Дамыта оқыту технологиясының мәні мен маңызы



Дата03.11.2022
өлшемі15,68 Kb.
#47280

Дамыта оқыту технологиясының мәні мен маңызы

Дамыта оқыту – дамытушылық сипаттағы оқыту, себебі оқушы бір ұғымды немесе құбылысты түсінуге мұқтаж болғанда ғана ойлана бастайды. Ал дамыта оқыту барысында мұғалімге қойылатын талап – мұндай мұқтаждықты қашан және қалай пайдалануды анықтау. Дамыта оқыту кезінде білім мен іскерліктің бірсыпыра бөлігін оқыту өздігінен танымдық қиындықтарды жеңе отырып игереді. Дамыта оқыту мен дәстүрлі оқыту арасындағы айырмашылық оқу процесін ұйымдастыру мен принциптерінен де байқалады. Дамыта оқытудың мақсаты – ғылыми негізде меңгеріп қоймай, оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілетін дамыту. Оны ұйымдастыру негізінен оқушының ізденгіштік, танымдық оқу қызметін құрайды. Дамыта оқыту арқылы оқушының оқуын белсендірудің мәні - ғылымның даяр қорытындыларын жай ғана меңгеріп алуда емес, жаңа білімдер мен ақыл-ой қызметінің тәсілдеріне өздігінен ие болу жөніндегі оның танымдық қызметін белсендіруде.
Демек, дамыта оқыту мұғалімнің белгілі бір әрекеттерін талап етеді. Бұл әрекеттер оқушының жаңа ұғымның мәнін ашу тәсілдерін өздігінен іздестірумен сипатталатын танымдық әрекеттерін ұдайы тудырып отырады.
Оқу процесінде сабақтың мазмұнынан туындамаған мәселелерді қою мұндай сабақта оқып үйрететін материалды саналы меңгеру мақсатымен белгілі бағыты бар танымды іздену жасауға мүмкіндік бермейді. Сөйтіп, дамыта оқыту оқу процесін жетілдірудегі басты бағыттардың бірі болатыны сөзсіз, өйткені ол оқушылардың танымдық іс-әрекетін мақсатқа бағытталуын қамтамасыз етеді, олардың оқу жұмысына шығармашылық сипат береді және сайып келгенде оқушылардың интеллектісін дамытуда сондай-ақ оқытудың нәтижелі болуы үшін жақсы жағдайлар туғызады. Алайда, дамыта оқытудың осы мүмкіндіктерін толығынан іске асыру үшін, оны іс жүзінде жүзеге асыруда кездесетін кемшіліктерді жою керек.
Дамыта оқытудың Д.Б.Эльконин- В.В.Давыдов жасаған жүйесінің кздеген мақсаттарына жету тек оқушының өзінің белсенділігіне байланысты. Осыған орай, бұл жүйенің әдіс-тәсілдері де оқушының оқу белсенділігін ұйымдастыру, қолдап, көмектесіп отыруды көздейді.
Дамыта оқытудың Л.В.Занков жасаған жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталып өтелік. Бұл жүйе дәстүрлі оқытудан төмендегі ерекшеліктерімен, өзгешеліктерімен айқындалады.
- Оқыту мазмұнындағы өзгешеліктер;
- Мақсаттағы айырмашылықтар;
- Дидактикалық принціптердегі өзгешеліктер;
- Әдіс-тәсілдеріндегі ерекшеліктер;
- Оқытуды өзгеше ұйымдастыру;
- Мұғалім еңбегінің нәтижелігін анықтайдың жаңа көрсеткіштері;
- Мұғалім мен оқушы арасындағы жаңашыл қарым-қатынастар.
Дамыта оқыту сабақтарында жаңа материалды талдауға зор көңіл бөлінеді. Өйткені, талданбаған шығарма оқушы жүрегіне жетпейді деп есептейді. Талдау- бірлескен ізденіс. Ізденіс барысында мұғалім әр оқушының қөңіл-күйін бақылауға, ой-пікірін байқауға мүмкіндік алады. Интеллект деңгейін анықтай алады. Әсіресе оқу сабақтарындағы материалды талдау арқылы шығарманың айтар ойы, идеясы оқушы жүрегіне жетіп, талдау арқылы ар, ұят, қайырымдылық, әдептілік т.б сияқты тамаша адамгершілік қасиеттер бойына жұғысты болады.
Дамыта оқыту жүйесінің маңызды тағы бір ерекшелігі сынып оқушыларын «жақсы», «жаман» оқушылар деп бөлмей, барлық оқушының дамуы үшін қолайлы жағдай туғызуды мақсат тұтуы. Нашар оқушының да өз шамасы келгенше, қабілеті жеткен жере дейін еңбек етуі ойластырылған. Сол арқылы ол да өзін мүмкін дәрежеге дейін дамыта алады. Бұл жолда оның қателесуі, жаңылуы әбден мүмкін. Тек мұғалім тарапынан көрсетілген сабарлылық, байсалдылық оның өз күшіне деген сенімін арттырып, алға жетектейді деп есептелінеді.
Л.В.Занковтың жасалынған дамыта оқу жүйесінде оқушының білімін бағалауға үлкен мән беріледі. Сабақ барысындағы бағаның неғұрлым көп қойылуы шарт емес. Оқушылар барлық тапсырмаларды орындауға ынта білдіріп, ден қойып, нәтижеге жетіп, еңбегінің рахатын көруге дағдыландырылады.
Дамыта оқыту жүйесінде мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жаңа қағидаларға негізделеді. Олар ынтымақтастық, өзара сыйластық, түсіністік сияқты қасиеттер. Оқушы өз ойын қорықпай, сеніммен айта алатындай ахуал болуы басты назарда ұстанылады. Ол үшін оның әрбір жауабы мұқият тыңдалып, дұрысы мақталып, қатесі еппен түзетіліп, отырылады. Оқушыны кішкентай оқушы деп қарамай, оның да пікірімен санасу, көзқарасын құрметтеу оның дамуына орасан зор әсер ететіндігі дәлелденеді.
Қорытындылай келгенде, дамыта оқыту өзінің мән-мағынасына сәйкес оқыту түрі, яғни оқушыларды алдында кездескен мәселелік сұрақтарға қарсы жауап жолдарын іздеп, табуға дұрыс бейімдеу, жағдай жасау. Дамыта оқыту оқушылардың ойлау қызметін оның танымдық қызығушылығы табиғатының рухани қажеттіліктерін, оқу себептерінің заңдылығын ескеретін теорияның негізінде құрылады. Мектептергі оқу процесінде жаңа технологияларды пайдалану оқушылардың ойлауы мен шығармашылыққа жету жолында үлкен рөл атқарады.
Әдебиеттер тізімі:
1. Ахметкәрімов Қ.А. Дамыта оқыту идеясын жүзеге асыру // Өзгеріс. - 2002. - №17. 26-28 бет.
2. Кусаинов Г.М. Новая педагогическая технология: методология, теория, практика.- Усть-Каменогорск, 1997. – 242 с.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет