Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті



Pdf көрінісі
бет1/27
Дата27.12.2016
өлшемі1,71 Mb.
#593
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ 

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ

М.О. ӘУЕЗОВ  АТЫНДАҒЫ 

ӘДЕБИЕТ  ЖӘНЕ  ӨНЕР ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов

ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ 

ЕЛУ ТОМДЫҚ ТОЛЫҚ ЖИНАҒЫ

27-том 

МАҚАЛАЛАР,   ЗЕРТТЕУЛЕР,   



ПЬЕСА

1943–1946

“ДӘУІР”

“ЖІБЕК ЖОЛЫ”



АЛМАТЫ

2014


УДК 821.512.122 

ББК 84 Қаз-7 

 82

Р е д а к ц и я л ы қ   к е ң е с:



уезов М.

 82  Шығармаларының елу томдық толық жинағы. –

Алматы: “Дәуір”, “Жібек жолы”, 2014.

27-том: Мақалалар, зерттеулер, пьеса. 1943–1946. –  

448 б.


ISBN 978-601-294-169-2

Мұхтар Омарханұлы  уезов шығармаларының елу томдық академия-

лық толық басылымының 27-томына “Сын сағатта” пьесасы, “Абай 

мірбаянының үшінші нұсқасы”, “Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845–

1904)”, “Ақын елінде”, “Абайдың еңбектері”, “Орыс классиктері мен 

Абай”, “Абай еңбектерінің биік нысанасы”, “Халықтың ғасырлық жыры”, 

“Абай жолының” деректері”, “От домбры – до оперы” сияқты мақалалары 

мен зерттеулері енді.

Кітап ғылыми жұртшылыққа, қалың оқырман қауымға ұсынылады.  

УДК 821.512.122 

ББК 84 Қаз-7

ISBN 978-601-294-169-2  (27-том)

ISBN

 

978-601-294-142-5



© М.О.  уезов атындағы  дебиет 

және  нер институты, 2014



Қазақстан Республикасы 

Мәдениет министрлігі

 

«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 

бағдарламасы бойынша шығарылды

ың

н

Мақалалар,

зерттеулер



5

АЗ  СӨЗ

Бұл кішкене жинақ – көп еңбектің және, әсіресе, 

үлкен талаптың айғағы. Жас ақын Қуандықтың оқушы 

жұртшылықпен тұңғыш ұшырасуы осы жинақтан басталып 

отыр.

Еңбек көркі жемісте. Және еңбек көркі сол жемісті 



жетілтем деген жолында. Қуандық жинағындағы: “Ертедегі 

ердің елмен қоштасуы”, “Бауыржан Момышұлына”, “Мен –  

қазақ”, “Қоштасу”, “Қауышу”, “Жас партизан сыры”, 

“Сүттей жарық жазғы түнде”, “Жастық дәуренім”, “Тұрған 

ем-ау құшағында” деген сияқты көптеген өлеңдер сол жа-

лынды сездіреді. Ақындық шын сезімнің жалынын таныта-

ды. Іздену бар, сол ізденуіне серіктірек мол білімі бар, тілі 

орамды жас ақын келешегінен анық жақсы үміт еткізеді.

Ұлы Отан соғысының ай-күндерінде жазылған көп өлеңі 

жауға жат, досқа адал болған сезімтал, ызалы, ыстық қанды 

жасты танытады. Шіміркеніп, ширығып шыққан өтімді тіл, 

әсерлі күй келеді. Жолы жатық, беті ашық Отан жасының 

шыншыл жүрегінен шығатын күйлер.

Қуандық құлақ күйі отаншыл, халықшыл қызулы лирик 

болғандай. Көп жүрегін өзінен, өз жүрегін көптен тапқан 

саналы сезімталдық бар. Бұнысы да Қуандықтың барар 

аңғарын тұйыққа тартпай, ашық, күнес өріске тартатындай.


6

ОРЫС КЛАССИКТЕРІ ЖӘНЕ АБАЙ

Батыс әдебиеті дегенде, алдымен айтатынымыз орыс 

әдебиеті. Өткен ғасырдағы қазақ ақындарының орыс 

әдебиетінен ары барып, француз, неміс, ағылшын, итальян 

әдебиеті сияқтылармен танысқандары аз. Олардан шыққан 

ірі ақын, жазушымен қазақ ақындарының танысқандары 

болса, орыс әдебиеті арқылы танысты. Не орыс тіліне 

жасалған аудармаларын оқып, немесе солардың орыс 

ақындарына еткен әсерін орысша шығармалардан көріп 

қана танысты.

Сонымен, қазақ әдебиетінің ауқымына мәдениетті ба-

тыстан келген әсерді алсақ, алдымен айрықша айтатыны-

мыз орыс әдебиеті болды. Мәселе ХІХ ғасырдағы әсерлер 

жайында.


Өнерлі орыс ұлтының мәдениетін қазақтай бұратана 

отар елге таратып, орнатайын деген ниет-талап ол кездегі 

әкімшілік иесі, үстем таптардың ойында да жоқ еді…

Ел өзінің ән-күйінде, үлкенді-кішілі жыр, әңгімесінде, 

айтыс-тартысында берік бағытын үнемі білдірумен кел-

ген. Қалың көпшіліктің осы бағыты патшалық жағынан 

шыққан қараңғы, қаскөй саясаттарымен салыстырғанда 

барынша алға қарай ұмтылған, өнер-мәдениет іздеген үлгілі 

тартыстың жолы еді…

Өнер-білім іздену, үлгілі елдің қалпына қарай талпы-

ну – көптің мұраты еді. Замандағы құлдық пен қанаудың 

зардабынан сергу үшін, аз да болса соған қарсы құралдану 

үшін-ақ өнер-білімді ендігі жалғыз сүйеніш, арқа тірегі деп 

біліп еді.

Міне, ХІХ ғасырдағы батыс әдебиетінің әсерін сөз 

қылған уақытта ең алдымен осындай жалпы қоғамдық, та-

рихи жайларды еске алу керек.


7

Әдебиеттегі  белгілі дәуірлер мен сол дәуірдегі үстем 

сарындар әрқашан сол қоғамның тұрмысындағы таптық-

тарихи күй-жағдайдан туатыны даусыз. Олай болса, ХІХ 

ғасырдағы батыс әдебиетінің біздің мәдениеттен көрінетін 

әсерлерін де осы жағдай тудырады. Қалың ел тұрмысының 

ендігі дамуы, ендігі бет алысы өзге өнер иесі болған елдің 

аңысын аңдап, үлгісін тұтынуды талап етті.

Ел өрісінің осындай алға беттеген жол кезеңін сол елмен 

табысқан ақын, жазушы өзіне де жол, бағыт етеді. Біздің 

әдебиеттің ХІХ ғасырында осы аңғарға беттеген екі белгілі 

ақын бар. Олар – Абай мен Алтынсарин Ыбырай.

Олар – өз заманында прогресс жолында болып, көпке 

пайдалы еңбек еткен ақындар. ХІХ ғасырдың екінші жары-

мы, әсіресе, мынау екі ақынның еңбек еткен жетпісінші, 

сексенінші жылдары және одан бергі жиырмасыншы ғасыр 

басына шейін созылған жылдар, барлығы да қазақ даласын 

саудалы базар, кеңселі қала баурап, меңгере бастаған кездер 

еді.

Ресей көлемінде күш алып, қанатын жайып, өрлеп өсіп 



келе жатқан өндіріс капиталы ол кезде отар, базар іздеп 

жалақтайтын. Отар, бір жағынан, өндірістің шикі бұйымын 

арзан беруші қор, екінші жағынан, сол өндіріс туынды-

ларын қымбатқа алатын базар. Сондықтан ондай отарды 

жебей-жебей сауып, берерін де, бермесін де баса қимыл 

етіп, омыраулай беріп алатын күш керек еді. Сол күш орны-

на өндіріс капиталы қазақ даласына алдымен жалаңқия сау-

да капиталын агент қылып жұмсады. Екінші, сол өндірістің 

тап мақсатына үйлес келерлік тәртіп орнатып, өз дегенін 

бұлжытпай орындатып отыра алатын әкімшілік керек бол-

ды.

Мұндай әкімдер патшалық үкіметтің ел ішіндегі тірегі, 



көзі боларлық міндетті орындай, әлеумет майданына шықты. 

Ел ішінде әкім, сұлтан, төре, болыс, би дегендер көбейді.

Бұрын да титығы құрып келген ел енді жерден айры-

лып, малдан ажырап, алым-шығын, салық-қаржы, қымбат 

базар талауына бір ұшырады. Жұт, індет, пара-пәле сияқты 

кесірлерге тағы шырмалды.

Осындай күйлердің барлығының арты көпшілік қолы-

ның да аса төмендеп, кедейленуіне себеп болады. Басқа 



8

түскен күйге наразылық үдемесе өшпейді. Бірақ бұрын әр 

кезеңде алысып көрсе де дегеніне жете алмаған ел енді жаңа 

шараларға ұмтылады. Онысы сол қала, сол базардың, сол 

өктемдік етіп тұрған әкімнің өз құралымен құралдану ша-

расы болады. Ашаршылықтан қала жағалау, батырақ болу, 

жұмысқа жалдану, кәсіп іздеу, өнер үйрену – барлығы да 

тұйыққа қамалған елдің жалғыз көздеген ниеті болады. Осы 

кезде, мүмкіндік болса, қолынан келгенінше ел көпшілігі 

оқу-өнерді талап етеді. Бірақ кедей бұқараның қолына ол 

игілік тимеген.

Ел ішінің әкімдері сол елді сорлатушы, тыныштығынан 

айырушы бүлдіргіш әкім болады. Олар – әсіресе жемшіл-

парақор, партияқор, зорлықшыл әкімдер әрі жоғары ұлыққа 

жағымпаз құлдар. Елдің өнерлі, мәдениетті болуын олар 

ойламақ түгіл, өздеріндей қып елді де надан күйінде ұстауға 

тырысады. Қолына түспеген өнер-білім елдің аңсаған сусы-

ны, жалғыз суаты есепті болады. Ел осы тілегін қиялында, 

көкірегінде сақтайды. Басына түскен хал менен жаңағыдай 

әкімшілікке ел наразы, жұрт күйзеу болып күңірене береді.

Сол күндегі әлеуметтік құрылыстың көпшілікті тұйыққа 

қамаған халіне наразы болушы ел жоқшылары көбейді. 

Ел ішінен шыққан ақыны, өнерпазының қайсысы бол-

са да көргенде, сөз қылғанда ең алдымен ел көзіндегі 

 

жасты сөз қылады. Топас билік пен қара күшке сүйенген 



қанаушылыққа наразы болушы жалғыз елдің өзі, яки елдің 

өз жоқшылары ғана емес. Сол билеуші таптың өз ішінен 

шыққан бірен-саран білімді, либерал ағартушылар да пайда 

болады. Бұлар елді билеу жолы жаңа үлгіде, жаңа мазмұнда 

болу керек деген ұранмен сөз бастайды. Алғашқы бағыты сол 

болғандықтан, бұрынғы әкімдердің, әкімшіліктің барлық 

лас-былық белгілерін аямай шенеп, мінеп сөйлейді. Осы-

мен әкімшілік, шаруашылық, жалпы қоғамдық жайларға 

өзгеріс кіргіземіз деп талпынады.

Көпшілік бұқара күйіне де өзгеріс кірсін, ол кәсіп 

үйренсін, оқу-білім білсін, көпшілік сауатты, саңылаулы бол-

сын деп, ұран тастайды. Осы тілекпен шыққан ағартушылар 

халықтың сол кездегі жоғарыда айтылған мұң-мұқтажын 

ауызға алушы адамдар болып шығады. Бұлар – елді дұрыс 



9

меңгеру жағын үгіттеушілер. Тарихтың жаңа жағдайына 

үйлескен басшылықты көксейтін кәсіпке, білім-қарекетке 

үгіттеумен бірге өздеріне өнер табады. 

Міне, өткен ғасырда, сондайлық үлгі-өнеге, оқу-білімге 

ден қойып, көпті артынан ертпек болған, алғаш оянған 

мәдениетті ақындар Абай мен Алтынсарин болады. Бұлардың 

әрі өздері қадірлеп, әрі жұртшылығына да нұсқаған қыбласы 

Европа мәдениеті – орыс халқының мәдениеті болады.

Әдебиет майданын алғанда, екеуі де орыс халқының ХІХ 

ғасырдағы классик әдебиетінің мектебінен өткен, содан үлгі, 

ұстаздық көрген кісілер. Бұлар көрген әдебиет мектебінің 

басы Крылов, Пушкин, Лермонтовтардан басталса, бергі 

жағы Белинский болып және 60-жылдардағы халықшыл-

бұқарашыл, сыншыл жазушылар Чернышевский, Добролю-

бов, Писарев, Некрасов, Салтыков-Щедриндер боп кетеді.

Бұл мектептен олардың нық ұстап шығатын үлгі, түсінігі 

ақындық халыққа қызмет етудің үлкен жолы деген ұғым 

болады. Ақын шығармалары қоғамның тәрбиесіне, өсіп 

 

дамуына, дүние тануына жәрдем ететін еңбек деп таниды. 



Орыс әдебиетінің жаңағы ұлы қайраткерлері өз шығарма-

лары арқылы тұс-тұсындағы зұлымдық, қараңғылық 

күштермен алысып өткенін көреді. Пушкин, Белинский, 

Чернышевский, Некрасов, Салтыковтардың сол замандағы 

жауыз тәртіпке қарсы алысқан қандай құралдарды 

қолданғанын көріп, біледі. Патшалық реакцияның үлкенді-

кішілі таянышы – агенттері боп отырған ақсүйек ұлықтар, 

төре-чиновниктер, алпауыт қанаушылардың қоғамға залал-

ды озбырлық өктемдігін, надандық, зұлымдығын сол ақын, 

жазушылардың қалайша сынап, жерлеп сөйлегенін көреді.

Олар жырлаған қоғам уайымы; қоғам күйін көре тұра өз 

бастарының шерлену, немесе қоғам дұшпандарын әлсірету 

үшін соларды сұмпайы-жауыз пішінде көрсету әдісі, не бол-

маса ел қанын сорып жүрген паразиттерді ащы қалжың, 

өткір мысқыл, мағыналы күлкімен ажуалау әдісі – барлығы 

да біздің жаңағы ақындарға үлгі, өнеге боп танылады. Сол 

әдіс өрнектерді өздері де (әсіресе Абай) барынша кең түрде, 

мол үлгіде қолдануға кіріседі.

Абай шығармасында әлеуметшілдік сарынның жаңа 

ағымын, туып-өсуін ең алдымен әзірлеген жағдай – сол 



10

кездегі көпшілік қоғам тұрмысының өз қалпы болады. Сол 

өз ортасының не күйі бар, неге мұқтаж екенін көппен бірге 

сезіп, мұң еткен ақын енді сондайлық әлеуметтік мазмұн, са-

рынды сыртқа шығаратын жол, үлгі, өнеге іздейді. Осылай-

ша іздену жолында жүргенде, өз қауымындай қоғамдардың 

ортасынан шығып, елге сапалы еңбек етіп өткен ағартушы, 

мәдениетті, либерал, бұқарашыл ақындардың ізін, жо-

лын көреді. Сонымен Пушкин, Лермонтов, Салтыковтың 

мектебіне үңіледі. Өзгерек жағдайда, өзгеше құлдық, 

надандық, зұлымдық қорлығында жатқан өз жұртшылығына 

аналардың сарынымен бұдан өзгеше өнегелі еңбек етпекке 

талпынады.

Міне, Абайды Европа мектебімен, орыс әдебиетінің 

классик дәуірлерімен жанастырып, қабыстыратын өткел 

осындай қоғамдық, тарихи өткелдер болады. Мазмұн сары-

ны, ішкі бағыт нәрі ел тұрмысының қоғам күйінің өзіндік, 

анайы топырағынан шыққан сарын нәрлер болады. Соны 

жарыққа шығаратын түр-үлгіні ғана орыс халқының асыл 

қазынасынан алады.

Орыс классиктерімен Абайдың жалғасы әр алуан. Ба-

тыс Европа мен орыс жазушыларының көпшілігін ол ең 

әуелі көп оқып, тексеріп өтеді. Өзінің білім алып, дүние 

тануына солардың шығармаларын азық етеді. Осы рет-

пен оқып шыққан ақын-ғалымдарының ішінде Батыс 

Европаның Гетесі, Шекспир, Шиллер, Гейнесі, Байрон, 

Бальзак, Беранжесі де болады. Ол кездегі білім, өнерлердің 

мол қорда, үлкен бесігі Батыс Европа екенін аңғарып, 

сол жақтың ақындары ғана емес, неше алуан философ, 

білімпаздарын да зерттейді. “Европаның есею тарихы”, 

“Ескі шығыс мәдениетінің тарихы” сияқтыларды да сол Ба-

тыс Европа ғалымдары арқылы оқып біледі. Европа фило-

софиясын зерттеу ретінде Спенсер, Спиноза, Декарттарды 

оқиды. Беріде Дарвинге де қызығады. Қиыр Шығыс тари-

хынан Будданың жайын да біледі

1

.



Кейін кітапқа салынып, уақиғалы шығармалар іздегенде, 

Батыс Европада орта ғасырда болған дін соты – инкви-

зиция сотының зұлымдықтарын көрсететін романдарды 

көп тексереді. Европада әкімшілік құрған патша, король 



11

нәсілдерінің сарай тартысын білмек боп, Александр Дюма 

романдарын көп оқиды. Кейін “Үш мушкетер”, “Он жыл-

дан соң”, “Король қатын Марго” деген романдар

2

 Абайдың 



ауызша айтуы бойынша көп елге жайылып, ертек боп кетеді. 

Осы ретте инквизиция заманының бір романы – “Қызыл 

сақал” да ертек боп кеткен.

Осылар сияқты тағы бір қызығып оқитын әңгімелері 

Африка, Америка, Австралияда, немесе басқа бір жабай-

ылар аралында тіршілік еткен білімділер, жандар жайлы 

болатын. Мұндай әңгімелерде сол жергілікті жабайы деген 

елдерден шыққан ерлер, намысқорлар, дана адамдардың 

жайын сүйсіне оқитын болады. Абайдың өз мәжілісінде бо-

лып, өз әңгімелерін көп естіген кісілердің ішінде Америка 

мен Африканың зәңгілері (қара түсті адамның барлығын 

Абай зәңгі деген бір атпен атайтын) жайындағы сөздерді 

естімегені жоқ деуге болады. Неше алуан күшті, қызық ро-

мандарды сол жайынан айтатын болған. Осындай Абай 

айтқан әңгімелерінің бірі – “Медғат – Қасым”. Бұл Аф-

рикада Ніл дариясы бойындағы бір Қасым деген құлдың 

плантатор байдан кек алуын баян ететін әңгіме. Осыны 

Абайдың мәслихаты бойынша қара сөзден әңгімелі өлең 

етіп шығарған Абайдың өз баласы Мағауия болады. Зәңгілер 

жайындағы Абай айтқан екінші қызық әңгіме “Зұлыс” 

болғандықтан, оны Ақылбай деген баласы өлең қып тара-

тады. Ұсақ елдердің өз теңдік, бостандығы үшін алысқан 

қайратына мысал етіп патшалықпен алысқан Кавказдағы 

Шамиль өмірін де Мағауияға өлең еткізеді.

Африкадағы ақ жұрт пен зәңгілердің алыс-тартысын 

көрсететін “Валентин Луви”, “Аза жүрек”, “Ягуар Меду-

ленец” деген әңгімелері де Абайдың ертегі қып таратқан 

әңгімелері еді. Өз ортасына шығыс ескілігінен қалған “Мың 

бір түн”, “Шаһнама”, “Бақтажар”, “Қырық тоты”, “Ләйлі – 

Мәжнүн”, “Көрұғлы сұлтан” сияқтыларды паш етіп тарату-

мен бірге, жаңағыдай, Европа жазушыларының да көп-көп 

әңгіме, дастандарын жая жүрген болатын.

Бұл айтылғандардың барлығы Абайдың дәл өзінен қалған 

ақындық шығармаларға із қалдырмаса да, жалпы Абай 

меншіктенген қор, іргенің қандай болғандығын көрсетеді.


12

Осылайша оқып тану ретінде Абай Крыловтан бастап 

өз уақытына шейінгі орыс жазушы ақындарының, сыншы-

тарихшыларының – барлығының да еңбегімен танысқан.

Сексенінші жылдардың ішінде жазған “Интернат-

та оқып жүр” деген өлеңінде Абай жаңа даңқтанып келе 

жатқан Толстойды текке атамайды. Арғы классиктер ғана 

емес, өз тұсында енді-енді дамып келе жатқан жазушылар-

ды да оқып біліп жүргендігін сездіреді. Мінеки, Абайдың 

орыс әдебиеті арқылы барлап көрген өрістері осындай. 

Бұл – оқып біліп, танысып өткен мәдениетінің көлемі. Ал 

осылардың ішінен енді Абайдың тесіле қарап, үңіле бойлап, 

өзіне жоғарыда айтқандай, жақын тұтқан, сыбайлас білген 

ақын-жазушылар бар. Олары, әсіресе Лермонтов, Крылов, 

Пушкин, Салтыковтар болды. Бұларға да Абайдың ұштасып 

қатынасуы біркелкі емес, әртүрлі.

Абайдың көп көңіл бөліп, тырысып аударуларына қара-

ғанда, ол Крылов мысалдарын зор бағалаған. Бірақ, соны-

мен қатар өзі дәл бұл үлгі, бұл жанрдың ақыны емес. Ол 

жалтартып, сипай қамшылап айту емес, Лермонтовша көзге 

шұқып, басқа ұра айтуды сүйетін ақын. Сондықтан мысал-

дар түрін бағалағанмен, оны көпке ұғымды, өтімді бір алуан 

көркем түр деп таныса да, өзіне үлгі етіп баурап алмайды.

Крыловтың мысалдарын осылайша аударып, қоғамдық 

мін, кемшіліктерді тұспалмен ғана шенеп, ажуалап тоқтаған. 

Абай Пушкинге келгенде былайша жадағай күйді қанағат 

қылмайды. Пушкин мен Абай арасының жалғасы – мол са-

лалы, тамыр-түбірлі болады.

Орыс классиктерінің ішінде Абайға үлгі беріп, үлкен 

ұстаздық еткен ақынның ең үлкені – Пушкин. Бірақ осы 

жайды сыртқы белгіден, аудармадан ғана іздеу керек емес. 

Оны зерттеп, үңіле қарап барып қана түсінуге болады.

Мәселенің бұл жағын кейінге шегере тұрып, біз әуелі 

Абайдың Пушкиннің өзінен аударған – “Татьяна, Онегин 

хаттарына” келейік.

Абай бұл тұста Пушкиннің құр ғана аударушысы 

болмаған. “Евгений Онегин” сияқты өлеңмен жазылған 

романның барлығын аудармай, Абай өзіне таңдамалы, 

түйінді деген жерлерін ғана алады.


13

Пушкиннің үлкен шығармасын Абай өз тұсындағы қазақ 

оқушысына өз елегінен өткізіп, өзінше қорытынды жасап

өзі ойлаған түрдегі бір үлгі етіп ұсынбақ болады.

Абай аударған “Евгений Онегин” – ол шығарманың өзі 

емес, Абайға керекті болған тұқылы ғана болып шығады. 

Бұның себебі Абайдың бұл шығармаға өзінше бір өзгеше 

мақсатпен келуінен туған. Татьяна мен Онегин арасындағы 

жай-күйді де аяқ кезінде өзгертіп жібереді. Татьянадан күдер 

үздіргеннен кейін Онегинді Пушкин мысқыл етіп қалдырса, 

Абай оны Пушкиннің бұл герой туралы ешбір мақсат 

қылмаған сөз, мінездерін береді. Онегинге “жарым, жақсы 

киім киіп” деген сөзді айтқызып барып, өзін-өзі өлтіретін 

халге соқтырады. Абайша, Онегин мінезіндей мінезбен істің 

арты өлім болуға лайық.

Мінеки, кең көлемді романның сүйіспеншілік жыры 

ғана болып тарауы, екінші, ол сүйіспеншіліктің арты Пуш-

киннен өзгеше боп осылайша бітуі қалай?

Осымен қатар Татьяна, Онегин хатының өздерін ауда-

руда да Абай не Крыловты, не Лермонтовты аударғандары 

сияқты дәлшілдік әдеттерін қолданбайды. Оның Онегині де, 

Татьянасы да Пушкиннің өзі айтқызған сөздерді оқта-текте 

ғана айтады. Бұлардың ой-сезімі де Абайша кейде қазақ 

жастарының айтуынша шығады. Пушкин өлеңінің сыртқы 

әр алуан түрлерінен, әртүрлі өлшеу ырғағынан Абай екі-ақ 

түрлі тұрақты белгі қып ұстайды. Оның бірі, өлең жолын жыр 

сияқты етіп 8 буыннан құрау. Екіншісі, Пушкиннің өзінде 

өзге ұйқастармен қатар, көбірек кездесетін шалыс ұйқасты 

алу. Одан басқа жақтарында Абай өз бетімен еркіндеп, Пуш-

киннен ойқастап кетіп те отырады.

Осылай боп, Пушкин шығармасына өзінше қошқар 

мүйіздер салудың негізгі себебі – “Евгений Онегин” рома-

нына Абайдың жоғарыда айтылғандай өзгеше бір мақсатпен 

келгендігімен туып отыр. Бұл әңгімені сүйіспеншілік жыры 

етіп қазақ жасына ұсынғанда, Абай өз ойымен ұстаздық 

мақсатын көздейді.

Жар дегенде, әйел – дос дегенді бағалай алмай, қалың 

малдың сомасымен өлшейтін көңілі соқыр, ойы керең 

ортаға, мырза мен бек ортасына, Абай әйелдің сезімін терең 


14

толғауын Татьянаның нәзік, шебер тілі арқылы айтып 

жеткізбек болады. Оған Татьяна сол үшін керек. Опасыз, 

асқақ және өзі опық жегіш жігіт Онегин де соған ұқсаған 

мақсатпен керек болады.

Нәтижедегі қорытындысы – осылардың мысалы арқы-

лы өз ортасынан ой шығару, үлгі мысал көрсетіп, үгіт айту. 

Әйел де “сендей адам, сендей орамды тілі, өткір нәзік сезімі 

бар тең жаралған, тең праволы досың” демек, сол қасиетін 

бағалай, қадірлей білсең, әйел досың қасыңда, бағалай 

білмесең жатыңда деген қорытындыны жасамақ. Мұндай 

ниетпен қарағанда, әрине, Онегиннің уайым жемей, 

жаза шекпей кете баруы жол емес. Сондықтан Абай оның 

қолына пистолет ұсынып, өкімін айтады. Әбзелі өлім деген 

қорытынды жасатпақ болады.

Міне, Пушкин мұрасынан Абайдың қолма-қол қаты-

насқан уақытта қалған бір бұйымы осындай.

Сонымен қатар ескерте кететін бір мәселе, Абай 

аудармасының жаңағыдай ұшқарырақ боп шығуын, Абайдың 

Пушкинді шала түсінгендігінен, Пушкин шығармасына 

үстірт, селқос қарағандығынан деп тануға болмайды.

Жалпы, өлеңдік жағынан, тіл кестесінің шеберлік, 

сезімшілдік, терең толғаулылық жағынан қарағанда, Оне-

гин – Татьяна хаттары Абайда осал шыққан өлеңдер емес. 

Ол Абайдың бұл жырларды күшті ынтамен нықтап зер са-

лып, тырыса жазғанын көрсетеді.

Және өзгеден бұрын, басқа ешбір аудармасына ән 

шығармаса да, дәл Татьяна – Онегин хаттарына арнап 

әдейілеген әндер шығаруы, соны халық ортасына өзі тара-

тып, паш (әуез) етуі Абайдың Пушкин атына және мына 

шығармаға аса зор баға беретіндігін көрсетеді.

Аударма жайлы сондай болса, енді Абайдың өз шығар-

маларынан байқалатын Пушкин әсері қандай?

Қорытылып, өзгеріп, Абайдың туынды өз өнері боп 

шыққан шығармаларынан Пушкиннің қандайлық үлгі, 

өрнектерін байқауға болады?

Әрине, бұл арада Пушкиннің анау өлеңінен Абайдың 

мынадай өлеңі туып, пайда боп тұр деп кесіп айтуға болмай-

ды.


15

Бірақ сонда да кейде, тақырып бірлігі аз болса да, немесе 

тіпті Пушкинде жоқ кей тақырыпты алса да, сол жайларды 

дәл Пушкинше, жалпы мәдениетті, үлкен сорапты ақынша 

шолып кететін кездері бар. Сондай кездерде Пушкинмен 

жанасып қап отыратыны болады. Ендігі қарастыратынымыз 

осындай шығармалары.

Бұл ретте тақырыбы ұқсас өлеңдердің ішінен Абайдың 

ақынға арнаған өлеңін алдымен аламыз.

Адамның кейбір кездері –

Көңілде алаң басылса.

Тәңірінің берген өнері

Көк бұлттан ашылса, –

деп бастайды Абай.

Пока не требует поэта

К священной жертве Аполлон,

В заботах суетного света

Он малодушно погружен, –

деп шертеді Пушкин.

Осы екі өлеңнің не сөз, не теңеулерінде біріне-бірі ұқсас 

тұрған дәнеңе де жоқ. Ал тақырып, мазмұнын алсақ, олары 

ұқсайды, тіпті бір жерден шығады.

Екі ақынның өлеңі де “ақын мен ақындық шабыты” 

(вдохновение) дегенге арналады.

Екі өлең де әуелі шабытсыз күйде жабайы көптің бірі 

боп, өмірін де, өзін де кір басқан адамды алады. Содан кейін 

осы адамның шабыты келіп, ақын боп толғанған уақытында 

қандайлық шарықтап, шарқ ұрып кететіндігін айтады.

Ақындық шабыттың өзін де екі ақын жоғарыдан келген 

сый есепті түсінеді. Абай – “Тәңірінің берген өнері” деп өз 

ұғымына апарса, Пушкин – “Аполлон” деп, ескі грек тілінің 

поэзия, өнер құдайы – Аполлонға апарып тірейді.

Қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын ақын дегенді, неме-

се ақындық дегенді жекеше тақырып етіп өлең жазған кісі 

жоқ.

Оның үстіне ақындық еңбегін мынадай мәдениетті 



түрде түсініп, басқаша білімді жұртша бағалайтын ақынның 

16

өзі де болған емес. Ақын сөзі ақын маңайындағы зұлымдық, 

жаманшылықпен алысушы, дұрыстықты үгіттеуші, жоқ-

таушы сөз деген терең идея, терең түсінік қазақ әдебиетінде 

тек Абайдан ғана басталады. Мұның түбі орыс классиктері 

айтқан: ақын еңбегі қоғамға пайдалы, қоғамды түзеп, бас-

таушы еңбек, – деген ұғымнан туады. Бұл өлеңді Абайдың 

қазақтың өлең түрімен жазбай, Пушкиннің шалыс 

ұйқасымен жазуында да мән бар. Мінеки, орыс классигі 

Пушкиннің мәдениетті ақын бола тұрып сөйлеген ұғым, 

наным, түсінік бағытының Абайға терең тамыр арқылы 

жасаған бір қатынасы осындай. Осы сияқты өлең Абайды да 

бұрынғы қазақы ақыннан жоғары шарықтатып, әрі шалым-

ды етіп, жаңа үлгі, жаңа сөз сырының ақыны етеді.

Осы сияқты тақырыбы ұқсас өлеңдердің алуаны – 

Абайдағы жылдың төрт мезгіліне арналған өлеңдер. Әрине, 

бұл өлеңдер жаңағы сияқты Пушкиннің пәлендей өлеңімен 

қабыса кетеді деп айтуға болмайды. Қазақтың мал баққан 

шаруасын, көшпелі аулын, өзгеше қоғамдық құрылысын 

көрсететін нағыз қолтумадай қазақша өлеңдерін Пушкинге 

апарып жанастырам деу зорлық қой, теріс қой деушілер де 

болады.


Бірақ шұғылдық жасамай, кеңінен терең ойлап көрейік. 

Осылайша қарағанда, Абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінде 

жыл мезгілін айрықша тақырып қып алу тағы да жоқ бо-

латын. Европа машығын алсақ, осы тақырыпқа арналған 

өлеңдер балалар оқитын мектеп хрестоматиясының 

барлығында болады. Орыс әдебиетінің көлемінде “қысқа”, 

“күзге” арналған өлеңдер ең алдымен Пушкиндікі болатын.

Бірақ Абайдың “қысына” көз салып қарасақ, орыс 

ақындарының қысты суреттейтін теңеулері жоқ па?

Ең алдымен, “Ақ киімді, денелі, ақ сақалды” деп баста-

латын қыс Пушкиннің өзі де орыс елінің ескі фольклорынан 

келе жатқан, кейін Некрасов сипаттаған емес пе? Абайдың 

бұрын жұты қалың шаруа соры – ақ боран, алты ай қысты 

жалпы айтпаса, оны осындай шал пішінімен алғанымен, 

сол шалды қазақ оқушысына танытады. Ұғымды қып, өз 

тәні қып қорытып әкеп ұсынады. “Аяз бабай” мұның сипат-

тауынан “кәрі құдаң” боп, өз аулының кісісі болып кетеді.


17

Ол қорадағы арық-тұрыққа, отардағы жылқыға құрығын 

сала келген ескі таныс, баяғы сары сүйек “құдаң” боп, қазақ 

ұғымына ауыл үй қона қалады.

Бұл арадан Абайдың европалық үлгі-өрнекті өзінше 

біржолата өзгертіп, қайта тудырып, тіпті шеттен келгендігін 

білдірмейтіндей қып жаңадан беретіндігін көреміз.

Сонымен қатар жылдың төрт мезгілін сипаттауға әуелі 

табиғат көрінісітерін айтып, содан шаруаны айтып, со-

дан жеке қоғамдық қатынастан белгі беріп және өзінің сол 

көріністерден алған ақындық сезім әсерін айтып жырлау, 

қалай айтсақ та, мәдениетті поэзияның өзі екенін айқын 

танытады. Әрине “көктем”, “жаз”, “күз” жайындағы 

Абай өлеңдерін оқып отырғанда, қазақ оқушысы көшпелі, 

бақташы қазақ аулының сурет белгілерінен басқа ешбір 

көлденеңнен келген бөгде бұйымды көрмейді.

Абай ол суреттерде таза қазақ аулының нағыз өз 

суреттерін ғана алады. Бірақ, сонымен қатар, осы мезгіл, 

көріністерді осылайша көріп, осылайша сезіп, осындай 

үлгіде жырлап отырған ақынды айрықша бір мәдениет, 

өзгеше бір үлгі өрнегі бар ақын емес деп кім айта алады.

Мәселе сыртқы сөз бен фактыларында емес. Шығар-

маларының ішкі күйінде. Ақынның дүниені қалайша, 

кімше көріп, кімше сезінуде. Сондай ақынның дүниетану 

(мироощущение) жағынан алсақ, бұл өлеңдерде де Абайдың 

Пушкиндей орыс классиктерімен астас, өрістес келуін 

байқаймыз.

Тағы да айтатынымыз, бұл еліктеу емес, оған ешбір 

жағынан ұқсамайды. Құр еліктеу десек, ешнәрсе түсінбеген 

болар едік.

Абайдың терең толғаулы, дана ақын екендігі сол Пуш-

киндей классиктер үлгісін сырт жағынан ғана алмай, 

біржолата өз тамыр, топырағынан өскен, өзіндік мәдениетті 

үлгі өрнек есебінде бере білуінде.

Осы айтылған мысалдар сияқты жалпы үлгі өрнекті 

басқа шығармалар турасында да Абайдың мықтап меңгеріп 

алғанын көреміз.

Бұның бір айқын белгілері Абайдың ғашықтық жайын 

жырлаған өлеңдерінен байқалады.


18

Тегінде, Абай шығармаларының барлық қор, нәрі үлкен 

үш арнадан құралады. Бұның біріншісі, ең молы – қазақтың 

халық әдебиетінің мұра-тумалары, екіншісі – шығыс 

әдебиетінен келген және ең аз сезілетін белгілер, үшіншісі – 

Абайды мәдениетті, үлкен аңғарлы зор ақын етіп көрсететін 

батыс әдебиетінің үлгі, өрнектері.

Осы үш сала Абайдың ғашықтық жайын айтқан жырла-

рында ап-айқын көрінеді. Сондай – “Айттым сәлем, қалам 

қас”, “Қиыстырып мақтайсыз”, “Қақтаған ақ күмістей кең 

маңдайлы” сияқты өлеңдері – қазақ әдебиетінің бұрынғы 

үлгісінде жазылған жырлар. Ал “Көзімнің қарасы”, “Қор 

болды жаным” сияқты өлеңдері тіл, теңеу жағынан да, махаб-

бат дегенді сезініп, ұғыну жағынан да шығыс ақындарының 

үлгі сарынымен жазылған шығармалар.

Ғашықтық жырларының енді бір тобы – “Ауылдың жаны 

терең сай”, “Қызарып, сұрланып”, “Білектей арқасында 

өрген бұрым” сияқтылар.

Дәл осы соңғы топтың тұсында Абай тағы да қазақы 

ақынша жырламай, өзгеше бір мәдениетті ақын үлгісімен 

жырлайды.

“Ауылдың жаны терең сайда” Абай түнгі ауылды, иті 

үріп, күзетшісі айтақтап, қотанында қойы жусап, ұйқыға 

бой ұрып тұрған қазақ аулын алады. Сол ауыл жанында 

жапырақты ағаш көлеңкесінің астынан екі жас табысады.

Сырт қарағанда бұл өлеңнің де қазақтың таза өз тума-

сы болмасқа шарасы жоқ. Бірақ “Айттым сәлем, қалам қас” 

қандай, бұл қандай? Анада құда мен құдашаның танысуды 

іздеген сәлем хаты, құмарлықтың тілек хаты көрінсе, мынада 

ол құмарлық көріністерінің дәл өзі айтылмай қалады. Оған 

тұспал беріліп, емеурін ғана жасалып, дәл құмарлықтың өз 

қалаттарын көрсетудің орнына, көп ноқаттар ғана қойылып 

кетеді. Екінші, бұл жырда махаббат табиғат көркіне бөленіп 

суреттеледі.

Ауыл мен түн, жұлдыз бен жапырақ – барлығы да сол 

махаббатқа бесік, жөргек есепті ғана болып алынады.

Мінеки, бұрынғы машық бойынша ашық тілекті 

жалаңаш түрде айтып, оның нәтижесін натуралдық үлгіде 

айтудың орнына, енді махаббаттың дәл өз сағаты айтылмай, 


19

соны қоршап, саясына алып, бөлеп тұрған табиғат көркі ғана 

айтылады да, арғы жайды оқушы өзі ұға берсін деп, түйіп  

тастап кетеді. Бұл – арғы жағы батыстан, бер жағы Пушкин-

нен (Онегин мен Татьянаның махаббат жайын сөйлесерде 

бақта кездескенін еске алыңыз) нәзік тұспалмен, ымба-

мен айтатын ғашықтық минуттарын суреттеудің бір үлгісі 

еді. Көркем, сыршыл және нәзік тереңдігі бар мәдениетті 

түрдегі жырлардың үлгісі еді. Абай қазақ жағдайы, қазақ 

табиғатының ортасына осындай сыпайы, нәзік, мәдениетті 

түрде жырланған махаббат көрінісін әкеп суреттейді. 

“Қызарып, сұрланыпта” осындай аса сезімді майда жүректің 

терең түпкіріндегі құбылыс толқындарды әлдеқандай бір 

лүпіл қаққан ырғақпен паш етеді.

Бұл сияқты шығармаларының тұсында да Абай, я 

Пушкин, я басқа бір орыс ақынының пәлендей бір өлең 

шығармаларынан қолма-қол бұйым белгі алған жоқ. 

Пәлендей орысша өлеңнің пәлендей жерінде мынау жа-

насып тұр деп ешкім айта алмайды. Бірақ, сонымен қатар, 

жоғарыда айтылғандай, жалпы мәдениетті ақын болу түрінде 

Абайдың Пушкиндерден бұл тұста да үлгі, өрнек алып, соны 

өзінше жаңғыртып, өзгеше жағдайға жұмсап, өз тәні етіп 

шығарғандығы және соны өз оқушысына ұғымды, қонымды 

етіп шығара бергендігі даусыз.

Бұл мысал да ақындық жолындағы Абай мәдениетінің 

ірі, жоғары мәдениет екенін дәлелдейді.

Осы айтылғандармен қатар Абайдың Пушкин үлгісін 

алғандағы бір ерекше белгісі, өз ұлтының көлемінен асып, 

сыртқы өзге елдер жайында сөз қозғауы, Пушкиндегі неше 

алуан елдер, ғасыр, тарихтар жайынан әңгімелі жырлар жа-

затын әдет Абайдың дәл өз басында көп болмағанмен, бұл 

да жалғыз қазақ ауқымында қалмай, сол Пушкинше мас-

штаб, өріс іздейді. Пушкин жазған Кавказ, Қырым, Цыган, 

Испан сияқты жұрттың әңгіме, әпсаналарын Абай өзі көп 

жаза қоймаса да, өзінің шәкірті болған ақын жастарға неше 

алуан әңгімелерді айта отырып, елең еткізіп, халыққа жая-

ды. “Дағыстан”, “Зұлыс”, “Шамиль”, “Медғат – Қасым” 

сияқтылар сол Абай іздеп тапқан масштабтың, қазақ 

әдебиетіндегі жаңа мәдениетті өрістің белгілері еді.


20

Бұның ақындық жүзіндегі мысалдарын Абай ең алдымен 

өзі көрсетеді.

Бүкіл батыс, шығыс тарихтары бірдей әңгіме еткен 

“Ескендір” жайынан әңгімелі өлең жазады. Онан соң тағы 

да батыс, шығыс бірдей сөз қылған “бақ” пен “ерлік” де-

ген тақырыпқа арнап “Масғұт” әңгімесін өлеңмен жазады. 

Кейін шыққан сөздерінде “орыс, ноғай, қазақ, өзбек” жа-

йында, осы айтылған ұлттардың барлығына әділ, тең сын-

шы боп қарауға тырысады. Қазақтың басшы тобында көп 

орын алған ұлт араздығы, ұлт өзімшілдігі деген сияқты ескі 

надандық нанымдарына шабуыл жасай сөйлейді.

Және бүкіл дүние елдерінің мәдениеті, тарихын, жалпы 

даму жолдарын алғанда, “өзім шығыс елі едім, қала бер-

се мұсылман едім” деп, ислам діні дәріптеген адамдардың 

шашпауын көтермейді.

Мәдениетті адам баласының жалпы тарихы бағалаған 

Сократ, Аристотель, Пушкин, Салтыков, Толстойларды ал-

дымен аузына алады. Тар көлемді қазақшылықтан да, діншіл 

мұсылманшылықтан да атын аулақ арқандайды. Мұнысы да 

европаланған мәдениетті болған Абайдың үлгі-өрнегі. Нәр 

мен өрісті білімі бар батыстан іздегендігін көрсетеді.

Бұл тұста Абайдың, жоғарыда айтылғандай, халық тала-

бын терең ұғынып, көпшілік тілегінің бетімен тура көшкен 

ағартушы, жаңашыл ақын екенін байқаймыз.

Осы сияқты бағыт, беталысының бір таянышы – 

орыс классигі Пушкиндей кең өріс, терең толғаулы дана 

жазушылардың үлгісіне бой ұруда жатыр. Солар заманы мен 

қоғамына қалай еңбек етіп, қалай ұстаздық көрсетсе, мен 

де ізденіп жол тауып, соларша еңбек етем деген талабында 

жатыр.

Бұл жағынан қарағанда, Пушкиндер көп ауызға ала 



беретін ескі антик, ескі классик тарихы мен әдебиетіне 

Абайдың да оқта-текте соғып отыруы түсінікті мәселе.

Міне, Пушкин бастаған классик әдебиетінен сол 

Пушкиннің өзі мен өзгелер арқылы Абай алған жалпы әсер 

осылай болса, енді орыс әдебиетінің кейбір ағынына Абай 

тағы да қоян-қолтық байланыс жасайды. Ол – әсіресе Лер-

монтов.


21

Енді Абайдың сол Лермонтовпен жанасқан жайларын 

тексереміз.

Орыс классиктерінің ішінде Лермонтов Абайдың қатты 

сүйген ақынының бірі. Абайдың өз айтуынша, Лермонтов –  

“ерекше ызаның ақыны”, “махаббаты ашумен уланған” 

ақын. Ашуы – қоғам құрылысына наразылықтан, қоғам 

дертіне күйінгендіктен туған. Ол сол ашумен отырып, 

қоғамдық мін-мерезді жерлейді. Адамды ішкі ойына үңілтеді. 

Саналы адам, ойлы адам болуға баулиды. Осындайымен 

оқушыға ой түсіріп, толғантпақ, ұялтпақ болады. Бұл ақын –  

өткір сөздің адамы. Бірақ кей кездерде сол сезімі мұңды 

наразылықпен түңілуге, жүдеулікке бейімдеген адам.

Саналы ой, ызаланған сезіммен қоғам дерті үшін қатты 

күңіреніп, қатты түңілген ақын.

Міне, осындай күйді Абай өз ішінен, өз басынан да 

көп табады. “Жұрт” мінезі (жұрт дегенде, Абай көбінесе 

атқамінер, партия басы топтарын еске алып сөйлейді), дос 

қылығы, ел уайымы, көңіл шері, бас мұңы, табиғат көркі 

сияқтының барлығы да Абайдан жаңағы Лермонтов сары-

нына ұқсаған жырлар туғызады.

Рас, бұл процесті Абай бірден бастамайды. Лермонтов 

үлгісімен қоғам уайымын, көңіл шерін, бас мұңын айта бас-

таудан бұрын Абайдың ақындық еңбегі екі тарау жолдан 

өтіп келеді.

Мұның біріншісі және ең зоры – Абайдың өз өрісінің 

даму жолы. Қоғамшыл, ұстаз ақын Абай өз айналасындағы 

қараңғылық, құнсыздықпен алысуда көп күңіреніп, көп 

шерленіп қажып келген болатын, бұл – бір тарау. Екінші 

бір тарау – Абайдың Лермонтовты көп аударған еңбегінің 

тарауы.

Қазақ оқушысы Абай арқылы Лермонтовтың талай ірі, 



терең сырлы, көркем жырларымен танысты. Оның ішінде – 

“Қарасам қайғыртар жұрт”, “Жалау”, “Жартас”, “Қанжар”, 

“Теректің сыйы”, “Босқа әуре боп”, “Жолға шықтым” 

сияқты талай-талай терең сезім, үлкен көрік, ірі толғаудың 

жырлары бар. Лермонтов арқылы Гетенің “Қараңғы түнде 

тау қалғып” дегені, Байронның “Альбомға” дегені сияқты 

батыс ақындарының сезім, сарындары қоса аударылған 

жерлері де бар.



22

Абайдың осы Лермонтовтан аударған өлеңдері қазақ 

әдебиетінде әлі күнге ешбір аударушының жете алмаған 

биік тұрғысында тұр. Қазақтың әдеби тілі пісіп толмаған 

кезінде майданға шығып, орыс әдебиетінің ең шебер 

нұсқасы Лермонтов жырын өз күшіндей, өз толғауындай 

етіп жеткізу Абайдың ерекше шеберлігі үшін үлкен дәлел. 

Бұл аудармаларының тұсында Абай “Евгений Онегиндегі” 

машығын қолданбайды. Мүмкін болғанша Лермонтовтың 

жолдарын өз қалпында өз сөзімен, мағына толқынымен 

толық жеткізуге тырысады.

Сондай тырысу мен шеберлік арқасында қазақ оқушысы 

Лермонтов жырларының құрыш күшін де, бусанған тыны-

сын да, күй сазын да толық сезінеді.

Кейде ырғақ, кейде ұйқас, кейде теңеу салыстыру дәл 

Лермонтовтың өзінше болмағанмен, әрбір жолдың сезім 

күйін (настроениесін), лебі мен емеурінін асыл нұсқаның 

дәл өзіндей танытып отырады.

Осы Лермонтовтан жасалған Абай аудармасы арқылы 

қазақ өлеңіне бір ерекше жаңа, ерекше құрыш күшті, терең 

сырлы үлкен ағым кеп араласқандай болады. Лермонтов 

кішіреймей, әлсіремей, өзінің барлық ірі тұлғасымен тұтас 

ауысқандай болады. Бұдан қазаққа ұғымды етем, жеңілдетіп 

берем деп қазақы тон, тымақты кигізген жер жоқ. Орыс 

әдебиетінің мәдениеті, үлкен сыйлы ірі классигі өзінің 

барлық үлгілі, өрнекті сипатымен қазақшыланады.

Абай осы аудармалар арқылы өз оқушысын поэзия 

мәдениеті күшті болған үлкен мұрамен таныстырып, жа-

настырады. Адам баласының жалпы қоры дерлік үлкен 

қазынаға жетектеп әкеледі.

Осындай етіп аударған Лермонтовтан, бертін келген-

де, Абай өз шығармалары үшін де үлгі-өрнек алады. Өзінің 

мәдениетті, оқымысты ақын боп жырлаған сөздерінде жаңа 

сарын мен саз табады. Сонысының терең тамырлары Лер-

монтов лирикасымен туысып отыратыны бар.

Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса,

Күнді уақыт қызартып,

Көкжиектен асырса,


23

Күңгірт көңілім сырласар,

Сұрғылт тартқан бейуаққа, –

деген сөздерді алсақ, табиғатты осылайша сезіну қазақы 

үлгі ме, европалық үлгі ме? Бұл арасын айыру қиын емес, 

әрине, стихия мен адам көңілінің шарпысуын көп жыр ету –  

Европа романтизмінің үлгісі. Оның ішінде, мұңды көңіл 

иесі, жүдеу қабағы бар ақын Лермонтовқа да ұқсастығы 

бар боп шығады. Абай жырларының ішінде осындай көңіл 

шерін, бас мұңын шаққан сөздер, әсіресе өлім күйін ай-

татын – “Өлсем, орным қара жер”, “Жалғыздың дертін 

қозғайтын”, “Алыстан сермеп” және өз басынан кешкен 

жеке бір фактіні сөз қылатын – “Сұм дүние тонап жатыр”, 

немесе адамның қасиеті туралы айтқан толғауы – “Өлсе өлер 

табиғат” сияқтының барлығынан да Абайдың европалық 

мектебі көрініп тұрады. Сонда табиғат лирикасы, көңіл ли-

рикасы, қоғамдық мұңды күй, жалғыздық сарын сияқты 

жырларының көптен-көбі Лермонтов лирикасымен жақын 

түсіп отырады.

Тағы бір топ өлеңде Пушкин мен Лермонтов екеуінің 

де ізі білінетіні бар. Онысы білімсіз, ой-санасыз өткізген 

жастық күндері үшін өкінген жаңа өлеңді, ән-күйді жаңаша 

бағалап, тыңдаушыға солардың ұстаздық мәнін түсіндірем 

деген жырларынан көрінеді.

Әрине, бұл жырлардың тұсында да Лермонтовқа ұқсас-

тық, жақындығын айту, соны дәлелдеу ұқсамайтындығын 

айтудан сонағұрлым қиын. Осының өзінде Абайдың олар-

мен жақындығы зерттеу арқылы ғана танылатын жақындық 

екенін көрсетеді. Терең тамырдан барып қосылатын 

үлкен қорытудан өткен, тереңдеп сіңген жақындық екенін 

көрсетеді. Мұнда ұшқарылық, механикалық әдет жоқ. Үлкен 

мектептен өткен нәрлі, іргелі үлгінің ғана ізі бар.

Абай ақындығын алғанда, осылайша боп ашылып 

отырған жайлар оның құн бағасын кемітпейді, қайта артты-

ра түседі.

Осындағы айтылған қарым-қатынастар Абайдың 

европалық үлкен қорға қол артқанын көрсетеді. Адам 

баласының жалпысына бірдей болған классик әдебиетімен 

жақсылап, тереңдеп ұштаса білгенін көрсетеді. Өзінде Ев-


24

ропа, өзі Европада боп, қарға тамырлы боп байланысқанын 

көреміз. Бұл белгі – сүйсінерлік нағыз ірі белгі.

Пушкинді Пушкин еткен белгі, ерекшеліктің өзі де 

осындай болатын. Ол да өзінен арғы Батыс Европа мен 

ескі классик әдебиетінен үлкен үлгі алып, адам баласының 

ортақ мұраларына қол артып өскен ақын. Өзге жайла-

рын қойып, оңай мәселелердің өзін алсақ та, Пушкиннің 

атақты “Ескерткіш” деген өлеңі осы ретпен жазылған ескі 

Рим ақыны Горацийдің “Ескерткіш” атты өлеңіне бой 

ұрады. Екінші бір атақты өлең “Пайғамбар” болса, оның 

мазмұны, уақиғасы мұсылман жұртының айтқан ертегісінен 

туады және Пушкиннің барлық “Оңтүстік тақырыбына 

жазған поэмалары” ағылшын ақыны Байронның “Шығыс 

тақырыбындағы поэмаларымен” ұштасып жатады.

Олардың өзінің өсуі және олар арқылы бүкіл орыс елінің 

классик әдебиетінің өсуі осылайша жалпы батыс әдебиетінің 

өсу жолдарымен байланысты боп отырады.

Осылайша болу классик ақын-жазушылардың және 

барлық орыс әдебиетінің үлкен ерекшелігі болатын.

Осындай қатынас болмаса, жалғыз өз ұлтының тар 

көлемінде қалса, ол мәдениет, ол әдебиетінің тағдыры 

мың жыл бойы бір қалпында тұрып қалған ескі қытай 

мәдениетінің тағдырындай болар еді.

Абайдың өз тұсында орыстың классик әдебиетін мек-

теп тұтып бағалауы, сол арқылы нәр, қазына табуы бүгінгі 

біздің социалистік интернационалдық, бүкіл дүниелік 

қорға тезірек ұмтылып, көңілдегідей меңгеріп алуымызға 

жәрдемші болады.

Қазақ әдебиетінде Абайдан бұрынғы халді алып, содан 

Абай шығармасына келгенде, бұрын сезіп, естіп көрмеген 

бір жаңаша, өзгеше желдің ескенін сезесің, сол жел Абай 

арқылы батыстан, орыс классик әдебиетінің мәдениетті 

қорынан есіп тұрған жел болады. Өзі қоғам тілегін қоры-

тушы, әрі ұстаз, әрі басшы өнердің игі лебі болады. Міне, 

Абай бағалы болғанда осындай үлгілі, мәдениетті ақын бо-

луымен бағалы.

Осымен қатар Абайды Алашорда ақындарынан аулақ 

ететін осындай алға беттеген, прогрессивтік ерекшеліктер 


25

бар. Соны ұмытпау керек. Орыс классиктерімен байла-

нысын зерттеуде бұдан былай есте тұтатын тағы бір нәрсе, 

оның байланысы жалғыз Крылов, Пушкин, Лермонтовпен 

бітпейді.

Орыс әдебиетінің барлық ХІХ ғасырдағы классик ақын-

жазушысымен, сыншы-қоғамшылдармен жақсы таныс боп, 

үлкен мектебінен өткен Абай Лермонтовтардан бергі жазу-

шылардан да үлгі, өрнек алған.

Осы ретте айрықша, қосымша зерттеуді керек ететін бір 

мәселе Абайдың Салтыков-Щедринмен байланысы тура-

сында.


Өз заманындағы патшалық бюрократизммен, чиновник 

алпауытымен, азған ымырашыл интеллигенттермен қалам 

арқылы қатты алысқан Салтыков Абайға аз әсер етпеген 

сияқты. Рас, Салтыков ақын емес, жазушы; оның пәлен 

шығармасы Абайдың пәлен өлеңінің түр, нәріне үйлес 

келеді деп айту қиын.

Бірақ жалпы мысқыл-сатира, ащы сықақ жағын алсақ 

және сол құралдардың патша агенттері – жемқор ұлық, 

құнсыз чиновник, надан қанаушыларға қарсы жұмсалғанын 

ескерсек, онда Абайдағы “Болыс болдым, мінеки”, “Мәз 

болады болысың”, “Интернатта оқып жүр”, “Қайтсе жеңіл 

болады” сияқты қоғамдық, мемлекеттік құрылысты сынай, 

шеней жазған өлеңнің барлығының астарында Салтыков-

пен үндестік бар екенін айыру қиын емес сияқты.



26


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет