Белгілі бір саяси ойшылдың саяси идеяларына сараптама



Дата31.12.2021
өлшемі39,13 Kb.
#22400



Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Факультет «Механика-Математика»


Кафедра Механика

СӨЖ


Тақырыбы: «Белгілі бір саяси ойшылдың саяси идеяларына сараптама»

Орындаған: Есберген Жандаулет
Қабылдаған: Садибеков Е
Алматы 2021ж.

Кенесары Қасымұлының саяси-идеологиясы

Қазақ хандарының билік құрған дәуірі қазақ елінің тарихи өмірінде оның мүддесінің қорғалуында, мемлекеттің өркендеу жолында тарихи маңызы бар дүние. Олар қазақтың идеясы мен мәдениетінің қалыптасуын қамтамасыз етіп, сақтап отырды.  Қазақтың ең соңғы ханы Кенесарының билігі осы бір дәстүрлі қазақ қоғамының өрісінде қазақ хандарының билігін қалпына келтіру үшін тарихта орын алған. Кенесары хан идеясының негізі Абылай мен оның баласы Қасым ханның тарихи қызметтерінде жатыр. Кенесарының әкесі Қасым хан балаларымен ұлт азаттығы үшін күрескендігі тарихтан белгілі, ол күрестің басында ел тәуелсіздігін қайтаруға, ел мүддесін сақтап қалуға бағытталған қазақ тұлғасының идеясы жатыр.

 Қазақ хандары билік құрған қазақ қоғамының саяси өмірін, оның мәдени өрісін, экономикалық даму бағытын зерттеуде, алдымен мемлекет билігін жүзеге асырып отырған хандар мен батырлардың саяси ұстанымын, көзқарастарын зерделеу қажет. Нақты тарихи деректерге сүйенсек қазақ тұлғалары құрған хандық биліктің мемлекеттің сыртқы саясатын жүзеге асырудағы негізгі принциптері қазақ жерлерін сақтау, мемлекеттің өмірін жақсарту, тұрақтылығын қамтамасыз ету және көршілес елдермен саяси қарым қатынасты болу мәселелерін қамтиды. Бұл қазақ хандарының дәуіріндегі мемлекет саясатының негізгі бағыты. Қазақтың ең соңғы ханы Кенесары хан билігі осы бағытта қолға алынды, ел мен жерге қатысты мәселелердің жүзеге асуы ұлт мүддесіне негізделді. Кенесары хан бастаған ұлт азаттық қозғалыстың тарихын зерттеуші қазақ ғалымы Е. Бекмаханов өз зерттеулерінде оның орын алу себебін көрсетіп кеткен: Қоқан ханымен тынымсыз күрес жүргізе отырып, Кенесары олардың шеңгеліндегі қазақ жерлерін өздеріне қайтаруды мақсат етті. Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасы осыған байланысты Азиялық Департаментке былай деп жазды: «Өзінің (Кенесарының – Е. Б.) Қоқан жерлерін басып алуға тырысуының түпкі мақсаты – сол жерді кейін қазақтарға бөліп беру»

         Кенесары қазақтарға салық салуға да үзілді-кесілді қарсы шықты. Николай І – ге жазған хатында ол: «Біздің халықтан заттай төлем жинай бастады және оларға жан-жақтан қысым көрсетіп, шеттетіп жатыр», бұл «біздің халық үшін үлкен қасірет» - деп мәлімдеді. Генерал Горчаковка жолдаған басқа бір хатында ол былай  деп жазды: «Қазақ халқына баж салығын салыңыздар,  демек, бұл бізге қысым жасағандарыңыз... алым - салық төлеп сіздердің қол астарыңызда тұру, тіптен мүмкін емес.

         Кенесары «қазақтардың ежелгі тәуелсіздігін қалпына келтіреміз, яғни тәуелсіз Қазақ мемлекетін құрамыз деген ұранмен күрес жүргізді.Қазақ хандары басқарған қазақ қоғамындағы ұлттық идея елдің мүддесіне тегістей қызмет етіп отырған, тұлғаларымыздың мемлекетті басқарудағы және оның мүддесіне қызмет ету жолындағы тәжірибелері мемлекет билігін дәстүрлі мәдениетін және тарихи қызметінің сақталуын толықтай қамтамасыз етіп отырған.

Мемлекеттің негізгі байлығы жер, жер байлығының негізінде қоғамның дамуын қазақ батырлары терең білген, соның салдарынан жерді азат ету, ұлттың өзгеде құндылықтарын сақтау мақсатында қарқынды күресі орын алғандығын олардың тарихынан терең ұғынамыз. Осы тұрғыдан пайымдайтын болсақ, хандарымыздың билігі сонау түркілердің мемлекет билігін жүзеге асырудағы елдігімен ұқсас, тіпті жерді азат ету жолындағы идеялары бір бірімен сабақтас. Оның қасиеті ел топырағындағы батырлықтың тарихи қалыптасу себептері негізінде тереңдейді.

         Тұлғаны қалыптастыратын тарихи уақыт, тұлға саясатты қалыптастырса да, саясат тұлғаны жасай алмайды, тұлға бейнесін қалыптастыратын тұлғаның қасиеті, оны сақтайтын тұлғаның рухы, тұлғаның рухы тарихта немесе қоғамның жаңа бір тарихи кезеңінде де өмір сүруі үшін тектілік қажет, жоғарыда айтып өткеніміздей тектілік адам болмысының өрісіндегі құндылықтарды біріктіріп отыратын қасиет болса, тектіліктің қадір қасиетін бағалау үшін ел тарихындағы зиялылар рухы мен іс әрекетінің тәжірибелері ұрпаққа тегістей жетіп отыруы қажет. Кенесары заманында және алаш зиялыларының уақытында да олардың мемлекет мүддесінің тағдыры үшін күресуіне ұлттық идеяның ықпалын анық байқаймыз.

         Көне дәуірден бері мемлекет билігін дұрыс жүзеге асыруда, мемлекет тәуелсіздігін сақтаудың стратегиялық бағдарламасын қалыптастырып заңды түрде жүзеге асыру үшін зиялылар мемлекет тарихын жазуды қолға алған. Себебі мемлекет билігі сол мемлекеттің тарихи тәжірибелері негізінде ғана өмір сүрген, мемлекет билікті дұрыс өз жолымен жүзеге асыруда мемлекет тұлғасы тарихи тұрғыда ойлай білуі қажет. Тарихи тұрғыда ойлау қазақ хандары мен батырларының қалыптасу жолынан мәлім болып отырғандай, олардың танымында бала кезінен ақ орын ала бастаған. Ел ішінен елді қорғап, оның мүддесіне адал қызмет ететін қазақ батырларының шығуына тарихи өмірдің болмысын сомдаған қазақ даналарының руханияты жетекші болып отырған. Е.Бекмаханов жазып кеткендей, «Халық аңыздары мен қиссаларында жырланған атасының образы Кенесарыға бала кезінен сүйікті болған деу керек. Ол Абылайды мақтан тұтатын және өзінің әрқашан оның ісін жалғастырушы және оның құқықтарының заңды мұрагері екендігін атап айтып отыратын.  Міне, сондықтан Кенесарының патша өкіметі орындарына жазған хаттарында және қазақтың әр түрлі руларына арнаған үндеулерінде Абылай есімі жиі аталатынын көреміз... Өзінің үндеулерінде ол «Абылай тұсында қазақтар еркін және бейбіт өмір сүргендігін» еске салып отырады. Абылай есімі Кенесары әскерінің жауға шапқандағы ұраны болды».

         Кенесары ханның ел басқарған тәжірибесінен ұғынып отырғанымыздай, билік бір адамның емес ұлт тұлғаларының тарихи өмір талабы арқылы дараланған рухани қызметтерінің негізінде жүзеге асып отырған. Мемлекет тұлғасы өзінің ел мүддесін қамтамасыз етуге бағытталған идеяларын жүзеге асыруы үшін, оның идеясы тарихи өмір кеңістігінде нақты практикалық деңгейде өмір сүруі қажет, яғни мемлекет билігінің тәжірибесі зиялылар тәжірибесінің негізінде қалыптасып, жүзеге асып отырады. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Кенесары хан бастаған ұлт азаттық қозғалысқа түгелдей қазақ елдінің қатысуы оның идеясының ақиқаттылығында:

         Кене ханның тұсында

         Қарт бурадай жарадық.

         Жауды жасқап, жапырып,

         Жауға қардай борадық.

         «Абылайлап» ат қойып,

         Дұспанның алдын орадық.

         Кене хан жазым болған соң,

         Шіл боғындай тарадық.

         Көрінгеннен қорғалап,

         Кісі аузына қарадық!

         Өзіміз шапқан Созақта

         Сарттан ақыл сұрадық.

Қазақтың ең соңғы ханы Кенесары мен оның батырларының рухы осылайша қазақ руханиятының өрісінде сақталып, ұрпақ өміріне таратылып отыратын ұлттық идеямыздың өзегіне айналып сақталып қалды.

Мемлекет рухы мемлекет заңының орындалуында ғана емес, оның қызметінің өрістілігінде. Заңның өмір сүруі әділеттіліктің өмір сүруі, әділеттілікке келгенде заң тек қана халық мүддесіне қызмет етеді. Ханның сайлаған билері басқарған сот билігі барлық қазақ қоғамының негізін құрайтын қазақ руларының тағдырына қызмет еткен. Алаш ғалымы Е.Бекмаханов жазғандай, «Талап қойылған сот ісін қарауды негізінен үш топқа бөлуге болады: 1) Кенесарының қарауындағы рулардың барымта және адам өліміне байланысты қаралатын сот істері; 2) Кенесарыға бағынышты емес рулардың арыздары қаралатын сот істері, олар бұған жиі арызданатын; 3) Кенесарыға қарасты қазақтар мен патша бодандары арасындағы дауды шешетін сот ісі. Осы Кенесары хан басқарған қазақ мемлекетіндегі сот билігінің қызметіне қарайтын болсақ, ол тек қазақ қоғамының жағдайында ғана емес, сол кездегі ресей саясатына да ықпалының болғандығын көреміз. Ол ру аралық мәселеден бастап, мемлекет, халық мүддесіне қызмет етіп отырған. Оның бұл деңгейде жетуіне себеп мемлекет ісін басқарудағы Кенесары ханның даналығы мен шеберлігі. 

         Жоғарыда айтып өткеніміздей отаршылдық идея алдымен ұлт рухын әлсіретуден басталды. Осы себептен Кенесары хан қоғамның тұтастығын, ел бірлігін әділ әрі қатаң түрде бақылаған. Өйткен ру арасындағы қайшылықтың орын алуы бұл отаршылдық саясат үшін қолайлы нәрсе. Ал Кенесары басқарған қазақ мемлекетінің ел тағдыры үшін маңызды бір қыры оның ел тарихында ұлттық санамызға қорған болатын тарихты қалдыруында.

         Қазақ хандары мен батырларының ел тарихындағы орнын, тұлғалық рухын зерделеуде Қазақтың бір туар ұлт жанды феномен тұлғаларының бірі Кенесары ханның рухын сомдап, ұрпақ санасында сақтап тұрған, Кенеханның елдік қызметтеріне куә болған Нысанбай жыраудың тарих бетінде қалған сөздері еріксіз ойымызға орала береді:

Кенекем менің кеткен соң,

Заманым қалды тарылып.

Салтанатты хандардан

Жетім қалдым айрылып!

Екі бірдей қанатым

Топшыдан сынды қайрылып!

Балдағы алтын ақ берен

Тасқа тиді майрылып.

Кемшілік түсті басыма,



Көрінгеннен қаймығып. Ұлт тұлғасы дүниеден өтсе де, оның ерлігі, елдігі, даналығы кейінгі ұрпаққа рухани мұра болып қалады, ол тарихи уақыттың негізінде ұлт рухының тірегіне айналады. Осы себептен Кенесарыхан феномені ұлт санасында мәңгі өмір сүретін дүние.   




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет