Дәріс №13 Тақырып атауы



бет1/6
Дата24.05.2022
өлшемі37,32 Kb.
#35555
  1   2   3   4   5   6

Дәріс №13


Тақырып атауы:Мұхтар Әуезов шығармашылығы
1. Мұхтар Әуезовтің шығармашылық өмір жолы
2. Мұхтар Әуезов өлеңдері мен эпикалық туындылары.
3. Мұхтар Әуезов шығармашылығының мектепте оқытылуы.
1 М.Әуезовтің өмірі, білім алған мектептері, мемлекеттік, қоғамдық қызметі
2. Мұхтар Әуезовтің шығармашылық өмір жолы
3. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы.
Тірек сөздер: проза, трагедия, пьеса, эпопея
Туған жері - бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы, Бөрлі деген жер-1897 жылы жиырма сегізінші қыркүйекте). Әкесі Омархан мен атасы Әуез сауатты кісілер болған.
Жұбайлары Райхан, Кәмила, Валентина
Балалары Мұғалима, Шоқан, Елдес (1927 ж.т.), Ләйлә(1929 ж.т.), Мұрат (1942 ж.т.)
Мұхтар атасының қолында өскен. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғаш сауатын ашушы да атасы. Соның арқасында ол алты жасынан Абайдың өлеңдерін ауылдастарына жатқа оқып беретіндей дәрежеге жетеді. 1908 жылы хазірет медресесінде оқып, одан орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс училищесіне түседі. Осы жерде оқып жүріп «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады. 1915 жылы Семей қалалық мұғалімдер семинариясына қабылданады. Оқып жүргенде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастаны негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасына шығарады.
Ресейдегі саяси төңкерістер Әуезов өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» аталатын алғашқы мақаласы 1917 жылы 10 наурызда «Алаш» газетінде басылды. 1918 жылы 5 – 13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Әуезов жазушы Аймауытовпен бірлесіп Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға қатысады. 1919 жылы семинарияны бітіріп, қоғамдық-саяси жұмысқа араласады. 1919 жылы желтоқсанның төртінде Семейде большевиктер билігі орнап, Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы қараша айында Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің (ОАК) төралқа мүшелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен айналысады. Сол жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесі «Қызыл Қазақстан» журналының №3 – 4 сандарында жарияланды. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі әрі «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Осы басылымдарда «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» («Сөніп-жану») әңгімелері жарияланады. 1923 жылы маусым айында Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға ауысады. 1924 – 1925 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумына оқытушылыққа қалдырылды. Сонда жүріп «Таң» журналын шығарады. Онда «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» әңгімелері жарияланды. 1925 жылы Ленинградқа қайтып барып, оқуын жалғастырады. 1926 жылы жаз айында Семейге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, оның материалдары негізінде жазылған «Әдебиет тарихы» монографиясы 1927 жылы кітап болып шығады. 1927 жылы жазда Жетісу өңіріне сапармен келіп, Ілияс Жансүгіровпен бірге болашақ шығармаларына материал жинайды. Ленинградқа қайтып оралысымен, осы материалдар негізінде «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін, «Қилы заман» романын, «Хан Кене» пьесасын жазады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды әрі Қазақ ағарту институтында сабақ берді.
Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге 1930 жылы 16 қыркүйекте тұтқындалып, 1932 жылы сәуір айында үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Дегенмен маусым айында түрмеден босатылып, Қазақ педагогика институтының (ҚазПИ-дің) аға оқытушысы болып қызмет істейді. Осы жылдары театр, драматургия, мәдениет пен өнер, әдебиет, фольклор тарихы, орыс әдебиетінің классиктері туралы мақалалары үзбей жарияланып тұрады. Әуезов сценарийі бойынша «Райхан» көркем фильмі (1940) түсіріледі. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Осы жылдары «Абай» романын жазуға кірісіп, оны 1941 жылы бітіреді. «Абай» романының жарық көруі (1942) Қазақстанның мәдени өміріндегі ерекше оқиға болды. 1943 жылы «Абай» романын талқылау үлкен науқанға айналады. 1946 жылы романның екінші кітабын жазып бітіріп, ол 1947 жылы жарық көреді. 1950 жылы роман-эпопеяның «Ақын аға» аталатын үшінші кітабы жарық көреді. 1943 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақтың мемлекеттік университетінің (ҚазМУ-дің) қазақ әдебиеті кафедрасына профессор болып орналасып, өмірінің соңына дейін сонда дәріс оқыды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында «Сын сағатта» (1941), «Намыс гвардиясы» (жазушы Әлжаппар Әбішевпен бірігіп, 1942), «Қынаптан қылыш» (1945) пьесалары мен «Абай» операсының либреттосын (1944), «Абай әндері» фильмінің сценарийін (1945) жазады. 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясы құрылғанда, оның толық мүшесі (академик, №1 куәлік) болып сайланады, филология ғылымдарының докторы, профессор атағы берілді. 1951 – 1954 жылдары Әуезов саяси-идеологиялық тұрғыдан тағы да қыспаққа алынып, 1953 жылы сәуір айында Мәскеуге жасырын аттанып кетуге мәжбүр болады. Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор болып орналасып, «КСРО халықтары әдебиетінің тарихы» деген арнайы курс бойынша дәріс берді. 1954 жылы Алматыға қайтып оралып, «Абай жолы» роман-эпопеясын түпкілікті аяқтады.
1955 жылы шет елге сапарға шығып,Герман демократиялық республикасы (ГДР) жазушыларының Берлинде өткен съезіне құрметті қонақ ретінде қатысты. Үндістанға 40 күндік сапармен барып қайтады. 1956 жылы КСРО мәдениет қайраткерлері өкілдерінің қатарында Чехословакияда болды. Жазушының 60 жасқа толу мерейтойы Алматыда, Мәскеуде салтанатпен атап өтіледі. Атом және сутек бомбасын сынауға қарсы халықаралық қозғалыстың Жапонияда өткен 3-конференциясына қатысады. 1958 жылы Ташкентте өткен Азия және Африка елдері жазушыларының 1-конференциясын ұйымдастырушылардың бірі болды. 1960 жылы АҚШ-қа барып қайтып, 1961 жылы Үндістанға екінші рет сапар шегеді. 1955-1957 жылы алты томдық таңдамалы шығармалары басылып шығады.
Ол 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде қайтыс болды. 1961 жылы қайтыс болғаннан кейін Республика Үкіметі қаулы қабылдап, ұлы жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры Мұхтар Әуезовтың аты беріледі. Жазушы тұрған үйде мұражай-үйі (1963) ашылып, ескерткіштер орнатылды. Алматының бір ауданы М.Әуезов атымен аталды. Астана, Семей және басқа қалалар мен облыстардағы аудан, ауыл, көше, мектептер Әуезов есімімен аталады. Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО-ның шешімімен, дүниежүзілік деңгейде (1997) аталып өтті.
ХХ ғасырдың 20-шы жылдары жазған әңгіме мен повестері: „Қорғансыздың күні“, „Барымта“, „Жетім“, „Ескілік көлеңкесінде“, „Жуандық“, „Қаралы сұлу“, „Оқыған азамат“, „Қараш-қараш“, „Қилы заман“. Бұларда жазушы әлеуметтік өмір шындығын көрсетіп, зорлық пен қорлық көрген қорғансыздың қуғын көрген өмірін бейнелейді. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары қаламынан туған „Іздер“, „Бүркітші“, „Шатқалаң“, „Білекке білек“, „Құм мен ас қар“ әңгімелерінде жаңа қоғам орнату жолындағы адамдардың санасындағы өзгеріс, іс-әрекеттерінің шынайы бейнелейді. М.Әуезовтың тарихи тақырыпқа батыл бет бұрып, „Хан Кене“, „Абай“ трагедияларын жазып, ұлт азаттық қозғалысының қайсар қолбасшысы Кенесары хан мен ұлы ақынның өмірінің соңына қарай надан қауымнан шеккен азабы, ізгілік жолындағы күресімен тұлғалары асқақ жасалынды. М.Әуезов лиро-эпос жырларының негізінде „Айман-Шолпан“ комедиясын, эпостық жырлар негізінде „Қарақыпшақ Қобыланды“ пьесаларын жазды. „Айман -Шолпан“ комедиясының тәрбиелік, эстетикалық мәні ерекше. Қатыгез, қаһарлы, долы күштің қармағына іліккен бейкүнә, ақылды қыз ру мен ру арасындағы араздықты ақылға сүйенген айла мен басып, қарумен де, байлықпен де шешілмейтін түйінді шешіп береді.
«Қараш-қараш оқиғасы» (1927) повесі. Шығармадағы таптық, топтық және әлеуметтік тартыстың көрінісі. Бақтұғыл мен Жарасбай образдары. Көркемдік ерекшеліктері. Л.Толстой стиліне тән психологизмнің кейбір әсерлері.
«Қилы заман» (1928) повесі. Повестің ел басқарудың әкімшілдік-әміршілдік жүйесінің тұсында оқырманның рухани иігіліне айналмау себептері. Онда Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің көрінетіні. Ұзақ, Жәмеңке, Серікбай, т.б. халық өкілдерінің образдары. Рахымбай, Түнғатар, Ақжелке тәрізді ұнамсыз типтер. Повестің баяндау жүйесінің ерекшеліктері. Портрет пен пейзаж. Адам характерін жасаудағы диологтің мәні.
М.Әуезовтің отызыншы жылдары жазылған «Іздер», «Бүркішті», «Шатқалаң», «Білекке білек», «Құм мен Асқар» шығармаларының мәні мен маңызы. Оларға жаңаша көзқарас. М.Әуезовтің драмалық жанрдағы туындылары. «Еңлік-Кебек» (1917) және «Қаракөз» трагедиялары. Оларда махаббат, бас бостандығы мен әйел теңдігі мәселесінің көтерілуі. Трагедиялық образдар жүйесі.
«Түнгі сарын» (1934) пьесасында 1916 жылғы көтерілістің көркем бейнеленуі. Драмалық шиеленіске толы тартыс таңбасы. Жантас пен Тәнеке образдары.
«Шекарада» (1938) пьесасы. Шығармада ел қорғау, қырағылық, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерінің өрнектелуі. Пьесадағы Мұрат, Сәрсен, Қонай мен Ажардың образдары. Әйтсе де драмалық шиеленістің жалған тартысқа құрылуы.
М.Әуезовтің тарихи тақырыпқа батыл бет бұрып, «Хан Кене» драмасын жазуы. Туындыдағы Кенесары мен оның інісі Науан батырдың бейнесі. Әлеуметтік және жеке бастық ішкі тартыстар. Әйелдер образдарының кейбір өзіндік ерекшеліктері.
М.Әуезовтің Л.Соболевпен бірігіп жазған «Абай» трагедиясы (1940). Ондағы Абай бейнесі. Ұлы ақынның әділетті өмір мен адам баласының бақыты үшін жауыздықпен бетпе-бет арпалысуы. Бірін бірі сүйген Ажар мен Айдардың бас бостандығын қорғау арқылы феодалдық ескі салт-санаға қарсы шығуы.
М.Әуезовтың және қазақтың халық әдебиеті. Халықтың эпостық жылары негізінде «Айман-Шолпан» (1934) және «Қарақыпшақ Қобыланды» (1941) пьесаларын жазуы. «Айман-Шолпан» пьесасының тәрбиелік, эстетикалық мәні. «Қарақыпшақ Қобыландыда» ел қорғау, ерлік пен ездік мәселесінің көтерілуі.
М.Әуезовтың В.Шекспирдің «Отелло», «Асауға тұсау», Н.Гогольдің «Ревизор», Н.Погодиннің «Ақсүйектер», К.Треневтің «Любовь Яровая» пьесаларын аударып, қазақ театрының репертуарын байытуы. Осы арқылы драматургияның қыры мен сырын игеруі.
М.Әуезовтың „Өскен өркен“ романында Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі мал шаруашылығына, жас ұрпақтың тәрбиесіне, адамдар санасындағы құлық пен ниетке қатысты проблемалар реалистік қуатпен бейнелейді. Туындағы Нил Карочов, Алмасбек, Әсия бейнелерінен жаны, жүрегі таза, қуатты топтың болмысын сезінеміз.
Әуезовтің мұраcының аса қомақты бөлігі – оның ғылыми зерттеулері. Ол қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық-проблемалық мәселелері жөнінде іргелі еңбектер жазды. Қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Әуезов жиырмадан астам шет елдерде болып, адамзат қоғамының дамуы, рухани ынтымақтастық үшін өз көзқарасын білдірді. Әлем халықтары оның «Абай жолы» роман-эпопеясын айрықша құбылыс ретінде таныды. «Әдебиет тарихы» (1927) кітабының М.Әуезовтің тыңғыш зерттеу еңбегі екендігі. Ғалым-жазушының қазақ фольклорының ертегі, эпостық жырлар, ақындар айтысы, т.б. жанрлар туралы зерттеулері. Сол сияқты қазақ және орыс тілдерінде қатар жазылған «Әр жылдар ойлары» (1959), «Абай Құнанбаев»(1967), «Уақыт және әдебиет»(1962) атты зерттеу еңбектері.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет