«Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәні бойынша /пәннің атауы/ лекция конспектілері


Лекция №6 Қазақстан Ұлы отан соғысы жылдарында (1941-1945 жж.)



бет15/30
Дата28.04.2022
өлшемі152.84 Kb.
#32745
түріЛекция
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   30
Лекция №6 Қазақстан Ұлы отан соғысы жылдарында (1941-1945 жж.)

Соғыс жылдары қорғаныс өнеркәсібі үшін Қазақстан металлургтері күні-түні еңбек етті. Өндірілген 100 тонна молибденнің 60 тоннасын Шығыс Қоңырат руднигі өндірді. Қазақстан соғыс жылдары Одақ бойынша өндірілген барлық қорғасынның 85 пайызы, полиметалдың – 70 пайыз, висмуттің – 50 пайызы, вольфрамның – 20 пайызын өндірді. Осындай халықтың жанқиярлық ерлігінің нәтижесінде кеңестік экономиканың өсу қарқыны соғыс алдындағы бесжылдықтар көрсеткіштерінен жоғары болды. Нәтижесінде тек 1942 жылдың өзінде КСРО Германиямен салыстырғанда танкті 3,9 есе, ұшақты 2 есе, артиллериялық қару-жарақты 3 есе артық өндірді. Ал, 1944 жылы кеңестік индустрия тәулігіне бір танк бригадасы мен полкін, 3 авиация полкін жабдықтауға жарайтын әскери техника шығарды. Оған Қазақстан экономикасы да өз үлесін қосып, соғыс өнімдерінің басым бөлігін өндіріп, уақытымен майданға жеткізіп тұрды. Ауыл шаруашылығын қайта құру міндеті де онша оңай болған жоқ. Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауылшаруашылығы еңбекшілерінің саны 600 000 адамға азайған. Ауылшаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуы мен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. 1944 жылы колхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі -20 %, әйелдер-58%, жасөспірімдер -22% болды. Яғни, майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті.1942-1943 жж. аралығында республика ауылшаруашылығынан 4111 трактор, 1184 жүк машиналары, 30318 жылқы майданға жіберілді. Соғыстың бірінші жылы 100 млн. пұт астық тапсырылды. Бұл көрсеткіш 1940 жылмен салыстырғанда 24 млн. пұтқа артық. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы сағат 5-тен кешкі 22.00-ге дейін ұзартқан. 1942 жылы Қазақ КСР-інің егіс көлемі 1941 жылмен салыстырғанда 842 мың гектарға көбейіп, жалпы КСРО бойынша артқан егіс көлемінің 30 пайызын құрады. Күздік дәнді дақылдар, тары, қызылша егісі артты. Соғыс кезінде Казақ КСР-і КСРО-ның аса ірі мал шаруашылық базасына айналды. Колхозшы шаруалар мемлекеттік маңызы бар міндеттерді құлшына орындап, отаншылдық үлгісін танытты. Звено жетекшілері Ш.Берсиевтің, Ы.Жақаевтың, Ким Ман Самның, А.Дацкованың, Б.Сомжүрекованың, С.Оңғарбаеваның еңбектегі даңқы бүкіл елге тарады. Қазақстан колхозшыларының ең үздік табыстарын Кеңес ақпарат бюросы өз хабарларында атап отырды. Отансоғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ қатарында мыңдаған қазақстандықтар шайқасқан Кеңес жауынгерлері барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы кескілескен ұрыс жүргізді. Брест қамалын қорғаушылар арасында қазақстандықтар А.Наганов, қатардағы жауынгер А.Мүсірепов, саяси жетекші В.Лобанов, кіші сержант Қ.Иманқұлов, зеңбірекші-пулеметші К.Жұматов, В.Фурсов, Т.Тұрдыев, Ш.Шолтыров және басқалар болды. Майдан даласында ұрыс салған мыңдаған қазақстандықтар отаншылдық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Мәскеу түбінде генерал-майор И.В.Панфилов қолбасшылық еткен 316-атқыштар дивизиясы ерлікпен шайқасты. 1941 жылғы қарашада Дубосеково разъезі түбінде ұрыс салған 1075-атқыштар полкінің танк жоюшылар тобының ерлігі елге мәлім болды. Осы топта болған ротаның саяси жетекшісі В.Г.Клочковтың: “Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Мәскеу” – деген жалынды сөзі бүкіл майданды шарлаған ұранға айналып кетті. Мәскеу үшін шайқаста И.В.Карпов қолбасшылық еткен атқыштар полкі мен аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған батальонның жауынгерлері ерекше табандылық пен қаһармандық көрсетті. Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін 316-атқыштар дивизиясы 8-гвардиялық дивизия болып қайта құрылып, Қызыл Ту орденімен марапатталды. Жауынгерлердің өтінші бойынша дивизия И.В.Панфилов есімімен аталатын болды. Ротаның саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы жау танкілерін жойып, өз бөлімшелерін қоршаудан алып шықты. М.Ғабдуллинге жауынгерлік ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бородино селосында неміс бөлімінің штабына басып кіріп, 5 неміс офицерінің көзін жойған Төлеген Тоқтаровқа асқан батылдығы мен ерлігі үшін қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Мәскеу үшін болған шайқастарды еске ала келіп, Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған қаһарманы Кеңес Одағының Батыры, белгілі жазушы Б.Момышұлы былай деп жазды: “Біздің жүрегіміз темір емес, бірақ біздің кең отанымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады... біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйіспеншілік”. Қатаң идеологиялық тәртіп кезінде атақты жауынгердің қаһармандық ерлігі өз дәрежесінде бағаланбады, тек 1990 жылы қайтыс болғаннан кейін жұртшылықтың көп жылғы талабы орындалып Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. А.Масловтың экипажында жерлесіміз Бақтыораз Бейсекбаев бар еді. А.Маслов экипаж мүшелеріне Ресейдің батыры атағы берілді. Тек 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкімімен Б.Бейсекбаевқа “Халық Қаһарманы” атағы берілді. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі Ленинград түбінде соғысты. Балтық флотында бір ғана “Киров” қызыл тулы крейсерінде 156 қазақстандықтар жауынгерлік сапта тұрды. Ленинград үшін шайқастың ауыр күндерінде Сұлтан Баймағанбетов жаудың арнайы салынған қорғаныс ұясының оқ жаудырып тұрған аузын денесімен жауып, қаза тапты. Сол үшін оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ориенбаум алғы шебінде 48-атқыштар дивизиясының атақты мергені Дүйсенбай Шыныбеков шайқасты. 1942 жылдың күзінде Сталинград түбінде кескілескен ұрыстар жүріп жатты. 1942 жылдың күзінде Каспий өңірінде соғыс жағдайы енгізілді. Қазақстандықтардың Волгадағы қаһарман қаланы қорғаушыларға жолдаған үндеуінде “Сталинград – Шығыстың кілті”, - деп көрсетілді. Полковник Ғани Сафиуллин басқарған 73-гвардиялық дивизияның өзі ғана жаудың 120 танкісі мен 800 автомашинасын жойды. Сталинград майданында шайқасқан 29 және Алматының 38-атқыштар дивизияларының даңқы шықты. Олардың екеуі де кейін 72 және 73-гвардиялық дивизияларға айналды. Кенді Қарағандының өкілі, ұшқыш Нұркен Әбдіров 1942 жылғы желтоқсанның 19-ында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында өз ұшағын жау танкілерінің шоғырына құлатып, серіктерімен бірге ерлікпен қаза тапты. Атақты “Павлов үйі” үшін соғысқан батырлардың интернационалдық тобының бір мүшесі Оңтүстік Қазақстаннан барған жауынгер Толыбай Мырзаев еді. Волга бойында қаһарман қала түбінде минометші Қарсыбай Сыпатаев өшпес ерлік жасады. Қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақстандықтар 387-атқыштар дивизиясының жауынгерлері 28 желтоқсанда мұз үстімен және сау қалған көпірлер арқылы Дон өзенінен өтіп, қарсы беттегі дұшпанды өкшелей қуады да, 1943 жылғы 2 қаңтарда 2-гвардиялық механикаландырылған корпуспен бірлесе отырып жауға ойсырата соққы берді. Әскери стратегиялық маңызы зор Тормосин қаласы алынды. Ұрыстың барысында қаңтардың 10-ынан 31-іне дейін тек бұл екеуі ғана дұшпанның 17 мыңдай солдаты мен офиццерлерін жайратып, сонша адамын тұтқындады. Мыңдаған қазақстандықтар Украинаны, Белорусьті, Балтық бойы республикаларын, Молдованы азат ету жолындағы ұрыстарға қатысты. Олар туысқан республикалар жерін өздерінің туған өлкелеріндей сүйіспеншілікпен қорғады. Днепр, Десна, Припять, Батыс Двинаны өздерінің Ертісі мен Есіліндей, Сыры мен Ілесіндей елестетті. Жау тылындағы партизан қозғалысы соғыстың алғашқы күндерінен басталып, стратегиялық маңызы бар қаһарлы және ұйымдасқан күшке айналды... Халық кегін қайтарушылар қозғалысына тән белгілерінің бірі – оның көп ұлтты құрамы болды. Қазақстандық партизандардың жалпы саны 3,5 мың адамнан асып түсті. Олардың қатарындағы Қ.Қайсенов (кейін Халық Қаһарманы), Ж.Ағаділова, Е.Воробьева, П.Семенова, Д.Ә.Әбдрайымов, Ә.Шәріпов, У.Оразбаев, Ж.Саин, Ж.Нәметов, Т.Жұмабаев т.б. қаһармандық ерліктерімен тарихта қалды. Жүздеген қазақстандықтар шетелдердегі қарсыласулар қозғалысына қатысты. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батырлары А.С.Егоров пен З.У.Хусайыновтың есімдері белгілі болды. Тек үш елдің ғана – Францияның, Италияның, Болгарияның қарсыласу қозғалысы күрескерлерінің қатарында 180 қазақстандық ерен ерлікпен шайқасты. Қазақстандық партизандар жау тылындағы қаһармандық күресі арқылы өздерінің Отан алдындағы қасиетті борышын Еуропа халықтары арасындағы борышымен ұштастырды. Кеңес партизандарының жауынгерлік ерліктері жоғарғы үкімет марапаттарымен атап өтілді. 1945 жылы сәуірдің 16-сында кеңес артиллериясының қуатты үні екінші дүниежүзілік соғыстағы ең ірі операциялардың бірі – Берлин операциясының басталғанын паш етті. Мамырдың 2-сінде Кеңес Армиясы Германияның астанасы – Берлинді басып алды. Берлин операциясына қатысқан Кеңес жауынгерлерімен бірге қазақстандықтар да ержүректілік, ерлік және жоғары шеберлік көрсетті. Берлинді алуға қатысқан Кеңес жауынгерлерінің ерлігі екінші дүниежүзілік соғыс атрихының шежіресінде қалды. 30-сәуірде Рейхстагты алу үшін жанталаса шайқас басталды. Офицерлер С.А.Неустроев, В.И.Давыдов, К.К.Сансонов басқарған батальондар шабуыл жасады. Неустроев батальонынан Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып қазақстандық И.Я.Сьянов басқарған атқыштар ротасы кірді. Дәл осы күні лейтенант Рақымжан Қошқарбаевтың взводы да келіп жеткен еді, ол алқызыл жалауды Рейхстаг бағанасына басқалардан бұрын тікті. Сержанттар М. Егорев пен Кантария Рейхстаг шатырына Жеңіс туын келесі күні қадады. 1999 жылы Рақымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Еуропа халықтарын фашистік езгіден азат ету кезінде көрсеткен ерлігі үшін 150-ге жуық қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді (кейіннен оған Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атағы берілді). И.Я.Сьянов, Х.Қайдауов (кейін Халық Қаһарманы), З.Тұрарбеков, Х.Көбеков, Т.Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және басқа да көптеген атақты жерлестеріміз қатысты. Әрқайсысы 200-ден астам жауынгерлік ұшу сапарын жасап, әуе мен жерде оннан астам ұшақтарды, көптеген танкілерді, ұрыс техникасының басқа да түрлерін қолданып, жүздеген фашистерді жоқ қылған шабуылшы ұшқыштар Талғат Бигелдиновке, Леонид Бедаға және Иван Павловқа жеке өзі 37 ұшақты және топтасып жүргізілген ұрыстарда жаудың тағы да 6 ұшағын атып түсірген Сергей Луганскийге екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кеңестік Шығыс әйелдері арасынан бірінші болып Ленин Орденімен және Алтын Жұлдыз медалімен марапатталған қазақ қыздары: 100-қазақ ұлттық атқыштар бригадасының пулеметшісі Мәншүк Маметова мен 54-атқыштар бригадасының мергені Әлия Молдағұлова болды. Олардың екеуі де жүзден астам жауды жойып, шайқас үстінде қаза тапты. Қатарында қазақстандықтар болған кеңестік жауынгерлер Ұлы Отан соғысының тарихына бірталай қаһармандық беттер қосты. 498 адам: солдаттар мен сержанттар, офицерлер Кеңес Одағының Батыры атағын алды, ондаған мың адамға әскери белгілер беріліп түрлі марапаттарға ие болды. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін Қазақстан өкілдері Квантунь әскеріне қарсы 1945 жылы 8 тамызда Кеңес үкіметі Жапонияға соғыс жариялады. Шабуылдаушылар арасында Қазақстаннан барған жауынгерлер де болды. Жапондарға қарсы шайқастарда Ақтөбеде құрылған 74-жеке теңіз атқыштар бригадасы негізінде ұйымдастырылған 292-атқыштар дивизиясының жауынгерлері Кеңес Қарулы Күштері дәстүрінің даңқын шығарды. Кеңес жауынгерлерінің ерлігі мен өжеттігі, барлық дәрежедегі командирлердің жоғары шеберлігі Жапония Қарулы Күштерінің ең басты айбарлы – Квантунь әскерін талқандауды және оны тізе бүктіруді қамтамасыз етудегі шешуші фактор болды.

Қорыта келе, Ұлы Отан соғысына тартылған қазақстандықтар санына тоқталайық. Соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам тұрды. Соғыс жылдары қолына қару алып, майданға 1,9 млн. адам аттанды. Сталиндік тәртіп 1916 жылғы патша үкіметінің тәжірибесін пайдаланып, арнайы құрылыс батальондарын да құрды. Бұл батальондар Орта Азия және Қазақстанның жергілікті халқынан және қуғын-сүргінге түскен халықтардан жасақталды. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Олар соғыс шебіне жақын аудандарда оқ астында қорғаныс объектілерінде еңбек етті. Осылайша әрбір төртінші қазақстандық қорғаныс және майдан объектілеріне тартылған. Республиканың мобилизациялық деңгейі тіпті Германиядан да жоғары болды, Германия халқының 12 пайызы мобилизацияланса, Қазақстанда халықтың 24 пайызы мобилизацияланған. Мобилизацияланған халықтың 50-60 пайызы қазақ ұлтынан еді. Қорғаныс, көмір, ауыр өнеркәсіп жұмысшылары соғысқа тартылудан босатылса, Қазақстан тұрғындары түгелімен дерлік әскерге шақырылды. Өйткені Қазақстанда шаруалар басым болды.

Ұлы Отан соғысы 1418 күн мен түнге созылды. Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде жаумен шайқаста қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандықтың, оның ішінде 100-ден астам қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы – ортақ Отанын қорғауды қазақ ұлтының суырылып алға шыққанын көрсетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   30




©emirsaba.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет