Байгожина дана онирбековна



бет11/38
Дата17.01.2023
өлшемі2,17 Mb.
#61731
түріДиссертация
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   38
Отандық конференцияларда:

  1. Бұқаралық коммуникация мен мәдениеттің үйлесімділігі // «ЮНЕСКО білім беру бағдарламасын қолданудағы прогресс: тұрақты даму парадигмасы» атты республикалық журналистика форумының ғылыми-әдістемелік жинағы. – Алматы: ҚазҰУ. – 2018. – 73-78 б.б.

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы комитет тізіміне енетін басылымдардағы жарияланымдар:

  1. Тарихи өзгерістердегі медиамәдениет // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршы. Журналистика сериясы. – 2018. – №1 (47). – 171-177 б.б.

  2. Бұқаралық коммуникация кеңістігіндегі мәдениет // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ. Хабаршы. Журналистика сериясы. – 2018. – №2 (123). – 40-47 б.б.

  3. От культуры к медиакультуре: новые феномены современных коммуникационных отношений в социуме // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ. Хабаршы. Журналистика сериясы. – 2019. – №1 (126). – стр. 59-67.

  4. Қазақстанда ақпараттық жүйенің әлеуметтік желіге ауысуы және қазіргі БАҚ-тағы технологияларды ұтымды пайдалану // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Хабаршы. Журналистика сериясы. – 2019. – № 52. – 183-194 б.б.

  5. Communication Strategies and Technologies in Mass Media // Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ. Хабаршы. Журналистика сериясы. – 2019. – №4 (129). – 71-79 б.б.

Жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс – кіріспеден, екі негізгі тараудан, әр тарау іштей жіктелген 4 тараушадан, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімі, қосымшалардан тұрады. Зерттеу жұмысының көлемі – 211 бетті құрайды.

1 МӘДЕНИЕТТІҢ МЕДИАТИЗАЦИЯЛАНУЫ: ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕГІ НЕГІЗГІ КОНЦЕПЦИЯЛАР ЖӘНЕ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ ТӘСІЛДЕР


1.1 Жаһандық ақпараттық қоғамның қалыптасу контексіндегі мәдениет ұғымының трансформациялануы
Ақпарат – адамдарға ғана тән көне құбылыстың бірі, әлеумет арасындағы ой-санамен алмасу үдерісі бола отырып, қай дәуірде болмасын өз құндылығын жоғалтпаған ауқымды ұғым. Он сегіз мың ғаламның бірі ретінде танылған жер шарында пайда болған тірі ағза кодталған ақпараттарды ерекше құдыретпен пайдалана білді. Адамзат баласы алғашқы күннен бастап-ақ ақпаратты түсіну, тасымалдау мен сақтаудың ұтымды жолдарын іздестірді. Б.з.б. II ғасырдың екінші жартысында Орталық Азиядағы жаңа мемлекеттік бірлестіктердің ықпалымен халықтардың қоныс аударуы, соның барысында Қаңлы, Үйсін мемлекеттерінің пайда болуы нәтижесінде қазақ жерінде алғашқы ақпараттардың жазылу, берілу тәсілі қалыптаса бастады. VII-VIII ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазбалары – түркі халықтарының көне дәуіріндегі ұзақ ғасырлық ақпараттық, тұрмыстық, мәдениет тарихы тұрғысынан баға жетпес құнды дүниесі. Осынау құнды жәдігерлер ішінде кішігірім жазбалар мен мәтіндер кездеседі. Оларда Түркі қағанаты кезіндегі тарих, білім, мәдениет, өзара қарым-қатынастар, жеңістері мен жеңілістер, діни наным-сенімдері, күнделікті тіршіліктері баяндалған. Бұл жазбаларды ғылымда руна жазбалары деп атайды.
Соғды жазуының негізінде Азиялық түркі жазбалары VIII ғасырда жазылған деп саналады. Әліпбиде 40-қа жуық графема кездеседі. Көне түркі жазбаларының жұмбағын 1893 жылы В.Томсен ашқан болатын. Ал Орхон ескерткіштерінің тұңғыш тәржімаларын 1894 жылы В.В. Радлов жазғаны мәлім [34]. Бұл жазбалар қазіргі зерттеушілер тарапынан қазақ жеріндегі алғашқы ақпарат таратудың, ақпаратты сақтаудың бастапқы нышаны ретінде қарастырылуда.
Б.з.б. IV мыңжылдықтың орта тұсында пайда болған Мысыр жазуы алғаш сурет-кескіндермен, идеограф таңбаларымен бейнеленген. Мысырлықтардың абак тастары мен жасырын хабарларын тасымалдауға арналған дискілері, тақтайшалары, қағаздары Мысыр жеріндегі алғашқы ақпараттың тасымалданып, түрленуінің дәлелі бола алды. Ежелгі Грекияда пайда болған грек жазулары Еуропа тіл ғылымының қалыптасып, дамуына әсерін тигізді. Гректердің жазба мәліметтері б.з.д. V ғасыр шамасында басталды.
Жалпы жазу – адамның ой-пікірін таңбалар арқылы жеткізуді қамтамасыз ететін белгілер жүйесі. Жазудың пайда болуы уақыт пен кеңістік арасындағы шекараны жойды. Жазу буынды, буын сөзді, сөз сөйлемді құрады, сөйлемнен ақпарат қалыптасты. «Ақпарат» ұғымы латынның «information» «түсіндіру, мәлімет» деген сөзінен шыққан [35]. Ақпарат түсінігі – ғылымдағы ең көп пікірталас тудырған тұжырымның бірі.
Қазіргі қоғамда ақпарат әртүрлі салаларда қолданылып түрлі синергетикалық мағынаға ие болып отыр. Ғалымдар ақпарат ұғымына сипаттама бере отырып, «ақпарат» сөзінің көп түрлілігін, күрделілігін атап көрсетеді. Ақпарат екінші бір субъектіге дейін қабылданып, түсіндіріліп, бағаланып, тасымалдану үдерісіне өтетін нәрсе. Ақпарат тұжырымы кибернетиканың маңызды бөлігі десек, кибернетика – ақпаратты қабылдау, тасымалдау, сақтау және өңдеудің үдерістерін зерттейтін ғылым саласы. Оның негізгі зерттеу өзектілігі – материалды табиғи сипатына қарамастан абстрактылы қарастыратын кибернетикалық жүйелерінде. Мысалға, техникадағы автоматты басқару, адам немесе жан-жануарлардың миы, биологиялық танымалдылық, әлеует және т.б. аталады. Кибернетиканы көбіне жасанды интеллект әдісімен байланыстырады, ол ақыл-ой жұмысы автоматизациялануының жүйелерін құрып, басқару жүйесінің жалпы қағидаттарын әзірлейді. Қазіргі таңда кибернетикаға ақпарат, алгоритм, автомат ұғымдары, зерттеу операциялары, оңтайлы басқару үлгілер жатады. Кибернетиканың негізін қалаушылар (1948 жылғы жарияланымға байланысты) американдық ғалымдар К.Шеннон (Shannon). Ал ақпарат теориясының негізін қалаушы және бастапқы тұжырым беруші Н.Винер (Wiener) болып саналады.
Н.Винер – кибернетиканың негізгі категориясын енгізіп, ол басқару, ғылыми және технологиялық революция дамуының индикаторы ретінде компьютерлердің рөліне ерекше назар аударды. Н.Винер кибернетиканың негізі ретінде ақпараттардың берілу және трансформациялану заңдылықтарын енгізді. Ақпарат кеңістіктегі түрлі үдерістерді түрлі көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Коммуникация мәселелеріне қызығушылық ХХ ғасырдың екінші жартысында байқала бастады. Кибернетика, коммуникацияның математикалық теориясы және қазіргі заманғы электрондық байланыс жүйелерінің қарқынды дамуынан туындады. 1960 жылдардың басында тек шетел әдебиетінде жүзге жуық коммуникацияның анықтамасы болды. 1969 жылы Францияда алғаш Ж.Д`Арси қоғамның назарын адамның коммуникацияға құқығын тану қажеттілігіне, оның ішінде коммуникацияның материалдық және рухани жағдайларын қамтамасыз ету мүмкіндігіне аударды [36].
Бастапқыда теория толқын ұзындығы мен жиілігімен анықталатын коммуникация арнасына арналып, ауа тербелістері немесе электромагниттік сәулеленумен байланысты болды. Сондай-ақ ақпараттық теория пайдалы қасиеттері бар кодтарды құру әдістерін зерттеді. Ақпараттық кеңістік әлемді біріктірді, ол психологиялық, әлеуметтік, мәдени, рухани, экономика және т.б. алуан түрлі салаларда көрініс тапты. Әрбір мемлекеттің географиялық шекарасы белгіленіп, тілдік ерекшелігі болғанымен, ақпараттық шекара жоқ. Ақпараттың алмасуы шекаралық және уақыт шеңберінен шығып кетті. Технологиялық үдеріспен қатар дамып жатқан цифрлық қоғам кеңістігі психологиялық және мәдени өрісті дамытып, оның бағыттарына өзгеріс әкелді. Алдыңғы қатарлы мемлекеттерде жаһандану термині пайда бола бастады. Бұл жаһандану үдерісі барлық салаға тікелей әсерін тигізді. Медицинада түрлі зерттеу машиналары мен препараттар пайдаланылса, көлік саласында жүргізушісі жоқ көліктер қолданыла бастады, ақылды тұрғын үйлер қолданысқа енгізілді. Интернеттің (Ғаламтор) өркендеуі мен ақылды технологиялардың өзара байланысы цифрлық медианың қалыптасуына жол ашты. Таңба басу кезеңінен бастап қазіргі смартфон, телефон, планшет, компьютерлерге мәтін теруге дейінгі кезеңде БАҚ трансформацияланудың түрлі сатысынан өтті. Жоғарыда айтып кеткендей, ым-ишара, оқиға бейнеленген суреттер, петрогрифтер адамдар арасындағы байланыстың алғашқы түрлері болып есептеледі. ҮІІ-ҮІІІ ғасырда Қытайда қағаз өндірісі басталса, Йоганн Гутенбергтің (XV ғасырда) мәтінді басу әдісі Батыста баспа ісі өркендеуіне жол ашты. Кейіннен техниканың дамуы телефон, телеграф, радио және теледидардың алғашқы түрлерінің пайда болуына септігін тигізді.
М.Маклюэн «Галактика Гутенберга: Сотворение человека печатной культуры» еңбегінде өркениеттің даму тарихын үш кезеңге бөліп қарастырады. Жазуға дейінгі ауызша мәдениет, яғни ауызша коммуникация және ақпараттың арқасында әлемді түсіну және қабылдау. Жазба мәдениет – кітап мәдениеті, мұндағы кітап мәдениеті Гутенберг галактикасының құрылуымен байланысты [37]. Үшіншісі – электронды қоғам. 1962 жылы М.Маклюэн «электронды қоғам» терминін қолданысқа енгізді. Бұл кітап мәдениетінен электронды байланыс коммуникациясына көшу үдерісімен байланысты болды [38].
Осындай өзгерістердің негізінде ақпарат байланысу құралы ретінде коммуникация кеңістігін құрды. Коммуникация теориясы ғылыми пән ретінде ХХ ғасырда АҚШ-та қалыптасты. Коммуникация теориясы бір жағынан пәнаралық сипаттамасымен көрінсе, екінші жағынан тәжірибелік жұмыстарды шешуге бағытталуымен ерекшеленді. ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында коммуникация мәселелерімен сабақтас американдық философтар: Дж.Г. Мид, Ч.С.Пирс, Д.Дьюи; әлеуметтік психологтар К.Роджерс, Я.Л. Морено, Ф.Перлз, Д.Б. Уотсон т.б., сондай-ақ еуропалық ғалымдардан Ю.Хабермас, М.Вебер, А.Шюц, К.Ясперс, Т.Лукман еңбектерін атауға болады.
Коммуникация теориясының қалыптасуына үлес қосқан Ч.Кули: «Адами қарым-қатынастың қалыптасу және даму механизмі – ақыл-ойдың барлық символдарымен ақпаратты кеңістікте тасымалдау және уақытында сақтау әдістері. Оған мимика, ым-ишара, қарым-қатынас, дауыс, сөздер, жазу, басып шығару, темір жол, телеграф, телефон және кеңістіктегі уақытты жеңудегі соңғы жетістіктер кіреді. Сыртқы әлем мен байланыс құралдарының арасында нақты шекара жоқ. Алайда сыртқы әлемнің бар болуымен қатар, ойды жеткізуге арналған стандартты символдар жүйесі пайда болады, осыдан коммуникацияның дәстүрлі даму сатысы басталған», [39] - деп жазады.
Коммуникация терминінің шығу төркініне тоқтасақ, ол «communicatio» латынның «ортақ ету, байланысу, қарым-қатынас жасау» деген мағынаны береді. Сондықтан коммуникацияның кеңінен таралған түрі – қарым-қатынас жасау. Екінші мағынасы – құрылым, ақпаратты тасымалдау, ақпарат алмасу моделі.
Коммуникация теориясының қалыптасуында екі тәсіл үлкен рөл атқарады: бірінші тәсіл – идеядан туындайды, өзге салалармен сабақтастаса отырып, салааралық коммуникация бағытын қалыптастырады. Мұндағы коммуникацияның ерекшелігі – қоғам, адам, көптеген коммуникациялық объектілер және үдерістермен ықпалдасады. Зерттеу барысында коммуникативті мәселелер мәдениет, лингвистика, әлеуметтану, философия, кибернетика, информатика, психология, экономика және т.б. салалармен ұштасады. Әр ғылым саласында «өзіндік» коммуникация теориясы, тәсілдің қайталанбас ерекшелігі бар. Жаңа білімнің пайда болуымен қатар түрлі ғылым салаларынан мәліметтер пайдаланады. Соның барысында пәндік өріс кеңейе алады. Бұл жағдайда коммуникация теориясының онтологиялық мәртебесі тәуелсіз пән ретінде пайда болды. Екінші тәсіл – коммуникациялық үдерістерді ғана қамтитын коммуникацияны негізгі нысан ретінде қарастыру. Коммуникацияның екі тәсілі өзіне тән элементтерді көпөлшемді жүйе ретінде қарастырады.
Коммуникация теориясының пәндік сипатына келесі тұжырымды ұсынуға болады: коммуникативтік сипатқа ие әлеуметтік-гуманитарлық, ғылыми-техникалық білімдердің синтезі. Пәні – әлеуметтік және техникалық коммуникация жүйелеріндегі әмбебаптылығы болып есептеледі. Коммуникация теориясының нысаны ретінде түрлі типтегі жүйелердің ақпарат алмасуы болып табылады (технологиялық, әлеуметтік, табиғи, биологиялық және т.б.). Коммуникациялық білім жүйесін әлеуметтік коммуникация базасында жеке теориялық қағидалар бар технологиялық, лингвистикалық, мәдени, саяси, әлеуметтік, психологиялық және т.б. иерархия түрінде ұсынуға болады. Осы деңгейде коммуникацияның түраралық байланыстары көрініс береді.
Коммуникация дегеніміз – ақпарат көзі қалаған хабарды таңдау, таратқыш хабарламаларды сигналдарға кодттау, өз кезегінде қабылдағыш сигналдарды хабарламаларға шифрлау. Ақпаратты тасымалдау сәттілігі – ақпаратты белгіленген уақытта дәл жеткізу, қабылдау мүмкіндігіне байланысты. Ақпаратты тасымалдаудың ақпараттың көптілігі (қайталау, ақпаратты көшіру), шу (тасымалдау кезінде пайда болатын кез келген бұрмалау), кері байланыс (таратушыдан алынған ақпаратты түзету) қиындықтары да жоқ емес. Кері байланыс категориясы ақпараттық жүйені құру принципін (қағидаттарын) сипаттайды, іс-әрекеттің мақсаты мен оның нәтижесінің арасындағы айырмашылықты ескеруге мүмкіндік береді.
ХХ ғасырдың екінші жартысында түрлі қоғамдар мен ұйымдардағы коммуникацияны зерттеудің интеракционистік мәдениеттану тәсілі кеңінен танымал болды. Этнометодологиямен генетикалық байланысы бар және коммуникациядағы түрлі мәдени өкілдердің қарым-қатынасындағы жалпы және өзіндік ерекшеліктерді зерттейді.
«Ақпараттық қоғам» ұғымы қоғам өміріндегі өзгерістерді сипаттау, зерделеу және түсіндіру үдерісінде пайда болды. Бірақ ХХ және ХХІ ғасырлар аралығында қоғам «ақпараттық қоғам» туралы тұжырым туралы анық хабардар етілді. Бұл өзгерістердің негізінде қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларының (материалдық өндіріс, жұмыспен қамту және әлеуметтік құрылым, кәсіби қызмет және өмір салты, мәдениет, коммуникациялар және т.б.) жұмыс істеуі мен дамуында ақпарат пен білімнің үстемдігі жатыр. Ақпараттық қоғамның алғашқы кезеңдегі пайда болуының негізгі себебі өзара байланысты үш үдерісін сипаттауға болады. Біріншіден, ғылыми ақпараттың көлемінің өсуі, екіншіден компьютерлер мен интернет желісін кеңінен пайдалану негізінде халықтың ақпаратына жедел қолжеткізу үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерді ашатын заманауи ақпараттық-коммуникативтік инфрақұрылымды құру. Үшіншіден, ақпаратты (әсіресе теориялық білімді) өндірістік, техникалық, басқарушылық және басқа да қызмет салаларында белсенді пайдалану.
«Ақпараттық қоғам» түсінігі 1960 жылдардың екінші жартысында пайда болды, сондай-ақ бұл терминмен қатар «технотронды қоғам», «қоғам білімі», «постиндустриалды қоғам» сияқты терминдер қатар қолданылды. «Ақпараттық қоғам» ұғымы А.Тоффлердің «үш толқын» ұғымымен байланысты. «Ақпараттық қоғам» терминін алғаш рет Токио технологиялық институтының профессоры Ю.Хаяши 1969 жылы қолданған, онда ақпараттық қоғамды сапалы ақпараттары көп, әрі оларды таратуға барлық қажетті құралдары бар қоғам деп қарастырылады.
Ақпараттық қоғамның басты белгілері:
– ақпарат жаһандық сипатқа ие;
– ақпараттық ағындардың қозғалысына мемлекеттік шекаралар мен уақыт айырмашылықтары, түрлі кедергілер әсер етпейді;
– ақпаратты жинауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға, оған қолжеткізу мүмкіндігі едәуір артады;
– ақпарат қоғам қызметінің түрлі салаларын дамытуға әсер етеді;
– қоғамды қайта бөлу (децентрализациялау) үдерісі тереңдей түседі;
– ақпаратпен жұмыс жасаудың жаңа нысандарына көшу байқалады;
– ақпараттандыру арқылы еңбек саласында жұмыс жасайтын адамдардың санын арттыру, жаңа еңбек ресурстарын қалыптастыру үдерісі жүреді [40].
Ақпараттық қоғамның сала/бағыт бойынша белгілері:
– экономикалық салада: жалпы ішкі-сыртқы өнімдегі ақпараттық өнімдер мен қызметтердің негізгі рөлі;
– жұмыспен қамту саласында: ақпаратты өндіру мен білімді дамыту, таратумен ең алдымен смартфонды телефон, радио, теледидар, интернет желісі және электронды БАҚ-ты пайдалана отырып, қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникативтік технологиялар арқылы айналысатын адамдардың үлес салмағының өсуі;
– саяси салада: мемлекеттік қызмет пен саяси үдерістерге қатысты ақпараттың қолжетімділігі, билік пен халық арасында тиімді кері байланыс орнату мүмкіндіктерін кеңейту, бұл әлеуметтік бастамалар мен азаматтық қоғамның дамуына ықпал етеді;
– коммуникация саласында: чаттар, блогтар, интернет форумдар, онлайн конференциялар арқылы тұлғааралық қарым-қатынас ауқымында қарым-қатынас және өзара іс-қимыл мүмкіндігін айтарлықтай еларалық және мәдениетаралық деңгейде жаһандық ақпаратты кеңістіктегі ақпараттық желілер көмегімен кеңейту;
– күнделікті өмір саласында: білім беру, денсаулық сақтау жүйесінде, мемлекеттік басқару органдарының және коммуналды кәсіпорындардың жұмысында ақпараттық технологияларды пайдалану, электронды сауданы дамыту және т.б., бұл қоршаған ортаның жайлылығын және адамдардың өмір сүру сапасын арттырады;
– жеке даму саласында: интернеттің көмегімен оқу, жұмыс және демалыс орындарын табатын, отбасын құратын және т.б. адамдардың құнды және кәсіби таңдау еркіндігін едәуір кеңейтетін ақпараттың көпшілікке қол жетімділігі;
– мәдениет саласында: сан алуан ақпараттың мәдени құндылығын меңгеру, халықтың әртүрлі топтарының компьютерлік сауаттылықтың қажеттілігін ұғынуы;
– мемлекеттік басқару саласында: ақпараттық қоғамды дамыту саласында мемлекеттік тұжырымдамалар мен бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру, басқару қызметінің тиімділігін және саясаттың мүмкіндігін арттыру.
Зерттеуші Т.Стоуньердің мәлімдемесі бойынша, ақпарат капитал сияқты жиналу және болашақта пайдалану үшін сақталуы мүмкін. Постиндустриалды қоғамда ұлттық ақпараттық ресурстар байлықтың ең үлкен әлеуетті көзі саналады. Осыған байланысты экономиканың жаңа саласын – ақпараттық экономиканы дамыту қажет. Постиндустриалды экономика – өндірісте және оның ұлттық өнімдегі үлестік қызмет көрсетуге жол ашатын экономика, ал қызмет көрсету саласы, ең алдымен ақпаратты өңдеу болып табылады [41].
Ақпарат пен білімді ұйымдастырудағы және өңдеудегі төңкеріс онда постиндустриалды қоғамның пайда болуымен қатар жүрді, мұнда басты рөлді компьютер атқарды. Постиндустриалды қоғамның телекоммуникация төңкерісін түсіну үшін төменде көрсетілген үш аспектісі ерекше маңызды:
1. Индустриалдыдан сервистік қоғамға көшу;
2. Технологиялық инновацияны енгізу үшін кодификацияланған теориялық білімнің маңызы;
3. Жаңа «интеллектуалды технологияны» жүйелік талдау мен шешімдер теориясының негізгі құралына айналдыру [42].
1978 жылы Францияда жаңа ақпараттық технологиялардың француз қоғамына әсері туралы «Компьютеризация общества. Доклад президенту Франции» атты баяндама дайындалды [43]. Оның ерекшелігі – жаңа ақпараттық технологияларды енгізу үдерістерінің әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени аспектілерін түсінуге ұмтылу еді. «Телематика» туралы (компьютер мен телекоммуникацияның бірлігін білдіретін термин) ақпараттандырудың осы үдерістегі орны мен рөлі жөнінде көзқарастар ұсынылды. Француз мемлекеттік жүйесінің ерекшелігі – бұл «societe bloquee», яғни бюрократиялық, мемлекеттік саяси институттары мықты қоғам, соған байланысты кез-келген технологиялық инновацияны жүзеге асыруда әлеуметтік-саяси өзгерістермен бірге өркендеу мәселесі қозғалды. Бұл баяндаманың мақсаты – жаңа технология өнеркәсіптік өндірісті, әлеуметтік құрылымды, мәдениетті, саланы қалай өзгерте алатынын көрсету, білім беру және саяси жүйедегі өзгеріс, экономиканың жаңа өлшемдері мен әлеуметтік өмірдің жаңа формаларын айқындау болатын. Баяндама авторлары компьютерлік технология Францияны экономикалық және әлеуметтік дағдарыстан құтқаратын, оның экономикалық егемендігін сақтаудың және әлеуметтік келісімге жетудің құралы ретінде қарастырды. Бұл өзгерістер кәсіптерге әсер етіп, олардың әлеуметтік мәртебесін өзгертуге, әлеуметтік топтар арасындағы байланысты арттыруға, ірі ұйымдарға айналуына әкелетіні айтылды.
1987 жылы Еуропалық комиссия телекоммуникациялар бойынша «Жасыл кітап» шығарып, ондағы телекоммуникациялық желілер қазіргі экономикалық және әлеуметтік өмірдің жүйесін құрады. 1993 жылы АҚШ вице-президенті А.Гор «ақпараттық супермагистраль» түсінігін қолданды. Кейін ол халықаралық байланыс одағының конференциясында әлемдік ақпараттық инфрақұрылым туралы баяндады. Жетекші елдердің мемлекеттік органдары ақпараттық қоғамды қалыптастыруда өте белсенді ұстанымға ие болды. Демек, ақпараттық инфрақұрылымдағы қоғамның ерекшелігі ретінде төмендегі сипаттарды бас көрсетеміз:
– өнер, әдебиет пен ғылымның орасан зор әлеуеті кітапханалар мен мұражайларда қолжетімді;
– медициналық және әлеуметтік қызметтер ғаламторда қолжетімді;
– электрондық магистральдар арқылы толықтай жұмыс істеуге мүмкіндік бар;
– шағын фирмалар жан-жақтан тапсырыстарды электронды түрде ала алады;
– мемлекеттік және бизнес құрылымдары қағаз айналымын азайтып, ақпараттарды электронды түрде алмаса алады [44].
Соңғы онжылдықта ғалымдар «ақпараттық қоғам» тақырыбына бірнеше рет жүгініп, олар ақпараттық қоғамның бірнеше анықтамаларын ұсынды. Сонымен, орыс ғалымы А.И. Ракитов 1980 жылдардың соңында жазған еңбектерінде ақпараттық қоғамға көшумен әлеуметтік қызметтің маңызды өнімі, әрі мұның қызмет пен білім саласында үлесі артып келетінін айтады. Шынайы ақпараттық қоғам кез-келген уақытта және кез-келген қоғамның азаматына өмірі мен оның мәселелерін шешуге қажетті барлық ақпаратты ала алатындығына құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер беруі керек. Ақпараттық қоғам дегеніміз – ақпараттық технологиялар, компьютерлер, интеграцияланған жүйелер, кабельдік, спутниктік және басқа коммуникациялар, бейне құрылғылар, бағдарламалық қамтамасыздандыру, ғылыми зерттеулердің барлық құралдарын көпшілікке қолжетімді етуге және өндіріске, өмірге белсенді енгізуге бағытталған қоғам [45].
И.Н. Курносовтың пайымдауынша, ақпараттық қоғамда қашықтықтан байланыс, қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндік туып, бос уақыт басым болады, өндірістік және әлеуметтік қызмет үдерісінде адамдар арасында жаңа қатынастар қалыптасады. Интерактивті ақпараттық технологияларды, жаһандық компьютерлік желілерді, ақпараттарды кешенді өңдеу және дамыту үдерістері жұмыс атқарады. Қоғамның қарым-қатынастағы саяси ерік-жігерін білдіру үшін жаңа коммуникациялық мүмкіндіктер ұсынылып, әлеуметтік топтар қалыптасып, мықты ақпараттық әлеуеті бар елдердің рөлі арта бастайды [46].
Зерттеуші О.А. Финько, Ю.М. Нестеров ақпараттық қоғам деп мына жәйттерді атап көрсетеді:
– әр үйге трансшекаралық ақпараттық желілерге қосылған дербес компьютер енгізіледі;
– қоғамның әрбір мүшесіне кез-келген мемлекеттен, географиялық әртүрлі кеңістікте болуына қарамастан трансшекаралық ақпараттық желілер көмегімен уақытылы ақпарат алуға мүмкіндігі туады, ақпаратты тарату жағынан БАҚ қызметі трансформацияланады;
– ақпараттық желілер аясында мемлекеттердің географиялық және геосаяси шекаралары жоғалады, елдердің ақпараттық заңдарының қақтығысы болса да ақпараттық заңнаманы үйлестіру қажеттілігі туындайды;
– ақпараттық желілерді қолданудың жұмыс, шығармашылық, тәрбие және білім, медицина іспеттес жаңа ұтымды түрлері пайда болады [47].
Г.Л. Смолян, Д.С. Черешкиндердің пайымдауынша, ақпараттық қоғамның негізгі белгілерін аталған мәселелер айқындайды:
– біртұтас әлемдік ақпараттық кеңістікті қалыптастыру және мемлекеттердің ақпараттық және экономикалық интеграциялық үдерістерін тереңдетудің жаңа мүмкіндіктері өрістейді;
– ақпараттық қоғамның қалыптасуына негіз болатын жаңа технологиялар, желілік ақпараттық технологияларды меңгеріп, оларды қолдану;
– ақпарат пен білім нарығын қосымша өндіріс факторы ретінде құру, еңбек пен капиталдың табиғи ресурстары және оларға қолжетімділікті кеңейту, сол арқылы қоғамның ақпараттық ресурстарының әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты ресурстарына көшу;
– инфрақұрылымның даму рөлі (телекоммуникациялар, көліктік, ұйымдастырушылық) әлеуметтік өндіріс жүйесінде және ақпараттық экономикасында бірлескен қызмет бағыттарын күшейту;
– қоғамның ақпараттық өнімдер мен қызметтеріндегі қажеттіліктерін нақты қанағаттандыру;
– халықаралық, ұлттық және аймақтық деңгейлерде ақпарат алмасу жүйелерінің мүмкіндіктерін кеңейту арқылы білім деңгейін жоғарылату және сәйкесінше еңбек қызметтерінің маңызды сипаттамалары ретінде біліктілік, кәсіпқойлық және шығармашылықтың рөлін арттыру;
– жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын арттыру, азаматтар мен әлеуметтік институттардың ақпаратты еркін алу, тарату және пайдалану құқықтарын қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құру [48].
Адамзат қауымының даму сатысында ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның, техникалық қоғамның жаңа сатысы болып қалыптасты. Қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын, қоғамдық санаға түрлі салалар бойынша ықпал ететін, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамды басқаратын кезең басталды. Географиялық шекара мен уақыт тәуелділігінен шыққан, түрліше транформацияланған басты қару бүгінде ақпарат болып тұр. Әлемдегі технологиялық инновацияның шарықтаған кезеңінде дәстүрлі БАҚ (телевизия, радио, мерзімді басылымдар) және желілік, спутниктік байланыс арқылы мәтін, аудио-видео ақпараттардың тез арада таралуынан біздің елімізде жан-жақты дамып отыр. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Постиндустриалды қоғам қалыптасуының стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» атты еңбегінде ақпараттық, инновациялық, ғылыми-технологиялық төңкерістер барша адамзат өркениетінің, оның ішінде Қазақстанның да болашақтағы бағдарын айқындайтынын сипаттады [49].
Қазіргі таңда қоғам мен жеке индивидке тікелей ықпал ететін дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа арқылы әрбір мемлекет идеологиялық ақпараттық ресурсқа ие болуда. Күннен-күнге қоғамға еніп жатқан жаңа ақпараттар, ақпараттардың тоғысуы, терминдер – қоғамды басқарудың жаңа бағыттарын талап етуде. Жаңа медиадағы ақпараттар түрлі форматта таратылып, жанрлық өзгерістерге ұшырады.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары ақпараттық қоғам идеясы АҚШ пен Батыс Еуропада танымал болып, әмбебап идеологияға ие болды. Д.Беллдің «Социальные рамки информационного общества» («The Social Framework of the Information Society», 1980) атты еңбегінде сол кезеңде бір уақытта пайда болатын екі идеология постиндустриализм мен ақпараттық қоғамның идеологияларының өзіндік конвергенциясы орын алатынын сипаттайды. Д. Беллдің «ақпараттық қоғам» деген сөзі индустриядан кейінгі қоғам үшін жаңа атау, ол оның индустриялық қоғамнан кейінгі қоғамдық даму сатыларының бірізділігіндегі жағдайын емес, оның әлеуметтік құрылымын айқындау негізі ақпаратты атап көрсетеді. Постиндустриалды қоғам үшін жаңа атау болып табылады, ол оның әлеуметтік даму кезеңдерінің реттілігіндегі индустриалды қоғамнан кейінгі орнын емес, оның әлеуметтік құрылымын анықтаудың негізі ақпаратты сипаттайды. Онда адамзат аграрлық және индустриялық даму кезеңінен кейін ақпараттық кезеңге ауысады деп тұжырымдады. Ақпараттық қоғам теориясы бойынша «ақпараттық, ғылыми, технологиялық жаңалықтар мәдени және әлеуметтік өзгерістерге әкеледі, түрлі салада тоғысулар болады» [50, 114 б.]. Мәдени, әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрғыдан алғанда жаһандық ақпараттық қоғам білім мен ақпараттың үйлесімділігінен ақпарат индустриясын құрайды.
Қазіргі таңда ақпараттың маңызы мен сапасы, ықпалы артып отыр. Ақпараттық технологиялардың жаңаша қырлануы ақпараттық қоғамды әлеуметтік жіктелмеген «ақпараттық қауымдастықтармен» алмастыруға алып келеді, - дейді Й.Масуда. Осындай пікірді американдық әлеуметтанушы Э.Тоффлерден кездестіруге болады. Ол үшінші биліктің тізгіні ақпаратта деп санайды. «Ақпараттық билікте мобильділік, интерактивтілік, жаһандану, технологияландыру – осылардың барлығы маңыздылығын көрсетеді» [51]. Ақпараттың топтасуы, алмасуы және оны тұтыну ақпараттық басқарудың ең қажетті функциясы болып табылады. Ақпараттың пәрменділігі биохимиялық, ядролық қарудан кем түспесі анық. Ақпараттық қоғамның ерекшелігі – білімді қоғам, уақыт пен географиялық шекараға қарамастан ақпараттың таралуы, ақпараттық-технологиялық үдеріс тудырған қоғамның жаңаша сипатын көрсету.
1980 жылдың аяғында ақпараттық қоғам құру барлық дамыған мемлекеттердің стратегиялық мақсаттарына айналды. Қоғамды ақпараттық-технологиялық революция басып алды, ол жеке адамдарды, қоғамдағы түрлі саланы ақпараттандыру негізінде жүзеге асты. Қазіргі таңда өркениетке байланысты бірнеше тұжырымды кездестіруге болады. Мысалы: постбуржуазиялық қоғам туралы Дж. Литхайм, постмұнайлық қоғам жайында Р. Барнет, постмодернизм хақындағы А.Этциони, постөркениет тұрғысындағы К. Болдуинг және т.б. пікірлері аталады. Ақпараттық қоғамның жалпы мақсаты қоғамды ақпараттандыру болса, ақпараттық қоғамда постиндустиралды қоғам теориясы нақтылана түседі. Мәселен, Й.Масуда, М.Понятковский, Дж.Мартин, Д.Белл және т.б. зерттеушілер ақпараттық қоғамды постиндустриалды қоғам ретінде түсіндіреді.
ХХ ғасырдың 80-шы жылдары кибернетикалық, супериндустриалды қоғам құруға байланысты бірнеше теориялар пайда болды. Олар, біріншіден, ақпараттық техникалардың ықпалымен ақпараттық қоғам ұғымы алдыңғы қатарға шыға бастайды, екіншіден, қалыптасқан ақпараттық қоғамды тарихи, мәдени және әлеуметтік, экономикалық дамудың ерекше кезеңі ретінде қарастырады деп білді. Э.Тоффлер өзінің зерттеуінде технологиялық кезеңді біріншісі – аграрлық мәдениет, екіншісі – индустриалды, үшіншісі – ақпараттық деп үш кезеңге бөледі. Ақпараттық қоғамдағы басымдылық білім мен ақпаратқа негізделіп, онда әлеуметтік-мәдени құндылықтардың ерекшеліктері байқалады.
Жаһанданған ақпараттық қоғам көпфункционалды құбылыс ретінде құрылды, әр мемлекетте бұл үдеріс түрлі қарқынмен өтті. Бұл тұста ақпараттық қоғамның үш түрлі ерекшелігін атап көрсетуге болады: біріншіден, ақпараттық ресурс ретінде қарастырып, қоғамның ақпараттық тиімділігін арттыру үшін технологиялық инновацияларды ынталандырып, бәсекеге қабілеттілігін күшейту мақсатында үнемі ауқымды ақпараттарды пайдалану; екіншіден, ақпараттың қоғам үшін тауарға, медиа өнімге айналуы; үшіншіден, нарықтық экономиканың ақпараттық секторы қарқынды қалыптасып, өзге салаларға қарағанда жылдам дамуы.
Ақпараттық қоғам экономикалық дамудың ұзақ мерзімді тенденциялары мен технологиялық үдерісіне қарай қалыптасады. Қазіргі қоғамда ақпаратты өңдеу қабілетіміз артып, нарықтық экономикада ақпарат секторының кең ауқымда дамуына ықпал етіп отыр. Жаһандық технология заманында ақпаратты бағалау қиын. Ақпараттық қоғам ақпараттық индустрия түсінігін қолдануды талап етеді. Оған ақпаратты құрайтын жеке және қоғамдық ұйымдар, интеллектуалды меншік, тұтынушыларға арналған ақпаратты таратуға арналған құрылғылар, ақпаратты өңдеуге арналған техникалық жабдықтар мен бағдарламалар жатады. Ақпараттық индустрияның мазмұнын құрып, тарататын және өңдейтін үш саласы ұсынылуы мүмкін. Ақпаратты алдымен, әр адам бір-біріне тасымалдап, ақпараттық орта қалыптастырады, кейіннен ол ақпаратты жазушылар, композиторлар, суретшілер, фотографтар, ғалымдар, инжинерлер және түрлі сала өкілдері жасайды. Ақпаратты тарату саласы телекоммуникациялар мен ақпаратты тарату желілерін құрумен, басқарумен байланысты келеді. Оған телекоммуникациялық компаниялар, кабельдік теледидар, желілік, спутниктік хабар тарату жүйелері, радио және теледидар станциялары, ұялы байланыс компанияларын жатқызуға болады. Ақпараттық индустрияның мазмұнын өңдеуде компьютерлер, телекоммуникациялық жабдықтар мен тұрмыстық электроника өндірушілердің жұмысы қамтылады. Ақпараттық қоғамның сипаттамалары: біріншіден, қоғамның осы түріне тән белгілерді тізімдеу, маңызды ақпараттық ресурстар құру болып табылады. Медиа өнімдер, оның ішінде аудиовизуалды өнімдер бизнес және білім беру саласында сақтау, тарату және тасымалдау сияқты маңызды қызметтер атқарып, оның негізгі бөлігіне айналды. Ақпараттық индустрия компьютерлік телекоммуникация саласын, аудиовизуалды мазмұн және ақпараттық бағдарламалық қамтамасыздандыру, компоненттер мен тұрмыстық электроника өндірушілерінің медиа өнімдерін, мультимедиа индустриясының ақпараттық өнімдерін қамтиды.
Қоғамдағы азаматтар түрлі ақпарат көздеріне, техникалық қабілетке, әлеуметтік-психологиялық көрсеткіштерге ие. Ақпараттық қоғам мен ақпараттық индустрияның толықтай мазмұнына қолжеткізу мүмкін емес, себебі ақпарат күннен-күнге түрленіп, қоғамға өз өзгерістерін енгізіп жатыр. Екіншіден, ақпараттық қоғам аграрлық-индустриалды-постиндустриалды қоғам тізбегімен адамзат қоғамының тарихи дамуындағы келесі қадамдардың бірі ретінде түрлі саланың өзара байланысуынан жаңа пәнаралық сабақтастықтар туындайды (мысалға, медиапсихология, медиамәдениет және т.б.).
Ақпараттық қоғамды қалыптастыру концепциясында, әдетте, мемлекеттің, қоғамның, іскер топтардың, жеке тұлға мүдделерінің тепе-теңдігін қалыптастыруға негізделген интегралды тәсіл қолданылады. Осыған ұқсаc тұжырымдар АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Финляндия, Италия, Дания сияқты мемлекеттерде болды. Олардың сипаттамасы әлемдік даму барысында айқындалды. Жаһанданған ақпараттық қоғам түрлі пәнаралық тоғысулар мен өзгерістер әкелгенімен, сол мәселеге қатысты өзіндік зерттеулерді де қажет етті. Соның бірі – медиамәдениет немесе ақпараттық мәдениет мәселесі.
ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Жолдауында: «Біз мәдениеттер мен діндердің қатар өмір сүруі жағдайында өмір сүріп үйренуіміз керек. Біз мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілді болуға тиіспіз. Тек басқа ұлттармен жарастықта ғана біздің еліміз болашақта табыс пен ықпалға қолжеткізе алады. ХХІ ғасырда Қазақстан өзінің өңірлік көшбасшылық ұстанымын нығайтып, Шығыс пен Батыстың үндестігі мен өзара іс-қимылы үшін көпір болуға тиіс», [52] - деп айтқан болатын.
Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Бұл ретте халқымыздың ұлттық мәдениеті мен дәстүрлермізді әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді жинақтаумыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда ақпараттық мәдениет БАҚ құралдары арқылы қалыптасқан көпфункционалды құбылыс. Ақпараттық мәдениет әлеуметтік модернизациялауда маңызды фактор атқарады. Оның негізгі бірнеше қызметтерін атауға болады:
1. Медиамәдениеттің ақпараттық қызметі. Бұл қызмет ақпараттық қоғамдағы түрлі ақпараттық үдерістің ерекшелігін көрсетеді. Мәдениет пен ақпараттың тоғысуы негізінде «медиамәдениет» тұжырымы пайда болды. Ақпаратты трансформациялау барысында түрлі цифрлық технологиялар мен бағдарламалар негізінде медиамәдениеттің ақпараттық қызметінің рөлі артты.
2. Халықтар, жеке индивидтер, топтар, әлеуметтік топтар, қоғам мен биліктің қарым-қатынас әрекетінің топтасуынан медиамәдениеттің коммуникативтік қызметі қалыптасты. Тарихи-философиялық, мәдени ақпараттың алмасу нәтижесінде мәдени сұхбаттастықтың мықты катализаторлық бағытының пайда болуына мүмкіндік берді. Коммуникацияның мәдени нышаны – барша адамзаттың мәдени іс-әрекетінің маңызды аспектісі.
3. Білім, мәдениет, тұлға мен қоғамның әлеуметтенуі, идеологиялық факторлар медиамәдениетке байланысты қарастырылады. Оның ішінде әдебиет, тіл, әдеп заңдылықтары, идеология, ұлттық құндылықтар идеологиялық қызметтің түрлі кешендерін құрайды. Қоғамның ой-өрісі дамып, алға жылжыған сайын әлеуметтегі ақпарат трансформацияланып, модернизацияланып отырады, сондай-ақ БАҚ өтпелі және дағдарыс кезеңінде күшейе түседі.
4. Релаксациялық, яғни ойын-сауықтық қызметі. Цифрлық және дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мәдени-әлеуметтік жанрдағы фильмдерден бастап, ой-өрісті дамытатын интерактивті ойындар, онлайн виртуалды саяхаттар, онлайн концерттер медиамәдениетті ұсынуға көп мүмкіндік жасайды. Медиасараптамалық және әлеуметтік зерттеулердің сараптамасы бойынша бұл медиа тұтынушының психологиясына әсер етуді көздейді.
5. Индивид және қоғам БАҚ-тан алынған ақпаратты мәдени, әлеуметтік, философиялық, экономикалық, саяси, этика-эстетикалық, адамгершілік және т.б. бағыттарда қолданады, бұл оның креативтік қызметін айқындайды. Ақпараттық мәдениет адамның ақпаратты қолдану шекарасын ұлғайтып, мәдениет (барлығын қамтығанда) пен ақпарат дүниетанымдық әрекеттерін күшейтеді. Креативтік қызмет адамды қазіргі заманғы өмірге бейімдеп, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Адамның өзін-өзі тану қабілетіне де септігін тигізеді.
6. Медиамәдениеттің интеграциялық қызметі – белгілі бір мемлекеттегі халықтарды, әлеуметтік топтарды, ұлт пен ұлыстарды біріктіреді. Бастапқыда сақталған дәстүрлі ұлттық мәдениетті, мәдени мұраларды, ұлттық дәстүрлер мен тарихи ескерткіштерді сақтай отырып, ұрпақтар арасындағы байланысты күшейтеді.
Мәдени бірлік ғылым, білім, тіл, әлемдік діндер мен ортақ мерекелік мейрамдар арқылы сақталады. Жаһандық медиамәдениеттің қызметіне ХХ аяғындағы өзгерістер ықпал етіп, ол кезең ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық дамудың қарқын алуымен сипатталады. Ақпаратты тасымалдаудың түрлі тәсілдеріне жол ашылды. Wi-fi, желілік технологиялар, ақылды үй функциялары, спутниктік желілер, спутниктік ұшатын веб-камералар, 4G/5G интернеттік жүйелер, цифрлық технологиялар сияқты жаңа дүниелер ақпарат арнасын кеңейтіп, оны таратудың жаңа аумағының қалыптасуына игі ықпал етті. Сонымен қатар бұл кезеңде дәстүрлі БАҚ-пен қатар интернетте өз қызметін кеңейтіп, әртүрлі ұлттар мен қоғамның мәдениеттерін біріктіретін интеграцияның мықты факторына айналды. Дәстүрлі және ұлттық ерекшеліктер сақталып, түрлі платформада ғылыми тұжырымдардың пайда болуына септігін тигізді. Жалпы әлем халықтарының арасында ғылымның қарқынды дамуы және оның мәдениетпен бірігуі медиамәдениеттің интеграциялық қызметін қалыптастырды.
7. Медиасараптамалық қызметтің әлеуметтік-психологиялық сарапшы ретінде рөлі жоғары екені байқалды. Медиамәдениеттің сараптамалық қызметі қоғамды басқару құралы ретінде ерекше мәнге ие болды. Ақпараттың басқарушылық, әлеуметтік, саяси, психологиялық әсер ету қызметі басқа салаларға қарағанда өз қызметін нақты атқарды. Медианың жеке адамға, тікелей қоғам санасына, оның өзіндік дүниетанымының өркендеуіне әсер етіп, билігін жүзеге асыра алатындығын ескере отырып, Қазақстан мемлекеті және қоғам БАҚ өкілдеріне биліктің төртінші тізгінін ұстатты.
Э.Тоффлер ақпаратты талдаудың көпканалды жүйесі туралы саралай отырып, бейнелі тілді қолданады: «ақпараттық жарылыс тікелей адамдарға бағытталып, орталарында жарылады, бізге түрлі бөлшектерін береді, ішкі әлемдік дүниетанымдағы әрекеттерді қабылдайды және түбегейлі өзгертеді, әрбір бейнелердің жинақтаушы қоймасын қалыптастырады, біздің әр индивид үшін шынайы моделін жасайды», - деп тұжырымдайды [53, 263 б.]. Әртүрлі саланың бірігуінен пайда болған терминдер, медиа өнімдерді өндіру мен тұтыну бұл қоғам өмірінің барлық саласының өркендеп, оны тиімді басқарудың негізіне айналып отыр. Қазіргі заманда ақпаратқа ие болу – құндылық.
Белгілі ағылшын ғалымы Т. Стоуньер болашақ кезеңдерде ақпаратты капитал құралы сияқты пайдалану үшін оны тұрақты түрде жинауға және сақтауға болады деп сендірді. Ол постиндустриалды қоғамда ұлттық ақпараттық ресурстар байлықтың ең үлкен әлеуетті көзіне айналады деп санайды. Осыған байланысты, бірінші кезекте, экономиканың жаңа саласы – ақпараттық саланы барлық күш-жігермен дамыту керек деп білді. Жаңа қоғамдағы өнеркәсіп жұмыспен қамтудың жалпы көрсеткіштері және оның ұлттық өнімдегі үлесі бойынша қызмет көрсету саласына жол ашады, ол негізінен қажетті ақпаратты жинау, өңдеу және ұсынудың әр бағытты түрлерін білдіретінін тұжырымдады [54, 335 б.].
Электронды бұқаралық ақпарат құралдары мен технологиялардың дамуына қарай ғылыми ортада ақпараттың қоғам өміріндегі функциясы мен рөлі, жаһандық ақпараттық қоғамның қалыптасу үдерістері туралы пікірталас үлкен сипат алуда. Бұл жерде М.Маклюэннің «Галактика Гутенберга. Становление человека печатающего» атты еңбегі ерекше қызығушылық тудырады [55]. Оның зерттеулерінде ұсынылған тәсілдер ғылым мен қоғам тарапынан оң бағалауларға ие болды.
О.Шпенглер «Закат Европы» еңбегінде ХХ ғасырдың басындағы техникалық-индустриалды өркениет дамуының нәтижесін, жалпы тұжырымын трагедиялық мазмұнда сипаттағаны мәлім [56]. Австралиялық ғалым, зерттеуші К.Кларк 1940 жылдары жаңа қоғамды нарықтық заман мен технологиялық сипаты бар ақпарат пен қызмет көрсету қоғамы ретінде сипаттаған болатын. 1950 жылдардың ағымында американдық экономист Ф.Махлуп ақпараттың маңызды тауарға айналатынын, нарықтық заманның өзінде ақпараттық экономиканың келетінін айқындаған еді. Ал 1960-жылдардың соңында американдық әлеуметтанушы Д.Белл постиндустриалды қоғамның негізін қалаушы ретінде ақпараттық қоғам теориясына тоқтай отырып, онда қоғамның маңыздылығын, мәнін және мазмұнын айқындауға тырысты. «Социальные рамки информационного общества» атты еңбегінде ғалым-зерттеуші Д.Белл әлеуметтің түрлі бағыттарын жан-жақты қарастырды, онда индустриалдыдан ақпараттық қоғамға өту әртүрлі ерекшеліктер мен өзгерістер болатынындығын сипаттады. Ғалым алдағы жүзжылдықта әлеуметтік өмір мен экономика, білім, сондай-ақ адамның еңбек әрекетінің сипаты үшін телекоммуникацияларға негізделген жаңа әлеуметтік үдерістің қалыптасуы маңызды мәнге ие болатындығын сипаттайды [57].
«Медиа» термині латынның «media» – тасымалдаушы, құрал ретінде сипатталса, «бұқаралық мәдениет» құбылысын айқындауда «mass culture» тұжырымы пайда болды. Масс-медиа – бұқаралық коммуникация құралдарының мағынасын білдіреді, оған теледидар, радио, мерзімді басылымдар, интернет беттеріндегі ақпараттық парақшалар, кинофильмдер, бейнелік ақпараттар, ұялы телефонмен байланыс, ұялы телефондағы түрлі форматтағы ақпараттық қосымшалар жатады.
Қазіргі таңда бұқаралық коммуникация құралдарының маңыздылығына байланысты әрі оған тәуелділік қоғамды «ақпараттандырылған қоғам» деп атауға негіз болып отыр. Бұл үдеріс қоғамның институциялануын байқатады. Қоғамның өркениеттік бағытта трансформациялануында салалық әрі пәндік біріктерілген тұжырым медиамәдениет факторларын басты нысан ретінде көрсетіп отыр. Бұл медиамәдениеттің бұқаралық, ұлттық және элиталы мәдениетті жинақтаған мәдени ақпараттық қоғам ретінде айқындалады.
Бастапқыда алғашқы қосымша көмек құралдары арқылы (қыш тақта, тастар, ағаш қабыршықтары, мата, аң терісі) ауызша таралған мәдени үдеріс, кейіннен бұқаралық коммуникация құралдарының көмегімен таралған мәдени ақпараттар бүгінде көп қолданылатын кең ауқымды ұғым болып табылады. Медиамәдениет – дыбыс пен аудиовизуалды бейнелер, сөз, сыртқы келбет арқылы әлемнің мәдени-әлеуметтік түсінігін қалыптастырып, жаңа медиа және дәстүрлі медиа құралдарының ықпалы мен іс-әрекет ету амалымен, қоғамның сұранысана ие болған, өзектілігін көрсете алған мәдениет. Мәдениеттің бастапқы шынайылық қалпын сақтай отырып, болашаққа трансформациялап, өзіне тән кодтар арқылы БАҚ көмегімен өмір сүру тәжірибесін игерудің ерекше амалы ретінде айшықталды. Білім, ғылым, шығармашылық, өзін-өзі тану, мәдениет саласының шыңына итермелейтін ықпал етуші негізгі фактор болып табылады.
Мемлекеттер арасында географиялық шекаралар болғанымен медиа аумақтық және тәуліктік шекараның жоқтығы рас. Белгілі бір кодтармен байланысты ақпаратты сақтау әр мемлекеттің ішкі ақпараттарын сақтандыра алады, өзінің медиа аймағы қалыптасады. Әрбір жеке индивидтің тіршілік етіп жүрген күнделікті ортасы бейнеленеді. Бұл бұқаралық коммуникацияларды (баспа, радио, телеарна, видео, кино, компьютер арналары, интернет және т.б.) тасымалдау, сол ортадағы немесе өзге ортадан енетін рухани, эстетикалық құндылықтарды насихаттау, адамның күнделікті іс-әрекеті мен өзіндік баға беруіне идеологиялық, ұйымдастырушылық және экономикалық тұрғыда әсер етіп, ақпараттандырумен қатар, қоршаған ортасымен байланыстыратын медиамәдениет алаңының жиынтығы болмақ. Яғни, бір сөзбен айтқанда, қоғамдық санаға ықпал ету болып табылады. Бұқаралық аудиторияда медиамәтіннің жетістігі көптеген факторлармен байланысты:
– коммуникативті, танымдық, эстетикалық, әлеуметтік, компенсаторлық және т.б.;
– мифологияға негізделетін, үрейлі ойын-сауықтық жанрдағы, сенсациялық, эмоционалды әсер ететін, тұтынушының жүйке жүйесіне әсер етуге ықпал жасайтын көмекші құрал;
– қоғамды қанағаттандыру, интуициялық қабілет, психологиялық қабылдау және т.б. айқындалады.
ХХ-ХХІ ғасыр біртіндеп шығармашылықтың экрандық пішінін трансформациялап, аудиовизуалды коммуникацияға ауысуы жаңа құрал ретінде қызмет етіп отырғандығын көрсетті. Мәдени-әлеуметтік жағдай өзгеріске ұшырап, мәдени ақпараттық орта қалыптасты. Мәдиамәдениет ғылыми зерттеулер бойынша сұранысқа ие бағыттың бірі ретінде қалыптасып, дамып, мәдениеттің медиатизациялануы, медиасараптама, медиапсихология, медиа иммунитет тұжырымдарын әкелді. Нәтижесінде әлеуметтік-мәдени бағыт өзгеріске ұшырап, медиа орта ауысты. «Коммуникация – өңделіп, сақталып, қалпына келтірілетін рәміздік үдеріс» деген сипатын Дж. Кэридің тұжырымынан пайымдалды [58].
Күнделікті тіршілік етіп жатқан қоршаған орта мен БАҚ құралдары бір арнаға тоғысты. Қай сала болсын ол көпшілікке БАҚ құралдары арқылы тарады. Дәл солай мәдениет саласы да ақпаратпен тоғысып мәдиамәдениетті құрады, одан мәдениеттің медиатизациялану үдерісі қалыптасты. Негізі мәдиамәдениет постмодерн дәуірінде туындаған құбылыс. Медиамәдениет модерннен постмодернге дейін мемлекет пен әлеуметтің, билік пен тұлғаның арасындағы делдал, ақпараттық қоғам мәдениетінің айрықша түрін көрсету үшін енгізілген мәдениеттанудағы теория ретінде сипатталды [26, 4 б.]. Бұрынғы замандағы жартастағы жазбалардан бастап, хаттар, кітаптардан бергі технологиялық үдерістің жаһанданған құбылыстарымен түйіскен ақпарат қорын «мәдиамәтін» деп атауға болады.
Медиамәдениеттегі медиамәтін:
– өзіне бірқатар мағыналы-мәндік деңгейлерді қосып алады;
– жеке тұлғаның интеллектуалды әрекетін шабыттандырады;
– ақпараттық, сауықтырушылық, психологиялық, ағартушылық, идеологиялық, әлеуметтік қызметтер атқарады;
– мәдиамәтін тілдің көмегімен вербалды, бейвербалды, таңбалық немесе рәміздік сипатта өзгеріссіз бейнеленеді;
– беймәлім нәрсе жайындағы жаңа білім ретінде көрініс табады;
– БАҚ-та өзіндік қырлары байқалады (баспа, теледидар, радио және интернет желілері).
Медиамәдениеттің ықпалын қоғамның тарихи-мәдени даму үдерісіндегі дамыған интеллектуалды және материалдық құндылықтардан, ақпараттық және коммуникациялық құралдардың жиынтығынан, әлеуметтік сананы қалыптастыру мен тұлғаның әлеуметтенуінен айшықтауға болады. Яғни, медиамәдениет ақпаратты тасымалдау мен оны тұтыну мәдениетінен қалыптасады, адамның даму деңгейінің жүйесі ретінде әрекет етеді. Медиа саладағы жаңа білімді игерумен қатар мәдиамәтінін қабылдап, талдап, бағалап, медиа шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда медиамәдениет қоғамдық санаға белсенді түрде ықпал етіп, адамдарға мәдени және білім беру мәселелерін, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Өзінің ерекшелігімен айқындалатын компьютерлік технологиялар адамнан адамға ақпаратын сіңіріп қана қоймай, өз қолдарымен жасаған ақпаратты құруға және таратуға мүмкіндік береді.
В.И. Михалкович өзінің «Изобразительный язык средств массовой коммуникации» атты кітабында: «Қазіргі әлемді қуатты ақпараттың ағындарынсыз елестету мүмкін емес» [59, 3 б.], - деп сипаттама береді. Уақыт өте келе мәдениет пен өнердің зерттеу функциясын бұқаралық ақпарат құралдары өз қарамағына алды. Алайда ақпараттық, компьютерлік және медиатехнологиялардың белсенді түрде жаппай енгізу жағдайында жағымды, жағымсыз жақтарының бар екенін де ескеруіміз керек. Мәдениет пен өнердің бірегейлігі мен элитарлығы едеуір дәрежеде бұқаралыққа ауыстырылады.
Т.Е. Шехтердің «Процессы маргинализации в современной художественной культуре» атты еңбегінде: «Жаңа дәуір мәдениетінің ерекшелігі көркем шығармашылық пен қазіргі интеллектуалдық ойдың синтезі болуы керек, онда құралдар мен мақсаттардың теңдігіне қол жеткізіледі және мәдениет пен өнердегі шарттылық ұғымы өзгереді. Виртуалды шындықтың техногендік әлемі тұлғаның субъективті әлемімен тығыз байланыста болуы керек» [60] деген тұжырымдар көрініс тапқан ды. Оның өмір сүру мен даму кезеңдерінің бейнелігін айқындай отырып, медиамәдениеттің қазіргі қоғамның феномені деп тұжырымдай аламыз. Бұл құбылысты зерттеу кезінде мысалға заң, информатика, өнертану, антроплогия, мәдениеттану, кибернетика және т.б. өзге ғылымдардың ұштасуы байқалады.
Медиамәдениетті қазіргі замандағы мәдениеттанудың бір бөлшегі, өзегі ретінде қарастыруға болады. Ақпараттық дәуірдегі мәдениеттің ерекшелігі қоғам мен мемлекет, әлеумет пен билік арасындағы делдалдық қызметтен айқын байқалады.
Медиамәдениет – медиа мәтінді, медиа өнімді қабылдай, талдай, бағалай білетін, медиа шығармашылықпен айналысатын, медиа саласындағы жаңа білімді меңгерген адамның даму деңгейінің көрсеткіші бола алады. М.Маклюэн [61], Э.Тоффлер [62], Д.Белл [43], Р.Барт [63], В.Беньямин [64], Х.Ортега-и Гассет [65], Ж.Бодрийяр [66], Ж.Делез [67], Р.Арнхейм [68] және т.б. шетелдік зерттеушілер медиамәдениеттің ерекшелігін және оның ХХ ғасырдағы қоғам мен тұлғаға әсерін талдаумен жан-жақты айналысты.
Соңғы онжылдықта посткеңестік ТМД жағдайында қоғамды ақпараттандырудың күрделі үдерістерін, бұқаралық ақпарат құралдары мен биліктің арақатынасын, медиамәдениеттің жеке адамға әсерін Е.Вартанова [69], Ю.Засурский [70], И.Дзялошинский [71], А.Грабельников [72], В.Лившиц [73], К.Разлогов [74], Н.И. Клушина [75], Н.Б. Кириллова [76]; сынды Ресейлік зерттеушілер, ал медиамәдениеттегі адам мәселесін қазақстандық ғалымдар Б.Ғ. Нұржанов [77], А.Т. Құлсариева [78], А.Н. Нысанбаев [79], С.М. Треблер [80], Ә.Р. Масалимова [81], Т.Х. Ғабитов [82], З.Н. Исмағамбетова [83], Ғ. Есім [84], Ж.А. Алтаев [85], Қ.А. Затов [86], С.Тахан [87], Д.Байгожина [88] және т.б. еңбектерінен көруге болады.
Қорыта айтқанда, ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысында ТМД-да әлеуметтік-мәдени ортаны модернизациялаудың негізгі міндеттері ретінде мыналарды атауға болады:
1. Бұқаралық кітапханалар, мұражайлар, мұрағаттарды жаппай компьютерлендіру;
2. Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы жалпыға қолжетімді мәліметтер базасын құру;
3. Орталық және өңірлік аймақтарда мәдени-ақпараттық орталықтардың кең желісін құру;
4. Интернетте, БАҚ-та жаңа технологиялардың көптілді секторын құру және дамыту;
5. Жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ақпараттық ғасырда медиамәдениеттің рөлі өзекті болды. Белгілі жүйе ретінде кодтың көмегімен адамның айналасындағы мәдениет пен ақпараттың сабақтастығы, технологиялық мәдениет, желілік мәдениеттегі әлем туралы ақпарат беріліп, жаңаша ойлау қалыптасты. Бұл өз кезегінде жеке тұлғаны әлеуметтендірудің факторы ретінде медиабілім мен медиамәдениеттің теориясы мен тәжірибесі үшін жаңа міндеттер туғызды. М.Маклюэн: «Нағыз сауатты болу үшін, медиа әлемде сауатты болу керек...», - деп атап өтеді. Танымал канадалық әлеуметтанушы пікірінің дұрыстығын уақыт растады. Жаһандық медиа орта бізді бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы күші туралы ғана емес, сонымен қатар киберкеңістіктегі мультимедиа хақында, мәдениеттердің әртүрлілігі және жаңа ізденістер туралы ойландырды. Қазіргі кез-келген қоғамды ақпараттық технологияларсыз елестету мүмкін емес. ХХІ ғасырда ақпарат мемлекеттік басқарудың басты ресурсына айналды. «Ақпараттық мемлекет» деген жаңа термин пайда болды. 2013 жылы 8 қаңтарда Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен «Ақпараттық Қазақстан – 2020» атты мемлекеттік бағдарлама бекітілді [89].
Әлемдік ақпараттық қоғамның сипаты өзара ұлттық ерекшеліктердің үйлесімділігін талап етеді. Ақпараттық қоғам тұжырымдамасының айқын әлеуметтік-мәдени бағыты бар. Онда қашықтықтан компьютерлік білім беру, телемедицина, телекоммуникация арқылы әлеуметтік мемлекеттік қызмет көрсету мәселелеріне көңіл бөлінді. Ақпараттық қоғамның тұжырымдамасы «адам – қоғам – табиғат» жүйесіндегі теңгерімді сақтайтын өндірістік және әлеуметтік қызметтің осындай нысандарына көшуді көздейтін орнықты даму тұжырымдамасымен байланысты болды. Халықаралық жоспарда технологияларды беру, әлемдік ақпараттық ресурстарға қол жеткізу дамушы елдерді техногендік өркениеттің игіліктеріне баулуға мүмкіндік берді, бұл адамзаттың дамуын неғұрлым орнықты етеді.
Осы замандағы жаңа технологиялар өндіріс, тұтыну, ойын-сауық, білім беру, қарым-қатынас мәдениетіне жататын әлеуметтік-мәдени мінез-құлық нысандарына айтарлықтай әсер етеді. Бұрын қойылмаған жаңа міндеттерді орындап, бұл әлемдік мәдени құндылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Медиамәдениеттің маңызды аспектісі оның плюрализмі, әртүрлілігі және этникалық, ұлттық және өркениеттік деңгейлердегі түрлі мәдениеттердің өзара әрекеттесуі болып саналады. Ол қоғамның медиа ортаға бейімделу үдерісінде қалыптасады. Қазіргі медиамәдениет – бұл баспа және экрандық мәдениет, визуалдық және аудиовизуалдық мәдениеттердің үйлесімділігі. Соңғы жылдары «электронды мәдениет» және американдық Д.Бэлл ұсынған «кибер мәдениет» сияқты ұғымдар жиі кездеседі. Бұған БАҚ-тың барлық түрлеріне ақпарат беру мәдениеті және оны қабылдау мәдениеті кіреді. Медиамәдениет – мәдениет бағытындағы ақпарат ағынының қарқынды дамуы, әлеуметтің интеллектуалды, психологиялық, әлеуметтік және мәдени аспектілері. Адамның мәдени-тарихи даму барысында жасаған, тұлғаның әлеуметтенуі мен қоғамның санасын қалыптастыруға ықпал ететін ақпараттық және коммуникациялық құралдар жиынтығы іспеттес. Ол әлеуметтік жүйеде ерекше рөлі бар ақпараттық ғасырдың маңызды құбылысы ретінде сипатталады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет