«Ихсан» -ерте заманнан мұ­сыл­мандық жолды ұстанған қазақ халқының діни түсінігіне жақын ілім



Дата14.03.2022
өлшемі21,87 Kb.
#27853

«Ихсан» –ерте заманнан мұ­сыл­мандық жолды ұстанған қазақ халқының діни түсінігіне жақын ілім.

«Ихсан» сөзі шынайылық деген мағынаны білдіреді. «Ихсан» дегеніміз – Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен құлшылық ету. «Ихсан» ілімі мұсылман баласын әр істе, әр құлшылықта ­шынайы болуға тәрбиелейді. ­Асылында, Алла Тағала барша адамның әр ісін, сөзін, ниетін, тіпті көкейдегі ойын да біледі. Шынайылық болмаған амалда береке болмайды.

«Ихсан» ілімінің негізгі мәні - Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету. Біз Алланы көрмесек те, Ол бізді көріп тұрғандай сеніммен құлшылық ­жасауымыз керек. «Ихсан» ілімі адамды тақуалыққа тәрбиелейді.

Ислам тек құлшылықтың діні емес. Ислам – мейірімділік пен қайы­рымдылықтың діні.

Шәкәрім -  Абайдың ізбасары, қазақтың кәсіби философы, ислам ілімі мен мәдениетінің терең білгірі, діни философ.

Шәкәрімнің дүниетанымының негізгі ерекшелігі- дін және руханилық мәселесін қарастыру мен өзіндік рухани-құндылық жүйесін ұсыну болды. Ойшылдың рухани ізденістері бүгінгі күннің талаптары тұрғысынан қарасаң да құндылығы мол рухани мұра. Ол адамдар бойындағы имандылық, діни-рухани тазалық мәселелерін қарастыра отырып, бірқатар ұсыныстары мен тұжырымдарын ұсынған.

Рухани ұстазы Абай және замандастары сияқты Шәкәрім шығармаларында толығымен адам мен қоғамдық дамудың жолын іздестіріп, ол діннің ақ жолын қоғамдық дамудың рухани негізі ретінде ұсынып, әрбір адамның өмірлік құндылықтық бағдарын айқындауда имандылық пен білімге сүйену, адалдық, адамгершілік заңдарын басшылыққа алу керектігін тұжырымдаған шығармаларының берері мол, рухани туындылар.

Шәкәрімнің «Үш анық» еңбегі үш ақиқат: сенім ақиқаты, ғылым ақиқаты мен ар-ұжданды көрсетіп, адам үшін маңызды сұрақтарды көтеріп, оған өзінше жауап қатып, адамның рухани дамуының жолдарын тереңінен көрсеткен.

Шәкәрімнің «Үш анық» атты еңбегі ұждан мәселесін талдауға арналған. Адам үшін екі дүниенің бақыты жақсылық пен ізгілікті ұстану екендігі туралы: «Екі өмірге де керекті іс – ұждан, ұждан дегеніміз ынсап, әділет, мейірім» – деп исламның мейірімділік пен әділеттілікті, сабырлылық пен қанағатшылдықты атап көрсетеді. Бұл ислам ілімі мен әдептілік қалпын терең білген ғалымның сөзі. Осы еңбегінде ойшыл: «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол – мұсылман жолы» деген сөзінен ислам дінінің жалпы адамзатқа тән құндылықтарды ұстанатын дін екендігін және адамдарды бауырластыққа шақыратын айқын жол екендігін көрсетеді.

Ұждан – ихсам ілімінің негізгі ұғымдарының бірі. Шәкәрім ислам ғұламасы ретінде имандылықты, көркем мінезділікті, діндарлықты өз еңбектерінде насихаттаған. Бұл сөзімізге дәлел оның «Мұсылмандық шарты» еңбегі. Бұл еңбегінде: «Иман деген Аллаһ Тағаланың барлығына, бірлігіне, Онан басқа Аллаһ жоқтығына, Құран сөзінің бәрінің шындығына анық ықыласпенен нанбақ» деп Аллаһқа иман келтіру яғни таухид ұғымынан бастайды. Ойшылдың бұл еңбекті жазудағы мақсаты халқына иман негіздерін, шарттарын жеткізуді ойлаған ұмтылысы деп білеміз. Ел-жұртының исламды дұрыс түсініп және дұрыс бағыт алуын мұрат тұтқан Шәкәрім бұл еңбекті ана тілімізде жаза отырып, ұлт дүниетанымына сай дін құндылықтарын түсіндіре білген.

Шәкәрім өз уақытында «Айқап» журналына бес сұрақ қойған: «Алланың адамды жаратқандығы мақсаты не? Адамға тіршілік ең керегі не үшін? Адамға өлген соң мейлі не жөнімен болсын рахат-бейнет бар ма? Ең жақсы адам неғылған кісі? Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? Бұл сұрақ ойшылдың замандастары үшін де, бүгінгі уақыт үшін де өзекті. Өйткені, діннің өркениеттік және құндылықтық негіздерін түсіну әрқашан да маңызды. Жаратушы адамды өзін танып, иман етсін, ғибадат құлшылығын жасасын және бірін-бірі танып білсін деген.

Адам өмірі Жаратушының берген сыйы және аманаты болғандықтан, пенде өзінің рухани жан дүниесін байытып, парыздарын орындап, ахлаған жетілдіруі тиіс. Жаратушы тарапынан жіберілген діндерде өткінші және мәңгілік дүниелер туралы айтылады. Бұл діндердегі негізгі түсініктердің бірі. Ислам дінінде бұл дүниеден екінші дүниенің бар екендігіне сену иман шарты болып саналады. Хадисте: «Бұл дүние – ақыреттің егінжайы» деген.

Мұсылмандықта өткінші, сынақ дүниесіндегі пенденің әрбір жасаған ісі таразыға салынатындығы айтылады. Жақсы адам бұл ізетті, қарапайым, ар-ұятты бойына жинаған, иман жүзді, салихалы, сабырлы, ибалы адам. Жақсы адам бойында ұлттық және адамзаттық құндылықтар үйлесімді орнығады. Адам баласы жан мен тәннен тұрғандықтан жан мен тән құмарлықтарын қанағаттандыруға ұмтылады. Парасатты, иман жүзді адам нәпсісін тежеп, өзінің адами қасиетін ардақтап ұстайды. Имандылықты ұстанып, обал мен сауапты білу, халал мен харамды ажырату адамзат қоғамы үшін әрқашан да басты ұғым болып қала беру керек.

Шәкәрім – өз ұлтын бар болмысымен сүйген ұлтжанды, өршіл ойшыл. Ол елінің болашағын, халықтың иманын ойлап, тұңғыиық терең рухани мұра қалдырған.

Ойшыл өзінің «Шошыма, ойым, шошыма» атты өлеңінде былай пайымдайды:

Шошыма, ойым, шошыма,

Келмейді жындар қасыма.

Таһараты жоқ сайтан,

Жоламас менің қасыма.

Қажыма, ойым, қажыма,

Қарама тозған жасыма.

Адаспасаң ақ жолдан,

Қонады бақыт басыңа.

Билет бәрін сабырға,

Кірме ажалсыз қабырға.

Сырласатын күн туар,

Жан қияр жақын тамырға!.

Бұл өлең жолдарында имандылық пен тән және жан тазалығының адам өміріндегі маңыздылығын айқындай келе, дені таза, жаны пәк, иманды жаннан қандай жағдайда да Алланың нұры жауып, бақытқа кенелетіндігіне сенімін білдірді. Осы жолдарда діндегі адамның өз ажалымен бақилық болу мен өзіне қол жұмсау мәселесін көтеріп, адам өмірінде қиындыққа ұшырасқанда барлығын сабырға жеңдіріп, ақ жолдан таймаған жағдайда ғана бақыттың төрі алыс емес екендігін тағы да көрсетеді. Өзі жасынан ислами құндылықтарды бойына сіңіріп, имандылықтың, сабырлықтың, адалдықтың мәні мен маңызын діни тұрғыдан терең түсінген ойшыл, адамдарды имандылыққа, жақсылыққа, сабырлыққа, білім мен ғылым білуге шақырды.

Сен ғылымға болсаң ынтық,

Бұл сөзімді әбден ұқ.

Білгеніңнің жақсысын қыл,

Білмегеніңді біле бер.

Білген ердің бол шәкірті,

Білмегенді қыл шәкірт.

Үйренуге қылма намыс,

Үйретуге болма кер, – деп, білім мен білімсіздіктің арасының жер мен көктей айырмашылықты көрсетіп, білмегеніңді білуден жалықпа, одан арланба, ал білгеніңді ішке сақтамай оны адамзат қажетілігіне жұмсап, басқаларға үйрет деп адам дүниеге келгенен кейінгі өмірі бойына білім нәрін жинақтап, сонымен өзінің өмірлік бағдарын табатындығын жеткізуге тырысты. Өз ұлтының қоғамдық дамуын ғылым-білім жолынан іздеген Шәкәрім өзі де осы жолда қажымай еңбектенгендігі оның сан-саналы ізденістернің нәтижесі болған рухани мұраларынан байқауға болады.

Сонымен, Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани ізденістері нәтижесінде туындаған шығармалары жалпы адамзаттық мәселелерді тереңінен толғаған, берері мол құнды дүние. Ойшылдың мұраларында берілген идеяларының төркіні қазіргі рухани жаңару заманында таптырмас бұлақ. Тек сол рухани бұлақтың көзін ашып, сусындау өзін-өзі жетілдіруді көздеген әрбір адамға таптырмас қазына десек артық айтқандық емес.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өз сөзінде:

Арсыз арам, асығыс айлакерлік,

Мұның бәрі шайтанның досы болмақ-деп арсыздарды шайтанның досына теңеген.

Ар мен ұят намыс туралы асыл дініміз Исламда құнды ғибраттар мол. Ислам ең алдымен ар мен намысты, ұятты барынша жоғары қоятын адамгершілік діні.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис шарифінде: «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Бұл сөз қазақтың «ұят кімде болса, иман сонда» деген ұлағатты сөзімен ұштасып жатыр.

Сондықтан ар мен намысты ұятты әр кез биік қойған ұлттық боашағы жарқын, алды нұрлы болмақ. Ерде намыс қызда ар болса ұлтымыздың аспанын бұл шалмай ел еңсесі тік болары хақ.

Ойымызды қорытындылай келгенде, Шәкәрім қажы – ислам дінінің, оның ішінде Ихсан ілімінің жақтаушысы, діни философ. Оның шығармалары исламның алтын қазығындай, тура жолға бастап, әділдіктің ақ туын биік ұстаған, қара қылды қақ жарған от тілді шығармалар. Діни көзқарастағы шығармаларын көз жүгіртіп оқи салмай, әлі де зерттеп, тануымыз керек, үйренеріміз де, үлгі аларымыз да көп.



 

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет