Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті



Pdf көрінісі
бет25/27
Дата27.12.2016
өлшемі1,71 Mb.
#593
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

“Аз сөз”

М. Әуезовтің жас ақын Қуандық Шаңғытбаевтың 1943 

жылы шыққан тұңғыш өлеңдер жинағы “Ар” кітабына жазған 

алғы сөзі. Шаңғытбаевтың шағын кітабы қазақ поэзиясы-

на жаңа леп әкеліп, жас ақын өзінің болашағынан үлкен үміт 

күтуге болатын шығармашылық тұлға екенін көрсетеді.

Болашақ ірі лирик ақынның шығармашылық дарынын 

дөп басып таныған М. Әуезов шағын алғы сөз мақаласында аз 

сөзбен жас ақынның өзіндік ерекшеліктерін өте дәл көрсеткен. 

Қырқыншы жылдардағы солақай идеологиялық сынның өршіп 

тұрған кезінде “Мен қазақпын” деп жырлаған, сезім суреттерін 

шарықтата өлең қылған ақын кітабына жоғары баға беру ол кез 

үшін нағыз адами, азаматтық ерлік болатын. Шаңғытбаевтың 

кейінгі шығармашылық табыстары Әуезовтің алғы сөзінде 

айтылған үдеден шықты.

“Ар” кітабы да, Әуезовтің алғы сөзі де көп ұзамай-ақ солақай 

идеологиялық сынның тоқпағының астында қалды. 1946 

жылы “Социалистік Қазақстан” газетінде “Бір жас ақынның 

шығармаларындағы жат пікірлер” атты мақала шықты. 

Мақалада “Ар” жинағының шығып кеткені үшін С. Мұқанов 

пен Ғ. Мұстафинге кінә қоя келе: “...Осыған сәйкес Мұхтар 

Әуезов жолдас секілді әдебиеттегі инабатты алдымыздың 

Шаңғытбаевтың осындай шүбәлі шығармаларына редактор 

болып, оның жарыққа шығуына мүмкіндік бергені де келіссіз-

ақ іс болған”, – деп сынады. Ол жылдары республиканың бас 

газетінде мұндай сын айтылу тіпті өмірге де қауіпті болатын. 

Осы тәріздес байбалам бұдан кейін де тоқтамай, 1955 жылы 

Семей облыстық “Екпінді” газетінің 189 санында “...Сайып 

келгенде, Қ. Шаңғытбаевтың шығармалары – советтік көркем 

әдебиеттің талабына сай келмейтін ұлтшылдық шеңберде 

шырмалған кертартпа, идеясыз зиянды шығармалар. Оның 

мұндай шығармалары Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан 

...большевиктік қырағылықтың, сынның болмауы себепті ... 

шықты”, – деп жазылса, осы жылы “Лениншіл жас” газетінде 



“Ар” деген арсыз жинақтың авторы біздің жеңістеріміздің 

ұйымдастырушысы И.В. Сталин туралы бір сөз айтпайды. 

Осындай арсыз жинақты мақтап, алғы сөз жазған Әуезовке не 

дерсің”, – деп жазды. Осындай сарындағы мақала “Литератур-

ная газетада” да (1951 ж. 6 қыркүйек) шықты. Жас ақынның 

шағын жинағы мен М. Әуезовтің жарты беттік алғы сөзіне бай-

ланысты осыншалық суық ызғарлы сындардың қаптауы сол 

кездің идеологиялық сипатынан хабар береді.

“Аз сөз” мақаласы кейін Қ. Шаңғытбаевтың 1976 жылы 

“Жазушы” баспасынан шыққан таңдамалы лирикалары 

жинағына “Ар” кітабынан” деген атаумен берілді. М. Әуезовтің 

елу томдық толық шығармалар жинағының бұл томына аталған 

жинақтағы нұсқа бойынша беріліп отыр.

Р. Әбдіғұлов 


409

“Орыс классиктері және Абай”

Мақала “Абай жолы” романы әлі жазылып жатқан 

тұста, 1944 жылы КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы 

Хабарларының Тіл және әдебиет сериясында, бірінші кітаптың 

3–15-беттерінде жарияланған. Осы нұсқа М.О. Әуезов шы-

ғармалары жиырма томдық жинағының 18-томына (1985 ж.) 

енді, қазір де сол күйі ұсынылып отыр. Кітап мазмұнында 

мақала “Орыс классиктері және Абай” боп аталып кеткен. 

Әрине, мағынада көп алшақтық жоқ.

М. Әуезов ұлы Абайдың өзгешелік бітімін таныту үшін 

көркемдік-танымдық ізденістерін әр қиырдан қарастырады. 

Орыс тілі мен мәдениетінің өз өркениеті ғана емес, жалпы батыс 

құндылығын жеткізудегі аралық мәніне айрықша тоқталу бар. 

Басқа дүниенің қымбат қазыналарына ден қойған қазақ зиялы-

ларынан М. Әуезов Абай мен Ы. Алтынсаринді бөлек атайды. 

Ол әдебиетті жақсы өмір аңсау мен әлеуметтік қасіреттерден 

қорғанудың жолы ретінде түсіндіреді.

Ғұлама ғалым Абайдың Европадағы ұлы тұлғалар: Гете, 

Шекспир, Шиллер, Гейне, Байрон, Бальзак, Беранже ғана 

емес, әрі ойшыл, оқымыстылар еңбегімен, Дарвин, Буд-

да ілімдерімен таныстығынан хабар береді. Абай ертегі қып 

таратқан роман, әңгімелер, зәңгілер туралы, Шығыс өмірі 

жайлы інжу-маржандар ақын кітапханасының бай мазмұнын 

аңғартпақ.

М. Әуезов орыс қаламгерлерінен өзіне ерекше әсері 

болған А. Пушкин және М. Лермонтов шығармашылығымен 

Абай туындыларының байланысына ерекше мол тоқталады. 

Абайдың “Евгений Онегин” аудармасына келгенде Пуш-

кин ізінен бұрылып, қазақ менталитетінің қабылдауына 

лайық шешім шығаруын құптау айқын. Абай ұлттық ұғымды 

адамзаттық игіліктермен қатар биікке көтереді. Сегіз буындық 

өлшем мен шалыс ұйқас арқылы орыс поэзиясының пішіндік 

өлшемін еске түсіріп отырады. Онегин де, Татьяна да басқа 

кісілік кейіпке көшеді.



Ал М. Лермонтовты аударған қазақ шайырының түпнұс-

қадан көп ауытқымауға тырысқанын, М. Әуезов терең 

драматизмге толы ауыр жан тақсіретін теңдес тұрғыда су-

реттеуге ұмтылғанын баса айтады. Мақалада И. Крылов, 

Салтыков-Щедриннің Абай сатирасын ұштай түсуге әсер 

еткені, тың өнегемен өмірді өткір ұғынып, бағалауға үлес 

қосқаны да жиі-жиі сөз болып отырады.

1. 10-б. “Қиыр Шығыс тарихынан Будданың жайын да біле-



ді” – Жиырма томдықта “Буда” боп қате жазылған.

2. 11-б. “Кейін “Үш мушкетер”, “Он жылдан соң”, “Ко-



роль қатын Марго” деген романдар...” – Француз жазушысы  

А. Дюманың шағырмалары аталады.



Б. Майтанов

411

“Жыр жалауы – Амангелді”

Бұл очерк халық батыры Амангелді Имановтың қайтыс 

болғанына 25 жыл толуы қарсаңында әрі Ұлы Отан соғысының 

жауынгерлеріне рух беру мақсатында жазылған.

Шығарма алғаш рет 1944 жылы 18 маусымдағы “Темір-

жолшы” газетінде жарияланды. Осы нұсқасы жазушының 

жиыр ма томдық шығармалар жинағында (Алматы: Жазушы, 

1981. 18-т. 99–103-бб.) жарық көрді.

Бұл томға газеттегі материал мәтіні салыстырыла отырып, 

ішінара орфографиялық түзетулермен толық жіберіліп отыр.

Батырдың сарбазы О. Шипин мен Ж. Жабаев батырға арнап 

өлең, поэма, Ғ. Мүсірепов “Амангелді” пьесасын, осы аттас 

көркем фильм шығарды. Суретшілер Ә. Қастеев “Амангелді” 

мен “Амангелді шабуылы”, “Торғай жорығы”, Қ. Телжанов 

“Амангелді”, “Амангелді қызыл атты әскері” атты шығармалар 

берді.


1. 26-б. Амангелді – Амангелді Үдербайұлы Иманов 

(3.4.1973–18.5.1919) – ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының 

бірі, халық батыры. Торғай уезі Қайдауыл болысының 3-ау-

лында кедей шаруа отбасында туған.

2. 26-б. Бекет – Бекет Сергебайұлы, Кіші жүз қазақтары 

көтерілісінің басшысы.

3. 27-б. Күдері – Күдері Жолдыбайұлы (1861–1931), Торғай 

облысы Жангелдин ауданының халық ақыны. “Амангелдінің 

Торғайды алғаны” атты толғауы бар.

4. 29-б. Нұрқан – Нұрқан Ахметбеков (1903–1963), халық 

ақыны. Торғай облысы, Жангелдин ауданы Жаркешу деген жер-

де туған. “Амангелді”, “Үрпек соғысы” атты шығармаларында 

А. Иманов басқарған 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын 

жырлайды.



С. Майлыбай

412

“Қазақ бөлімі”

Мақала “Социалистік Қазақстан” газетінің 1944 жылғы  

26 қарашадағы санында жарияланып, осы нұсқа бойынша 

 

М.О. Әуезовтің жиырма томдық шығармалар жинағы 



8-томының (Алматы: Жазушы, 1986) 103–105-беттерінде 

басылған.

Ұлы Отан соғысы жылдарының қиын кездерінде де пар-

тия мен үкімет әртүрлі ұлттардың оқу-ағарту ісін дамытып, 

мәдениетін өркендетуге көңіл бөлді. Соның белгісі ретінде 

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде 

қазақ тілінде оқытатын тарих-филология, журналисти-

ка факультетінің ашылуы сол кез үшін елеулі оқиға еді. 

Елдегі ғылым, білім, мәдениет өсуінің кепілі болатын баста-

уыш, орта мектептерден кейінгі жоғарғы оқу орындарын-

да әр салаға керекті мамандар тәрбиелеп, оқытып шығару ісі 

қалай жүргізіліп отырғаны осы мақалада кеңірек сөз етіледі. 

Жастарға білім беру сияқты мемлекеттік маңызы бар саланың 

сол кездегі жайы-күйі мен келешекте қажет боп отырған 

кейбір мұқтаждары да мақалада жан-жақты айтылады. Ав-

тор университеттегі қазақ бөлімі ашылуымен бірге, ондағы 

оқитын адам санының көбеюін айта келіп, білім беру, жастар-

ды мамандыққа баулып, ғылымға тәрбиелеу ісінің қазақ тілінде 

жүргізіле бастауына назар аударады.

“Тіл ғылымы, әдебиет, тарих, политэкономия, жалпы тіл- 

тану ғылымының бәрінде университет қазақ оқушысына ана 

тілінде ұғындырып, жеткізе алатын болды”, – деп жазады 

қаламгер.

Сондай-ақ оқу орнының кейбір қажеттері мен оқу-ағарту 

кезінде студенттерге білім беретін оқу құралдарын шығару, 

жаңадан кабинеттер ашу, озық ұстаздар тәжірибесін жинақтап 

тарату, шәкірттерді жай ғана тар саланың маманы емес, 

ғылымға, зерттеу ісіне бейім жан-жақты білімді етіп шығару 

жолындағы міндеттерге де тоқталады. 

Халықтың ертеңгі жас ұрпағын рухани жағынан шыңдап, 



осы салаға еңбегі сіңіп жүрген озық оқытушылардың есімдерін 

атай келе, оқуда, күнбе-күнгі тәжірибеде көзге түсіп, таны-

ла бастаған студент жастарды да мысалға келтіреді. Білім 

алушылардың арасынан мәдениетті, ғылым-білім ісіне мол 

үлес қосу үшін өсіп шығатын жаңа буынға мол сенім білдіреді.

Мақала М. Әуезовтің 50 томдық академиялық шығармалар 

жинағына кітаптағы мәтін бойынша әзірленіп, өзгеріссіз 

жіберілді.



К. Рахымжанов

414

“Ер серігі – сергек ой”

Мұхтар Әуезов халық батыры Бауыржан Момышұлымен 

әрдайым жылы қарым-қатынаста болған. Ұлы Отан соғысы 

жылдары хат-хабар алысып тұрған. “Намыс гвардиясына” 

 

Бауыржан түпбейне қызметін атқаруы әбден мүмкін. 



Деректі очерк Б. Момышұлы 1944 жылы 19–25 қаңтар 

аралығында ғалымдар мен жазушылар, өнер адамдарымен 

өткізген кездесуіндегі дәрістері мен әңгімелерінің бір кезеңі-

не байланысты туған. Бұл оқиға кейін Б. Момышұлының 

“Бір түннің оқиғасында” суреттеледі. Кездесуге Қ. Сәтбаев,  

Ғ. Мүсірепов тәрізді ғалым, жазушылар ғана емес, басшы 

қызметкерлер де қатысқан. М. Әуезов естіген сөздерін дәптерге 

көшіріп отырған.

“Қазақ елі” журналының 1945 жылғы 2-санына бұл 

шығарманың машинкаға басылған нұсқасы жарияланады. 

Толық сақталмаған қолжазба да бар. Осы туындыға байланыс-

ты деректер, материалдар “Әуезов үйінің” қолжазба қорында 

бар (223-бума, 1–11-бб.; 106-бума, 24–25-бб.; 107-бума, 61-б.; 

409-бума, 1–66-бб.).

Очеркте 1942 жылдың 7 ақпанындағы Трашково маңында 

өткен бір түннің ерлік әрекеттері баяндалады. Генерал 

 

И.М. Чистяков, Кеңестер Одағының Батыры болған акаде-



мик Мәлік Ғабдуллин – шығарма кейіпкерлері. Жазушы бас 

қаһарманының ерекше өжеттігі мен батыл шешімдерін, әскери 

тапқырлығын бедерлі тіл, зор әсермен суреттейді. 

Мәтін М. Әуезов шығармаларының жиырма томдық 

жинағындағы (8-том) толықтырылған нұсқа бойынша беріліп 

отыр.


Б. Майтанов

415

“Абай – қазақ халқының ұлы ақыны”

Мақала Абайдың туғанына 100 жыл толу қарсаңында 

жазылған. М. Әуезовтің Б. Кенжебаевпен бірігіп жазған бұл 

мақаласы “Ленин жолы” (1945 ж. 6 маусым), “Социалистік 

Қазақстан” (1945 ж. 16 мамыр), “Алтай большевигі” (1945 ж. 

27–29 мамыр), “Сталин туы” (1945 ж. 5 шілде), “Большевиктік 

жол” (1945 ж. 8 шілде) газеттерінде жарияланған. Мақала 

 

М. Әуезовтің 50 томдық академиялық шығармалар жинағының 



осы томына газеттердегі нұсқаларымен салыстырылып беріліп 

отыр. 


Мақала бес бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі кіріспе тәрізді. 

Абайдың туғанына тамыз айында 100 жыл толатынын айта ке-

ліп, ақынның қазақ халқының еркі, бостандығы, ой-санасы-

ның жетілуі үшін күрескенін, адамгершілікке баулығанын атап 

өткен. Абай тар заманда халықты жаңа жолға – мәдениетке, 

өнер-білімге бастады, жазба әдебиеттің негізін қалады, хал-

қының мұңы мен зарын жырлаған ақын. Абай халқына тек 

өз заманында ғана қызмет етіп қана қойған жоқ, оның асыл 

сөздері бүгінгі күні де қызмет етіп отырғандығы айтылған.

Екінші бөлігінде он тоғызыншы ғасырдағы тарихи-

әлеуметтік жағдайларға қысқаша шолу жасалған. Абай 

заманындағы екі түрлі қоғамдық қарым-қатынастың, яғни 

капиталистік және бектік-феодалдық қалыптың тоғысуы 

әлеуметтік қайшылықтардың айқын көрінуіне себеп болды. 

Абай осы өз уақытының өзгешелігін, қайшылықтарын жақсы 

сезіне білген ақын ретінде көрінген. 

Үшінші бөлігінде Абайдың ауыл молдасынан сауатын 

ашып, кейін Семей қаласында білім алғандығы, оқу-білімге де-

ген бетбұрысы жайында сөз болады. Абайдың өз бетімен оқып, 

білімін жетілдіруде араб, парсы, түркі ақындарының еңбектері, 

осы тілдерде жазылған ертегі, қисса сынды әдеби мұралары 

еді. Жасы отыздан асқан шағында ақын орыс тілінде нәрлі 

кітаптарды оқыды. Семей жеріне жер ауып, айдалып келген 

революцияшыл-халықшыл Михаэлис, Гросс, доктор Долгопо-



416

ловтармен достасады. Орыс достарының Абайға тигізген әсері, 

өзінің алған, жиған білімі оны бұрынғы күнмен үйлестірмей, өз 

ортасынан озып шығуына, ұстаз, ақын, данышпандық деңгейге 

жетудегі жолдары баяндалған. 

Төртінші бөлігінде Абайдың ірі феодал табынан шықса да, 

өлең-жырларында өзі шыққан ортаның сөзін сөйлемей, халық 

сөзін, халық намысын жоқтағаны, атаның ұлы болмай адамның 

ұлы болғандығы көрінеді. Ақынның “Болыс болдым, мінеки”, 

“Мәз болады болысың” деген саяси астары бар өлеңдерінде 

тек би, болыстардың озбырлығын ғана шенеп қоймай, патша 

үкіметінің отаршылдық саясатын сынағанын авторлар сара-

лап көрсетумен қатар, Абайдың халықты Европа мәдениетіне 

үндегенін айтқан.

Бесінші бөлігінде Абайдың ақындық өнерімен бірге 

мәдениет мұраларының ішінде үлкен, елеулі орны бар әншілік 

еңбегіне де талдаулар берілген. Сондай-ақ авторлар ақын 

еңбегін жоғары бағалаумен қатар, оның артынан қалған 

өлмейтұғын сөз маржандарын, яғни әдеби мұраларын кейінгі 

ұрпаққа мирас еткен.  

1. 43-б. “Қазақ халқының ұлы ақыны, ақыл-ойшылы, ұлы 

кемеңгері Құнанбайұлы Абайдың туғанына осы жыл август 

 

айында жүз жыл толады” – 1945 жылы 15 тамыз күні ұлы ақын 

Абайдың туғанына 100 жыл толды (1845–1945 жж.).

2. 47-б. “Араб, парсы, түрік ақындарының ішінде өзінің әбден 

сүйіп, таңдап оқыған ірі ақындары болады” – Ол Шығыстың 

ұлы, ғұлама, классик ақындары – Низами, Науаи, Сағди, Ха-

физ, Физули және араб, парсы, иран, шағатай тілінде жазылған 

ертегі, дастан, қиссалар.

3. 48-б. “...Абайдың үстінен берілген партия басы 

жалақорлардың өтірік арызы, көп шағымы Семейдің кеңселеріне 

түсе береді” – 1876–1978 жылдары Абай Қоңыркөкше еліне бо-

лыс болған. Ол ел басқару ісінде шонжарлар тарапынан қатты 

қарсылыққа ұшырады, үстінен оязға жалған арыз айтушылар 

көбейді. Соның бірі – Үзікбай Бөрібаевтың “Таймақкөл” деген 

жерімді тартып алды деген жалған арызы, сондай-ақ “Абай ба-

рымта алды, ауыл шапты” деген дұшпандарының жалған арыз-

дары болды. 

А. Болсынбаева 


417

“Абай елінде өткізілген мереке”

М. Әуезовтің бұл мақаласы 1945 жылы “Қазақ елі” жур-

налының №3 санының 14–16-беттерінде жарияланған. 

Мақалада қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 

100 жылдық мерейтойы ақынның туған жерінде өткізілген кезеңі 

суреттелген. Абайдың мерейтойын өткізу жұмыстарының, 

дайындық шараларының басы-қасында М. Әуезовтің өзі бо-

лып, шешуші роль атқарған. Той өту барысының негізгі әдеби, 

мәдени шараларының мазмұны көбіне М. Әуезов ұсыныстары 

мен талаптарынан өрбіген. Абай шығармаларының мерейтой-

лық жинағын шығару жұмысының ғылыми негізін М. Әуезов 

жасады. Осы кезде Абайдың өмірі мен шығармашылығына, 

мерейтойға қатысты көптеген салиқалы ғылыми еңбектер, 

мақалалар жазды. Жазушының “Абай елінде өткізілген мереке” 

атты мақаласы – осы қатардағы еңбектердің бірі. Өте көркем, 

жинақы жазылған шағын мақалада Абай елінде тамыз айының 

жиырмаларында өткен той барысы суреттелген. Тойға арна-

лып тігілген үйлердің саны, үй тіккен аудан-колхоздар жайлы 

нақты деректер, тойға келген сырт қонақтар жайлы мәліметтер 

бар. Той өткізудің барысы ретті түрде баяндалып, кейбір тұста 

құжаттық түрдегі дәл деректер беріледі. Қарауылда өткен 

тойдың барысын, тарихын, сценарийін қалпына келтірем деуші 

зерттеушілерге мақала материалдары дайын тұрған нақты де-

ректер көзі. Қазіргі заманда өз функцияларын атқарудан қалған 

жаршы-ақын қызметі де мақалада жақсы берілген. Қазақ 

тойындағы ойындар, олардың тәртібі, аламан бәйге, ұлттық 

ойындар өткізуге қатысты мол этнографиялық мәліметтер бар. 

Қажымұқан, Орымбай ақын туралы да қызықты айтылған.

Мақала жазушының 20 томдық шығармалар жинағының 

18-томындағы нұсқа бойынша берілді.



Р. Әбдіғұлов 

418

“Жизнь победила”

“Жизнь победила” атты көлемі шағын мақала Ұлы Отан 

соғысының жеңіспен аяқталуына бірнеше күн қалғанда 

Мәскеуде шығатын “Литературная газета” басылымының 1945 

жылғы 5 мамырдағы санында жарияланған.

Осы күнгі газет бетінде алдағы Жеңіс күніне арналып 

 

С. Маршак, М. Исаковский, В. Инбер, Я. Колас, Лев Кассиль 



сияқты ақын-жазушылардың сөздері, өлеңдері берілген. Онда 

көптен тосқан бейбіт күннің салтанат құруы, жау әскерінің күн 

санап тынысы тарылып, Жеңіс күнін жақындатушы жеңімпаз 

елдер әскерінің жүргізіп жатқан соңғы күндеріндегі ерлік 

істері баяндалады. Мұхтар Әуезов өз сөзінде жеңіс қуанышына 

үн қатып, фашист басқыншылары орнатқан қаралы күннің 

ел басына қайта тумайтынына жеңістің сенім ұялатқанын 

атап өтеді. Газетке шыққаннан кейін мақала кітап беттерінде 

қайта жарияланбаған. М. Әуезовтің 50 томдық академиялық 

шығармалар жинағына газеттегі нұсқасы өзгеріссіз ұсынылып 

отыр.

К. Рахымжанов


419

“Халықтың ғасырлық жыры”

М. Әуезовтің бұл мақаласы 1945 жылы “Социалистік 

Қазақстан” газетінің 24 июньдегі санында шыққан. Газеттің 

бұл санында 1945 жылы 22 июньде Алматыда Республика 

Министрлер кеңесінің ауруханасында қайтыс болған халық 

поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевқа арналған мақалалар, 

көңіл айтулар берілген. Көңіл айтушылардың ішінде қазақ-

стандықтармен қатар Кеңес Одағының барлық өңірлерінің 

өкілдері бар.  Жамбылдың өмірі мен шығармашылығына бір-

неше көлемді зерттеу мақалалар жазған, ақынның шығарма-

шылық тұлғасына ғылыми тұрғыдан алғанда сол кез үшін ең 

терең де дәл тұжырымдар жасаған М. Әуезов болатын. Жам-

былмен тірі кезінде араласқан, ауруханадағы соңғы күндерінде 

қасында болып, жолыққан жазушы жерлеу комиссиясының 

жұмысына қатысып, қабір басында соңғы сөз айтушылардың 

бірі болған. Бұған дейін Жамбыл шығармашылығын көлем-

ді еңбектерінде жан-жақты талдап келген М. Әуезов бұл 

көңіл айту мақаласында Жамбыл Жабаевтың өмірі мен 

шығармашылығына қатысты қысқа тұжырымдалған, нақты, 

ыстық ықыласты ойлар айтқан. Шағын мақалада ақынның 

шығармашылық жолындағы негізгі кезеңдері мен көркемдік 

ерекшеліктері, қамтыған тақырыптары, адами тұлғасы, 

әдебиеттегі орны түгел дерлік қамтылып, дәл, тұжырымды 

түрде айтылған.

Мақала кейін жазушының 20 томдық шығармалар 

жинағының 18-томында берілді. Мақаланың қолжазбасы жа-

зушы мұражайының мұрағатында жоқ. М.О. Әуезовтің 50 том-

дық шығармалар жинағының бұл томына мақаланы 20 томдық 

шығармалар жинағының 18-томындағы нұсқа бойынша беріп 

отырмыз.


Р. Әбдіғұлов 

420

“Вековая песня народа”

1945 жылы “Социалистік Қазақстан” газетінің 24 июньдегі 

санында Жамбыл Жабаевтың қайтыс болуына қатысты мате-

риалдар берілген. Қазақстан үкіметінің көңіл айтуымен қатар 

жерлеу жұмыстарының бағдарламасы, қазақстандық жазушы-

лар, ақындар, ғалымдар, еңбекшілердің көңіл айту мақалалары 

берілген. Кеңес Одағы республикалаларынан түскен көңіл ай-

тулар да газеттің осы санында шыққан. Осы қатарда М. Әуезов-

тің “Халықтың ғасырлық жыры” атты көңіл айту мақаласы 

бар. “Вековая песня народа” осы мақаланың орыс тіліндегі 

нұсқасы. Бұл нұсқа баспа бетінде жарияланбаған. Жазушының 

өз қолымен жазылған қолжазбасы мұражай архивінде сақталған 

(249-бума, 35–36-бб.). Сарғыш жазу қағазының екі бетіне 

күлгін сиямен жазылған. Өңделген, өзгертілген жерлері жоқ. 

Мақала мәтінін бұл томға аталған қолжазба бойынша беріп 

отырмыз.


Р. Әбдіғұлов

421

“Ақын елінде”

(Романға деректер іздеу жолында)

М. Әуезовтің Ұлы Отан соғысы жылдарында жазылған бұл 

очеркі алғаш рет “Ақынның аулында” деген атпен “Социалистік 

Қазақстан” (1943 ж. 17 қазан) газетінде, содан кейін “Қазақ 

елі” журналы (1945 ж. № 6–7) мен “Совхоз туы” (1946 ж. 3, 5, 

8, 15 тамыз) газетінде жарияланды. Жазушының 80 жылдық 

тойы қарсаңында “Мәдениет және тұрмыс” журналының 

1977 жылғы № 6 санында және жиырма томдық шығармалар 

жинағының 8-томында (“Жазушы”, 1981. 87–98-бб.) басылды. 

Енді елу томдық толық шығармалар жинағының 27-томына 

сол басылымдары салыстырып барып енгізіліп отыр.

“Абай жолына”, әсіресе жазылып жатқан екінші кітабына 

тың деректердің қажеттігін қатты сезінген жазушы 1943 

жылдың жазында ақын аулын аралауға аттанады. Сонда сапар-

ды Аягөз жақтан бастағанының дұрыстығын жолындағы Сы-

бан, Тобықты, Мырза-Жөкең, Мамай, Көкше, Сақ-Тоғалаққа 

қоныс, өріс болған адырлар мен қырқалар, таулар, талай та-

лас-тартыс, шабыс-керіс, келіс-бітімнің шешімін таптырған 

өлкелерді аралап өткенде сезінді.

Шыңғыстың нулы салалары мен қойын-қойнауларындағы 

өзен, бұлақ, бастаулар, Аққойтас, Пұшантай, Керегетас, 

Шақпақ, Бала Шақпақ, Ботақан ошағы, Дөңгелек қоныс, 

Байқошқар, Сарыкөл, Шоттың аузы, Тоңаша, Барлыбай 

жазығы, Арқат, Байжан тасы көп-көп оқиғаларды елестетті. 

Романның жазылып жатқан тарауларынан орын алар 

көріністер мен әңгіме-хикаяларды жазушы ерекше бағалады. 

Олардың ішінде “Қадиша қыз” дауы” атанған әңгімелері мен 

Базаралының жиырмалар шамасындағы кезінде қырықтағы 

Барақты күресте жеңіп, сауытын тонап алып жөнеле берген-

де: “Базаралы алды деп мен айтпайын, Барақты алдым деп сен 

айтпа”, айдаудан қайтқанда айғырлы үйір жылқы беріп, бір 

қаракөк ат мінгенін көрген жұрт: “Тасқа бойлап кеткенбісің” 



422

десе, “Ой, шіркін! Бір айғыр үйірін астына мініп жүрмеген кісі 

жігіт пе”, Бөдей Жамансарының жұртты сабай беретініне ашу-

ланып, іздеп барғанда ол “мен Жамансары” деп шабады, Ба-

заралы найзамен түйреп тастап: “Жат, сендей жаман сары ит  

к...нен қаны ағып осылай жататын” дегені сияқты әңгімелер 

бар.

Әрхам Ысқақұлынан алғашқы деректі 1935 жылы алса, бұл 



жолғы естігендері де аз болған жоқ. Оның айтуына “Қадиша 

қыз дауы”, 1898 жылы Оразбай жылқысының алынуы (үш 

мың десе, енді бір тұста бес мың), Еркежанға әмеңгерлік жо-

лымен туысқандардың таласы, сонда Абайдың алуына ауыл 

мен Кәкеңнің (Кәкітай) себеп болуы, Кәкітайдың 12 жасында 

Абай қолына келуі, Әбілғазының Сарбауыр атты (Әзімбай аты) 

кісенін ашып алып кетуі, Ниязбек молданың өзін-өзі ажуа ет-

кен әңгімесі, Абайдың сыбызғышы, домбырашы, құмалақшы, 

дойбышыларды сүйеп, ісмерлікті қостауы, Әбілғазының 

саржорғасы, Бейсембайдың Оразбаймен құда болуы, Бозам-

бай мыңы Көктырна, Әбілғазы, Қарашада 700 қарала болғаны, 

Әзімханның қонақта болғанынан кейін Абайдың “Атасында 

көрмегенді ботасында көрсеттім” дегені, Оспанның Ысқақты 

шақыртып алып, қайнына жіберіп Тектіні (Мәніке) алдырғаны 

сияқты деректер жатады. Осылардың ішінде Балтабай айтқан 

Қаракерей Қабанбай 80 жасында қолды өзі бастап барып, 

“осында бір шұбар тышқан бар еді” деп жолбарысты өлтіргені 

туралы әңгіме мен Абайдың Жылытаудағы Байұзақ аулы-

нан Аққасқа деген жүйрік атты алдырмаққа он екі атар бен-

шестр мен екі алтыатар беріп, Мыңжасар, Қасымхан, Дубай 

дегендерді аттандырғаны, содан алып қайтқан Ақайдар атанған 

ат пен бір дөненді Дубайдың иемденгені жөніндегі әңгімелер де 

бар. “Өлушінің күні бітпей, өлтірушінің қолы жетпейді”, “Жер 

анасы – ел баласы”, “Жалынған бас қорғау емес, жағаласқан 

бас қорғау”, “қайтқан малға қасқыр өш” дегендей мақал-

мәтелдер, Төлеу айтты деген сөздерді жазып алады. Бұларды 

жазушының өз балалық, жастық шағының қимас кезеңдерін 

еске алуы, толғануы, толқуы одан да ары байыта, түрлендіре 

түседі. 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет