Ыбырайым Маманов қос қызметті –дай, -дей аффиксі туралы



Pdf көрінісі
Дата21.02.2017
өлшемі211,12 Kb.
#4633

Ғалия Шәріпжанова, 

Алматы энергетика 

және байланыс 

университетінің доценті, ф.ғ.к. 

 

Ыбырайым Маманов қос қызметті –дай, -дей аффиксі туралы 

 

     Ыбырайым  Маманов  –  қазақ  тіл  білімінің  әр  саласына  қалам  тартқан 

ғалым.  Ең  алдымен  қазақ  тіліндегі  етістік  мәселесіне  көп  көңіл  аударып, 

категориялық 

ерекшеліктерін 

зерттеп, 

грамматикалық 

сипаттарын 

айқындайды.  Қазақ  тілінің  табиғатына  жіті  көңіл  аудара  отырып, 

салыстырмалы  түрде  орыс  грамматикасымен  байланыста  қарастырады. 

Ғалым  жалпы  тіл  білімінің  жетістіктерін  кеңінен  пайдаланған.  Тіл  дамуына 

әсер  ететін  заңдылықтарды,  ішкі  және  сыртқы  факторлар  мен  себептерін 

анықтап  көрсетеді.  Әртүрлі  әдістер  арқылы  материалдарды  жинап,  өңдеп, 

топтап және соның негізінде теориялық қорытындылар жасайды.  

     Типология  тілдік  жүйенің  әртүрлі  деңгейде  бірігу  белгілерінің  белгілі 

типтері  мен  типтік  құбылыстар  дамуының  анықталуымен  шұғылданады. 

Әртүрлі  тілдердегі  тілдік  белгілердің  тоғысуы  барлық  немесе  көптеген 

тілдерге  сәйкес  келетін  жалпы  заңдылықтардың  (құрылымдық  белгі,  заң, 

ерекшелік,  тенденция)  дамуына  әкеледі.  Бұл  заңдылықтарды  тілдік 

универсалдар деп атау қабылданған. Тілдік универсалдарды анықтауға едәуір 

үлес қосқан ғалым қазақ тілі материалдарын монғол, армян тілдерімен, грек, 

грузин  тілдерімен  салыстырады.  Көп  тілді  меңгерген  ғалым  қазақ  тіл 

білімінің  ғылыми  негізін  қалауға  ат  салысты.  Ы.Маманов  тілдерді 

салыстыруда,  салғастыруда  жүйесі  бір  тілдер  мен  жүйесі  басқа  тілдердің 

материалдарын өзінің ретімен, орынды пайдаланғанды ұсынады. Ғалым бұл 

жайлы  «Жүйесі  басқа  тілдердің  грамматикалық  құбылыстарының  жүйелі 



тәртібін,  заңдарын  басшылыққа  алып,  сол  заңдарды  екінші  бір  тілге 

күштеп ендіру тіл біліміне үлкен қиянат» деп жазады /1./     Ы. Мамановтың 

тіл  білімінің  морфология  саласына  қосқан  үлесін  саралай  зерттеу  оның 

ғалымдық  тұлғасын  танытып,  ғылыми  танымын  тереңірек  ашып  көрсетуге 

мүмкіндік  береді.  Соның  ішінде  қазақ  тіліндегі  қосымшаларды  тілдік 

материалға  сәйкес  бөліп  қарауы,  әлі  де  әртүрлі  пікір  қалыптастыруға  негіз 

болып  жүрген  аффикстерге  берген  тұжырымды  ойлары,  етістіктің 

грамматикалық  топтарына  байланысты  құнды  пікірлері  қазіргі  қазақ  тілінің 

грамматикасын  қалыптастыруға  қосқан  құнды  көзқарас,  тұжырымдары  деп 

санаймыз. 

     Қазақ тілінде күрделі мәселелердің бірі болып табылатын қосымшалардың 

табиғатын  анықтау  ХХ  ғасырдың  екінші  жартысына  дейін  жалғасып  келді. 

Қазақ тілінде жазылған грамматикаларда қосымшалар сөз тудырушы, форма 



тудырушы, сөз түрлендіруші болып үш топқа бөлінсе, кейбір еңбектерде сөз 

тудырушы  және  форма  тудырушы  болып  екіге  жіктеледі.  Бұл  соңғы 

классификация  Ы.  Маманов  еңбегінде  нақты  шешімін  тапқан.  Ғалымның 

ғылыми  тұжырымдамасы  бойынша,  қазақ  тіліндегі  сөз  тудырушы 


қосымшалар  мен  форма  тудырушы  қосымшаларға  қойылатын  өлшемдер 

айқындалып көрсетіледі. 

     -дай,  -дей  қосымшасы  мектеп  оқулықтарынан  бастап,  жоғары  оқу 

орындарына  дейінгі  қазақ  тілі  оқулықтарында  сын  есім  тудырушы  жұрнақ 

болып  анықталған.  Сөзжасам  қосымшасы  деп  танылғандықтан,  түсіндірме 

сөздіктерде зат есімдерге жалғанған –дай, -дей формалы сөздер сын есім деп 

көрсетіледі. Бірақ -дай, -дей формалы сөздердің түсіндірмесі бірізді емес. Ол 

бір  жерде  «сияқты»,  «тәрізді»  мағыналарында  берілсе,  кейбір  тұста  ауыс 

мағыналары  нақтыланып  отырады.  Мысалы,  ақбөкендей  сын.  1.  Ақбөкен 

сияқты,  ақбөкен  тәрізді.  Ақбөкендей  болашақты  болжамай,  Жол  сауданы 

олжалай,  Ақбөкендей  алданып,  Жылқыдай  делбе  сандалып,  Аңдамай  келіп 

түскенсің  (Дулат  Бабатайұлы,  Замана).  2.  Ауыс.  Ақбөкен  сияқты  ірі,  үлкен. 

Сыртын  сырмен  сырлатқан,  Қарағай  найза  орнатқан,  Ақбөкендей  қойы  бар, 

Ақ  күмбездей  бойы  бар,  Қандай  байдың  үйі  екен?  (І.  Жансүгіров.  Шығ.). 

(Қазақ  әдеби  тілінің  сөздігі,  2006).  Бірінші  мысалда  ақбөкенге  теңеу  жағы 

басым болып, «тәрізді», «сияқты» мағыналарында қолданылып тұрса, екінші 

мысалда теңеу жалпыланып, ақбөкеннің қасиетіне байланысты «ірі», «үлкен» 

деген  ауыс  мағынаға  көше  бастаған.  Бұған  қарап  –дай,  -дей    тұлғалы  зат 

есімдердің мағыналық ала-құлалықтарына қарап, оларды сөзжасамдық бірлік 

не  сөзжасамдық  бірлік  емес  деп  тануда  әлі  де  шешімін  таппаған  мәселелер 

бар  екендігене  көз  жеткіземіз.  Түркологияда  бұл  қосымша  туралы  әртүрлі 

пікір  айтылған.  Ғалымдардың  бір  тобы  септік  жалғауы  деп  анықтаса,  енді 

бір  топ  ғалымдар  шылау,  келесі  тобы  үстеу  тудырушы,  енді  біреулері  сын 



есім тудырушы қосымша деп көрсетеді.  

     П.М. Мелиоранский -дай, -дей аффиксін салыстырмалы септік деп атаса 

/2/,  бұған  үндес  Құдайберген  Жұбанов  теңдес  септік  жалғауы  деп 

анықтайды  /3/.  Татар  ғалымдары  М.  Закиев  /4/  пен  Ф.  Ганиев  бұл  аффиксті 

септік  парадигмасына  қосады  /5/.  Сөзіміз  дәлелді  болу  үшін  Ф.  Ганиевтің 

мына  тұжырымына  назар  аударғымыз  келеді:  «Следует  отметиь,  что  во 

многих  трудах  по  татарскому  языкознанию  суффиксы  -дай,  -дей 

рассматриваются  как  словообразовательные.  Однако  это  утверждение  не 

согласуется  фактами  языка.  Ибо  указанные  суффиксы  присоединяются  ко 

всем  конкретным  существительным.  По  своим  функциям  и  значениям  они 

ничем  не  отличаются  от  грамматических,  в  данном  случае  от  падежных 

показателей. Эти суффиксы служат для выражения отношения одного слова 

к другому, и формы, образованные при помощи данных суффиксов относятся 

к  грамматическим  показателям  и  не  имеют  никакого  отношения  к 

словообразованию»  /6/.  Бұл  аталғандардан  басқа  Н.П.  Дыренкова,  Л.Н. 

Харитонов, Г. Алпаров, Э.В. Тенишев сияқты ғалымдар бұл тұлғаны  септік 



жалғауларына  жатқызған.  Қазақ  тіл  білімінде  Қ.  Жұбановтан  кейін  бұл 

қосымшаның  септік  жалғауы  қызметі  барын  көрсеткен  Ғ.  Мұсабаев  болды. 

Бұл  орайда  ғалым  -дай,  -дей  тұлғасын,  біріншіден,  «сияқты»,  «секілді» 

сөздерімен  мәндес;  екіншіден,  сөз  бен  сөзді  байланыстырады;  үшіншіден, 

жалғанған  сөзінің  лексикалық  мағынасын  өзгертпейді;  төртіншіден,  барлық 

сөз табына дерлік жалғана алады деген өлшемдерді ұстанады. Алайда мақала 



соңында  -дай,  -дей  қосымшасын  сын  есім  тудырушы  аффикс  деп  көрсетіп, 

екіжақты  пікірге  келеді.  Ғалым  өзінің  мақаласында  -дай,  -дей  аффиксін 

жұрнақтан  бүтіндей  қол  үзбеген,  жалғауға  айналып  бара  жатқан  аралық 

категория ретінде қарайды /7/. 

     Бұл  қосымшаны  форма  тудырушы  қосымша  деп  анықтаған  ғалымдар  – 

Н.А. Баскаков, М. Хабичев, қазақ тіл білімінде – Ыбырайым Маманов.  

     Осы  қосымшалардың  сөзжасамдық  және  форма  жасаушылық  қызметін 

анықтау  мақсатында  жазылған  А.  Жаңабекованың  «Сөз  формаларын 

жасаудағы  қосымшалардың  функциялық  ерекшеліктері»  деп  аталатын 

кандидаттық  диссертациясында  -дай,  -дей  қосымшасы,  жоғарыда 

көрсетілгендей,  анықталу  сипатына  қарай  топтастырып,  осы  қосымша 

туралы  айтылған  ғалымдар  пікірлері  мен  көзқарастарын  жүйелі  түрде  сөз 

етеді.  Автор  -дай,  -дей  қосымшасын  ұқсату  мағынасын  беретін  форма 

тудырушы  қосымша  деп  анықтайды.  Мұндай  тұжырым  жасауда  Ы. 

Мамановтың  -дай,  -дей  қосымшасы  туралы  айтқан  пікрлерін  басшылыққа 

алған  деуге  болады  /8/.  Қ.  Шаяхметов  сын  есім  тудырушы  -дай,  -дей 

қосымшасын екі функциялы қосымша деп анықтайды. Оның пікірінше, -дай, 



-дей қосымшасы жекеше, атау тұлғалы зат есім түбірлеріне жалғанғанда сын 

есім тудырып, сөзжасамдық қызмет атқарады. Ал есімше, көптік, тәуелдік, -

нікі,  -дағы,  -дегі  формаларынан  кейін,  жалқы  есімдерге,  модаль  сөздерге 

жалғанып  форма  тудыратынын  айта  келе,  бұл  қосымшаны  екі  функциялы 



аффикс  деп  көрсетеді  /9/.  -дай,  -дей  қосымшасының  тілдік  табиғаты  өте 

күрделі  екендігін  жоғарыда  айтылған  әр  алуан  көзқарастардан  байқауға 

болады.  Бұл  қосымша  жалғанып  жасалған  сөз  формаларының  білдіретін 

мағыналарын  салыстырғанда  оның  жалғанған  сөзіне  тек  салыстыру 

мағынасын  үстеумен  қатар  әртүрлі  ауыс  мағыналарды  да  білдіре 

алатындығына көз жеткіземіз.  Қазақ  тілінің  түсіндірме  сөздігінде берілген  -



дай,  -дей  тұлғалы  сөздердің  мағыналық  сипаттарына  назар  аударалық. 

Мысалы, «Арландай» сөзіне мынадай мағына беріледі: Арлан тәрізді, арлан 

сияқты.  Алты  ұлы бар  арландай,  Жалғыз  қызы ардақты  («Қамбар батыр»). 

Қасқырдың  арланындай  екі  төбет  құйрық  бұлғап,  басқа  секіріп,  Ғалибекке 

еркелеп  жатыр  (Ж.  Тілеков.  Жоңғар).  Берілген  екі  мысалдағы    -дай,  -дей 

тұлғалы  «арлан»  сөзінің  мағыналарын  салыстырсақ,  оларды  екі  мағынаға 

ажыратып  көрсетуге  болатынын  байқаймыз.  Екінші  мысалдағы  «арландай» 

сөзінің  мағынасы  «қасқырдың  арланы  сияқты,  қасқырдың  арланына 

ұқсайтын  екі  төбет»  деген  мағынада  қолданылған.  Мұнда  таза  қасқырдың 

арланына  ұқсату,  салыстыру  мағынасы  бар.  Бұл  -дай,  -дей  аффиксінің  тура 

мағынасы.  Бұл  аффикстің  бірінші  мысалдағы  мағынасы  (арландай  ұлы  бар) 

ұқсату,  салыстыру  мәнінен  гөрі  арланға  тән  мінез-құлық,  сыр-сипаттан 

шыққан  дырдай,  арыстай,  ортан  қолдай  деген  мағыналарды  білдіреді.  Бұл 

арландай  сөзінің  ауыс  мағынасы  болып  табылады.  Олай  болса,  түсіндірме 

сөздікте екі мағынасы көрсетілуі тиіс. Алайда бұл сөздің бірінші салыстыру 

мағынасын  білдіретін  қолданысы  таза  сөзжасамдық  емес.  Өйткені 

мысалдағы,  біріншіден,  -дай,  -дей  қосымшасы  арлан  сөзіне  тәуелдік 

формадан  кейін  жалғанып  тұр,  яғни  мұндайда  ол  грамматикалық 


формалардан  кейін  жалғана  береді  де,  жалғанған  сөзіне  салыстыру 

мағынасын үстейді.  Мұндай  салыстыру  кез  келген  екі  затты  не  құбылысты, 

не қимылды т.б. салыстыру кезінде бола беретін жағдай. Ол жалқы есімдерге 

жалғанғанда  да,  есімдіктерге  жалғанғанда,  сан  есімдерге  жалғанып  та 

салыстыру  мағынасын  үстейді.  Бұл  жағынан  ол,  Ы.Маманов  көрсеткендей, 

грамматикалық  абстракция  жасап,  сөзжасам  қосымшаларына  тән  талғап 

жалғану  шартына  сәйкес  келмейді.  Ал  ауыс  мағынада  қолданылғанда  бұл 

қосымша жалғанған сөзді сөзжасамдық бірлік ретінде қарауға болады. Арлан 

сөзінің  екінші  ауыс  мағынасы  болғанмен,  оның  қолданыста  тура  мағынасы 

(арлан  сияқты)  да  сақталған.  Ал  кейбір  осы  қосымша  жалғанған  сөздерде 

тура  мағыналары  сақталмаған  жағдайлар  да  кездеседі.  Олардың  түбіріне  -

дай, -дей қосымшасы кірігіп кеткен. Мысалы, Ы. Мамановтың сөзжасамдық 

бірліктерге  жатқызған  титтей,  дардай,  алпамсадай  сөздерін  бөліп-жарып 

қолдануға  келмейді.  Ал  кейбірі  сөйлеу  кезінде  тура  мағыналарында 

қолданыла  береді.  Түймедей  сөзін  алайық.  Сындық  мағынасы  –  кішкентай, 

сонымен қатар «Үлкендігі түймедей ғана затты көрсетті» (Ауызекі) деген 

сөйлемде  үлкендігі  түйме  сияқты,  түйменің  үлкендігіндей  деген  мағынаны 

білдіреді.  

     Қазақ  тілінің  он  томдық  түсіндірме  сөздігінде  -дай,  -дей  тұлғалы  сын 

есімдер негізінен беріліп отырады. Бұл қосымша сын есім тудырушы жұрнақ 

саналғандықтан,  осы  формамен  келген  сөздердің  біразы  сөздікке  енгізілген. 

Бірақ  оның  берілуі  мен  мағыналық  сипатында  бірізділік  жоқ.  Айталық, 

кейбір  зат  есімдермен  қолданысы  берілген  де,  қайсібірінде  бұл  тұлғамен 

түрленісі берілмеген,  яғни,    -дай,  -дей тұлғалы  зат  есімдер  жаппай берілген 

дей  алмаймыз.  Бұл  айтылғандардан    -дай,  -дей  қосымшасының  тілдік 

табиғаты  аса  күрделі  екендігін  байқаймыз.  Қазақ  тіл  білімінде  бұл  аффикс 

туралы  әртүрлі  пікірлер  болғанмен,  оның  барлық  қолданысына  таратылып 

талдау жасалмаған. Сол себепті бұл қосымшаның тілдік табиғатын мысалдар 

мен  сөздіктегі  мағыналарын  салыстыра  отырып,  мол  тілдік  фактілер 

жинақтап әлі де зерттеу қажет. 

     Ы. Маманов -дай, -дей қосымшасы сияқты әр жақты, әр бағытта зерттеліп 

жүрген  тілдік  тұлғалардың  табиғатын  ашуға  ұмтылған.  -дай,  -дей 

қосымшасын  форма  тудырушы  деп  тануына  бұл  тұлғаның  мынадай  тілдік 

сипаты  негіз  болған.  Біріншіден,  -дай,  -дей  жұрнағы  өзі  жалғанған  түбір 

сөздің  лексикалық  мағынасын  өзгертпейді,  оған  салыстыру  мағынасын 

үстейді.  Екіншіден,  бұл  тұлға  сөзжасам  қосамшылырының  талғап  жалғану 

шартына  толық  сәйкес  келе  бермейді.  Ол  сөзді  талғамай  жалғанады.  Бұл 

өлшемді  Ы.  Маманов  «Форма  тудырушы  қосымшаларға  тән  екінші  сипат, 

яғни,  форма  тудырушы  қосымшалар  грамматикалық  абстракция  жасайды» 

деп  көрсетеді.  -дай,  -дей  қосымшасының  мұндай  ерекшеліктері  кейін  Қ. 

Шаяхметов,  С.  Исаев,  А.  Жаңабекова  зерттеулерінде  жалғасын  табады. 

Алайда  С.  Исаев  бұл  аффиксті  функциялық  қосымшалар  деген  атаумен 

қосымшалар  классификациясында  көрсеткенмен,  терең  тоқталмаған.  Екі 

функциялы  аффикстердің  тілдік  табиғатын  зерттеген  Қ.  Шаяхметов  -дай,  -

дей-дің  форма  тудырушы  қызметін  көрсетумен  қатар  оның  зат  есім 


түбірлеріне  жалғануы  кезіндегі  қызметін  сөзжасамдық  деп  көрсетеді.  Бұл 

теория  бойынша  -дай,  -дей  қосымшасы  барлық  зат  есімдерге  жалғанғанда 

сөзжасаушы  қызмет  атқарады  деген  сөз.  Алайда  бұл  тұжырымның  дұрыс-

бұрыстығына  көз  жеткізу  үшін  бірнеше  зат  есім  түбірлеріне    -дай,  -дей 

тұлғасын  жалғап  көрейік.  Мысалы:  баладай,  түймедей,  таудай,  аюдай, 

кітаптай,  қаламдай,  үстелдей,  кілемдей  т.б.  осы  мысалдардағы  -дай,  -дей  

қосымшасының қызметі бірдей емес, бірінде сөзжасамдық бірлік жасаса, енді 

бірінде  сөйлеу  бірлігі  болып  салыстыру  формасындағы  зат  есім  болып  тұр. 

Үстелдей,  кілемдей,  қаламдай,  баладай  сияқты  сөздерде  тек  салыстыру 

мағынасы бар да, ал түймедей сөзі кішкентай, таудай үлкен, аюдай ірі, дәу 

деген  мағыналады  білдіреді.  Бірақ  бұл  соңғы  мысалдарда  салыстыру 

мағынасы мүлдем жоқ деуге болмайды. Сөйлеу жағдаятына қарай ол сөздер 

таза салыстыру мағынасында да қолданылуы мүмкін. Мысалы: Үлкендігі осы 

түймедей  бар-ау  (Ауызекі).  Бағанағы  аюдай  үлкен  емес  екен  (Ауызекі). 

Осындағы түймедей, аюдай сөздері зат есімнің салыстыру мағынасында тұр. 

Бұл    -дай,  -дей  қосымшасының  негізгі  қызметі,  яғни,  форма  тудырушы 

қызметі.  Ал  олардың  кішкентай,  ірі,  дәу  мағыналары  –  екіншілік 

сөзжасамдық мағыналар. 

     Ы.  Маманов    -дай,  -дей  қосымшасының  осындай  тілдік  сипатын  анық 

аңғара  білген.  Сондықтан  біз  Қ.  Шаяхметовтің  -дай,  -дей  қосымшасы  зат 

есім  түбірлеріне  жалғанғанда  сөз  тудырады  деген пікірін біршама шартты 

түрде  алынған  тұжырым  деп  санаймыз.  Ы.  Мамановтың  «-дай,  -дей 

қосымшасының  негізгі  қызметі  –  форма  тудыру,  ал  осы  тұлға  жалғанып 

жасалған  сөздер  бұл  қосымшаның  сөзжасамдық  қызметінен  емес,  яғни, 

сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы жасалмаған, олар үнемі қолданыла 

келе  тұрақталып,  лексикаланып,  яғни,  сөзжасамның  лексика-семантикалық 

тәсілі  арқылы,  конверсия  (грамматикалық  сипатын  өзгерту)  жолымен 

жасалған» деген пікірін дұрыс деп санаймыз.  

       

Пайдаланылған әдебиеттер: 

 

1. Қазіргі қазақ тілі (Етістік). –А., «Мектеп», 1966. 156 б. 



2. Краткая грамматика казак-киргизского языка. СПб, 1897, 92-б. 

3.Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. –А., «Ғылым», 1996, 362-б.  

4.Закиев М. Синтаксический строй татарского языка. Қазан, 1964, 464-б. 

5. Ганиев Ф. О синтетических и аналитических падежах в татарском языке // 

Сб. Вопросы тюркологии, Қазан, 1970. 

6. Суффиксальное словообразование в современном татарском литературном 

языке. Қазан, филиал АН СССР, 1974, 231-б. 

7.  Мұсабаев  Ғ.  Қосымша  -дай,  -дей  туралы  //  Қазақ  ССР  Ғылым 

Академиясының Хабарлары. 3-4 шығуы. –А., 1955/. 

8.Жаңабекова А. «Сөз формаларын жасаудағы қосымшалардың функциялық 

ерекшеліктері» кандидаттық диссертация. –А., 2011 ж., -150 б. 

9. Шаяхметов Қ. Қазақ тіліндегі қосымшалардың екі жақты қызмет атқаруы // 



Қазақ тілі мен әдебиеті. –А., 1968. 5-шығуы. 185-195 б. 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет