Ббк 84 (5 Қаз)-4 б 20 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті



Pdf көрінісі
бет6/19
Дата20.01.2017
өлшемі14,45 Mb.
#2314
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

ЖҰРТЫМА
Бірлік қып іс етуге шорқақ, жұртым! 
Табылса оңай олжа ортақ, жұртым!
Сияқты қара қарға шуылдаған 
Үрейсіз қоян жүрек қорқақ, жұртым!
 
Білмейсің жөнің менен терісіңді,
 
Ел болып іс етпейсің келісімді.
 
Үміт қып бəйге атындай талай қосып, 
 
Байқадың шабыс түгіл, желісіңді.
Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса, 
Шығасың қолыңа ала керісіңді.
Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде,
Көрдік қой жайылатын өрісіңді.
 
Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар, 
 
Қайтейін өзге десе көнгішіңді.
 
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
 
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?!

117

118

ҮШІНШІ БӨЛІМ
ЗАМАНДАСТАР ЛЕБІЗІ: 
Тұлғаның 50 жасына арналған материалдар

120
Мұхтар Əуезов
АХАҢНЫҢ ЕЛУ ЖЫЛДЫҚ ЮБИЛЕЙІ
Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған 
азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, 
тəуір күндерінің бірі деп саналады.
Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі 
болған Ахаңа арналған тұңғыш той – ой ойлаған қазақ бала-
сының жүрегіне жылы тиетін қуанышты істің бірі. Əркімнің 
қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп 
істің ішіндегі ірісі.
Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, əдебиет, саясат 
жолында жол бастаған күндері бəріміздің де есімізде. Кешегі 
күні оқушы болып, соның тəрбиесінде жүрген күндерімізді 
көз алдымызға елестеді. Ахаңның қазақ оқушысының ойы 
мен пікірін тəрбиелеген заманнан бір ай ұзағамыз жоқ. Кешегі 
күндерге шейін бəріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан 
туған өсиет-үлгісі əлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы 
үкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген 
пікірі əлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге 
жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді.
«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-
білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, 
кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мек-
тепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа 
кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі қазақтың ұзын 
ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне 
орнатылған ескерткіш – мəңгілік ескерткіш.
Қазақ жастарының ардақты тəрбиешісі Ахаң сөйлегенде 
менің есіме «Қазақ» газетінің əндері түседі. Біз ол күнде мектеп 

121
ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай 
мойынға батып, қазақ жұртын əлсіретіп, «кедейді шалапқа мас 
қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара 
жатқанын тұманды оймен сезуші едік, көмескі жауы қазақтың 
бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді.
Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып 
отырған əсерлі анық сөздер, қауіптің пішінін айқын қылып 
көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға бетте-
гендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан əлсіз 
ойын жол мұндалап, жетегіне алып бара жатқандай байқалушы 
еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін 
көрген жерде қадалып тұрып қалатын.
Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға 
«Қазақ» газеті ауылынан келген сəлемдемедей болатын. Ел ба-
сына келген бəленің атын білмей, түсін танымаса да елі мінген 
еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан 
жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. 
«Қазақтың еңкейген кəрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой 
түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, 
күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін 
жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? 
Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні 
еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік 
бермеген соң «маса» болып талай ызыңдап «оятамын» деп 
ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні 
болатын. «Қазақ» газетінің сол заманнан бері қарай талай өмірі 
өткен сияқты. Бұл уақыттың жылдай, саусақпен санағандай 
аз жыл болса да болып өткен уақиғаларына қарағанда көп
заманға жауап ұратын толқынды заманның бірі.
Өзге дүниеде болып жатқан ұлы өзгерісті қоя тұрып, қазақ-
тың өзін алғанда, əлденеше тарихшыға еңбек болатын тари-
хи уақиғалар өтіп жатыр. Бұрынғы уақытта қазақ баласының 
есіне келмеген, мағынасы үлкен уақиғаның бірі – қазіргі жаса-
лып отырған Ахаңның 50 жылдық тойы.
Саясат толқынына түсіп, ойы ашылған, мəдениет жолында 
аз да болса ілгері басып беті ашылған қазақ жұрты, бұрынғы 
ауыр күнде басшысы болған азаматының атын құрметпенен 

122
атағысы келеді. Еркін ойды ойлатпай ауыздан шыққан сөзді 
баққан патша заманында қазақ жұрты қайрат қылған еріне ар-
наулы сөзін айта алмаса,бүгінгі күнде азаматты 50 жасқа келіп, 
сақал-шашы ағарған күнде өксікті сөзін айта алады.
Ахаңның атын қазақ даласындағы қазақ баласының есті-
мегені аз шығар! Бірақ Ахаңды туғызған елі жалаң атын естіп 
қоймай, басынан кешірген өмірін білуге де ынтық болғандықтан 
білгенімізше бала күннен бергі өмірін қысқаша қылып айтып 
өтпекшіміз.
Ахаң 1873 жылы (1872 – Р.И.) Торғай облысы, Торғай уезін-
де Тосын болысында туған, сүйегі Арғын, оның ішінде Үмбетей 
болады. Бергідегі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ, Ахаң 
Шошақтың немересі. Өз əкесінің аты – Байтұрсын.
Ахаңның туып-өскен ауылы қыр қазағының ұғымынша ол 
кездегі Үмбетейдегі іргелі, аталы ауылдың бірі болған. Оның 
үстіне белгілі батырдың тұқымы болғандықтан Ахаңның 
жақындарының ішінен батырлықты, мықтылықты салт қылған 
ірі мінезді адамдар көбірек шыққан.
Ахаңның əкесі Байтұрсын баласын өзге ағайындары түскен 
жолға түсірмей, өнер-білім үйретпекші болып, жас кезінде 
Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ школына  берген. Сол 
школда оқып жүріп, 13-ке келгенде əкесі Байтұрсын үкімет ал-
дында «жазықты» кісі болып, Сібірге айдалып кеткен.
Мұның себебі, Тосын болысының сайлауына шыққан Торғай 
уезінің начальнигі «кəрі ояз» Яковлев Үмбетейге бұрыннан 
көптігін көрсетіп, зорлық қылып жүрген Дəуітбай тобына 
болысып, соның сөзін қостап, бұларға қиянат қылғандықтан 
Байтұрсын «кəрі оязды» сабап, басын жарған, Байтұрсынның 
айдалған себебі осы. Бұл уақиға Ахаңның соңғы кездегі «Ана-
ма хат» деген өлеңінде бала күндегі жүрегіне қандай əсер бер-
гендігін көрсетеді:
Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам, – 
дегені сол күнде əкесі көрген бейнеттен қалған белгісі.

123
Торғайдағы алғашқы түскен школын жастай бітірген соң, 
тағы ілгері оқуды талап қылып, Ахмет Орынбордағы учител-
дік школына түскен. Əуелгі школында да һəм соңғы Орын-
бор школында да сабақтас балалардың алды болып, жақсы 
оқыған. Учителдік школдан 4 жыл оқып, жасы 19-ға келген-
де, 1892 жылы оны да бітірген. Ахаңның тəртіпті мектеп-
тен алған барлық оқуы осы. Оқу бітірген соң əуелде мақсұт 
қылған жолымен ел ортасына барып, қазақ балаларын оқытпақ 
ниетімен Ақтөбе уезі Батпақты болысындағы Ахметкерей 
Қопсыбақовтардың ауылындағы ауылнай школға барып, оқы-
тушы болған. Мұнда біраз уақыт болған соң, Қостанай уезін-
де Əулиекөл деген жерде болыстық школында екінші рет 
оқытушы болған. Əулиекөлден үшінші рет ауысып барған шко-
лы Қостанай қаласының уезіндегі екі сыныптық орыс-қазақ 
школы. Бұл айтылған үш школда неше жылдан тұрғаны бізге 
белгісіз. Жиыны үшеуінде төрт жыл тұрып, 1896 жылы Омбы-
да Ақмола, Семей школдарын басқарып тұрған Алекторовпен 
хабарласып, Омбыға барған.
Ахаңның Қостанайдан кетуіндегі себептерінің көбі бізге 
белгісіз. Кетуінің бір себебі, қазақтың басқа жерлердегі хал-
жайын көріп-білу болса керек. Омбыға барып, Алекторовпен 
көрісуі – Ахаңның кейінгі күндегі адамшылығы мен ісіне екі 
түрлі əсер берген. Біреуі, Алекторовтың қазақ турасындағы 
отаршылдық саясатының басын біліп, көздеп жүрген мақсұтын 
сезген болар. Атақты Ильминскийдің жолымен қазақтың көзін 
ашу үшін осы оқу керек деген саясатты тұтынып жүргендігін 
сөздерімен білдірген Алекторовтың ниетімен жақын келіп 
танысқан соң, Ахмет қазақ халқының жағдайының ауырлығын 
ұғып, ел турасындағы түкпірлі ойы сол кезде ояна бастаған.
Алекторовпен танысудың екінші əсері – Ахаңның жолы 
ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы білім-өнер жүзіндегі шала 
білініп, көмескілеу түсініп жүрген нəрселерін таза білуіне себеп 
болған. Омбыдан соң аз уақыт тұрған жері – Қарқаралы. Онда 
1896 жылдан бастап 1907 жылға шейін тұрған. Қарқаралыда 
əуелде сыныптық орыс-қазақ школында болып, артынан го-
родское училищенің оқытушысы болған.

124
Қарқаралыда тұрғандағы соңғы 4 жыл Ахаңның саясат ісіне 
белсеніп кірісіп, жазуымен де, ісімен де бой көрсеткен кезі. Сол 
мезгілде 1905 жылдың өзгерісі болған. Қазақтың Мəскеуден 
келген бірен-сараң студенті, басқа қалаларда оқып жүрген 
жастары һəм ескіліктен келе жатқан пікірі түзу үлкендерінің 
арасына өзгеріс рухы жайылып, қазақтың елдігін сөйлей 
бастаған кездері сол мезгілі болатын.
1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа біраз оқығандар 
бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция 
(арыз-тілек) жіберген, ол петициядағы аталған үлкен сөздері 
– бірінші, жер мəселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, 
переселендерді жібермеуді сұраған, екінші, қазақ жұртына 
земство беруді сұраған, үшінші, отаршылардың орыс қылмақ 
саясатынан құтылу үшін ол күннің құралы барлық мұсылман 
жұртының қосылуында болғандықтан қазақ жұртын муфтиге 
қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мəселелер осы. 
Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мəселесі осылар 
болғандықтан Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде 
тілеулес кісілер көп шыққан. Көпшіліктің оянуына себепші 
болған. Сол жылдардан кейін бас қосқан жиында, жазысқан 
хатта, оңашада болған əңгімеде ел қамы, ел мұңы деген сөздер 
Ахаңның аузынан кетпейтін сөзі болған. Елшілдік ұранын 
салып, агитацияның ауданын кеңейтіп, ел ішіне арманды 
сөздерін жая бастаған. Сол жылдардың ішінде белгілі «Қырық 
мысал» жазылған. Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген 
төңкеріс рухындағы сөзі «Қырық мысал» болатын. Бұдан 
кейін Ахаңның атағы жайылып, елдің шын қамқоры екендігі 
екінің біріне мəлім бола бастаған. Бірақ сол кезде төңкерістің 
күні бітіп, патшаның жауыз үкіметі қайта күшейіп, елшілдерге 
қуғын жасап, қысымшылық жасайтын қанды күндері қайта 
туған. Қазақ ішінен ежелден елді ұмытып, адамшылық қарызын 
шенді-шекпенге сатқан құзғын сияқты тілмаштары, өзімшіл 
надан болыстары бірен-сарандап бас көтерген. Қараңғы үйді 
бинəт қылған «сабаздарға» жем айыратын жер табылған. Олар 
«Қырық мысалдың» өлеңдерін перевод қылып, 1905 жылдағы 
петиция берген адамның бəрінің атын жиып, үстінен белгілі до-

125
ностарын жүргізе бастаған. Бұлардың бейнеті көпке созылмай-
ақ, аз күнде еңбегі жанған. Қазақтың өзгеріс уақытында 
түзелуді ойлап, тура бетпен жүрген азаматтарының бəрі де 
үкіметтің қырын қабағына ілініп, абақтыға түсе бастаған.
Сол доностың арқасында 1907 жылы Қарқаралы қаласында 
Ахаңды 6 жолдасымен абақтыға салған. Қарқаралы тұтқынында 
аз уақыт отырған соң «жазалыларды» Семейге айдаған. 12 жыл 
өмірін өткізіп, еңбегі жанбай айдалып бара жатқанда Ахаңның 
қайғылы көңілінен шыққан ауыр сөздің бірі:
Қош сау бол, Қарқаралы, жуылмаған,
Айдай бер, қалса адамың қуылмаған, –
деген өлеңінен анық көрінеді. Семейде сегіз ай абақтыда 
отырған соң бір жарым жылға (административтік ссылкаға) 
айдау ретімен Орынборға келген. Орынборда сол тұрған жыл-
дарындағы əуелгі ниет қылған бетінен тайынбай, бұрынғыдан 
ащырақ, күштірек тілмен «Масаны» жазған. Қазақ оқушысына 
естілген екінші елшілдік ұраны «Маса» болатын.
Бұл кітабы шыққан кезде Уфадағы «Ғалияда» оқып жүрген 
қазақ шəкірттері тырбанып, талап қылып, қазақша газет 
шығармақшы болған. Керекті қаржыны елден жиып, өз орта-
ларынан шығарып, газеттеріне шығарушы болуға Ахаңды бел-
гілеген.
Қазақтың ол кездегі ерте оянған тобының бірі «Ғалия» 
шəкірттері еді, солардың талабымен кейінгі уақытта атақты 
болған «Қазақ» газетіне алғашқы негіз салынған. Ахаң шыға-
рушы болып, «Ғалия» шəкірттері көмекші жазушылары бо-
лып, Орынбордағы орыс школында жүрген барлық қазақ бала-
сы басқарманың қара жұмысшылары болып, көптеп-көмектеп 
алғашқы сандарын шығара бастаған. Артынан «Қазақ» 
нығайып, өзін-өзі алып жүріп кетті.
Он жеті жылдың төңкерісіне шейін Ахаңның уақыты 
«Қазақ» газетімен бірге өтті. Бұнда да «Қазақтың» сатылған 
тілмəштары жасаған доностары аз болған жоқ. Əлденеше рет 
«Қазақты» жаппақ болған, штраф төлеткен, Ахаңды абақтыға 
салмақ болған күндері бізге белгілі. Бірақ Ахаңның денсаулығын 

126
ойлап, халін ұққан жолдастары абақтыға жатқызған жоқ. Үкі-
меттің тілеген штрафын беріп босатып алды.
1917 жылдың төңкерісінен бері Ахаңның істеп жүрген 
қызметі, жазып жүрген кітаптары, сөздері жұрттың көбіне 
белгілі болғандықтан одан бергі жайларын көп жазбақшы 
емеспін. 
Осы күнде Ахаң Орынборда.
Басынай кешкен толқынды күндер сақал-шашына ерте 
күннен ақ кіргізіп, бетіне əжім түсірсе де əзірше дені сау, жас 
күнінен көңілі сүйген қызметі болғандықтан Орынбордағы 
қазақ институтының һəм басқа қазақ баласы оқыған мектеп-
тердің оқытушысы болып жүр. Мектептен босаған уақытта 
қазақ мектептеріне керекті кітаптар жазады.
Бұрынғы оқушыларға белгілі «Тіл құралы», «Оқу құрал-
дарынан» басқа соңғы жылдарда «Əліппе астарын» һəм қазақ-
ша жазған. Бұл соңғы кітабы осы күнде Орынборда басылып 
жатыр. Жаңадан алған хабарға қарағанда, былтырдан жазып 
жүрген «Мəдениет тарихы» деген кітабын осы күнде бітіріпті. 
Жақында о да басылып шықса керек. Ахаң соңғы жылдардағы 
уақыттың бəрін қазақтың мектебіне сарып қылып, істеген 
ісі де, жазған жазуы да соған арналған. Сондықтан бұрынғы 
уақыттағы жас буынның əлсіз ойын тербеткен, жүрекке жылы 
тəтті өлеңдерін соңғы жылдары ести алмай жүрміз.
Бірақ Ахаңның бұрынғы айтқан сөзін əлі қазақ баласы 
ұмытқан жоқ, өлеңіндегі белгілі сарын əлі ескірген жоқ.
Əлі күнгі қазақ даласының күшті сарыны болып, Арқаның 
қоңыр желімен бірге есігі, шалқып жатыр. Бұдан 10–15 жыл 
бұрын:
Алаштың үмбетінің бəрі мəлім,
Кім қалды таразыға тартылмаған? –
деп Ахаң айтса, біз де осы күнде соны айтамыз. Айналып келіп 
таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ахаңның ғана ардақты 
атын атаймыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін 
қандырған кісілері санаулы.

127
Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң 
салған əдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», 
«Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласы-
на істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған 
қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.
Оны жұрттың бəрі де біледі. Бұның шындығына ешкім де 
дауласпайды.
Сондықтан 50 жылдық тойын істеп отырған қуанышты күнде 
Ахаңа біздің айтатын сөзіміз: «Ахаң – еңбегі жанған жанның 
бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. Оның 
арты Ахаң мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп 
келе жатқан қазақ əдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санай-
ды».
Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды. Əлі де бол-
са, өмірінің ұзақ болып, еңбегінің өнімді болуын тілеуден қазақ 
баласы қайтпайды.
1923 жыл.
Ескерту:  Мақала алғаш 1923 жылы «Ақжол» газетінің 
№63 санында жарық көрген. Алаш арысының аты ақталғаннан 
кейін, 1991 жылы А.Байтұрсынұлының «Ақ жол» жинағына 
енді.
Бірнеше дүркін БАҚ-та жарияланды. 1999 жылы «Ұлттық 
рухтың ұлы тіні» атты ғылыми жинақта қайта басылды.
Ғалымның көптомдық жинағына алғаш рет еніп отыр.

128
Сəкен Сейфуллин
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ 50-ге ТОЛДЫ
Осы өткен қаңтардың 28-і Ахмет Байтұрсынұлының жасы 
елуге толды. Халыққа өзінше қызмет қылған адам кəміл 
тоқтайтын кісілік жасына жеткенде сол кісінің халыққа істеген 
қызметтерінің қандай екенін бастан-аяқ баяндап отыру əр үлгілі 
халықтың əдеті. Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, 
оқыған кісі, оқығандардың арасынан өз заманында патшаның 
арам құлықты атарман-шабармандарының қорлығына, маза-
ғына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған 
кісі. Əрине, Ахмет қазақ халқының байы мен жарлы-жалшы 
табының жігін ашып, бұл екі тап қатар тұрғанда жарлы табын 
байлар табы жұмысқа жегіп қойып, борсықша сора беретіндігін 
айтқан жоқ. Байлардан бөліп жарлы табының ғана намыста-
рын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Жарлы табының шоқпарын 
соққан жоқ. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей намысын 
бірдей жыртты, арын бірге жоқтады.
Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шы-
дап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намы-
сын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-
ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, 
губерния соттарына күш салып, тілмəш болып, кейбірі арла-
рын сатып ұлықтық іздеп жүргенде Ахмет қазақұлтына жанын 
аямай қызметтерін қылды. Əуелі ол школда қазақ балаларын 
оқытты. Надандықпен күресіп, патша үкіметінің əділетсіз үкім-
зорлығымен күресіп, Крылов деген орыстың жазушысының 40 
мысалын қазақ тіліне аударды. Ол 40 мысалдың əрқайсысына 
сол патша заманының əділсіз тұрмысынан алып, қазаққа патша 
үкіметінің істейтін жəбірлігін айтып, өзінен мысалдар келтірді. 
Қазақ халқының арын, намысын жоқтап,«Маса» есімді өлең 
кітаптарын жазып шығарды. Одан соң Орынборда «Қазақ» 
деген газетті шығарды. Қазақтың бастауыш мектептеріне ар-
нап «Оқу һəм тіл құралдарын» жазып шығарды. Коммунистер-
ше жалпы байлардың құлдығында жүрген жарлылардың ғана 
арын, намысын жоқтамаса да, коммунистерше жалпы бай-

129
ларға оқ атып, жалпы жарлылардың таяғын соқпаса да, 
Ахметтің халыққа бұл істеген қызметтері зор қызмет. Бұл 
қызметінің əсіресе көрінетіндігі сол, өзге оқыған замандаста-
ры өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һəм имандарын са-
тып жүргенде Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі 
үшін бір басын бəйгіге тіккен.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл.
Ұлтын сүюдің зорлығынан, 1917 жылы патша түсіп, револю-
ция (өзгеріс) болғанда қазақтың бұрыннан арсыз, имансыз 
оқығандары «ұлтшыл» бола қалып «Алаш» партиясын ашқанда 
бір қазақ үшін сол сұмдармен бірге «Алаш» партиясында бол-
ды. (Əрине,«оқыған» дегендеріміздің арасында бірен-саран 
адал адамдар да бар). Адал ниетті Ахмет бір тұтынған жолы 
үшін, шын сүйетін ұлты үшін қандай партияға болса да кірмей 
қойсын ба?! 
Өзі үшін ұлтшыл болған қулардан бөлініп, Ахмет сол 
ұлтқамы үшін коммунист партиясына да кірді.
Əрине, Ахмет коммунист партиясында да көп бола алмады. 
Көп бола алмайтындығы белгілі еді. Қазақтығына, орыстығына 
қарамай бай мен жарлының арасын ашып, борсықтай сорып 
келе жатқан байлардың қолдарынан үкіметті қара күшпен 
жарлыға тартып алғызған, малын, жерін тартып алғызған ком-
мунистер, жер-дүниедегі барша халықтарды бірдей сүйетін 
коммунистер рухы майда һəм қазақты ғана сүйетін Ахаңа 
дұрыс болмады.
Ызыңдап ұшқан нəзік маса, 
Сап-сары аяқтары ұзын маса.
Өзіне біткен түрі өзгерілмес,
Дегенмен қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттарын бұзылғанша
Ұйқысын азда болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?
Рас айтады, Ахаң нəзік маса, ол ұйықтаған қазақ хал-
қының үстінде қоймастан «ұйқысын азда болса бөлуге ызың-

130
дады», Коммунистердің ертелі-кеш «ызыңдап» жүрудің ор-
нына мырзалардың, байлардың бетіне былш еткізіп салып 
қалғаны нəзік жанды Ахаңа қолайлы көрінбеді. Қанша ұлт 
үшін коммунист партиясына кірсе де, дүниедегі барлық 
адам баласының ұлттарына қарамай, бəрін бірдей сүйетін 
коммунистерді көріп өз ұлтын ғана сүйетін Ахаң, өзі айт-
қандай,«қызыл» бола алмады. Ахаң байлардың құлдығында 
шіріген жарлылардың айғайшысы емес, олардың шоқпаршысы 
емес, бірақ байын, кедейін айырмай қазақты ғана сүйетін адал 
жүрек таза ұлтшыл. Қалай болса да жазушысы аз, əдебиеті на-
шар қазақ жарлыларына «Оқу һəм тіл құралдарымен» қылған 
қызметі таудай. 
Ахаң туралы толық қылып жазбақ едім, газет бетінің орны 
шамалы болғандықтан қысқа, үстіртін жазылды.
50 жасқа толған Ахаңды шын көңілден құттықтап, былай да 
өмірінің ұзақ болуынтілейміз.
1923 жыл.
Ескерту:  Мақала 1923 жылы 2 ақпанда «Еңбекші қазақ» 
газетінің 64-санында М.Шамил деген бүркеншек атпен жарық 
көрген С.Сейфуллиннің мұнан басқа «Тағы да Ахмет туралы» 
деген мақаласы сол жылы жазылған. 1988 жылдан кейін БАҚ-
та бірінші рет басылды.
1999 жылы ғалымның 125 жылдық мерекесіне арналған 
«Ұлттық рухтың ұлы тіні» атты еңбекте қайта жарияланды. 
А.Байтұрсынұлының кейін шыққан жинақтарына кірмеген, 
осы томдыққа енгізілді.

131
Телжан Шонанұлы
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ХАЛЫҚ АҒАРТУ
ЖƏНЕ ƏДЕБИЕТ САЛАСЫНДА
І
Бар ғұмырын өз халқына шын құштарлықпен қызмет ету 
жолына бағыштаған, бар бақытын содан тапқан, табиғаты 
бөлек жандар болады. Ахмет Байтұрсынұлы сондай адамдар 
қатарындағы ұлағатты ғалым. 
Ахмет Байтұрсынұлы мəдениетіміз бен ғылымымызға 
қалтқысыз беріле қызмет сіңірген, таланты мен тағдыры, жан 
дауасы тек сол мақсаттан тапқан жан. Ахаң – күрделі тұлға, 
зерделі ғалым.
Күрделі болғанда, ел-жұртының тарихы мен тағдыр талан-
тын терең біліп толғаған, танымына лайық алысқа қол ұсынған 
алғашқы оқымыстысы.
Кең құлашты, ұлан-асыр терең ойлы ғалым – халық ұлы 
өмірдің қай саласында да өз пікір-толғамын, бағыт-бағдарын 
білдіріп келеді. Осыншама сан қырлы қызметін жазған 
еңбектері арқылы жалпылама тізбелеп жеткізуге болар, бірақ 
шағын мақалада саралап айта алмасымыз анық. Дегенмен де 
мəдениетімізге орасан еңбек сіңірген адам ер жасы елуге келіп 
отырған шағында, біз оның қазақ əдебиеті мен халық ағарту 
істері саласындағы қайталанбас қызметін атап өтуге өзімізді 
парыздармыз деп санаймыз.
Ахаңның асқан ағартушылық жұмысын «Маса» атты 
кітабының басында келтіретін Қожанасыр былай деп сұрайды: 
«Сендер менің не айтқалы тұрғанымды білесіңдер ме?». Халық: 
«Білмейміз», – деп айғайлайды. Сонда Қожа: «Білмесеңдер не-
сін айтамын», – деп түсіп кетеді. Халық тарап кетеді. Келер 
жолы жұрт Қожаның қойған сұрағына, оның не туралы айта-
тынын білетіндіктерін айтса, ол, білетін болсаңдар несіне айта-
мын деп кетіп қалады. Қауым амалсыз тағы тарасады. Үшінші 
жолы, жұрт жартысы білетінін, жартысы білмейтінін жеткізсе, 
сонда Қожа: «Білетіндерің білмейтіндерге үйретіңдер», – деп 

132
тағы ештеңе айтпайды. Осы екі ауыз сөзде Қожанасырдың 
барлық ойының түйіні жатыр.
Ахаң Қожаның осы бір əпенділігін кітабында тегіннен-те-
гін келтірген жоқ. Шындығында да, Ахаң өзінің бүкіл саналы 
өмірін сарып еткен қазаққа өзі білген нəрсесін ұтымды жеткі-
зуден жалықпады. Сол үшін жанын сала тер төкті. Сондықтан 
да болар, оның еңбегінің өнімді жағы ағарту алқабында.
Осыған дейін ел ішінде оқу-ағарту ісіне дəл Ахмет 
Байтұрсынұлындай еңбек сіңірген ешкім жоқ.
Оның мəдени-ағартушылық қызметі ашық та айқын; егер біз 
əдебиетіміздің тарихына, тағдыр-талайына қатысты ең сорақы 
жағдайды еске түсірсек, ол ауыр да азапты күй екінші Николай 
құлағанша болды. Соның зардабы біздің ұрпақ санасында əлі 
де сезіледі.
Қалай ұмытайық, бəрі де біздің есімізде. Сорымыздың 
зоры ана тілімізде оқып, білім алудың тұтқасы дүмше молда-
лардың, қашқындар мен Хиуадан, Қарақалпақтан, Бұқарадан, 
Түркістаннан, Қазаннан, Сейітшілдер тобы мен Стерлимақтан 
ақ шалмадан басқа түгі жоқ келімсек оқымыстысымақтардың, 
шəкірт тəрбиелеудің қарапайым жөн-жосығын да білмей-
тіндердің тізгінінде кеткені еді. Олар балаларды соқыр 
сеніммен арбап, діни ілімге оқытып, ата-аналарды тозақ отын-
да молланың шыбығы тиген жер күймейді дегенге иландырып, 
жас шыбықтай солқылдаған жас ұрпақтың жанын да, тəнін де 
қинап азаптады. Олар молданың қолында сырттай, сыпайы, 
кешірімді көрінгенімен, іштей тасбауырлық, түйін байлап, 
кектеніп өсті: Абай айтқан өлмес өлең жолындағыдай:
 
Кітапты молда теріс оқыр,
 
Дағарадай болып сəлдесі,
 
Малқұмар көңілі бек соқыр,
 
Бүркіттен кем бе жем жесі, – деп түсінеді.
 
Жан баққан, мал аңдыған молдада не қасиет болсын. 
Қасиетті жазуды бұрып оқуға ақ шалманың өзі де тоқтау сала 
алмады. Молданың айтқанын істеме, істегенін істе деген... 
Дүниеқоңыздық, байлыққа құмарлық оларды да аздырып біт-
кен-ді. Олжаға таласқан құзғыннан не айырмасы бар?

133
Осының бəрі – біздің кешегі рухани мəдени болмысымыз-
дың жанды жеген дерті – қылмысты шындығы. Біздің құрдас-
тарымыздан, əйел затын қоса айтқанда, молдалардың ойды 
өсіріп, сананы серпілткен мағынасыз, мəнсіз «ұстаздығын» кім 
түсінбейді?
Екінші жағынан орыс-қазақ мектептеріне көңіл аударсақ, 
оның патша өкіметінің отарлау саясатына сай ашылғаны, соған 
бағытталғаны да бəрімізге таныс, аян. Бұратана мектептерге 
арналған заңның бірінші тармағы бəрімізге таныс.
Бұл мақсаттың ашық та айқын көрінісі патша əкімдері мен 
ағартушыларының əр түрлі мейрамдарда сөйлегендерінен 
анық байқалады. Торғай губернаторы Барабаш өзінің мүшел 
мерекесінде «өзіме бағынышты қазақ халқына православиялық 
дін мəдениетін таратып үлгермедім» – деп өкінгенін қарттар 
біледі. 
«Тағы (жабайы – Р.И.) жұрттардың ағартушысы» Ильми-
нскийдің халық ағарту министрі Д.Толстой қатысқан Қазан-
татар семинариясының ашылуында сөйлеген сөзі баршаға 
белгілі. Ол бұратана мектептің басты мақсаты: бұратаналар 
арасында орыс православиялық шіркеуінің ықпалын күшейту, 
бұратаналардың біртіндеп орыстануына жағдай жасау еді. 
Патша үкіметі өз мақсатын қадағалай отырып, қазақтарға ана 
тілінде оқуға рұқсат етпеді; рұқсат бергеннің өзінде жағдайды 
ауырлаты түсті. Медреселердің ашылуына орай қазақ тілінде 
миссионерлік бағыттағы кітаптар көптеп шығарылды, 
православиялық діннің мифологиялық транскрипциясы алын-
ды.
Аз-маз сауаты бар қазақ осы істің басында Ильминский мен 
Победоносцев, Яковлев, Мироглев, Васильев, Присне екенін 
біледі.
Осы жолдарды жазып отырған адам бала кезінде ауылда 
бағынышсыз мектеп болғандықтан пристав келе жатыр деген-
де, сабанның астын үңгіп тығыламыз деп, тұншығып өліп қала 
жаздағаны əлі есінде. Міне, осындай мүсəпір қиын кезеңде 
Ахмет алғашқы болып дауыс көтеріп, қазақ мектептерін 
бір жағынан, дүмше молдалардан, екінші жағынан, патша 
миссионерлері ықпалынан құтқару үшін қызмет етті. Болашақ 

134
ұрпақты молдалардың дүмше дым білместігінен, сол секілді 
миссионерлердің жаңашылдығынан құтқару үшін қызмет етті. 
Бұл жолда Ахаң жалғыз да алғашқы ағартушы болды. Оның 
Жаңа қазақ алфавитін (əліпбиін – Р.И.) жасауы іс жүзіндегі 
ішкі жəне сыртқы жаулармен күресінің көрінісі болатын, 
біздің тіліміздегі барлық дыбыстарды сақтай отырып, ды-
быс үсдестігінің заңдылығы бойынша жаңа əріптер белгілеп, 
ана тіліміздің синтаксисі мен этимологиясын жасап шықты. 
Қазақ тілінде қолданылмайтын, мүлдем қажетсіз он екі əрпін 
əліппеден алып тастады. Бұл жазу емлеміздегі көптеген 
қиыншылықтарды жойды.
Бұған дейін бізде өз əліппеміз болған емес, дүмше мол-
далар əліппе жасай алмай, балаларды «əліп-би» шартымен 
қағаз жүзінде оқытса, ал миссионерлер Васильев, Алекторов, 
Рожинский жəне басқалар қазақ əліппесін орыс транскрип-
циясымен берді.
Сондықтан да Ахметтің жаңа əліпбиі мен жаңа əліппесі 
біздің мəдени өркендеуімізге зор пайдасын тигізетін құбылыс 
еді. Жаңа əліпби тіліміздің таза сақталуына мүмкіндік туғыз-
ды. Жаңа əліпби əлемдік мəдениетпен араласа түсу жолын 
жеңілдете түсті. Жаңа əліпби халық мектептерінің өркендеуі 
жолында алып адым жасағаны анық.
Қазіргі кезеңде Ахметтің əліпбиімен басылған кітаптар, жур-
налдар, газеттер мыңдаған баспа табақпен даланы шарлап, ең 
алыс қараңғы түкпірлерге дейін тарап кетті. Ал Ахметтің кітап-
тары болса қазіргі қазақ мектептерінде қолданылатын жалғыз 
оқулық. Оны Қазақ халық ағарту комиссариаты қайталап бас-
тырып шығармаса, сол қалпында қалмақ.
Адамзат қоғамының идеологиялық жағынан толысуы 
өмірден де, техникалық өрлеуден (прогрессс) де қалыс қалып 
келеді. Сондықтан да идеология болмыстың (өзге) салалары-
нан консервативті. Идеологиядағы кертартпалық консервативті 
ағымның салқыны, əсіресе, кейін қалған халықтарға, мəселен, 
қазақтарға қатты зиянын тигізеді. Бұл əрине, тың тұжырым 
емес. Идеологиялық консерватизм халықтың дамуына үлкен 
кедергі келтіреді. Бұл ой əліпбилік реформаға да қатысты. 
Мысалға орыс əліпбиін орнықтыру мəселесі өткен ғасырдың 

135
60-шы жылдары столыпиндік кезеңде шаруалардың орыс ой-
шылдары арқасында азат етілуімен тұспа-тұс келсе де, екінші 
Николайды құлатқаннан кейін ғана жүзеге асты. Мəдениеті 
бізден сөзсіз жоғары тұрған орыс қоғамының өзі дайын 
əліпбиді тұрақтандыру үшін жарты ғасырдан астам пікір тала-
сын жүргізсе, Ахметке жаңа əліпби жасау үшін бұдан да күшті 
күресте айрықша қажыр-қайрат таныту керек болды.
Қазақ арасында «қадим» (ескіше) жəне «жəдит» жаңаша 
төтенше оқу деген мағына нақ осы кезден басталады. Бірақ бас-
аяғы он жыл ішінде ескі молдалардың сағы сынып, біздің мек-
тептерде жаңа азаматтық заң жеңді. Біздің мұғалімдер оқытып 
жатқан бүгінгі еуропалық əдіс – Ахмет Байтұрсынұлының 
жанашырлық қызметінің жемісі. 
Ахметтің жаңа оқулықтары жаңа əдістермен, қазақ өмірін-
дегі жағдайға ғана орайластырылып қойылмаған, сонымен бір-
ге ең соңғы жаңа методика мен дидактика əдістері тұрғысынан 
жазылған. Қандай да танымның, методиканың негізі – салыс-
тыру. Талантты, озық ойлы əдіскерлердің бəрі де ежелден-ақ 
оқулықтарын осы салыстыру тəсіліне сүйеніп жазған. Ахмет өз 
əліппесіндегі материалдары да осындай жолды ұстанып оты-
рып əзірленген. Ұғымға да, есте сақтап үйретуге де оңтайлы. 
Мысалы: 
«ас» сөзі аяғына қосылғанда «аса» соңына «р» 
жалғасақ 
«асар»; егер «а»-ны алып тастасақ «сар» жəне т.б. 
деген сияқты.
Немесе 
«сал»  сөзіне  «а»-ны қоссақ, «сала» шығады, оған 
«р»-ды қоссақ, «салар» болады жəне т.б. деген сияқты. Мұндай 
мысалдардан шəкірттер біртіндеп сөздердің ұқсастығы мен 
айырмашылығын танып, мұғалімнің арнайы жетектеуінсіз-ақ 
жеңіл жəне еркін меңгеріп, жеңілден қиынға, қарапайымнан 
күрделіге ауысып өзі-ақ үйрене бастағанын аңғармай да қалады 
əрі өз бетімен оқып та кетеді. Тəжірибенің көрсеткеніндей 
жаңа əліппемен оқып-жазып үйрену үшін орташа қабілетті 
балаларға төрт апта уақыт жетеді екен.
Ахмет Байтұрсынұлы педагогика мəселесімен ғана шек-
теліп қалмай, халық ағартудың басқа салаларында да, əсіресе, 
тілге қатысты қыруар істер тындырды.

136
Дəрежелі ғылымның дəлелдеуінше, тіл – мəдени өркендеу-
дің басты факторы. Тіл жоқ жерде халық, біріншіден, ұлттық 
бет-бейне айырылып қалады, екіншіден рухани, мəдени тоз-
ғындауға ұшырайды. Тілсіз, сөзсіз ақыл мен ойды қозғай ал-
майсың. Ал ой-санасыз сөз жоқ. Яғни, сөйлей білмесе, адам-
ның хайуаннан айырмасы аз.
Міне, осы тұрғыда Ахаң өлшеусіз көп қызмет етті. Біздің 
тілдің тереңдігі мен шеберлігін, тіл мəдениетінің мəнін, қасиетін 
дəлелдеп, тілімізді құрметтеуге мəжбүр етті. Оның тіліміздің 
тазалығы мен дербес өмір сүруі үшін күресі бұл саладағы аса 
зор еңбегі – кеңінен мəлім, кім-кімнен болса зор.
Бір кездерде мұсылмандар арасында ерекше бір толқын 
– пантюркизм болған еді. Ол кезде мəдени жағынан жоғары 
тұрмыз деп есептеген татар зиялылары өзге түркі тайпаларын 
да ешқандай себеп-салдарсыз татар санауға болады дегендей 
ұсыныс та жасады. Оның өзі күллі түркі тектес жұртшылықта 
татар тілін қабылдансын дегеннен басталған еді. Кезек қазақ 
тіліне де таяған. Сол тұста Ахметтің ана тілімізді қорғап 
сөйлеуіне тура келді. Осыған байланысты «Шекіспей, бекіс-
пейді» деген мақала мен «Туған тілім» атты өлеңі жазылды. 
Міне содан үзінді:
Кенің бай, келімің мол, туған тілім!
Дыбыстың сөз ғып теріп, буған гүлін.
Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен,
Мен қосып құтыла алмас қусам білім.
Мен болман болдырамын «татар» десең,
Мен жатпан «бір бөлмеңде» жатар десең!
Осылай ана тілімізді қорғай жүріп, əдебиет пен тіл ғылымын 
дамытты, ілгерілетті. Енді біздің тілімізге ешкім тиісе алмай-
ды, ал ол уақытта жағдай мүлде басқа еді ғой. Қазір бізге 
өз тілімізде жазуға, оқуға, сол арқылы мəдениетті көтеруге 
толық мүмкіншілік бар, газет оқу халық ағартушылығын 
арттыра түсетіні де сөзсіз. Орынбор губерниясында айдауда 
жүріп те Ахмет қазақ тілінде материалдардың жетіспеуіне, 

137
жұтаңдығына, көмектескендердің жоқтығына қарамастан, 
«Қазақ» газетін шығарды. Газеттерді тарату жөніндегі техни-
калық жұмыстарды өз жары мен қызы атқарады, өйткені экс-
педитор мен хатшы жалдауға алғашқыда қаражат та болмайды. 
Газет қазақ өмірін жан-жақты əр қырынан алып, үкіметтің арам 
пиғылын жоғарыдан бастап урядниктерге дейін сынап-мінеп 
отырды, сол үшін де газетке бірнеше рет айыппұл салынып, 
редакторы түрмеге жабылды. Қазақтар газет пен журнал оқуға 
осы уақыттан бастап үйренді. Мұның да бастаушысы – Ахмет 
Байтұрсынұлы.
Ахметтің мəдениетімізге сіңірген еңбегі орасан зор, жазған 
кітаптары да аз емес, ол кітаптар ағарту мақсатында қызмет 
етумен қатар, ғылыми тұрғыдан да аса құнды.
Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының əдеби қызметіне қыс-
қаша тоқталсақ.
ІІ
Біздің жазба əдебиетіміз əлі жас. Ол қазіргі ақындар 
шығармасына да əсер етіп, өзіндік өрнек бедерін танытып 
қалады. Басқаша айтсақ, ақынға əсер тигізіп қана қоймайды, 
халықтың мəдени өсу деңгейінен, рухани құнарынан да ха-
бардар еді. В.Г.Белинскийдің ақын – өз халқы мен ғасырының 
перзенті деген ойы шындықтан туған. Əлбетте, ақын – су-
реткер. Шығармасының мəні, нəрі шындықтан алынуға тиіс, 
онсыз ол дерексіз қызыл сөзге сүйенген тілші. Сондықтан да 
заман тудырған, уақыт толғандырған сұрақтарға ақын сер-
гек қарауы керек. Уақыт шындығымен бірге толғанып, ел 
тағдырымен жаны бір тұруы шарт. Онсыз ақын құр өлеңші. 
Былай қарағанда, Ахмет өз дəуірін шындықпен суреттеген си-
рек ақын деп айта аламыз.
Халық Абаймен танысқаннан кейін:
 
 
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
 
 
Жоқ-барды, ертегіне термек үшін,
 
 
Көкірегі сезімді, тілі орамды
 
 
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

138
 
 
Ақындары ақылсыз надан келіп,
 
 
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
 
 
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
 
 
Өлеңі бəрі жамау, бəрі құрау,
 
 
Əттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
 
 
Кемшілігі əр жерде-ақ көрініп тұр-ау – 
Деген уытты сынынан соң, «Құны түскен кешегі өлеңнің» 
уақыты келмеске кеткен. Бұған біздің əдебиет тарихымыз 
куəгер. Абайдан бастап əдебиетімізде жаңа бағыт пайда бол-
ды. – Егер, біз Абайды сол бағыттың кірпішін қалап, жаңа 
əдеби құрылымға сілтеме жасады десек, Ахмет Байтұрсынұлы 
ірге тасын салып, қабырғасын көтерді. Ендігі əрлеп-сырлауы, 
əшекейлі күмбезі – болашақ ақындардың ісі.
Бұл бағыттың бет-бағдары – біздің ақындарымыздың ха-
лықты жарыққа, білімге мəдениеттің даңғыл жолына, жарқын 
өмірге жетелеуге ұмтылдыруы. Біздің ақындар ақындығымен 
қоса, ағартушы да, ғалым да.
Ахмет шығармаларының сырт пішіні шебер: қарапайым, 
оқуға жеңіл сазды, сөздері үйлесімді, ұйқасы ұтымды болып 
келеді. Көркем шығарманың пішіні туралы Ахмет өз өлеңінде:
 
 
 
 
 
Оюын ойып, орындап қойып,
 
 
Түр салғандай өрнекке.
 
 
Қиыннан қиып, қиырдан жиып,
 
 
Құрап сөзді термекке, –
деп қалай жазса, солай орындауға ұмтылды.
Ақын ағартушы аудармамен де көп айналысты. Көркем 
туындылары негізінен осы екі салада – аударма жəне түпнұсқа 
болып жазылған. Бəрінен де Ахметтің ден қойып, көп аудар-
ғаны Крыловтың мысалдары, сосын Пушкин, Лермонтов 
шығармалары, басқа да өзі қалаған орыс ақындарының туын-
дыларын ана тілімізге түсірді.
Бұл орайда Ахмет Байтұрсынұлын жаңа аударманың көш-
басшысы десек те болады. Аудару шеберлігі сондай, егер 
оқырман түпнұсқамен таныс болмаса, онда шығарманың өзге 

139
əдебиеттен екенін аңғармай қалар еді. Мысалды «Олегтің заты 
туралы əнінің» (Бұл аударма А.Байтұрсынұлының «Маса» атты 
өлеңдер жинағында: «Данышпан Алектің ажалы» деген атауға 
ие – Р.И.) басынан келтірейік: 
Жар салып, жасақ жияр білімді Алек, 
Білімсіз хазарлардан алмаққа кек.
Қаласын, егіндерін азасы үшін
Отпенен қойған арнап қылышқа деп.
Немесе, осындағы Пушкиннің сыпаттаған ат сынын 
алайық:
Сен неге, тұлпар атым, кісінейсің? 
Жабығып неден көңілің, түсті еңсең?
Ерігіп, ауыздығың қарш-қарш шайнап,
Бұ қалай, бұрынғыдай сілкінбейсің?
Əлде мен бабың тауып бақпадым ба?
Болмаса жемнен қысып, сақтадым ба?
Əйтпесе, əбзелдерің сəнді емес пе?
Жібектен тізгініңді тақпадым ба?
Малдырып сом алтынға үзеңгіңді,
Тағаңды шын күмістен тақпадым ба?
Ал, осы өлеңдерді түпнұсқамен салыстыратын болсақ, 
əуелде кім-кімнен аударғанын аңғару қиынға соғар еді. Ах-
мет Байтұрсынұлы Пушкиннен бе, Пушкин Ахмет Байтұр-
сынұлынан ба? Бұл жəй аудару емес, өнер жарыстыра шығар-
машылықпен жеткізу. Аударма – үлкен өнер. Басқа халықтарда 
да не бір ұшқыр, жүйрік аудармашы-ақындар болған. Орыс 
аудармашы-ақындар ішінде Жуковскийді мойындап, соған 
жүгіну қалыптасқан. Біздің аудармашы ретінде Ахмет 
Байтұрсынұлы Жуковский секілді таланттардан артық бол-
маса, кем соқпайды. Орыс əдебиетін қалай білсе, қазақ тілін 
солай түсінетіндер бізбен келіседі ғой деп сенеміз. Ахаңның 
аударма арқылы мəдениетімізге қосқан үлесі жөнінде осылай 
ойлаймыз.

140
Ахметтің шығармаларының, музасының негізгі мəні – құр
ой-қиялдан емес, қоғамның құрылысына, патша үкіметі құры-
лымына деген көңіл толмаушылықтан туған тебіреністер. 
Жарқын болашаққа, білімге, жарық өмірге құштарлыққа толы 
жігерлі толғаныстар. Ол халыққа қызмет етуде кеткен жаңсақ-
тық пен қастандықты танып ашуда, оны түзетуде əшкере-
леушілікті мақсат еткен ақын шығармасының сыншылдық, жол 
ашушылық сипаты күшті. Соның бəрі де халық мүддесімен 
астасып жатады. Ақын бір өлеңінде Николай патшаның 
режімін былай суреттейді:
Болармын нағып ырза туысыма? 
Туыппын таршылықтың уысында.
Шамам жоқ жан-жағыма қол созарлық,
Тар көрдің тығылғандай қуысына.
Айта алмай шын сөзіңді, қорғалайсың,
Туғаның бүйтіп қор боп құрысын да!
Бар пайдаң өз басыңнан артылмаса,
Мал ғұрлы мағына жоқ тұрысыңда.
Ел-жұртына қызмет сіңіргісі келген көзі ашық азаматтардың 
дəрменсіз мүшкіл халін сезбеу мүмкін емес. Бұл сол дəуірдің 
өзекті шындығы.
Ақын Ахметтің айтуынша халық жағдайы былай көрінеді:
 
 
Малың алдау, талауда тұр,
 
 
Жаның арбау, қамауда тұр,
 
 
Аяғыңды тұсау қысты
 
 
Жақтарыңды құрсау қысты
 
 
Көрмесіңе пердең мықты.
Осындай сыншылдығы үшін ақын патша үкіметінен қыс-
пақ та көрді. Қуғынға да ұшырады. Патша үкіметіне қатысты 
жазылған өлеңдер үшін түрмеде отырған ақын былай толғайды:

141
Бəле деген аңдушы
Аяғымнан шалып тұр.
Жала деген төбеті
Балтырымнан қауып тұр.
Жау білегін сыбанып,
Пышағын қайрап, жанып тұр.
Бірақ жабылған жала, қуғын-сүргін ақын үнін тұншықтыра 
алмады. Шындықтың үні үнемі Ахаң тілінен естілді де тұрды:
Байқасақ, жезде!
Бауыздар кезде
Үн шығару бар емес пе?
Үндемей өлсек,
Сүйекпен көмсек,
Кейінгілер демес пе?
«Лақ құрлы бақырмай,
Өлген екен япыр-ай».
Бұл жалған қарсылық, жайдақ егес емес-ті. Сонымен бірге 
халықтың ішін жайлаған бойкүйез еріншектік, парықсыздық, 
басқа да түрлі жаман əдеттерден ақын өзі де жиренді, басқаларды 
да жирендірді. Бейқам, бейжай жұрт санасын қозғауға барын 
салды.
«Қазақ салты» (Өлең атауы жаңсақ берілген. Бұл негізінен, 
«Қазақ қалпы» деген өлеңнен үзінді. – Р.И.) өлеңінде былай 
жазады:
Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Тақылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала кеп
Киіздей шала басып, қарпылмаған.
Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар да көп,
Телміріп, бір тойғанын ар қылмаған.

142
Ақ көңіл, алаң-бұлаң адамдар бар
Есептеп азын көпке, аңқылдаған.
Қайырсыз, неше сараң байлар да бар
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.
Бəрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,
Ұмтылып талап ойлап талпынбаған.
Солардың қатарында біз де жүрміз
Мəз болып құр түймеге жарқылдаған.
Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының басым бөлігін 
өлеңмен жазған, прозасы жоқ. Қара сөзбен жазғандары газет-
тік, журналдық мақалалары мен оқулықтары ғана. Жариялаған 
шығармаларының ішінде лирикалық дүниелері кездеспейді. 
Бірақ лириканы да тамаша жазғанын «Дүниеге» атты жарық 
көрмеген элегиясынан аңғаруға болады. Ол роман, повесть, 
драмалық көркем туындыларды əзірлеген жоқ. Оған мұршасы 
да болмаған тəрізді.
Ахаң өзінің қуатын халықтың зəру мəселелеріне, күнделікті 
қажеттіліктеріне арнап, сарп еткен қаламгер. Өлең-мақалалары 
да, ғылыми-зерттеу еңбектері де халық ағарту ісіне бірден бір 
қажетті, өнегелі жолдың басы болған дүниелер. Қазақ халқы 
үшін Ахмет жасаған əдеби дүниенің көркемдік-əлеуметтік та-
ным əлемінің əсері ғаламат. Оның «Маса» мен «Қырық мысал» 
кітаптары шыққанда халайық қалай қуанышпен қарсы алғаны 
есімде.
Өзімнің шағын шолуымды ақынның белгілі «Адамдық 
диқаншысы» өлеңімен аяқтайын: 
Адамдық диқаншысы қырға шықтым, 
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.
Иə, Ахмет Байтұрсынұлы адамдық дəнін, қайырымдылық, 
махаббат мəйегін септі. Міне, қайырымдылық дəнін себуші 
мүлде жаңа жағдайда, өзі күрескен өмірден түбірінен өзгеше 

143
қоғамда 50 жасқа толып отыр. Туған əдебиетіміз бен халық 
ағарту ісіне пайдалы ұлы еңбек сіңірген қазақ халқының ірі 
əдебиетші-ағартушысын шын жүректен құттықтаймыз.
 Наурыз, 1923 жыл.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет