Әлеуметтік желілер арқылы жастарды кітап оқуға баулу



Дата07.01.2022
өлшемі16,47 Kb.
#20982

ИНеУ жоғары колледжі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Қаниева Д.А.
Әлеуметтік желілер арқылы жастарды кітап оқуға баулу
Тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдермен терезесін тең ететін күш – білім және білімді ұрпақ.

      Білімді ұрпақ – егеменді елдің берік тірегі. Білімді тұлға санатына рухани жан-дүниесі бай, білім мен біліктілігі жоғары, талап-талғамы терең, салауатты өмір салтын дұрыс қалыптастырған азаматтар жатады. Түбегейлі өзгерістерге бет бұрған жаңа қоғамда жеке тұлғалар білімдар болуымен қатар адамгершілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, отансүйгіштік сияқты ізгі қасиеттерді де бойына сіңіре білуі керек. Қазіргі таңда жастардың ой өрісін, жақсы қасиеттерін дамытуда кітап оқу ерекше орын алады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «...Адамзат үшін ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру, – бүгінгі жас ұрпақ, сіздердің еншілеріңіз... Ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» – деп айтқаны оқытушыларды ойландыратыны анық. Ендеше, технология дамыған заманда мұғалімдер жастарды кітап оқуға қалай баули алады? Байыптап көрелік.

Қазіргі қоғам – жаңа ақпараттық технологиялар қоғамы. XXI ғасырдың бұл ағымы қоғамды дамудың жаңа дәрежесіне жеткізді. Интернет жастардың ұдайы қолданатын құралдардың біріне айналды. Ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс-әрекеттер көбіне виртуалды әлемде жүзеге асатын болды. "Facebook", «Instagram», "Вконтакте", «TiK-tok» сияқты әлеуметтік желілер арқылы ақпарат алмасып жатады. Осы желілерді өз қажетімізге жаратсақ, көздеген мақсатымызға жетер едік. Кітаптағы көлемді шығармаларды интернет арқылы оқыту мәселесін қарастырып көрейік.

Жастарды өз бетінше кітап оқуға ынталандыру үшін, ең алдымен, қолданылатын әдіс-тәсілдер қызықты болуы қажет. Әлеуметтік желілердің аясында оқыған шығармалар бойынша «Ең үздік пост», «Онлайн- сұхбат», «Онлайн пікір-талас», «Креативті ой-пікір», «Ең үздік ой-пікір» сияқты түрлі форматтағы шаралар ұйымдастыру керек.

Кез келген шығарманы білім алушыларға алдын ала оқуға тапсырма беріледі. Инстаграмм желісінде оқытушы оқырман парақшасын ашып, білім алушыларды тіркейді. Парақшада белгілі бір шығарма бойынша «Ең креативті оқырман» байқауын ұйымдастырады. Байқаудың шартымен таныстыра отырып, әр түрлі форматта (ролик, суреттер панорамасы, бейнефильм, пост, т.б.) креативті ой-пікір дайындауды ұсынады. Ең үздік кретивті жұмыс лайк, коментарий арқылы бағаланатынын ескертеді. Осы шартпен танысқан оқушыларға белгіленген уақыт ішінде жұмыстарын дайындап ұсынады. Оны оқырмандар парақшасына жариялайды. Оқытушы ерекше шығармашылық танытқан жұмыстарды белгілеп, көп лайк, коментарий жинаған жұмыстарды тексеріп қадағалайды. Соңында «Ең үздік креативті оқырманды» анықтап марапаттайды.

«Ең үздік пост» әдеби шолуды ұйымдастыру үшін оқыған шығарма бойынша білім алушылар алған әсерлерімен ой бөліседі. Яғни, шығармада көтерілген мәселені, автор идеясын дұрыс анықтап, өзіндік пайымдауын пост арқылы жариялайды. Ал, оқытушы іс-әрекет барысын қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырады. Сондай-ақ, тұшымды, терең, өзекті коментарийлерді де атап өтеді. Ең көп коментарий мен лайк жинаған пост үздік деп саналады.

«Онлайн пікір-талас» түрін шығарманың ішіндегі пікір-талас тудыратын оқиға сюжетін талқылау ретінде пайдалануға болады. Осы пікір таластың ұтымды жері –талқылауға шығарманы тұтасымен оқып білген бала ғана қатыса алады. . Пікірталаста оқытушы мәселені қозғайды, оқушылар болса нақты дәлелдермен талдап өз ойларын жеткізеді. Мұғалім балалардың ой-пікірін сараптап, қорытынды жасап отырады. Сонымен қатар, тікелей эфир барысында оқушылар талқылауға қатысушыларға және мұғалімге сұрақ қойып жауап ала алады. Онлайн-сұхбат барысында оқушылардың оқу мәдениетінің бағалануына мүмкіндік туады. Сондай-ақ онлайн-сұхбат оқушылардың өзіндік пікірінің туындауына, оны еркін жеткізуіне, өзіне деген сенімділігінің артуына септігін тигізеді.

Қорыта айтқанда, оқушылардың өздеріне ұсынылған шығарманы оқуға қызығушылығын арттыру үшін оқытушы да креативті тәсілдерді тиімді қолдана білуі керек. Жасөспірімдердің қызығушылығын тудыру – мұғалімнің басты міндеттерінің біріне жатады. Мұғалім жастардың бойында оқу мәдениетін және шығармаларды оқуға қызығушылығын арттыру арқылы олардың рухани дүниесінің баюына, адами құндылықтарының қалыптасуына жол ашады.



«Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады» – деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, оқушыны кітап оқуға баулу мәселесін – мұғалім шығармашылық ізденіспен қарастырса ғана шәкіртінің тұлға болып қалыптасуына оң ықпал етеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет