Ыбырай Алтынсарин қазақ әліппесін жасаушы



Дата10.04.2023
өлшемі21,76 Kb.
#80873

Ыбырай Алтынсарин – қазақ әліппесін жасаушы
Халқымыздың ұлы перзенті, қазақ жерінде оқу-ағарту ісін жүзеге асырған зиялылар көшбасшысы, тұңғыш халық ағартушысы, қоғамда өзгерісті жасау жолында талмай күресіп, ел игілігі үшін жан аямай еңбек етудің үлгісін көрсеткен, ХІХ ғасырдың екінші жартысында шолпан жұлдыздай жарқырап әлем көгіне шыққан, ұлт тарихында аты мәңгі өшпейтін кемел тұлға-Ыбырай Алтынсарин қоғамдық ой-пікірдің өркендеу тарихында үлкен орын алған педагог, демократ.
Кең байтақ далаға алғаш қоңырау үнін әкеліп, ұлтын «өнер -білімі бар жұрттар» қатарына қосуды армандаған ұстаздардың ұстазы, ұлы дала қоңырауы Ыбырай Алтынсарин бүгінде 180 жасқа келіп, ел есінде мәңгі қалды. Ыбырай Алтынсариннің шығармалары әр баланың жүрегінен кеңінен жол тапты. Ал оның еңбегі қазақ халқының білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани-мәдени жағынан гүлденуіне, экономикалық дамуына игі ықпал етті. Ыбырай өз замандас отандастарының ағартушылық ой-пікірлерін қуаттап, қазақ жерінде оқу-білімнің шамшырағын жақты, педагогтік-демократиялық көзқарастың негізін салды. Ыбырай Алтынсарин мұғалімдердің бала оқытудағы орнын жоғары бағалап: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, ол - мектептің жүрегі» - деген сөзі осы күнге дейін құнын жойған жоқ.
Күмбірлеген күміс қоңырау үнімен өз ұлтының балаларын білім ордасына шақырып, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың болашағы жарқын болатынына туған халқының көзін жеткізбекші болды. Ол білім мен ғылымнан кешеуіл қалған қалың қазақ жұртын орыс ғылымын игеруге шақырып қана қоймай, сол мақсатын түбегейлі жүзеге асыруға аянбай еңбек еткен. Ыбырай – қазақ халқын тұңғыш болып ілім-білімге сүйреген, тұңғыш рет қыздарға арнап мектеп ашқан, тұңғыш рет қазақ даласына қоңырау соққан аңыз адам, алып тұлға.
Ыбырай Алтынсариннің қазақ әдебиеті мен өнеріне, мәдениеті мен қазақ ғылымына қосқан үлесі ұшан-теңіз екені тарихтан белгілі. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндірді. Есті бала мен ессіз баланы қарама –қарсы қойып, жастарға кімнен үлгі алып, кімнен безу керектігін көрсетті. Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан кезде, балаларға арналған оқулықтар мүлде жоқ болатын. Дәл осы жылдарда өнегелі ұстаз қысқа-қысқа әңгімелер мен өлеңдер шығара бастайды, оқу құралдарын жазуға кіріседі. 1879 жылы ақынның қазақ мектептеріне арналып жазылған алғашқы ұлттық оқулық – «Қазақ хрестоматиясы» жарық көрді. Ыбырай Алтынсарин есімі қазақ балалары үшін мектеп ашқан ұлы ағартушы, орыс әдебиеті классиктерінің балаларға арнап жазған шығармаларын қазақ тіліне аударған аудармашы ретінде ғана емес, қазақ жазба әдебиеті тарихында тұңғыш прозаик ретінде де белгілі. Олай дейтін себебіміз, Ыбырайға дейін шын мәнінде көркем проза қазақ жазба әдебиетінде қалыптаспаған еді. Мазмұны жағынан Ыбырай әңгімелері өз заманының келелі мәселелерін қамтиды. Оның шығармалары жас ұрпақты мейірімділікке, адалдыққа, ізеттілікке, ақылдылық пен білімділікке, т.б. ізгі қасиеттерді үйретуге шақырады.
Халықтың ұлттық тәлім-тәрбиесі негізінде ол Қазақстандағы ұлттық мектептердегі оқыту ісінің әдістемесінің іргетасын қалады. Ол Қазақстандағы мектептердегі оқыту, білім беру ісін бір жүйеге келтіруді талап етіп, соны белгілі жолға қойды. Оның жаңашыл әдістерінің бірі - оқытудағы оқу үрдісін ана тіліне негіздей отырып, орыс тілін меңгеру болса, оқу үрдісіндегі жаңашыл идеясының бірі – оқулықтар мен оқу құралдарын орыс графикасына сүйене отырып, жаңа алфавит негізінде жасау болды.
Ол өзінің ағартушылық, педагогтік, ақын-жазушылық тарихи қызметі мен зор талантын, жан-жақты терең білімі мен қайрат-жігерін елдің «желкілдеп өскен көк шөптей» жас ұрпағын оқытып, тәрбиелеуге, қазақ жерінде жаңа үлгідегі мектептер ашып, оқушыларды өз кезінің озық ғылымымен қаруландыруға, кәсіп түрлеріне үйретуге арнаған.
Ыбырай бұл жолда сан алуан кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді, сөйтіп, туған халқының мақтан тұтатын ардақтысына айналды.
Ұлы педагог - қазақ балаларын, жалпы қазақ ұрпағын сауатты әрі білімді болуын қалаған ұстаз. Алтынсарин ұлттың бала тәрбиесінде өз халқының тұрмысы мен өмірінің тарихи ұлттық ерекшелігіне сәйкес келу идеясын ұсынған. Сонымен қатар, бар саналы ғұмырын туған халқын өнер-білімді, жаңа заманның өркениетті, мәдениетті елдерінің қатарына қосу жолына арнаған көрнекті тұлға. Ыбырай бұл жолда сан алуан кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді, сөйтіп, туған халқының мақтан тұтатын ардақты ұлы педагогына айналды. Қазақ балалар әдебиетінің атасына айналған алғашқы ұстазымыз өз туған халқын ерекше сүйді, оның болашағына зор сеніммен қарады. Сондықтан халық ағарту ісін айрықша шабытпен жүргізді. 1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында ол: «Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру — қалай дегенмен де аса қажет болып отыр», – деп жазды. Бұл жолға жету үшін атамыз көп қиыншылықтарды кездестірді. Ел ішіндегі ескішілдік, парақорлық пен өсек-аяң оның жанын күйзелтті. «Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек» деп санады.
Жасөспірімдерді өнер-білімге, оқуға, ұлы орыс халқының озық мәдениетімен үлгі-өнеге шақыруымен қатар, Ыбырай Алтынсарин отырықшылық тұрмыстың артықшылығын, белгілі бір мекен болудың жақсы жақтарын түсіндіруді мақсат етті. Жер, қолөнер кәсіптерімен айналысудың пайдалы жақтарын айтты. Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған қай шығармасын алсақ та, одан да жасөспірімдерге үлгі-өнеге берерлік, болашығына жол сілтерлік, оларға өмір танытарлық және іс-әрекетке үйретелік мол дүниенің есігі ашылғандай болды
Ыбырай Алтынсарин әлем әдебиетінен К.Ушинский, Л.Толстой, И.Крылов, И.Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Ел аузынан жиналған мақал-мәтелдер, эпос үлгілері, ақындар сөзі Ыбырай Алтынсариннің зерттеушілік қырын ұштай түседі. Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларының менталдық бейнесін жасаған жазушы, көркем сөз шебері. Оның дидактикалық әңгімелері қазақ баласының жан сарайын, кәсіби ойлау қабілеттерін қамтиды. Ыбырай Алтынсарин біріншіден, Шоқан мен Абайдың туған халқын мәдениетті халықтар қатарынан көргісі келетін арманын өз қолымен іс жүзіне асырды.
Ы.Алтынсарин қазақ шәкірттерінің таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазу мәселесімен де жемісті шұғылданды. Ол орыс-қазақ училищелеріне К.Д.Ушинскийдің «Балалар дүниесі», Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу кітабын», Б.Ф.Бунаковтың «Әліппе мен оқу кітабын», Тихомировтың «Грамматиканың элементарлық курсын» оқу құралы ретінде ұсына отырып, кейін солардың үлгісімен өзі де «Қазақ хрестоматиясы», «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты екі оқу құралын бастырып шығарды. Ол қазақ сахарасында тұңғыш рет ана тілінде дүние тану мектебін ашып, оның тұңғыш мұғалімі болды, қазақ тілінде әліппе жазды, алғаш рет ана тілінде оқулық – хрестоматия шығарды. «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица әрпі негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды. Хрестоматия балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді. «Қазақ хрестоматиясы» арқылы жеткен Ыбырайдың бүкіл әдеби мұрасы оның көркем шығарма жазуды ағартушылық идеясына бағындырғаны айқын көрсетеді. Ол әдебиетті бала санасына әсер ететін, оны жақсы, үлгілі істерге үйрететін күшті құрал деп ұқты.
Қазақ халқының келешегі тек өнер – білімде деп түсінген Ыбырай Алтынсарин өз ойын іске асыруда түрлі тосқауыл кедергілерге кездесті, бірақ оларды табандылықпен жеңе отырып, өз мақсатын іске асыра білді. Бүгінгі күнгі жаңартылған білім берудің де алға қойған қағидасының бірі баланы мәжбүрлі емес, білім алуға қызықтыру арқылы білімге деген уәжін арттыру арқылы оқушыны құзыретті тұлғаға айналдыру.
Сөзімді қорытындылай келе, Ыбырай Алтынсарин мұрасының өлмес, өшпес мұра екендігін айтқым келеді. Қараңғы қазақ көгінде шырақтай жанған, білім мен ғылымның, тәрбие мен өнердің шамшырағы атанған Ыбырай Алтынсариннің мұраларын сақтап, құрметтеп, ұрпақтан- ұрпаққа жалғастыру – біздің тарих алдындағы, әдебиет алдындағы азаматтық , адамзаттық парызымыз. Оның қай шығармасы болса да, баланың тіл мәдениетін көркейтуге, дамытуға әсері мол. Ы.Алтынсарин мұраларын зерттеп, оны ұстаздардың ұстазы деп қастерлеу, қадір тұту біздің міндетіміз. Ыбырай әңгімелерінен, жасынан отбасы тәрбиесін көрген бала үлкен азамат болғанда, өз мәнінде өмір сүруге бейім болады дегім келеді.


Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы, 1985 ж.
2. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. Алматы, 1962 ж.
3. Ыбырай Алтынсарин тағлымы. Құраст.: Жармұхамедов М. Алматы, 1991 ж.
4. Алтынсарин Ы. Өнер - білім бар жұрттар. Алматы, 1989 ж.
5.Ы.Алтынсарин. Қазақ әдебиеті: Алматы: Ғылым, 1979.-110 б
6.Ыбырай Алтынсарин. Таңдамалы шығармалар .- Алматы "Ғылым", 1994.-289 б
7. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 2-кітап. –Павлодар: Арман, 2004

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет