«Баян сұлу» үлгілі би ұжымының 35 жыл



Дата19.07.2022
өлшемі17,55 Kb.
#37774

Өрелі өнер
«Баян сұлу» үлгілі би ұжымының 35 жыл

С.Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығында «Баян сұлу» үлгілі би ұжымының 35 жылдығына арналған есептік концерті өтті. «Баян сұлу» үлгілі би ансамблі – халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы.


Дүниенің түкпір-түкпірінде би өнерін насихаттап жүрген ұйымшыл ұжымда 90-нен аса бишілер өнер көрсетеді.Қазақ би өнерін өркендетуге ерекше үлес қосып жүрген ұжымның мүшелері 5-17 жас аралығындағы кәсіби бишілер. Ансамбль көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, жерлестерімізді шеберлігімен тәнті етті.
Би қанатындағы ғұмыр. Би әлемінде қанат қаққан өнер ұжымының қанаты әлі талмақ емес. Себебі олар әр қимыл мен қозғалыстан қанаттанып, шаттана шабыттанып би өнеріне жаңа бір туындысын толғата әкеледі. Би – қимыл, би – қозғалыс, би – өнер, би – эстетикаі... Шара Жиенқұлова салған сара жолда «Баян сұлу» үлгілі би ұжымы да өзінше жол салып, өзінше қолтаңба қойып келеді.
Арман асуын арқалап алғашында ән-би тобын құрылып, көптің көңілін аулап, аудан мәдениетін бір серпілтті. Жүрсінбай Мұқаев негізін қалаған ән-би ансамблі өнер әлеміне қанат қағып, сырлы өнермен жұртшылықты сүйсінтті. 1973-1977 жылдар аралығында Шаймерденова Құралай, 1977-1987 жылдары Жүрсінбай Мұқаев ән-би ансамбліне жетекшілік етті. Ансамбльдің өсіп-өркендеуіне Тоғжан Мақажанованың зор ықпал еткенін де мақтанышпен айтуға болады. Ал, Көкенай Айтмаханова 1987 жылы құрамға жас маман болып келді. Сол жылдардан «Баян сұлу» үлгілі би ұжымының жетекшісі болып, түрлі деңгейдегі байқауларда оза шауып келеді.
Үкілеген үміттері ақталып, «Үлгілі» атағын алған алыс аудандағы өнерге ғашық жүректер, би әлемінің құс қанаттары қуаныштарын еселей түсті.
35 жылдық есеп беру кешінде толассыз құттықтаулар мен құшақ гүлдерден бұрын халықтың ерекше жақсы көретін өнерінен сахнада сан түрлі нөмірлер ұсынылды. Бұл кеште Көкенай Айтмаханованың жетелеген шәкірттері мен тәлімін алған тәлімгерлері, өнер жанашырлары мен демеушілері, өнердегі үзеңгілестері мен замандастары бәрі, бәрі ұзақ қол соға қошеметпен ықылас білдірді.
Бидегі қимыл – өмірдің ыстығы мен суығы, кермегі мен тәттісі қымқуырт араласып, астасып жатқан өмір шындығы мен шеберліктің ұштасуынан, үн мен ұғымның үйлесуінен туындайтынын байқауға болады. Әр қозғалыс, әр қимыл, адым мен қадам бәрінің өз өлшемі барын, әр бидің өз теориясы мен тәжірибесі барын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.
Би – адамның көңiл күйiне негiзделген, музыкалық ырғаққа бағы­нышты, түрлi қимылдар тiзбегiмен бейнеленетiн өнер. Адам баласына тән әсемдiк пен әдемiлiк, өмiрге деген көзқарас пен көңiл күй би тілімен көрiнiс табады. Тек сол «ырғақ» адамның жан дүниесiнiң көзге көрiнбейтiн тербелiстерiн ай­қын бiлдiредi. Ал халық биле­рiнiң тууына әр ха­лық­тың өзiне тән мiнез-құл­қы, тұрмыс-салты, мә­де­ниетi әсер етедi. Міне, би­­ші­лер үшін осыны есте сақ­тау аса ма­ңызды.
35 жылдық мерейтойда ансабль ұжымы бар өнерін көрермен назарына ұсынды. Әсем әуенмен үйлесім тапқан келісті би қалың жұртшылықтың ықыласын тудырып, қошеметін иеленді. Түрлі жанрдағы билерді нақышына келтіре орындаған өнерпаздар өздерінің жоғары деңгейдегі кәсібилігін, шығармашылық тұрғыда шыңдалған биші екенін байқатты. Сахна төрінде өнерпаздар тілсіз-ақ адам санасын билеп, еркісіз өз әлеміне жетеледі. Өнерлі өрендердің қимыл-қозғлысы айналадағы күйбең тірлікті бір сәтке ұмыттырып, рухани ләззат сыйлады. Мерейтойлық кеште жақында ғана халықаралық байқаудан жүлделі оралған бишілер мен ата-аналарына Алғыс хаттар табысталды.
Мерейтойда «Баян сұлу» үлілі би ұжымының түлектері сахна төріне көтеріліп, әрбірі жылы естеліктермен бөлісіп, қазіргі ұжымға сәттілік тіледі.
Аудан әкімінің орынбасары Самал Қанатқызы ұжымды құттықтап: «Сіздер бізге керемет кеш сыйладыңыздар. Жетістіктеріңіз көп, шығар белестеріңіз көп болсын. Баянауылдың атағын асқақтата беріңіздер. Өнерлеріңіз өрге жүзсін!», - деп ақжарма тілегін білдірді. Сонымен қатар, аудан әкімінің Алғыс хаты мен сыйақысы 1500000 теңгелік сертификат табыстады.
«Баян сұлу» үлілі би ұжымының жетекшісі Көкенай Айтмаханова қалың көпшілікке шынайы ризашылығын білдіріп, ата-аналарға қолдауы үшін алғысын білдірді. «Бұл мен үшін, ұжым үшін үлкен абырой. Сіздердің ыстық ықыластарыңыз бізге шабыт береді. Құрметті балалар, қанаттарың талмасын. Еліміздің, қасиетті өңіріміздің атақты тұлғаларының рухына орай біз де біз де үлгілі атағын қорғап, елдің атын шығара берейік», - деп үлгілі би ұжымының құрамына шалқар шабыт тілеп, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
Өнердің өміршең әрі оны жүрегімен сүйген жанның тынымсыз еңбегі ғана нәтиже беретінін осы кештен білуге болады.


Әлия ТАУКЕНОВА

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет