Баяндама: Өзін-өзі тану пәнінің білім беру жүйесіндегі ерекшеліктері



Дата24.01.2022
өлшемі26,42 Kb.
#24231
түріБағдарламасы

Баяндама: ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ ПӘНІНІҢ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Еліміздің егемендігі нығайып, ертеңіне сеніммен қадам басқан шағында заманына сай адамын тәрбиелеу басты міндет. Осы өрелі жолда ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмы­сы жайлы ой толғап, рухани-адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын «Бөбек» қорының президенті С.Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасының алға қойған мақсатының өзі ерекше.

Себебі өзін-өзі тану баланы өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзгелердің талқы-талдауына тәуелді болмауға, өзін-өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт-бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейді.

Жалпыадамзаттық құндылықтар болып саналатын адамгершілік мұраларды, рухани-адамгершілік қасиеттерді бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру, жақсылыққа үйрете білу аса маңызды.

Осы орайда «Өзін-өзі тану» пәнінің басты ерекшелігі өскелең ұрпақтың тұлғалық потенциалының дамуына, өзіндік қасиетінің ашылуына, шығармашылық және танымдық белсенділігін ынталандыруға, балаларға сүйіспеншілік, мейірімділік, ақиқат, адалдық, шыншылдық, сұлулық, рақымдылық, мінез-кұлық дұрыстығы арқылы үйлесімді жан-жақты дамыған адам қалыптастыруға бағдарланған.

Өзін-өзі тану пәні әлемдегі ең басты құндылық – адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына – жақсы адам болуға баланы жастайынан үйрету керек. Бұл тұрғыда мұғалімнің рөлі аса зор. Өйткені ол оқыту мен тәрбиелеудің қазіргі әдістемесін жеткілікті меңгеріп, ба­лалар психологиясын терең талдай отырып, белгілі бір жастағы балаларға бағытталған педагогикалық процесті ұйымдастыра алады. Бастауыш сынып оқушыларының өздеріне, өз ортасына, құрбыларына және үлкен адамдарға байланысты эмоционалды-мотивациялық ұстанымдарын қалыптастыруда балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, әр сабақтың мазмұндылығы мен мәнін байыта түсуде методикалық әдіс-тәсілдерді және ойын, жаттығулар, жағдаяттарды сәтті пайдалану арқылы мұғалім зор мақсаттарға қол жеткізе алады.

«Әр бала – керемет рухани күш иесі. Ол шетсіз шексіздікті танып-білуге ұмтылады. Мұндай ұмтылыс адам баласының бойында дүниеге келген сәтінде-ақ пайда болады. Сондықтан да мұғалім әр балаға рухани күш иесі ретінде қарауы керек. Мұғалімнің мұндай көзқарасы баланың белсенділігін арттырады. Білімге деген құштарлығын көбейтеді. Балаға сеніммен қарау баланы тек қуаттандыра түседі», – деп белгілі педа­гог Ш.Амонашвили айтқандай мұғалім шеберлігі мен білімділігі «Өзін-өзі тану» пәнінің құндылығы мен маңыздылығын аша түседі [2].

Жаңа ғасыр толқыны әкелген жаңалықтарға сәйкес қазіргі заманда адамның тұлғалық дамуына баса назар аударылып, жас жеткіншектерге берілетін білім негіздері олардың жеке даралық қабілеттерін жетілдіруге қызмет етеді. Әр баланың ішкі мүмкіндігі мен өзіндік қарымын дамытуға әсер ететін рухани адамгершілік қағидалары жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуының, өзін-өзі жүзеге асыруының аса қажетті шарты болып табылады.

Осы тұрғыдан келгенде еліміздің бірқатар мектептерінaде тәжірибеден өтіп жатқан өзін-өзі тану пәнінің оқыту мен тәрбие үрдісіндегі орны өзгеше. Оның өзгеше болатын себебі, бұл пәннің мазмұнын мектептегі басқа пәндердегідей ғылыми тұрғыдағы білім негіздері емес, керісінше руханилық бағдардағы тәрбиелік мәнді ұғымдар, оқушылардың өзіндік «Менін» қалыптастыруға ықпал ететіндей дәрежедегі адамгершілік құндылықтар қамтиды.

Өзін-өзі тану пәнін оқытуда оқыту үдерісіндегі ұтымдылық көрсететін оңтайлы әдіс-тәсілдерді пайдалану білім сапасының қажетті деңгейіне жетуге негіз болады. Ол өзін-өзі тану пәні мен өзге оқу пәндерінің инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы өзара сабақтасып, ықпалдасуын қажет етеді. Оқу пәндерінің өзара ықпалдасуы пәнаралық байланысты дамытуды ғана емес, ол сонымен қатар әр пәннің өзіндік мақсаты мен міндетінің айқындала, толыға түсуін де қамтамасыз етеді. Сол себепті мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бастау алып, үздіксіз білім беру жүйесін тұтас қамтитын және болашақ 12 жылдық білім беру жүйесіне негізгі пәндердің бірі ретінде ендірілгелі отырған «Өзін-өзі тану» мен мазмұндық өзегі өзара өрімделген «Қазақ әдебиеті» пәндерін ықпалдастыру тиімді деп санауға болады.

Қазіргі кезде көп айтылып жүрген интеграция яғни салалас пәндердің өзара ықпалдасуы олардың мазмұндық, құрылымдық, ғылыми-теориялық, лингво-семантикалық және жалпыпедагогикалық аспектілерінің кірігуімен ерекшеленеді. Кіріктірілген пәндердің өзара байланысын төмендегідей белгілеріне қарай сипаттауға болады:

– ықпалдасу негізділігінің пәндік мазмұнға, оқыту нысаны мен әдістеріне сәйкестігі;

– білім мазмұнын сұрыптауда білім, білік дағдыларының құндылықты бағдарлы мәнділігін сақтау ұстанымының ескерілуі;

– оқушылардың компетенттілігін, тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологиялық әдіс-тәсілдердің жиынтығы болуы қажет [3].

Рухани-адамгершілік білім берудің негізгі мақсаты – үйлесімді дамыған және бойында адамгершілік қасиеттері бар оқушы тұлғасын қалыптастыру болып табылады.

Мониторинг «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру туралы ақпаратты үздіксіз жинау және өңдеу жүйесі ретінде:

·                     оқу үдерісінің тиімділгін көтеру үшін басқару шешімдерін қабылдауға;

·                     өзін-өзі тану бойынша білім стандарттарын және оқу-әдістемелік кешендерін жетілдіру мен дамытуға;

·                     өзін-өзі танудың оқушы тұлғасының рухани-адамгершілік қалыптасуына әсерінің тиімділік дәрежесін анықтауға бағытталған.

Оқу үдерісін үздіксіз, ұзақ уақыттық бақылау және оны педагогикада басқару мониторинг деп аталады. Мониторинг – бұл нәтижені бақылау емес, іс-әрекет барысын, оның даму динамикасының тенденцияларын анықтау. Мониторинг «Өзін-өзі тану» пәнін енгізу бойынша эксперименттің толық жүйесінің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады және өз алдына білім үдерісін қадағалайтын байқау жүйесін көрсетеді.

«Өзін-өзі тану» пәнінің мониторинг мақсаты – оқушылардың шынайы оқу жетістіктерін және жеке тұлғалық мүмкіндіктерін анықтау болып табылады. Дәстүрлі түрде оқу және тұлғалық жетістіктер мониторингі үш аспектіде қарастырылады, мотивациялық аспект мінез-құлықтыққа кіреді:

·                     когнитивті аспект;

·                     эмоциялық-құндылықтық аспект;

·                     мінез-құлықтық аспект.

Мониторингті өткізу кезіндегі педагогтың негізгі міндеті – оқушының шығармашылық мүмкіндіктерін анықтау, алынған нәтижелерді оқушылардың шынайы жетістіктері тұрғысынан бағалау болып табылады. Мониторингті дұрыс ұйымдастыру үшін педагогтың жиналған ақпаратқа батып кетпеуін қадағалау керек және мониторинг нәтижелерін толық көлемде қолдана алатындай құрастыру қажет [4].

Қорыта келе, «Өзін-өзі тану» пәні баланы өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін-өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт-бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейді.

Рухани-адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-дарынының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді.

Қолданылған әдебиеттер:

1.     «Самопознание.kz» журналы-2010.

2.   А.С. Сейтақов,  «Өзін-өзі тану пәнін оқыту ерекшеліктері», «Самопознание.kz» журналы - 2011.

3.  Б. Айтуқызы,  «Өзін-өзітану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының ықпалдастыру әлеуеті», «Самопознание.kz» журналы - 2011.

4.    Райымбекова Т.Қ., Жаңабекова Г.Ж., «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бойынша ғылыми тұрғыда сапалы мониторинг өткізудің ерекшеліктері», «Самопознание.kz» журналы - 2011.



 

Шамалған ауылындағы орта мектеп

Баяндама

«Өзін –өзі тану пәнінің білім беру жүйесіндегі ерекшеліктері»

Бастауыш сынып мұғалімі: Кушегенова Б.С

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет