І. Әдебиет сабақтарында патриотизм құндылықтарын қалыптастыру



бет1/4
Дата31.12.2021
өлшемі58,73 Kb.
#22316
түріСабақ
  1   2   3   4

І. Әдебиет сабақтарында патриотизм құндылықтарын қалыптастыру. Патриоттық сезімнің қалыптасуы отбасы тәрбиесінен бастау алып, өсе келе мектепте әрі қарай дамып, жүзеге асады. Сондықтан орта мектептердегі оқу бағдарламалары мен оқулықтарының ұлттық және қазақстандық патриотизм мүддесіне қызмет ететіндей мазмұнда болуы қажет. Яғни, оқушылар мектеп қабырғасында жүріп Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм, танымның заңдылықтарын игеруі тиіс.

Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар арқылы тәрбие беру оқушы бойындағы сана сезімді, намысты, парызды қалыптастырумен қатар егемен еліміздің тәуелсіздігін, ынтымағын, бірлігін сақтап қала алатын патриот азамат тәрбиелеуге толық мүмкіндігіміздің бар. Ұрпақтарымызды парасатты, бойында азаматтық намысы бар, елін, жерін сүйетін азамат етіп өсіргіміз келсе, бүкіл қоғамдық дамудың негізін келешек ұрпақ тәрбиесіне бағыттауымыз қажет.

Оқушыларға патриоттық тәрбие беру барлық пәндердің үлесіне жатады. Дегенмен, бұл бағытта әдебиет пәнінің тәрбиелеушілік мүмкіндігі өте мол. Өйткені, әдебиет сабағы оқушыларды имандылыққа, ізгілікке тәрбиелейді. Сол себептен де, оқушылардың осы пәнге ынта ықыласын, қызығушылығын арттыру үшін әр түрлі жаңа әдістемелік технологияларды қолданып сабақ өткізу тиімді. Бұл оқушылардың сабақтан жалықпауын, жөнсіз әрекетке бармауын, әр іске назар аударып жауапкершілікпен қарауды, ой елегінен өткізіп ойлануды қалыптастырады, бағдарламалық материалдарды жеңіл, тез меңгеруге септігін тигізеді. Өскелең ұрпақты, жастарды, болашақ мамандарды кез-келген жағдайда ерлік, отаншылдық істерге баруы үшін, оған алдымен рухани жағынан дайын болуы керек. Отаншылдыққа тәрбиелеу ұлттық ерлік дәстүрлерге сүйене отырып, жастардың ішкі жан дүниесі ой-санасы мен сезімін дамытып, қалыптастыруға бағытталуы керек.

Бүгінгі мектеп оқушылары өз Отанының тағдырына, қауіпсіздігіне, болашағына деген жауапкершілігін сезінуі, мемлекеттік рәміздеріне, мемлекеттік тілге, тарихқа, мәдениетке құрметпен қарауы тиіс. Сондықтан әрбір ұстаз өз Отанын шексіз сүйетін, білімді, іскер, адамгершілігі мол, парасатты, мәдениетті жан-жақты жетілген ұрпақ дайындауға міндетті. Жастарды тәрбиелі, сапалы, саналы етіп даярлап шығару заман талабы, оқытушы ұстаздардың міндеті, өйткені олар – біздің болашағымыз.

Білім беру саласындағы қазіргі бағытты Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Қазақ баласын ұлтжандылық, отаншылдық сезімде тәрбиелеу, білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен, жоғары оқу орнына дейінгі барлық ұйымдардың міндеті. ХХІ ғасырда өз ұлтын сүйген, бірлікте болған халық қана тұтастығын сақтап қалады», – деп атап көрсетті. Патриотизмнің негізгі мағынасы әр азаматтың ұлтын, Отанын сүюден туындайды.

Өскелең ұрпақ болашақ Қазақстан азаматы. Олар өзімізді қоршаған ірі өркениет орталықтарын, түрлі мәдениетті меңгеріп, өзін сыйлата алатын, рухани дүниесі бай, интеллект деңгейі жоғары, білімді де білікті жаһандану заманына сай болуы шарт. Патриоттық тәрбиеде бүгінгі өмірден оқшауланбай, қайта оған жаңа мән беріп, әлемдік идеяларды қабылдап, ненің тозық, ненің озық екенін тани білу, өрісі, дүниетанымы кең азаматтарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Осы мақсаттарды орындау үшін мемлекеттік стандартты басшылыққа ала отырып, өз тәжірибемде оқушылардың өз бетімен білім алу дағдыларын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту, ізденіс жұмыстары мен алған білімдерін іс жүзінде пайдалана білуге үйрету бағытында жұмыс жүргізіп келемін.

Патриоттық сана – сабақта және сабақтан тыс іс-шараларда Отанды сүю, елін қорғауға байланысты басты ұғымдарды ашып көрсету арқылы қалыптасады. Мемлекеттік рәміздер: Ту, Елтаңба, Әнұранда халқымыздың өткен өмір тарихы, бүгінгі игілікті істері айшықталған. Осы Мемлекеттік рәміздерден басталған тәрбие тұлғалардың қоғамдық бағыт-бағдарын анықтайды, адамгершілік құндылықтарын қалыптастырады, әлеуметтік белсенділігін жоғарылатып, өз іс-әрекеттеріне жауапкершілігін арттырады және Отан игілігі жолында қызмет етуге ұмтылдырады. Сондайақ қазақ халқының озық гуманистік құндылықтары негізінде жалпы ұлтжандылыққа, қазақстандық патриотизмге, отансүйгіштікке, жастарды ашық пікірталасқа, сөз бостандығына тәрбиелейді.

«Патриотизм өзінен-өзі келетін қасиет емес. «Отанды сүй» деп жалаң айғайлау жастарды патриотизмге тәрбиелеу боп табыла бермейді, міне мынадай Отанды сүй деп тәрбиелесек, сірә, сол ұғымды болар. Ол үшін ауқымды мемлекеттік бағдарлама, мәдениет жөніндегі заң керек», деген Д. Исабековтің пікірі де өте орынды.

Оқу-тәрбие үдерісінде – өзім әдебиет пәнінің мұғалімі болғандықтан қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын пайдалану патриоттық тәрбие берудің қайнар көзі деп есептеймін. Мен өткізетін әдебиет сабақтарында оқушылар ақын-жазушылардың шығармашылығына байланысты мәліметтер алады. Қазақ халқының біртуар ұлдары А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлиндер өз ұлтының нағыз патриоттары екендігін мойындатқан нағыз ұлы тұлғалар. Халықтың шын жанашыр қамқоры болып туған, өте алыс болашақтарды ойлап, мәңгілік маңызы бар істер атқарған бұл ақын-жазушыларымыздың өнегелі өмірі әлі талай ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Патриоттық тәрбие беруде осындай тұлғалардың шығармаларын пайдалану таптырмайтын құрал.

Көркем шығармалар, ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылықтарын оқыту жеке тұлғаның өз елінің ұлылары мен халықтың тарихын тануына кең жол ашады. Әдебиетімізде ондай шығармалар көптеп саналды. Солардың бірі бүкіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен, халқына деген махаббатын тек поэзияда ғана емес, өмірде де, күресте де үлкен азаматтықпен қорғай білген Ж. Молдағалиевтің "Мен қазақпын" поэмасы. Ақын шығармасы өз ұлтын сүйетін жасқа үлгі болатын шығарма. Поэманың негізгі тақырыбы – еліңе, жеріңе, өз ұлтыңа деген сүйіспеншілік. Бұл шығарманың жас ұрпақты елін сүюге үндеп, патриоттыққа тәрбиелейтіндігі анық.

Жас ұрпақтың жігерін жанып, асыл сезімдерін ұштауға әдебиеттегі көркем шығармалардың тигізетін ықпалы шексіз. Әдебиетіміздің қуатты күшін қазақтың тәуелсіз мемлекетін нығайтуға, ұлттық бірлікке, жастарды Отан сүюге баулуға, азаматтық міндеттерге үндеуге пайдалану алдыңғы кезекте тұр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, сол әдебиеттің ертеден келе жатқан әлеуметтік жүгі мол, кең өрісті саласының бірі батырлар жырын мысалға алсақ та қателеспейміз. Батырлар жырындағы патриоттық сезімдерді бүгінгі ұрпақтың санасына ұстаздық шеберлікпен біртіндеп сіңіру аса қажет. Себебі: батырлар жырында ел тағдыры, келер ұрпақ қамы, адамгершілік, арождан мәселелері жан-жақты сөз болады. Ар-ұятты қашан да бірінші қойған батырлар үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу жағынан алдарына жан салмаған. Мұның барлығы жасөспірім баланы әсерлендіріп, бойына патриоттық сезімнің дәнін сеуіп, жақсыға еліктеушілік, соған ұмтылушылық қасиеттерін қалыптастырады.



ІІ.

Тәуелсіз Қазақстан жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беруде қазақ әдебиеті пәнінің алатын орны ерекше. Өйткені жалпы тәрбиелеу үдерісі біріншіден отбасынан бастау алып, мектеп арқылы жалғасын табады. Баланы отбасында патриоттық сезімге тәрбиелеу, ана тілін үйрету, ұлттық мінез-құлық қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді сақтауға баулу, шыққан ата тегін білуді таныту – ата-ана парызы болса, әдебиет пәні мұғалімнің міндеті көркем шығармалар арқылы тәрбиелеу. Әдебиеттегі шығармалар ойды да, сезімді де тәрбиелейді, мінез-құлықты қалыптастырады. Оқырман жағымды кейіпкерлерге еліктейді, одан үлгі алады. [1, 6 бет]. Ал мектеп оқушылары осы пән арқылы өз бойына патриоттық сезімді ұялататыны анық. Ең бірінші әсер Тәуелсіздікке қол жеткізген аға, әпкелеріміздің ерліктері болса, туған жерге деген сүйіспеншілік, ерлік жасауға негіз болатын оқиғалар барлығы әдеби шығармаларда беріледі, әдебиетіміз тікелей тарихпен байланысты, ал тарихымыз біздің осы күнге жеткен қиын да, аңсаған жолымыз. М.Жұмабаевтың «Елдің елдігін сақтайтын- әдебиеті, тарихы, салт-дәстүрі»[6, 203бет] деген нақыл сөздері бар. Мәселен 5-сыныптың қазақ әдебиетін алсақ, ежелден қалыптасқан қазақтың отансүйгіштігін, ұлтжандылығын айқын көрсететін шығармалар ұсынылған, оған қазақтың мақал-мәтелдері де дәлел. Мәселен туған жер, отан туралы мақал-мәтелдер: «Отан үшін отқа түс - күймейсің», «Отанды сүю отбасынан басталады», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Көп түкірсе - көл», «Елдің көзі - елу» [1, 25 бет] т.б болып кете береді. Мақал-мәтелдердің өзі қазақтың елін, жерін, Отанын сүюінің негізі болып табылады. Қазақ әдебиеті пәні оқушылардың ішкі дүниесін, рухани-адамгершілік келбетін қалыптастыруға бағытталған, бұл пәннің бұл тұрғыда ерекше мүмкіндіктері бар. Өйткені оның мазмұнында ұлттық құндылықтар жарасымды үйлесім тауып жатады. Мұның өзі халқының өзіне тән ұлттық ерекшелігін терең танып, көре білуге мүмкіндік береді. Мәселен 7-сынып оқулығында лиро-эпостық жырлар, қазақтың би-шешендерінің сөздері, жыраулар поэзиясы оқушыға ұлттық таным, патриоттық тәрбие берсе, ежелгі дәуір әдебиеті бөлімінде Түрік қағанаты заманында қолбасшы болған Күлтегіннің, «Оғыз Қаған» дастанында Оғыз батырдың түркі елін жаудан қорғаудағы ерлік істері, әскери жорықтары, даналығы оқушылардың сана-сезіміндегі патриоттық сезімнің қалыптасуына оң әсер береді.[2,49-51 бет]. Сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің этнопсихологиялық негіздерін бір арнаға түсіріп, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі ұлттық тұлға тәрбиесі туралы ой – пікірлерін, үлгі-өнегесін тәрбие мәселесінде көп пайдаланамын. Мысалы, Жамбыл Жабаевтың «Патша әмірі тарылды» (1916 жылғы оқиға) өлеңі 1916 жылы Ресей патшасының жарлығымен қазақтың жігіттерін майданға қара жұмысқа алғаны жөнінде суреттейді. Ол жарлық рухы биік қазақ халқын қорлаумен бірдей еді. Халық наразалықтарын білдіріп көтеріліске шықты. [2, 81-82 бет]. Бұл өлең қазақ халқының намысшыл, өз елінің ертеңгі жарық сәулелі күні үшін жан қияр халық екенін ұғындырады. Мағжан Жұмабаевтың «Өткен күн» өлеңі Сарыарқаның кереметтерін суреттеп, оқушылар бойында туған жердің табиғатына деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырады, сонымен қатар «Сүйемін» өлеңінде «Сол анамды сүйемін», «Сол жарымды сүйемін», «Сол елімді сүйемін», «Сол Арқамды сүйемін» деген сөздері арқылы ақын туған халқын, елін, жерін айтып отыр. [3, 104 бет]. Ендеше, ақынның өз елінің патриоты екенін сезінген оқушылар Мағжан Жұмабаевты өздеріне үлгі ретінде тани біледі. Батырлық жырларының да білімділік және тәрбиелік мәні зор, қандай шығарма болса да оның негізгі мақсаты – тәрбие. Ауыз әдебиеті – халықтың ой-санасы мен мінез-құлқын қалыптастыратын тарихи мектеп. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында бас кейіпкер, қазақтың біртуар батыры Баян інісі Ноянның өз елінің жауы қалмақ қызымен кетіп қалғаны үшін туған інісін өлімге қиюы арқылы батырдың отансүйгіштігін көрсетіп, әр оқушының жүрегінде елге, жерге деген сезімдерін ұялатады.

Әрбір сабағымызда Қазақстан елінің күнделікті тұрмыс-тіршілігі, оның жетістіктері туралы айтып отырсақ, оқушылардың да өз еліне деген сүйіспеншілік сезімдері қалыптасады. Менің ойымша мұндай ұстанымдар «шынайы патриотизм» түсінігінің мәнін ашып көрсетеді. Осындай әдеби шығармалар ата-баба дәстүрінің ізімен жастарды жауынгерлік рухқа баулуды, Отанға, халыққа шын сүйіспеншілікпен қарауды, ата салтын құрметтеуді, ел тарихына қызығушылықпен қарауды тәрбиелеу әдебиет сабағында үлкен жетістікпен іске асады. Ұлы педагог Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде ұрпаққа ұлттық тәрбие беруге зор көңіл бөлді. «Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі болсын»,-дейді. Сондықтан да ұлтжанды, Отанын сүйген патриоттар салт-дәстүрін, тілін, дінін жетік білген азаматтар болмақ. Қазіргі уақытта «Қазақстандық керемет» деген ұғым пайда болды. Ол тек бастамасы. Оған нағыз сай болу үшін жан-жақты дамуымыз керек. Қазақ – құдыреттілігі, имандылығы, адамгершілігі көзінен, жүрегінен көрініп тұрған, патриоттығы ішінде ұйып жатқан кең халық. Бүкіл білім беру жүйесі арқылы осыларды сыртқа шығару, жоғарғы дәрежеге көтеру қажет, ол үшін сапалы патриоттық тәрбие керек. Бұл сырттан ғана келетін әсер емес, ол іштен шығатын, дамитын, қалыптасатын ерекше қасиет. Ол қазақ менталитетінің ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан халыққа тән санамен келген ойлау нәтижесі. Қазақстан Республикасының білім берудің жаңа бағдарламасында қоғамның бүгінгі күнгі талабы алдағы уақытта да әрбір адамды Отанын сүюге, туған жерін құрметтеуге, ата-бабаның озық салт-дәстүрлерінің құндылығын мақтаныш тұтуға, әлемде халықтар арасындағы бейбітшілік үшін достықты нығайтуға бағыт беруде талмай еңбек етуді қажет санайды. Қазіргі заманда біздің халқымыздың патриоттық сезімі экономиканы қайта құруда, қоғамды рухани жаңартып демократияландыруда, плюрализм пікірін бекітуде және әлеуметтік орта мен идеологиядағы сол бір тоқырау кезеңдерінің әсерінен туған жікшілдік пен бұрмалаушылықты жоюдағы күреске бар күшті ынталандыруда көрініс тауып отыр. Бұл келешек жас ұрпақты патриоттық және интернационалдық рухта тәрбиелеудің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының егеменді ел болып, ана тілінің мемлекеттік тіл болуымен қатар өткен тарихымызды қайта қарап, ондағы рухани құндылықтарды елеп-екшеп және рухани құндылықтардың қорына өлшеусіз үлес қосатын мұраларын зерделеп зерттеу бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің керегіне жарату өзекті мәселелердің бірі болуда. Қазіргі кезде қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласында зерттеу жүргізуші ғалымдар халқымыздың сан ғасырлардағы рухани мұрасын, әсіресе оқу, тәлім-тәрбие мәселесін философия, психология, педагогика ғылымдарының зор жетістіктерін пайдаланып, асыл қазыналарын жоғары теориялық биіктен талдап, ғылыми көзін ашуда. Қазақ елі жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы рухани сілкінісі туғызған қайта түлеу үдерісі, сол патриотизмнің даму барысын өзгертуге, сөйтіп, шынайы ұлттық патриоттық тәрбие қағидаларын (принциптерін) қайта қарауға ықпал етті.

А.А.Бейсенбаева «Қазақтың ерлік эпосы арқылы жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру» атты ғылыми еңбегінде «патриотизм», «патриоттық тәрбие» ұғымдарының мәні, олардың құрылымдық компоненттері мен функцияларын нақтылап, мектеп оқушыларының патриотизмін сыныптан тыс жұмыстарда қазақ ерлік эпосы арқылы қалыптастырудың механизмін жасады. Бұл жерде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бүкіл әлемдегі достықта емес, одан жоғары қарау ұстанымы анық байқалады. Қазақстандық патриотизмді еліміздің әр азаматының санасына сіңіру кезек күттірмейтін мәселе. Менің зерттеуімнің негізінде жалпы халықтық патриотизм отбасынан, мектеп қабырғасынан қалыптасатыны айқындалды. Ұлттық қасиеттеріміздің ұрпақ бойында қалыптасуы қоғам игілігі үшін маңызды. Адамға ұлттық патриоттық тәрбие беру тек қана мектепте ғана емес жоғарғы оқу орындарында кең көлемде жүргізілуі тиіс. Ұрпақ тәрбиесімен айналысатын әрбір оқытушы өз тәрбие жұмысының негізгі мақсатын от жүрегі Отан деп соғатын жастар тәрбиелеу деп түсінсе, ұлт болашағына, ел тыныштығына сеніммен қарауға болады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде айтылған еліміздің тұтастығын, оның тыныштығын мемлекетімізге қауіп төндіретін қандай да болмасын ішкі және сыртқы күштерден сақтау міндетінің өзі - жастарымызды отаншылдық, елжандылық, патриоттық қасиеттерді сақтауға шақырады. Баланы Отанды сүюге, ол үшін аянбай еңбек етуге елжандылыққа тәрбиелеу - әр педагогтың басты міндеті болып саналады. [4, «Қазақстан мұраты» бөлімі]. Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан елінің жас ұрпақтарын отаншылдыққа тәрбиелеу – аса маңызды идеологиялық міндеттеріміздің бірі деп білеміз. Ал оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды, өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек.[7,112-113 бет]. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн.» деген сөздерімен қорытындылай отырып, еліміздің әрбір азаматы өз елінің патриоты болсын десек, оның бойындағы патриоттық сезім отбасында, балабақшада, мектеп қабырғасында қалыптасуы тиіс деп ойлаймын.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет