Белоктар. Белоктар классификациясы Дәріс 2. Белоктар амин қышқылдарынан тұратын, жоғары молекулалы күрделі азотты қосылыстар, олар шамамен дене салмағының 20% және жасушаның құрғақ массасының 50% құрайды.
Белоктар күнделiктi тамақтануда ең бiр құнды тағамдық заттектердiң бiрi. Тағамдық заттектерден көмiрсу мен май энергия жеткiзумен қатар өзара алмаса алады. Ал белок болса, физиологиялық қажеттiлiктi өтеу үшiн тек азық-түлiк құрамындағы белок түрiнде организмге түсуi тиiс.
Адам организмінде белоктардың ролі өте үлкен, себебі олардың қызметі сан алуан. Негізгі атқаратын қызметтеріне жатады:
1. Ферменттік. Адам ор ганизміндегі биохимиялық үрдістерді жүзеге асыратын, табиғаты белокты 3000-ға жуық ферменттер белгілі.
2. Реттеуші. Заттек алмасуының реттелуін және интеграциясын қамтамасыз етеді. Осы топтың белоктарына кейбір гормондар, мысалы, инсулин, сонымен бірге хромосома гендерін экспрессиясын координациялайтын репрессор-белоктар жатады.
3. Тасымалдаушы. Жасуша ішінде және тін арасында мембрана арқылы түрлі қоректік заттектердің байланысуын және тасымалдануын іске асырады. Мысал ретінде липидтерді тасымалдайтын липопротеиндерді, оттегіні жеткізетін миоглобин мен гемоглобинді, глюкозаны, аминқышқылдарды, басқа да метаболиттерді байланыстырып, оларды жасуша ішіне тасымалдайтын пермеаза-белоктарды айтуға болады.
4. Механикалық-химиялық (жиырылтушы). Бос (химиялық) энергияның механикалық жұмысқа (бұлшық ет тінінің белоктарының – миозин мен актиннің қызметі) ауысуына ықпал етеді.
5. Құрылымдық. Түрлі плазмалық, митохондриялық мембраналардың құрылуына қатысады, тіректі тіндердің мықтылығын қамтамасыз етеді. Оларға жататындар: коллаген – сүйек тінінің, шеміршек пен сіңірлердің тіректі қаңқасын; кератин – жүн, шаш, қауырсын, тұяқ, мүйіздердің құрылымдық негізін; эластин – тіннің серпімділік қасиетін құрайды.
6. Қорғаныс. Қоршаған ортадан организмге түсетін бактерияларды, вирустарды, бөгде белоктарды залалсыздандырады. Осындай қызмет атқаратын белоктарды иммуноглобулиндер (антиденелер) деп атайды, олар лимфоциттерде түзіледі. Белоктың қорғаныс қызметінің басқа мысалы ретінде қаннық ұюына қатысатын және организмді кездейсоқ жарақаттар мен апаттар кезінде қанның кетуінен қорғайтын фибриноген мен тромбин жатады.