Дәріс Тақырыбы: 1960 жылдардағы қазақ театрының дамуы Дәрістің мазмұны



бет1/2
Дата04.05.2023
өлшемі35,58 Kb.
#89789
  1   2

Дәріс 9. Тақырыбы: 1960 жылдардағы қазақ театрының дамуы
Дәрістің мазмұны: 1960-жылдары қазақ театры классикалық шығармалардан гөрі бүгінгі күн тақырыбына көп көңіл аударды. Республиканың 20 театрында 1961-1962 жылғы маусымның өзінде 137 жаңа пьесаның ішіндегі 73-і бүгінгі замандас бейнесін көрсетуге арналған шығармалар болды. Ең бірінші – адам санасындағы өзгерістер, қоғам мен мемлекет ісіне, халық шаруашылығына деген адал көзқарастар алда тұрды. М.Әуезов атындағы театры Т.Ахтановтың «Сәуле» пьесасы қойып, бүгінгі күн тақырыбын игергенін, замандас бейнесін мүсіндеуде тәжірибе жинақтағанын байқатты.

1960-шы жылдардың басында кеңес театры мен драматургиясы өзінің үздіксіз өсу жолындағы жаңа бір кезеңге көтерілді. Ол ізденіс, жаңалық ашуға талпыну кезеңі болды. Ең алдымен, бұрынғы төрт-бес перделі пьесалар енді екі-ақ бөлімнен тұратын болды. Соған сәйкес театр шымылдығының ашылып-жабылуы да азайды. Бұрынғы пьесалар көп кейіпкерлі боп келсе, ендігі пьесалардың кейіпкерлері мүлде ықшамдалып, сахнада төрт-бес кейіпкер ғана көрінді. Пьеса оқиғасы бұрынғыдай төрт қабырғалы бөлменің ішінде емес, көрермендер бөлме деп өздері түсінуге тиіс шартты бір кеңістікте өтетін болды. Актерлерге сақал, мұрт, мұрын жасау, бетке бояу жағу — ескіліктің үлесіне қалдырылды. Енді көрермендер сахнаға қатар шыққан екі адамның сөзін ғана емес, олардың ішкі ойларын да біліп отыруға тиіс болды. Озық орыс драматургиясы мен орыс театрларының ізденіс үстіндегі бұл жаңалықтары қазақ драматургиясы мен қазақ театрына да азды-көпті әсерін тигізді. Осы жаңа үлгіде жазылған пьесалардың бірі 3.Шашкиннің «Ақын жүрегі» пьесасы болды. Бұл М.Әуезов театрында 1965 жылы 17 шілдеде қойылды. «Ақын жүрегінің» негізгі оқиғасында Ұлы Отан соғысындағы фашистердің кеңес адамдарына жасаған қатыгездігі, жеке адамға табынушылық мәселелері, мәңгілік махаббат пен күншілдік суреттеледі.

Дәріс 10. Тақырыбы: 1970 жылдардағы қазақ театры
Дәрістің мазмұны: 1970 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры Ш.Хұсайыновтың «Қилы-қилы тағдырлар» пьесасын қойды. Бұл – үлкен әлеуметтік мәселені көтеретін психологиялық драма. Автор бұл пьесасын адамдар тағдырына және сол тағдырлар арқылы көрінетін дәуір тартысына арнады. Спектакльді қоюшы Қ.Жетпісбаевтың режиссерлік ой-тұжырымындағы адам және уақыт философиясы оның қаһармандарға берген трактовкасында, ұтымды мизансценаларда көрінді.

Осы уақытта Ә.Әбішевтің “Белгісіз батыр”, Ә.Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес», «Той боларда» пьесалары барлық қазақ театрына қойылды. Сол уақытта қазақ театрларының сахнасына өлеңмен жазылған пьесалар қойыла бастады. Мысалы, Ә.Тәжібаевтың «Монологтар» және «Қыз бен Солдат» пьесалары (екеуі де ТЮЗ-да қойылған). Бұл екеуі де драматургиядағы жаңалық болды. «Қыз бен Солдат» 1971 жылғы Мәскеуге барған гастрольдік сапарында «Правда», «Комсомольская правда», «Советская культура» газеттері арқылы оң бағасын алды.
Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» психологиялық драмасы да көптеген театрларда қойылды. Мұнда драматург отанын сатқандардың шет елдегі қиын өмірі арқылы қазақ еліндегі идеологиялық жаулардың астыртын әрекетін әшкерелейді. Сатқындардың өмірін бейнелеумен автор отанды, туған жерді, тұтас кеңестік елді ардақтауды, қорғай білуді пьесаның идеясына айналдырған. Бұл пьесаның оқиғасы тарихи деректерден алынған. Автор құжаттық негізге сүйене отырып, Ұлы Отан соғысы кезінде Германияда құрылған «Түркістан легионына» қатысып, фашистер армиясында қызмет еткендердің жауыздық әрекеттерін суреттейді. Спектакльді Мәскеудің Кіші театрының режиссері М.Новохижин қойған (суретші Б.Волков). Готикалық стильдегі Мюнхен қаласының бұлыңғыр, қара көлеңке көрінісі әлемнің әр түкпірінен жиналған қара ниеттілердің ордасы екенін сездіргендей. Осындай реңсіз, суық атмосфера — сахнада өтетін оқиға мазмұнын тереңдете түседі. Жалпы «Жат елде» спектаклі автор мен театрдың табысына айналды.
Зейнолла Қабдолов, Әкім Тарази, Мұхаметқали Хасенов, Аманжол Шамкенов, Сафуан Шаймерденов, Оразбек Бодықов тәрізді драматургтер театр репертуарын замандас тақырындағы шығармалармен толықтырды. 3.Қабдоловтың «Сөнбейтін от» (реж. А.Өтегенов) спектаклінде ғылым мен тәжірибе мәселесіне байланысты бүгінгі күннің келелі әлеуметтік тартысы бейнеленген. Ә.Таразидің «Жолы болғыш жігіт» (реж. Р.Сейтметов) спектаклінде ауыл шаруашылығы өндірісінің бүгінгі талабынан туындайтын мәселе көтерілген. Аталған спектакльдердің барлығы бірдей жоғары көркемдік деңгейден көрінбегенімен қазақ театрының замандас тақырыбын меңгерудегі ізденісін көрсетті.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет