Балалардың ҚҰҚЫҒын қОРҒау басты мәселе



Дата05.02.2022
өлшемі25,73 Kb.
#24879

БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ
автор - Жусупова Бота Мәлікқызы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Құқықтану кафедрасының аға оқытушысы
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылдың желтоқсан айындағы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында балалар – қоғамымыздың ең қауқар және ең қорғалмаған бөлігі деп атап өтілді және мемлекет Қазақстан жерінде туылған әр баланы қорғауға тиіс.

Ұлттар Лигасында 1919 жылы Балалар комитетінің құрылуы бала құқығын қорғаудағы зор жетістіктің бастауы болып табылады. Бұл айтулы оқиғаға Бірінші дүниежүзілік соғыстағы тұрғындарға көрсетілген зорлық-зомбылықтар және Еуропаның бірқатар елдері мен Солтүстік Америкадағы балалар құқығына қатысты проблемаларға деген қызығушылықтың артуы себеп болды. Комитет балаларға қатысты шараларды қабылдауға негізделген құқықтарды қарастыруда ауқымды жұмыстар атқарып, өзінің тарихи маңызын айшықтап берді. Бұл кезеңде әлеуметтік стандарттарды қалыптастыруда үкіметтік емес ұйымдар, оның ішінде ағылшындық Эглантайн Джебб негізін салған Балаларды құтқарудың халықаралық одағы белсенді жұмыс жасады. Дәл осы ұйым 1923 жылы Бала құқықтары туралы декларацияның алғашқы жобасын әзірлеген болатын. Сонымен, 1924 жылы Женева қаласында Ұлттар Лигасы 5-ші сессиясында Бала құқықтары туралы декларация қабылданды. Бұл бала құқығын қорғау саласындағы халықаралық-құқықтық сипаттағы ең алғашқы құжат болатын.

Бала құқығын қорғаудың халықаралық жүйесін қоғамның тоқтаусыз даму көшіндегі лектен тысқары қалмай әрі қарай жалғастыру міндеті адамзаттың ұрпақ алдындағы парызы екендігі белгілі. Соған байланысты аталған жүйенің келесі бір өркениетті нұсқасы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында жасақталды. Мұндай маңызды әрі ауқымды шараны жүзеге асыру үшін БҰҰ Әлеуметтік комиссия мен Балалар қорын (ЮНИСЕФ) құрған болатын. Балалар қоры алғашқыда соғыстан кейінгі Еуропа елдеріндегі балаларға көмек көрсетуді мақсат тұтты, кейін оның ауқымы кеңейіп, белгілі бір мемлекетте қалыптасқан экономикалық және саяси дағдарыстар, әскери қақтығыстар әсерінен жапа шеккен балаларға ұзақ мерзімді көмек көрсетуге ұласты. Сонымен қатар дамушы елдерді мектептерге арналған құрал-жабдықтармен, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, түрлі стипендиялармен және басқа да жәрдемақылармен қамтамасыз ету қордың басты мақсатына айналды. Ең жоғары басқарушы органы Атқарушы кеңес болып табылатын Балалар қоры алғашқы отырысын 1946 жылғы 19 желтоқсанда сол кезде мүшелікке кірген 25 елдің ғана қатысуымен өткізсе, бүгінде штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан бұл беделді ұйымның әлемнің 140 мемлекетінде 200-ден аса бөлімшелері жұмыс жасауда.

1960 жылдың 14 желтоқсанында ЮНЕСКО білім саласындағы дискриминацияға қарсы күрес туралы Конвенцияны қабылдады, онда мемлекеттердің білім беруде нәсілі, жынысы, тілі, діні, әлеуметтік тегі, саяси көзқарасы бойынша алалауға жол бермеу жөніндегі міндеттемелері көрініс тапқан, сондай-ақ қажет кезде білім саласындағы алалаудың кез келген түрін жою шараларын қабылдайтыны белгіленген. Мемлекеттердің міндетті және тегін бастауыш білім беру жүйесін енгізу қажеттігі де осы Конвенцияда көрініс тапты.

1959 жылғы Бала құқығы декларациясы бала құқығын қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын анықтап берді. Жетпісінші жылдардағы заң шығарушылық қызметтің өнімділігі мен көп салалығына қарамастан балалардың жаңа және арнаулы қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету әлі де жеткіліксіз екендігі байқалды. Бұрын-соңды қабылданған заңдар мен басқа актілерді және бала құқығына қатысты жаңадан пайда болған түсініктерді біріктіретін халықаралық құжат жасау қажет болды. Бала құқықтары туралы конвенция, міне осындай құжат болып табылды.

Дегенмен, 80-ші жылдардың ортасындағы Шығыс Еуропадағы өзгерістер мен «қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуымен бірге Конвенцияға байланысты жұмыстар жалғастырылды. Осы уақытта оның жобасын әзірлеуге БҰҰ-ның Балалар қоры мен басқа да көптеген үкіметтік емес ұйымдар белсене араласа бастады.

Сонымен 1989 жылғы 20 қарашада БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Бала құқықтары туралы Конвенцияны қабылдады. Ал 1990 жылдың 2 қыркүйегінде 20 ратификацияланған келісім жинақталған соң Конвенция заңды күшке ие болды. Оның қабылдануы бала құқығын қорғау саласындағы маңызды оқиға болды. Мұнда алғаш рет бала арнаулы қорғауды қажет ететін объект ретінде емес, адам құқығының барлық түрі тиесілі құқық субъектісі ретінде қарастырылды. Балалардың бірнеше жаңа құқықтары енгізілді. Мысалы, онда даму және өмір сүру, жеке тұлғалығын сақтау, өз көзқарастарын еркін білдіру, әскери іс-қимылдарға қатыспау және өзге де мәселелер қамтылған.

Тарихта ең алғаш рет Конвенция аясында оның орындалуын бақылаудың халықаралық тетігі - Бала құқықтары бойынша комитет құрылды. Ол бес жылда бір рет мемлекеттердің Конвенция талаптарын орындауға қатысты атқарған жұмыстары туралы баяндамаларын тыңдауға құқылы. Бүгінгі күні әлемнің 193 мемлекеті оны өз елдерінде енгізуге келісім берген. Олардың қатарында 1994 жылы келісімге қол қойған Қазақстан Республикасы да бар. Қазіргі күнге дейін осы құжаттың шеңберінде қабылданған міндеттемелердің орындалуы туралы 3 мерзімді баяндама Қазақстан мемлекеті тарапынан БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне берілген. Сондай-ақ бізде балалардың құқықтарын реттеу мен қорғаудың нормативтік-құқықтық базасын құрайтын «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы», «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» заңдар және одан туындайтын басқа да нормативтік актілер қабылданған. Сол сияқты балалармен жүргізілетін құқықтық қатынастар саласында мемлекеттің міндеттемелерін, балалардың құқықтарын реттейтін нормалар Еңбек кодексінде, «Білім туралы», «Неке және отбасы туралы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңдарда қамтылған.

Қазақстан конвенцияны қабылдаған жылдар ішінде балалар құқығын сақтау бағытында бірқатар істерді жасап үлгерген. Елде арнайы орган - Балалар құқықтарын қорғау комитеті құрылды, «Қазақстан балалары» атты 2007-2011 жылдарға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды, 2009-2011 жылдарға арналған «Ювеналды сот жүйесін дамытудың концепциясы» бағдарламасы жүргізілді.

Бүгінгі таңда республикада балалардың құқықтарын қорғау және қамтамасыз етудің айқын жүйесі құрылған. Мемлекеттік органдардың орталықтағы және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік емес және қоғамдық ұйымдармен ведомствоаралық қарым-қатынасы жүйеге келтірілген.

Балалардың құқықтарын қорғау саласында ұлттық заңнамаларды жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Комиссия мүшелері барлық санаттағы балалардың, оның ішінде ұлттық саны аз топтың, қоныс аударушы, оралман, босқын балалардың білім алуы құқықтарын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.

Балалардың отбасында өмір сүру және тәрбиелену, денсаулық сақтау, балалық шақ пен ананы әлеуметтік қорғау құқықтары талқыланды. Деинституционализациялау стратегиясын іске асыру, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мәселелері жеке аталды.

Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жетім балаларға арналған мекемелер желісінің азаю қарқыны және баланы өз отбасына патрионаттық тәрбиелеуге алғысы келетін қазақстандық азаматтардың саны артқаны байқалады.

Барлық мүдделі органдардың біріккен іс-әрекетімен шешілетін мәселеле ол отбасының қолайсыздығын анықтау, бала асырап алған ата-аналарға арналған мектептер мен отбасын қолдау қызметі желілерін одан әрі дамыту мәселелері. Жетім балаларға арналған ірі мектеп-интернаттарды отбасы типіндегі балалар үйіне қайта құру. Балалар үйі түлектерін интернаттан кейін қолдау көрсету міндеті әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан балалар үйі түлектерін еңбекпен және тұрғын үймен қамту мәселесіне ерекше назар аударылуы қажет.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық, қатыгездік, кәмелетке толмағандарды қанау, қараусыздық пен қадағалаусыздық, өз-өзіне қол жұмсау іс-әрекеттері қоғамды толғандыруда.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстық ахуал тиімді шаралар қолдануды қажет етеді.

Осындай жоғары деңгейде балалардың құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету мәселелерінің талқылануы, балалық шақ мәселесі әрқашан сөзсiз мемлекеттiк басымдылықтар болып табылатына сенiмдiлiктi арттырады.

2009 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда бала құқықтарын бекіту мен қорғауға бағытталған маңызды нормалардан тұратын бірқатар нормативтік-құқықтық актілер қабылданды:

1. 18 қыркүйек 2009 ж. – «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі;

2. 23 қараша 2010 ж. – «Бала құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы;

3. 26 желтоқсан 2011 ж. – «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексі;

4. 28 қазан 2011 ж. – «Жасы он сегізге толмаған қызметкерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, жасы он сегізге толмаған қызметкерлер тасымалдайтын және қозғайтын жүктің шекті нормаларын және әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, әйелдердің жүкті қолмен көтеруінің және алып жүруінің шекті нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы;

5. 30 наурыз 2012 ж. - «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы.

Аталған заңнамалық және заң астындағы актілердің нормалары кәмелетке

толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау, денсаулығын қорғау, асырап алу кезінде бала мүдделерін сақтау, қылмыстық-құқықтық қатынастар саласындағы гуманизация мен басқаларына қатысты болды.

Балаларды жалпы және психологиялық денсаулығына, адамгершілік, рухани, психикалық, әлеуметтік дамуына зардабын тигізетін ақпараттардан,сонымен бірге зорлық-зомбылық пен қатыгездікті, порнографияны насихаттайтын, қоғамға қарсы мінез-құлық танытуға, құқық бұзуға итермелейтін ақпараттардан қорғаудың заңнамалық кепілдіктері қамту мақсатында Балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» ҚР Заң жобасы (2012) әзірленді, бұл соның ішінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған БҰҰ Бала құқықтары туралы Конвенциясында бекітілген, жалпықабылданған қағидалар мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес келеді.

Заңнамадағы белгілі бір жағымды өзгертулерге қарамастан, бірқатар мәселелер шешімін таппады. Осыған орай, Үкіметке балалықты қорғау саласындағы заңнаманы түпкілікті түрде қайта қарау, балалыққа қарсы бағытталған қылмыстар үшін жазаны қатаңдату тапсырылды.

ҚР Конституциясының 27 бабының 1 тармағында балалық мемлекеттің қорғауында деп бекітілген. Ал ҚР «Қазақстан Республикасында бала құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 6 бабының 2 тармағында балалардың мүдделері үшін мемлекеттік саясаттың мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыты болып табылатындығы көзделген.

Мұндай саясат бала құқықтарын заңнамалық қамтамасыз етуге; балаларды мемлекеттік қорғау мен балаларды қорғауға; бала құқықтарын жақсартуға бағытталған мемлекеттік минималды әлеуметтік стандарттарды орнату мен сақтауға; баланың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу, оған нұқсан келтіру үшін лауазымды тұлғалардың, азаматтардың жауапкершіліктеріне; бала құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі

қызметтерді жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктер мен өзге ұйымдарды мемлекеттік қолдауға негізделген.

ҚР 2010 жылдың 23 қарашасындағы Заңымен бала құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгертулер ҚР әкімшілік, қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу кодекстеріне, «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтар туралы» ҚР Заңына, «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» ҚР Заңына қатысты болды. Осы саладағы заңнаманы жетілдіру халықтың осы санатының құқықтары мен мүдделерін қорғаудың мемлекет үшін, сондай-ақ қоғам үшін басым мәселе болып табылатындығымен айқындалды.

1) «ҚР бала құқықтары туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулер ұлттық заңнаманы ратификацияланған халықаралық құжаттарға сәйкестендіруге мүмкіндік берді, бұл бала құқықтар туралы және бала еңбегінің барынша нашар түрлеріне қарсы күрес туралы Конвенциялар. Осы заң сондай-ақ, баланы экономикалық пайдаланудан қорғану құқығын бекітетін 16-1 баппен толықтырылды [1].

2) ҚР Қылмыстық заңнамасына кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұқпаушылық пен жыныстық бостандыққа қарсы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейткен екі жаңа бап енгізілді: кәмелетке толмағандарды жезөкшелiкпен айналысуға тарту және порнографиялық материалдарды немесе заттарды дайындау және тарату немесе оларды порнографиялық сипаттағы көріністік іс-шараларға қатысуға тарту [2].

Жасөспірімдердің психикалық-дене дамуын ескере отырып, тәрбиелік әсер етудің мәжбүрлі шаралары туралы нормалар да кейбір өзгертулер мен толықтыруларға тап болды. «Кәмелетке толмағандарды арнаулы тәрбиелеу немесе емдеу-тәрбиелеу мекемелеріне орналастыру» сияқты мәжбүрлеу арқылы әсер ету шарасы «ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға орналастырумен» алмастырылды. Тәрбиелік әсер ету шараларының тізбесі «жапа шеккеннен кешірім сұрау міндеттемесін жүктеу» деген жаңа түрмен толықтырылды.

Әкімшілік заңнамадағы өзгертулер, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты тәрбиелік әсер ету шараларын қолдануға қатысты болды. Егер бұрын ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 76 бабында заңнамамен көзделген тәрбилік әсет етудің өзге шараларын қолдану мүмкіндігі қарастырылса, осы баптың қолданыстағы редакциясы осындай шаралардың толық тізбесін атайды.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде «Кәмелетке толмағандарға эротикалық мазмұндағы заттар мен материалдарды сату» сияқты құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тарту енгізілді, жасы он сегiзге толмаған адамдардың қоғамдық орындарға мас күйiнде келуi, сондай-ақ олардың қоғамдық орындарда алкоголь iшiмдiктерiн iшуi үшін» ата-аналарын немесе олардың орнындағы адамдарды жауапкершілікке тарту көзделген [3].

ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексі жаңа 33-1 тараумен «Кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жiберу туралы iстер бойынша iс жүргiзу» толықтырылды. Аталған тараудың аясында кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы өтінішті мамандандырылған ауданаралық сотқа қорғаншылық және қамқоршылық органы не ішкі істер органы ғана беретіндігі көзделген. Сотқа кәмелетке толмаған бала, оның заңды өкiлдерi, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкiлдерi, сондай-ақ соттың қалауы бойынша өзге де адамдар шақырылады. Өтiнiштi қарауға прокурордың қатысуы мiндеттi болып табылады [4].

Бала құқықтарын қорғау мәселелері бірқатар заң астындағы актілерден де көрініс тапты. Осылайша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидаларында осындай асырап алудың егжей-тегжейлі рәсімі көзделген [5].

Дербес бөлу Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұрақты түрде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктерге асырап алуға беру тәртібін көздейді.

Қорыта айтқанда Балалар құқығы мен заңды мүдделерін қорғау – ұлттық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Балалардың өмір сүруге, есімінін болуына, азаматтыққа және т.б. ие болу құқықтарын, аман-сау отбасылық өмір құқығын, сәбидің жеке басының еркін дамуын қамтамасыз ететін құқықтарын, денсаулығын сақтау нығайту құқығын, білім алу мен мәдени даму құқығын, төтенше жағдайларда сәбиді қорғау құқықтарын қорғау мен қолдау біздің әрқайсысымыздың басты міндетіміз болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы N 345 «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңы

  2. 1997 жылғы 16 шiлдедегі N 167 Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі

  3. 2001 жылғы 30 қаңтардағы N 155 «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі

  4. 1999 жылғы 13 шілдедегі N 411 Қазақстан Республикасының

Азаматтық іс жүргізу кодексі

5. «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын

балаларды асырап алуға беру қағидаларын бекіту туралы»

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы



№380 қаулысы

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет