Елімнің тәуелсіздігінің дамуына қандай үлес қоса аламын?



Дата31.12.2021
өлшемі16,84 Kb.
#22490

Елімнің тәуелсіздігінің дамуына қандай үлес қоса аламын?

Тәуелсіздік - әр ел үшін үлкен құндылық. Осы құндылықтан айырылып қалмау үшін мемлекет егемендігін дамыту жолында аянбай күш жұмсайтыны анық. Мемлекет қоғамнан, ал қоғам жеке тұлғалардан тұрады. Осы себепті, елдің тәуелсіздігінің дамуына тек билік басшылары емес, қоғамдағы әр азамат үлес қоса алады. Дені сау, саналы әрбір тұлға өз елі үшін еңбек етеді. Мен өз елімнің тәуелсіздігінің дамуына қандай үлес қоса аламын? Менің ойымша, қазақ тілінде сөйлеу, халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеу, мықты маман иесі атанып, мемлекетке қызмет ету арқылы елімнің болашағына өз пайдамды тигізе аламын.

Біріншіден, мемлекетіміздің егемендігін дамыту үшін ана тілімнің мәртебесінің артуына ат салыса аламын. Мысалы, мен жеке тұлға ретінде отбасымда, қоғамдық орындарда,әлеуметтік желіде қазақ тілінде сөйлеуім, қазақша кітаптар оқу, ана тілімде ән тыңдауым тәуелсіздігіміздің дамуына үлес қосатын үлесім деп санаймын. Себебі, «ұлттың болашағы - оның ана тілі» деген халық даналығы бар. Болашақта өз жанұямды құрғанда да, балаларыма қазақ тілінің қасиетін ұқтырып, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп тәрбиелеу арқылы еліміздің тәуелсіздігінің дамуына үлес қосатыныма сенімдімін.

Екіншіден, «ұлттық құндылық - ұлттың қорғаушы шамшырағы» дегендей, ата бабамыздан қалған құндылықтарды дәріптей жүріп, тәуелсіздігімді дамыта аламын. Мысалы,мен қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ ойынын ойнап,шет елдерге жарыстарға шығамын, себебі ұлтымның қазынасын дамыту өзімнің парызым деп білемін. Бүгінде тоғызқұмалақ ойынын барлық әлем таниды деп айтсам да болады. Көршілес түркі елдерінен басқа Қытай, Корея, тіпті Еуропа елдері ұлттық ойынымызды қызыға ойнайды. Тоғызқұмалақ ойынын тану арқылы өзге елдер халқымыздың мәдениетімен танысады. Болашақта да ұлттық ойынымызды дәріптеп, ары қарай дамыту арқылы өзге елдердің алдында қазақ халқының дәрежесін көтеріп, тәуелсіздігіміздің дамуына үлесімді қоса аламын.



Үшіншіден, мамандық иесі атанып, еліме адал қызмет етуім - тәуелсіздкке қосар үлесімнің бірі деп ойлаймын. Менің болашақ мамандығым - аудармашы. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары жазып қалдырған шығармаларды өзге тілдерге аудару арқылы қазақ халқының мәдениетін шет елдерге таныстырамын. Кітап оқу арқылы өзге халық өкілдері халқымыздың салт дәстүрімен, әдет ғұрыптары мен құндылықтарымен танысады. Мысалы, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» шығармасы әлем әдебиетінде қазақ әдебиетінің дәрежесін арттырды. Сол сияқты, аударылмаған өзге құнды жазбаларды өзге тілдерге аударып, өз еліміздің тәуелсіздігінің дамуына үлес қосамын деп санаймын.

Қорыта айтқанда, әр тұлға қоғамның ажырамас бөлшегі ретінде өз елінің егемендігінің дамуына үлес қосуы қажет. Осы жолда мен де аянбай еңбек етіп, мемлекетімізге адам қызметкер атанғым келеді. Елдің тәуелсіздігі дамуы үшін әрбір азамат «Мемлекет маған не істейді деп емес, мен еліме не істей аламын» деген қағиданы ұстануы қажет деп санаймын.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет