Дәріс Тақырыбы: Мұсабек Байзақұлы (1849-1932 жыл.) Мақсаты



Дата28.02.2023
өлшемі29,22 Kb.
#70437
түріӨмірбаяны

Дәріс-5.
Тақырыбы: Мұсабек Байзақұлы (1849-1932 жыл.)
Мақсаты:
1. Шығармашылық өмірбаяны.
2. Шығыстық дәстүрге тәрбие алғандығы.
3. Өмір құбылыстарына сын көзбен қарағаны.
Қаралатын мәселелер:
1.Кіріспе.
2.Шығармашылық өмірбаяны.
3.Өлеңдерінің тақырыбы.
4.Мысал жанрында жазылған өлеңдері.
Мұса Байзақов ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, әдебиетте көркем мұра қалдырған ақындардың бірі. Ел ішінде оны « Молда Мұса» деп атаған. Мұсабек ақынның өлең-жырлары, айтыс өлеңдері мен дастандары халық арасына кең тараған. Тіпті осы күннің өзінде де Шымкент, Қызылорда облыстары мен көршілес Өзбекстанның көптеген аудандарында ақынның атын, шығармаларын білмейтін кісілер сирек кездеседі. Ол өзінің көп өмірін Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейінгі дәуірде өткізіп, ескі дүниенің алуан түрлі сұрқиялықтарын да, ұлы революция арқылы қол жеткен жаңа өмірдің табыстарын да өз көзімен көрген, ескі өмірге қарғыс айтып, революция жеңістеріне үлкен қуанышпен қараған, жаңалықты түсініп сүйсіне жырлаған. Мұсабектің мұра етіп қалдырған әр салалы еңбектері баршылық.
Мұсабектің өмірі мен ақындығы жайында, әдеби мұрасы жайында сөз қозғау 1930 жылдарда-ақ басталды. Ақынның бірқатар шығармалары сол кезде-ақ газет, журнал, әдебиеттік хрестоматиялар мен жинақтар арқылы жарық көрді. Өмірі мен творчесвосы туралы мәліметтер жазылып, пікірлер айтылды. Әрине, бұлар тек совет тұсында ғана қолға алынып, ғылым ретінде қалыптаса бастаған қазақ әдебиеттану, әдебиет тарихын зерттеу жұмыстарын жүргізу ісіндегі алғашқы еңбектер ғана еді.
Мұсабек жайында жазылған мақалалар мен еңбектерде қате-кемшіліктер бола тұрса да, көп жағдайда ақынның өмірі мен ақындық өнері, өлеңдерінің көркемдігі туралы өте қажетті материалдар, орынды да құнды пікірлер бар. Жекелеген өлеңдерін бағалауда әр түрлі пікірлер айтыла тұрса да, ақынның өмірбаяны, шығармашылық жолы, ақынның өмірі сүрген дәуірі жайында дұрыс деректер мен нақтылы материалдарға сүйеніп айтылған мәлімттер берілді және бірқатар шығармалары осы еңбектер арқылы жарық көрді, ақын шығармашылығына қалың көпшіліктің, оқушы жұртшылықтың назарын аударды.
«Молда Мұса ақын,-деп жазды Мұсабек Байзақов жайында алғашқы пікір айтушы ақын Өтебай Тұрманжанов, Қазақстанның көп жеріне белгілі ақын, оның өлең, жырын білмейтін қазақ кемде-кем, ол әсіресе Орта Азия мен бұрынғы Сырдария облысына (осы күнгі Оңтүстік) даңқы жайылған үздік, ірі ақын. Молда Мұсаның «Манат қызбен айтысын», «Сырым қызбен айтысын», «Ер Шора» дастанын Сырдарияның еңбектеген баласынан еңкейген шалына дейін жақсы біледі, көп шығармаларын екінің бірі жатқа соғып жібереді, ұсақ өлеңдерін нақыл есебінде қолданды. Шынында, Молда Мұсаның қай шағырмалары болса да халық арасына көп таралған, көпшілік бұқара сүйіп оқитын болатын».
Мұсабектің ақындық өнерін әдеби мұрасын халыққа таныстыру мақсатымен көрнекті ғалым, әдебиетші М.О. Әуезов өзінің «Молда Мұса (өмірі мен ақындық қызметі жайлы)» атты еңбегінде Мұсабектің ақындық тірі таланты, бай әдеби мұрасы жайлы былай деп жазды.
«Мұса молда-кеше ғана совет тұсында (1932ж.) қайтқанымен, өзі ертеден, көп заманнан бері жазып келе жатқан ақын. Оның ақындық еңбегінің өнімді болған дәуірі: өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап, 1910 жылдарда шейін созылды...
Мұса молда өз уақытында қарағанда оқымысты адам деп саналған. Ол араб, парсы, шағатай әдебиеттерін, тарихтарын жақсы білген. Қазақ, қырғыз яки басқа Орта Азия халқының ескілігіне де қанық, жетік болған. Сондай білімі, өлең сөзі арқылы ол қай ортаға болсын араласып, сыя беретін болған. Өлең жазып, жүрген ишан, қожа, молда дегендер ұнатпайды. «Дін жолын дұрыс ұстамайды» деп олар мұны жамандап, мүйіздеп жүреді... Осы мұса қартайған күйінде де біздің заманға жетіп, еңбекші бағытын, мұарт етіп алады да, бұрынғысынан көз өзгерді. «Өзім кәрі болсам да, сөзім жас».- деп жаңа заманға жаңа сөзбен жырлар айтпақ болады. Сөйтіп отырып көп өлең жазады.
Мұсабек ақын 1930 жылдардан соң ескерусіз қалып қойды. Оның әдеби мұрасын, ғылым-зерттеу жұмысын қайта қолға алған, ақынның шығармаларын жинау, жүйеге келтіру, зерттеу ісіне бірқатар еңбек сіңірген адам- филология ғылымдарының кандидаты Ә. Оспанұлы. Оның зерттеулері арқылы Мұсабектен қалған мол мұра халық игілігіне қайта айналды. Бұрын қолға түспеген көптеген шығармаларымен толықтырылды. Сондай-ақ, ешбір негізсіз өзге біреулерге орынсыз телініп келген көрнекті шығармасы «Манат қызбен айтысы» Мұсабек ақынның төл шығармасы екендігі ғылми тұрғыдан толық дәлелденіп, ақынның шығармашылық қорына қайта қосылды. Осыдан байлсалды да салалы зертеулердің нәтижесінде Мұсабек ақын қазақ әдебиеті тарихынан өзіндік орнын ала бастады.
Мұсабек Байзақов қазіргі Шымкент облысы, Түскістан ауданына қарасты Шоқтас ауылында 1849 жылы туды. Мұсбектің арғы аталары дәулетті адамдар болған. Өз әкесі Байзақ дәулеті бар, өз айналасына байлығымен аты шыққан, ел арасында «Байзақ датқа» аталған кісі. Ата-тегі, өз әкесі заманында бай-шонжар аталғанмен, осынша дәулет пен байлықтың қызығын болашақ ақын көре алмайды. Өйткені атадан балаға мұра болып келе жатқан бақ-дәулеттің Мұсабек тұсында көзі сарқылып, іргесі сөгіліп күйреп қалады. Байзақтың дәулеті күйзеліп, кедейленген кезде өмір сүрген ақын Мұсабек жасынан-ақ қатыгез кедейлікпен жағаласып өмір кешеді, өз өмірінде жоқшылық пен кемтарлықты да аз көрмейді. Мұсабекпен көп айтысқан қаз Манаттың кейінірек:
Байзақ бұл шөгетін өліп қалған,
Ол ердің мәртебесі биік болған.
Панаң жоқ бұлт түгіл тозаң тоқтар,
Әйтеуір, құр көңілің ғой ойыңа алған, -
деп кемсіте сөйлеуі де ақынның осындай тұрмыс кемтарлығына байланысты айтылған болатын. Мұсабек жайын сөз еткен әдебиетшілердің қай-қайсысы да оның арғы атасынан келе жатқан сондай мол дәулет Мұсбектің кезінде қатты күйзеліске ұшырап сарқылғанын, ақынның өз басының жоқшылық талқысына көп түсіп, қол қысқалығының зардабын тартқандығын, «жоқшылық жомарт ердің қолын байлап» келгендігін сөз етеді.
«Молда Мұсаның, - дейді М. О. Әуезов,- ата-бабасы датқа болғанмен, бұның өзі кедей болатын. Бұның ата-мұрасы адыра қалып, ел билігі беделділік, байлықпен, ақшамен өлшенетін болып еді. Соны мойындай өскен Мұса ең алғашқы бір өлеңінде:
Бай артық болыстан да, биліктен де,
Әр істі ақша бұзар киліккенде.
Жалы бар, жабы, шобыр озып кетті,
Қазан ат жалы кеткен жүйріктен де,-
дейді.... Өзіне өмірінде бір ат, бір сиырдан артық мал бітпеген. Үнемі жарлылық, кемтарлықта жасаған ақын. Сондықтан, бір жағынан, кедейлердің өмірін көріп, олардың халін сезіп отырады».
Мұсабектің өзі де кейбір шығармаларында ата-бабасының бұрынғы байлығын еске алады. Онда өз басының кедей, жарлы да болса өнер жолында жүргендігін айтады:
Сұңқардың баласы едім мен де бұрын,
Дүние сырт айналып кетті қырын.
Бүгінде жаршы атанып, домбыра алдым,
Сыпайы жасырмайды деген сырын.
Ақын ата-бабасын еске алғаны ғана болмаса, келмеске кеткен ата дәулетіне жоқтап күңіреніп, күйзелмейді, өткеннен үмітте күтпейді, қайта, алдағы күнге, келер тұрмысқа деген сенімін жоймайды.
Мұсабек есейе бастаған алғашқы шағында ауыл молдасынан оқып, ескіше сауатын ашады. Кейінірек Қарнақ селосындағы діни мектепке түсіп, онда аз уақыт оқиды. Бірақ не себепті екені білгісіз, бұл мектепті де бітірмей тастап кетеді. Кейбіреулердің айтуына қарағанда, Мұсабек жасынан-ақ діни оқуға ұқыпсыз болған, молдалардың ауыл арасындағы көк мылжыңын ұнатпайды екен. М.О. Әуезовтың және басқалардың ол жайында пікір айтушылардың сөздеріне қарағанда, Мұсабек ер жетіп есейген, ақындық атағы танылған жылдарда да ишандармен, қажы- молдалармен келісе алмайды, олармен пікір таласына түсіп, қырғи қабақ боп жүреді.
Мұсабек діни мектепті бітірмей кеткенмен, құр қарап қалмайды. Алғырлық қабілет мол, зейінді жас өз бойындағы ақындық таланттың ұшқының аңғарады да, ақындық жолына түседі. Сонымен бірге өзінің тиіп-қашып жүріп алған азын-аулақ білімін күнделікті өмірдегі еңбек тәжрибесімен толықтырып отырады. Халықтың ауыз әдебиеті мен шығыс әдебиетінің нұсқаларын көп оқиды. Тек ана тілін ғана емес, онымен бірге араб, парсы, шағатай тілдерін, бұл елдер әдебиеттерінің үлгілерін жақсы білуі де сол ізденудің нәтижесі еді.
Мұсабек орыс әдебиетімен де белгілі дәрежеде таныс болған тәрізді. Бірақ қай кезде, қалай танысқанын және қай дәрежеде білгендігін дәл айту қиын. Дегенмен, ақын өсе келе оқу-білімінің, өнер мен ғылымның қажетілігін, өмірлік маңызын жете түсінген. Осындай жаңалықтың жаршысы болуға талаптанған.
Қымбат баға бір ғауһар ғылым деген,
Қадірлі надандарға білгенбеген.
Ғылым шамын қолына алған адам
Қараңғы, тар жолда да сүрінбеген.
Жасында оқи алмаған Мұсабек өз талабымен еңбектеніп тапқан өнер-білімінің арқасында сол кездегі саналы, білімді, ойлы адамдардың бірі боп саналады. Оның молда Мұса деп аталуы да Мұсабектің білімділігін байланысты еді. Мұсабек біліміділігіне байланысты еді. Мұсабек мешіт ұстап, дінданалық жолға түсіп, молдалық еткен емес. Қайта, ақындық өнер жолында болғаны үшін ауыл ишандары мен молда, дін басыларының оны жек көріп, оған жиренішпен қарағаны мәлім.
Мұсабекті тек кедейшілік, жоқшылық қана азаптамайды, оның өз басының күйініші, өкініші, мол трагедиясы да біраз қиыншылыққа ұшыратады. Ер жеткен шағында қаяусыз жүрегіне шоқ салып, махаббат дариясына шомылтқан ғашығы Сырым қызға қол созса да ескі заманның жексұрын әдет-ғұрпы кесірінен Мұсабек арманына жете алмайды. Сырым қыз бұрын құда түсіп, қалың малын төлеп қойған бай ауылға өзіне тең емес, егде тартқан біреуге- еріксіз ұзатылады. Қыздың өз сүйгеніне бара алмаса да , өз теңдесіне қосылмағанына ыза болған ақын:
Аулың жылды шығар Арысуға,
Жолықтың қоныстас боп Қыпшақ қуға.
Ақылың жұрттан асқан бір бала едің,
Қимаймыз жүзі бөтен жеті руға.

Тидің бе, Сырым, соған өзің сүйіп!


Дегенге соны сүйдім жүрмін күйіп.
Бір жігіт Көтеншіден таппадың ба,
Күзеген сақал-мұртын қуға тиіп?-
деп хат жазады.
Еріксіз кетіп бара жатқан мұңлы Сырымды ара түсіп, айырып алып қалуға Мұсабектің байға төлер малы болмайды, басқа ағайындары да ықылас білдіріп, ынтымақтаса қоймайды. Бұл да ақынды үлкен күйінішке салады. «Сырым қыз», «Сүйгенімді сағындым» тәрізді шығармаларында осы жайлардың сырын әшкере етеді. Ақынның «Бұдабаймен айтысы» да осы Сырым қыздың дауымен байланысты болған. Махаббат жолындағы алғашқы талабы сәтсіздікке ұшыраған Мұсабек, бір жағынан, ызаға шыдай алмай, екінші жағынан, қысылғанда қол ұшын беріп жәрдемдеспеген дүние қоңыз ағайындарына өкпелеп, туған жерден Арқаға кетіп, ол жақта бірнеше жыл жүріп қайтады. Үйленсе де әйелдері өле беріп, өмір жолы ауырлап, семьялық тұрмысы оңалмай – ақ қояды. Ақын өз өмірінің осындай ауыр да аянышты кездерін «Дегенде қойың қайда, құмда дедім», «Абылай болыстан ат сұрағаны», «Құлыншақ пен молда Мұсаның хат алысқаны», «Қасымбек болыстан ат сұрағаны», «Манат қызбен айтысы» сияқты шығармаларында ашықтан – ашық жазады:

... Молдаңыз биылғы жыл жұмысты боп,


Айтып тұр осылайша көпке жайын
Үстіне үстін – үстін түскен жүкке,
Қайысар молда түгіл, болса да піл.
Қатын өлді, азамат балам да өлді,
Сындырып балам кетті жаман белді...
Бойдақтық қартайғанда басқа түсіп,
Көңілім шартарапқа алаң болды...
Болмады отырмаққа үйде тынышым,
Бір – екі жағаласып баламенен... –
Бұрында өліп еді екі – үш қатын,
Көрмедім еш жолдастың рақатын, -

деп, өзінің басына, үй ішіне түскен қайғыны халқына айтып шағынғандай болады. Әйелі өліп, тұрмыс ауыртпалығын тартып, бойдақ жүрген шағында Мұсабек ақын Манат деген қызға хат жазады. Манат қыз жауап хатында оның кедейлігін, жоқ – жітік тұрмысын, жеке басының бақытсыздыққа ұшырауын санамалап айтып, ақынның намысына тиісе сөйлейді.


Жауыр ат, ыңыршақ ер, жыртық шапан


Көрген соң қалған біздің көңіл солып...
Панаң жоқ бұлт түгіл, тозаң тоқтар,
Әйтеуір, құр көңілің ғой ойыңа алған.

Мұсабек ақын Ұлы Октябрь социалистік революциясының тарихи жеңістерін, ғасырлар бойы халық аңсап күткен Совет өкіметін ауыр тұрмыс кешіп, үлкен күйзеліс үстінде жүргенде қарсы алады. Ескінің құрып - өшетініне, жаңаның жеңіп, әділеттіктің үстемдік құратынына, еңбек адамының күні жарқырап туғанына енді ол сеніммен қарайды. Осыдан бастап ақын жаңа заманның жартысы, насихатшысы болу жолында біраз еңбек сіңіреді.


Ұлы революциядан соңғы жылдары Совет өкіметін, коммунистік партияны, бостандық заманының ұлы жаңалықтарын ақын өлеңмен ғана жырлап қойған жоқ. Ол еңбекші халықпен бірге болып, ауыл арасында советтік әр түрлі қызметтер атқарады. Елді индустрияландыру, ауылды колхоздастыру жұмыстарына белсене араласады. Ол өзінің бізге жеткен «Жаңа заман», «Замананың түрі», «Сейілбек Үсенұлына», «Октябрьдің 14 жылдығына», «Ащысай», «Талапты жастар», «Шәуілдір», «Өзім туралы» т.б. шығармаларын жазып, Ұлы революция жеңістерін нығайту, партияның елімізде социализм орнату жолындағы саясатын, жаңа сипатты еркін еңбекті, оқып білім алуға, өнер табуға зор мүмкіндік туып, даңғыл жол ашылған заманды жырлайды, жаңа өмір талабына ісімен де, ақындық үнімен де белсене араласып, өзіндік үлес қосады.
Ақын Мұсабек Байзақов 1932 жылы ұзақ науқастан кейін қайтыс болды.
Мұсабек ақынның шығармалары, негізінде, революциядан соңғы жылдары, тек совет тұсында ғана, жиналып, бірқатары отызыншы жылдардан бастап газет, журнал, әдебиеттік хрестоматиялар мен жинақтарда жариялана бастады. Жоғарыда көрсетілген М. Әуезов, Ә. Үсенов, Ө, Тұрманжанов жазған мақалаларды, әдебиеттік хрестоматияларда кейбір өлеңдері, шығармаларынан үзінділер, бірен-саран айтыс өлеңдері жарияланды. Осы соңғы жылдары ақынның шығармаларын тек газеттерде ғана емес, әдеби жинақтарда да жарияланып, жарық көре бастады. 1963 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты мен Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасы бастырып шығарған «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары» атты жинақта ақынның «Манат қызбен айтысы», « Мұсабектің Манатқа жазған бірінші хаты», «Манаттың жауабы», «Мұсабектің жауабы» т.б. шығармалары жарияланған. Ал ақынның шығармалары өз алдына дербес жинақ ретінде әлі басылып шыға қойған жоқ.
Мұсабектің өмірі де, шығармашылығы да да, ақынның өмір жолына байланысты жоғарыда айтылғанындай, Октябрь революциясына дейінгі Октябрь революциясынан кейінгі екі кезеңге бөлінеді.
Мұсабек ақынның Октябрь революциясына дейінгі шығармалары сол заманның сыр-сипатын, шындығын белгілі дәрежеде аңғартарлықтай тақырыптарды қамтиды. Оның үстіне ақынның бұл дәуірдегі шығармалары жанрлық тұрғысынан да әр түрлі болып келеді. Ол өлең, дастандар жазған, айтыстарға қатынасқан.
Оның осы аталған еңбектері ақынның өзі өмір сүрген дәуірдің шындық сипатын, әсіресе қазақ ауылдарының бейнесін көрсетеді және заманаға, замана адамдарына деген көзқарасын біледі. Сондықтан да оның шығармаларында революцияға дейінгі өмір суреттері, замана жайлы, қоғамдық әлеуметтік теңсіздіктер, тұрпайы әдет-ғұрыптар, байлар мен әкімдердің жексұрын мінездері шындық тұрғысынан сыналып отығандығын аңғарамыз.
Бұл тақырыпта жазған шығармаларының ішінде «Есім аға», «Қайраты бұл дүниенің мал менен пұл», «Сайлау деген елге бір бүлік болды» деп аталатын өлеңдерін атауға болады.
«Есім аға» деген өлеңінде байлардың бойындағы топастықты, кесапат мінез, жексұрын әдеттерді сынайды, әкімдердің жат қылықтарын әшкерелейді. Есім тәрізді топас байлардың сәулесіз надандығын, әділеттіктен безгендігін, адамды байлық дәулетіне, атқарар қызмет дәрежесіне қарай бағалайтындығы жексұрын сұрқиялық деп танып бетіне басады. Қарапайым халықты, еңбек адамын елемей, қайта , оны езе түскісі келетін теріс мінездерін батыл да батырып айтады.
Ассалаумағалайкум, Есім аға,
Ас бердің сауын айтып несін, аға?
Астыма киіз салмай тамақ беріп,
Бар ма еді ала алмаған өшің, аға?
Бұл өлең жеке кісіге арналса да, пейлі тар барлық байлардың қылығын әшкерелейді.
Ақын ескі дүниенің қоғамдық табиғатын, әлеуметтік сырын бірқатар дәрежеде дұрыс ұғады. Сондықтан да мұндай шығармаларында ол жеке меншікке негізделген байлықтың сыр-сипатын, қоғам мүшелерінің қарым-қатынасын, байлап мен кедейлер арасындағы теңсіздікті көре білді. Өз еңбегінің қызығын көре алмай, ауыр азаппен күн кешкен еңбек адамының қоғамдағы теңсіздікдігіне, күйзелген өміріне, жалшылық тұрмысына шын жаны ашығандықпен қинала қарайды.
Қайраты бұл дүниенің мал менен пұл,
Патшадай малды кісі, кедейлер – құл.
Сұңқардай құр ағытқан бауын түтіп,
Дәулетсіз қор болды ғой қайратты ұл,-
деп, жеке байлыққа негізделген таптық қоғамның табиғатын, оның байларға, балаларға ғана қызмет етіп, еңбек адамын езгіге салғанын ашына айтса, ынсапыз замана байланының дүние қоңыздық әрекеттерін, дүние, байлық қуған замана адамдарының ар-ұяттан, адамгершілік сипаттан айрылғанын сынап, өмір бойы еңбек еткен жазықсыз жандардың қор болғанын баяндайды:
Мал керек қожаға да, төреге де,
Малсызды «опат» дейді кенегеде,
«Опат» деп, ойласаңдар, өлгенді айтар,
Қор болды кедей сорлы мұнша неге?
Қазақ даласындағы феодалдық-патриархалдық, капиталистік дүниенің осы тәрізді көріністерін өз көзімен көріп, әлеуметтік сырын ұғынған ақын замана шыңдығының бұл көріністерін де бүгіп қалғысы келмеген тәрізді. Ақынның «Сайлау деген елге бір бүлік болды» деп аталатын өлеңі терең бүкпесіз шындығы болып табылады.

Сайлау деген елге бүкіл болды,


Параланып әкімдер пұлға толды.
Іріктеп көріктісін пұлға сатып,
Пышаққа жарайтынын қырып болды, -
дегенде, ақын патшалық замандағы сайлаудың қалың ел ішіне бүлік салып, елді айтыс-тартысқа душар ететін дау-жанжалдың қайнар көзі, от-ошағы болып келгендігін ашық та ашынып айтады.
Не нарлар түсті базар жетектеліп,
Шашылды ақша көшеге етектеліп.
Елдегі бұл сайлаудың бүлігіне
Ешкім шыдас берместей төтеп келіп...
Амал құмар мырзалар қарыздар боп,
Айғырдай қамшы кесті шабандап жүр,-
деп әшкерелесе, халыққа бүлік болып, елді дүрліктіріп келетін ол заман сайлауының сыр-сипатын аша түсіп:
Сайлау елді бүлдіріп бүлік етіп,
Ата-бала, ағадан іні кетіп,
Бала қораз секілді не мырзалар
Қызыл шақа боп қалды-ау жүні кетіп,-
деп суреттейді. Өзі өмір сүрген дәуірдің сырын, заман шындығын бірқатар шығармаларында топ басып дәл көрсетуі жағынан Абайдың «Болыс болдым мінеки» деп келетін өткір де өрнекті сындарымен ұштасып жататындығын көреміз:
Пара жеп болыс қойды қалағанын,
Біртіндеп алды барып және малын.
Сайлауда көп құтырған бөрі болды,
Ортаға ап ондырмай тұр талағанын.
Мұндай өлеңдерінде қызмет пен атақ-дәрежені байлығымен пара беріп сатып алатын мансапқорлықты, халықты аяққа басып, саудаға салатын патшашыл ұлықтарды, олардың сатқындық құлықтарын аяусыз сынайды.
Ескі замандағы өмір шақтарын адамгершілік тұрғысынан қарап ұға білген ақын халықты еңбекке, оқуға, өнерге шақырады. Оқу-білімінің, өнердің, адал еңбектің пайдасын түсіндіреді. «Харакетке жаратқан адамзатты», «Ғылымсыз болып қартайсаң», «Жолаушымыз отырсақ, жатсақ тағы» т.б. өлеңдер жақсы үмітке, ізгі мақсатқа шақыратын прогресшіл ойға құралған мазмұнды шығармалар.
Ынтымақ, достық, бірлік тақырыбы, махаббат мәселесі ақын шығармаларында өзекті мәселе ретінде сөз болды. Ақынның «Сырым қызға» дейтін өлеңдері, бір жағынан, ақынның өз жүрегін жарып шыққан махаббатын, сыйласар, сырласар асыл жанға деген жүрек сезімін жеткізер сыры болса, екінші жағынан, сенім артқан адамына қосыла алмай арманда қалған адамның айықпас күйінішін де білдірді. Кертартпа сатқа қарсы айтар қарғысы да бар. Бұл қарғыс әділетсіз заманда өмір сүрген барлық жастың, өз теңіне қосыла алмай арманда өткен адамдардың қарғысы еді.
Мұсабек өлеңдеріндегі көңіл аударарлық және бір жай-ақынның табиғаты суреттеуі. Шындығында, реолюцияға дейінгі ақындардың шығармаларында табиғат суреттеу, табиғат лирикасы некен-саяқ қана кездесіп отыратын. Ал бұрынғы шығармаларында табиғат суреттері әлдеқалай кездессе, ол ертедегі шығыстың қиссашыл дәстүрімен байланысты ғана көрінетін. Оларда жанды табиғат жырлары бола бермейтін. Бұрынғы қазақ әдебиетінде табиғат лирикасын Ыбырай, Абай, Сұлтанмахмұт сияқты орыстың классикалық әдебиетінен үлгі алған санаулы ақындарда ғана кездестіретінбіз. Нағыз табиғат суреттерін із өз әдебиетімізде солардан ғана оқитынбыз. Бұл орыстың классикалық әдебиеті арқылы әдебиетімізге келген өзекті де өмірлі жаңалық болатын. Осындай жаңалықтың Мұсабек «Табиғат тамашалары» атты лирикасында әсем де әсерлі табиғи көріністерді суреттеуі ақын шығармаларының жанрлық құрамын молықтыра түссе, бұл суреттер оқырман көңілін де еліктіре түседі. Мұнда ақын табиғатын жаттанды жалаң суреттермен емес, оны өзіндік сұлу әсерлерімен, заңды құбылыстармен қабылдайды да, өмірмен, қоғам қажеттерімен байланыстырып бейнелейді.
Мұсабек ақын шығармашылығында айрықша көзге түсетін соны жанр-оның мысал өлеңдері. Мұсабек- мысал өлеңдері жазуға машықтанған, ысылған ақын. Өйткені оның мысалдары кездейсоқ құмарлықтан, жай ғана құрғақ еліктеуден тумағандығы аңғарылады. Ақын мысалдарынан кейде ұлы орыс әдебиетінің мысал дәстүрінің, әсіресе мысал өлеңінің асқан шебері И.А. Крылов мысалдарының әсері көрініп тұр. Мұсабектің ақындық іздену, үлгі алып үйрену жолында халық ауыз әдебиетінен, Шығыс ақындарынан ғана емес орыстың классикалық әдебиетінен үлгі , өнеге алуға тырысқандығы байқалады. М. Байзақовтың мысал өлеңдерінің қай – қайсысы да оқырманды ойландырарлық қызықты сюжетке, ойға, мазмұнға құралады. Өмір шындығын, қоғам өмірін мысал арқылы сөз етеді, өмірдегі, қоғамдағы жамандықтан сақтандырар ақыл кеңес беріп отырады. Мұнда ақын өмірде қолайсыз, адамға пайдасыз теріс жайларды, адам мінезіндегі жағымсыз элементтерді сынап, оқушыға ой салар, дұрыс жол, тура жөн сілтер қорытындылар ұсынып отырады.
Мұсабек ақынның «Тышқан мен түйе», «Жолбарыс пен түлкі», « Адам мен аюдың достығы», «Түзу терек», « «Ағаш пен маймыл», «Семірген есек» деп аталатын мысалдарында адамдық пен арамдық, әділет пен зұлымдық қатар алынып, біріне-бірі қарсы қойылуы арқылы адамгершілік, шынайы әділдік, еңбек мәселесі насихатталады.«Тышқан мен түйе» деп аталатын мысалда әшейінде қолынан ештеңе келмейтін мүсәпір тышқанның шама – шарқынан тыс өзін әлемнің қайратттыс етіп көрсеткісі келіп мақтанғанын, бірақ арықтығы ағын суға кездесіп қалып, судан өте алмаған бишаралық халін сөз етеді. Оқып отырғанда И.А. Крылов мысалындағы алып пілге үріп, босқа күлкі болған қанден итті еске түсіреді. Мұндағы тышқанда сол тәрізді.
Көрінген қарағайдай қалың жусан,
Қылармын бәріңді опат біраз тұрсам.
Жолбарыс, ырылдаған қабылан, бөрі,
Шықпайды неге атың мендей тусаң ?, -
деп мақтанған тышқан кішкене судан өте алмай, мүсәпірлік басына түскенде :
Тақсыр – ау, сіз бір ұлық, біз бір нашар,
Кей жаман ед білмейтін судай тасар.
Сен түскенде тізеден келген судың
Мен түскенде тізеден жүз кез асар, -
деп, ақырында өзінің мүшкіл халін мойындайды. Осындағы тышқан арқылы қайратсыз, өнерсіз, мақтаншыл мінезді ,кейбір адамдар бойындағы жағымсыз әдеттерді сынайды да :
Парқы бар жақсының да, жаманның да,
Белгілі қас жаманның әлі сондай.
Жамандап біреуді алдап, өзі алданып,
Жүреді ісі шаппай, сірә, оңға – ай, -
деп қорытынды жасайды.
«Жолбарыс пен түлкіде» тамам тоғайды бір өзі билеп, бар аңды зорлап көндіріп, өзін патшаға балап жүргенде, қысымға түскен хайуандардың жұмсауымен барған қу түлкі жолбарысты алдап орға жығады. Мұнда, бір жағынан, зорлықшыл озбырлықтың бұқараны өзіне қарсы қойып алғанын айтып, оларды масқараласа, түлкі арқылы құрдай жорғалайтын жағымпаз пен опазыздарды өлтіре сынайды. «Семірген есек» деген мысалында есектің даңқой, ақымақтығын көрсетіп, ойсыздықтың, даңқойлықтың, мақтаншақтықтың зияндылығын айтады. Күш көлік ретінде жұмсаған есегін есіркеп, семірту үшін бір өзін бір тоғайға бос жібереді. Жыртқыштар тимесін деп есегін жолбарыс терісімен қаптап қояды. Есекті сыртынан шын жолбарыс екен деп ойлап жыртқыш аңдар жоламайды. Ал еркін жайылып, әбден семірген есектің көңілі өсіп, бұрынғы қасіреттің бәрін де есінен шығарады. Достарын тыңдамай ақырып жібереді. Сөйтіп, даңқойлықпен сырын әшкерлеп алған есекті енді басқа аңдар даусынан біліп қалады да, оны тоғайдан қуып шығады. Аз күнгі семіздікті көтере алмаған даңқой есек бұрынғы азабын қайта арқалайды. Ақын есектің осы оғаш қылығын адамдардың мінезімен, ісімен байланыстырады. Адамды сондай есер даңқойлықтан, адамгершілікке жат оғаш қылықтардан аулақ болуға, ақылмен ойлап іс істеуге шақырады.
Артылса нас адамның мәртебесі,
Есектей едірейіп шығады есі.
Өзіне ақырғаны пәле болды,
Құланның қасындағы кетті несі?!

Тарыдай тәкаппарлық болса кімде,


Иман жоқ мақшар күні ол кісіде.
Не пайда адырайып қара тастан,
Жатса да гауһар артық су түбінде, -
деп, адамды қарапайымдылыққа үйретіп, паңдық, даңқойлықтың зияндылығы түсіндіреді. Ойланып ақыл – кеңеспен істелген үлгілі істердің пайдасын айтады. Адам даңқы – ақылдылық , кісі көркі кішіпейілділік дейді ақын. Осы тәрізді шектен тыс жеңілтектік, ұшқалақтық, отқа түсірер оспадар мінезді ақын « Ағаш пен маймыл» атты мысалында да біраз сынға алады.
Аузын бақпай кей адам сөз есітер,
Ағаш қысқан маймылдың құйрығындай...
Бір жігіттің пайдасы тиер досқа ,
Тастай алмай кей таяқ түсер басқа.
Екі адамның қысылып арасына,
Сөгіс алар кей надан құр – босқа
Мұсабектің мысал өлеңдерінің өзін екі салаға бөліп қарауға болады. Өйткені ақын бір мысалдарында қоғам ішінде, адам өмірі мен оның жеке басында кездесетін олқылықтарды мысалдап бейнелей көрсету арқылы сынап, адамгершілік, әділет тұрғысынан ғибрат айтып отырады. Ал бір топ мысалдарында ақын айтайын деген ойын ешқандай астарсыз – ақ адамның іс - әрекетін, қарым қатынасын суреттеу арқылы шындықты анық айтып отырады. Еңбексіздікті, зұлым қас көйлікті сынай отырып, достық, жолдастықты, ұйымшылдық, бірлікті, адамның адамға қайырымдылығын, адал еңбекті сөз етеді. Демек, ақынның бұл саладағы мысалдарының да эстетикалық басты идиясы адамгершілік пен әділеттілік жайлы болып келеді.
« Қайырымды қыз бен қайыршы» атты мысалды, бір жағынан, шетке шыққан сараңдық пен дүниеқор байды сынаса, екінші жағынан, адамның адамға етер қайырымдылығын, ізгі тілекпен игілікті істерге бастайтын адамгершілік ілтипатты насихаттайды. Адамға мейірімі жоқ сараң бай жоқ – жітікке, мүсәпір қайыршыға қайыр – садақа ұсынып, мейірбандық пейіл, адал жүрек көрсеткені үшін өз қызының да оң қолын кесіп тастайды. Бірақ осы қатыгездік пен сараңдық бай дәулетін сақтай алмайды. Дәулеті сарқылып, қорлықпен өлген байдың артында қызы ғана қалады. Мүгедек қыз тұрмыс ауыртпалығын көрсе де мұрат – мақсатына жетеді. Сөйтіп, жоқ – жітікке көмектесіп өскен қыздың жақсылығы босқа кетпейді, өз басына қиындық түскенде мейірімді адамдар оған көмектеседі, қамқорлық көрсетеді. Бұнда ақынның мақсаты – адамға адамның қайырымдылығын, адам – адам үшін деген принципті айту.
Ақынның «Түзу терек», «Адалдық пен арамдық» деп аталатын мысалдарында да ой туғызарлық, ғибрат аларлық мазмұн бар. « Түзу теректе» қайырымды да қамқор ана мәпелеп, күтіп өсірген түзу де әдемі зәулім теректің асқан көріктілігіне көзі түскенше патша оны өсірген кемпір – ананың қарсылығына қарамастан, алтын төлеп кесіп алады. Оны алтынмен қаптатып сарайға қояды. Оған барлық жан қызыға, құмарта қарайды. Түзулігінен, әсем көріктігінен ләззат алады. Оны баптап, осынша көркем де зәулім етіп өсірген ананың мейірбандылығына сүйсінеді, одан басқалар үлгі, өнеге алады. Бұған қоса ақынның айтпағы теректің сұлулығына ғана емес, осы бір зәулім биік және түзу өскен арқылы адам жанының сұлулығына: әділеттік пен ар-ұятты кіршіктей тазалығын, ниеттің қашан да ақ, адал болуын, пікірдің мұқият түзу болуын аңсаған ақын:
Тура жүрсек азбаймыз сіз бенен біз
Жақсы болмас еш қыңыр басылған із.
Бір алып туралықтан жүрер мыңға,
Қыңырлық не шығады болса да жүз,- дейді.
«Адалдық пен арамдықты» да адалдық, әділет жолын табуға жөн сілтейді. Ұрлық, зорлық, қиянтапен тапқан мал мен байлықтың орға жығатындығын, ал адал еңбек, әділет жолының бақытқа жеткізетін жол екенін баяндайды. Осындағы ұрлық жолынан түсіп азапқа ұрланған қарақшы Қайболла мен адал кәсіп іздеген еңбек иесі момын Қойбақтың өмірін салыстыра отырып, ізгі іске, баянды еңбекке шақырады:
Үлгі алдық мысал үшін кәсіптерді
Әркімге әр түрлі нәсіп берді.
Істер деп адал кәсіп үмітім бар,
Арамды адал менен есіткенді.
Мұсабек орыс әдебиетінен, мысал жазуда, әсіресе И. А. Крыловтан, белгілі дәрежеде үйренгендігін жоғарыда айттық. Кейбір деректерге қарағанда, ақын олардан үйреніп, өнеге алумен бірге бірқатар үлгілерін де өз еркімен аударған. Алайда, ақынның аударманы қай дәрежеде қаншалықты меңгергендігін қандай шығармаларды қалай аударғандығын жөнінде нақтылы дәлелдер әзірге жоқ. Біздің білетініміз- Крыловтың «Аю мен адам достығы» деп аталатын мысалы. Мұның өзін де аударма демей, Крылов мысалының желісімен жазылған туынды деп қараған дұрыс. Мұсабек мысалдары да даңқой, маңсапғойлықтан, еңбексіз, дауықпалықтан, өтірік-өсектен, қулық-сұмдықтан, әзәзілшіл опасыздықтан аулақ шақырады дедік. Осы мысалында де шынайы адамгершілікпен әділет жолындағы жақсылық атаулының парасатты жақтаушысы болуға үндейтіндігін көреміз. Жоғары аталған «Тышқан мен түйе», «Жолбарыс пен түлкі», «Семірген есек», «Ағаш пен маймыл», «Қайырымды қыз бен қайыршы», «Түзу терек», «Адалдық пен арамдық» сияқты мысалдарының қай-қайсысы да ақынның түзу жол, адал ниет, ізгі іс сияқты адамгершілік қасиеттерді жоғары көтеретіндігін байқаймыз.
Пысықтау сұрақтар:
1.Өлеңдерінде заман суреттерін бейнелуі
2.Мысал жанрында жазған өлеңдері
3.Туған халқына қызмет етуді басты нысана тұтқаны
Әдебиеттер:
1.ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті. – Алматы; Ғылым, 1994 жыл.
2.Қазақ әдеби сынының тарихы. Кәкішев Т.- Алматы; Санат, 1994 жыл.
3.Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. – Алматы; Санат, 1994 жыл.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет