Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қазақ сайлаушыларынан аманат (1917 ж.) Серікбаев Е. Қ. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, т.ғ. к.,доцент



Pdf көрінісі
Дата22.12.2016
өлшемі299,31 Kb.
#172

94 (574) 63.03 (5 каз) 

Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қазақ сайлаушыларынан  

аманат (1917 ж.)  

Серікбаев Е. Қ. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, т.ғ.к.,доцент 

 

Қазіргі  таңда  әлемдік  қауымдастыққа  тәуелсіз  мемлекет  ретінде 

танылған Қазақ елінің шынайы тарихын зерделеу ең басты мәселеге айналып 

отыр.  Осы  талапты  іске  асыру  мақсатындағы  2013  жылдың  ортасынан 

басталған  «Тарих  толқынындағы  халық»  атты  тарихи  зерттеулердің 

мемлекеттік  бағдарламасын  жасау  бағытындағы  қадамдар  «Қазақстан 

тарихы»  ғылымына  жаңа  міндеттер  жүктегені  белгілі.  Осы  орайда  қалам 

тартуға  тұратын  мәселелердің  бірі  Алаш  зиялыларының  Бүкілресейлік 

Құрылтай  жиналысына  әзірлік  кезіндегі  атқарған  қыруар  істері  болып 

табылады. 

1917  жылғы  Ақпан  революциясы  нәтижесінде  ғасырлар  бойы 

«халықтар  түрмесі»  атанған  Романовтар  династиясы  үкіметі  құлатылып, 

азаттық пен теңдік аңсаған Ресей жұртының өмірінде жаңа кезең басталады. 

Бұл  кезең  өзімен  бірге  тарих  сахнасына  орасан  зор,  күрделі  және  шешімін 

табуды  қажет  ететін  мәселелер  жиынтығын  ала  келді.  «Заман  -өзгеріс  

заманы,  ескінің  қирап    жоғалып,  жаңаның  орнап  жатқан  түрі.  Қашаннан 

залымдық, құқықсыздықтың зардабын тартып, құлдық кемшіліктің қамытын 

киіп келген Русиа халықтары март айынан бастап бостандық шуағына шықты 

...», - деп жазады сол өзгерістер куәсі болған «Бірлік туы» газеті [1].   

 

Осы  азаттық  алған  халықтар  ішінде  өзінің  тәуелсіздігі  үшін  күресіп, 



жаңа белеске көтеріліп  келе жатқан қазақ ұлты мен оның маңдай алды зиялы 

қауымы  да  бар  еді.  Ресей  демократиялық  күштерімен  бірге  Бүкілресейлік 

Құрылтайға өз өкілдерін сайлап, оларға жер мәселесіне, ұлт автономиясына, 

соғыс  және  бейбітшілікке  байланысты  қорытылған  пікірлерін  аманат  етіп 

жіберу қазақ халқы үшін үлкен сын, ғаламат жетістік болатын. 

 

Бүкілресейлік  Құрылтай  жиналысына  әзірлік  мәселелері  алғаш  рет 



уездік  және облыстық  съездерде  қаралды.  Ал,  шілде  айында болған бірінші 

Жалпықазақ  съезінде  осы  пікірлердің  барлығы  сарапталып,  «Құрылтайға 

баратын  депутаттарға  наказ-аманат  болсын»  [2],  -  деп  айтылды.  Енді,  осы 

аманат ретінде аталған мәселелерге біршама тоқталып өтелік. 

 

Съездер көшін бастаған Торғай облысы қазақтарының съезі болды. Ол 



1917  жылғы  сәуір  айының  2-8  жұлдыздары  аралықтарында  өтеді.  Күн 

тәртібінде  қаралған  13  мәселенің  ішінде  мемлекет  тәртібі  жөнінде, 

«Құрылтай  жиналысына  қазақ  халқынан  да  депутат  баруы»,  «депутаттар 

төте,  құпия,  тең  және  жалпыға  бірдей  сайлау  бойынша  сайлануы  керектігі» 

айтыла келе «Русиа мемлекетінің демократиялы, парламеттік, бір орталыққа 

бағынбайтын республика болуын» қолдайтындығы білдіріледі [3].   

 

Жер  мәселесіне  байланысты  съезде  «Құрылтай  жиналысында  жерді 



иелену  заңдастырылғаннан  кейін  алдымен  қырғыздар  (қазақтар  С.  Е.)  жер 

алып,  артылғаны  ғана  мемлекет  қарамағына  көшкені  абзал»  болатындығы 

айтыла келе « ... бұл күнге шейін мұжық орнамаған кесінді жер, отрубтар, ... 


мал  бағуға  және  монастыр  иелігіне  алынған  жер  бөліктері,  сонымен  қатар 

мұжықтар  жарамсыз  деп  тастап  кеткен  жер  де  бұрынғы  иелеріне 

қайтарылсын» деп қаулы шығарылады. Аграрлық мәселе бойынша жасалған 

бұл 


қаулыда 

«...  далалық 

облыстар 

мен 


Түркістан 

өлкесінде 

отырықшыландыру  шаралары  тоқтатылуы  керектігі»,  «әлі  қоныстандыру 

жүргізілмеген  жер  бөліктерінен  қазақтарды  қуып  шығудың  тыйылуы  қажет 

екендігі»,  сонымен  бірге  қазақтардың  өзі  өсірген  орман  ағаштары  бұрынғы 

иелеріне  қайтарылуы  тиіс  екендігі  айтылады.  Кедей  қазақтарға  үй  салуға 

орманнан ағаш алуға рұқсат етілуі керектігі де ескертіледі [4].  

 

Съездегі соғысқа қатынас жөніндегі мәселе шешімдерінде қазақтардың 



«Отан қорғау ісіне қолдан келгенше аянбау керектігі», « ... соғыстың жеңіске 

жеткенше  жүргізілуін  қолдайтындығын»,  сонымен  бірге  «армияға  керекті 

мал мен азық-түлікті үнемі жөнелтіп тұратындығын» білдіреді [5].   

 

Торғай  облыстық  съезі  төралқасына  Қостанай  уезі  Шұбар  болысынан 



өкіл болып келген Мұхаметжан Сералиннен жазбаша түрде мынадай ұсыныс 

түседі:  «Съезд  бағдарламасынан  бөлек,  бірақ  съездегі  жер  мәселесімен 

астарлас менің пікірімді жұрт талқысына салсаңыздар екен ... . Осы мәселеге 

байланысты қаулыда ақтық шешім Құрылтай жиналысында қабылданатыны 

айтылған», - деп жаза келе «бізде земство жоқ болғандықтан», ал «переселен 

бөлімдері  қазаққа  ақпар  бермейтіндігінен  депутаттарымыз  Құрылтайға 

«қарусыз»  бару  қаупі  бар  екендігін»  ескертіп,  Торғай  облыстық  комитеті 

жанынан  Құрылтай  жиналысында  жер  мәселесін  баяндауға  арналған 

«материалдарды  сұрыптау  жөніндегі  ерекше  бюро»  құру  керектігі  жайында 

ұсыныс жасайды [6].   

 

Бүкілресейлік Құрылтай жиналысында жер мәселесі шешілгенше съезд 



шешіміне  сәйкес  жергілікті  жерлердегі  осы  мәселемен  айналысып  отырған, 

яғни  өзінің  шенеулік  қызметімен  халыққа  қиянат  көрсеткен  бірқатар 

басшылар  қызметтерінен  босатылды.  Атап  айтқанда,  Торғай  облысының 

комиссары Ә.Бөкейханов пен облыстық азаматтық комитет төрағасы атынан 

Ішкі істер Министрлігіне жіберілген ресми жеделхатта: «Ырғыз уезіндегі 1-

ші  бөлімшенің  шаруалар  бастығы  Гарфты,  3-ші  бөлімшеден  Шубинді, 

Қостанай  уезіндегі  4-ші  бөлімшеден  Куфинді  қызметтерінен  босату  туралы 

сол  жылдың  4-5  мамыр  күндері  №  64  және  №  71  бұйрықтар 

шығарылғандығы,  оған  негіз  болған  бұл  басшылардың  халық  сенімінен 

шықпағандығы» екендігі айтылды [7].  

 

Сәуір  айының  12-23  жұлдыздары  аралығында  Верный  қаласының 



әскери мәжіліс өтетін үйінде Жетісу облысы қазақтарының съезі болып өтеді. 

Съездің  ашылу  салтанатына  облыс  әскери  бірлестіктерінің  басшысы 

А.И.Алексеев,  облыстық  мұсылман  комитетінің  төрағасы  З.Т.Тазетдинов, 

тағы басқа ресми билік өкілдері мен қоғамдық ұйымдар мүшелері қатысады. 

Съезге барлық уездерден 81 делегат келіп, съезді И.Жайнақов жүргізеді.  

 

Съезд уақытша үкіметтің жүргізіп отырған саясатын қуаттайтындығын 



айта  келе,  болашақ  Ресейдегі  үкімет  билігін  «демократиялық  республика» 

тұрғысынан көргісі келетіндігін білдіреді. Жергілікті басқару билігі жөнінде 

«Құрылтай  жиналысына  дейін  азаматтық басқару  мен  әскери  басшылықтың 


ара жігін ашып, азаматтық басқарма басшылығына екі комиссар, бірі – орыс, 

екіншісі  мұсылман  тағайындалуы  керектігін»  қаулы  етеді.  Ал,  «Құрылтай 

жиналысынан  кейін  демократиялық  тұрғыдағы  земстволық  өзін-өзі 

басқаруды енгізу қажеттігін» жариялайды [8]. 

 

Облыстық  съезд  соғысқа  көзқарасын  мына  төмендегі  қаулы  арқылы 



білдіреді: «Қырғыздар (қазақтар С.Е.) Ресейдегі ескі тәртіп тұсында басынан 

зорлық-зомбылықты ең көп кешірген халықтардың бірі. Сондықтан төңкеріс 

арқылы  келген бостандықты  бағалай біледі.    ...Соғыстың жеңіске жеткенше 

жүргізілуін қолдай отырып, осы мақсатта жасалып жатқан барлық шараларға 

атсалысуға уәде береді».  

 

Жетісу  облыстық  съезі  рухани-діни  іс  жөнінде  өзге  съездер 



қаулыларына  ұқсамайтын  шешім  қабылдады.  Онда:  «1)  мұсылман  дінін 

православиемен  теңестіру  үшін  Петроградта  мұсылмандардың  діни 

басқармасын  құру  қажет»  деп  айтыла  келе  екіншіден  «...  далалық  Орал, 

Торғай,  Ақмола,  Семей  және  Жетісу  облыстарына  ортақ  ерекше  діни 

жиналыс  құрылсын  және  ол  Қазақстан  деп  аталсын»,  -  деп  айтылды.  Бұл 

мұсылман  дінін  қазақ  өлкесінде  орталықтандырып,  Бүкілресейлік 

мұсылмандық  қозғалыспен  тығыз  байланыс  орнатуға  және  қазақ 

мұсылмандық  қозғалысын  өзге  мұсылмандар  (татар,  башқұрт,  өзбек) 

козғалысынан ерекшелеп көрсетуге арналған ұсыныс болатын [9]. 

 

Облыстағы жер мәселесіне байланысты съезд «сырттан қоныс аударып 



келушілерге  облыс  жабық  деп  саналсын»,  «шаруа,  казак  және  тағы  басқа 

қоныс  иелеріне  жер  кесіп  беру  тоқтатылсын»,  «мемлекеттік  қазына 

иелігіндегі  барлық  жер  бөліктері  қырғыздарға  (қазақтарға)  қайтарылсын» 

деген қаулы қабылдайды. 

 

Жерге  байланысты  қаулымен  қатар  су  мәселесі  де  қозғалады.  Онда 



«Жетісуда бүкіл суармалы жердің барлығы переселендер иелігінде екендігі», 

«барлық  су  көздерінің  бастауларында  тек  казак  станциялары  мен  байырғы 

орыс  қоныстары  орналасқанданығы»,  сондықтан  «орыс  шаруалары  мен 

казактар егінін 3-4 рет суарғанда, қазақ жер иеліктеріндегі егіс сусыз қурап 

жатқандығы»  айтылады.  Осы  жағдайды  реттеу  мақсатында  қаулы 

қабылданып,  «мемлекет  қаржысы  есебінен  суару  жүйелерін  салу  керектігі» 

ескертіледі. 

 

Жетісу  облысы  қазақ  съезінің  өзге  облыстық  съездерге  қарағандағы 



ерекшелігінің бірі мал шаруашылығын жеке мәселе етіп қарауында еді. Бұл 

мәселе  де  жеткілікті  мөлшерде  талқыланып,  мынадай  қаулыға  алып  келді, 

яғни  «мемлекет  қорына  деп  алынған  барлық  орман,  тоғай,  таулы-қыратты 

және  далалық  жайылымдардың  барлығы  қырғыздарға  (қазақтарға) 

қайтарылын», «мал тұқымдарын, соның ішінде ет пен сүт беретін ірі қара мен 

армияға  жөнелтілетін  жылқы  тұқымдарын  қазына  есебінен  асылдандыру 

қажет» және тағы басқа ұсыныстар болатын [10]. 

Сол  жылғы  сәуір  айының  19-22  жұлдыздары  аралықтарында  Орал 

қаласында  Орал  облыстық  қазақ  съезі  болып  өтеді.  Съезд  алдымен  күн 

тәртібіндегі  негізгі  мәселелер  ретінде  мемлекеттік  басқару  түрі,  Уақытша 

үкіметке  көзқарас  және  соғыс  туралы  жиналғандар  пікірін  тыңдап, 


бірауыздан  қарар  қабылдайды.  Онда  «монархизм  –  құлдықтың  символдық 

көрінісі,  бір  халықты  екінші  халыққа  айдап  салудың  қайнар  көзі»  деп 

айыпталып,  оның  мәңгілікке  жойылуы  керектігі,  ал  қазақ  халқының 

демократиялық  республика  идеясын  қолдайтындығы  және  ұлттық-

территориялық  федерация  немесе  федеративтік-демократиялық  республика 

мәселесін Құрылтай жиналысы үлесіне қалдыратындығы айтылады. 

 

«Соғыс және бейбітшілік» мәселесін талқылау барысында «съезд қазақ 



халқы  тағы  да  өзге  халықтармен  бірге  соғыс  зардабын  тартып  отыр», 

сондықтан  «бүкіл  әлемге  соғыс  қаупін  төндірген  герман  милитаризмі 

жеңілгенше  соғысты  жүргізе  беру  керек»  және  «бітім  тек  жұмысшы  және 

солдат кеңестері ұсынған принциптер бойынша жасалсын» деп шешеді.  

Уақытша  үкіметке  көзқарасы  жөнінде  съезд  «үкімет  өзі  жария  еткен 

бағдарлама  аясында  жұмыс  істеп,  демократия  мүддесін  қорғап  тұрған 

жағдайда» оны қолдай беретіндігін білдіреді.  

20  сәуір  күнгі  отырысында  съезд  жер  мәселесін  көтереді.  Бұл  мәселе 

бойынша уақытша облыстық қазақ комитеті мүшесі И.Тоқберлинов баяндама 

жасап,  соңынан  бірқатар  өкілдер  өз  пікірлерін  ортаға  салады.  Пікірталас 

нәтижесі мынадай қаулыға алып келді, яғни «жер мәселесін түпкілікті шешу, 

жер  кім  егер  оны  игеруге  –  мейлі  ол  егні  егу,  мал  бағу,  басқша  салу  тағы 

басқа түрлерінде болсын – күш салған болса соған берілуі тиіс», «қазақ жері 

оның  байырғы  иесі  қазақтарға  қайтарылуы  тиіс»  деп  көрсетіледі.  Сонымен 

қатар  жер  мәселесі  «заңды  түрде  шешілгенше»  уақытша  қарастырылатын 

шаралар да ескеріледі. Уақытша шаралар туралы 12 бөлімнен тұратын қаулы 

қабылданып,  онда  «облысқа  қоныс  аударуды  және  жер  бөлісуді  тоқтату», 

«барлық  монастырь,  архиерий,  шіркеу,  дворян  жері  уақытша  қырғыздарға 

берілуі,  «қырғыздарға  (қазақтарға)  Орыл  облысының  далалық  және 

ормандық аймағынан шөп шабуға рұқсат ету», «барлық переселендер жерін 

Құрылтай  жиналысында  жер  мәселесі  шешілгенше  өздеріне  қалдыру», 

«Шалқар  және  Індер  көлдері  туралы  талас-тартыс  заңды  түрде  шешілгенше 

қалыс  қалу  және  бұл  мәселені  шешуге  байланысты  әрекеттерді  облыстық 

қазақ  комитетіне  табыстау»,  «Гурьев  пен  Темір  уездерінің  көшпелі 

қазақтарына  облыстың  отырықшы  аймақтарына,  егер  олар  шаруашылыққа 

зиян келтірмеген жағдайда көшіп-қонуға рұқсат ету», «Ойылдағы жәрмеңке 

жүргізілетін  жерге  қазатар  мен  татарларға  құрылыс  жұмыстарын  жүргізуге 

құқық беру» туралы айтылады.  

Дін мәселесін талқылау барысында қазақтарға өз алдына жеке мүфтият 

қажеттілігі анықталып, бұл шараны тек барлық қазақ облыстары өкілдерімен 

ақылдаса  отырып  атқару  керектігі  ескеріледі.  Съезд  Орал  облысы 

қазақтарының 

діни 

басқармасы 



уақытша 

Орынбор 


мүфтиятына 

қарайтындығы туралы қаулы шығарады. Сонымен қатар, әр әкімшілік ауылда 

кемінде бір мешіт болуы керектігі, имамдарға туу, некеге тұрғызу және өлім 

туралы  метрикелік  кітапшаны  енгізуді  міндеттеу  және  сайланбалы 

имамдардың  қызмет  мерзімі  көрсетілмеуі  тиіс  [11]  екендігі  туралы  да 

айтылады.  



1917  жылы  сәуірдің  25-нен  мамырдың  7-сіне  дейін  дейін  Омбы 

қаласында өткен Ақмола облысының съезі қазақ съездерінің хронологиялық 

жағынан  төртіншісі  болды.  Күн  тәртібінде  17  мәселені  қамтыған  съезд  көп 

жағдайда Торғай облыстық съезінде талқыланған жәйттарды [12] қайталады.  

 

Ақмола  облыстық  қазақ  съезімен  бір  мезгілде    Семей  облыстық  қазақ 



съезі  өтеді.  Съезге  облыстың  бес  уезінен  200-ге  жуық  өкіл  келді.  Бұл 

облыстық  қазақ  съезінің  өзіне  тән  ерекшелігі  Бүкілресейлік  Құрылтай 

жиналысына  үлкен  мән  беруінде  еді.  Күн  тәртібіндегі  16  мәселенің 

алғашқысы  болып  Құрылтай  жиналысына  әзірлік  жайы  қарастырылып, 

«мемлекет  негізін  құрап,  халыққа  татулық,  тыныштық  әкелетін 

Учредительное  собрание»  екендігін  ескертеді.  Сонымен  қатар,  оны 

ұйымдастыру  мәселесіне  де  тоқталып, «Құрылтай  жиналысы  күзден  қалмай 

шақырылуы  тиіс»,  егер  «қыс  мезгіліне  қалдырылса  оған  сайлау 

жұмыстарында көптеген қиыншылықтар туатындығы» және оның жұмысына 

«Русияның барша жұртынан өкілдер ... әр екі жүз мың кісіден бір кісі баруы 

керектігі» жөнінде тұжырым жасайды.  

Мемлекеттік  басқаруға  деген  көзқарасында  съезд  Ресей  мемлекеті 

ұлан-ғайыр  территорияны  иемденіп,  онда  сан  алуын  халық  мекендеп, 

отырғандықтан федеративтік-демократиялық республика түрінде құрылғаны 

абзал»  деп  қорытындылайды.  Ал,  қазақ  халқының  өз  алдына  автономия 

алуына  байланысты  съезд  «бірінші  ресейлік  Құрылтай  жиналысында  ұлы 

Ресейді  мекендеуші  барлық  халықтардың  бостандығы,  теңдігі  және 

туысқандығы  бекітіліп,  оларға  өздерінің  саяси-қоғамдық  өмірін  ұлттық, 

тұрмыстық, 

мәдени, 


экономикалық 

және 


тарихи-географиялық 

ерекшеліктеріне  сай  құруына  мүмкіндік  берілуі  тиіс»  деп  көрсетіп,  «қазақ 

халқының  өмір  салтына  орай  ерекше  заңдар  жүйесін  жасау  керектігін» 

ұнатып, түпкі шешуін жалпықазақ съезіне қалдырады [13]. 

Жалпықазақ  съезі  қарсаңындағы  «Қазақ»  газетінде  Ә.Бөкейханов, 

А.Байтұрсынов, 

М.Дулатов, 

Ж.Жәнібеков, 

С.Кәдірбаев, 

Е.Омаров, 

Е.Тұрмұхамедов  және  Н.Бегімбетов  қол  қойған  «Қазақ  халқына  (есеп  алу 

тақырыптары)»  атты  үндеуі  жарияланады.  Бұл  үндеудің  мақсаты  халыққа 

жүргелі  тұрған  ауыл  шаруашылығы  есебінің  мән-жайы  мен  маңызын 

түсіндіру  болатын.  «Бұрын  өкімет  есеп  аларда,  қазақ  сенбейтін  еді»  деп 

көрсетіле  келе  үндеуде  «жеріміз  мол,  егінді  көп  саламыз  десек,  жерден 

айырыламыз»  деп  қорқатын  еді.  «Малымызды  көп  көрсетсек,  алым-шығын 

көп түседі» деп жасыратын еді. Адам есебін алатын болса, неге адам есебін 

алды,  бізден  солдат  алғалы  жүрмесін»  деп  сезіктенетін  еді.  Қысқасы,  қазақ 

ескі  үкіметтің  расына  да,  өтірігіне  де  сенбейтін  еді.  Онысының  қисыны  да 

бар еді» деген ойды білдіріп, одан ары заманның өзгергенін, ендігі жағдайда 

санаққа  бұрынғы  көзқараспен  қарауға  болмайтындығын  айтып,  оның  нақты 

және дәлелді себептерін келтіреді. 

«Бұл жолғы есепте малдың-жанның, жер-су шаруаның есебін дұрыс ия 

теріс  көрсеткенде  келетін  пайда  –  зияны  мынадай:  Алдымызда 

Учредительное  собрание  тұр.  Онда  мемлекет  законіне  негіз  салынады. 

Учредительное собраниеде қаралатын мәселелердің қазақ үшін ең зоры жер 



мәселесі.  Қазаққа  жер  малына  қарай,  яғни  жерге  сіңірген  еңбегіне  қарай 

пішіледі. Сонда қазақтың малы аз болып көрінсе, көрші мұжықтан шаруасы 

кем  болып  көрініп,  онда  да  жер  сыбағасы  аз  тиеді.  Соның  үшін  қазақ 

бұрынғыдай «орысты алдаймын» деп бұл жолы да малын, егінін, шаруасын 

жасырса, ұрылады, ұтылады.  

Адам есебін алғанда бұрынғыдай «солдат алады» деп жасырсаңдар, яки 

кемітсеңдер,  онда  зияны  һәм  зор.  Учредительное  собраниеге  депутат  әр 

халықтан  адам  санына  қарай  алынбақ.  Қазақ  еркек-әйелінің  дұрыс  жасын 

кемітсе  ...  қазақтан  депутат  аз    болады  ...  бір  мемлекетке  бағынған  біздің 

қазақ сияқты іргелі жұрт жасырынып жүріп күн көре алмайды.  

Енді  бұрынғы  қате  ізді  баспалық,  үлгілі  жолға  түселік,  мынау  ұлы 

дүбірге  қосылалық,  тиісті  бәйгемізден  құр  қалмалық,  жұрт  болалық»,-  [14] 

деп халықты болып жатқан өзгерістерге тікелей араласуға шақырады. Үндеу 

соңына  қол  қоя  отырып  олар  өздері  лайық  көретін  40  жігіттің  атын  жазып, 

мүмкіндігінше  аталған  жігіттерге  Торғай  және  Ырғыз  уездеріндегі  есеп  алу 

жұмысына аттануға шақырады.  

Сонымен қатар қазақ арасына есеп алуға шығатын жастардан «Қазақ» 

газетінің  осы  нөмірін  ала  жүріп,  халыққа  жаңа  тәртіп  жайын  түсіндіруді 

өздеріне «борыш» деп ұғынуын өтінеді.  

Бұл  үндеумен  қатар  Ә.Бөкейханов  «Қазақ»  газеті  бетінде  бүкіл 

«Алаштың  талапты  азаматына»  өз  атынан  қайырылып,  «болып  жатқан 

бостандық,  теңдік,  туысқандық  ХҮІІІ  ғасырдан  бері  жарыққа  шыққан  таза 

пікір»  екендігі  және  «мұны  майданға  салған  Франция  жұртының  саяси 

ерлері»,  ал  «осы  түрдің  бәрін  біздің  Шариғаттан,  Інжілден,  Будда  оқуынан, 

Лев  Толстой  философиясынан    да  көзі  ашық  талапты  ерлер  іздесе 

табатындығын»  ескертеді.  Сондықтан,  «бостандық,  теңдік,  туысқандықты 

қазақ баласы олжаланумен» бірге оны қадірлеп, 1-шілдеден бастап адам, мал, 

егін  және  шаруаның  есебін  алуға  көмекке  шақырады.  Өз  ойын  әрі  қарай 

жалғастыра  келе  Ә.Бөкейханов  «есепті  жамылып  жүріп  жұрт  ісін  істеп 

алмасақ, бізде ақша да жоқ, кісі де аз» деп қазақтың оқыған азаматтарын есеп 

алуға бөлінген қаржы арқылы қазақ жерін аралап, үгіт айтуға шақырады. Ал, 

«орыс    партияларының  ақшасы,  жұртқа  қызмет  қылатын  кісісі  бар» 

болғандықтан,  мұжыққа  үгіт  айтуға  «әдейі  арнап  кісі  шығарып 

жатқандығынан» қазақ жұртын құлақдар етеді [15]. 

Осы  үндеулермен  астарлас  ойды  Жетісу  облыстық  қазақ-қырғыз 

комитеті  төрғасы  И.Жайнақов  та  айтады.  Ол  «қазақ-қырғыз  азаматтарына 

сентябрьдің  30-ында  Петроградта  бүкіл  Русия  халықтарының  сайланмыш 

депутаттарының  бас қосуы», яғни «Учредительное собрание деген зор кеңес 

басталатындығын  айта  келе  «сол  кеңеске  Жетісу  қазақ-қырғыздарынан  да 

өздерінің  сайлауы  бойынша  депутаттар  баратындығын»  ескертіп,  егер 

олардың  қолында  елдің  ахуалынан,  мұң-мұқтажынан,  тұрмысынан  хабары 

болмаса, онда жіберген депутаттары тиісті шартпен айтыса алмайтындығын 

тілге  тиек  етеді.  Оған  мысал  ретінде  И.Жайнақов:  «...  Жер  турасынан  сөз 

болғанда  құры  жеріміз  аз  деп  отырғанмен  болмайды.  Оған  әсбет  дәлел 

келтіру  керек.  Жердің  жақсысы  кетіп,  жаманы  қалған  себепті  қазақ-


қырғыздың  жерге  мұқтаж  болғанына  бірінші  дәлел  орыстан  һәм  қазына 

учаскелерінен жер сатып алып, пайдаланып отырғаны», деп айта келе «үлкен 

аға,  кіші  інілерден  һәм  елдің  обал-сауабын  ойлаған  бас  ие  адамдардан, 

жігерлі  жігіттерден  ...  қазақшылық  қылып  созбай,  тезірек  Алматыдағы 

облыстық  қазақ-қырғыз  комитетіне  тиісті  ақпар  берулерін»  өтінеді.  «Елге 

шыққан  хатшыларды,  бұрынғыдай  алым-салық  көбейеді  деп  қорқынышпен 

қарсы  алмасы  үшін,  тек  мұсылмандардан  жасақталатындығын»  айта  келе 

И.Жайнақов  «хатшылар  есебі  Учредительное  собрание  ашылғанша  даяр 

болмаған  жағдайда  өзіміздің  делегаттарға  жеке  бір  есеп  жасап  беру» 

мақсатында ақпар сұратып жатқандығынан жұртты хабардар етеді [16].  

Белгіленген  мерзім  бойынша  тұңғыш  Жалпықазақ  съезі  1917  жылдың 

21-26  шілде  аралығында  Орынбор  қаласында  өтеді.  Оның  күн  тәртібіне 

барлығы 14 мәселе қойылып, олардың арасында мемлекет билеу түрі, қазақ 

автономиясы, қазақ облыстарындағы жер жағдайы ..., Құрылтай жиналысына 

әзірлік және басқа мәселелер бар еді. 

Съезд  облыстық  қазақ  съездеріндегі  қаралған  мәселелердің  барлығын 

жіті  талқылап,  тиісті  қаулылар  қабылдайды.  «Русия  демократиялық, 

федеративтік,  парламенттік  республика  болып  құрылуы  керектігін»,  ал 

«қазақ  облыстары  қоныс-ұлт  жігіне  қарай  автономия  алуға  тиіс»  [17] 

екендігін ескертеді. Соңғы қаулының мәнісін біз ұлт зиялыларының съезден 

кейінгі  баспасөз  бетінде  жариялаған  материалдарынан  түсінеміз.  Онда 

Жалпықазақ  съезіндегі  федерация  жайлы  пікірталастарды  баяндай  келе 

«Русиа федеративная республика боламыз деп тұрса, біз де солай деушілерге 

қосылайық, ал өз алдымызға федерация боламыз деп ентелемейік» делінгені 

айтылады.  Съездегі  делегаттардың  осындай  пікірді  қолдаған  тобы  дәлел 

ретінде мынадай екі пікірді көлденең тартады: 

1)  федерация  болған  соң,  «федерациядағы  жік-жікке  бөлінген  жұрттың 

әрқайсысы  ...  жерін  қорғау  үшін  әскер  ұстау,  темір  жол,  почта-телеграф 

салуы,  түрлі  мекемелер  сайлауы  керек»  болды.  Ал,  «қазақ  мал  баққан 

көшпелі халық. Өнеркәсібі жоқ. Мемлекет шығынын көтеретін байлығы жоқ. 

Мемлекеті  ісін  алып  жүретін  адамдары  жоқ»;  2)  қазақ  пен  орыс  аралас-

құралас  отырған  уездар  бар.  Федерация  болуды  олар  қуаттап,  бізбен  бірге 

мемлекет  боламыз  демесе,  оларды  көшіреміз  бе?  Әлде  оларға  жерін  тастап, 

аралас  отырған  қазақтар  көшіп  шығар  ма?  Бұл  жағы  да  қиын.  Сондықтан, 

«қазақ  ісінің  бәрі  бір  орыннан  таралып  атқарылуын  тілесек  областной 

автономия болайық ... Федерацияға кірген мемлекеттің бәрі әскер, темір жол, 

ақша,  почта-телеграфты  көп  ортасынан  істеуі  ықтимал  болып,  ...  жер-

суымыздың,  жергілікті  ісіміздің  билігінің  бәрі  өз  қолымызда  тұрса»    және 

«орыстардың  бәрін  көп  ортасына  ортақ  етіп  қоятын  федерация  болса,  одан 

артық не керек» [18] деп Жалпықазақ съезі тарқағандығы еске алынады. 

Жалпықазақ  съезі  жер  мәселесіне  байланысты  14  бөлімнен  тұратын 

қаулы  қабылдайды.  Бұл  қаулыда  облыстық  съездерде  ұсынылған  барлық 

шешімдер  орын  алып,  солардың  ішінде  «жер  құқында  қазақ  өз  алдына  жер 

жобасын  жасасын»,  «жер  мәселесі  туралы  басқа  да  саяси  партиялармен 

келісу  еркі  Учредительное  собраниеде  қазақ  депутаттарына  берілсін», 


«Бөкейлік  қазақтары  басқа  көрші  қазақ  облыстарына  лайықтаған  норма 

бойынша өздерінің отырған жерлерінен жер алсын», «Түркістан қазақтарына 

жер берудің үстіне жеткілікті су да берілсін», «қазақ халқы жермен ортақ (ру, 

ауыл, болыс болып) пайдалансын» [19] деген тұжырымды пікірлердің қаулы 

болып  қабылдануы  отарлық  езгіден  арыла  бастаған  қазақ  халқының 

бостандық,  теңдікпен  бірге  жер  мәселесін  де  ұлттық  мүдде  тұрғысынан 

шешуге бағыт алған ұмтылысы болатын. 

Жалпықазақ съезі облыстық съездерде қаралған дін мәселесін әрі қарай 

талқыға  салып,  13  бөлімнен  тұратын  қаулы  қабылдайды.  Онда  «Ақмола, 

Семей,  Жетісу,  Торғай,  Орал  және  Закаспий  (Маңғышлақ  уезі)  қазақтары 

уақытша  түрде  Орынбор  муфтиатына  бағынатындығы»,  «сот  ережелері 

шығарылғанша  қазақтардағы  діни  істерді  Орынбор  діни  мекемесі 

шешетіндігі»,  «діни  мекеме  жанынан  қазақ  бөлімін  ашып,  қазақтар  ісі 

муфтимен  келісіле  отырып,  сол  бөлімде  қаралуы»,  «қазақ  бөліміндегі  істер 

тек  қазақ  тілінде  жүргізілуі»,  «Орал  облысынан  рухани-діни  судья  (қазы) 

ретінде  Хаиршы  Ахметжановты  және  Бөкей  Ордасынан  Ғұмар  Қарашевты 

сайлайтындығы,  ал  өзге  облыстар  өз  қазыларын  өздері  сайлау  керектігі» 

айтылады. 

Жалпықазақ  съезі  әйел  мәселесін  де  қозғап,  әйелдердің  құқығы 

ерлермен  тең  екендігін,  тұрмысқа  шығу  тек  әйел  еркімен  ғана  жүзеге 

асатындығын және қалың мал жойылатындығын жариялайды. Осы мәселені 

талқылау  барысында  молдаларға  16  жасқа  толмаған  қыз  бен  18  жасқа 

жетпеген ер балалардың некесін қиюға тыйым салу керектігі, неке қию рәсімі 

қалыңдық пен күйеу баланың жекелеген келісіміне сүйену арқылы жасалуы, 

жесір әйелді әмеңгерлік жолымен күйеуге шығаруды тыю, екі әйел алу үшін 

алдымен бірінші әйелдің келісімін алу... , жеті атаға толмаған жағдайда  қыз 

беріп, қыз алыспауы шарт болуы туралы қаулылар қабылданады.  

 

Бүкілресейлік  Құрылтай  жиналысына  жақындап  қалған  себепті 



Жалпықазақ съезі «қазақ саяси партиясының жобасы жасалғанша осы сиездің 

қаулылары  Учредительное  собраниеге  баратын  депутаттарға  наказ-аманат 

болатындығын» [20] жариялайды. 

 

Бүкілресейлік  Құрылтайға  депутаттар  сайлау  мен  оның  шақырылу 



мерзімі  таянған  сайын  зиялы  қауым  ұлттық  басылым  беттерінде  халыққа 

сайлаудың  қыр-сырын  әңгімелеумен  бірге  Құрылтайда  талқыланатын 

мәселелерді де сарапқа салып, пікір алысады [21]. 

   


Ақпан  төңкерісінен  кейінгі  Ресейдегі  саяси  жағдайға  тоқтала  келе 

«Қазақ»  газеті  Құрылтай  жиналысының  алғашқы  қарайтын  мәселесі 

«мемлекет  дүкенін  құрып»,  оның  даму  бағытын  көрсету,  содан  кейін  қай 

мемлекетте  болса  да  Учредительное  собраниенің  бас  жұмысы  мемлекет 

Конституциясын қарап, бекітіп шығару екендігін айта келе осы негізгі заңды 

қабылдағанда  қазақ  ұлтына  да  қатысты  жерін  тек  өз  депутаттарымыз  ғана 

өздеріне лайықты етіп жасай алатындығын тілге тиек етеді [22]. 

«Қазақ»  газеті  маңына  топтасқан  ұлт  зиялылары  Бүкілресейлік 

Құрылтай  жиналысында  қабылданатын  Конституцияда  Ресей  мемлекетінің 

болашақ  статусын  қай  тұрғыдан  көргісі  келетіндіктерін  білдіре  келе, 



Ресейдегі  үкімет  билігі  «патша  билеушілікке  негізделсе,  ел  құлдыққа 

айналып  кету  жолы  бар»  екендігін,  яғни  «халық  билігі  қайтадан  патша 

қолына  берілмеуі»  керектігін  ескертеді.  Сондықтан,  Русия  халық  билейтін 

мемлекет  болуы  абзал  екендігін  айта  келіп,  оның  «унитарная  республика» 

немесе  «федеративная  республика»  болып  құрылуы  Құрылтайға  жиналған 

өкілдер еркінде болатындығынан оқырмандарын хабардар етеді. Өз ойын әрі 

қарай  жалғастырған  «Қазақ»  газеті  Ресей  унитарная  республика  болып 

құрылса,  оның  құрамындағы  қазақ  халқына  «облыстық  автономия 

берілетіндігін»,  ал  федеративтік  түрдегі  автономия  мен  облыстық 

автономияның  қазаққа  тиесілі  айырмасы  «федерация  болса,  әр  мемлекеттің 

жер-суының билігі өзінде болатындығы» тілге тиек етеді. 

«Қазақтардың өз жері өзінде қалуы үшін федерация пайдалы екендігін» 

дәлелдей  келе,  «Қазақ»  газеті  «оның  қиын  істері  ...  әскер  ұстау,  қару-жарақ 

сайлау,  темір  жол  салу,  почта-телеграф  жүргізуінде»  болатындығын, 

сондықтан бұл істерді «қазақ мемлекеті басқа жұрттардан адам жалдап, һәм 

сома  қарызға  алып,  яки  басқа  мемлекетке  ...  жер-суының  пайдасы  беріліп 

істетуі» мүмкіндігін еске салып, дәні басқалардың уысында кететіндігін [23] 

айтқан  еді.  Иә,  көрегендікпен  айтылған  бұл пікірдің  растығын  тарихтың  өзі 

дәлелдеп береді. Өнеркәсібі жоқ, ал шаруашылығының басым көпшілігі мал 

бағуға  негізделген  халықтың  мемлекет  істерін  алып  жүруі  үшін  керекті 

ұлттық табысы мен тиісті мамандары жоқ болғандықтан тағдырдың тәлкегіне 

ұшырағандай жағдайы бар еді. 

Қазақ  халқының  өз  алдына  жеке  шаңырақ  құру  жолына  байланысты 

пікір  айтуға  тырысқан  «Сарыарқа»  газеті:  «Русияда  осы  күнгі  автономияны 

алмаймыз  дейтін  халық  жоқ.  Украина  халқы  мемлекет  негізін  құратын 

кеңеске қарамай өзі біліп, заңын жасасып тізгінді қолына алып отыр...», - дей 

келе  қазаққа  да  өз  тізгіні  өзінде  екенін  жариялау  уақыты  таянғандығын 

білдіреді. Бұл айтылған пікірін дәлелдеу мақсатында газет Семей облысының 

басқару  құрылымындағы  өзгерістерді,  атап  айтқанда  «...бір  облысқа  үкім 

жүргізетін  комиссариат  һәм  уәкілдер  жиналысында  «делегатское  собрание» 

қазаққа  жанасы  бар  сөздерге  қазақ  комитетінің  кісілері  ие»  болып 

тұрғандығы  және  қазақ  комитетінің  ризалығынсыз  қазақ  турасында  ешбір 

қаулы  яки  жарлық  жер  комитеті,  азық-түлік  комитеті  ...  басқа  мекемелерде 

шешіле  алмайтындығы  жайын  баяндайды.  Оған  қоса  облыстық  және  уездік 

дәрежедегі  сайланбалы  қазақ  соттарының  құрылуы  арқасында  қазақ 

арасындағы  дау  яки  қылмысты  іске  билік  айтылып,  «үкім  жүргізу  жағынан 

да,  билік  жөнінен  де  Семей  облысының  қазағы  өз  ісін  өзі»  атқара 

бастағандығын көрсетеді [24]. 

Петроградтағы 

Уақытша 


үкіметтің 

Бүкілресейлік 

Құрылтай 

жиналысына  сайлау  мен  оның  шақырылу  мерзімін  екі  айға  жуық  уақытқа 

кейін  шегеруі  [25]  және  Ресейді  мекендейтін  кейбір  халықтардың 

Құрылтайды күтпей-ақ автономия жариялауы қазақ зиялы қауымын да уақыт 

талабына  сай  бейімделуге  итермелейді.  Автономияның  ішкі  құрылымы 

жөнінде айтқан пікірлері бір-бірінен алшақ кетпеген ұлт зиялылары, енді оны 

қалай  баянды  ету  жолына  келгенде  бірқатар  пікір  қайшылығына  ұрынады. 


 

Бұл  оқиғалардың  куәсі  болған  «Сарыарқа»  газеті  Торғай  облысы 

қазақтары  Сібірге  қосылмақ  оймен  Томск  қаласында  қазан  айының  8-15 

күндері аралығында өтетін Сібір автономиясы туралы съезге Ә.Бөкейхановты 

басшы етіп, делегация жібергелі жатқандығы жайында айта келе, Торғаймен 

бірге Ақмола мен Семей де Сібірге қосылмақ ойы бар екендігін жариялайды. 

Осы  облыстардың  Сібір  автономиясына  қосылу  мақсаты  мен  жалпы  Сібір 

автономиясы жөнінде «Сарыарқа» мынадай түсінік береді: «Сібір деген Орал 

тауынан  күншығыс  жақта  жатқан  11  облыстың  жері.  Олар:  Тобыл,  Том, 

Алтай,  Енисей,  Иркут,  Якут  губерниялары  және  Амур,  Забайкал, 

Приморский,  Ақмола  һәм  Семей  облыстары...  »,  -  деп  жаза  келе  Сібірдің 

бөлек  мемлекет  болуға  орайы  бар  екендігіне  себеп  ретінде  «Орал  тауы 

Орталық  Русиядан  Сібірді  бөліп,  жері  де,  елі  де  өзгешелігін»,  «Сібір 

халқының жартысы бұратана болып, ... жалпы мемлекет заңымен биленбей, 

өз  ғұрыптары,  өз  заңдарымен  жүретіндігін»  және  «бұлардың  көбінің  туған, 

өсіп-өнген жері осы Сібір», сондықтан «Орталық Русия бұлардың көбіне өгей 

шеше қалпында болғандығын» көлденең тартады [26]. 

«Сарыарқа»  газетінің  ойын  жоғарыда  айтылған  Том  қаласында 

өткізілген  съезден  Семей  арқылы  қайтып  бара  жатқан  Ә.Бөкейханов 

жалғастырады. Оның айтқан сөзінің қысқаша мазмұны мынаған саяды: 

1.

 

Ресей  көпұлтты,  үлкен  мемлекет.  Оның  құрамындағы  әрбір  халықтың 



төл даму жолынан, күнделікті тіршілігінен туындап жатқан өз ерекшеліктері 

бар. Ал «осындай тілі, жаратылысы ... бір-бірінен бөлек халықтарды бір топ 

кісі қандай ақылды болса да, бәрінің керегін біліп, бәріне лайықты заң жасап, 

бір орталықтан басқара алмайды. Лайықты заңды өздеріне өздері ғана жасай 

алуға  мүмкін».  Жалпыға  бірдей  қолайлы  заң  шығаратын  орын  –  Құрылтай 

жиналысы. 

2.

 

Құрылтай  жиналысына  қазақ  елінен  сайланған  депутаттар  Ресей 



мемлекетінің  автономиялар...  одағы  болуын  қолдағаны  жөн.  Ал,  автономия 

үш түрлі: 1) қаны біргелік, 2) жері біргелік, 3) шаруасы біргелік. 

3.

 

Қазақ  елі  жеке  автономия  алуға  әзір  емес.  Өйткені,  «автономияны 



жүргізіп  әкетерлік  кісіміз  тіпті  жеткіліксіз,  қазақтың  жалпысын  тарих 

даярлаған жоқ». Сондықтан, қазақ елі «жері біргелік автономияны қабылдап 

Сібірге қосыла тұрады. Қай күні өзін-өзі басқаруға жараса, сол күні Сібірден 

бөлініп  автономия  алмақ»  [27].  Бұл  Сібір  съезінде  жасалған  жобаға[28] 

енгізілді.  

Ақмола,  Семей  Және  Торғай  облысы  қазақтары  жалпы  қазақ  болып 

бірігуді  болашақтың  ісі,  яғни  стратегиялық  мақсат  деп  түсініп,  оған  жету 

жолын  Сібір  автономиясымен  байланыстырса,  ал  Сырдария  мен  Жетісу 

облысы  қазақтары  бұл  мақсатқа  Түркістан  автономиясы  арқылы  жетуге 

тырысады.  Тұтас  Түркістан  идеясының  жаршысы  М.Шоқай  Түркістанды 

мекендеген  «қазақтар,  қырғыздар,  өзбектер,  түркімендер,  тәжіктер  мен 

қарақалпақтар  Швейцария  тәрізді  мемлекеттік  жүйе  құрып,  бауырлас 

халықтардың  федерациясында»  болғанын  қалаған  еді  [29].    Сонымен  қатар, 

М.Шоқай  өз  естеліктерінде  «бәрі  де  автономиялық  басқару  туралы 

талаптарының  Құрылтай  жиналысы  тарапынан  толық  шешілетіндігіне 


сенгендігін»,  «Ресейдің  болашақта  республикалар  федерациясы  сипатында 

құрылатындығын  о  бастан-ақ  түсінгендіктерін»,  осыған  орай  «Түркістан  да 

оның  тең  құқықты  бөлігінің  бірі  болатындығын  [30]  баяндайды.  Ал, 

Түркістан автономиясының ішкі құрылымы туралы ол «Түркістанның дербес 

ел  басқаратын  мекемелері  мен  атқару  органдары»,  «яғни  заң  шығаратын 

парламенті  және  іс  жүргізетін  үкіметі  болуға  тиісті»  екендігін,  «сыртқы 

саясат,  қаражат,  жол,  әскери  істер...    Бүкілресей  федерациясы  үкіметінің  ісі 

деп есептегендігін» еске алды [31].  

Бүкілресейлік  Құрылтай  жиналысының  сайлауы  басталған  кезде 

«Қазақ»  газетінде  «Алаш»  партиясының  бағдарламасы  жарық  көрді.  Әрине, 

бұл  бағдарлама  сайлау  барысында  жарияланғанымен  оның  мәтіні  Бірінші 

жалпықазақ  съезінде  талқыланған  болатын.  Сондықтан,  сол  кезде 

қабылданған  бағыттар  бағдарламада  көрініс  тапты.  Бағдарламаны  әзірлеген 

Ә.Бөкейханов,  А.Байтұрсынов,  М.Дулатов,  Е.Омаров,  Е.Тұрмұхамедов, 

Ғ.Жүндібаев,  А.Бірімжанов  сынды  ұлт  зиялылары  болатын.  Бағдарламаның 

алғашқы  «Мемлекет  қалпы»  атты  бөлімінде  Ресей  мемлекетінің 

демократиялық,  федеративтік  республика  болғандығы  қолданатындығы 

айтылады. «Демократия, деп түсіндіріледі бағдарламада  – мемлекеттік жұрт 

билеу.  Федерация  мағынасы  құрдас  мемлекеттер  бірлесуі.  Федеративті 

республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады, әрқайсысы 

өз тізгінін өзі алып жүреді».  

«Үкімет  басында  Құрылтай  жиналысы  мен  Мемлекеттік  Думаның 

ұйғаруы  бойынша  келісімді  мерзімге  сайланған  Президент  отырады. 

Президент  қоғамдық  істерді  министрлер  арқылы  жүргізеді,  ал  министрлер 

Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума алдында жауапты болмақ. 

 

Мемлекеттік  Думаға  депутаттар  тегіс,  тең,  төте  және  құпия  сайлау 



арқылы сайланады. Сайлау хақында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болады» 

[32]. 


Қалыптасқан 

жағдайға 

байланысты 

«Алаш» 


партиясының 

демократиялық  тұрпаттағы  саясатын  жоғарыда  аталған  талаптардан  көруге 

болады.  Себебі,  ескі  заман  тұсында  Мемлекеттік  дума  сайлауы  басқаша 

жүргізілді. яғни, халық сенім білдіретін адамдарын (уполномоченный), олар 

сайлаушыларды  (выборщик),  содан  кейін  сайлаушылар  депутаттарды 

сайлаған.  Бұл  демократиялық  түрдегі  сайлау  емес  болатын.  Депутат  бүкіл 

халықтың  емес,  тек  екінші  «сүзгіден»  өткен  азаматтардың  қалаулы  адамы 

болып табылады.  

 

Ұстанатын  дінге  байланысты  бағдарламада  «Дін  ісі  мемлекет  ісінен 



айырылулы болады. Дін біткенге тең құқық. Дін ұстауға ерік, кіру Һәм шығу 

жағында  бостандық  ...    Мүфтилік  қазақта  өз  алдына  болу...»  [33],  -  деп 

айтылады.  Мұның  өзі  Европа  мемлекеттеріндегі  ортағасырлық  ресми  билік 

пен  діни  билік  арасындағы  күрес  тәжірибесі  ескерілгендігін  көрсетеді. 

Сонымен  қатар,  өзге  дін  өкілдерімен  де  тату  болуға  шақыру  арқылы  қазақ 

зиялылары қоғамның идеялық бірлігін дәріптейді.  

Бағдарламаның  «Билік  және  сот»  бөлімінде  «Әр  жұрттың  билік  пен 

соты  тұрмыс  ыңғайына  қарай  болуы»,  «Би  һәм  судья  жергілікті  жұрттың 

тілін  білуі»,  «Қазақ  көп  жерде  сот  тілі  қазақ  тілі  болуы»  туралы  айтылып, 


қадағалаушы  билік  орнын  көрсетумен  қатар,  ұлт  зиялылары  қазақ  тілін 

мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге тырысады. 

Мемлекеттік  қорғаныс  туралы  «ел  қорғау  үшін  әскер  осы  күнгі  түрде 

ұсталмауы»,  «әскер  жасына  жеткен  жастар  жерінде  үйретіліп,  жерінде 

қызмет  етуі»,  «әскерлік  міндетін  қазақ  атты  милиция  түрінде  атқаруы» 

жайлы  айтылса,  салық  «хал-ауқат,  табысқа  қарай:  байға  –  байша,  кедейге  – 

кедейше  әділ  жолмен  таратылу»  түрінде  салынуы  керектігі  ескертіледі. 

 

Жұмысшылар  мәселесі  жөнінде  бағдарламада  «қазақ  жерінде  зауыт-



фабрика  аз,  сондықтан  қазақтың  жұмысшылары  да  аз»  екендігі  айтылып, 

«Алаш»  партиясы  жұмысшылар  турасында  социал-демократтардың 

меньшевиктік  тобының  программасын  жақтайтындығы»  жазылады. 

 

Бағдарламаның  тоғызыншы  бөлімінде  «ғылым-білім  үйрету»  туралы 



«оқу  орындарының  есігі  кімге  болса  да  ашық  һәм  ақысыз  болуы»,  «жұртқа 

жалпы  оқу  жайылуы»,  «бастауыш  мектептерде  ана  тілінде  оқу»,  «қазақ  өз 

тілінде    орта  мектеп,  университет  ашуы»,  «оқу  жолы  өз  алдына  автономия 

түрінде  болуы»,  «үкіметтің  оқу  ісіне  кіріспеуі,  мұғалімдер,  профессорлар 

өзара сайлаумен қойылуы», «ел ішінде кітапханалар ашылуы» керектігі тілге 

тиек етіледі [34]. 

Қазақ  зиялылары  ұлттық  баспасөз  беттерінде  Бүкілресейлік  Құрылтай 

жиналысында  талқыланатын  жер  мәселесінің  ерекшеліктерін  де  халыққа 

түсіндірумен қатар,  өзара пікірталас туғызады. Мұндағы мақсат Жалпықазақ 

съезінде  көрсетілген  аманатқа  тиесілі  ең  негізгі  мәселе  –  жер  мәселесіне 

байланысты ұсыныстарды одан әрі толықтырып, шыңдай түсуде еді. Жерсіз 

адам  баласы  өмір  сүріп,  күнелте  алмайтындығын  және  қай  заманда  қандай 

соғыс  болса  да  түп  себебі  жерін  молайту  екендігін  айта  келіп,  «Сарыарқа» 

газеті «Мемлекет негізін құрайтын кеңесте... қазақ ата-бабамның қонысы еді» 

деген бір ауыз сөзбен жерге иелік ете алмайтындығын, сондықтан «әр ел өз 

облысындағы  жер  жайынан  мағлұмат  жинаушыларға  жерлері  туралы 

мағлұмат берумен» бірге, казак-орыспен кабинет жерінде һәм басқа жерлерде 

аралас  отырған  қазақтар  да  қай  жерде,  неше  жылдан  бері  және  қандай 

шартпен  жер  иеленіп  жүргендігінен  облыстық  қазақ  комитетін  хабардар 

етуін өтінеді [35]. 

«Сарыарқа»  газеті  «Жер  комитеттері»  атты  мақала  жариялай  отырып, 

бұл  комитеттің  ашылу  себебі  «мемлекет  негізін  құрайтын  кеңеске 

депутаттар...  бас  қосып,  түпкілікті  заң  жасағанға  дейін  жер  жұмыстарын 

басқарып  тұру»  екендігін  және  «Бас  комитет  Петербургте,  онда  төмендері 

бір-бірден  әр  облыс  (губерния),  дуанда,  болыс  сайын  да  осындай  комитет 

болмақтығын» халыққа  түсіндіреді. Ал, жер комитеттерінің түп мақсаты: 1) 

жер  туралы  мағлұмат  жинап,  алдымыздағы  мемлекет  кеңесіне  тапсыру;  2) 

қазіргі  уақытта  жер  туралы  даулы  сөздерді  бітіру;  3)  мал  бағып,  егін  егіп 

еңбек  қылғандарға және жер-суынан  айырылып,  шаруасы  күйзелгендерге  ... 

артық жер болса алып беру»  болып тұрғандығын ескертеді. Сонымен қатар, 

«Сарыарқа»  газеті  «жер  комитеттерінің  әмірі  уақытша»,  яғни  Бүкілресейлік 

Құрылтай  жиналысында  жер  туралы  заң  жасалғанынша  жүзеге  асып 

тұратындығынан  халықты  құлағдар  етіп,  «бүгін  жерім  өзіме  тиді  деп  ... 


бейқам  жатпай»,  тиісті  мекемелерге  жер-суы  шаруа  жайынан  толық  түрде 

есеп беруі тиіс екендігін» мұқият табыстайды [36].      

Ә.Бөкейханов  та  «Қазақ»  газетіне  жариялаған  «Жалпы  Сібір  съезі» 

атты  мақаласында  сол  съездегі  қазақ  делегациясының  жер  турасында 

ұстанған  бағытын  мына  төмендегідей  етіп  баяндайды:  1)  Бас  переселен 

мекемесі  қазақ  жерін  240  миллион  десятина  деп  есеп  шығарды.  Бұл  есеп 

бойынша  әр  қазаққа  44  десятинадан  жер  келеді.  Бір  үйде  5  адам  десек,  үй 

басына  220  десятинадан  тимек.  «Ақтөбеде,  Көкшетауда,  Өскеменде, 

Алматыда үй басы 220 десятина түгіл, мұның оннан бірі жоқ қазақ аз емес»; 

2) жаңа билік орнап, бостандық, теңдік, туысқандық келгені рас болса қазақ 

мұндай зорлыққа көне алмайды. Енді мұнан былай өзіміз жер еншімізді алып 

орныққанша  жерімізге  қоныс  аударушылар  көшіп  келуін  тоқтатсын;  3) 

Құрылтай жиналысы жер мәселесіне байланысты заң қабылдаған соң, қазақ 

өз  жерінде  алдымен  енші  алатын  болсын.  Адам  басына,  жеке  үй  басына 

тиетін  жер  сыбаға  шаруаға,  жердің  топырағына  жергілікті  табиғатына 

байлаулы  болсын.  Жер  сыбағасын  жергілікті  жер  комитеттері  анықтайтын 

болсын; 4) қазаққа жер сыбағасы өздерінің тілегіне сай ауылға, ұлысқа, руға 

деп  бөлінсін.  Жерді  бірігіп  алған  ру,  ауыл,  болыс  өз  ішінде  өздері  тәртіп 

орнатып,  әділдікпен  пайдалансын;  5)  қазақтарға  жер  сыбағасы  тұрған 

жерінен,  атамекенінен  берілсін.  Ертіс  бойындағы  он  шақырымдағы  «қазақ 

сол  жерден  үлес  алсын».  «Атты  казак»  бермеймін  дер,  бірақ  біз  Ертістен 

кетпейміз, жер алмай қоймаймыз. Жерді жолмен, законмен аламыз.  

 

Қазақ    ...  сыбаға  жерін  алған  соң,  қалған  жер  мемлекет  қазынасына 



аталып», земство билігіне өтсін [37]. 

М.Шоқай  да  өз  естеліктерінде  Түркістандығы  жер  мәселесінің 

Ресейден  айырмашылығы  туралы  айта  келе,  «жер  Түркістандықтарды  бір-

біріне  аяусыз  топтарға  бөлмегендігін»,  «Түркістандағы  жер  дағдарысы 

Ресейдегі  секілді  мүлік  иелерінің  аса  үлкен  егістіктерді  иемденуінен  емес, 

егістікке 

қажетті 

суару 


жұмыстарының 

қиыншылықтарынан 

туындайтындығын»  және    Түркістандықтардың  жыл  өткен  сайын  жерден 

айырылуының  үдеуі  Ресей  үкіметінің  жерді  көшіп  келген  қоныс 

аударушыларға  алып  беруі  мен  аса  тағылықпен  жүргізген  мақта  өсіру 

саясатынан  туындағандықтарын,  сондықтан  «Ресейде  жер  әлеуметтік-саяси 

және  таптық  мәселе  болса,  Түркістанда  саяси-ұлттық  мәселе»  болғандығын 

еске алады [38]. 

Уақыттың өзі көрсетіп бергендей қазақ зиялыларының өз ұлтына жеке 

шаңырақ  құрып  беру  жолындағы  пікірталасы  мұнымен  сарқылмаған 

болатын...    Мемлекет  негізін  қалыптастыратын  кеңесте  қазақ  саяси 

басшылығы  Ресейдің  федерациялық  демократиялық  республика  болуын 

жақтайтындығын    білдірді.  Жер  мәселесіне  байланысты  да  тұжырымды 

пікірлер  айтып,  олардың  шешімдерін  Бүкілресейлік  Құрылтай  жиналысы 

үлесіне  қалдырады.  Соғыс  ісіне  қолдан  келгенше  көмек  беру  арқылы, 

зиялылар  ертеңгі  күні  Бүкілресейлік  Құрылтай  жиналасында  қазақ  ұлтына 

қатысты мәселелер талқыланғанда ұтымды шешімдер қабылдануы үшін күш 

салсақ,  «орыс  халқының  алдында  бетіміз  ашық  болады»  деп  үміттенеді. 



Діннің  мемлекеттен  бөлінуін  қолдағанымен  олар  ислам  дініне  мұсылман 

халықтарының  бірлігін  сақтайтын  құрал  ретінде  қарады.  Олар  Ресей 

территориясында өткен барлық мұсылмандар съездеріне атсалысты.  

Бүкілресейлік  Құрылтай  жиналысына  сайлау  да  таянды.  Ендігі  жерде 

көктемнен  бергі  еңбектің  жемісін  көру,  яғни  көп  ортасынан  өздері  қалаған 

азаматтарын Құрылтайға депутаттыққа сайлап, оларға сәт-сапар тілеу еді. 

                                 

                                      

                        Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:  

 

1.



 

Ташкент. 20 тамыз // Бірлік туы.- 1917.- №6. 

2.

 

Жалпы қазақ съезінің бағдарламасы // 1917.- №238.-31 шілде. 



3.

 

ҚР ОМА, 9-қ. 1-т., 28-іс, 122-п. 



4.

 

ҚР ОМА, 9-қ.1-т., 28-іс, 123 п. 



5.

 

ҚР ОМА, 9-қ. 1-т., 28-іс., 124-125 п. 



6.

 

ҚР ОМА, 1441-қ., 1-т., 1-іс., 113-113 об-п. 



7.

 

ҚР ОМА, 1441-қ. 1-т., 1-іс., 76 п. 



8.

 

ҚР ОМА, 9-қ. 1-т., 51-іс., 1-2 п. 



9.

 

ҚР ОМА, 9-қ. 1-т., 51-іс., 2-4 п. 



10.

 

ҚР ОМА, 9-қ. 1-т., 51-іс., 5-8 п. 



11.

 

Мартыненко  Н.  Алаш-Орда.  Сборник  документов.-Москва,  1929.-  С. 



36-40.  

12.


 

Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда.- Алматы: Ататек, 1995.-256 с. -Б. 

103-104. 

13.


 

ҚР ОМА, 15-қ. 2-т., 422-іс., 43-44 п. 

14.

 

Бөкейханов  Ә.  Шығармалар  /  Құрастырған  М.Қойгелдиев.-  Алматы: 



Санат, 1994.-477б. -Б. 244-246. 

15.


 

Алаштың талапты азаматына // Қазақ.- 1917. - №234. 

16.

 

ҚР ОМА, 13-қ. 1-т., 1-іс., 3-3 об-п. 



17.

 

Жалпы қазақ съезінің қаулылары // Қазақ.-1917. - №238.-31 шілде.  



18.

 

Учредительное  собраниесінің  істейтін  ісі  //  Қазақ.-1917.  -  №243-14 



қыркүйек.  

19.


 

Жалпы қазақ съезінің қаулылары // Қазақ.-1917. - №238.-31 шілде.  

20.

 

Жалпы қазақ съезінің бағдарламасы // Қазақ .-1917. - №238.  



21.

 

Уақытша  үкімет  Бүкілроссиялық  Құрылтай  жиналысына  сайлау  17 



қыркүйек, ал шақырылуы 30 қыркүйек деп белгілеген болатын. 

22.


 

Учредительное собрание Һәм оның істейтін ісі // Қазақ.- 1917.-№242. – 

2 қыркүйек. 

23.


 

Учредительное собрание Һәм оның істейтін ісі // Қазақ.- 1917.-№243. – 

14 қыркүйек. 

24.


 

Қазаққа автономия // Сарыарқа. -1917. -№15. -29 қыркүйек.  

25.

 

Телеграмма. ҚР ОМА, 41-қ. 1-т., 12-іс., 3-п. 



26.

 

Автономия кеңесі // Сарыарқа.- 1917.- №15. 



27.

 

Қойгелдиев  М.  Алаш  қозғалысы  (көмекші  оқу  құралы).-  Алматы: 



Санат, 1995.-368 б. -Б. 262-263. 

28.

 

Қазаққа автономия // Сарыарқа.- 1917.-№20. 



29.

 

Мұстафа  Шоқай.  Мария  Шоқай.  Естеліктер  /  Құрастырған  Тәкенов, 



М.Қойгелдиев. – Стамбул, 1997.-272 б.-Б. 107.  

30.


 

М.Шоқай. Түркістанның қилы тағдыры.- Алматы: Жалын, 1992.-Б. 179. 

31.

 

Сонда, -Б.149. 



32.

 

Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы ....-Б. 310-311. 



33.

 

Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда ....-Б. 136. 



34.

 

Сонда,- Б. 145. 



35.

 

Жер туралы // Сарыарқа.-1917. - №7.-1 тамыз. 



36.

 

Жер комиттері // Сарыарқа.-1917. -№ 9.-15 тамыз.  



37.

 

Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы ....-Б. 261-262. 



38.

 

Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай. Естеліктер .....-Б. 64.  



 

 

 



 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет