Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады


ХҮІІІ әулет кезіндегі Египет әскери державасы



бет11/92
Дата08.09.2022
өлшемі442.2 Kb.
#38696
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   92
ХҮІІІ әулет кезіндегі Египет әскери державасы

Ел өмірінің барлық салаларына үлкен ықпал еткен Жаңа патшалық дәуірі патшаларының жаулаушылық саясатының алғы шарттары қандай еді? Мұны түсіну үшін египеттіктердің шет жерлік басқыншыларға, яғни гиксостарға қарсы азаттық күресіне тоқталуымыз қажет. Күшті жаумен күрес әскердің саны мен қуатын барынша арттыруды қажет етті. Жаңа патшалық дәуірінде кәмелет жасына толған 100 жас жігіттің 10-ы жауынгерлер қатарына алынды, ал Орта патшалық дәуірінде 100-дің бірі ғана жауынгер болған еді. Египет әскері санының күрт өсуі азаттық күресі кезінде іске асты. Жағдай сондай-ақ елдің бірлігін нығайтуды, орталық өкіметті барынша күшейтуді, елдің барлық материалдық және адам ресурстарын жаумен күресуге жұмылдыруды қажет етті. ХҮІІ әулеттің соңғы перғауыны Камес тұсында осы бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Алайда Фива патшасының гиксостармен күресінің ең бір шешуші сәтінде Египет шонжарларының ең ықпалды бөліктері патшаның шетжерліктерді елден қуып шығып, елді біріктіру жолындағы күресіне қолдау көрсетуден бас тартты. Мемлекеттің ең жоғарғы билеушілері патшаға оның “азиаттарды жазалау” туралы тілегін қолдамайтындығын айтты, олардың жағдайы онсыз да жақсы екендігін, олардың меншігінде ең жақсы егістік жерлер мен жайылымдар бар екендігін жеткізген еді, олардың пікірі бойынша гиксос билігі тек сөз жүзінде ғана, іс жүзінде Египетті өздері, яғни ақсүйектер билеп отырды. Бекзадалар гиксостарға тек егер олар өздерінің мүдделерін орындамаған жағдайда ғана қарсы шығатындығын айтты. Ашуға булыққан перғауын бекзадалардың көмегінсіз-ақ гиксостарға қарсы күрес бастады. Енді ғана қалыптасып жатқан жаңа Египет мемлекетінің шенеуніктері мен бекзадалары әлі де болса өз номдарымен тығыз байланысты болды, олардың көпшілігі жаңа, Фивалық патшаларға жақында ғана бағынған еді. Орта патшалықтың аса қуатты номархтарының ұрпақтары орталық өкіметтің шектен тыс күшеюін қаламады. ХҮІІ әулеттің аяғы мен ХҮІІІ әулеттің басындағы дәуірден жеткен деректер жергілікті шонжарлар Фива патшаларының гиксостарды қуып шығып, елді біріктіру жолындағы күресіне көмектеспегені былай тұрсын, бірде Оңтүстікте, бірде Солтүстікте бүліктер шығара отырып оған көптеген кедергілер жасағандығын да көрсетеді. Осындай жағдайда Египет патшаларының басты тірегі шайқастарда нығая бастаған әскер болды. Әскердің негізгі бөлігін Египет қоғамының еңбекші халқының арасынан шыққандар құрады. Сондай-ақ жаңа Египет патшаларының елдегі өз билігін мемлекеттік басқарудың әр түрлі салаларына оппозициялық көңіл-күйдегі ескі шонжарлардың орнына төменгі топтардан шыққан адамдарды тарту жолымен нығайтуға тырысуы байқалады.


Сөйтіп, ХҮІІ әулеттің аяғы мен ХҮІІІ әулеттің басындағы патшалар орталықтандыру саясатын іске асыруда жаңа топтарға – жауынгерлер мен әкімшілік ісін жүргізушілерге сүйенді, әрине бұл кісілер өздерінің жаңа жағдайына сәйкес, тек қызметіне байланысты әлеуметтік және мүліктік жағынан қамтамасыз етіліп отырды. Бірте-бірте патшалар елдің материалдық ресурстарын ескі шонжарлардың қолынан алып, осы жаңа қызмет адамдарына үлестіріп бере бастады. Алайда жаңа патшалық жағдайында елдің өз ішіндегі жерді, жұмыс күштері мен дүние-мүлікті қайта бөліске салу жеткіліксіз болды, сондықтан да Египет материалдық және адам ресурстарын үнемі сырттан алып тұруы қажет болды. Өзінің ішкі жағдайын нығайтып алған Египет патшаларының мүдделері олардың тірегіне айналған қызмет адамдарының жаңа тобының мүдделерімен сәйкес келді. ХҮІІІ әулет билігінің ең басынан басталған фивалық патшалардың гиксостарға қарсы азаттық күресі, гиксостарды елден қуып шыққаннан кейін жаулап алу соғысына ұласты. Ондаған жылдар бойы бұл соғыс Алдыңғы Азия территориясында, сондай-ақ, қиыр оңтүстікте, Нубияда жүреді. Бұл жорықтардың мақсаты – жауланып алынған елдерді тонау болды.
Б.з.д. ХҮІ ғ. басы жаңа Фивалық әулет басқарған Египеттің ең бір өрлеп тұрған шағы болды. Жаңа патшалықтың ең алғашқы патшасы – І Яхмес (Амасис) өзінің ізашарлары бастаған гиксостарға қарсы күресті табысты түрде аяқтап, гиксостардың астанасы – Аваристі алды. Шегініп бара жатқан жауды қуа отырып египеттіктер Оңтүстік Палестинаға басып кірді, үш жылға созылған қоршаудан кейін, гиксостардың соңғы тірегі – Шарухен қаласы алынды. Бұдан кейін бүкіл елді басып өте отырып, Яхмес оңтүстікке қарай, Солтүстік Эфиопияға (Нубия) жүзіп кетті, сол жерде өзіне әлі бағынбаған куш тайпаларын бағындырды.
Жаулап алу жорықтарының әсіресе кеңінен жүргізілуі І Тутмосис патша есімімен байланысты болды. Өзінің алдындағы патшалар сияқты І Тутмосис әлі де толық бағынбаған Эфиопияға аттанды. Жеңіске жеткен патша ары қарай, оңтүстікке жүре отырып, ІІІ Ніл шоңғалына жетеді, Египет әскерлері бұл жерге ең алғаш рет жеткен еді. Осы жердегі Томбос аралында бекініс салынып, күшті әскери горнизон орналастырылады. Оңтүстік бағындырылғаннан кейін Египет әскерлері солтүстікке, Алдыңғы Азияға ұмтылып, Палестина мен Сирияның ұсақ князьдіктерін тонайды. Тутмосис әскерлері Евфраттағы Нахрайна қаласына жетеді. Нілден өзгеше, солтүстіктен оңтүстікке қарай ағатын өзенді бірінші рет көрген египеттіктер таң-тамаша қалады, бұл жағдай өзеннің египет тіліндегі атауының, яғни Евфрат - “Кері ағатын өзен” атауының қалыптасуына алып келді.
Жаңа патшалықтың белсенді жаугершілік саясатымен аты шыққан келесі патшасы ІІІ Тутмосис болды. Оның әскери жорықтары үзіліссіз 20 жылға созылған екен.
Таққа отырған алғашқы күні-ақ ол өз әскерімен жорыққа аттанады. 10 күннен кейін Оңтүстік Палестинадағы Газа қаласына келіп кіреді, ертеңіне Алдыңғы Азияға тереңдеп ену үшін жорығын жалғыстырады. Египеттіктердің бұл жерден түсірген олжасын жылнамашы тәкпіштеп көрсетеді: 340 тұтқын, 2041 жылқы, 191 құлын, мыңдаған қой, үлкен көлемде астық және т.т.
Осылайша жыл сайын, 20 жыл бойы көршілерінің егіні піскенде ІІІ Тутмосис Алдыңғы Азияға жорыққа аттанып, Сирияның жаңа қалаларын басып алып отырды. ІІІ Тутмосистың Азияға жорықтарының ең солтүстік шекарасы Месопотияның, Кіші Азия мен Сирияның түйіскен жеріндегі – Каркемиш қаласы стратегиялық жағынан маңызды аудан болды.
Оңтүстікте, Нубияда ІІІ Тутмосистің иеліктері ІҮ Ніл шоңғалына дейін созылды. Египет қуатты әлемдік державаға айналды, оның территориясы солтүстіктен оңтүстікке 3500 км созылды. ІІІ Тутмосис патшалық құруының 54 жылында қайтыс болды. Таққа оның ұлы ІІ Аменхетеп отырды. Ол да әкесі сияқты өз билік құру жылдарын жорықтарда өткізді. Ол Алдыңғы Азияға жасаған бір жазалаушы жорығынан кейін жүз мыңнан аса тұтқындар айдап әкеледі. Оның ұлы ІҮ Тутмосис те бірнеше рет Азияға жорық ұйымдастырып, Эфиопияда орын алған бүлікті басады. ІІ Аменхетеп пен ІҮ Тутмостің жазалаушы жорықтары Алдыңғы Азия князьдерінің қарсылығын біржолата тыйды. Египеттің құдіреттілігін оған тәуелсіз елдер де: касситтік Вавилония, Хетт патшалығы мен Ашшур қаласы да мойындады.
ІІІ Аменхетептің патшалық құру кезеңі кең көлемде жүргізілген алып құрылыстарымен белгілі болды. Фивада Амон-Ра құдайының құрметіне алып храм салынды, Нілдің батыс жағалауына патшаның қала сыртындағы тұрағы – сәулетті де кең сарай, ал одан солтүстікке қарай – патшаның о дүниелік храмы, оның алдына перғауынның екі алып мүсіндері қойылды. ІІІ Аменхетептің осылайша ауқымды құрылыс ісін жүргізуіне мүмкіндік берген, Египетке басып алынған елдерден түсіп жатқан өлшеусіз байлық еді. Осы кезде Египет өз күш-қуатының ең шарықтау шегіне жетіп тұрды. Алайда мемлекеттің ішкі тұрақтылығы, орнықтылығы билеуші тап ішіндегі екі қуатты топтың өзара күресімен бірте-бірте шайқала бастады. Бір жағынан астаналық және жергілікті, номдық шонжарлардың мүддесі және екінші жағынан жаңа әлеуметтік топтың және оның ортасынан шыққан жаңа қызмет шонжарларының мүддесі барған сайын қайшылықты бола түсті. Ашық түрдегі күрес пісіп-жетіліп, ақырында Эхнатонның діни реформасына ұласты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   92




©emirsaba.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет