Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет19/92
Дата08.09.2022
өлшемі442.2 Kb.
#38696
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   92
2. Саяси тарихы
ІІІ Ур әулеті құлағаннан кейін бүкіл дерлік Қосөзенді біріктірген алып орталықтандырылған мемлекет ыдырап, оның әкімшілік аппараты талқандалды. Ур елдің орталығы ролінен айырылып қалды, бұл орынға бірқатар ежелгі және жаңа қалалар таласа бастады.
Көне Вавилон дәуіріндегі Месопотамияның саяси дамуының басты сипатты белгісі тайпалар мен тайпа бірлестіктері арасындағы күрес болды. Батыс семит тайпалары Қосөзенге ежелден-ақ ене бастаған болатын. Олар Месопотамияда шумерлермен қатар қоныстанып, бірте-бірте жергілікті халықты ассимиляциялап, жұтып қойып отырды. Бұл процесс баяу, көп жағдайда бейбіт жолмен жүрген болуы керек. Сонымен бірге келімсектер өте күшті шумер мәдениетінің ықпалына түсіп қана қойған жоқ, бұған қоса, олар бірте-бірте бұл мәдениетті өз дәстүрлері ретінде қабылдап, оны ары қарай дамытып, жалғастыруға тырысып отырды. Көне вавилон дәуіріне қарай Месопотамиядағы тікелей шумер халқының үлес салмағы (этникалық жағынан) көп болмаған тәрізді, бірақ шумер тілі, шумерлік шаруашылық, саяси және мәдени дәстүрлер айтарлықтай дәрежеде саналы түрде қорғалып, қолдау көрсетіліп отырылды. Шумер тілі бұл уақытта күнделікті өмірде іс жүзінде қолданылған жоқ, оны толықтай шартты түрде аккад тілі деп аталатын шығыс семит тілінің бірі ауыстырған болатын. Алайда іскерлік жазбалардың айтарлықтай бөлігі, әсіресе елдің оңтүстігінде әлі де шумер тілінде жазылды немесе шумер және аккад тілдері аралас қолданылды.
Месопотамия халқының негізгі бұқарасын әр түрлі семит тілді тайпалардың өкілдері құрды. Көне Вавилон дәуіріне тән саяси құрылым орталығы қала болған тайпа немесе тайпа бірлестігі болды. Осындай саяси құрылым қала-мемлекетке ұқсас болды. Тайпа орталықтары, әдетте, саяси өмірде бұрыннан қалыптасқан дәстүрі жоқ кіші-гірім қалалар болған. Осындай қалалардың бірқатары жергілікті әулеттердің орталығына айнала отырып, дәл осы Көневавилон дәуірінде Месопотамияның саяси аренасына шыққан еді, керісінше кезінде шумер қала-мемлекеттерінің орталығы болған ескі қалалар бұл кезде ешқандай саяси роль атқармады.
Б.з.д. 1900-1850 жж. Месопотамияда аморей әулеттері басқарған бірқатар мемлекеттер қалыптасты. Бұл әулеттердің саяси мұраты ІІІ Ур әулеті мемлекеті болды және олар өздерін оның заңды мұрагері ретінде көрсетуге тырысып, Ур патшаларының титулдарын қабылдап отырды. Іс жүзінде мұндай билеушілердің билігі әлсіз болды және олар тәуелсіздігін күшейіп шыққан көршісі басып алғанға дейін ғана сақтап отырды. Осындай өзара қырқыс соғыстардың барысында кейбір аморей әулеттері құлдырап, олардың патшалары қайтадан тайпа көсемі дәрежесіне түсіп қалып отырды, ал кейбіреуі керісінше, көтеріліп, Месопотамия территориясының көп бөлігін өз билігіне қаратты. Көневавилон дәуіріндегі Месопотамияның айтарлықтай маңызды мемлекеттік құрылымдарының орталықтары – Иссин, Урук, Эшнунна, Мари, Ларса, Вавилон болды. Солтүстік Месопотамияда аморей көсемі Илахкабкабухудың ұлы І Шамши-Адад (1813-1781) солтүстікте Ашшурды, оңтүстікте орта Евфратта орналасқан Мариді біріктірген мемлекет құрады. Ол өз ұлдарының көмегімен ескі номдық мекемелерді жойып, олардың орнына өзіндік бір әскери округтар құру арқылы орталықтандырылған мемлекет қалыптастыруға тырысты. І Шамши-Адад өз билігінде тек дөрекі күшке ғана сүйеніп, елшілік пен үгіт-насихатты билік тәсілдері ретінде мойындамады. Мұның өзі оның негізгі қателігі болған еді, сондықтан да Шамши-Ададтың державасы оның негізін қалаушының өмір сүру уақытымен ғана шектелді.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   92




©emirsaba.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет