Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті



жүктеу 1.71 Mb.
Pdf просмотр
бет2/27
Дата27.12.2016
өлшемі1.71 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

ЖЫР ЖАЛАУЫАМАНГЕЛДІ

Жауыздықпен жаны қас,

Жәбірлімен мұңдас ед.

.......................................

.......................................

Ашуланса алмастай

Қынабына сыймас ед...

                  

(Халық жыры)

Амангелді

1

 жайында көп айтылып жүрген үлкенді-кішілі 



ақынның сөз ішінде көркем айтылған бір теңеу осы алмас 

деген сөз. Қай алмас дегенге: ел алмасы, тарихтың алмасы 

дер едік.

Жалыннан шыға су жұтып, судан шыға жалын құшып, 

көк болат шымырап алмас болады. Әуел шыққан сәтінде 

оның өткір, өктем жүзінде көкшіл-қошқыл даты бар. Ыстық-

суық тегінің ыстық-суық майдан үшін берген салқын қайрат 

лебі сол. Сарапқа түсіп, сын кеше жүріп, қаттыны тіліп, 

қалыңды жарып, толқымай өтіп барып, бір замандарда 

жарқырап жүзі, жалтырап алмас бойы ашылады. Айдыны 

басқа ақ алмас сонда анық аңғарылады.

Заман деген бір ұста бар, адам алмасын сол дарқан 

шығарады. Амангелдіні де сол тудырып, құрыш болат етіп 

сол шығарды. Оның алды ұзақ дәуірге созылған үлессіздік 

пен жадаулық еді. Исатай, Махамбет, Бекет

2

 серпіліп, кейін 



жым-жырт жабыққан салқар ұзақ бір дәуір өтті. Осы кезде 

ел күші демін ішіне тартып, қайрат, қасиет жиып, тағы бір 

толқып қуат атпақ сырда екен. Он алтыншы жыл келді, ұлы 

Октябрь төңкерісімен ілесе азамат соғысы келді. Ел елдігін, 

ер ерлігін сарапқа салар күн туды. Сонда тамырында ата 

қаны мұздамаған қажырлы ел өзінің халық ортасынан ұл 

шығарды.


27

Сол күресте шын қажырлы ел туды,

Сол күресте Амангелді ер туды,

Заманының сондай нашар шағында,

Амангелді батырдай боп кім туды, –

деді Күдері

3

 ақын.


Туды. Ел ашуының елдік үшін, жаңа дәурен, ұлы мұрат 

үшін сілтеген алмас күші боп туды. Сол ерен ерекшелігі он 

алтыншы жыл менен азамат соғысы күндерінің өзінде де 

ел көзіне көрініп, ел жүрегіне сонша жақты. Есепсіз көп, 

бірақ есесі жоқ еңбек халқының ұлы, қамқор ұстазы Ленин 

көтерген тудың қазақ сахарасындағы бірінші қаһарманы 

Амангелді ел тарихының жаңа дәуіріне бас болды. Қазақ 

тарихындағы Октябрь нәсілінің жаңа төлінің марқасы бол-

ды.

Міне, 25 жыл өтті. Осы 25 жыл Амангелдінің ұлы 



тұлғасын, бірсін-бірсін тереңдеп танитын алып бейнесін 

айқындап ашып келеді.

Ер – ел тарихының белі дейміз. Ол өзі тірісінде бір та-

нылады. Өзі өткен соң кейінгі ұрпақ қадірін біліп, қасиетін 

таныған сайын тағы танылады. Әсіресе, молайып, ұлғайып, 

барған сайын бар жаңалығы бадырая түсіп танылады. Бір 

кезде бел көрінсе, келер ұрпақ тарихына: өз тұсында көрсетіп 

кеткен көмегімен, орнатып кеткен туымен, тастап кеткен 

үлгісімен, нұсқап кеткен бетімен енді бел ғана емес, биік 

тұрғы боп, асқар тау боп көрінеді. Тарихта талай жақсының 

кейінгі дәуірлерде талайда-талай тағдыры бар. Солардың 

ішінде кейінгі дәуірлерде, әсіресе, алтын терек, асыл арыс 

аталып, ерекше қадірі артып, үдей түсіп отыратыны бар. 

Бұлар – анық қадірмен қымбаттылар. Өздері некен саяқ, 

бірақ бір десең, бағланың дерсің. Кейінгі тарихтың әрбір 

жаңа кезеңі, әрбір жаңа күні солай етпесе де, күндерінің 

ішінде бір күндері, дәуірлер ішінде бір дәуірі келеді де – асы-

лымыз атын алып, асыл дегізіп, биікке бір-ақ шырқатып, 

мәңгілікке бір-ақ орнатады.

Осындай өзгеше жанның бірі – Амангелді. Отан 

соғысының қатал сын, қайсар қажыр талап еткен күндері, 

ел намысы – ер намысы болған күндері Амангелді атын 

қазақ халқының жауынгер нәсіліне, әсіресе, ардақты әруақ 


28

етті. Азаматтық биігіне шықсаң, сондай шық. Халқыңның 

қасиет намысы қолыңда болса, сол Амангелді танытқандай 

ғып таныт, өлмес атың өлшес іспен нұрланса, сондай боп 

нұрлансын дегізді.

Отан соғысының ерлігі Одақтағы барлық бауырлас 

елдердің арғы тегіндегі бар қасиетін еске алғызды. Бергі ме-

нен арғыдағы бар жақсысын жандай жақын етті. Сол қатарда 

Амангелдіге қарасақ, ол біздің майдандағы батырларымызға 

тіпті тақап тұр. Ет бауыр жақын аға боп тұр.

Бірақ дәл бүгінде, кеңінен, молынан түсінеміз деген 

кезімізде, тұтас тұлғасымен толықтанып қадірлейміз деген 

кезімізде Амангелді жалғыз да, жалқы да емес, аса қасиетті 

айналасымен, әсіресе, көркейе көрініп тұр.

Дәуірі туған кезінде, дәл бейнесі анық ұлғайып танылған 

Амангелді қандай боп тұр? Арыда, өз елінің қадірлі тарихын-

да асыл асқар тегі бар батыр боп бір танылса, беріде байтақ 

бауыр досы мол, алып Отан ел тапқан, ұлы Одақтың бәріне 

артық большевик батыр боп екі танылып тұр.

Міне, осы сыры, осы сипаты Амангелдінің, әсіресе, 

өзгеше қасиеті, өзгеше бітімі. Шалқайса тарих шыңы бар, 

еңкейсе иен елі бар. Өз елінің жекелеп келген тарихын 

дүниенің ең жаңа, ең жарқын тарихын жасаушы көп елмен 

әкеп туыстырған алып азамат өзі боп тұр.

Бүгін, өліміне 25 жыл өткен күнде, бізге оның, асыл ұлы 

жан боп танылатын Амангелдінің ел алмасы, тарих алмасы 

боп жарқырып ашылған жарқын жүзі осындай.

Ел ерінің осы бейнесін қазіргі халық атынан айтылып 

жатқан халық ақындарының сансыз көп жырынан анық 

аңғарамыз. Он алтыншы жылдың дәл өзінен бастап, дәл осы 

бүгінгі күндерге дейін Амангелді жайынан қазақ халқының 

жыры бір үзілмеген еді. Жаңа жырлар дәл осы сәттің өзінде 

де туып жатыр, толғана шымырлап шығып жатыр. Ал туған 

жырлар халық аузында қысса-дастан боп, аңыз-әңгіме боп, 

ән-әуен боп домбыраның пернесіне оралып, әншінің нақыс 

ырғағына оралып, қанатты жырдай қалқып жүр.

Сол жырлар нені толғайды, нені айтады?

Мәуесі жерге қарап салбыраған,

Халыққа көлеңкелі сіз бәйтерек.


29

Керекті уақытында ататұғын,

Дұшпанға дайын тұрған сіз зеңбірек, –

деп, батырдың замандас серік ақыны Сәт жырлаған. Он сегіз, 

он тоғызыншы жылдарда Амангелді Торғайда әскер комис-

сары боп тұрған күннің өзінде айтқан жыр. Алдыңғыны 

болжап, алысты шола жырлаған жыр. Айтқаны, сезгені 

рас. Ел зеңбірегі Амангелді біздің күшімізге өз үлгісімен, 

өз ұрпақтарымыз қолымен неміс қанішерлеріне қарсы кек 

зеңбірегін шын атып тұр, дәл тигізе, қан құстыра атып тұр.

Бұл қажыр, бұл ызаның басын жау жүзінен жасымай 

тұрып Амангелді серігі Жағыпар өлер сағатында айтып еді:

Мен өлсем де миллион бар,

Кегімді алар, қоймас тек.

Жағасында Торғайдың,

Жанталасқан сөзіме

Боларсың куә, жер мен көк, –

деп еді. Осы сөз, осы қажыр дәл бүгінгі бар майданда ер сы-

нын ақтап, батырлық шыңын сағынып қаза тапқан барлық 

Одақ ұлдарының үні емес пе! Бұл дана асыл ұранды қазақтың 

қазіргі батыр ұлдары Амангелдідей батыл, батыр ағасынан 

алып, сақтап қалған еді. Сол Амангелді асылының қадірін 

ұғып толғаған ақын Нұрқан

4

:



Халықтың алтын қазығы ед,

Жалғыз малта азығы ед,

Тұлпардай сұлу тұлғалы ед,

Қатардан басым туған ед,

Атасы жаудан қайтпаған,

Атақты батыр Иман ед, –

деп баян етеді. Амангелді өзі ғана емес, өзі туған тегінен, 

елінің арғы тарихынан ерлік намыстың өшпес бір шақпақ 

отын әкеле жаткан ері. Сондықтан ол өзге пішінде емес, 

халықтың өзіне таныс, ыстық, асыл, етене жақын бейнеде 

суреттеледі.

Ақшолақ иығында, белде қылыш,

Айбалта тақымында алмас құрыш.


30

Сүйеніп ат үстінде ақ найзаға,

Түнеріп жауар бұлттай етті тыныс, –

дейді.


Өзі тірісінде сан қол боп ерген сарбазын бастаса, қазақ 

деген халықтың қалың аңыз-әңгімесінде барлық байтақ 

еңбек елінің тұтас телегей тобын бастаған Амангелді бола-

ды.


Обаған, өн бойымен Әйет, Тобыл,

Атбасар, Көкшетаумен және Сібір,

Қайдауыл, Қарсақпаймен, Алты құдық,

Қосылып келіп жатыр топ-топ шоғыр.

Ұшқыны Ембі, Теке қаласынан,

Екісу, Еділ, Жайық арасынан,

Алатау, Сыр мен Шудан қашқан қосын

Табылды Амангелді панасынан, –

дейді. Бұл айтқанның бәрі – іс болмаса да, нөсердей мол ниет 

еді. Осы ниет жолында, Амангелді соңында халық барын 

бермек еді, бере отыра жау мен қасынан өз есесін алмақ еді. 

Халық ақындары Амангелді жайынан ұлы дастан туғызбаса 

да, бұл күнге дейінгі істерінде аса зор бір еңбек етіп келді. 

Онысы Амангелді қасиетін ел жүрегінің тануынша таныт-

уында. Соны үлкенді-кішілі, әңгімелі-әңгімесіз көп жырлар-

да көп тілмен талқылауда. Амангелді аты ақындар жырының 

жалауында болды. Бұл Амангелдінің асыл қасиетінен еді 

және ақындардың барлық берілген шын ықыласынан еді. 

Осы халдер батырдың шын жайынан шындық бейнесін дәл 

айтуға көп көмек етті. Шындық толқын халықтан шығып, 

батырдың шын бейнесін кең толғауына үлкен күрделі себеп 

болды.


31

ҚАЗАҚ  БӨЛІМІ

Неше дәуір өсу бар. Ұлы Отан соғысының ауыр жыл-

дарында, сын жылдарында жеткен жеңіс пен табысқа біз, 

әсіресе сүйсініп, әсіресе қуанамыз. Неше алуан өсу бар. 

Ел – Отанның көп саласы өсу, даму жолын ғылымның, 

ғылым-тәрбиенің өркендеуі арқылы нық дәлелдей алсақ, ол 

өзге жалпы өсудің ішіндегі ерекше, үздік шығып тұрған бір 

шоқы. Ғылымы өскен ел – мәдениет тарихында шын өскен 

ел. Ғылым тәрбиесі өркендеген ел – өсер ұрпағын, халық 

қоғамын шын көгерткен ел.

Қазақстан өзіндегі ғылым-білім табыстарын бұрын да 

шын мақтаныш етіп айта алушы еді. Ал Отан соғысы кезінде 

сол табыс, сол өсуіне әсіресе кесек-кесек істер қосты. 

Соның бірін Қазақстанның Мемлекеттік университетінің 

соңғы жылдарда берген жаңалықтарынан тануға болады.  

41-жылы қазақ оқушысының саны аз еді – 26 еді. Биыл 

негізгі бөлімдерінде 180 кісі оқиды. Негізгі бөлімдерге 

оқушылар әзірлейтін даярлық бөлімдерде 140 кісі оқиды.

Университеттің екі факультетінде айрықша қазақ бөлім-

дері бар. Біреуі – тарих-филология факультеті, екіншісі – 

журналистер факультеті. Тарих-филологияға арналған қазақ 

бөлімінде биыл 67 студент бар. Бұлардан 16 студент үшінші 

курста оқиды. Бұл бөлім 1942/43 оқу жылында ашылып, 

18 кісі түсіп еді. Былтыр 28, биыл 30 кісі алынды. Мұндағы 

қазақ бөлімінің ірі қасиеті, зор ерекшелігі – қазір негізгі 

ғылымдардың көпшілігі қазақ тілінде оқылады

Тіл ғылымы, әдебиет, тарих, политэкономия, жалпы тіл-

тану ғылымының бәрін де университет қазақ оқушысына 

ана тілінде ұғындырып, жеткізе алатын болды. Ерекше 

қуантарлық істің бірі осы. Тегінде, оқушы қазақ жастары 



32

жоғарғы мектепте оқуға болады. Қазақстанда сан жоғарғы 

мектептер ашуға да болады. Олардың бірқатары бар да. Бірақ 

республикада ғылым өсті деу үшін – сол республикадағы 

негізгі халықтың тіліне жоғарғы ғылымының сара жолы 

ашылды демектің орны мүлде басқа.

Міне, университеттегі қазақ бөлімінің осы жолда оқшау 

тұрған бағалы қасиеті бар. Онысы университеттің өзі үшін 

де, жалпы Қазақстандағы ғылым-тәрбиенің көркейіп, 

даму үшін де тарихтық табыс, бұрын шықпаған биік бел. 

Қазақ бөлімі өзінің осы табысына жеткенде университетке 

оқытушылыққа шақырылған қазақ білімпаздарының еңбегі 

арқылы жетіп отыр. Олар – филология ғылымының докторы 

Сімет Кеңесбаев, филология ғылымының кандидаттары 

 

Бегалиев, Жұмалиев, Шалабаев, Сарыбаев, Балақаев, 



жоғарғы мектеп оқытушылары Маметова, Кенжебаев 

сияқты адамдар.

Осы айтылған профессор, доценттердің қазақ тілінде 

жүргізетін дәрістерінен аз уақыттың ішінде жоғарғы мек-

тептерге арналған күнделікті оқу құралдары қалыпталып 

шықпақшы.

Университеттің қазақ бөлімі қазіргі уақытта өз оқу-

шылары үшін де және Қазақстандағы басқа көптеген қазақ 

жоғарғы мектептері үшін де жаңағы адамдардың лекцияла-

рынан оқу құралын тізіп шығаруға қам жасап жатыр.

Осы ниетте қазақ бөлімінің тағы бірнеше көрнекті 

мақсат, жоспары бар. Қазақ бөлімі өзінің ісін үздіксіз өнімді 

істеу үшін қазақтың тіл әдебиетін зерттейтін кабинет ашты. 

Бұл кабинеттің басты міндеті – жаңағы оқу құралдарын 

жарыққа шығару, ол үшін университет басшылығы арнаулы 

баспахана жасап беріп отыр. Қазақ әдебиетінің осы кабинеті 

аз уақыт ішінде қазақ әдебиеті тарихының бірталай көрнекті 

істерін ғылымдық өнімді, ретті жолға қоюға көмекші бола-

ды деген сенімі зор.

Кабинет аз жылдар ішінде қазақ бөлімінің жанынан 

қазақ әдебиетінің кітапханасын мол қып құрамақ. Қазақ 

әдебиеті қайраткерлерінің өмірі мен еңбегінен нақтылы 

деректер, заттар, қолжазбалар жиып, болашақ әдебиет 

музейінің ісін бастамақ. Мұның бәрі құр оқу, оқыту 



33

жұмыстары емес, ғылымдық кең арналы, ұзақ өрісті үлкен 

іс. Оның әр адымы қазақ тіліндегі ғылым адымы болмақ. 

Сондықтан қазірде қазақ бөлімі жанынан айрықша ғылым-

мәдениет үйірмесі ашылып отыр. Онда оқушы жастардың 

өздерімен қатар, жаңағы оқытушы-білімпаздардың бәрі де 

қатысады. Үйірмеде ғылымдық зерттеулермен қатар, оқушы 

жастардың өздері жазған көркем шығармалар да талқыға, 

сынға түсіп тұрады. Қазақ бөлімінде оқып жүргендер ара-

сында жазушылық, ақындық тәжірибелерімен көзге көрініп 

келе жатқан Нұтфолла Шәкенов, Құрман Тұрғанбаев, Есен-

би Омаров, Сүлеймен Досалиев сияқты жастар бар.

Қазақ тілі, әдебиеті, тарихы, көркемөнері қазақ 

білімпаздарынан шыққан көп зерттеушілерін күтеді. Та-

рихын, жүйесін тексерген ғылым тусын, өркендесін! Түрі 

ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетіміздің алдағы ұлы 

өрісіне, кең келешегіне қарай өнімді, нәрлі жолмен бастай-

тын ғылым өссін дейміз.

Осы жағынан қарағанда, Қазақ университеті тек 

оқытушыларды ғана әзірлеп шығаратын жоғарғы мектеп 

емес. Ол – ғылым қайраткерін әзірлейтін, қазақ халқының 

ұл-қызынан советтік жас ғалымдар әзірлеп өсіретін мек-

теп. Мұнысы өзге жоғарғы мектептерден гөрі ерекше тұрған 

міндеті – университет деген атынан туатын қасиетті міндеті 

еді. Қазір біздің университет Отан соғысы жылдарының 

өзінде жеткен табыстарымен, жаңалықтарымен сол ардақты 

міндетін атқара бастауға анық бет қойды.


34

ЕР СЕРІГІ – СЕРГЕК ОЙ

Жауынгер полковник Бауыржан Момышұлының  

басынан кешкен бір хал баяны

Бұл кім әңгімесі? Бір басы жүз соғыста болып шыққан 

ер қазақтың әңгімесі. Жеке басы жалаң құрал ұстаған жай 

жауынгер емес. Лек бастаған, қол бастаған жаңа батыр, 

басшы батыр әңгімесі. Бастағаны жай әскер емес, гвардия 

әскері. Өзіміздің Қазақстан астанасы Алматыда құрылған  

316-дивизияның Москваны қаһармандықпен қорғап, әлем-

ге аты шыққан 8-дивизия болған кезі. Гвардия – қолдың 

қолы, ердің ері деген сөз. Сол гвардия дивизиясының 

басшылығының бірі Бауыржан айтады бұл әңгімені. Қатал 

сын, қатты қыспақ жорығын айтады.

Мұның өзі зор дастан, кең хикая болмақ керек. Соған 

талай ақын-жазушы тағы талай оралып соқсын деп, кең 

көсілтіп шертсін деп, біз бұл жерде әзірше тек болған халдің 

өзін ғана айтпақтпыз. Әшекейі, айшығы жоқ анық шындық 

кескіні осы.

Бойы жинақы, сөзінің артығы жоқ, қайта таразыға 

тартқандай етіп, дәл-дәл басып, келте, сараң сөйлейтін 

 

Бауыржан бұл шабуылдың түйінін ғана айтты. Ол айтқаны 



мынау еді.

...Түн тынық. Тымырсық аяз бетті қарып жалап тұр. 

Тоғай іші жым-жырт. Елере тынып, тың тыңдап тұрғандай. 

Әр сықыр, әр тықырды іле тұра қап, алысқа қарай ала 

жөнеліп тұр. Күнұзын қатты аязда, жолсыз, елсізде қарды 

белуардан кешіп келген қолдың қалың тоғайға түгел кіргені 

сол. Жылынса болар еді. Бірақ от жағуға болмайды. Ол түгіл, 

темекі тартуға да жол жоқ. Жау жақын, секем алып қалады. 



35

Күні бойы нәр татпай келген әскер тоңазыған азықты мұздақ 

күйде қарбыта асап, аужал қып жатыр. Қол басы Бауыржан 

өзіне серік офицерлерімен ауыр ойдың үстінде. Төнгендері 

бір түйін. Күндізден бері қадалып ойлап келгені сол еді. Енді 

мына тоғай ішіне кіріп, жерді болжап, жайды аңғарғалы екі 

иықтан зіл басқандай. Байлау қиындап, ауырлап барады. 

Тебіренткен немене?

Бір жол бар алыс – алыс та болса жақын... Бір жол бар 

жақын – жақын да болса алыс. Соңғысы мынау тоғай ішінде 

қарауытып тұрған қыстақ Трашково.

Дивизия бастығы генерал Чистяков Бауыржанға берген 

бұйрық-тапсырмасында: “Сол Трашковоны өз полкіңмен 

барып, басып аласың. Егер осыны орындап, анық алсаң, 

сені мен орыс халқының атақты қолбасшысы Суворовтай 

болдың деймін”, – деген.

Сондағы Трашково осы мәні-жөні бөлек қыстақ. 

Бұнда немістің қалың қолы жатыр. Иіріліп алып, шаққалы 

тұрған жыландай сұмдық ойлап жатыр бұл айдаһар. Осы 

қыстақтағы неміс армиясына қарсы шабуыл жасауға да-

йындалып жатқан біздің армиямыз алқапты жарып өтіп, 

сол жақтағы жаудың бүткіл бір армиясын қоршауға алмақ. 

Бірақ біздің корпус ішке кірген уақытта жаулар Трашково 

қаласын босаға сияқты қып берік ұстап отырып, кейін ішке 

кіріп алған корпустың сыртын айналып алмақ. Дәл Траш-

ково тұсынан біздің мол қолдың қылтасын қырықпақ.

Трашково сүйтіп бүйірден соққалы тұрған пәле боп тұр. 

Шошқаның тұмсығындай боп сүйірленіп, сұғынып тұрған 

күш осы арада.

Ал осы бүйірдегі жауды алдымен жайрату бар корпус 

ішінде 8-дивизияға тапсырылды. 8-дивизияның Мәскеуді 

қорғағаннан соңғы ең ауыр сынға түскен кезі осы еді. Соны-

мен, дивизия жауға сілтеген найза болды. Дивизия ішінен 

ең алдымен шабуыл бастайтын полк – Бауыржан полкі – 

жаңағы найзаның болат жебесі болмақ керек...

Міндет қандай екені мәлім еді.

Полк сол мұратқа беттеп кеп, енді міне, шабуыл баста-

ғалы мінбелеп иек артпаға жетіп тұр. Не күйде жетіп тұр?

Түгел жете алмаған. Полктің екі батальонының біреуі 

артта қалған, әдейі қалдырылған. Зеңбірек бөлімі бір тірегі 



36

еді. Қалың қардан малтығып жүре алмай, ол да шөгіп жолда 

қалды. Бауыржанның қазіргі қолы бір жарым ғана батальон, 

жиыны мың солдат. Қолдағы құралдар ішінен зеңбірек бы-

лай тұрсын, пулемет те жоқ. О да ауыр болған.

Мың кісінің екі-ақ түрлі құралы бар – бірі бесатар, бірі – 

қол пулемет. Жауға шабар күш осы.

Ал жау қайда? Қалың жау Трашковода жатыр. Бірақ тек 

Трашково болса бір сәрі екен. Тоғай ішінде қазіргі сәтте 

Бауыржанды қинап тұрған жай осы. Жаңа ғана толық та-

нып біліп тұр. Трашково біреу болмады. Қақ қасында, сыр-

тын ала бір топ қыстақ бар екен. Бір ұядай боп жатқан алты 

қыстақ. Соның бәрінде ордалы жыландай боп быжынаған 

жау. Және сол көп қыстақтың тап ортасында анық пәленің 

өзіндей бір қыстақ жатыр, ол – Бородино. Маңындағы бес 

қыстақ және Трашковоны да мықты етіп отырған сол.

Бұлай болса, Трашковоны алғанмен, жыланның басын 

басып жанышпайсың, тек құйрығын басқандай боласың. 

Бұл қыстақты ала қалған күнде де ұстап қалу оңай емес. 

Өзге алты қыстақ күші кеп ақтарылғанда, қалада жатсаң 

да, қорғанамын деп қырғын табасың... және мұратыңды 

ақтамай табасың, ең ауыры сол. Трашковоны алу “жақын да 

болса – алыс” деген сол.

Ал “алыс та болса – жақын” деген қайсы?

Ол Бауыржанның қазір келген байлауы. Алыстан келген 

бұйрық мына жерге кеп жайды түйген шақта сенімді серік 

бола алмай қалды. Енді қолбасы өзі ғана жол таппақ керек. 

Сол жолды қысылып қамшыланған уақытта – ой тапты. 

Қыстығып қарманған ой, қайратты, сергек ой тапты.

Бауыржан “алыс та болса – жақын” жолды алды. Онысы 

не де болса жаңағы бар қыстақты бір-ақ басып алу. Бастығы 

Бородино етіп, алты қыстақты түгел алса ғана мұрат 

орындалмақ. Онда Трашковоны да ұстап қалады.

Қалың шоғыр бір ордасын алып алса, жаудың өзге 

күштері алыста. Олардың келер жолы біреу, екеу-ақ. Мы-

наларды бүктеп басып алған соң, ол жолдарға аттай мініп 

бекініп отырып алады. Тар жолдың үстінде шабуыл жасай-

тын жаумен тайталасып көреді. Қол қырылса, қан төгілсе, 

қолбасы өзі өлсе де, алысқанда осы үшін алысса жарайды. 


37

Талапқа татиды десең осыны айт. Әйтеуір өлім болса, не де 

болса, аларыңды алып, жастығыңды құша жығыл.

Толғана тұра осыған байлай сала, Бауыржан ендігі бар 

әмірді бөгелместен берді. Мың солдатын алтыға бөліп, алты 

қыстаққа жіберетінін айтты. Екінші бұйрық – тұтқынға 

түспеу және тірі тұтқын алмау. Ол аз кісінің күшін алаң етеді. 

Үшінші бұйрық – шабуылды алты қыстаққа бірден бастау. 

Бастайтын сағатты Бауыржан дәл түнгі төртке байлады. 

Немісті ұйқыда баспақ болған соң, ұйқының ең тәтті кезі 

керек. Оқыстан, шошыта тиетін аламан соғысына жаудың 

ауыр ұйқыда жатқан мезеті қажет.

Алтыға бөлінген күштерінің бәріне бастық етіп сенімді 

серіктерін белгіледі. Олар – Мадияр Мұхамедиярұлы, Сово-

льев, Мәлік Ғабдоллаұлы, Мамонов, Вятков, Гундилович-

тер. Мұрат мәлім, міндет анық. Жә, енді жауға қай әдіспен 

соқтығу керек? Соғыс ғылымы үш әдісті қолданады. Бірі – 

жарып кіру, екіншісі – қоршауға алу, үшіншісі – сыртынан 

ұру. Бауыржан осының үшеуін қабат қолданбақ болды.

Сонымен, жау бекінісінің ең мықтысы Бородиноның 

сыртына шығып ап, шүйдеден соғу үшін Мәлік пен 

Соловьевті шығарды. Екеуінің күші де қол пулеметтің 

лектері. Өзгелер қос бүйірден ұратын болды. Ал Трашковоға 

бір лек жарып кірмек.

Тек бар командирге Бауыржан тапсырған бір тәсіл: 

ұйқыда басқан соң, ұйқысын бұзбай басу. Ол үшін не ке-

рек? Бар қаланың бәрінде де күзет бар. Күзетте пулеметтер 

әсіресе қатерлі. Ол үн қатып кетсе, даңғаза қып бар аты-

рапты сәтте оятады. Сондықтан алты ротаның қыстақтарға 

шабар алдында ең алдымен істейтіні – сол пулемет, күзет 

атаулының бәрін үн шығартпай тұншықтыру.

Қолбасы өз басы, өз ойымен бар байлауды жасады. Бай-

лауы бұйрық боп бекіді. Енді қимылға кіріскенде не бола-

ды... Оны ерлік пен тәуекелдің аумалы-төкпелі тағдырына 

тапсырды.

Бұйрық қолбасының басындағы қиял ғана. Ол іс боп 

жеткенше талай сәт – сәрсенбі бар. Бұйырдың ба, ендеше 

күдікке де, қауіпке де кірдің... өрт құшағына кірдің. Шықсаң 

қайратың мен қимылың ғана алып шығады. Өлмек үшін 


38

баспайсың, өмір үшін жанталастың. Бауыржан үшін қазір 

осы жанталас бұған шейін бастан кешкен бар тайталастың 

аң ауыры еді.

Сағат дәл екі жарым болғанда тоғай іші қозғалысқа 

кірісті. Бауыржан роталарын жөнелтіп жүр. Бастыққа 

көмекші, ақылшы керек болады-ау деген роталарға өз 

штабының офицерлерін де бір-бірден беріп жатыр. Сүйтіп, 

штаб бастығы Мамоновтан басқа, жақын серігі адъютантын 

да бір лекке қосып берді.

Өзге соғыста, күндегі әдетте қолбасы барлық қолын 

сол штаб арқылы тізгінмен басқарып билеуші еді. Мынау 

шабуылдың шарты бөлек. Өзі тауып, өзі байлаған өзгеше 

соғысқа, аламан соғысына ауысқан соң, Бауыржан дағдылы 

мерзімді тастап, қолымен өзі қосылып қабат жүріп көретіп 

болды. Сөйтіп, бар ротаны жөнелтіп жібергенде, бір сәтке 

тоғай ішінде бір өзі мен атқосшысы ғана қалған еді.

Үнсіз тоғайда, тыңшыдай тынған үнсіз түн ішінде 

аттардың пысқырғаны да атойдай. Әсіресе, тоғай қандай? 

Айнала қарағай мен қалың шырыш. Бәрінің бойын ауыр 

қыстың ақ тонындай қалың күпсек қар басқан. Жерде де 

белуардан келген омбы қар. Қазір де әр ағаш кәрі меңіреу 

алыптай. Ертегінің тылсым буған алыбындай үнсіз мелшиіп, 

өңкиіп тұр. Бірақ тек дыбыс қат. Сонда ғана барлығын, 

тірлігін білдіреді. Даурыға білдіреді. Досқа да, дұшпанға да 

бірдей жаршы.

Әттең, соншалық бейбіт, бейтарап дүние. Трашково 

күзеті жақын. Ең соңғы кеткен рота соған барып, қалаға 

ілінгенше дабыр шықпасын.

Бауыржан атшысына “кейін, кейін” деп жүріп, аздан соң 

одан да бөлінді. Енді жапа-жалғыз өзі. Дәл сағат 4 болғанда 

Трашково қаласының шетінде оқшау тұрған сабан-салам 

сарайына жетті. Мысықша басып келеді. Аязды түнде шыны 

қардың өзі де майсыз арбадай шақыр-шұқыр етіп кеп еді. 

Енді міне, межелі төрт – сағат төрт! Тыңдау, тану... тану, бол-

жау керек! Сарайдың көлеңкесінде тұрып алдымен алысқа 

құлақ салады. Бес қыстақ жаққа салады. Әсіресе, Бородино... 

Мәлік кеткен үлкен кесел Бородиноға салады. Трашковоға 

өзі бірге кіріп кетпегені де сол болатын. Жырақтың жайын 


39

болжай кірмек. Олардың да іс бастағанын, қалай бастағанын 

біліп кірмек.

Қолбасының жапа-жалғыз басы бұлай тұруы қатер. Бірақ 

өз басының байлауы бағана болған. Көрсе, күзет көреді... Ол 

бір жерде көп болса үшеу-төртеу болар. Аңдап келген өзі. 

Оған алғызам деген ойда емес.

Ал сағат төрт. Бір минуттей қиып өтіп бара ма?.. Белгі 

қане?.. Алыста болса сарын қані?..

Сүйткенше болмады... Жырақтағы бір пулемет быт-

қылдай беріп, қақала қалды. Дәл Бородино тұсы. Екінші 

жерден тағы бір пулемет атойлай беріп, тағы сәтте үні өше 

қалды. Бауыржан танып тұр. Сәт сағаты ма, әйтеуір сын 

сағаты соққандай! Шүйкеден ұрып, шоңқитып жатқан 

Мәлік пен Соловьев. Атаңа рақмет, – деп қолбасы жүрегі 

құптай соқты. Өзі белгілеген тәсіл. Алыстан барып “іске бас-

тым” деп белгі етті. Әлі де жым-жырт. Әлі түн тынып тұр.

Енді құлақты Трашковоға салып еді. Жаңа ғана бұдан 

да тіл келді. Тілдей танық үн келді. “Күмп! Күмп! Күмп! 

Күмп!..” Мың оттың ішінен Бауыржан құлағына жазбай та-

нылатын өздерінің бесатарының ғана үндері. Бірақ аязды 

түнде далада атылғандай “шаңқ-шаңқ” шықпайды. Ондағы 

даусы долы болатын. Қазір булығып жөтелген тәрізді, 

қыстыға шығады. Мәлім. Үй ішінде атылып жатқан үндер. 

“Е-е, немісті жатқан жерінде, үй ішінде ыңқылдатып жатыр 

екенсіңдер... ұқтым”, – деді Бауыржан.

Шабуылдан алған екінші мәлімдеме осы еді. Қазір де 

қолбасының штабы да, рота басынан алатын мәлімдемесі 

де бір өзінің құлағы болған. Сол, бірақ, жаңылдырмаған да, 

жаза бастырған да жоқ, жазбай тынытып тұр.

Енді жіті басып кеп, қыстаққа кірді... Кіре бере жүгіріп 

бара жатқан біреуді көрді. Бесатарын көлденеңнен ұстаған 

біреу. Бір үйден шығып, көшеден өтіп, екінші үйге кіре 

берді. Бауыржан сонда аңғарды... Қазақстаннан жаңа кеп 

қосылған солдаттардың бәрінің басында құлақшын болушы 

еді. Құлақтарын ербите киетін.

Сол құлақшын танытты. Бауыржанның көзіне үріккен 

тананың құлағындай көрінді. 

“Бұлар қайтер екен”, – деп, Бауыржан да әлгінің ар-

тынан жіті басып, іле келді. Келе бергенде, есікті жаңағы 



40

солдаттың ашқаны да сол еді, мылтық тарс етті. Бауыржан 

да жетіп кеп есіктен қарады. Үйде жарық жанып тұр екен. 

Жаңағы солдат қазақтың бір қап-қара домалақ баласы. 

Мылтығының бос гильзасын ытқытып тастап, жайымен 

қайта оқтап ап, қолбасыға бір қарады да, тағы ұра жөнелді. 

Үй ішіндегі жайды Бауыржан енді көрді. Столда жасаулы ас, 

арақ... жанында аппақ жылтыр төсек... сол төсектің жанын-

да, жерде бір өгіздей неміс тырайып жатыр. Жаңағы үнсіз 

баланың ісі. Тақау тұрған орындықта киімі ілулі... Немістің 

офицері, үлкен офицері екен... Ал төсек үстінде қалың сары 

шашы жалаңаш ақ етіне төгіліп, жайылып түскен бір әйел 

отыр...Қабырғаға сүйеніп сіресіп қапты. Өзінде үн жоқ. 

Бауыржанға қадалған екі көзі шарасынан шығып шатынап 

барады... ажал алдында алжасып тұрған анық қорқыныш 

пішіні... “Япыр-ай, қорқыныш көзі шарадай деген осы 

екен-ау”, – деп, Бауыржан бір сәт ойланып қалды... Қатын 

ату ерлік пе? Ол өлтіреді деп отырса да, өлтіріп не қылсын... 

Жиренішті, ызасы, намысы – бәрі аралас бір қозғалыспен 

төсекке тақап кеп, әйелге алақанымен белгі беріп: “жата 

бер” дегендей етіп еді. Қолы тиместен-ақ әйел сылқ етіп 

құлап кетті. Бауыржан әлі де жиренген көңілімен әйелдің 

басына көрпесін жаба салды да, үйден шығып кетті.

Бұл кезде Трашковоға мейлінше кіріп, кернеп алған 

лек немістің сыбағасын сылқита беріп жатыр еді. Шо-

шып оянған неміс шоршып түсіп, төсек астына да, пешке 

де тығылып баққан. Подвалға да ырғыған. Бірақ қазақтың 

қара домалақ ерлері бар жерден суырып ап серейтіп жатыр. 

“Әкеңнің көрі... неміс” деп басып-басып салады. Бауыржан 

бірнеше үйде осыны көріп шықты.

Трашково алынды. Көпке шейін көрші қыстақтардан да 

күмп-күмп үн кеп жатты. Сол мезетте таң да атты...

Бородиноның жанында бір биік бар еді. Қолбасы ендігі 

жайды көзбен болжамақ боп, соған кеп шықты... Бар қаланы 

дүрбімен түгел көріп шықты. Бәрінің көшесінде де түндегі 

таныс құлақшындар ербеңдеп жүр. Қазір көзге сондай 

ыстық, сондай қадірлі құлақшындар, айналса болғандай. 

Бауыржан: “Иә сәт. Оңдаған екенсің”, – деді.

Сол шақта бар қыстақтан лек-лектің бастықтары жетіп, 

қолбасыға кеп мәлім етіп жатты... Мадияр келді “алдық” 



41

деп, “Біз де алдық”, “Біз де алдық” деп, Трофимов, Гунди-

лович, Мамоновтар кеп жатты.

Түндегі арманды қиял өмірмен қоштасар алдындағы ең 

соңғы сағым қиял іс болды... Қандай іс болды? Неше алуан 

қуаныш бар ғой өмірде...

Неше алуан қуаныш бар ғой өмірде... Бәрінен мынау 

жалынды екен деп білді Бауыржан. Өзі бұрын аязды жақсы 

көрмеуші еді. Қазір қатты толқынған кеудесін керіп тұрып, 

аязды суық ауаны соншалық ұзақ бір жұтты... Жұтты да, 

“Аяз не деген тәтті еді” деп ойлады...

Екіталай тайғақтан тепсініп шығып, талайы асқан шақта, 

бұл сәтте дүниенің тәтті емесі жоқ еді.

Офицерлер ішінде Трофимов түндегі Бауыржан бұйры-

ғына, алысты таңдағанына іштен наразы еді. Енді қуанып 

кеп, қолбасыны құттықтап тұрып: “Бұл үлкен іс, сіздің 

өзіңіздің ғана ісіңіз. Өзіңіз ойлап, байлап, өзіңіз орындаған, 

анық ер басшылық ісіңіз”, – деді.

Бауыржан Мадиярға қарап, күліп қана тұрып, байсалмен 

бас изеп, оқыстан бір өлең-нақыл айтып кетті:

Мен істедім дегенше,

Мың істеді десеңші.

Мың істеді дегенше,

Ер істеді десеңші.

Ер істеді дегенше,

Ел істеді десеңші.

Мен мыңдікі болмасам,

Ер елдікі болмаса,

Кім істеді дер едің?

Бұл күнгі соғыс неге сарықты?.. Алты қала алынды... 

Сегіз жүз неміс қырылды... Қол шығыны 57 кісі екен... 

Аспап, бұйым, қару-құрал олжасы аса мол. Осыны айтып, 

бір Трашково емес, ордалы жауды оңдап бастық деп, Бауыр-

жан мәлімдеме жөнелтті.

Бір Трашковоны алсаң, пәлен дермін деген генерал 

бастық енді не дер? Бірақ “не дерді” өз досынан, өз бас-

шысынан күту бір сәрі... Анық “не дерді” жаудан күту ке-

рек... Мынадай жойқын көрген жау, әлі күшті, кекті жау тек 



42

тұрып қалмайды... Енді қарман, қарман да қамдан... Оның 

шабуылына қарсы қамдан.

Бауыржан аз кісі серіктерімен тыным алмай жортып 

жүріп, бар қаланы көріп шықты. Қалаларға жан-жақтан 

келетін жолдар, жолдар қандай соны білмек еді. Аз уақытта 

білді бәрін. Білді де, анық үлкен қауіптің әлі де алда 

тұрғанын таныды. Қауіп емей немене? Бұрын бұл қалаларға 

екі жол келеді деп болжасып еді. Алты қыстаққа алты жол 

келеді екен. Және қандай жолдар? Шетінен танк жүріп 

келетін кең, даңғыл жолдар. Алты жақтан танктер қаптаса, 

қайтпек керек? Зеңбірек те жоқ... Алты жолмен қол төгілсе 

оңай ма? Және анықтап білгені, жаудың қолы жатқан қалың 

қыстақтар тағы жақын екен.

Ал дивизияның кейінгі мол күші алыста және жүрер 

жолы жоқ. Жеңістің алғашқы қуанышымен ілесе төнген 

қауіп осындай еді. Анық қатер алда тұр екен. Қазір-ақ неміс 

орай шабуыл жасайды... Артқы күшің жетпестен бұрын жа-

сайды... Тапқанының барлығын қайта талқан ете ме? Тар-

тып ала ма?

– Сал, сал бар сергек ойды осыған, – деп, Бауыржан 

іштен тағы ширығып алды. Қайтадан қатқыл қабақ түйіп, 

қазір істер іске тағы қанат қомдап еді ол...

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет