Білім және ғылым министрлігі



бет1/30
Дата09.09.2022
өлшемі1,1 Mb.
#38763
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ СЕМЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

3деңгейлі СМК құжаты

ПОӘК

ОӘКҚ 042-18.21.59/03-2013

ПОӘК
«Тыңайтқыштар және оларды пайдалану» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар.

басылым




ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ



5В080100 «Агрономия»
мамандығына арналған


«Агрохимия» ПӘНІНЕ АРНАЛҒАН
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР


СЕМЕЙ –2015


МАЗМҰНЫ




  1. Дәрістер

  2. Тәжірибелік және зертханалық сабақтар

  3. Ұсынылатын өзіндік сабақтарының тізімі.


Дәріс 1
КІРІСПЕ
Агрохимия өсімдіктің, топырақтың және тыңайтқыштардың өзара қатынасын, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін арттырып, сапасын жақсарту үшін, топырақ құнарлылығын ұдайы жоғарылатуды зерттейтін ғылым. Агрохимия биологиялық және химиялық ілім болып саналады. Өсімдік шаруашылығын дамытуда және жетілдіруде, тыңайтқыш қолдану ең тиімді әдістің бірі болып есептелетіндіктен, агрохимияның агрономия ілімдерінің ішіндегі алатын орны ерекше. Агрономиялық химияның мақсаты - өсімдіктің қоректенуіне қолайлы жағдай жасау, тыңайтқыштардың жеке түрлері мен формаларының топырақпен әрекеттесуін зерттеу және оларды қолданудың тиімді әдістерін анықтау.
Агрохимия ілімі егіншілікті химияландырудың ғылыми негізі болып саналады. Өйткені мұнда, ауылшаруашылығында тыңайтқыштарды қолданудың мерзімі, мөлшері, әдістері сияқты мәселелер жан-жақты қарастырылады.
Орыстың ұлы ғалымы, академик Д.Н.Прянишников, тыңайтқышты тиімді қолдану топырақ химиясымен, өсімдіктер физиологиясымен тығыз байланыстыру арқасында ғана мүмкін болатындығын көрсетті. Ол сонымен қатар өсімдік, топырақ, тыңайтқыштар арасындағы өзара әсерін зерттеуде климат және тағы басқа факторлардың да тигізетін әсерін ескерту қажет деген.
Д.Н.Прянишников осы объектілер арасындағы өзара байланысты қарапайым үшбұрыш түрінде өрнектеді (1-сурет).
Агрохимияда теориялық, практикалық мәселелерді шешу үшін әр түрлі зерттеу тәсілдері қолданылады:
• Биологиялық тәсілдер. Бұған тыңайтқыштармен жүргізілетін егістік, вегетациялық тәжірибелер мен лизиметриялық зерттеулер жатады. Биологиялық тәсілдермен өсімдіктің қоректенуіне жеке элементтердің рөлін, мөлшерін, қоректік заттарды сіңіру механизмі сияқты мәселелер зерттеледі.
• Лабораториялық тәсілдер арқылы өсімдікке, топыраққа және тыңайтқыштарға сандық, сапалық талдаулар жасалады.
• Математикалық тәсілдерге тәжірибелер нәтижелерін статистикалық өңдеу және процестерді математикалық жолмен модельдеу жатады.
• Биофизикалық және микробиологиялық тәсілдер. өсімдік

1-сурет. Д.Н.Прянишников үшбұрышы.
Агрохимия өсімдіктер физиологиясы, топырақтану, биохимия, микробиология, егіншіліктану, өсімдік шаруашылығы, агрометеорология, химия, физика, математика, биология ғылымдарымен тығыз байланысты.
Агрохимия ғылымының жетістіктерін талдай отырып, қазіргі кезеңде оның алдында шешуді қажет ететін мынадай басты міндеттер анықталды:
• Өсімдіктің қоректенуі мен оның өсу кезеңдерінде жүретін органикалық және минералдық заттардың алмасу құбылысын зерттеу. Физиологиялық-биохимиялық процестерді, қоректік элементтердің рөлін тереңірек талдау. Сөйтіп өсімдіктің қоректенуінің минералдық теориясын жетілдіру.
• Егіншілікте қоректік заттардың айналымы мен балансын зерттеу.
• Тыңайтқыш қолдануға байланысты топырақтың қасиеті мен құнарлылығының өзгеруін зерттеу. Топырақ құнарлылығын арттыру жолдарын белгілеу.
• Өсірілетін дақылдардың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес әрбір аймақ топырағының ғылыми тұрғыдан айқындалған, қоректік элементтердің жылжымалы түрлерімен қамтамасыз етілуі деңгейін жасау.
• Тыңайтқыштың қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерін төмендету жолдарын іздестіру.
• Өсімдік өнімінің сандық және сапалық көрсеткіштерінің мөлшерін қалыптастыру.
• Топырақ пен өсімдік құрамындағы макро-микроэлементтер мөлшерінің шекті деңгейін белгілеу.

5
1-тарау. АГРОХИМИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МАҚСАТЫ


МЕН МІНДЕТТЕРІ
1. Агрохимия ғылымының қалыптасуы мен даму тарихы
Агрономиялық химияның дамуы егіншілік мүддесімен тікелей байланысты. Ол адамзаттың қажетін қамтамасыз ету мақсатына орай, теориялық жағынан нақты тұжырымдалмастан, бірден практикада қолданыла бастады. Мысалы, ертедегі римдіктер мал көңінің, күл, гипс, әк сияқты заттардың топыраққа әсер ететін қасиетін біліп, оларды пайдалану арқылы жердің құнарлылығын арттырған. Римдіктер сол сияқты, бірдей мөлшерде тыңайтқыштарды қолдана отырып, бір дақылды алмастырып еккен кезде мол өнім алатынын да ескерген. Француздың табиғат зерттеушісі Бернар Палисси 1563 жылы топырақтағы минералдық заттардың өсімдік үшін қоректік элементтердің көзі екендігі туралы пікір айтты. Ол минералдық тыңайтқыштардың тегі, әсері жөнінде жазған шығармасында “тұз дегеніміз тірішіліктің және барлық егістің өсіп-өнуінің негізі болып табылады”,-деген. Осыдан кейін 1656 жылы Глаубер “Өсімдіктің өсуіне селитра негіз болады”, -деген жорамал (гипотеза) ұсынды. 1766 жылы профессор Валлериус өсімдік күліне химиялық талдау жасап, оның құрамы топырақтағыдай емес екенін көрсетті де мынадай қорытынды жасады: топырақтағы органикалық заттар ғана өсімдік үшін қорек болады. Топырақтың басқа құрамдас бөліктері көмекші қызмет атқарады. Жалпы XVIII ғасырда француз ғалымдары О.Б.Соссюр (1804 ж.) мен Ж.Б. Буссенго (1836 ж.) және неміс оқымыстылары Х.К.Шп-ренгель мен Ю.Либих (1840 ж.) өсімдіктің қоректенуі туралы ілімнің дамуына үлкен үлес қосты. О.Б.Соссюр өсімдік күліне тыңғылықты талдау жасап, минералдық заттардың өсімдік организміне енуі кездейсоқ емес деген қорытындыға кел-ді.”Тұздардың өте аз мөлшерде болуы олардың пайдасыз екендігінің дәлелі емес”‚-деп жазды Соссюр. Ол құнарлылыққа қатысты шіріндінің маңызына тоқтала келіп, оның өсімдік құрамында да кездесетінін айтты. Ж.Б. Буссенго өсімдіктің көміртегі мен азотты ассимиляциялауы жөніндегі жүйелі жұмыстары арқылы әйгілі болды. Ол ауыспалы егістегі жеке элементтердің кірісі мен шығысын есептеп шығаруға әрекет жасады. Бұршақ дақылдарының топырақты азотпен байытатындығын көрсетті. Сол сияқты О.Б.Буссенгоны ең алғашқы агрохимиялық тәжірибе стансасының негізін қалаушы деп санауға болады. Сонымен бірге О.Б.Буссенго Тэердің гумус теориясын қоштамай, орнына өсімдіктің қоректенуі жөнінде өзінің азот теориясын ұсынды.
Германияда өсімдіктің қоректенуі жөнінде Шпренгель: “Өсімдікте топырақтан және ауадан алатын органикалық емес заттардан, жарықтың, жылудың, электрдің және ылғалдың көмегімен органикалық заттар құралады”‚-деген. Шпренгель минералдық заттардың маңызы және оларды топыраққа қайтару қажет екендігі туралы айтқан.
Өсімдік қорегін топырақтағы шіріндінің және минералдық заттардың маңызы жөніндегі көзқарасқа, неміс оқымыстысы Ю.Либихтің 1840 жылы “Химияны егіншілікте және физиологияда қолдану” атты кітабының жарық көруі өзгеріс еңгізді. Бұл кітапта А.Д.Тэердің гумус теориясы қатал сыналды. Ю.Либих шіріндіні топырақтағы көмірқышқыл газдың тұрақты көзі деп есептеді. Топырақ құнарлылығын сақтау үшін, одан өсімдік алған заттарды оған қайтару жөніндегі Ю.Либих ілімінің зор маңызын атап айту керек. Өйткені бұл ілімнен, адам мен табиғат арасындағы зат алмасуды саналы түрде реттеу туралы нақты пікірді кездестіріп отырмыз.
Бұл жөнінде К.А. Тимирязев былай дейді: ”Топыраққа қайтару қажеттігі жөніндегі ілімнің маңызын шектеуге қаншама тырысқанымен ол ғылымның аса ұлы жетістіктерінің бірі болып табылады”. Ю.Либих өз кітабында өсімдіктердің минералдық қорегі жөніндегі идеяны ұсынып, өсімдіктің минералдық қоректенуі жөніндегі теорияның негізін қалады. Алайда, Ю.Либих практикалық нұсқауға көшу кезінде, тыңайтқыштардың жеке мәселелері жөнінде қате пікірлер айтты. Мысалы, Ю.Либих жалпы тыңайтқыш ретінде азотқа аса мән бермеді, ол ауадағы азот топыраққа жауын-шашынмен өсімдіккке жеткілікті мөлшерде барады, сөйтіп оның азотқа деген қажетін өтейді деп ойлады. Ю.Либихтің азотты осылай шеттетуі азот тыңайтқыштарының маңызын төмендетті. Ю.Либих пікірі бойынша, көңнің ең бағалы заты оның күлі ғана болып табылады. Ол көңді кептіріп, оны өртеп, одан алынған күлді егістікке төксек жеткілікті болар еді дейді.
Француз және неміс агрохимиясының көрнекті өкілдерінің алшақ көзқарасына байланысты, 1843 жылы Англияда Лооз жүргізген тәжірибенің маңызы зор болды. Лооз Ротамстед тәжірибе стансасының негізін қалады, кейіннен стансаның атағы бүкіл әлемге жайылды. Ю.Либих пікірін тексеру үшін Лооздың жасаған тәжірибесі, күлдің өзі көңді алмастыра алмайтынын, ал азотты күл заттармен бірге тыңайтқыш құрамына еңгізу қажет екенін дәлелдеді. Егер өсімдіктер қоректенуі жөніндегі ілімнің дамуы Батыс Еуропа елдерінде басталса, одан кейінгі кезеңде жалпы агрохимия ғылымын дамытуда орыс ғалымдарының еңбектері көрнекті орын ала бастады.
XVIII ғасырдың соңында және XIX ғасырдың бас кезінде ауыл шаруашылығында тыңайтқыштарға ерекше көңіл бөлген, орыс оқымыстыларынан А.Болотов, И.Комов және А.Пошман еңбектерін атауға болады. Бұлар батыс еуропалық тәжірибелерді көрсетумен қатар, тыңайтқыш ретіндегі көңнің рөлі жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Ресейде өсімдіктің қоректенуі саласындағы жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының басталуы, тыңайтқыштар қолдану, оған байланысты белгілі бір әдістемені жетілдіріп пайдалану Д.И.Менделеев пен К.А.Тимирязев есімдерімен байланысты. Д.И.Менделеев еңбегінің аса маңызды жағына тыңайтқыштардың тиімділігін анықтау үшін, Ресейдің түрлі аймақтарында жүргізген тәжірибелері жатады. Ол егістік тәжірибені бірнеше рет жасап және тәжірибе нәтижелерін математикалық жолмен өңдеу қажет екенін көрсетті. Химияны ауыл шаруашылығында қолдану жөнінде Д.И.Менделеев былай деп жазды: ”Егіншілік ғылымы ұзақ уақыт бойы өзінің өркендеуіне тірек таба алмады, егер жаңадан бір нәрсе таба қалса, оның өзі де кездейсоқ болды, әрі қажетті талап қойылмады. Химия осы түнек жолға жарық берді, жүйелі қорытынды жасады, сондықтан істі дұрыс жүргізгісі келетін әркімнің соған ілесуі қажет”. Д.И.Менделеев ғылыми болжам туралы айта келіп, егер ол адамдарға пайда келтірмесе, онда оның маңызы болмайтындығын атап көрсетті. Фотосинтез туралы тамаша зерттеулері нәтижесінде әйгілі болған, өсімдіктер физиологиясы саласындағы аса ірі ғалым К.А.Тимирязев, өзінің ғылыми қызметінің бастапқы кезінде Д.И.Менделеев бағдарламасы бойынша тыңайтқыштармен тәжірибе жүргізді. К.А.Тимирязев егін шаруашылығында, бұршақ тұқымдастардың азот жинаушы өсімдіктер ретінде ерекше бағалы екенін ескертті. Ресейде агрохимиялық зерттеу жұмысын дамытудағы К.А.Тимирязевтің еңбегі - вегетациялық әдісті еңгізуі болды. Ол сонымен қатар агрономиялық мәселелерді шешуді вегетациялық және далалық әдісті үйлестіре қолдану керек екенін көрсетті.
Өткен ғасырда Ресейде агрохимиялық зерттеулердегі ғылыми жұмыстардың дамуы А.Н.Энгельгардт есімімен де тығыз байланысты. А.Н.Энгельгардт фосфорит ұнын қолдану жөнінде тәжірибе жасады. Фосфорит ұны құнарсызданған күлгін топырақ құнарлылығын жоғарылатуда өте тиімді болып шықты. Ол фосфаттармен қатар топырақты азотпен байытуға зор мән берді.
Өсімдіктің қоректенуі мен тыңайтқышты қолдану, топырақ химиясын зерттеумен тығыз байланысты. Ал топырақ химиясы жөніндегі ғылымның белгілі өкілінің бірі К.К.Гедройц болып саналады. Оның топырақтың сіңіру қабілеті жөніндегі ғылыми жұмысы тыңайтқыш қолдануда үлкен рөл атқарады. Ауыл шаруашылығында тыңайтқыштарды қолдануда Д.Н.Прянишниковтың ғылыми жұмыстарының маңызы ерекше. Ол өсімдіктің аммиакпен, нитратпен қоректену теориясының негізін салды. Өсімдіктегі азотты заттардың алмасуы жөнінде теориялық мәселелерді шешіп, талдады. Оның ғылыми жұмыстары егіншілікті химияландырудың және түрлі аймақтарда өсірілетін дақылдарға тыңайтқыш қолдану арқылы, олардың шығымдылығын арттырудың теориялық негізі болып саналады.
Агрохимия ғылымының дамуына Д.Н.Прянишников оқушылары В.М. Клечковский, П.Г.Найдин, Ф.В.Чириков, А.Н.Лебедянцев, Ф.В.Турчин, И.И. Синягин, Н.С.Авдонин, А.В.Петербургский тағы басқалары үлкен үлес қосты. Бұл ғалымдар өз еңбектерінде тыңайтқыштар әсерінің географиялық заңдылығын, минералдық және органикалық тыңайтқыштарды қолдану деңгейіне байланысты ауыспалы егіс дақылдарының өнімінің жоғарылауын, тыңайтқыш әсерінен топырақтың агрохимиялық, агрофизикалық және биологиялық қасиеттерінің өзгеруін, тыңайтқыштың өнім сапасына әсерін зерттеді. 1926 жылы Қазақстанда жер шаруашылығы комиссиараты жанынан топырақты зерттеу бюросы ұйымдастырылды. Бұл бюро кейінірек Қазақтың жер тыңайту және агротопырақтану институты, одан соң 1935 жылдан бастап В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік институты болып аталды. Осы уақыттан бастап біздің республикамызда ауыл шаруашылығы дақылдарына тыңайтқыштарды қолданудың ғылыми жүйелері қалыптаса бастады.
Ауыл шаруашылығы дақылдарына минералдық тыңайтқыштардың тиімділігін зерттеу жөніндегі алғашқы тәжірибелер, Қазақстанда 1929 жылы жүргізіле бастады. Бұл тәжірбиелердің нәтижелері Н.П. Корбут, И.И. Синягин, Н.Е. Крутиков, Г.М. Лобанов, К.И. Иманғазиев еңбектерінде жинақталып‚ қорытынды жасалды.
И.И. Синягин Оңтүстік Қазақстанның топырағындағы фосфордың органикалық және минералдық түрлеріне сипаттама беріп, түрлі фосфор тыңайтқыштарының ауыл шаруашылығы дақылдарына әсерін тексерген. Оның жетекшілік етуімен Қазақстанда тұңғыш рет 1934 жылы тыңайтқыштарды қолдану жөнінде анықтамалық жарық көрді.
Қазақстан агрохимиктері өткен ғасырдың екінші жартысында агроценоздарда минералдық қоректену элементтерінің биоциклдер заңдылықтарын білуге, тыңайтқыштарды ұтымды пайдалану және топырақтардың құнарлығын сақтау мәселелерін ғылыми тұрғыда негіздеуге, регионда тараған негізгі топырақтарға агрохимиялық сипаттама беруге, негізгі ауылшаруашылық дақылдардың қоректенуі жөнінде қолайландыру және гидротермиялық қолайсыз жағдайларда тұрақты жоғары өнімдер алу тәсілдерін анықтауға мүмкіндік беретін айтарлықтай іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізді.
Бұрыннан қалыптасқан әлемдік агрохимия бағыттарынан өзгеше аймақтық мәселелерін шешетін, сондай-ақ жалпы агрохимия ғылымының дамуына әсерін тигізетін өзіндік бір қатар концептуалды жайлар ұсынылды (Статистический сборник. Мониторинг развития аула (села). Алматы, 2004. стр. 106-108).
Қазақстанда агрохимия ғылымының қалыптасуы мен дамуына үлкен еңбек сіңірген К.И.Иманғазиев болды. К.И.Иманғазиев
Қазақтың В.Р. Вильямс атындағы егіншілік ғылыми-зерттеу институтының агрохимия бөлімін 30 жылдан астам уақыт басқарды. Оның көп жылдар бойы жүргізген ғылыми жұмыстары, Қазақстанның оңтүстік аймағында минералдық және органикалық тыңайтқыштарды дұрыс қолданылса, суармалы боз және қара қоңыр топырақтардың құнарлылығын жақсартатынын, одан қант қызылшасы, күздік бидай, жоңышқа, мақта, күріш сияқты дақылдардың түсімінің күрт артатынын дәлелдеді. Оның “Қазақстанда тыңайтқыш қолдану жүйесі” атты еңбегі казірде тыңайтқыш қолдануда бірден-бір құнды нұсқау болып саналады. Ол Қазақстанда тұңғыш рет агрохимияның ғылыми мектебін құрды. К.И. Иманғазиев нақты топырақ-климатттық жағдайларда әртүрлі дақылдар үшін минералдық және органикалық тыңайтқыштарды тиімді қолданудың негізін қалады.
Кейінгі жылдары агрохимия саласында Д.К.Мәденов, А.Т.Пономарева, Б.С.Бәсібеков, тағы басқа көптеген ғалымдар өсіп жетілді. Д.К.Мәденовтің жетекшілік етуімен Алматы және Қызылорда облыстарында қант қызылшасы, жүгері, күріш, қарбыз, жүзім, күздік бидай дақылдарына сұйық азот тыңайтқыштары мен карбамиформ, мочевина сыналды.
Қазақстанда 60-шы жылдардың екінші жартысында Д.К.Маденов басқаруымен минералдық тыңайтқыштардың жаңа түрлерінің (Қаратау отандық фосфориттерінен алынатын аммофос, метафосфаттар, полифосфаттар, фторсыз фосфаттар), сондай-ақ азот және күрделі тыңайтқыштардың химиялық және салыстырмалы тиімділігі бойынша қомақты зерттеулер жүргізілді.
Бұл зерттеулер Қазақстан егіншілігі үшін минералды тыңайтқыштардың қажетті ассортиментін анықтауға мүмкіндік берді. 1960-1970 жылдары К.И. Иманғазиев жетекшілігімен ұзақ мерзімді стационарлы тәжірибелерде топырақтардың агрофизикалық, агрохимиялық және биологиялық қасиеттері, сондай-ақ қызылша ауыспалы егісінің тыңайтқыштармен қамтылуына байланысты топырақтардағы қоректену элементтерінің теңгерімі кешенді тұрғыда зерттелді. Соңынан бұл әдіс басқа да арнайы мамандандырылған ауыспалы егістер жағдайында кеңінен сыналып, кейінгі зерттеулерде жалғасын тапты: дәнді-пар (Лихтенберг А.Г., Сдобникова О.В., Черненок В.Г., Елубаев С.З.); күріш (Жамантиков К., Рамазанова С.Б., Таутенов И.А.); мақта-жоңышқа (Батькаев Ж.Я., Умбетаев И.); малазықтық дақылдар (Пономарева А.Т., Елешев Р.Е.); көкөніс (Мамышов М.М., Сапаров А.С., Саржанов С.Б.); көкөніс-малазықтық дақылдар (Елешев Р.Е., Иванов А.Л.).
Арнайы мамандырылған ауыспалы егістер жағдайында стационарлық тәжірибелерде жүргізілген агрохимиялық зерттеулер нәтижелері Қазақстан топырақтарын ұтымды пайдалану және олардың құнарлығын сақтап қалу, өсімдіктердің қоректенуін қолайландыру, сондай-ақ дақылдардың тұрақты өнімділігін, өнімнің жоғары сапасын себептеуші органикалық, минералдық тыңайтқыштарды тиімді қолдану, экологиялық қауіпсіздікті қамту бойынша практикалық ұсыныстар берудің және теориялық ілімінің негізі болып табылды.
Өсімдіктердің азоттық алмасуы мен азоттың «топырақ-өсімдік-тыңайтқыш» жүйесінде бір түрден екінші түрге көшуі және өсімдіктердің азоттық алмасуының физиологиялық, биохимиялық жайлары Б.С.Бәсібеков және оның оқушыларының еңбектерінде көрсетілген. Б.С.Бәсібековтің ғылыми жұмыстары негізінен күздік бидай және қант қызылшасы ауыспалы егісіндегі дақылдарға тыңайтқыш әсерін зерттеуге арналды. Сонымен қатар Б.С.Бәсібеков тыңайтқыштың ауыл шаруашылығы дақылдары өнімінің сапасына әсерін де зерттеді.
Алыс және жақын шет елдерде биік беделге ие болған, Қазақстандағы агрохимия ғылымының дамуына көп үлес қосқан топырақтардың фосфаттық режимі бойынша зерттеулерді айтуға болады (Пономарева А.Т., Елешев Р.Е., Иванов А.Л., Сапаров А.С., Мамышов М.М., Саржанов С.Б. және т.б.).
Профессор Пономарева А.Т. жетекшілігімен Қазақстан топырақтарының қоректену элементтерінің жылжымалы түрлерімен қамтылу деңгейі бойынша бөліктенуі, сондай-ақ дәнді-пар, қызылша және малазық ауыспалы егістерінде фосфор тыңайтқыштарын жүйелі ұзақ қолдану жағдайында топырақтардың фосфаттық режимінің өзгеру сипаты белгіленді. Фосфор тыңайтқыштарын пайдалану теориясының және практикасының әрі қарай дамуына академик Елешев Р.Е. басқаруымен, оның шәкірттерінің маңызды зерттеу жұмыстары зор үлес қосты. Соның ішінде өсімдіктердің фосфорлық алмасу және фосфордың «топырақ-өсімдік-тыңайтқыш» жүйесінде бір түрден екінші түрге көшу жөніндегі зерттеулерді айтуға болады. Мақта-жоңышқа, көкөніс, күріш ауыспалы егістерінің дақылдарын минералды қоректендіруді қолайландыруында Елешев Р.Е. оқушыларының ізденістері еңбектеріне лайық мойындалды.
Қәзіргі уақытта Қазақстан агрохимиктері топырақтарды агроэклогиялық тұрғыда бағалау (Рамазанова С.Б.), егіншілікті биологизациялау (Елешев Р.Е., Рамазанова Р.Х., Балғабаев Ә.М.), топырақтарды минималды және нөлдік өңдеуде тыңайтқыштарды жүйелі қолдану (Елешев Р.Е., Күрішбаев А.К., Кененбаев С.К., Үмбетов А.Қ., Киреев А.К.), агроландшафты егіншілік (Елешев Р.Е., Үмбетов А.Қ., Киреев А.К.)) мәселесі бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізу үстінде.
Өкінішке орай, көптеген ғылыми зерттеулер сұраныссыз қалып жатыр. Қазақстан егіншілігінде өсімдіктердің минералдық қоректенуінде негізгі элементтердің жетіспеушілігінің әсерінен алынатын өнім, тек қана топырақтардың шектелген табиғи қоры есебінен қалыптасады. Оның үстіне дақылдардың қоректенуін қолайландыру және топырақтардың құнарлығын қалпына келтіру бойынша ғылыми жетістіктер ауылшаруашылық өндірісіне еңгізілмейді.
Тыңайтқыштарды қарқынды пайдаланған кезеңмен (1980-1985 ж.ж.) салыстырғанда кәзір органикалық тыңайтқыштардың ортажылдық шамасы 200 есе, минералдық тыңайтқыштардың ортажылдық шамасы 20-22 есе төмендеді. Егер 1985 жылы республикамыз бойынша орта есеппен егістіктің 1 га берілетін минералдық тыңайтқыштардың мөлшері 29 кг ә.з., ал органикалық тыңайтқыштардың мөлшері 1,2 т/га шамасында болса, 2004 жылы бұл көрсеткіштер сәйкес тек қана 2,6 кг ә.з. және 0,01 т/га құрды (Еле-шев Р.Е. Состояние и перспективы научного обеспечения агрохимической науки в Казахстане //Материалы межд. конф. «Состояние и перспективы развития почвоведения в Казахстане». Алматы, 2005. С. 6-8; Корабаев М., Васько И., Матюшков и др. Технология нулевой обработки и прямого посева для возделывания зерновых культур в Северном Казахстане. Алматы; Астана, 2005. С. 29-45).
Ауылшаруашылық дақылдары өнімінің қалыптасуындағы тыңайтқыштардың рөліне кәзіргі кезеңде байқалатын немқұрайлы көзқарас, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі үшін кәдімгідей қатер туғызады және топырақтардың құнарлығының орны толмас жоғалуына әкеліп соқтырады, сондай-ақ жалпы агрохимиялық ғылымының дамуын айтарлықтай тежейді.
Соңғы 15 жылдық кезеңде Қазақстанның агрохимиялық ғылымының потенциалы төмендеді, мамандырылған ғылыми орталықтарда, тәжірибелік стансаларда ғылыми лабораториялар саны қысқарды және аграрлық жоғарғы оқу орындарындағы проблемалық лабораториялар себепсіз жабылды. Республикалық агрохимия қызметі де жойылды. Агрохимиктердің талабы бойынша 2002 жылы құрамында 150 маманы бар «Агрохимия қызметінің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» атты жаңа мемлекеттік мекеме құрылды. Бұл орталықтың атқаратын жұмысы өзінің негізгі міндетінен алшақ жатыр және тендерде жеңіске жеткен фермерлік қожалықтарының топырақтарының сапасын анықтаумен шектеледі.
Осындай ғылыми зерттеулер үшін қолайсыз жағдайларға қарамастан кәзіргі кезеңде Қазақстан агрохимиктері жинақталған білімдерді, қолданыстағы ғылыми лабораторияларды, құрал-жабдықтарды белсенді пайдалана отырып, халықаралық деңгейдегі алғашқы мәселелерін шешуде:
• адаптивті-ландшафтты егіншілікте ауылшаруашылық дақылдарын өсірудің заманауй ресурс сақтаушы, экологиялық қауіпсіз технологиясын тиімді қолдану үшін негіз ретінде топырақтарды қолайлы қалпына келтіру жүйесін құру;
• химияландыру құралдарын шектеулі қолдану технологиясын зерттеу;
• өсімдіктердің қоректену теориясын және қолайландыруын жетілдіру;
• өсімдіктердің минералдық қоректену жағдайларын геном және плазмон деңгейінде генетикалық тұрғыда бақылау, былай айтқанда сұрыптау барысында агрохимиялық тиімді генотипті құру;
• өсімдіктердің адаптивті жайының өзгеруін және потенциалды өнімділігінің қалыптасу заңдылықтарын ашу;
• агроландшафттық егіншілікте тыңайтқыштарды қолданудың қолайлы жаңа жүйесін (нақты агротехнологияға және өндірістің қарқындылық деңгейіне сай жүйелігімен, экологиялығымен және альтернативтігімен ерекшеленетін) қалыптастыру және іске қосу;
• антропогендік әсер жағдайында «топырақ-өсімдік-тыңайтқыш» жүйесінде микроэлементтердің және ауыр металдардың таралу заңдылықтарын анықтау және топырақтарды агроэкологиялық тұрғыда бақылау әдістерін жетілдіру бойынша зерттеулер;
• ұзақ мерзімді стационарлы тәжірибелерде орындалатын зерттеулерді жетілдіру.
Әрине, алғашқы басым мәселе болып агроценоздар жүйесінде биологиялық қайнар қөздерін минералдық қоректену элементтерінің және азоттың айналымына, сондай-ақ теңгеріміне еңгізу болып саналады.
Азотты симбиотикалық және ассоциативті бекіту, өсімдіктер қалдықтарын және сидералды тыңайтқыштарды зерттеулердің, сондай-ақ топырақ қорындағы өсімдіктердің пайдалануына қиынға соғатын фосфаттар, калий және микроэлементтерді жылжымалы түрлеріне айналдыру жолдарын іздестірудің болашағы зор. Осы аталған басым мәселелерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін келесі бір қатар ұйымдастырушылық шараларды іске асыру:
• топырақтану, өсімдіктердің физиологиясы және биохимиясы, микробиология, генетика, селекция және басқа да табиғи ғылымдары саласында жүргізілетін іргелі басым зерттеулерге сәйкестендіріп, басымдықтарға бағыттай отырып, ғылыми-өндірістік орталарда, аграрлық жоғарғы оқу орындарының кафедраларында, тәжірибелік стансаларда орындалатын агрохимиялық зерттеулердің тақырыптарын қайта қарастыру керек;
• аймақтық ғылыми-өндірістік орталықтарда агрохимиялық зерттеулерді бағыттау және әдістемелік басқаруды ұйымдастыру бойынша бөлімдерді және проблемалық лабораторияларды ашу керек. Әрине, агрохимиялық бөлімшелері нәтижелі жұмыс істеу үшін олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, құрал-жабдық паркін жаңарту және жаңа зерттеу әдістерін игеру керек;
• тыңайтқыштармен тәжірибе жұмыстарын жүргізу, топырақтардың жылжымалы қоректену элементтерімен қамтылу деңгейін бағалау және тыңайтқыштардың ауылшаруашылық дақылдарға қажетті мөлшерін анықтау құзыретін кеңейте отырып, ауылшаруашылығында мамандандырылған агрохимиялық қызмет көрсетудің жаңа формасын құру керек;
• Қазақстан Республикасының агрохимиялық қызметі ғылыми, тәжірибе-өндірістік ұйымдарының, жер ресурстары, өсімдік қорғау жөніндегі аймақтық комитеттерінің, ауылшаруашы-лық техниканы шығаратын зауыттардың, банк инвесторларының, сақтандыру компаниялардың, өндірістік нарығындағы операторлардың қызметтер жүйелерімен қосылу керек;
• жаңа агротехнологияларды игеру және еңгізу бойынша Республикалық технологиялық орталық құру керек;
• технологиялық орталарда тауар өндірушілер ассоциациясын, жергілікті орындарында жаңа кешенді агротехнологияны игеру және оны жүзеге асыру үшін олардың біліктілігін жоғарылату курстарын ашу қажет.
Қазақстанда агрохимия ғылымы саласындағы оқымыстылардың тәжірибелері мен зерттеулерінің республикамыздың түрлі топырақ-климат аймақтарында өсірілетін дақылдарға қолданылатын тыңайтқыштардың мөлшерін, мерзімін, тәсілін анықтауда маңызы зор. Мұның өзі ауыл шаруашылығы дақылдарынан сапасы жоғары мол өнім алуға жағдай жасайды және Қазақстанда агрохимия ғылымының дамуына едәуір септігін тигізеді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет