаевтың, А.Нұрқатовтың, С.Сейітовтің, Ә.Дербісәлиннің, С.Ордалиевтің, Б.Сахариевтің, Н.Ғабдуллиннің мақалалары баспасөз беттерінде жарияланды. Аталмыш салада ойлы пікір айтқан ғалымдар мен қаламгерлер қатарын кейінірек Б.Ысқақов, Қ.Мырзаәлі, Ә.Табылдиев, З.Серікқалиев, Е.Елубаев, С.Қалиев, Қ.Ергөбек, Б.Сарбалаев, Б.Ыбырайым, Ә.Бөпежанова және т.б. құрады. 60-70 жылдар аралығында Ш.Ахметовтің қазақ кеңес балалар әдебиетін зерттеген еңбектері жарық көрді.
С.Қирабаевтың «Қазақ совет балалар әдебиетінің кейбір мәселелері» (Әдебиет және искусство. 1954. №2.), Ә.Тәжібаевтың «Жас ұрпаққа жақсы әдебиет әдебиет жасайық» (Жұлдыз, 1961. №6), А.Нұрқатовтың «Балаларға арналған шығармалар туралы» (Халық мұғалімі, 1954. №2), С.Сейітовтің «Ілияс Жансүгіровтің балаларға арналған шығармалары» (Қазақ тілі мен әдебиеті, 1958. №1), Ә.Дербісәлиннің «Қазақ балалар әдебиеті жайында бірер сөз» (Қазақ тілі мен әдебиеті, 1959. №2), С.Ордалиевтің «Балалар драматургиясының кейбір мәселелері» (Халық мұғалімі, 1954. №11), Б.Сахариевтің «Балалар әдебиетінің тәрбиелік мәні» (Халық мұғалімі, 1950.№7), Н.Ғабдуллиннің «Орынсыз сөз ойландырар болар» (Қазақ әдебиеті, 1960.) деп аталатын мақалалары баспасөз беттерінде жарияланды.
Ақын Қ.Мырзаәлінің «Сөз сиқыры» сын кітабы, К.Матыжанның қазақ балалар фольклоры, Б.Ыбырайымның қазақ балалар әдебиеті жайында жазған еңбегі, Қ.Ергөбек құрастырған және жазған «Мейірім шуағы», «Сөзстан», «Қазақ совет балалар әдебиеті», «Арыстар мен ағыстар» (1-том) кітаптарын айтуға болады. Бұл саладағы айтулы еңбектер санының саусақпен санарлықтай аз болуы қазақ балалар әдебиетінің зер сала зерттейтін мәселелері әлі де болса жетерлік екендігін байқатады.
Балалар әдебиеті жайында балалар ақыны Қ.Баянбай былай дейді: “Балалар әдебиеті барша әдебиеттің бастауы болуы керек. Балалар әдебиетіне қатынаспаған жазушылар жақсы дүниелер тудыруы мүмкін. Бірақ балалар әдебиетін парақтамаған жазушының бір кемшілігі сезіліп тұрады. Горькийдің балалар жазушысы өзге жазушылардан да сапалы жазуы керек дейтін сөзі бар. Шынында әдебиеттің қайнар бастауы, әрі балаларды әдебиетке әкелетін шығармалардың сапасыз болуға хақысы жоқ”. “Балалар әдебиеті, меніңше, барлық әдеби, мәдени ой-санамыздың қалыптасуына тұңғыш ықпал ететін бастау дер едім. Әдебиеттің бастауы фольклор десек, осы фольклордың негізі бесік жырынан басталады. Тақпақ, санамақ, өтірік өлең, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш мұның бәрі үлкен әдебиетке жол салатын балалар әдебиетіне жатады”,– дейді Е.Өтетілеуұлы.
Балалар фольклорының зерттелуі
Қазақ фольклоры алғашқы үлгілерінің жүйелі түрде жиналып зерттеле бастауы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қазақ фольклорын жинаушылар ол кезеңде балалар фольклорына арнайы көңіл бөлген жоқ, халық мұрасының бір қыры ретінде бесік жыры, жұмбақтар, өтірік өлеңдер сияқты танымал жанрларды қағазға түсірді. Мысалы, Радловтың «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» еңбегінің қазақ фольклорына арналған үшінші томында өтірік өлең үлгісі кездеседі. Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясында» (1879) қазақ халық әдебиетінің озық үлгілерінен балаларға лайықталған тамаша үзінділер мол. Олар жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде ауыз әдебиетінің де маңызды роль атқаратындығын жақсы түсінді.
Балалар әдебиетінің негізі — ауыз әдебиетінде. Сондықтан балалар әдебиетіне зерттеу жасағанда халықтық ауыз әдебиетін аттап өтуге болмайды. Өйткені, халықтың ауыз әдебиеті — балалар әдебиетінің алтын қоры.
Оқу жасына дейінгі балалар, бастауыш мектеп оқушылары, әсіресе, ертегілерді тыңдағанды жақсы көреді. Ертегілердегі ғажайып оқиғалар, қызықты тартыстар мен адуын егестер, тапқырлық пен айлакерліктер, зұлымдық әрекеттерге қарсы күрескен қажырлы адамдардың қиян – кескі батырлық істері оларды таң – тамаша етеді.
А. И. Герцен өзінің бір данышпандық сөзінде: «Кітап — бір ұрпақтың екінші ұрпакқа қалдырған жан сыры, өсиеті, өлмелі қарияның, өмір табалдырығынан жаңа аттаған жас буынға айтқан ақыл – кеңесі» деген. Халықтық шығармалар да дәл осы А. И. Герцен айтқандай, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан халық даналығы деп білеміз.
Октябрь революциясына дейінгі қазақ балалар әдебиетінің асыл мұралары: халық ауыз әдебиетінен басталады. XIX және XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген Ыбрай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеевтердің балалар әдебиетіне қосқан мұраларымен байыды. Өз алдына дербес үлесі бар, толық мәнді әдебиет болды. Бірақ, Октябрь революциясына дейінгі көркем шығармалардан балалар әдебиетінің жігін айырып, оның өзіндік ерекшеліктерін танытатын арнайы ғылми зерттеу еңбектер болмады. Ендігі жерде осындай бай мұраларды зерттеп, оның тәрбиелік, идеялық бағыттарын ашып, жас ұрпақтарға ұсынып, түсіндіріп отыру басты міндетіміз. М. И. Калинин: «Бізде социалистік қоғамның жаңа адамдары туып келеді, бұл жаңа адамға ең жақсы қасиеттерді сіңіре білу керек», деген. Октябрь революциясына дейінгі қазақ балалар әдебиетінің өсу жолдарын зерттегенде осы мақсатты көздейміз.

1.2 Балалар әдебиетінің өзіндік ерекшеліктер


Ш.Ахметов «Қазақ балалар тарихының очеркі» кітабында балалар әдебиетінің алты ерекшелігін атайды.


Біріншіден, балалардың психологиясына зерттеу жасағанда, олардың ойлау, түсіну қабілеттілігі әңгімеленіп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығын, дәл-дігін, әсіресе көрнектілігін, өз өмірінің айналасынан алынып отыруын қажет етеді.
Екіншіден, әңгімеленіп отырған оқиғаның барысында лиризм болуы шарт. Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірден әсер ететін күшті де, мағналы сөздер айтылуы керек. Чернышевскийдің сөзімен айтқанда: «ах, яе деген қорқынышты» немесе «қандай тамаша»« дел отыратындай болуы тиісті. Балаларды өмірдің жарқын болашағына қанаттандырып, шарықтатып отыру шарт.
Үшіншіден, балалар әдебиетінде оқиғаны және адам характерін суреттеу өзгешеліктері мен әдістерінің динамикасы ерекше болады. Психологияның дәлелдеуіне қарағанда, балалар алдымен оқиғаның туып отыруына, бұлардың тез өзгеруіне, шешіміне, кейіпкерлер мінездерінің әржақты болуына қызығады. Одан соң оның неден шыққан себептерін іздестіре бастайды.
Төртіншіден, балалар жаратылыстың көркем көріністерін — пейзажды шебер зейнеттеуді ұнатады, оған сүйсіне қарайды, соны өз айналасынан іздейді. Көркем әдебиеттегі жаратылыс суреттері олардың байқағыштық, талғампаздық қабілетін арттыра түседі. Пейзаждық сурет эстетикалық тәрбиенің бір көрінісі.
Бесіншіден, балалар әдебиеті шыгармаларының мазмұны мен идеясы олардың белсенділігін арттырып, өз өмірінің жарқын болашағын танытуға себепкер болуға тиісті. Оларды белгілі мамандыққа, еңбек сүйгіштікке әуестендіре білуі керек.
Алтыншыдан, «Сөз — әдебиеттің негізгі материалы болып табылады. Біздің барлық әсерімізді, сезімімізді, ойымызды көркем түрге келтіретін сол. Әдебиет — сөз арқылы сұлу суреттелетін искусство», - деген М. Горький.
Әсіресе, балалар әдебиетіне қойылатын талаптар да дәл осындай. Балалар әдебиетінің тілі ойнақы, жеңіл, әрі көркем, әрі қысқа, әрі мейлінше түсінікті, айқын да дәл, әсерлі болып отыруға тиісті. Балалар әдебиетінің тілі олардың сөздік қорын байытуға жәрдемдесетін бірден бір құрал болып табылады.

1.3 Балалар фольклоры – балалар әдебиетінің рухани қазығы


Көне мәдениетіміздің қай саласының болмасын қайнар көзі деп біз әрқашан да фольклорды танимыз. Дәстүрлі тәрбиенің де алтын тамырының сол фольклорда жатқандығы даусыз.


Бүгінде «фольклор» термині халықаралық көлемде өзінің бір кездегі «халық ауыз әдебиеті» деген ұғым шеңберін ұлғайтып, халық өнерінің музыка, қолданбалы өнер, халық ойындары сияқты салаларын толық қамтитын кең өріске ие болып отыр. Оның тәрбиелік ролін де осы кең мағынасында қарастырған жөн.
Әдебиет – тәрбие құралы. Әуелі жеке дарындардың дуалы ауыздарынан шығып, кейін оны халық қалап, қастерлеп, жаттап, жадында қалдырып, ғасырлар бойы өңдеп, өркендетіп, қадірлеп қалыптастырып, асылым деп ақыл-санасына сіңірген ауыз әдебиетінің үкілі үлгілері – мәдени мұрамыздың ең құнды қазынасы. Ол – ұрпақ тәрбиесінің күн сәулесіндей әсерлі нұрымен от алатын ой тамызығы болып, жанды жалындататын, қиялды қияндататын, ақыл-сананың айшықты көріністерін бейнелейтін қасиетті, киелі мұра.
Бесік жыры, тұсау кесу жыры, санамақ, жаңылтпаш, жұмбақ, мазақтама, тақпақ, жырлар мен ертегілер, аңыз әңгімелер бәрі де тілді, ойды дамытып, тәлім-тәрбие беріп, дүние танытатын этнопедагогикалық ғаламат туындылар. Бұл – халық педагогикасының үлкен бір саласы. Жалпы педагогика ғылымының негізі халық педагогикасында жатыр. Халық педагогикасының бұл саласын этнопедагогиканың және жалпы педагогиканың барлық салаларында ғылыми, іс-әрекеттік негізде пайдалануға болады. Ал, халықтың мақал-мәтелдері педагогикамен қатар, философиялық дәрістердің түсініктемелеріне арқау бола алады.
Халық мұрасының танымдық, тәрбиелік мәні шексіз, шектеусіз терең дүние. Оның ішінде тікелей бала тәрбиесіне бағытталған, сәбидің жан-дүниесінің қалыптасуына, рухани марқаюына негізгі ұйытқы болатын шығармалар өзінше арна түзеді. Мұны фольклор ішінде «балалар фольклоры» деп атау қалыптасқан.
Сәбилер дүниетанымы ес біле бастағаннан-ақ екі түрлі негізге сүйенеді. Оның алғашқысы – машықтық дағды, яғни көрген-білгенін тез қағып алып үйрене қайталау. Екіншіден, бала жан дүниесі сезімге ерекше бай, әсерленгіш келеді. Бұл, әсіресе, жеткіншектік жаста ерекше көрінеді. Баланың айналасын танып білудегі бұл ерекшелігін жетінші қарасөзінде ұлы Абай да тап басып көрсетеді. Сонымен, балалар фольклоры – балалар психологиясын, көркемдік талғамын, шығармашылық мүмкіндіктерін танытатын халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл мұрасы. Ол өзінің бала қабілетіне лайықтылығымен, логикалық жүйелілігімен, тілінің нәрлілігімен, ақ пен қараның жігін айқын ажыратқан тәрбиелік маңыздылығымен бағалы.
«Балалар фольклоры» деген ұғымның ауқымы кең. Бұған ауыз әдебиеті үлгілерінің көптеген жанрлары мен жанрлық түрлері жатады. Олардың ішінде қара сөз түріндегі шығармалар да, үлкенді-кішілі түрлі мақсатпен айтылатын өлең-жырлар да бар. Бұған қоса ойынға байланысты және ертегі, аңыз-әңгімелерде жиі кездесетін ырғақты прозаның да балалар фольклорынан алатын орны ерекше. Дегенмен, ауыз әдебиеті үлгілерінің кез келгенін, мәселен, эпостық жырларды, мақал-мәтелдерді балаларға лайықты іріктеп, өңдеп жариялауға болғанымен, олардың барлығын “балалар фольклоры” деген ұғымға толығымен жатқызуға болмайады. Ауыз әдебиетінің кез келген жанрларынан балаларға үлгі боларлықтай, тәрбиелік маңызы зор шығармаларды көптеп кездестіреміз. Бірақ олар балалардың өзіне ғана арналған, болмаса балалардың өз творчествосының нәтижесінде пайда болған ауызша сөз өнерінің белгілерін сипаттай алмайды. Ал, ертегі, аңыз-әңгімелер, төрт түлік жырларының, жұмбақтардың үлкендерге де, балаларға да қатысы бар.
Халқымыздың балалр фольклоры жанрлық құрамы жағынан сан-салалы, соған лайықты олардың атқаратын қызметі де түрліше. Зерттеу еңбектерінде дәстүр бойынша оларды шығу, орындау ерекшеліктеріне қарай үлкендердің балаларға арнап шығарған, бірақ, негізінен, балалардың репертуарында сақталған шығармалар және балалардың өздері таратқан өлең-жырлар деп екі салаға жіктеу қалыптасқан.
Балалар фольклорын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, балдырғандарға үйретіп отыратын да негізінен үлкендер болса керек. Демек, үлкендер мен балалар творчествосының тығыз қарым-қатынаста болуы, ауыс-түйіс ортақ шығармалардың екеуінде де ұшырасуы заңды. Алайда ауызша коллективтік творчествоның ерекшелігі сонда, олар көпшіліктің талап-тілегіне лайықты ұзақ сүзгіден өтіп, өңделіп, түрлі сыннан өткен дәстүрлі қалыпқа түспейінше толық мағынасындағы фольклорлық шығарма бола алмайды.
Қорыта айтқанда, балалар әдебиеті деген не? Онын мақсаты қандай? Балалар әдебиеті — жас буынның саңа – сезімін оятып, ақыл – есін дамытатын, оларды адамгершілік моральге тәрбиелейтін өмір оқулығы. Оның мақсаты — мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, 16 жасқа дейінгі оқушыларға көркем әдеби тілде жазылған жоғарғы идеялық қызықты шығармаларды беруді көздейді. Осының барлығы жас буынды саналы өмір сүруге талпынтады. Оның келешегіне жол ашады, бағыт сілтейді. Өмірге жанасымды, икемді, төзімді күрескер етеді.

Негізгі әдебиеттер:


Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. Алматы, 1965
Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар. 1 том. Алматы: Өркениет, 2003
Ергөбеков Қ. Жақсыдан қалған сөз. Алматы, 1991
Ергөбеков Қ. Мейірім шуағы. Алматы, 1985
Ыбырайым Б. Сырлы әлем. Алматы,1997
Қазақ совет балалар жазушылары. Алматы: Жалын, 1987.
Детская литература. М: Просвещение. 1989. Под ред. Е.Е.Зубаревой
Қосымша әдебиеттер:
С.Ерубаев. Мәңгілік өмір. Алматы: Жазушы, 1994
Б.Бұлқышев. Заман біздікі. Алматы: Жалын ,1994
Детская литература. Москва: Просвещение, 1989. Под ред. Е.Е.Зубаревой
Русская литература для детей. Москва: Изд. центр «Академия», 1998. Под ред. Т.Д.Полозовой

2-дәріс


Балаларға арналған халық өлеңдері
Балаларға арналған халық өлеңдерінің жіктелуі
Бөбек жырлары және оның түрлері
Жеткіншіктер поэзиясы
Ойынға байланысты жырлар

2.1 Балаларға арналған халық өлеңдерінің жіктелуі


Жалпы дамыған елдер өміріне көз жіберсек, фольклорлық жанрлардың бірінен соң бірінің балалар репертуарына біртіндеп көшіп жатқандығын байқауға болады. Мәселен, кәдімгі ертегі. Шығу тегі жағына келсек, бұл ересектер фольклорының көнеден келе жатқан күрделі де, негізгі жанрларының бірі. Бірақ ол бүгін таза балалардың сүйіктісіне айналып кетті емес пе? Бүгінгі сәбидің ойлау жүйесі бір кездегі адамзаттың балаң кезіндегі ойлау жүйесімен көп жағдайда сәйкес шығып жатады. Міне, осы тұрғыдан келгенде балалар шығармашылығы мен ересектер мұрасының арасына қазіргі кезеңде шек қоюға тырысудың өзі шартты мәселе. Бұл шарттылық шынтуайтына келгенде кез келген ғылыми зерттеудің мүддесіне байлансты бой көтереді.


Сонымен зерттеушілер балалар фольклорын саралау кезінде көп жағдайда шығармалардың авторы мен орындаушыларына мән беріп, оларды
-балаларға арналған үлкендер шығармалары,
-үлкендер репертуарынан балалар аузына көшкен шығармалар,
-таза балалар шығармашылығы деп үш топқа бөліп қарастырып келеді.
Бұл негізінен генетикалық (шығу тегі) принципті басшылыққа алудың нәтижесінде пайда болған саралау еді. Оның олқылығы сонда, көптеген шығармалардың шығу тегін, кімдер орындайтындығын тап басып айту қиын еді. Оның үстіне тақырып, мазмұндық, функциялық, поэтикалық құрылым жағынан келгенде бұлайша жіліктеу ғылыми сараны қанағаттандыра алмайтын.
Кейінірек В.А.Василенко шығармаларды атқаратын міндетіне (функция) қарай жіктеп, «ойын әрекеттіріне байланысты шығармалар», «ойын әрекеттерінен тыс шығармалар» деген топтау үлгісін көрсетті.
Орыс балалар фольклорын көптен бері зерттеп жүрген белгілі ғалым М.Н.Мельников балалар мұрасын «әлпештеу поэзиясы», «тұрмыстық фольклор», «ермектік фольклор», «ойындық фольклор» деп төрт топқа бөлуді ұсынады.
Сол сияқты балалар фольклорын өзінше кіші әлем ретінде тұтастай бөліп алып, әдебиеттанудағы классикалық саралау үлгісімен «лирикалық», «эпикалық», «драмалық» деп жіктеушілер де бар. Бірқ мұнда да толық айқындалмаған, пікірталасқа қарай жетелейтін тұстар жетерлік. Тұтастай алғанда балалар фольклорын іштей топтап, жанрлық түрлерге саралауға біржолата қалыптасқан, айнымас ұстам әзірге орныға қойған жоқ. Бұл жалпы, бүлдіршіндер мұрасының өзіндік табиғатының аса күрделілігінен болса керек.

Балалар фольклорын іштей саралауда назар аударып, есте ұстайтын шарттар мыналар болмақ.


Оның алғашқысы - шығармаларды кім шығарып, кімдердің орындайтындығын және қалай орындайтындығы. Мәселен, бесік жырын ата-аналар шығарып, негізінен солар орындайды. Көптеген шығармалар балаға байланысты әдет-ғұрып, салттар негізінде болып келеді. Ал мазақтамаларды балалар өздері шығарып, өздері орындайды. Осыған орай бұл шығармалар түрлі топтарға жіктелмек.
Екінші ескеретін мәселе шығармалардың атқаратын қызметі. Бұл шарт балалар фольклорын іштей саралауда маңызды міндет атқарады. Мәселен, бесік жырын да, алдарқату жырын да ересектер орындайды, бірақ екі шығарманың атқаратын міндеті екі басқа. Бірі – баланы тыныштандырып, ұйықтатуды мақсат етсе, бірі алдандырып, көңілін сергітуді мұрат тұтады. Немесе, тақпақ пен драмалық ойындардың қай-қайсысын болмасын балалар өздері орындайды, бірақ шығармалардың міндеті әр түрлі.
Үшіншіден, шығармаларды саралауда балалардың жас ерекшелігін де ескерген жөн. Мәселен, ата-аналар сәбилерге олардың табиғатына лайық шығармалар айтса, келе-келе бала әрбір жанрлық түрді жас ерекшелігіне қарай біртіндеп игереді.
Төртінші ескеретін негізгі шарттың бірі - шығармалардың поэтикасы. Яғни шығарманың тақырыптық, мазмұндық, сюжеттік, композициялық құрылымы, сөз саптасы, тіл кестесі т.т.

Фольклортанушы К.Ісләмжанұлы осы шарттар бойынша қазақ балалар фольклорын мынандай топтарға жіктеп, ішкі жанрлық түрлерге бөледі:


-Әлпештеу поэзиясы (бесік жыры, сәбилік ғұрып жырлары, мәпелеу жырлары, уату-алдарқату жырлары)
-Жеткіншектер поэзиясы (маусымдық жырлар, арнау-тілек өлеңдері,балалар өлеңдері:тақпақ, сұрамақ, қызықтама, өтірік өлең,мазақтама)
-Ойындық фольклор (ойын өлеңдері: тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақ, балалар айтысы,ойынға байланысты жырлар: ойынға шақыру, қаламақ, санамақ, драмалық ойындар).

Балалар фольклоры – балалар психологиясын, көркемдік талғамын, шығармашылық мүмкіндіктерін танытатын халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл мұрасы. Бала қабілетіне лайықтылығы, логикалық жүйелілігі, тілінің нәрлілігі – балалар фольклорының негізгі ерекшелігі. Балалар фольклоры үлкен үш топқа жіктеледі, сондай-ақ ішкі жанрлық түрлерге топтастырылады.


2.2 Бөбек жырлары және оның түрлері


Бөбек жырларының түрлері


2.1. Бесік жыры
- дәстүрлі бесік жырлары
- суырып салма бесік жырлары
2.2. Сәбилік ғұрып жырлары.
2.3. Мәпелеу жырлары.
2.3. Уату, алдарқату жырлары.
Бесік жыры. «Бесік жыры» – жас нәресте туғанда, шілдехана күні, оны алғаш рет бесікке бөлегенде айтылатын өлең. Бұл да ертеден осы кезге дейін айтылып, жаңарып, дамып келе жатқан тұрмыс-салт лирикасының бір түрі. Дәстүрлі халық жырының әр шумағы «әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат, бөпем» деген жолдарынан басталады.
Қазақ бесік жырының үлгілері алғаш Ә.Диваевтың жинауымен XIX ғасырдың аяғында хатқа түсіп XX ғасырдың басында басылып шыға бастады. Бесік жырының хатқа түскен тағы бір үлгісі Н.Г.Потанин жазбасында кездеседі. Қазақ бесік жырының музыкалық ырғағына назар аударған В.Н.Шнитников та оның бір нұсқасын жариялаған.
Бесік жырын халық әдебиетінің жеке жанры ретінде танып, алғаш зерттеу обьектісіне айналдырған А.Байтұрсынов оны «жын шақыру», «құрт шақыру», «дерт көшіру» сияқты жанрлармен бірге «қалып» сөзінің бүгінгі тілмен айтуында ғұрып фольклорының көне наным-сенімдермен байланысты саласына жатқызады. Бұл тұста ғалым бесік жырының «тұрмыс қалпында болатын істер сарынымен айтылатындығына мән берген.
Бесік жырына айрықша мән беріп, оны алғаш зерттеу обьектісіне айналдырған адамның бірі – С.Сейфуллин. Оның 1932 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті» атты еңбегінде қазақ бесік жырының таңдаулы үлгілері арнайы қарастырылып, оның жалпы сипаты мен халық шығармашылығындағы орнын анықтауға талпыныс жасалады.
Одан кейінгі М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты еңбегінде бесік жырына арнайы орын беріліп, жанрлық ерекшеліктері, эстетикалық мұраты мен тәрбиелік қызметі, кейбір көркемдік қырлары сөз болады.
ШАхметов өзінің «Қазақ балалар әдебиеті тарихының очерктері» атты еңбегінде бесік жырын балалар әдебиетінің бастау бұлағы ретінде танып, оның әдебиетті дамытудағы маңызы мен балалардың эстетикалық талғамын, дүниетанымын тәрбиелеудегі роліне тоқталса, Б.Уахатов бесік жырын халық өлеңдерінің жанрлық түрі ретінде қарастырады.
Орыс бесік жырларын алғаш арнайы зерттеген Қ.М.Элиаштың «Бесік жырларының көне түпкі негізі арбау өлеңдермен байланысты» деген пікірін В.П.Аникин, Ю.Г.Рочев, А.Н.Мартынова, Э.Н.Таракиналар да қолдайды. Ал М.Н.Мельников, Р.Ф.Ягафаров, А.Сафаров сияқты зерттеушілер «Ана өзінің тума табиғатымен бала үшін ең алдымен оны тыныштандыратын жарқын да бір сарынды ән қажет екендігін түсінді. Бесік жырының формасы осылайша пайда болды» деген А.Ветуховтың пікірін жандандыра отырып, бесік жырының арғы тегінде арбау өлеңдері мен көне ырымдардың элементі жоқ деген пайымдауларға тоқтайды.

Халықтың көп жылғы тәжірибесінде әбден жетілдіріліп, көшпелі өмірде баланың ауырмай-сырқамай өсуіне қолайлы деңгейге жеткізілген қазақ бесігінің қарапайым нұсқасы мен оған байланысты дәстүрлерге саяхатшылар мен ғалымдар ертеде-ақ назар аударған. Дәрігер-этнограф И.С.Колбасенко ХІХ ғасырдың аяғында Киевтегі Акушерлік-гинекологиялық қоғамның мәжілісінде «Қырғыз бесігі. Қырғыздың бала күтуі жөнінде бірер сөз» деген тақырыпта баяндама жасап, қазақ бесігінің үш есе кішірейтілген моделін тапсырып, бесіктегі баланың гигиеналық жағынан таза, көшпенді өмірдегі кейбір қатерлі жағдайлардан қауіпсіз өсетіндігіне баса назар аударады.


Қазақ бесігінің жетістігімен қоса, жетілдіретін тұсының бар екендігін кезінде М.Жұмабаев та өзінің «Педагогика» атты кітабында жазған. А.Л.Тройцкая да өзінің «Ташкент және Шымкент уездерінің отырықшы елдеріндегі баланы қырқынан шығару салты» атты мақаласында бесікке салу ырымдары жөнінде көп мағлұматтар келтіреді.

Қазақта баланы бөлерде бесікті отпен аластап:




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет