Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет2/11
Дата15.03.2017
өлшемі1,07 Mb.
#9883
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

КӨЗІМНІҢ ҚАРАШЫҒЫ – ҚАЗАҚСТАН!
Шашқанда алтын арай дала таңы,
Шапағын дүниеге таратады.
Сен менің бақытымсың, Қазақстан – 
Анамның аялаған алақаны.
Ізет пен ізгіліктен іркілмеген,
Тұлпардың өз елімнен тұрқын көрем.
Сен менің тағдырымсың, Қазақстан –
Үкісі үмітінің үлпілдеген.
Жанынан жыр төгілген, нұр төгілген,
Қайғының аулақ болсын бұлты елімнен.
«Ырыс­құт – тату елге нәсіп» деген
Аманат қалған бізге Күлтегіннен.
Мезгілсіз бұзылмасын ұйқың, балам,
Ел едік дүбір шықса қиқулаған.
Аққудың қанатынан ән естіген,
Тұлпардың тұяғынан күй тыңдаған.
Шырағы мәңгіліктің жағылғасын,
Айбозым аламанда арындасын.
Көзімнің қарашығы – Қазақстан,
Сен менің қанымдасың, жанымдасың.
Атынан сөз алғанда қатарластың,
Қыр кездім, 
белге шықтым,
жотаңды астым.
Бірліктің бесігі сен – Қазақстан,
Арманын әлдилеген Отандастың!

24
Тағдырдың өзі қосқан, тамыры бай,
Жанарың жарық болсын, жарығым­ай.
Сен менің жалғызымсың, Қазақстан –
Жалғанда жалғыздардың жары Құдай!..

25
КӨРДІМ...
Жақсыны көрдім,
жаманды көрдім –
Зулаған күнде құр аттай.
Тіршілік,
сенің бағаңды көрдім –
Қолға тұрмайтын сынаптай.
Алысты көрдім,
Жақынды көрдім –
Көргенім қандай көп еді.
Ақырзаманғы ақынды көрдім –
Өлі сөздерден өлеңі.
Ақты да көрдім,
Қараны көрдім –
Асудан әрі асарда.
Дананы көрдім,
Ағаны көрдім –
Ақ жайлау алды қашанда.
Жарық та көрдім,
Қараңғы көрдім –
Ақша бұлттардың ішінде.
Ғаламды көрдім,
Бабамды көрдім –
Ақ сауыт киген түсімде...
Азапты көрдім,
Мазақты көрдім –
Бақ ұшты көздің ұшынан.

26
Ғажапты көрдім,
Қазақты көрдім –
Керуеннің кеуде тұсынан.
Даламның жырын дарабоз қылдым,
Өмірімнің шығып өріне.
Шанағы сынған қара қобыздың
Қаңқасын ілдім төріме...

27
* * *
Ақ нұрларға қарайды­ау шөлдеп пенде,
Мәңгіліктің бесігі тербеткенде.
Айтып кеткім келеді сол бір әнді,
Қайтып кеткім келеді сол көктемге.
Көңіліңнің көз жасы ыршығасын,
Көк майсаңа жете алмай тұншығасың.
...Сол көктемге бізді енді кім шақырсын,
Сол бір әнді, дүние­ай, кім сұрасын?!
Арай сүйіп,
алдыңнан нұр күлгенде,
Көз ұшына көп өлең іркілгенде.
Аспантаудың аққуын жырлай­жырлай
Аспан жаққа кетермін бір күн мен де.
Жұлдыздардың жанғанда шоқ тізбегі,
Көңіл шіркін, қайтейін, жоқты іздеді.
Көз ашқалы қуып ем, көлбең қағып
Сарыарқаның сағымы жеткізбеді.
Өмір – аптап,
Ұнатар шөлдеткенді,
Көз ұшында құстарын көлбеткенді.
...айтып кетсем салам ба сол бір әнді,
Қайтып кетсем табам ба сол көктемді?!.

28
ТҮС КӨРЕМІН... 
Ұшады қараторғай қанат қағып,
Астына қанатының маржан тағып...
Ақан сері
Туған жердің төсіне тұмар қадап,
Өсірсем бе деп едім
шығанға бақ.
Түн баласы түс көрем түрлі­түрлі,
Құс көремін және де сыңар қанат.
Көшкен елдің көнерген жұрты мына,
Өлең жамау бола ма жыртығыңа?..
Мұнарлы алап мұңданып...
Қосылады
Сыңар қанат сол құстың сұңқылына.
Қарамадым жырға да ермегім деп,
Артатындай кім едім елге міндет?
Түсімдегі жаралы сол бір құсты
Мен өңімде жүремін емдегім кеп.
Төр сенде екен,
титтей құс,
өр сенде екен,
Қанатыңды бір сылап көрсем бе екен?..
Кеңістікті сезбейтін кемтарларға, 
Аспан, сені аңыз қып берсем бе екен?
Күнде көрем жанымнан шалағайды,
Ол байғұс та шамасын шамалайды.

29
Жағажайда қақталған жалаңбұтқа 
Жыр оқысам... 
ұға ма дала жайлы?..
Ұялма, аға,
тағдырдың сыйы Аллада,
Біздің баста әзірге қиял ғана.
Самғайтынның бәріне сәт тілейді
Құс қанаты талатын қиян дала.
Сүмбіледе...
Жүректі тілгілеме,
Ақын деген – онсыз да мұңды неме.
...Өміріңде өткенді өбектесең
Көңіліңде көктемгі күн күле ме?
Өңім түгіл, кешемін түсімде мұң,
Өліарада өмір бар – түсінгенім.
Қанатының астына маржан тағып,
Көкке самғап барады құсым менің...
                                                            
                                                              
                                          
         
                                                                       

30
 МӘҢГІЛІК ШӨЛ. БЕТПАҚДАЛА
Кеберсіген еріні кер бетеге,
Жауынсыз жаз жаныңды шерлі ете ме?
Сауырынан құйқылжып құйын қашса
Бауырынан Бетпақтың ел кете ме?..
Томсырайған торығып топ тобылғы,
Көздеріме көңілсіз боп көрінді.
Есіме алдым ұзаған көктемімді –
Есіме алдым өткенім­кеткенімді...
Ақ селеуі,
жусаны,
шөңгелері,
Мен сендерді келіп ем емдегелі...
Көз алдымда дүние дөңгеледі –
Шемен жұтқан шайырдың шерлі өлеңі.
Кештері аптап Бетпақтың,
күндері ыстық,
Қанатты боп туған соң ілгері ұштық.
Қай соқпаққа қосады сүрлеуімді
Шеті де жоқ,
шегі жоқ бұл кеңістік?
Тағдырменен таластық таңдарға еріп,
Сен де,
мен де, дүние­ай, арманда едік...
Мейіріміз қанатын күн бола ма,
Мәңгілік шөл,
аңқасы қалған кеуіп...

31
Аймаламай арайын ақ таңның да,
Бағы тайып басынан батқан мұңға.
Безектеген жанымды бебеулетіп,
Бетпақдала безеріп жатты алдымда...

32
ҚАРАТАУ, САҒАН ЖЕТТІМ...
Қаратау!
Саған жеттім бір көруге,
Бір көруге тірлікте үлгеруге.
Сен маған асықпағын
гүл беруге –
Онсыз да болмайды ма күн көруге?
Қаратау,
Саған жеттім бір қарауға,
Басыңнан шана­мезгіл сырғанауда...
Ыршытқан көздің жасын шақтан бері
Тұншыққан тұлпарларым тұр қамауда...
Қаратау,
кетпепті әлі қар басыңнан,
Ирелең жолды көрдім жарға асылған.
Бір тайлақ бос келеді шұбатылып,
Сол көште атан өліп, арба сынған  
Қаратау,
көшті көрдім,
кешті көрдім,
Еске алып есті сөзін ескілердің.
Кешкіріп бара жатқан күнге ілесіп,
Бес күндік жалғаныңа бес түнермін.
Қаратау,
саған жеттім, мәртебелім,
Жазылып бітпей қалған жарты өлеңім.
Батыр мен бағыланды көрсет маған
Басында қалып кеткен әр төбенің.

33
Қаратау,
қасиетті қиян далам,
Бәрі де менікі деп қиялданам.
Тасында тарам­тарам көздің жасы
Басында керуеннің ұялмаған...
Қаратау,
Сен етесің көкті медет,
Өзіңдей өлкемізге текті керек.
Басыңнан шаң көрінсе... 
Әлі күнге
Қорқамын көш қозғалып кетті ме деп...
3­266

34
КӨКТЕМДІ КӨР ДЕ...
(Элегия)
Көктемді көр де
көшті көр,
Жарқ ете қалып жанары.
Еңкейе біткен ескі жол
Еңіске тартып барады.
Жаңбыр мен қары аралас,
Өліара кезді көзге ілмей.
Саздауға біткен сары ағаш
Сағынышын да сездірмей.
Аспан мен жердің арасы,
Көктемнің түсі көгілдір.
Көзімнің ақ пен қарасы –
Өзекті жанға өмір бұл!
Уақытқа айтпай төрелік,
Тербеліп жатыр текті өңір.
Көктеммен бірге көгеріп,
Көгімен бірге көктегір!
Мойныма тағар тұмар ма ең,
Мойылдай екен бұл әлем.
Сен салмай кеткен бір ән мен –
Мен жазбай кеткен бір өлең...
Сел ме еді,
Әлде тасқын ба?
Дүрия дәурен!

35
Дүрмегің.
Құс қанатының астында
Қысқарып жатыр күндерім.
Тербеліп терек, орманы,
Термеге басты не түрлі.
Ұялы телефондағы
Ұйқассыз әуен секілді.
...Көк белді көр де
кешті көр,
Көгілдір әлем жырласа.
Көнерер бәрі, 
ескірер –
Көктемің келіп тұрмаса.
...Көктемді көр де
Көшті көр.

36
ҚАРА ЕРТІС, ҚАЙРАН ЕРТІС... 
Алтайдың Тарбағатай тұғырындай,
Бұлақтың мамырдағы тұнығындай.
Қара Ертіс,
Қайран Ертіс сылаңдайды
Сұлудың толқынданған бұрымындай.
Сайраны сары белдің сағымындай,
Алтайдың алтын құсақ тамырындай.
Шыңғыстау шырағданын жақты мәңгі 
Қазақтың жанындағы жарығындай.
Бірсалар анашымның киізіндей,
Келеді көңілімнің күйі үзілмей.
Шығыста қасиетті бәрі­бәрі –
Марқакөл маралының мүйізіндей.
Жүгіртіп жүректегі киігімді,
Жырыма іздеп келдім иірімді.
Ақынға төге алмасаң мейіріңді –
...«Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...»
Шалғыны шашыраған шалғайында
Сырымды ақтарайын тал­қайыңға!
Шөлімді Сұңқарбұлақ қандырар ма
Сауыр мен Сайқан таудың баурайында?
Өскелең Өскеменнің мәрт өңірі,
Ұлының тауда туған тау көңілі.
Үшеуміз бір ақ өлең жазатынбыз –
Ұлықбек,
марқұм Нұрлан Мәукенұлы.

37
Сол жырдың адалдық ед тақырыбы,
Жылдардың шаршатты ма шақырымы?
Алтайдың алшы түсер асықтары –
Арқаның ардакүрең ақын ұлы.
Мен келдім – жанымда жас,
жанарда мұң,
Көрдің бе көңілімнің қабарғанын?
Толғатқан толқыныңмен тербе мені,
Қара Ертіс,
Қайран Ертіс,
Қара орманым...

38
 * * *
Тау толқынға салса егер мұрат қайық,
Талабыңды шыңдайтын сынақтай ұқ.
Әлсіздер бар түсетін қақпалыға,
Тегіс жердің өзінде құлап, тайып.
Бағын, арын тәрік қып, жанын ойлап,
Тұнығыңды жүр біреу тағы лайлап.
Қағып кеткен олжаны оңашалап,
Лағып кеткен баяғы лағыл ойлар.
Мақсатсыздың қашаннан құйын алды,
Екі бөлек тұрағы тиын, ардың.
– Мен өмірге ғашықпын, – дейді біреу,
Сәл тергесең аузына құйылар құм.
Жауһар әуен естілмей жалқын әні,
Шындық іздеп біреулер шарқ ұрады.
Алқалы топ алдында ақымақ та
Аталы сөз айтпақ боп талпынады.
Бір білерім – шектен тыс тойған жаман,
Кім болады сенімін жойғанда адам?!
...Сақта мені күндерден ойын­тойсыз,
Сақта мені күндерден ойланбаған.
                                              1983

39
 * * *
Шығарып салып қаздарын дала,
Таратқан сынды тойларын.
Жазира жырлар жазбадың, аға,
Жазбадың,
нені ойладың?
Жортуылшыдай жолы аса мықты
Күткен ем хабар мен сізден.
Қаламасам да оңашалықты,
Тартып­ақ кеттім елсізбен.
Тәңірдей көріп Темірқазықты,
Жолсызбен жалқы келемін.
...Біз тумай тұрып ӨМІР жазыпты
Жаздырар бізге өлеңін.
Өзекті жарып өрелі ұғым,
Түндерге тыншу бермедім.
Айтып­ақ кеткім келеді бүгін
Арманын бүкіл пенденің...

40
(Экспромт)
Бейуақта ұшқан қандай құс,
Беймаза күйге түсіріп?
Бейдауа көңіл мен байғұс,
Бейтарап жүрсем қысылып.
Берекет кетіп бәрінен,
Безектеп шықсам ертерек,
Бедерлі сезім әнімен,
Берен жыр, саған еркелеп.
Боз жусан белдің ұлы едім,
Бозкөл­көз күткен жас тұнып.
Базарлы ортаға кіремін,
Баспалап емес, бәс тігіп.

41
 * * *
Бір күнімнен аумай қалды бір күнім,
Белес болды Заңғар деген тауларым.
Қызыліңір қаққан кезде кірпігін
Мен мұңымның сапырамын саумалын.
Абыз­күйдің аруағы ұшып кетпей ме,
Домбыраның сынып түссе тиегі?..
Болашағым беттегенде беткейге
Бүгінімнің кемсеңдеді иегі.
Бауырым­ай!
Ай маңдайлы, нұр жүздім,
Жат санасам, жақын қайдан табамын?..
Жүрегімнен жыр боп жауған жұлдыздың
Жарығынан жасқанбасын жанарың.
Көктемдерім көктегенде көңіл бал,
Шыңырауда шындық тұнған терең бар.
Өлеңімнің қалыбында ӨМІР бар,
Өмірімнің тамырында ӨЛЕҢ бар!..

42
* * *
Алты да қанат ақ орда,
Алшаңдап шықтым төріне
Алшыдан түсіп сақам­дүр.
Аман­сау деген хабарға,
Ақсарбас айтып еліме,
Ақберен ақын атандыр.
Айсыз да абат түндерге
Арманын айтқан жан сәулем,
Аймалап жұлдыз жарығы.
Ағыны қатты күндерде
Аламандарды аңсаумен
Арғымақтарым арыды.
Асыл тас іздеп теңізден,
Ауырып жүрек, жүдедім,
Ауыздық шайнап ақтанкер...
Анасы Арман емізген
Ажалсыз ұлдың бірі едім,
Ақ тәңір, маған Ақ Таң бер!

43
* * *
Раушан дәурен,
қалайша бос қалайын,
Ақын жүрек жандармен дос болайын.
Қырандарға қызығып өскен едім,
Қарғалардың тобына қоспа, ағайын.
Ердің жүгін иыққа жүктеп алып,
Бара жатсам еңсемді тіктеп алып.
Ту сыртымнан сүйсіне қарасаң да,
Өтінемін, жайдақтық күтпе, халық.
Жан деп пе едің біздерді олқы мұңды,
Жүдетпеген өлеңнің дерті кімді?
Лебіз айтпай бір ыстық, қайран жұртым,
Алмағайсың жылатып ерке ұлыңды.
Астана емес, атағым ауыл мәлім,
Соқтырғам жоқ өлеңнің дауылдарын.
Бір шалағай ісімді көре сала
Теріс қарап кетпеңдер, бауырларым.
Өмір­өлең түйінін жас ұқтырып,
Тұлпар уақыт қойды ғой асықтырып.
Бір көз тіккен көзайым адамдарды
Мен кетермін түбінде ғашық қылып.
                                                1974

44
СЫҢАР АҚҚУ. СЫРҒАЛЫ ҚЫЗ
Бола алмаған ақынның бақ тілегі,
Оралмаған мойынға ақ білегі.
Айдан сырға тағынған аққұба қыз –
Айдын көлге шомылған аққу еді.
Көңілімде сол сәттен сызат қалған,
Керуенімді уақыт ұзатты алға.
Бозкөл қатты тасыған
сәуір айы
Саған деген сезімім тұзақталған.
Өткен күннен өрелі сыр ұғайық,
Сыр ұғайық,
жүрекпен жылынайық.
Бозкөлдегі киелі қос аққудың
Сол көктемде болды анық бірі ғайып.
Таныта алмай еркелік, айбынын да,
Берілгендей ерте­кеш қайғы­мұңға.
Сыңар аққу сыңситын, егілетін
Мөлдірліктің мекені – айдынында.
Күндер легі оны да ұмыттырып,
Жібереді­ау...
басқаша сыр ұқтырып.
Сыңар аққу, жағадан саған қарап,
Ойға шомып қайтушы ем тұрып­тұрып.
Адалдығын түсініп анықтығы,
Тұнжырағам мен оның танып мұңын.
Бір­ақ түнде жоғалды ол,
анам айтты:
– Іздеп кетті егізін жарықтығым...

45
...Адалдықты есейдік көңіл еміп,  
Жеткізбейді, зулайды өмір­елік.
Сыңар аққу, сырғалы сұлу қызды
Жырлаймын да мұңаям тебіреніп.
Сезімдері сең болған тәрізденіп,
Жүр біреулер жел сөзбен «қарыз беріп».
Сыңар аққу, 
Ақын ұл,
Сырғалы қыз...
Бірімізді біріміз әлі іздедік.
Үмітіңді не жетсін үзбегенге,
Жауһарыңды жоғалтқан іздегендей.
Сәуір туса Бозкөлді аңсап тұрам
Сыңар аққу, сырғалы қыз келердей.
                                             1980

46
  * * *
Қарасуға барғанда шомылғалы,
Сақинамды сыйладым қолымдағы.
Сәнім­дағы сен болған, 
әнім­дағы,
Көрген түстей күндер ғой оның бәрі.
Сақинамды сыйладым қолымдағы.
Саусағына сақина салып едім,
Жақұт еді, ол күндер лағыл еді.
Шыжып тұрған шілдеде жыр жазамын,
Біз өзенге барған кез мамыр еді.
Тербетті ғой толқындар тағы мені.
Көз алдымда шадымнан шақтар әлі,
Терезеңді көп болды қақпағалы...
Қақпағалы, 
өзімді қақтағалы...
Түгелсіп тірліктің ақ парағы,
Бақи болып кеткендей бақтар әні.
...Білем тағдыр дәм­тұзын таусарын да,
Ешкім тұрып қалмайды нау шағында.
Қиялымда тербелген құралай қыз,
Сол сақина бар ма екен саусағында?

47
 КЕҢІРДЕГІ КЕШ
Жазуына разы Жасағанның,
Көрікті қыз,
көркіңе мас ағаңмын.
Жайық болған сезіммен тербелгенде
Ғайып болған көзімнен қашаған күн.
Қалықтады қалқаның бүгінгі әні,
Жезқазғанның жұлдызы жымыңдады.
Тебіренген Кеңгірдің толқындары
Ақ жол айтып ақынға сыбырлады.
Алқаракөк аспанды кезіп ұштық,
Байлайды екен тіліңді сезім ыстық.
Бейсеуовтің «Сырласу вальсіне»
Қосылдық та екеуміз тез ұғыстық.
Сәтте туған сезімді қалқалама,
Ару қызға жарасар арқалы аға.
«Түн жамылып келеміз,
айсыз аспан...
Алақанда алақан...» қалқа бала!
Шағым өтсін жұлдызды жақсыменен,
Тәтті түннен тұғырын тапсын өлең.
Ақ еркесі Арқаның, сүйем сені,
Әсет аға, мен сізді жақсы көрем!..
Бұзды деме әуенін біздің ағай,
Қиып кетем қиянға сізді қалай?..
Сырласуға сескеніп сері түннен
Сырласу әнін айтқан қыз құралай!

48
Қоңырауы көңілдің қағылғанда
Түн жамылып...
салатын әнің бар ма?! 
Сары құмы сусыған ауылыңа
Барып қайтып жүрейін сағынғанда...

49
   СӘУІРДІҢ СОҢҒЫ КЕШІНДЕ
Жүрекке тұнған мол үміт,
Ерке қыз, саған жолығып.
Сол бір күн менің есімде:
Шұғылаға қайтқан шомылып
Сәуірдің соңғы кешінде.
Санаға бермей тыныштық,
Сезімдер біздің тым ыстық.
Теңіз боп, ой­хой, тасқасын,
Ұғыстық,
сосын ұрыстық...
Сөз етіп қайтем басқасын?
Бір күліп сәтте, бір жылап,
Сыр тұнып көзге тұнжырап,
Қарадың білем жазалап.
Кеудемде менің жыр­бұлақ,
Мына өмір неткен ғажап­ақ!
...Сең соғып сынған сенімім,
Сергелдең болып сері күн,
Жүгірдім жарды жағалап.
Елес боп өткен елігім,
Ғайып боп кеткен ғаламат.
Ертеңге еріп бармадың,
Қосылып әнге салмадың,
Өзіңсіз атты таң талай.
Алыста қалған ардағым,
Қайырылмай кеткен қалқам­ай!
4­266

50
 АҚ ҚАЙЫҢ
Мен жоғымды сенен келіп іздеуші ем,
Арманымнан күдерімді үзбеуші ем.
Көктемеде, аппақ қайың, мен сені
Ақ балтырлы, көк көйлекті қыз деуші ем.
Бүгін келсем... әсерің жоқ көктемдей,
Көңілге де бір жел тұрып өткендей.
Ақ балтырың бәз­баяғы қалпында,
Көйлегіңді біреу шешіп кеткендей.
Күз келген соң уақыт тартып жетегін,
Жыл құстары тауыпты өз мекенін.
...О, ақ қайың, саған қарап ұқтым мен
Өмір мәңгі көктем емес екенін!
                                                  1974

51
* * * 
Тамашалап келбетін дала, күннің,
Есіңде ме бұлаққа баратын күн?
Өлеңдерін қызыға тыңдайтының
Он алтыға толмаған бала ақынның?
Іңкәрліктен қос жүрек
жанып, ысып...
Кездесуші ек әр кеште сағынысып.
Есіңде ме жүретін айлы түндер
Сезімдердің шарабын қанып ішіп?
Толтыра алар қуаныш гүлге етегін,
Қайғыны да өмірдің үйретерін,
Сезінбеппіз бұлақтай мөлдірлікті
Бекежан­жел бір күні күйретерін.
Сыңғырына тыңдайтын құлақ түріп,
Баяғыша жатыр ғой бұлақ күліп.
Мезгілінен ерте ұшқан арман­құсым,
Сол күндерді ойларсың жылап тұрып.
Көкірегің толған мұң, шығар қайғы,
Ешкім сені тап мендей ұға алмайды.
Өкінгенмен не пайда, өртенгенмен,
Сынған кесе қайтадан құралмайды.
                                               1978

52
ОҚЫЛМАҒАН ЖЫРЛАРДАН 
 
Ақын­көңіл – өрекпіген өр теңіз,
Толқынына ұрынарсың, ерке қыз.
Өмір деген сен жаттаған жыр емес,
Ойланбасаң от бастырар он сегіз.
Гүл дәуренің қауыз жарар кезінде,
Тұна қалған мөлдір бұлақ көзіңде.
...Сен құрбыңа сыр айтыпсың, естідім,
Ұнап жүрген өлеңім бе, өзім бе?
Ұнатасың...
қалай ғана сенейін,
Жай сезім де, 
одан өзге не дейін?
Жырға ғашық болсаң, 
қалқам, тыңдай бер –
Өмір жайлы өлең оқып берейін.
Аңдамасаң ақын деген – жас бала,
Жаным, мені жанарыңмен жасқама.
Жүрейін тек ағаң болып қаласаң,
Құралай қыз, қинай көрме басқаға.
Лаулап тұрған өрт­жалыны алаусың,
Алау қызға – алғы күнге қарау сын.
...Мен сен үшін қосылмайтын арнамын,
Сен мен үшін оқылмайтын тараусың.                                 
              
 1982

53
 ТЕРЕҢ САЙ
Басыңнан ұшып бұла бақ,
Сенімің болған,
Серігің болған қара баланы кінәлап...
Жүрсің бе, жаным,
тақуа тірлік, беймаза жұмбақ күй кешіп,
Оңаша кейде жылап ап?
...Сол шақта болған Тереңсай жақта ашық түн,
Мен саған сонда сырларын айтқам ғашықтың.
Отырған едік ауылдың сырты,
құралай, 
Бір ағыс келіп сезімдерімді тасытты.
Асылым, 
сонда шарт сынды сендік ақ алмас,
Гүл дәурен кезің арман боп кетті оралмас.
Сырына қанық,
жырына қанық досыңа
Сол Тереңсайда көңілің қалды ең алғаш.
Шарасыз, жаным,
жыладың содан ұзақ тым,
Шырмауы буып сенгенің құрған тұзақтың.
Іңірде ғана қызғалдақ едің...
Ақ таңға  
Мен пақыр сені күзгі гүл етіп ұзаттым.
Сен содан маған оралмай кеттің, 
арманым,
Сен кеттің алыс,
мен басқа жолды таңдадым.

54
Ең алғаш мені жауыздық іске үйреткен
Тереңсайға да бармадым.
...Сол Тереңсайды көруге бір күн құмар боп,
Мен келген едім...
Көз алдым кетті мұнар боп.
...О, керемет­ай,
іші оның суға толыпты...
Қатты қорықтым 
көз жасың сенің шығар деп.
                                                1978

55
* * *
Сәуірде соғам сағынып,
Сырласым болған алыс қыр.
Мұңайып барсам қамығып,
Райхандарыммен табыстыр.
Маржандар болса тауып ап,
Сағыныш әнін айтып кел.
Мендегі бақтың бәрін ап,
Бал дәуренімді қайтып бер.
Шөл болып кейде қуарып,
Көл болып кейде тасыдым.
Алдымнан шықшы қуанып,
Ақ көйлек киген асылым.
Тірлікке болған шапағат,
Өріліп өлең өткеннен.
Еркеліп жеткен махаббат
Ертерек жеткен көктеммен...

56
* * *
Аңғал едің,
жұлдыз жігіт көріндім,
Көкейіңде бүгін күдіктерің мың.
Жанарына жас толтырып кеттім бе
Үзілмеген үкілі үміттеріңнің?
Көреді екен өңінде де түс пенде,
Іңкәрліктің шәрбатынан ішкенде.
Көз ілмедім...
Төзімдерім таусылып,
Сезімдерің сергелдеңге түскенде.
Тақсіретті тартар жылдар,
тартар ай,
Ақ қайыңды алмаймыз ғой балталай.
Қуанғанда
Қуарғанды көрмесек,
Сағыныштан сарғаярмыз, қалқам­ай!
Мен күрсіндім...
Махаббатым торықты­ау,
Жан сырымды мүмкін емес ол ұқпау.
...Екінші рет жолықпайтын болған соң,
Бірінші рет керек еді жолықпау!

57
* * *
Тыраулай ұшқан тырналар
Тізіліп елге қайтқанда;
Өзіңнен күтіп бір хабар,
Мұңлы бір әндер айтқанда;
Гүл толы қырат­қырларды
Жалғыз бір кезіп кеткенде;
Жаныммен егіз жырларды
Ағыл да тегіл төккенде;
Көгілідір көктем жеткенде,
Тереңсай суға толғанда;
Қимастық айтып өткенге,
Тағы да барсам сол маңға;
Көріндім жұртқа боп құзғын,
Тірліктен кейде түңіле;
Көшеде жүрген көп қыздың
Көз ілмей кетсем біріне –
...Бәрі де бәрі сен үшін,
Өткеннен бір сыр шерте ме Ай?
Көңілдің  мұзы ерісін,
Еркелеп жетші, еркем­ай!

58
* * *
Сол баяғы жерлермен кезіп өткен,
Бір жүрейік, махаббат,
тезірек кел.
Жыра­жылдар араны алыстатса,
Соқпақ салар жаңадан сезім­өткел.
Келер болсаң, 
кешікпей кел тезірек,
Өн бойымды балқытып өртеп іреп,
Жыр аңсаған дамылсыз...
Құмар саған
Ерке жүрек кетпесін ерте жүдеп.
Кел, қалқатай,
келетін кезің күліп,
Нұр­шуаққа бөлен де өзіңді ұмыт.
Бір жүрейік сезімсіз сорлыларға
Не екенін БАҚЫТ­тың сезіндіріп.
Ертектегі ел білер ғашықтардай,
Аңсау­ағын арнадан асып толмай,
Тіршілікте түйін жоқ
Екі жүрек
Бірге соғып тұруға асық болмай.

59

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет