Бай үйсіннің 4-5 мың жылқысы болған. Байлар өз жылқыларын өзге жылқылардан айыру үшін таңба салған



Дата31.10.2022
өлшемі14,81 Kb.
#46537

Үйсін мәдениеті деп аталатын ескерткіштер Жетісуда шоғырланған. Бұл мәдениет 700 жылдай өмір сүрген. Үйсін мәдениетінің хронологиялық шеңбері б.з.б. III ғасыр – б.з. IV ғасыр аралығын қамтиды.
Қытай жазбаларында б.з.б. II ғасырдан бастап үйсін атауы кездеседі. Үйсіндерді “ат жақты, аққұбаша, сары шашты” деп сипаттаған. Халқы 630 мың адам, әскері 188800 жауынгерден құралған деп жазылған.
Үйсіндердің ордасы – Қызыл-Аңғар (Чигучен) қаласы. Ол Ыстықкөл мен Іле өзенінің аралығында орналасқан. Үйсіндер шығысында Бесбалық, батысында Шу және Талас өзендері, Қаратаумен шектеседі.
Үйсіндер мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген. “Усунго”, “Синго” cөздері көшпелі мемлекет деген ұғымды білдіреді. Басшысы – Гуньмо. Тайпа көсемдері “бек” деп аталады.
Үйсін қоғамында теңсіздік қалыптасты. Соғыс кезінде тұтқынға түскен адамдарды құлға айналдырған. Құлдардың еңбегі үй шаруашылығында пайдаланылған.
Бай үйсіннің 4-5 мың жылқысы болған. Байлар өз жылқыларын өзге жылқылардан айыру үшін таңба салған.
Әр түрлі заттарға салынған таңба-мөрлер жеке меншіктің болғанын дәлелдейді. Жеке меншік малға ғана емес, жер-суға да тараған. Көсемдер: “менің жайылымыма ешкім мал жаймасын” - деп, жеріне басқаны жолатпаған.
Балшық және тас мөрлерді қатардағы адамдар қолданған. Билеушілер мен әскербасыларда, бай адамдарда алтын және мыс мөрлер болған. Мөрмен немесе таңбамен малдарды белгілеген.
Жекеменшіктің шыққаны, мүлік теңсіздігінің болғаны зираттардың көлемінен де байқалады. Үлкен обаларға бай адамдарды бағалы қарулары, ыдыстарымен бірге көмген.
Үйсіндер Қытаймен тең құқықты дәрежеде саяси және сауда қатынасын жасаған. Көршілерімен қандай қатынаста болғандығы туралы мынадай деректерден білеміз: “Алғашқыда олар ғұндарға тәуелді болғанымен, кейін күшейген соң, олардың қол астында болуды қаламады. Шығысында Ғұндармен, солтүстік-батысында Қаңлымен, батысында Дауаниямен, оңтүстігінде әртүрлі тұрақты иеліктермен араласып тұрды”.
Ертедегі деректерде үйсіндер “ағаш егіп, қалалар мен елді мекендер салған” - деп жазылған. Суармалы егістіктер, суландыру жүйесі, бау-бақшалар үйсіндердің астанасы Чигу қаласының маңында орналасқан. Шу мен Кеген өзендерінің жағалауларында қазба жұмысын жүргізген археологтар бірнеше көне қаланың орнын тапты.
Үйсіндердің қоныстарында 4-5 үй бір ауылды құраған. Қонысқа жақын жерлерде ру және әулеттің зираты орналасқан.
Үйсіндердің тұрақты үйлері тау бөктерлеріне салынды. Қысқы үйлері шикі кірпіштен және тақтатастан қаланған. Үйдің едені балшықпен сыланып, үйді жылытатын жер ошақ ортаға салынды.
Үйсіндер жаратушы күшке арнап құрбандықтар шалып отырған. Бұны олардың пайдаланған заттары, салған суреттері дәлелдейді. Археологтар арнайы шырақ жағатын табақ пен құрбандық ыдыстарын тапқан, қыш ыдыстарға күннің суреті салынған.
Үйсіндерде тері өңдеу кәсібі жақсы дамыған. Теріден күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар, ыдыстар жасап, аяқ киім, тері шалбар, бешпент, киімдер тікті. Бұдан басқа тоқыма, жіп иіру, тері илеу, тастан және сүйектен қажетті бұйымдар жасау ісі де дамыған. Мата тоқу үшін тоқыма кермесі қолданылған. Ағаш ұсталары қайыңнан астау, табақ, тостаған, ожауды ойып істеген.
Үйсін әйелдері саз балшықтан ыдыстар жасаған. Жасау тәсілі екі түрлі болған: арнайы ұршықшамен және құм толтырылған мата қалыпқа қолдан жапсыру.
Үйсін обаларының ең үлкенінің диаметрі – 20 метр, биіктігі – 2 метрге жуық. Үйсіндер мәйітті шалқасынан жатқызып, басын батысқа қаратып қабірде жерлеген. Ежелгі үйсіндер өлген адам қайта тіріледі деп ойлаған. Сондықтан адамды жерлегенде оған о дүниеде керек болады деген бұйымдардың бәрін бірге көмген.
Ақтас қыстауы төңірегінен аумағы 60 шаршы метрден 150 шаршы метрге дейін өңделген егіс танабының орны анықталды. Сонымен бірге тас кетпен, қола орақтар, тастан жасалған дәнүккіштер табылды. Дәнді дақылдардан арпа, тары өсірген. Үйсіндер суармалы егіншілікпен де, тәлімді егіншілікпен де айналысқан.
Далалықтар былғары мен киізді шеберлікпен өңдеп, түрлі түске бояған. Бұл кәсіппен көбінесе, әйелдер айналысты. Қолөнер мен үй кәсіпшілігі мал өнімдерін өңдеумен байланысты болды.
Үйсін қоғамында зергерлік бұйымдарға түрлі асыл тастардан көз салу өнері өркендеді. Ақтас қорымынан осындай зергерлік өнердің тамаша үлгісі табылған.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет