Бағдарламасы бойынша жарық көрді Ұзақов Бегабат



жүктеу 0.85 Mb.
Pdf просмотр
бет2/9
Дата15.03.2017
өлшемі0.85 Mb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9

ШОМА
Биылғы қыстың қаһары қатты. Қарашаның соңы жылы-
мықтау-тұғын. Желтоқсан кіре берісімен күн күрт мінез та-
нытты. Алдымен сай-сүйегіңді сырқыратар қара суық күшіне 
мінді, сосын бірер күн райынан қайтып, босаңсығандай сыңай 
білдірді  де,  артынан  жапалақтап  қар  жауып  берді.  Ауыл 
адамдары малын жылы қораға қамап, ала жаздай қамдаған 
жем-шөбін  береді.  Өздері  де  соғымын  шетінен  жəукемдеп 
жататын  кез  бұл.  Көшеде  бейсауат  жүрген  жан  жоқ.  Лай-
дан  соғылып,  үстіне  қаңылтыр  қорғаныш  жүргізілген  биік 
дуалдардан  аула  ішінде  не  боп  жатқаны  білінбейді.  Тыл-
сым тыныштық орнаған. Үйлердің сорайған мұржаларынан 
будақтаған  түтін  ғана  тіршіліктің  қам-қарекеті  жалғасып 
жатқанын айғақтағандай көкке өрлей барып, айналаға тара-
лады. 
Желтоқсан бел ортадан ауғанша төрт рет жауған қар ан-
да-санда жылт ететін күннің өлімсіреген сəулесіне жібімей 
сіресіп жатыр. Оның үстіне кеше екіндіден соң тағы борай 
бастаған қар түн жарымына дейін тынбады.
Өлі тыныштықты бұзып, ауылдың шетірегінде орналасқан 
еңселі  үйдің  қар  кептеліп  қалған  темір  қақпасы  сықырлай 
ашылды.  Он  төрт-он  бестегі  екі  бала  қақпаны  əрең  итеріп 
ашқаны байқалып тұр. Балалар шетке ығысып жол берді де, 
қарагер атқа мінген еңгезердей кісі шықты. Иығына қосауыз 
мылтық асылған. Балалар күшеніп тартқылап қақпаны қайта 
жапты.  Қақпаның  сықырынан  секем  алған  иттер  шəуілдей 
жөнелді.  Сиыр  мөңіреді.  Қарагер  атты  кісі  батысқа  қарай 
бет  алды.  Аттың  құйрығы  түйілген.  Дүние  сүттей  аппақ. 
Қарауытқан  бұл  ғана.  Мына  бір  үйдің  талы  сынып,  жолға 
құлапты.  Ат  сүрініп  кетпесін  деп  шетінен  айналып  өтті. 
Жүрісі өнер емес. Қалың қар кедергі келтіруде. Азынаған аяз 
да маңдайдан қарып барады. Мұндайдың талайын көрген бұл 
ештеңені елер емес. Түлкі тұмағын көзіне дейін түсіріп алды 
да, жолын жалғастыра берді. Ертерек Ақтоғайға жетіп алса, 
болғаны. Мынадай қарда ол жердің қоянын ату оңай. Іздері 
сайрап жатады. Басқа кезде қай бұтаның түбіне тығылғанын 
білмейсің.
Бұл  дүниеде  қызығушылықтың  түрі  көп.  Əркім  өзінше 
бірдеңені  ермек  қылады.  Жаппар  жастайынан  аңшылыққа 

23
əуестенді.  Басқасын  қайдам,  аңшылық  деген  айықпас  дерт 
екен. Бір үйренсең, тастауың қиын. Құмары ұстап, делебең 
қозады  да  тұрады.  Сол  дерт  жабысқалы  бері  Жаппардың 
тынышы жоғалған. Əсіресе, соңғы он жылда кезбеген тау-
тасы, араламаған орман-тоғайы жоқ. Қай мезгілде, қай жер-
де  қандай  аң,  құс  боларын  бес  саусағындай  біледі.  Аңшы-
лық  өмірінің  мазмұнына  айналған.  Əйелі  мен  екі  бала-
сы  да  мұның  саяқ  жүрісіне  көндіккен.  Былай  қарағанда 
саятшылық құрып, тамақ асырар халде емес. Момын əйелі 
шаруасын дөңгелентіп отыр. Балалары да қолғабыс тигізуге 
жарап  қалған.  Ірілі-ұсақты  қырық-елу  қойы,  төрт  бұзаулы 
сиыры,  мінер  аты  бар.  Үйінің  бір  бұрышынан  азық-түлік 
сататын  дүкен  ашып  қойған.  Шылқыған  бай  болмаса  да, 
ішер асқа тарықпайды. Үй тірлігінің бəрін əйелінің мойны-
на  артып  қойғандықтан  атқа  мініп,  түзден  бері  келмейді. 
Қанша  кəнігі  аңшы  болғанымен  қанжығасы  бос  қайтатын 
кездері де болады. Ондай кезде қабағы қатуланып, шыбын-
ның  ызыңын  жақтырмайды.  Алда-жалда  қыруар  ақшаға 
алынған  оқтың  көбін  шығындап,  жалғыз  қасқалдақ  атып 
келе  қойса,  күйінбейді.  Ерінбей  қасқалдақты  қалай  атып 
алғанын əңгімелеп береді. Сол мезеттегі жабайы лəззаттың 
əсерінен  айыға  алмай,  қанталаған  жанарынан  жауыздық 
ұшқындайды. Ал, олжасы мол болған кездерде тіпті шешен-
сіп,  үйіндегілердің  ығырын  шығарады.  Былайғы  кезде  өте 
тұйық,  жақындап  кеткен  кісіге  жұғыса  білмейді.  Оқшау 
жүргенді  жаны  қалайды.  Көрші-қолаңның  бұған  да  көзі 
ұшып  тұрғаны  шамалы,  жолыға  қалса,  өлгеннің  күнінен 
тəңір  сəлемін  беріп,  ажалдың  көлеңкесі  түсіп  тұрғандай 
суық жүзінен сескенеді де, жылыстап өте шығады. Егер ана 
инабатты  əйелі  мен  кішіпейіл  балалары  болмағанда  үйіне 
жақын-жұрағатынан басқа пенде бас сұқпас та еді. Табиғатта 
басы  артық  нəрсе  жоқ.  Бəрі  үйлесіммен  жаратылған.  Ұлы 
сана-сезімнің  иесі  адамзат  айналасындағыларды  аялауы 
тиіс. Алайда, тепе-теңдікті бұзып өзгенің өмірін құртқандар 
өзінің  де  келешегін  күйрететінінен  бейхабар.  Қанындағы 
жауыздықтан  арыла  алмай  бір  бейкүнə  құмырсқаны  орын-
сыз  өлтірген  адам  əлемді  жойып  жіберуден  де  тайынбай-
ды. Бəлкім, осы қасиеті үшін де Жаппар аңшыны айналасын-
дағылар албастыдай көріп, жиренетін шығар. Бірақ, ол мұны 
ойлап  басын  қатырмайды.  Жортқан  аң  мен  ұшқан  құстың 

24
да өмір сүруге хақы барлығы, оған зауал төндірудің обалы 
қаперіне де кірмейді.
Қарагер ат жайлап жүріп келеді. Қысқа ғұмырында əдемі-
лігімен  көздің  жауын  ала  Күн-ғашығының  алау  сезімінен 
еріп кетпей, ат тұяғына жаншыла аппақ жүрегі ойық-ойық 
боп  бара  жатқанына  нала  болған  қардың  жанайқайы  ара-
ша сұрап əлемді оятып жатқандай бəсеңдер емес. Ауыл үш 
қырқаның артында қалды. Еріне тұрғандардың тіршілігі бас-
талған да болар. Ол Жаппар аңшыны алаңдатпайды. Аяздың 
ызыңдағаны  мен  қардың  сықыры  құмарлығын  қоздыра 
түсіп, олжасына асығуда. Енді сəл жүрсе, ақ шəліге бүркеніп 
тұрған Ақтоғайға да жетеді. Жай жүріп бара жатқан аттың 
жүгенін құранды ердің басына іліп, қалтасынан шақшасын 
суырып ап насыбай атты. Сосын шақшасын қалтасына салып 
қойды.  Насыбайдың  кермек  дəмі  таңдайына  татып,  құрыс-
тырысы  жазыла  бастаған  болу  керек,  көңілдене  жүген-
ді қолына алды.. 
Ақтоғайдың  аумағы  үлкен.  Үлкен  жəне  кіші  Ақтоғай 
боп  екіге  бөлінеді.  Үлкен  Ақтоғайға  жолау  мүмкін  емес. 
Ол  жер  мемлекеттік  қорық.  Қамыскөлдің  шығыс  жағала-
уы – кіші  Ақтоғай.  Онда  тал,  терек,  жиде  өседі.  Құнды 
ағаштары  болмағандықтан  осы  маңайдағы  ауылдарға  кіші 
Ақтоғайдан  отын  шауып  алуға  рұқсат  берілген.  Шабылған 
ағаштардың  орнына  көктемде  көшет  отырғызылады.  Бұл 
жерді бақылайтын орманшы жоқ. Аңшылық қылсаң да еш-
кім қолыңды қақпайды. Бірақ, кіші Ақтоғайдың аң-құсы көп 
емес. Қырғауыл, қасқалдақ, қоян бар.
Жаппар  аңшы  кіші  Ақтоғайға  да  жетті-ау,  ақыры!  Ау-
зындағы  насыбайын  шырт  түкіріп,  маңайын  көзбен  шо-
лып шықты. Адам ізі көрінбейді. Демек, əлі басқа аңшылар 
келіп үлгермеген. Ақырын түсті де атын ықтасындау жерге 
жетектеп  барды.  Шылбырын  ұзындау  етіп  ағашқа  байла-
ды.  Былайырақ  шығып,  кесілген  ағаштың  сорайып  тұрған 
түбірінің  қарын  тазалап,  қоржынын  қойды.  Оның  үстіне 
мылтығын  көлденең  жатқыза  салды.  Сосын  тонының  түй-
мелерін ағытып, беліндегі оқшантайдан екі оқ алды. Бытыра-
дан жасалған оқ осындай құрғақ жерде тұрмаса, ылғалданып 
атылмай қалады. Қосауыз мылтықты оқтап болған соң ішінен 
бір қап алды да, қоржынды аттың басы жетпейтіндей жердегі 
ағашқа ілдіре салды. Əр тал, əр бұтаның түбін қалт жібермей, 

25
аяғын жайлап басып тоғай ішіне еніп кетті. Біраз жүрген соң 
көзі қоянның ізін шалды. Ізге түсті. Ана ағаш, мына ағаштың 
арасынан  жүру  де  оңай  емес.  Ербиген  бұтақтар  іліп  қап, 
ығырыңды  шығарады.  Ізден  адасып  қалуға  тағы  болмай-
ды. Қоян деген де оңай жерде жүре бермейді. Құс тұмсығы 
батпайтын  бұталардың  арасынан  өтіп,  қайдағы  бір  қуысқа 
тығылады. Бұл тоғайдың түкпір-түкпірін түгел білетін Жап-
пар аңшы іздің бағытынан қоянның барады-ау деген жерін 
шамалайды. Сондықтан, адам жүруі қиын қалтарысқа тура 
кіруге  ұрынбай,  мейлінше,  оңайлау  тұстан  барады  да,  он-
дай жерлерден іздің шыққан-шықпағанына назар аударады. 
Қазір де солай болды. Төрт-бес қалтарысқа қоян бөгелмеген. 
Шыққан ізі бар. Қиыс- қиыстан жүріп отырған ол бір талдың 
тасасында  тұрып,  мылтығын  кезеді.  Мұның  ойынша,  іздеп 
келе жатқан қояны қарсы алдындағы үлкен талдың кеуегіне 
жасырынған болуы мүмкін. Қураған өсімдіктер мен сынған 
бұталардан  талдың  қасына  жақындау  мүмкіндігі  аз.  Қоян 
үшін қолайлы жердің бірі осы. Ол мылтығын кезеніп тұрған 
күйі ысқырып жіберді. Бұталар арасынан бір қоянның орғып 
шығуы мұң екен, «паңқ» еткен мылтық дауысы шықты да, 
аппақ  қар  үстіне  жалп  ете  құлады.  Тосын  дауыстан  шо-
шыған қарғалар мен шымшықтар топ-тобымен ұшып, тоғай 
ішін ұлы шуға бөледі. Əлі жаны шығып үлгермей дірілдеп 
жатқан  қоянның  қасына  жүгіріп  барған  ол  дорбасынан 
пышағын  алып,  тамағынан  тартып  жіберді.  Қарға  тамып 
жатқан  ып-ыстық  қызыл  қанды  көргенде  көзі  жайнап  сала 
берді.  Алғашқы  олжаны  қапқа  сүңгітті  де  əрі  қарай  кетті. 
Тоғай ішіндегі тыныштық бұзылды. Енді таса-тасада жүріп 
аңду  керек.  Біраз  жүргесін  тоғайдың  қалың  жеріне  барып 
ағаштың  тасасына  отырды.  Атылған  оқтың  орнына  тағы 
біреуін салып қойды. Жарты сағаттан астам уақыт өтті. Ай-
наланы  түгел  бақылап  тырс  етпей  отыр.  Мұндайда  уақыт 
та  өтпей  кетеді.  Аңшылықты  сабырлы  адамға  шығарған. 
Күтуге шыдасаң ғана олжалы боласың.
Оң  жағындағы  бұталар  арасы  сытырлады,  бір  қоян  зы-
тып  барады.  Шүріппені  басты.  Сол  сəтте  қарсы  алды-
нан қырғауыл ұшты. Оны да атып үлгерді. Бірақ, оғы қате 
кетті. Анадай жерде жатқан қоянды бауыздап қапқа салды. 
Қырғауылды  дəлдеп  ата  алмағанына  іші  удай  ашып,  көңіл 
күйі бұзылды. Ашумен мылтығын қайта оқтады...

26
Күн түске таяп қалды. Тоғайдың ана жер, мына жерінде 
жүріп  алты  қоян  атыпты.  Үйге  қайтса  да  болады.  Ол  кері 
бұрылып, тоғайдың манағы өзі кірген тұсынан шықты. Ілулі 
тұрған  қоржынды  алып,  қапты  ішіне  тықты.  Аты  əлдебір 
шөптердің басын қаузап тұр екен. Өзінің де қарны ашқанын 
енді аңғарды. Қой, жүрек жалғап алмаса болмас. Қоржынның 
бір басынан түйіншек пен термос алды. Түйіншекті шешіп 
түбірдің  үстіне  қойды.  Майдалап  кесілген  қазы  мен  нан 
бар екен. Термостың қақпағымен ыстық шай сораптап ішті, 
қазыны нанға қосып қомағайлана асады. Ішіне жылу кіріп, 
жаны  жадырап  сала  берді.  Енді  үйге  қайтса  болады.  Тер-
мос пен түйіншекті қоржынға қайта жайлай бергені сол-ақ 
екен, он бес метрдей жерде кетіп бара жатқан қоянды көрді. 
Қоржынды  тастай  сала  иығына  асулы  тұрған  мылтықты 
алып, дереу көздеді де шүріппені басып жіберді. Тура кетіп 
бара жатқан қоян ұршықтай айнала барып, бойын тіктеді де 
малдас  құрып  отырған  адам  сияқты  бұған  қарай  қатты  да 
қалды.
– Еһ, шома түсті! – деп бұл мылтығын құшақтаған күйі 
қарға отыра кетті.
Аңшылардың салты бойынша жолыққан аңның бəрін қы-
ра беруге болмайды. Шектен асқан қаныпезерлікті Жаратқан 
Ие жазасыз қалдырмайды. Құмарлық сезімін билей алмаған 
аңшы – аңшы  емес.  Əр  жаратылыстың  өзіндік  киесі  бар. 
Барлық  құрбандығыңның  киесі  мыңыншы  аңның  бойына 
жиылған  болады.  Оны  атсаң,  бұрын  көз  көріп,  құлақ  есті-
меген тосын құбылыстың куəсі боласың. Сол ерекше құбы-
лыс – «шома  түсу»  деп  аталады.  Шома – Жаратқан  Иенің 
аңшыға  жасаған  ескертуі.  Одан  соң  мылтығыңды  тастап, 
аңшылықты қоймасаң, бəлеге жолығасың.
Жаппар аңшы мұндайды естігенде «Құдайдың аң-құсын 
жұрттан  қызғанған  сараңдау  бір  аңшының  таратқан  аңызы 
шығар»  деп  ойлайтын.  Аңның  шома  түсетінін  бар  аңшы 
естігенмен,  көзбен  көрмеген  соң  сеніңкірей  бермейді.  Де-
генмен  кез  келген  аңшының  түйсігінде  шомадан  сеске-
ну  жатады.  Жаппар  аңшы  бала  кезінде  ел  аралап  қайыр 
сұрап  жұретін  Баймұрат  деген  дуананы  көп  көрген.  Адам-
дар  оны  көздегенін  құр  жібермейтін  мерген  аңшы  болған 
десетін еді. Соның аңы шома түскен көрінеді. Мəн бермей 
аңшылығын  жалғастыра  беріпті.  Үйін  жасын  соғып,  əйелі 

27
мен  бес  баласы  бірдей  өртеніп  кеткен  соң  есінен  ауысқан. 
Бір қарасаң, əжептəуір-ақ адам сияқты көрінгенімен, тапқан 
тиын-тебеніне  арақ  ішкен  кезде  дені  сау  кісінің  қылығын 
істемейтін. Үстіндегі киімін алба-жұлба етіп жыртып, құты-
рып кететін. Суықта қап, үсіп өліп кетті. 
Шома  түскен  қоян  сол  күйі  ескерткіштей  қатып  қалды. 
Қайта-қайта  қарағанымен  Жаппар  аңшы  жүрек  жұтып, 
оның жанына бара алмады. «Шынымен-ақ мыңыншы аңды 
атқаным  ба? – деп  ойлайды  ол. – Күнəмнің  өтеуін  қалай 
өтеймін?...».
Жаппар аңшының қиял құсы алыстарға самғады. Ең ал-
ғаш рет тоғызыншы сыныпты бітірген жылы үйрек атқаны 
ойына  оралды.  Нағашысы  Шəкірдің  үйіне  қыдырып  бар-
ған. Бұл аңшы нағашысымен бірнеше күн бірге жүрді. Мер-
гендігіне тəнті боп, аңшылыққа құмартқаны соншалық, бір 
күні нағашысының мылтығын сұрады. 
– Мылтықты қайтесің? – деді нағашысы.
– Мен де аң, құс атқым келеді.
– Атуды білесің бе?
– Көріп жүрмін ғой.
– А-а, – деді нағашысы таңырқап. – Дегенмен, аңшы болу 
үшін мылтық ата білудің өзі аздық етеді. 
Мұның  мұңайып  қалғанын  көрген  нағашысы  орнынан 
тұрып кетті де төргі бөлмеден қосауыз мылтық ап шықты.
– Мынау менің басы артық мылтығым. Бүгін Ащыкөлге 
барамыз.  Екі  оқ  беремін.  Біреуін  тигізсең,  мылтық  сенікі.
Тигізе  алмасаң,  аңшылыққа  мұрныңды  тықпа.  Жөніңді  бі-
ліп, қайқай!
Бұл  келіскенін  білдіріп,  басын  изеді.  Өзіне  бек  сенімді. 
Өйткені, мектепте бастауыш əскери білім беру сабағын оқы-
татын ағай автоматпен нысана көздеп атуды үйреткен. Бұл 
əманда онның нөліне ұрады.
Ащыкөлдің  төменгі  жағындағы  қамысты  жағалай  жү-
ріп бара жатқанда үйрек ұшты. Нағашысы иығындағы мыл-
тығын  алам  дегенше,  бұл  мылтықты  қолына  ұстап  келе 
жатқандықтан  лезде  ата  салды.  Оқ  тиген  үйрек  қамыстың 
арасына түсті. Жүгіріп барып қалтырап жатқан үйректің та-
мағын пышақпен орып жіберді. Қолына қан тиді. 
– Көздеместен қалай атып түсірдің, а? – деді таңданысын 
жасыра алмай, артынан жетіп келген нағашысы.

28
– Қозғалыстағы нысананы көздеу шарт емес. Мен жыл-
дамдықты аттым, – деп бұл аңшылыққа шыққандағы алғаш-
қы  оғын  бекерге  шығындамағанына  мəз  боп  көкірегін 
кере  түсті.  Ақыл  тоқтатқан  кəнігі  аңшыдай  данышпан-
сып  мектептегі  мұғалімінің  сөзін  қайталап  айта  салғанын 
байқамады.
Мұндай  жауапты  күтпеген  нағашысы  не  дерін  білмей 
қалды...
Шəкір аңшы сөзінде тұрды. Сол сапар нағашысының ауы-
лынан  қосауыз  мылтықпен  қайтты.  Қазір  қолында  жүрген 
сол  мылтық.  Əдепкі  кезде  мылтық  сандықта  жатты.  Бұл 
мектепті  ілініп-салынып  əрең  аяқтаған  соң  жүргізушілікке 
оқыды. Одан соң əскерге кетті. Əскерде мерген болды. Мер-
ген деген дардай аты болмаса, қырған жауы жоқ. Мектептегі 
бастауыш əскери білім беру сабағындағыдай жаттығуларда 
нысана  атып  екі  жылын  өткізді.  Мектепте  үлгерімі  на-
шар  болғанымен  бір  нəрсені  санасына  мықтап  құйып  ал-
ған:  Қозғалыстағы  нысананы  ату  пайдасыз.  Көзбен  оның 
жылдамдығын  шамалап,  бара  жатқан  бағытын  ату  керек. 
Бұл қағида əскерде де, кейінгі өмірде де басты ұстанымына 
айналды.  Əскерден  келгесін  əке-шешесі  үйлендіріп  қойды. 
Баяғы оқуы кəдеге аспады. Көлік жүргізу бұйырмады. 
Заман  басқа  арнаға  бұрылып  кетті.  Жұмыссыздық  жай-
лап, ала қап арқалаған жұрт жан бағу үшін базар жағалады. 
Əке-шешесі  көзінің  тірісінде  малын  сатып,  ауласының 
бір  бұрышынан  дүкен  салып  берді.  Мұның  саудаға  қыры 
жоқтығын  білгесін  əйелі  Сəлима  дүкенді  өз  қолына  алды. 
Ептілігінің  арқасында  едəуір  қоң  жинады.  Екі  бала  туып 
та үлгерді. Əке-шешесі өмірден озғасын бұл селтеңдеп əрі-
бері  жүрді  де,  берекесіздігінен  жалығып,  сандықта  жатқан 
мылтықты  алды.  Сосын  біржолата  аңшылыққа  ден  қойды. 
Баяғы  Ащыкөлде  алғашқы  атқан  үйрегінің  қолына  тиген 
қаны бүкіл өміріне кетеді деп ойламаған-тұғын. Қасқалдақ, 
қырғауыл, қоян, киік, бұғы атты. Бəрінің қаны қолына ша-
шырай берді...
Сұп-суық  қардың  үстінде  отырғанына  қарамастан  жа-
ны қысылып қара терге малшынғанын сезген жоқ. Қар құ-
шағында  жатқан  аппақ  əлем  өз  өңін  жоғалтқан.  Қырмызы 
қан тəрізді. Тұла бойын жайлаған жылымшы сұйықтықтан 
тітіркеніп  кетті.  Аяқ-қолынан  əл  кеткен.  Қан  толып  ағып 

29
жатқан өзенге батып бара жатқан тəрізді. Көздері аши баста-
ды. Бет-жүзінде де ыстық қан. Тынысы тарылды. Айналасы 
толған үйрек. Басы жоқ. Бəрі «пыр» етіп ұшты. Қанаттарын 
сабалап мұның үстінде айнала бастады. Төбесінен қан сау-
лап ағып жатыр. Бассыз қасқалдақтар мен қырғауылдар да 
оларға  қосылды.  Бір  кезде  Қан-өзен  екіге  айрылды.  Орта-
сында жол пайда болды. Бассыз бұғылар мен киіктер шап-
қылап келе бастады. Бірінің қарны, бірінің бөксесі үңірейіп 
тұр. Оқ тиген жерлерінен қан ағып жаңа ғана пайда болған 
жолды  қанға  толтырып  тура  келе  жатыр.  Ап-анық  көріп 
тұр. Кейбіреулерін танығандай болды, кейбіреулерін қашан 
атқанын мүлдем есіне түсіре алмады...
– Əй, неғып қарда отырсың? – деген дауыс шықты. Бірақ, 
ол бұл дауысты есітер халде емес еді. 
Біреу иінінен жұлқылап жатыр. Не боп жатқанын түсінбей 
мағынасыз  қарады.  Ештеңені  көрмеді.  Бетіне  соғылған 
шапалақтан  селк  ете  қалды.  Есін  жия  бастады.  Үйрек  те, 
қасқалдақ  пен  қырғауыл  да  жоқ.  Қоян,  киік,  бұғылар  да 
көрінбейді. Қан-өзен де ғайып болған. Жан-жағына қарады: 
аппақ қар. Анадай жерде аты байлаулы тұр. Аппақ сақалды 
кісі  қолтығынан  демеп  орнынан  тұрғызды.  Аяғы  ұйып 
қапты. Тəлтіректеп əрең көтерілді. Ақтоғайда жүргені, соңғы 
атқан қояны шома түскені есіне келді. Ақ сақалды кісіні де 
таныды: Талдыдағы Сабыр аңшы. Ол мұның қолын уқалап 
тұрып, сұрады:
– Ауырып қалғансың ба? Жолай кетіп бара жатсам, жер 
тарпып  кісінеген  аттың  дыбысы  шықты.  Содан  бұрылып 
келсем, мылтығыңды құшақтап қардың үстінде отырсың. Не 
болды?
Тұла бойы қақсап тұрған бұл əрең аузын ашып, қырылдап 
жауап берді:
– Ш-шо...ма түс...ті. – Иегімен қоян жақты нұсқады.
– Не дейді? – деп бұл шошынып жалт қарады. – Е, Алла, 
өзің сақтай гөр!...
Сабыр аңшы алпысты алқымдап қалса да, мұндайды бі-
рінші рет көруі еді. Зəре-құты қалмады. 
– Қорқып кетіп қарға отыра қалған екенсің ғой. Құдай 
бір  сақтапты.  Үсіп  өлер  едің.  Аңшылығы  құрысын,  таста 
енді!
Бұл басын изеді.

30
– Арақ болғанда ғой! – деді Сабыр аңшы. – Тамағыңды 
сылап, таңып берер ем. Кішкене жұтып алсаң, ауруды басар 
еді.
– Қ-қор...жын...да с-спир-т бар.
Сабыр  аңшы  дереу  мұның  дəу  түбірдің  үстінде  тұрған 
қоржынынан бір жарым литрлік баклашкіні суырып алды. 
– Су қосылған ба?
– Жоқ. Таза.
– Онда өте жақсы! – деп ол баклашкінің қақпағын ашты 
да,  алақанына  кішкене  құйып  ап,  мұның  тамағын  сылады. 
Сосын қалтасынан орамал шығарып мойнын таңып тастады. 
Тонының жеңін түріп жіберіп, білегін спиртпен ысқылады.
– Енді мынаны жұтып жібер, – деп Сабыр аңшы бұлбұл-
дың  көз  жасындай  спирт  құйылған  баклашкінің  қақпағын 
ұсынды. Бұл ауырсына жымиып, баклашкіге ишара қылды. 
–  Мынаның  тамақтан  əрі  өтпей,  таңдайда  қап  кететінін 
ойламаппын ғой, – деп баклашкіні берді.
– Ұйығаны тарап, қолы икемге кеп қалған Жаппар аңшы 
баклашкіні  көтеріп,  іше  бастады.  Бес-алты  құлтым  жұтқан 
соң баклашкіні жерге қойып, өртеніп бара жатқан аузын тарс 
жұмып, дем алмай тұрды. Бірер сəттен соң ғана алақанымен 
аузын  басып,  тыныстады.  Ішіне  жайлап  енген  спирт  бүкіл 
денесін  қыздыра  түскендей,  миы  да  дел-сал  боп  ауруды 
естен шығара бастағандай ерекше сезім билеп алды. Көңілі 
көтерілді, күлкісі келе ме-ау!...
–  Енді  бірнеше  мəрте  отырып  тұр, – деді  Сабыр  аңшы 
баклашкінің қақпағын жауып жатып. – Қаның айналсын.
Оның айтқанын орындап жеті-сегіз мəрте отырып тұрды. 
Сергіп қалғанын сезінді. 
– Қарыздармын. Бір өлімнен құтқардыңыз, – деп ризашы-
лығын білдірді. Даусында əлі де болса қырылды бар. – Айт-
пақшы, қайдан жүрсіз?
– Біз жай ғана себепші болдық. Қарыздарлығы несі, кім 
болса да сөйтпей ме? – деді кішіпейілділік танытып. – Мен 
кеше Балқұдықтағы Орынбай шопанның қыстауына кеткем. 
Азғантай қой қосып қойғам. Соның үш-төрт айлық ақысын 
алдын ала бермек боп барған ем. Оның үлкен баласы Қаратау 
жақтан киік атып келген екен. Айтуына қарағанда арқадан 
аязға шыдамай киік ауған көрінеді. Содан таңды əрең аты-
рып,  мен  де  Қаратау  жаққа  қарай  тарттым.  Жамансайға 

31
жеткенімде киік іздерін көрдім. Із – Əли шопанның жазғы 
қорасына барып тірелді. Барсам, бір топ киік бүрісіп тұр. 
– Сонда адамнан қашпай ма? – деп оның сөзін бөлді Жап-
пар аңшы дегбірі таусылып.
– Жоқ. Əбден тоңазып, ашыққаннан əлсіреп қалған бай-
ғұстар. Мөлеріп қарайды. Көздері тура адамның көздеріндей. 
Атуға дəтім бармады. Содан тізеден келетін қардың əр жерін 
бір шұқып, қурап қалған жусан ба, селеу ма, қолға ілінген 
шөпті  жинадым.  Əли  шопанның  қорасы  маңында  қисайып 
тұрған  шөпкер  үйінің  есігін  бұзып  ашып,  шөпті  сонда  са-
лып,  алыстау  барып  тұрған  ем,  киіктер  үйге  лап  қойды. 
Тырбаңдап тағы шөп жиып, есік алдына қойып кеттім. Қай-
тып келе жатқан бетім осы. Үйге барған соң баланың трак-
торымен шөп апарып тастамақпын. Қырылып кетпесін бай-
ғұстар!.. Суық үдей берсе, əлі көп киік ауады. 
– Қайбір жылы да сондай болған еді, – деді Жаппар аңшы 
мол олжаға кенелгенін есіне алып.
– Иə. Ол кезде адамдар киіктерді қырып салды ғой! – деді 
мұңайып. – Өйте берсе, онсыз да азайып кеткен жануарлар 
құрып бітеді ғой!
Жаппар аңшы оны қостап ештеңе демеді.
–  Ал,  енді  сені  атыңа  міндіріп  жіберейін.  Мен  ертерек 
үйге  жетіп,  жарық  көзінде  Жамансайға  бір  трактор  шөп 
апармасам, тағат табар емеспін.
–  Өзім  міне  алам  атқа.  Біршама  жақсы  боп  қалдым. 
Сіз  кете  беріңіз, – деді  Жаппар  аңшы.  Қоржынынан  қоян 
əпермек боп оқталды да, аңы шома түскен аңшыдан ешкім 
олжа  алмайтынын  ойлап  райынан  қайтты. – Бір  құлтым 
спирт жұтып ап мен де қайтам. Қызметіңізге рахмет!
– Көбірек ішіп масайып қап жүрме, – деп бұған қараған 
ол, сауығып қалғанын байқап, анадай жерде тұрған тарлан 
атқа мініп, шоқыта жөнелді.
Оны  көзімен  ұзатып  салған  Жаппар  аңшы  баклашкінің 
қақпағын  ашып,  бір-екі  құлтым  спирт  жұтты.  Ішіне  өрт 
түсіп,  тұла  бойы  маздап  жанып  бара  жатқан  сияқты  суық-
ты сезбейді. Сабыр аңшы айтқан киіктерді ұмыта алар емес. 
«Таңертең  Ақтоғайдың  қоянын  аулауға  шыққанша  Жа-
мансайға  неге  кетпедім?  Олжаға  кенелер  ем.  Шома  түспес 
пе еді, бəлкім? Енді қалай өмір сүрем? Тірліктің бар қызығы 
күні бойы жанталаса қуып атқан жалғыз аңыңның дірілдеп 

32
жатқанын  көргендегі  рахатқа  жетпейді.  Енді  бəрі  бітті!» – 
деп  ойлаған  ол  ызасы  кеп  тағы  спирттен  сімірді.  Кенет 
санасындағы үрей сейіліп, шома түскен қоянды көргісі кеп 
кетті: «Ақыры, өмірімнің мəні кеткен екен, несіне қорқам? 
Бар қызықтан айырған сол қоянды анықтап бір көрейінші! 
Қандай бəле екен өзі?».
Ол қолына баклашкіні ұстаған күйі шома түскен қоянның 
қасына  барды.  Малдас  құрып  отырған  адамға  ұқсап  қатып 
қалған.  Бажайлап  қарады,  Қоянның  оң  қолтығы  астынан 
тіреп тұрған саусақтың жуандығындай ағаш бұтағын көрді. 
Жалт қарап еді, сол жағында да сондай бұтақ бар екен. Бар 
күшімен  қоянды  теуіп  жіберді: «Тфу!  Қайдағы  шома?  Бұл 
бұтақтың арасына қысылып қалған ғой! Бəсе, қоянның жаны 
шығып кеткен соң денесі босаңсиды. Тік тұруы мүмкін емес. 
Неге соны ойламағам?».
Ол  спиртті  қылқылдата  жұтып  манағы  орнына  қарай 
жүгірді.  Түбір  түбіне  жеткенде  баклашкінің  қақпағын  жа-
уып,  қоржынға  тықты.  Мылтығы  түбір  жанындағы  талға 
ілулі тұр екен. Сабыр аңшы іліп қойған болса керек. Мыл-
тықты  тексеріп  көріп  еді,  жалғыз  оғы  бар  екен.  Оны  суы-
рып  ап,  оқшантайға  салды.  Енді  бытыраның  қажеті  жоқ. 
Нағыз  оқтан  екеуін  жайлады.  Мылтықты  иығына  асып, 
қоржынды  Қарагердің  үстіне  тастай  салды.  Сосын  атының 
шылбырын шешті де, қарғып мінді: «Қайдағы бір нəрседен 
қорыққанымды қарашы! Шома деген əшейін сандырақ. Аң, 
құс – адамның азығы. Атпасаң, жер-жиһанды қаптап кетеді 
ғой!  Ана  Сабыр  аңшы  да  алжыған.  Киіктерге  шөп  апарып 
салам дейді-ау! Жүре бер аузыңдағыдан айырылып!...».
– Еһе-һей, еһе-һей, – деп есі ауысқан адамдай айқайлап, 
тоғайдың  шетінен  шығып  жазыққа  түскен  соң  Қарагерге 
қамшы басты. Мынадай қарда аттың шабуы қиын. Тəуекелге 
барып, Қарагерді желдірмесе, Жамансайға үш сағатсыз жету 
мүмкін емес. Сабыр аңшының алдын орап кетпесе, олжадан 
айырылады...
* * *
Жамансай – Қаратаудан бастау алатын ескі аңғар. Сонау 
құздарға  ұласқан  жерінен  төменге  қарай  он  шақырымдай 

33
жерге созылып кеткен. Жаздың шіліңгір ыстығында бір там-
шы  суға  зар  боп  кенезесі  кепкендіктен  түбіндегі  қиыршық 
тастар күн сəулесіне шағылысып, əуір таратып жатады. Көк-
темде,  күзде  өте  қауіпті.  Жоғарыдан  алапат  екпінмен  кел-
ген  сел  Тұщыкөлге  барып  құяды.  Жолына  кесе-көлденең 
тұрғанды ағызып əкетеді. Бұл маңайдың қыр-сырын жақсы 
білетін Əли шопанның қорасы Жамансайдың аяқ тұсындағы 
биік қыраттың басында. Ол жерден Жамансайдың түбіне көз 
тастасаң, басың айналады. Əли шопан маусым, шілде айла-
рында ғана бұл жерге қоныстайды. Тамыздың орта шеніне 
жетер-жетпестен  басқа  жаққа  көшіп  кетеді.  Ол  кезде  Əли 
шопанға  нағыз  рахат!  Қой  бағып  əуре  болмайды.  Төменгі 
жақтан таңғы салқында Жамансайға айдап жібереді де, қора 
маңындағы  шөпкер  үйінде  қымыз-қымыранын  ұрттап  жа-
тып алады. Жамансайдың тіке ернеуінен сыртқа шығып кете 
алмайтын  қойлар  қарны  тойған  соң  Тұщыкөлден  су  ішуге 
өздері-ақ оралады.
...Шөпкер  үйдің  ішіне  кіріп  шөп  қаузаған  киіктердің 
жаны  кіріп  қалды.  Неше  күннен  бері  сай-сала,  тау-тасты 
кезіп  жүргендегі  денелерін  қарыған  суық  бірте-бірте  тəрк 
етіп, бойына жылылық енді. Есік алдындағы шөпті де жеді. 
Тоймағанмен өлер халден кетті. Күні бойы бір ішке кіріп, бір 
сыртқа шығып жүрді. Шөпкер үйдің ішіндегі жылылықтың 
əсерінен қуаттанып, жақын маңайдағы қар астынан қылтиып 
тұрған  өсімдіктерді  де  талғажау  етті.  Осы  бір  жып-жылы 
шөпкер үйдің ішінде болса, қақаған суықтан аман қалатынын 
киіктер ішкі бір түйсікпен сезінді. Сондықтан, басқа жаққа 
кете қоймады.
...Шөпкер  үйдің  алдында  айналаға  барлай  қарап  тұрған   
Ата киік селк ете түсті. Əлдебір үреймен басқалары да бұл 
қарап  тұрған  жаққа  көз  жіберді.  Көз  ұшында  жылжып  ке-
ле  жатқан  қараны  көріп  оқыранып,  бірін-бірі  сергектікке 
шақырғандай болды. Іштегі киіктер де сыртқа ытып шықты. 
Қара  жақындап  қалды.  Бағана  дəл  осындай  біреу  бұларға 
жылы мекен тауып беріп, шөп тастап кеткен еді. Сол емес пе 
екен? Жоқ, ол емес. Мынаның екпіні қатты. Бір жамандықтың 
боларын сезген Ата киік кейінге шалт бұрылып, сайға қарай 
зытып  берді.  Барлығы  қосыла  қозғалғанда  бұл  артта  қап 
қойды. Аналар мұның алдында тұрған-тұғын. Əлдене «гүрс» 
ете қалды да бұл мүңкіп кетті. Артқы сол аяғы үзіліп түскен-

34
дей болды. Ауырсынғаннан көзінен от шашырады. Қасында-
ғы киіктер құйындай көтеріліп, сайға енді де жоқ боп кетті. 
Артына қарай алмаса да сықырлаған дыбыстан жауының та-
яп  қалғанын  білді.  Ата  киік  бар  күшін  жиып,  орнынан 
көтерілді де сайға қарай қарғыды. Қарагерді құйғыта келген 
Жаппар аңшы мұның ізінен жету үшін атына қамшыны бас-
ты. Ол алдында Жамансай тұрғанын мүлде ұмытып кеткен        
болатын. Аңғарғанда бəрі кеш еді. Ойлануға да үлгермей қал-
ды. Сайға құлап бара жатқан Қарагердің шырқырай кісінеген 
даусы шықты. Жаппар аңшы Қарагермен бірге Жамансайдың 
тік ернеуіндегі тастарға соғылып, аунап бара жатты...
Оңтүстіктен тырылдап келе жатқан трактор төбеге көте-
ріле бастады...
Каталог: books
books -> Мақалалар, баяндамалар жинағы
books -> 1 Бес томдық шығармалар жинағы Телжан Шонан лы Оқу құралдары, оқулықтар
books -> Ғылым комитеті М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сейіт Қасқабасов
books -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Редакция алқасы
books -> Құл-Мұхаммед М., төраға
books -> Ербол шаймерден°лы шы армалары бесінші том


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет