Г. Таусылмайтын жазылып – «Қарқаралы – Қазылық»



жүктеу 172.29 Kb.
Pdf просмотр
Дата24.03.2017
өлшемі172.29 Kb.

 

25.09.2014 г. 

 

Таусылмайтын жазылып –  «Қарқаралы – Қазылық» 

 

Сыздықов С. тарих ғылымдарының докторы, профессор. 

 Сатай Мақсұтұлы Сыздықов – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Күлтегін атындағы 



сыйлықтың лауреаты. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы Этносаралық 

қатынастар  және  Қазақстан  халқы  Ассамблеясының  толеранттығы»  ғылыми  зерттеу 

Орталығының  директоры.  «Қарлық   мемлекетінің  тарихы»,  «Түркілердің  тарихи-мәдени  мұрасы», 

«Евразийская  идея  Н.Назарбаева  и  тюркское  пространство»,  «Түркі  халықтарының  тарихы», 

«Қарлық-Қарахан  мемлекеті:  саяси  тарихы  және  мәдени  мұралары»,  «Мәңгілік  ел»  идеясы: 

қалыптасуы, үш негізі, тарихи сабақтастық»   атты монографиялар мен оқулықтардың және 100-ден 

астам ғылыми мақалалардың авторы.   

«Мәңгілік елдің»мәртебелі мұрагері 

Ұлттық  идея  мәселесі  бүгінде  барлық  посткеңестік  мемлекеттер  үшін  маңызды.  Бүгінгі  қоғамда 

«мемлекетіміздің  болашақ  даму  бағытына  қатысты  ұлттық  идея  мен  мемлекеттік  идеология  қандай  болуы 

тиіс?» деген пікірталас жүріп жатқаны анық. Бұл туралы Президент Н.Назарбаев биылғы «Қазақстан жолы – 

2050:  Бір  мақсат,  бір  мүдде,  бір  болашақ»  атты  Жолдауында:  «Мен  қоғамда  «Қазақ  елінің  ұлттық  идеясы 

қандай  болуы  керек?»  деген  сауал  жиі  талқыға  түсетінін  көріп  жүрмін.  Біз  үшін  болашағымызға  бағдар 

ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік ел» идеясы» деген едi. 

Әдетте,  «идея»  (грек.  ідеа  –  түсінік,  елес,  бейне)  –  теориялық  жүйенің,  логикалық  құрылымның, 

соның  ішінде  дүниетанымның  негізінде  жатқан  анықтаушы  түсінік  мағынасында  қолданылатын 

философиялық термин. XVIII ғасырдағы неміс классикалық философиясының негізін салушылардың бірі  – 

И.Канттың  тілімен  айтсақ:  «Адам  білімінің  қайсыбірі  болмасын,  түйсіктен  басталып,  түсінікке  ұласып, 

идеямен  аяқталады».  Осы  бір  қарапайым  сөз  тіркесі  «идея»  түсінігінің  мәнін  және  қалыптасу  жолын 

қысқаша нақтылап тұр. 

«Мәңгілік ел» идеясының үш негізден немесе үш тұғырдан тұрғаны анық. Біріншісі – Түркі қағанаты 

билеушілерінің (Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштерінде) саяси акт –  «манифестті» әзірлеп, тарих 

сахнасына  шығаруы;  екіншісі  –  әл-Фарабидің  философиялық  шығармасында  идеяның  теориялық-

философиялық тұрғыдан негізделуі және үшіншісі – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дидактикалық дас-

танында құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларының, яғни, Ата Заң іргетасының қалануы. 

Елбасы  Н.Назарбаевтың  түркі  мемлекеттерінің  ынтымақтастығы  мен  интеграциялық  үдерістерін 

нығайту  жолында  көптеген  идеялық  және  тәжірибелік  іс-шаралардың  ұйтқысы  болып,  бірталай  маңызды 

істерді  жүзеге  асырғаны  мәлім.  Ал,  «Мәңгілік  ел»  идеясы  барлық  түркілердің  бір  тарихи  кезең  –  VII 

ғасырда,  бір  шаңырақ  астында  тұрғанда  қабылдаған  және  жариялаған  идеясы  болатын.  Ендеше,  тарих 

сынынан өткен бұл идея бүкіл Түркі дүниесі үшін ортақ және осы идея төңірегіне бірігу – қазіргі жаһандану 

заманындағы түркі тектес халықтардың мұраты болары анық. 

«Мәңгі  ел»  идеясы  ежелгі  түркілердің  өз  заманында  туған  үш  тұғырдан,  яғни,  үш  негізден  тұрады. 

Бұл  үш  негіз  бір-бірімен  тығыз  байланысты.  Бір  заманның  жемісі  және  өзіне  дейінгі  бабалар  мұратымен 

жалғаса  отырып,  кейінгі  ұрпақтар  құрған  мемлекетшілдік  идеяларымен  сабақтасады.  Бұлардың  бәрінің 

бастауында орта ғасыр дәуіріндегі түркілер өркениеті тұр. 

Ұлттық  идеяның  мемлекеттік  сипат  алып,  қоғам  мүшелерінің  көңілінен  шығуы  үшін  негізгі  екі 

талапқа жауап беруі тиіс. Біріншіден, ол сол мемлекетте өмір сүріп отырған халықтың мақсат-мүддесімен, 

болмысымен  толық  сәйкес  келгені  жөн.  Бұл  туралы  Монтьеске:  «Заңдар  үкіметтің  табиғаты  мен 

принциптеріне, басқару формасына, елдің географиялық факторы мен физикалық қасиеттеріне, жағдайы мен 

көлеміне,  климатына,  топырақ  сапасына,  халықтың  тұрмыс-тіршілігіне,  санына,  байлығы  мен  қабілетіне, 

әдет-ғұрпына сәйкес болу керек», – дейді. Екіншіден, идеологияның мемлекеттік сипат алуына қажетті тағы 

бір қасиет – оның сол мемлекет тарихымен сабақтас болып, ұзақ мерзімдер бойы сол қоғамда үйреншікті, 

жетекші  идеологиялық  деңгейде  болу  тиістігін  айтады.  Осы  негізгі  екі  белгі  де,  бірінші  бөлімде 

дәлелденгендей, түркілердің ұлы қағанатын құрғанда бар еді. 

«Мәңгі  ел»  идеясы  алғаш  рет  Шығыс  Түрік  қағанаты  әскерінің  бас  қолбасшысы  Күлтегінге  арнап 

қойылған бітіктаста түркі еліне жария етілген. Күлтегін ескерткішіндегі жазудың сол жақ бетінде: «Өтікен 

жынысында отырсаң мәңгі ел тұтып отырар ең» деп айтылған. Тура осы сөздер Білге қаған ескерткішінің оң 

жақ  [БК.IV.6.]  бетінде  қайталанған.  «Мәңгі»  сөзі  айтылмаса  да,  оның  мағынасы  Тұйұқық  ескерткішінің 

екінші ұстынының сол жақ бетінде «ел» сөзінің бір сөйлемде екі рет қайталануы арқылы берілген: «ел де ел 

болды». 

Ескерткіште  «мәңгі  ел»  Өтікенде,  яғни,  түркі  мемлекетінің  бас  ордасымен  бірге  айтылған.  «Қаған», 

«қан»,  «хан»  атауларының  бір-бірімен  тығыз  байланысты  екеніне  кәсіби  мамандар  ерекше  көңіл  бөледі. 

В.Бангтың  пікірінше:  «йетікан»  (жұлдыз  атауы)  сөзіндегі  «кан»  және  «мәңгілік  елдің»  сақталуын  Түркі 



қағанатының астанасы – «Өтікенмен байланыстырған Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштеріндегі («Өтікен 

жынысында отырсаң мәңгі ел тұтып отырар ең») сөздің соңғы буыны «кен» ~ «кан» да соны тектейді. «Қан» 

сөзі  батыс  ғұндарда  да  болғанын,  Атилланың  Арықан  [Арығ  қан-таза,  пәк  патшайым)  есімді  әйелі  болға-

нынан  байқауға  болады.  Атақты  ақ  ғұн  әміршілерінің  бірі  –  Византия  деректерінде  Күн  хан  (V  ғ.  екінші 

жартысы) деп көрсетіледі және «хан» сөзінің ғұндар дәуірінің өзінде «ел» терминімен қатар қолданылғаны 

мәлім болып отыр. Асылында, бұл сөз түрікше екені белгілі және кей жер атауларында кездеседі (мысалы: 

Ханбалық  –  Хазар  астанасы).  бұл  термин  түріктер  исламды  қабылдаған  соң  да  қолданыстан  түскен  жоқ. 

Сөздің кең географиялық аймақта әр түрлі мағынада қолданылғаны мәлім. 

Ежелгі түркілердің «Мәңгілік ел» идеясын теориялық-философиялық тұрғыдан негізін салып берген 

түркілердің әйгілі ойшыл, философы Әбу Насыр әл-Фараби (870-950). Әл-Фарабидің көзқарастарынан басты 

үш бағытты айқын аңғаруға болады. Ол дүниенің мәңгілігін, танымның болмысқа тәуелділігін мойындады, 

сонымен қатар, ақыл-парасат туралы ілімді саралады. Мәңгілік пен тәуелділік бастауларын ақыл-парасаттан, 

адамның  жан  дүниесінен,  түр  мен  материя  арақатынасынан,  аспан  әлеміндегі  құбылыстардың  мәнінен 

іздеді.  Әл-Фарабидің  философиялық  ілімін  де  өз  кезеңінің,  яғни,  ортағасырлық  түркі  және  мұсылмандық 

дәуір  тұрғысынан  зерделеген  жөн.  Алайда,  ол  жоғарыда  аталған  түсініктерді  философиялық  тұрғыдан 

дамытты. Мәдениетсіз қалалардың барлық түріне қарама-қарсы қайырымды қалаға ең жақыны ұжымды қала 

дейді.  Бұл  қаланың  тұрғындары  барлық  іс-қимылда  тең  құқылы,  бағыныштылар  мен  билік  етушілер  жоқ. 

Ал,  қала  басшылары  құрметке  иеленгендер  ғана  бола  алады.  Фараби  бостандық  пен  тең  құқылыққа 

ықыласпен  қарайды,  бірақ,  басшысыз,  оның  өкіметінсіз  жалпыға  ортақ  бақытқа  жету  мүмкін  емес  деп 

есептейді.  Әл-Фараби  заманында  түркі  жұртының  қала-мемлекеттері  басым  болды.  Сондықтан,  әл-

Фарабидің «қала» түсінігін «мемлекет» түсінігімен сәйкес қарастыруы орынды. 

«Құтты  білік» дастаны орта ғасырларда өркениетті ел болған Қарахан әулеті мемлекеті түріктерінің 

тілінде  жазылғаны  белгілі.  Қарахан  әулеті  билік  жүргізген  дәуірде  ұлан-ғайыр  өлкені  алып  жатқан  осы 

мемлекеттің  басқару  тәртібін  белгілейтін  ережелер,  сондай-ақ,  қоғам  мүшелерінің  құқықтары  мен 

міндеттерін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді. Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен 

Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» дастанын жазды. Демек, дастан белгілі бір  мағынада елдегі Ата Заң 

қызметін  атқарған.  Шығармада  ел  басқарудың,  экономиканы,  әлеуметтік-тұрмыстық  ахуалды,  әскери  істі 

ұйымдастырудың,  шаруашылықты,  тағы  басқа  да  мемлекеттің  әл-ауқатын  жақсартудың  ерекшеліктері 

суреткерлік-философиялық 

тілмен 


баяндалады. 

Ж.Баласағұн еңбегінде елдегі заңдардың бүкіл халыққа қызмет етуі және орта топ мемлекеттің әлеуметтік 

тірегіне  айналуы  туралы  идеялары  бүгінгі  Қазақстан  қоғамы  үшін өте  маңызды.  Бұл бағыт  –  қазіргі  таңда 

«Мәңгілік ел» идеясын ұлттық идея ретінде жариялап отырған ҚР Президенті Н.Назарбаевтың да ұстанып 

отырған саясаты. 

Қарқаралы атауының этимологиясы 

 «Қарқаралы» атауында «қар» түбірінің қайталануы анық байқалады. Осы тұста қарға құсының «қар-

қар» деп қайталап дауыс шығаруы бірден еске түседі. Ежелгі түркілерде әр румен тайпаның киелі тотемі аң-

құс болғаны мәлім. Сондай тотемнің бірі – қарға құсы. Бұған түркі-монғол фольклоры мен этнографиясынан 

көптеп мысалдар келтіруге болады. Ұшқанда қанатынан күн тұтылатын қарға, адам жегішке қарсы тұратын 

қарға, батыр бейнесіне енген қарға, мәңгілік өмір мен дәулеттің иесі қарға, өлілер дүниесінің әміршісі қарға 

түрінде айтылатын миф-аңыз мотивтері жиі ұшырасады. 

Қазақтың көптеген ру-тайпалары да осы құсты киелі тотемі ретінде санаған. Оған төменде келтірілген 

аңыздар мен тарихи оқиғалар айғақ. Ежелгі үйсіндердің таңбасы да қарғаны бейнелеген. Қытай тарихшысы 

Сыма  Цянь  тарихи  аңызды  келтіреді.  Оның  желісі  бойынша  үйсіндер  ғұндардың  батысында  мекен  еткен. 

Ғұндар  үйсін  билеушісі  гуньмоның  әкесіне  шабуыл  жасайды.  Ал,  гуньмо  туғанда  оны  далаға  тастайды. 

Сонда  аузында  еті  бар  қарға  гуньмоның  үстінде  ұшып  жүрді,  ал,  қасқыр  емшегін  беріп,  емізіп  отырады. 

Хазардың қағаны тек Ашина әулетінен билікке келген. VIII-X ғасырлардағы Қытай деректері бойынша олар-

дың  таңбасы  да  қарға  болған.  Әрісі  Алтай  мен  берісі  қазақ  халқының  наным-сенімі  мен  салт-дәстүрінде 

қарғаны кие тұту, тотем деп санау – күні бүгінге дейін бар. Осы тұрғыда қарға тотемі сөз болғанда, уақыт 

пен кеңістікке қатысты байырғы таным-түсініктер бірінші кезекте назар аудартады. 

Тарихи-салыстырмалы  тәсіл  тұрғысынан  алтай  тілдік  тобындағы  халықтар  арасында  ең  байырғы 

тотемнің қарға  екенін  байқауға  болады.  Этнография ғылымының негізін салушы  америкалық әйгілі ғалым 

Л.Морган өзінің  «Байырғы  қоғам» атты  еңбегінде үндістердің тотемі ретінде қасқыр, жолбарыс, аю, бұғы, 

қабылан, балық, сұңқар, құтан сияқты аң-құстардың санатында қарғаны да атайды. Солтүстік Америкадағы 

тлинкит,  атапаск  тайпаларында  «ел»  деген  сөздің  баламасы  «қарға»  екен.  Олар  қарғаны  жарық  нұр  мен 

тұщы  суды,  қара  жерді,  қызулы  отты,  басқа  да  игіліктерді  жаратушы  деп  есептеп,  жақсылықтың  нышаны 

ретінде кие тұтқан. 

Сібірді  тұрақ  ететін  азиялық  халықтарда,  олардың  наным-сенімінде  қарғаны  күні  бүгінге  дейін  кие 

тұтады. Сахалардың қаңғалас тайпасының және шор тайпаларының ішінде қарға руы бар. Қазақ арасындағы 

керей руы атауының «қара», «қарға» сөздерімен тамырласы жөнінде Рашид ад-Дин, Г.Потанин еңбектерінде 

генеологиялық аңыздар келтірілген. 

Қарғаның  қадір-қасиетіне  қатысты  деректер  генеологиялық  аңыздармен  ғана  шектелмейді. 

Манжұрлардың арасында қағанды өлімнен құтқарған қарға туралы аңыз бар. Бұйраттардың (бурят) наным-

сенімі  бойынша,  құдіреті  күшті  Гучин-Гурбу-Гурбстен-ханның  құрметіне  шалған  құрбандық  малының 



етінен  үш  қарға  шоқыса,  аруақ  риза  болады  екен.  Ал  мама  ағаштың  басына  қарға  қонса,  аттары  жүйрік 

болады-мыс.  Бұл  монғолдар  түсінігі  мен  кие  тұтудағы  сенімі.  Сонымен  бірге,  көшпелiлерде  «Қарға  – 

Тәңiрiнiң елшiсi» деген сөз қалған. Көктемнiң келгенiн алғаш жеткiзетiн жыл құсы осы – ұзақ қарға. Алтай 

тiлдiк  тобына  жататын  халықтардың  оны  сонау  әлiмсақтан  берi  қарғаны,  кие  санайтындығы  белгілі. 

Сонымен  бірге,  түркi  тiлдес  халықтар  арасында  көбiне  жыл  құсы  ретiнде  қарғаны  есептейтiндiгi  анық 

байқалады.  Мысалы,  барабалықтар  жыл  басын  «қарға  айы»  десе,  чұлым  татарлары  «қарғи  айы»  деп 

есептеген.  Бізде  де  «қарға  тамырлы  қазақпыз,  «қарға  қарғаның  көзiн  шұқымайды»  деген  сөздер  бар. 

«Қарғам» деп сезiмiмiздi де бiлдiремiз. 

Бұл құстың қазақ ру тайпаларына тотем болуының бір себебі, олардың интеллектуалдық қабілетінің 

жоғары  болуы.  Ғалымдар  аң-құстың  интелектісін  тексергенде,  алдыңғы  орынға  шимпанзе,  одан  кейін 

қарғаны, одан кейін дельфинді шығарған. 

Гар-гра-пур – қарғаның ұлы  Бахрам Чубин 

Ғалым П.Пельоның экспедициясы тапқан VIII ғасырдағы географиялық трактатта Батыс түріктерінің 

ішінде  янь-ти,  хебдал  (эфталиттер)  және  гар-гра-пур  тайпалары  аталады.  Бұлар  кезінде  VII  ғасырдың  20-

жылдарында  Түн  жабғы  қағанның  қол  астына  енсе  керек.  «Гар-гра-пур»  екі  түбірден  тұрады.  «Пур»  –  ұл 

(парсыша) және «гар-гра» – қарға (түрікше). Парсыша «чубин» – қарғаның калькасы, яғни «қарға тайпасы» 

бұл  –  Чубин тайпасы. Хормизд шах  тұсындағы  Бахрам Чубин батыр қолбасшының лақап атына  айналған. 

Бахрам Чубиннің тегі ежелгі парфяндардың михран руынан шыққан. Парфяндар скифтердің туысы ретінде 

сақтар және юечжылармен қатар өмір сүріп, кейін б.э.д. II ғасырда ғұндар мен сяньбилердің ығыстыруымен 

Орта Азияға қарай жылжыған. 224 жылы оларды парсылар талқандап, 240-тай парфян отбасы аман қалған. 

Бахрам  Чубин  батыр  қолбасшы  осылардың  ішінен  шыққан.  Оны  Истеми  қағанның  қызын  алған  парсы 

билеушісі Хосроу Ануширван бағалап, өзінің қолбасшысы еткен. Кейін, 589 жылы түркілер мен парсылар 

арасындағы  шешуші  шайқаста  Бахрам  Чубиннің  жасаған  ерлігі  мен  тапқырлығы  нәтижесінде  парсылар 

жеңіске  жетіп,  түркі  билеушісі  Савэнің  қолы  талқандалған  болатын.  Савэнің  әскеріндегі  пілдердің  көзіне 

садақпен  оқ  жаудыру  арқылы  түркілердің  өз  әскерін  пілдері  таптаған.  Сонымен  бірге,  Бахрамның  700 

метрден садақпен атқан оғы түркі қолбасшысы Савенің темір қалқанынан өтіп, өлтірген. Бірақ, кейін парсы 

шахымен араздасып, Бахрам Чубин өзінің туыстары  болып есептелетін түркілер  жағына  шығып кетеді  де, 

сол  жақта  парсылар  жіберген  тыңшының  қолынан  қаза  табады.  Сөйтіп,  біз  қарға  атын  жамылған,  тегі 

прототүркілерден  шыққан  ортағасырлық  заманның  аңызына  айналған  батыр  қолбасшы  Бахрам  Чубин 

туралы деректер келтірдік. 

«Қарқаралы – Қазылық» ежелгі жыр-аңыздарда 

Қарқаралының  ежелгі  атауының  бірі  –  «Қазылық».  Бұл  атау  Қорқыт  ата  дастанының  қалыптасу 

кезінен  бастап,  ХХ  ғасырға  дейін  жиі  айтылып  жүрген.  Оған  Қорқыт  ата  кітабындағы  «Қазылық  ұлы  ер 

Жүгенек»  жыры  мен  ХIХ  ғасырда  өмір  сүрген  қазақтың  атақты  ақыны  Күдеріқожа  Көшекұлының  «Қар-

қаралы-Қазылық»  атты  толғау  жыры  куә.  ХІХ  ғасырдың  басында  сонау  Сыр  бойында  туып,  Қарқаралы 

топырағында дүниеден озған айтулы айтыскер ақын Күдеріқожа Көшекұлы осы толғауында заманында Қар-

қаралы  өңірі  ырыс  пен  ынтымақтың,  байлық  пен  бақыттың,  береке  мен  бірліктің  құтты  мекені  болғанын 

тілге тиек етеді. 

 Қарқаралы, қайран тау, 

 Тиюші еді пайдаң, тау. 

– деп тебірене жырлайды ақын. «Қарқаралы-Қазылық» атты толғау жырын Мұхтар Әуезов те, Сәкен 

Сейфуллин де аса жоғары бағалап, оқулыққа, хрестоматияларға енгізген. Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларында 

бұл  толғаудың  көнерек  нұсқасы  «Қалмақтың  жер-суы  мен  қоштасуы»  деп  аталады.  1820  жылдары  туған 

Күдеріқожа 1858 жылы Қарқаралы өңірінде қайтыс болды. 

Қарқаралы  өңірі  арқылы  әлемге  әйгілі  саяхатшылар  да  ғылыми  экспедициялар  да  өткен.  Қазақтың 

тұңғыш ғалымы, ғұлама  Шоқан Уәлиханов Қарқаралы өңірінде екі рет  –  1855 және  1863 жылдары  болды. 

«Қарқаралының  сыртқы  округтері  болыстарының  қысқы  көші-қоны»  деген  белгілі  еңбегі  осы  тақырыпқа 

арналған. 1909 жылы орыстың танымал жазушысы Михаил Пришвин осы өлкеге келіп, ат басын тіреді. Шо-

қанның  сүйікті  досы,  белгілі  саяхатшы-этнограф  Григорий  Потанин  де  осы  өңірден  алған  әсері  туралы 

орыстың императорлық-географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесінде арнайы баяндама жасаған. 



Қарқаралы –Алаш қозғалысының бесігі 

Осы уақытқа дейін Алаш тарихнамасында жеткілікті тұрғыда көңіл аударылмай келе жатқан мәселе – 

Қазақстан  тарихындағы  өзекті  орын  алатын  Алаш  қозғалысы  қайнар  бастауын  Қарқаралы  қаласынан 

алатындығын  ескермеуіміз.  Басқаларын  айтпасақ  та,  бір  Қарқаралы  петициясының  өзі  –  осыған  дәлел. 

Өйткені, Алаш зиялыларының тәуелсіз мемлекет, яғни, мәңгілік ел құрудағы бағдарламасы мен іс-әрекеттері 

осы Қарқаралы петициясында көрсетілген талап-тілектерден бастау алды және іс жүзінде өрбіді. Оған дәлел 

болу үшін сол петициядағы талаптардың біразын келтірсек түсінікті болар: 

1) Қырғыз (ол кезде қазақты қырғыз деп атаған) халқының аты мұсылман қырғыз деп аталып, әскери 

міндеттен босатылсын. 

2)  Қырғыздарды  Орынбордың  рухани  жиналысына  бағындырып,  1868  жылға  дейінгі  ережелерді 

қолданып, қазан мұсылмандарының тәртібіне сәйкестендіру керек. 


3)  Қырғыздарға  мешіт,  медресе  салуға  рұқсат  керек.  Құдайға  құлшылық  етуге  еркіндік  болсын.  Ол 

жерлерде  арабша,  парсы  және  түрік  тілінде  сабақ  беруге,  газет  және  кітаптар  шығаруға,  баспахана  салуға 

рұқсат берілсін. 

4)  Қырғыз  халқын  басқаратын  адам  қырғыз  тілін  білулері  міндетті.  Оларды  тағайындау  немесе 

орнынан алу мәселесі қырғыз қоғамы  өкілінің  таңдауымен болуы  шарт. Бүгінгі шаруа  бастықтарының ор-

нына  халықтың  арасын  бітістірушілерді  заңдандыру  керек.  Бұл  қызметке  қырғыздардың  ішінен  жеткілікті 

білімді қырғызды тағайындау қажет. 

5)  Барлық  қырғыз  істері  қырғыз  диалектісінде  жүргізілуі  міндетті.  Хат  жазушы,  күзетші,  хаттарды 

таратушылары тегіс тек қырғыз тілін білетін адамдардан тағайындалсын. 

15) Ертіс бойындағы жерлер ерте заманнан қырғыздардың ата қоныстары болып есептелген, кейіннен 

әскерлердің  пайдасына  берілді.  Сондай-ақ,  басқа  мәртебелінің  кеңсесіне  қарасты  қырғыздардың 

пайдалануына берілген жерлер сол қырғыздарға ата қонысы ретінде мәңгілікке берілсін. 

16)  Қырғыздардың  қыстаулары  және  жаз  жайлаулары  бұрынғы  салт  бойынша  олардың  меншігінде 

қалуы тиісті. 

17)  Қырғыздың  таулы  даласында  ашылған  қазба  байлықтары  олардың  өз  меншігі  болуы,  ол  жерде 

салынатын заводтар қырғыздардың өзінікі болып есептеледі. Егер де олар өздері оны өндіруден бас тартса, 

сонда  ғана  басқа  адамдарға  жалға  беруге  болады.  Бірақ,  олар  әр  десятинасына  жалдау  ақысын  төлеулері 

тиіс. 


30)  Қырғыздар  православниктер  сияқты  империяның  қай  уезінен,  облысынан,  губерниясынан 

болмасын жер алуға сондай-ақ, мемлекеттік қызметтерде істеуге құқығы болсын. 

38)  Соңғы  20  жылда  қырғыздардан  тартып  алынып,  жер  аударылғандарға  берілген  жерлер 

қырғыздардың басшыларына қайтарылсын. 

Бұл айтылғандардан Алаш қозғалысының  қойған мақсаты – тәуелсіз мемлекет  құру екендігін айқын 

көруге  болады.  Сонымен  қатар,  Алаш  қозғалысы  бағдарламасының  түпқазығы  да  осы  Қарқаралы 

петициясынан бастау алғандығы айқын байқалады. 

Алаш  зиялыларының  қай-қайсының  болсын  қазақ  елінің  тәуелсіздігі  үшін  күресі  мен  қызметі 

Қарқаралы өңірінсіз өтті деп айту қиын. Бұл жөнінде деректер жеткілікті және оларды шағын мақаламызда 

түгендеу мүмкін емес. Ендеше, Қарқаралыны Алаш қозғалысының алтын бесігі десек, қателеспейміз. 

Қорыта  айтқанда,  Қарқаралы  тарихын  1824  жылдан,  яғни,  патша  үкіметінің  бұйрығы  шыққан 

уақыттан  бастауды  қайта  қарайтын  уақыт  жетті.  Қарқаралының  190  жылдығына  арналған  халықаралық 

ғылыми-практикалық конференцияда айтқан осы ұсынысымды Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік 

университетінің  ғалымдары  қолдаған  еді.  Шынында  да,  Қарқаралы  жері  мен  елді  мекеннің  атауы  бірнеше 

мың жылдықтың қойнауына кететіні анық. 

Оны  дәлелдеуге  қазақтың  жер-су  атаулары  мен  шежірелік  және  басқа  да  жазба  деректер  жетерлік. 

Олай  болса,  келесі  мерейтойға  дейін  бұл  мәселені  анықтап,  бұлтартпас  дәлелдер  арқылы  Қарқаралының 

шын жасын ел алдына жария еткен абзал!  



Каталог: fulltext -> temat
temat -> Кенесары хан Ерғазы Қадашұлы
temat -> Смагүл, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжандар өз шыгармашылығын Абайға арналған өлең жолы, мақалалармен ашқан. Абайға карап
temat -> Ыбырай алтынсарин
temat -> Ж. Туды жықпаған тұлға Шалғынбай Б
temat -> 2015 март Казахстан: вопросы языковой политики Тулеутай Байгабатов, кандидат исторических наук, доцент Карагандинского индустриального университета
temat -> Ж елінің елшісі, Ұлтының Ұяты мырзатай Жолдасбеков
temat -> Ж. Атыңнан айналайын, Қарқаралы Тұрсынхан ЗӘкен,жазушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор
temat -> Ж. Киелі жерім – қасиетті елім
temat -> 6 шілде 2016 ж. Президент баспасөз қызметі мен


Поделитесь с Вашими друзьями:


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет