Эссе : «Ата-ананың қадірі»



Дата10.02.2022
өлшемі54,19 Kb.
#25176


Эссе : « Ата-ананың қадірі »

Ата-ана ̶ бізге жарық дүние есігін ашып берген қасиетті тұлғалар, қанаттыға қақтырмай , тұмсықтыға шоқтырмай, бағып˗қағып өсірген, бойымызға тәлім мен тәрбиенің ізгі нұрын дарытқан асыл жандар. Ата-ана деген әлем бойынша алтын әріптермен аспанға жазып қоярлық қасиетті сөз. Осы өмірдегі ең жақын адамдарымыздан біз бойымызға бар жақсылықты сіңіреміз. Дәстүрлі қазақ қоғамында ата-ананы ерекше ерекше құрметтеп, қадірлейді. Ата-ананың айтқан ақылына құлақ асып, сыйлау әр адамның міндеті. Ата-анамыз бізге бар білгенін үйретіп, жамандықтан аулақ болуға шақырады. Ата-ана әрбір адамның қайтып келер қазығы. Оларға деген сүйіспеншілік тек шын жүректен шығуы тиіс. Тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы ̶ Ана есіміне қатыссыз дүниеде ештеңе жоқ сірә . Әр адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы балаға ақ сүтін беріп өсірген ананың жылулығынан басталады. Баланың бойына қасиет ең біріншіден анадан тарайды. Өмірдегі ең кешірімді,ең мейірімді жан ол ̶ Ана. Әрқашан ананы барынша құрмет тұтып, қастерлеу әрбір баланың борышы. Ананың махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ананың махаббаты Жердің тартылыс күшінене де күшірек, мейірімі Күннің шуағынан да қуаттырақ. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың ана алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау » деп аталады. Бір әкенің берген тәрбиесін, жүз мектеп бере алмайды деп өміріміздегі әкенің орнын айшықтап жатамыз. « Әкеге бағыну ̶ тәңірге бағыну » деп әкені одан бетер дәріптеген. Ақын˗жазушыларымыз айтқандай,

«Ақылын айтып әсерлі,

Кешірген әрбір қатемді.

Нұрыңа Алла бөлей көр,

Анашым менен әкемді ! » , ̶ дегендей әрдайым ата˗анамыздың саулығын тілеп жүреміз. Шаңырақтың негізі ̶ ата˗ана. Әке˗шешеге деген біздің атқаратын парызымыз ешқашан бітпейді. Ата˗анаңды арқалап, Меккеге үш рет барып келсең де перзенттік парызыңнан құтыла алмайсың. Сол үшін де ата˗анаға жасаған жақсылық пен көрсеткен қызметімізді міндетсінудің өзі қателік екен. Дүние кезек деген ұғым бар ғой, күндердің күнінде ата˗ананы асырау міндеті балаға жүктеледі. Қазақ әдебиетінің көрнекі өкілі Ғабиден Мустафин айтқандай « ата˗ананы ұмытқан жас ̶ опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы » . Сонымен қатар, ол кісі « ата˗ана қадірін білмеген, халық қадірін біле алмас » деп әке˗шешеге қайырымсыз перзенттің еліне де жаны ашуы неғайбіл екенін анық айтады. Өкінішке орай бүгінгі күнде ата˗анаға деген құрмет төмендеп кетті. Уақыттың өтуімен олардың да бетіне әжім түсіп, ажарын уақыт ұрлайды. Баласы үшін жанын қиюға дайын ата˗ана өз перзенттерінің қамқорлығына мұқтаж болады. Ал осы сәтте ата˗анасына демеу болып, ізгі ниетпен барынша қызметін аямай, сүйіспеншілігіне бөлейтін саналы ұрпақтың саны азайып бара жатқаны шынымен қынжылтады. Бұның бір дәлелі, еліміздегі қарттар үйінің саны жыл сайын артып жатыр.Ондағы қарттардың сәбидей жаутаңдаған қауқарсыз көздері қатігез адамдар мен жауыз қоғам көрінісін аңғартады. Жылдан-жылға артқан қарттар үйі қазыналы қарттарымыздың қадірі кеткендігінің айқын дәлелі. Ата-анасын ардақтамаған ұл ̶ нағыз қылмыскер. Ешбір адамның ата-анасының тағдырына бейжай қарауына құқығы жоқ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін өз шығармашылығымнан шыққан өлеңмен аяқтаймын :

Ұрысса анаң ренжімессің,

Сен деп соққан жүрегі.

Толтыра алмас орнын ешкім,

Қазынаның бірі еді.

Асқар әкең ақыл айтса,

Сіңіріп ал, сабыр қылып.

Қамқоры бол, құрметтей біл,

Олар десе бәрін де ұмыт.

Мынау бес күн дүниеде,

Сыйламасаң болар күнә.

Бәрі уақытша, бәрі жалған,

Жоғалтасың оларды да.

Тірісінде қадірін біл,

Батасымен самғау үшін.



Уақыт бөл, шын жақсы көр,

Бір күні өкініп қалмау үшін.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет