Бабадан қалған асыл сөз Сөз, өсиет – мұра өліден тіріге, Мирас тұтса – пайда өзіне, діліне! Ж. Баласағұн, «Құтты білік»



Дата06.01.2022
өлшемі17,57 Kb.
#14744
Байланысты:
мақала Ж.Баласағұн


Бабадан қалған асыл сөз

Сөз, өсиет – мұра өліден тіріге,

Мирас тұтса – пайда өзіне, діліне!

(Ж.Баласағұн, «Құтты білік»)

Қазіргі мемлекетімізге, қоғамымызға қарасам, қай салада болмасын үлкен кемшіліктер табылып жатады. Тәуелсіздік алғалы ұлы, іргелі, қуатты ел боламыз деген үмітпен осы уақытқа да жеттік. Қай елдің болмасын алға жылжуына ең алдымен ілім, ғылым мен рухани идеологияны берік қалыптастыру әрі дамыту негізгі тірек болады. Руханияты берік ел ғана өз мүддесіне жетіп, халқы бақытқа бөленеді. Ол үшін өзіндік қағидаларды ұстанып, білімге ұмтылып, тарихты зерттеп, ұлттық құндылықтарды алдыңғы орынға шығару қажет. Біздің халқымыздың тарихына зер салсақ, талай данышпандар мен ұлы тұлғаларды шығарып, қуатты хандық құрып, мемлекетті басқарудың көрнекті үлгісін таныта білген ата-бабаларымыздың сара жолы болғанын білеміз. Аталған жол әбден ескіріп, тозып, ұрпаққа пайдасыз болып қалған жоқ, керісінше, қазіргі заманда мемлекетімізге аса қажет нұсқаулық іспеттес, өзі қалмаса да көзі қалған, мұрасы қалған даналар сөзі ретінде жетті. Қазір оны тиісінше қолдана алмай жүрген мына бізге, ұрпаққа сын.

Неғұрлым тарих қойнауына тереңдей берсек, соғұрлым пайдалы ілімге бойлаймыз. Сол арқылы ұзақ жылдар бойы көз жоғалтқан өз халқымыздың құнды қазынасын қайта табамыз. Сондай қазынаның бірі – «Құтты білік». Даналық ойдан нәр берген бұл еңбектің авторы биыл туғанына 1000 жыл толып отырған Жүсіп Баласағұн бабамыз. Қай ғасырда да өз құнын жоғалтпаған классикалық шығарма «Құтты білік» өз заманында мемлекет заңдарын реттеген Ата Заң ретінде де қызмет атқарған екен. Осындай бағалы еңбекті 18 айда жазып шыққан Жүсіп Баласағұн данамыз оны Қарахан мемлекетінің қағаны Боғраханға сыйға тартып «Хас Хажиб» лауазымына ие болғандығын өз еңбегінде жазып қалдырған. Жүсіп Баласағұн – асқан данышпан, ойшыл әрі қоғам қайраткері. Оның данышпандығын осы «Құтты білік» еңбегінің өзі танытады. Әлем ғалымдарын таңқалдырған бұл еңбекті өз мұрамыз ретінде бізге де әлі зерттей түсу қажет деп санаймын.

Жүсіп Баласағұн сол дәуірдегі басқа да ғалымдар сияқты бір емес, бірнеше ғылым саласымен айналысқан. Атап айтсақ, философия, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі секілді ғылымдар. Ол Фараб, Қашқар, Бұқара сияқты білім мен мәдениет орталықтарына айналған атақты қалаларда білім алған. «Сажийе» («Нұр шашқан») медресесінде оқыған. Ғалымның «Құтты біліктен» басқа да поэтикаға, энциклопедия және саясатқа қатысты еңбектері болғанын қазіргі зерттеушілер растайды. Алайда бұл еңбектер бүгінгі күнге жетпеген. Ол араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп, өз ана тілі – түркі тілінің мәртебесін биіктету үшін осы «Құтты білік» еңбегін жазған. Ол түркі тілінің, әдебиетінің, поэзиясының парсы және араб әдебиеті мен мәдениетінен бір мысқал да кем еместігін дәлелдеді. Ең жоғары лауазым «Хас Хажиб» дәрежесіне ие болған Жүсіп Баласағұн қағанның уәзірі қызметін атқарып, сарай қызметкерлеріне басшылық етіп, хан жарлықтары мен заңдарының орындалуын қадағалаған. Қарахан мемлекетінің қағаны Боғраханның Жүсіп Баласағұнды осындай лауазымға тағайындап, үлкен істерді сеніп тапсырғанынан оның білімі мен даналығының қандай дәрежеде болғанын көреміз. Әрбір есті адам Жүсіп Баласағұнның кітап жазып қоя салмағанын байқайды. Мемлекеттің дамуына үлес қосып, түрлі салада мол білім жинап, ғылыммен де, саясатпен де айналысып, ел билеудің канондарын қалыптастырып, оны патшасына ұсынып адамзат үшін пайдалы мұра қалдырды. Боғраханға «Құтты білікті» әкеліп табыстауынан Жүсіп Баласағұнның бойынан билікке ұмтылмай, халқына шын жанашырлық танытқан, жақсы, өнегелі ғалымның іс-әрекетін байқаймын. Бұл тұрғыда мен оны Түрік қағанаты кезеңінде үш бірдей қағанға уәзір болып өткен ұлы дана Тоныкөкке ұқсатамын. Ал Жүсіп Баласағұнның ойларын кейбір ғалымдар Абайдан да тауып жатыр. Арада қаншама ғасырлар өтсе де ұрпақ сабақтастығы әсте тоқтаған емес. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығының дұрыстығын осындай тұлғаларға қарап білеміз.

Жүсіп Баласағұнның руханият әлеміне қайталанбас ескерткіш ретінде қалдырған еңбегі – «Құтты білік». «Құтты білік» дастанының кереметтігі соншалық, өз уақытында ол тек Қарахан мемлекетінде ғана емес, басқа елдерде де танымалдылыққа ие болған, талайлардың таңдайын қақтырған туындыға айналған. Тек қазіргі кезде оны қадірлей алмай жүргеніміз қынжылтады. «Құтты біліктің» күллі әлемге таралғандығының бірден-бір дәлелі ретінде туындының өзінде айтылғандай, Машын, Шын, Шығыс елдерінде «Шахтардың әдеп қағидалары», «Мемлекеттің дәстүрі», «Өмір зейнеті» деген атпен аталса, ирандықтар «Шахнама түркі», бағзы біреулері «Падишаларға насихат», ал турандықтар «Құтадғу білік» дескен. Сонымен қатар, дастанның бізге жеткен үш қолжазбасын да зерттеген шетелдік ғалымдар, яғни орыс және батыс ғалымдары, сондай-ақ түрік, өзбек ғалымдары екендігі және бәрінің өз тілдеріне аударғандығы бұл еңбектің ешкімді бейжай қалдырмағанын байқатады. Ал қазақ ғалымдарынан бұл еңбекті қазақ тіліне тәржімалап, зерттеген А.Егеубаев қана. «Құтты білікті» өз ғалымдарымыз да қай елдің туындысы деген сұраққа жауап таба алмай, бірі түркі әлеміне ортақ мұра десе, М.Қожырбайұлы ««Құтты білік» - қазақтың төл мұрасы» деп, өз атамыз Ж.Баласағұнды тани алмай жүргенімізге қапаланады. Ол ұлт порталына жариялаған мақаласында «Құтты білікті» сөздің түбірінен зерттеп, өзгеше мәлімдеме жасады.

«Құтты біліктің» өз уақытында белгілі бір деңгейде Ата Заң қызметін атқарғанын жоғарыда айттым. Ғалымдар аталған еңбекті саяси трактат ретінде де қарастырады. Бірақ бұл түбегейлі трактат деген сөз емес. Себебі мұнда философиялық ой, тұжырым бар. Бәрімізге белгілі, дастанда Күнтуды патша әділдіктің символы болып суреттелген. Оның уәзірі Айтолды бақ-дәулет болса, оның баласы Ұғдүлміш ақыл-парасат, ал туысы Өдгүрміш қанағат-ынсап болды. Мұнда да автордың айтқысы келген үлкен философиялық ойы жатыр. Әділдікті патша етіп алуының өзі ел билеуде ең алдымен басты орында әділдіктің болуы маңызды екенін байқатады. Қай заманда болмасын, халық әділ патшаларды жақсы көрген. Бірақ мемлекетті тек әділдікпен ғана басқару ақылға қонымсыз іс. Сондықтан төртеуі бірінсіз-бірі болмайтындығын аңғартып, әділет, ақыл, дәулет, қанағат сияқты қасиеттерді алған. «Құтты білікте» билеушінің ғана қандай болу керек екенін емес, шежірешінің, қазынашының, аспазшының, әскер басшысының, қақпа басшысының, ыдысшының, уәзірдің қандай болу керек екенін және олардың хақы туралы, билеуші мен олардың қарым-қатынасы қандай болу керектігін, бәрін жазған. Қарап отырсақ бүгінгі қоғамға да аса қажет еңбек. Себебі біз қай салада болмасын дамудың үлгісін Батысқа қарап аламыз. «Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» дегендей өзіміздің баға жетпес мұрамыз тұрғанда, мәдениет пен ілімнен жұрдай халық сияқты америкалық, ресейлік, франциялық, т.б. елдердің ел билеу, саясат үлгілерін іздейміз. Олардан мүлдем бас тартайық демеймін. Бірақ түбегейлі сол елдерге еліктеп кетуден сақтанайық, өз құндылықтарымызды жаңғыртайық, ескерткіштерімізді насихаттайық һәм ғалымдарымызды ұлықтайық дегім келеді!

Биыл Жүсіп Баласағұнның туғанына 1000 жыл толып отыр. Әр жылы ұмыт қалдырмай, мұрасын оқып, балаларға насихаттап отырсақ елдің рухани дамуына қосқан тамшыдай болсын пайдамыз болады. Жүсіп Баласағұн бабамыз 9 ғасырдан астам уақыт бұрын жазған еңбегі оның бүгінгі ұрпақтарына, мына біздерге жеткеніне Аллаға шүкір! Енді осы еңбекті келешек ұрпаққа жеткізу баба алдындағы біздің парызымыз.



Макешова Адель (КФ-31)

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет