Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет5/92
Дата08.09.2022
өлшемі442.2 Kb.
#38696
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92

2. Ерте патшалық

Ерте патшалық – бұл Египетте І және ІІ манефон әулеттері билік құрған уақыт, ол б.з.д. 3000-2800 жж. арасындағы әулеттік Египеттің екі жүз жылдық дәуірі.


Манефон Египетті біріктіруші әулеттің негізін салған Менес (Мина) атты патша болған деп санайды. Алғашқы екі әулеттің патшалары Жоғарғы Египеттің орта бөлігінде орналасқан Тинис номынан шықты. Абидос қаласының маңынан қазба жұмыстары кезінде ерте патшалық дәуірінің патшалары – Джер, Семерхет, Кааның және т.б. молалары табылды. Бұл патшалардың есімдерінің құрамында Ерте патшалық патшаларының қамқоршысы болған қыран бейнесіндегі – Хор құдайы аталған.
Ол кездегі қоғамның өндіргіш күштерінің деңгейі туралы бізге ерте әулеттің обаларынан молынан табылған өндіріс құралдары көп мәлімет береді. Бұл ең алдымен, мыстан жасалған құралдар – жалпақ балталар, пышақтар, шанышқы-найзалар, балық аулайтын ілмектер, айырлар, кетпеннің бастары, жауынгерлік балталар, қанжарлар, әр түрлі формадағы ыдыстар. Құрылыста негізінен күйдірілмеген кірпіш, ағаш пайдаланылды, тасты пайдалану әлі де шектеулі болды.
Сонымен Ерте патшалық дәуіріндегі Египет мыс-тас ғасырында өмір сүрді. Елдің ирригациялық жүйесі қалыптасып, үнемі жетілдіріліп отырған еді, мұның өзі Ніл аңғарының табиғат жағдайының артықшылықтарын пайдануға мүмкіндік туғызды. Осының бәрі өте төменгі техникалық деңгейге қарамастан еңбек өнімділігінің барынша өсуіне ықпал етті. Әсірсе егіншілікте, қосымша өнім пайда болды, ал ол мүліктік жіктеліске алып келетін негізгі шарт еді.
Елдің тез қарқынмен дамуына, сондай-ақ египеттіктердің өздеріне барлық қажеттіні аңғардың өзінен немесе оған жақын жерлерден табуы ықпал етті. Барлық жерлерде тастардың әр түрлі жыныстары, соның ішінде өңдеуге жеңіл, жұмсақ ізбесті тас та молынан болды. Папирус тоғайлары да шикізаттың сарқылмас бір көзі болды. Папирустан египеттіктер өзіндік бір "қағаз" жасап, сондай-ақ оны балық аулау үшін қажет кішкентай қайықтар жасауда пайдаланды. Ал папирустың жас өскіндері тамақ ретінде пайдаланылды. Ніл балыққа аса бай болды, сондықтан да балық египеттіктердің негізгі қорегі болды. Бұған қоса егіншілікпен және мал шаруашылығымен кеңінен айналысты.
Ерте патшалық дәуірінде егістіктер мен жайылымдарды, жүзімдіктер мен бау-бақшаларды, азық-түлік басқармасын, қолөнер шеберханалары мен кеме жасайтын орындарды қамтыған көп салалы патшалық шаруашылық болғаны белгілі. І және ІІ әулеттердің патша шаруашылықтарының көріністері бізге тек патша мазарларынан ғана емес, сондай-ақ сол кездегі бекзадалар мен көптеген ұсақ шенеуніктердің мазарларынан да белгілі. Патша шаруашылығымен қатар патшалық емес те шаруашылықтар болған деп болжауға болады. Бірақ олар туралы мәліметтер жоқтың қасы. Алайда ол кездер үшін аса бай болып саналатын шонжарлардың мазарларына қарап номдардан шыққан бұл шонжарлар әжептеуір экономикалық дербестікпен иеленгендігін және әлі де болса айтарлықтай мұралық шаруашылығын сақтағанын байқауға болады. Патша шаруашылығында және шонжарлар шаруашылығында жұмыс істеген адамдар, оларды қанау тәсілдері жөнінде мәліметтер тіпті жоқ. Мазарларды зерттеу қоғамдық дамудың осы бір ең ерте кезеңінің өзінде Египетте терең мүліктік жіктеліс болғандығы жөнінде қорытынды жасауға мүмкіндік береді: шонжарлардың бай мазарларымен бірге Египеттің әкімшілік және шаруашылық аппаратында белгілі бір орын алған адамдардың анағұрлым қарапайым мазарлары орналасқан, Египет қоғамының ең төменгі топтарының өте кедей мазарлары да табылған – бұлар шөл даланың шетіндегі терең емес, кішкентай ғана шұңқырлар.
Алғашқы екі әулеттің патшалары Ливияның малшы тайпалармен үнемі күрес жүргізіп отырғаны деректерден белгілі. Ондағы мақсат – ливиялықтардың малдарын айдап әкету және тұтқындар түсіру болған тәрізді. Египет әскерлері сондай-ақ, Синай тауындағы мыс кендерін Алдыңғы Азияның малшы тайпаларының шапқыншылықтарынан қорғап отырған. Египеттіктер сонымен бірге, Нілдің алғашқы шоңғалдарынан өтіп, Нубия жеріне ене бастайды. Алайда Төменгі Египетте әскери қақтығыстар жиі-жиі орын алып тұрған: бағынғысы келмеген Солтүстікпен (Төменгі Египет) күрес ІІ әулеттің аяғына дейін жалғасады. Төменгі Египеттің шоңғалында, оның Жоғарғы Египетпен байланысқан жерінде пайда болған қала - "Ақ дуалдың" (Мемфис) негізін қалаған Менес болуы керек. Бұл қала Оңтүстіктің Атырауға үстемдігінің тірегі болған қамал ролін атқарды. Солтүстіктегі өзара қырқыс соғыстар ІІ-әулет патшасы Хасехемуи тұсында Оңтүстіктің біржолата жеңуімен аяқталды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92




©emirsaba.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет