Биліктің тепе-теңдігі айқындалған конституция

Дата11.02.2022
өлшемі20,99 Kb.
#25238

Нұрғалиева Аружан

"БИЛІКТІҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІГІ АЙҚЫНДАЛҒАН КОНСТИТУЦИЯ"

1993 жылы қаңтардың 28-і күні Қазақстанның тұңғыш Конституциясын қабылдау жиынына сол кездегі Жоғарғы кеңес мүшелерінің 312-сі қатысып, 309 депутат жақтап дауыс берді, үшеуі қалыс қалды.

Сол күні кешкісін тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының қабылдануына арналған Жоғарғы кеңестің салтанатты рәсімі өтті. Рәсімді ашқан Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин (2019 жылы 31 желтоқсанда өмірден өтті) жаңа Конституцияның түпнұсқасын сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақ ССР-інің 1978 жылы қабылданған Конституциясының түпнұсқасын Орталық музей басшысына тапсырды. Қаңтардың 28-і Конституция күні – мемлекеттік мереке болып белгіленді.

Тұңғыш Конституцияны қабылдауға қатысқандардың естеліктеріне қарағанда, "1993 жылғы Конституция – Қазақстан билігінің үш тармағы толық айқындалған, биліктің тепе-теңдігі мен тежемелік жүйесін толық орнатқан негізгі құжатқа айналған".

Алайда Конституциядағы билік бөлінісі жайлы пікірталастар заң қабылданғаннан кейін де жалғасты. Кейбір баспасөз құралы "Қазақстандағы жағдайды ушықтыратын ең бірінші мәселе билік үшін талас болады. Бұл екеуінің таласы сотты қайсысы қолына алуға тырысатынына дейін ұласады" деп жазса, кейбірі оған қарсы мақала жариялап айтысты.

Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин сол кездегі сұқбатында билік үшін талас болмайтынын, заң шығарушы билік пен атқарушы билік және сот билігінің құзыры нақты белгіленгенін, әрқайсысы тек өз құзыры шегінде жұмыс істеуі тиістігін айтқан. Әбділдин "Конституцияда президент мемлекет басшысы және республиканың атқарушы өкімет билігінің біртұтас жүйесінің басқарушысы деп көрсетілген, президентке мейлінше кең өкілеттік берілген" деген.

Алайда сол уақыттағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституция қабылданған күні сөйлеген сөзінде "Белгілі бір кезеңнің уақыт талабына орай кейбір конституциялық нормаларды анықтауға тура келеді" деген еді.

Оразалы Сәбден тұңғыш Конституцияның 1995 жылы қабылданған екінші Конституциядан негізгі айырмашылығы – алғашқысының депутаттар талқылауынан өткендігінде деп санайды.

- Жалпыхалықтық талқылаудан кейін парламентте талқылаудан өтті. Оған Қазақстанның танымал заңгерлері қатысты. Ал 1995 жылғы Конституцияны президенттің төңірегі әзірлеп, референдумда қабылдай салды, парламенттің талқысына түспеді. Конституцияда сот билігі, заң шығарушы билік және атқарушы билік арасында тепе-теңдік пен тежемелік жүйесі болуы керек. Бұл қағида 1995 жылғы Конституцияда бұзылды, - дейді ол.

- Назарбаев "депутаттар экономикалық реформаларды жүргізуге кедергі келтірді" деген сөзді жиі айтты. Жаппай жекешелендіру басталғанда атқарушы билікте жемқорлық белгілері байқала бастады. Сондықтан депутаттардың сұрауы көбейді. 1993 жылғы Конституцияда президенттен бастап, атқарушы биліктің бәрінің жауапкершілігі көрсетілді. 1995 жылғы Конституцияда президенттің жауапкершілігі көрсетілмеген, - дейді ол.

Тұңғыш Конституция қабылданған шақта "Егемен Қазақстан" газетінің Жоғарғы кеңестегі тілшісі болған Рысбек Сәрсенбай "1993 жылғы Конституция қабылданар шақтағы талқылаулар шын мәніндегі демократияшыл парламенттің қалыптасқан кезі болды" деп сипаттайды.

Журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай.

- Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы Конституцияда-ақ өзіне көбірек өкілеттік алуға тырысты, бірақ Жоғарғы кеңестен өткізе алмады. Президент Египетке барған ресми сапарында "біздің Жоғарғы кеңес президентті жылына кемінде үш-төрт рет шақырып алады" дегені есімде. Ол кезде Жоғарғы кеңес президентке ықпал ете алатын еді. 1995 жылы қабылданған жаңа Конституциядан кейін парламент президенттің айтқанынан шыға алмайтын болды,- деп еске алады.

Рысбек Сәрсенбайдың сөзінше, 1993 жылғы Конституция қабылданар алдында-ақ "билік тармақтарының, Жоғарғы кеңес пен президент билігінің қайсысы күшті болуы тиіс" дейтін пікірлер жиі айтыла бастаған.

- Жоғары кеңес президент билігін бақылаусыз жібергісі келмеді. Кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин мен сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатынасына байланысты түрлі пікір туып, жікке бөліну байқалғаны рас, - дейді ол.

1993 жылы қабылданған тұңғыш Конституцияның 13-тарауының 78-бабында "Президент Жоғарғы кеңеспен ақылдасқаннан кейін референдум өткізу туралы шешім қабылдайды" деп көрсетілген еді. Алайда референдум кезінде Жоғары кеңестің өзі де болған жоқ. Кейіннен қос палатадан тұратын парламент сайланды.

1993 жылғы тұңғыш Конституциядағы "Конституцияның тұрақтылығын қамтамасыз ету және оның ережелерін қорғау" деп аталатын тарауды 1995 жылы қабылданған Конституцияға кіргізген жоқ. Тұңғыш Конституциядағы "Қазақстан президенті 5 жыл мерзімге сайланады; Президент болып Қазақ ССР-інің 35 жасқа толған және 65 жастан аспаған, Қазақ ССР территориясында 10 жыл тұрақты тұратын азаматы сайлана алады. Бір адам қатарынан екі мерзімнен астам Президент бола алмайды" дейтін баптар 1995 жылғы Конституцияға қосылды. Бірақ кейін көптеген өзгерістер мен толықтырулардан соң Конституцияның бұл тұсы өзгеріп, Назарбаевқа шексіз мәрте сайлауға түсуге рұқсат берді.

Достарыңызбен бөлісу:

©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет