Issn 1607-2782 Республикалық


М. ШОҚАЙ МҰРАСЫНДАҒЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ



жүктеу 1.83 Mb.
Pdf просмотр
бет7/17
Дата15.03.2017
өлшемі1.83 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17

М. ШОҚАЙ МҰРАСЫНДАҒЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ
 
 
Ә
.Қ.БӘКІР, саяси ғылымдарының докторы, профессор 
Қазақ гуманитарлық заң университеті, Қазақстан Республикасы 
 
Аңдатпа
 
Мақалада  тамаша  тарихшы,  сарабдал  саясаттанушы,  жалынды  публицист  Мұстафа 
Шоқайдың  шығармаларындағы  тәуелсіздік  идеясы  мен  оған  жетудің  жолдарына  талдау 
жасалынған.    
Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік санасының қалыптасуы патшалық Ресейдің отарлық 
саясатымен тікелей байланысты. Елдегі орыс қоныс аударушыларының халықты басынған 
озбырлық  әрекеттері  бала  Мұстафаның  санасында  терең  із  қалдырады.  Болашақ 
саясаткердің  Петербургте  оқыған,  қызмет  атқарған жылдары  да оның  саяси  университеті 
болды.  
Мұстафа  Шоқайдың  тәуелсіздік  идеясы  20-сыншы  жылдардың  аяғына  қарай 
айқындалды. Оның тәуелсіздікке жету  тактикасы да аса маңызды. Ол ұлттық жаудың тым 
күшті екенін білді, сондықтан  азаттық пен тәуелсіздікке бастайтын ең төте және ең қысқа 
жол  –  Түркістан  ұлттық  майданының  ішкі  бірлігін  барынша  нығайту  мен  оны  басқа 
халықтардың ұлт-азаттығы үшін күрес  орталықтарымен тиімді үйлестіру деп санады.  
Өзінің  ішкі  бірлігін  нығайта  алған,  ұлттық  рухы  жоғары    халықтар  ғана 
тәуелсіздігіне қол жеткізеді және оны қорғап қала алады деп санаған Мұстафа Шоқайдың 
терең мағыналы өсиеті бүгінгі Қазақстан жағдайында ерекше мәнді болып отыр.  
Кілт сөздер:
 Мұстафа Шоқай, отарлық саясат, тәуелсіздік, тәуелсіз сана, ішкі ұлттық 
бірлік, ұлттық рух, Қазақстан. 
 
Аннотация
 
Статья  посвящена  анализу  идеи  независимости  и  методов  ее  достижения  в 
произведениях  замечательного  историка,  маститого  политолога,  пламенного  публициста 
Мустафы Шокай. 
Формирование  сознания независимости  у  Мустафы  Шокай  связано  с  колониальной 
политикой  царской  России.  В  его  молодом  сознании  действия  местных  царских 
чиновников  оставили  глубокий  след.  Годы  учебы  и  работы  будущего  политика  в 
Петербурге стали его жизненным и политическим университетом. 
Концепция борьбы за независимость у Мустафы Шокай четко определилась к концу 
20-годов. Поучительны методы  ее достижения. Мустафа  Шокай считал  самым прямым и 
коротким  путем,  ведущим  к  свободе  и  независимости,  –  всемерное  укрепление 
внутреннего  единства  Туркестанского  национального  фронта  и  его  эффективную 
координацию с центрами национально-освободительной борьбы других народов. 
Идеи Мустафа Шокай, заключающиеся в том, что только сильные своей внутренней 
сплоченностью  и  национальным  духом  народы  смогут  достичь  независимости  и  в 
дальнейшем ее защитить, имеют особый смысл в условиях независимого Казахстана.   

52 
 
Ключевые  слова:
  Мустафа  Шокай,  колониальная  политика,  независимость, 
независимое  сознание,  внутренняя  национальная  сплоченность,  национальный  дух, 
Казахстан. 
      
Annatation 
This  article  is  devoted  to  the  idea  of  independence  and  methods  of  its  achieving  in  the 
works of a remarkable historian, political scientist, publicist Мustafa Shokay.  
Formation  of  an  independence  consciousness  of  Mustafa  Shokay  is  associated  with  the 
colonial  policy  of  royal  Russia.  There  was  a  deep  trace  of  local  royal  officials`  actions  in  his 
young consciousness. Years of study and work of the future politician in St. Petersburg was his 
vital and political institution. 
The concept of the struggle  for independence of Mustafa Shokay were clearly defined by 
the  end  of  the  20s.  Methods  of  its  achieving  are  instructive. 
Mustafa  Shokay  considered  a 
comprehensive strengthening of the  internal unity of Turkestan National  Front and  its effective 
coordination  with  the  centers  of  the  national  liberation  struggle  of  other  nations  as  the  most 
direct and shortest way leading to freedom and independence.  
Ideas of Mustafa Shokay that nations with only strong internal unity and national spirit will 
be able to achieve independence and to protect it in the future, also they play an important role in 
the conditions of independent Kazakhstan. 
Key  words:  Mustafa  Shokay,  colonial  policy,  independence,  independent  consciousness, 
internal national 
unity
, national spirit, Kazakhstan. 
 
Биыл  туғанына  125  жыл  толатын,  бүкіл  түркі  халқының  азаттығын  өзінің  ең  басты 
өмірлік  мұраты  санаған  Мұстафа  Шоқайдың  саяси  қызметі    екі  бағытта  қарастырылып 
келеді.  Бірі  –  тікелей  ұйымдастырушылық  жұмыс.  Екіншісі    –шығармашылық  қызмет. 
Алайда  бұл  екі  саланы  шартты  түрде  ғана  бұлай  бөлуге  болады,  өйткені  бұл  екі  бағыт 
бірін-бірі айқара аша, толымды толықтыра түседі. 
Сөз  басында  ретті  бір  мәселеге  тоқтай  кетейін.  Егер  Алаштың  батырлары  Ресейдің 
отаршылдық  саясатына  қарумен,  қылыш-найзамен  қарсы  шықса,  ал  алғашқы 
ағартушыларымыз  қолдарына  қалам  алды.  Осыдан  бір  жарым  ғасыр  бұрын,  1864  жылы 
өзінің  «Сот  реформасы  жайындағы»  жазбада  азаттық  пен  еркіндікті  халықтың  табиғи 
атрибуты санаған қазақтың тұңғыш ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Халықтың қалыпты 
түрде өсуі  үшін ол дамудың қандай деңгейінде тұрса да:  өзіндік дамуы,  өзін-өзі корғауы, 
өзін-өзі  басқаруы  және  өзіндік  соты  болуы  қажет»  деген  болатын  [1,103-б.].  Алайда,    ол 
кезде мұны «тәуелсіздік» ұғымы деп түсінетін де, оны асқақ идея деп көтеретін де ешкім 
бола  қойған  жоқ.  Мұны  тұңғыш  рет  Алаштың  жетекшілері  әуелі  патшалық 
отаршылдықтан, сонан соң кеңестік қыспақтан құтылудың,  азаттыққа жетудің бірден-бір 
жолы  деп  ұғынды,    бостандықтың  туы  етіп  жоғары  ұстады.  Бірақ  олардың  армандарына 
жете алмағаны сіздерге белгілі.  
Мұстафа Шоқайдың да саяси қызметінің басты нысаны тәуелсіздік идеясы болатын. 
Сондықтан  ұлы тұлғаның саяси болмысын «Тәуелсіздік»  ұғымынсыз түсіну мүмкін емес. 
Біз бүгін сарабдал саясаткер мұрасындағы осы идея туралы бірер ойымызды ортаға салсақ 
дейміз.   
Мұстафа  Шоқайдың  тәуелсіздік  санасының  қалыптасуы  өз  заманымен,  патшалық 
Ресейдің  отарлық  саясатымен  тікелей  байланысты.  Ойы  сергек,  ары  таза,  туасы  әділетті 
жанның    сезімінде  ең  алғаш  өзі  өсіп-өнген  саяси-әлеуметтік  орта,  елдегі  орыс  қоныс 
аударушыларының  халықты  басынған  озбырлық  әрекеттері  терең  із  қалдырады. 
Патшаның  жергілікті  шенеуніктері  Шоқай  әулетінің  екі  рет  кірпіштен  салынған  үйін 
ақысыз-пұлсыз иеленсе, ал егістігін тіпті тартып алады. Сонан соң Мұстафа Ташкенттегі 
гимназияны өте жақсы бітіргенде оған тиісті алтын медальды генерал Самсоновтың орыс 
баласына  жаздыруы  «бұратана»  халықтың  перзентіне  көрсеткен  ұлы  державалық 
шовинизмінің  айқын  көрінісі  еді.  Сондай-ақ  сол  кездегі  қазақ,  қырғыз,  өзбек,  түрікмен, 

53 
 
қарақалпақ,  орыс  және  басқа  да  ұлт  өкілдері  тұратын  Орта  Азия  кіндігі,  Түркістан 
аймағының  бас  қаласы  –  Ташкентке  елден  келген  кісілердің  түрлі  өтініш-арыздарын 
шешуге  қатыса  отырып,  гимназист  Мұстафа  жергілікті  жұртшылық  арасындағы  саяси-
әлеуметтік, құқықтық теңсіздікті көзімен көрді, жүрегімен сезді.  
Болашақ саясаткердің Петербургте оқыған, қызмет атқарған жылдары да оның саяси 
университеті болды. Ең алдымен ол терең білім алды, сонан соң орыс зиялы  қауымының 
Батыстан  тараған  либералистiк  пиғылдағы  топтарының  ықпалымен  саяси  еркiндiк  пен 
әлеуметтiк әдiлдiктi жақтаған демократиялық үрдістерді бойына сіңірді.  Мұстафа  Шоқай 
1933  жылғы  “Өткен  туралы  естелік  беттері  (Ресейдегі  түрік  студенттер  өмірінен)”  атты 
мақаласында  Ресейді  реакция  жайлаған,  жоғары  оқу  орындары,  әсіресе,  университеттер 
полицияның 
қырағы 
бақылауына 
алынған 
1910-1914 
жылдары 
 
Петербург 
университетінде  курста  болғанын  айта  келе:  “Жағдайдың  сондайлығына  қарамастан,  біз, 
студенттер  жиындар  ұйымдастырып,  Үкіметке  қарсы  шешімдер  қабылдап,  көшелерде 
демонстрациялар  жасайтынбыз”  -  деп  өзінің  студенттердің  саяси  қозғалыстар  ортасында 
болғандығын жазған тұғын [2, 209-б.].  
Мұстафа  Шоқайдың  еркін  ой-пікірінің  алғашқы  көріністерін  бір  топ  студенттермен 
бірге жазған хат пен үндеулерінен байқауға болады. 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» 
газетіне  жолданған  құттықтауда  жастар  Орынборда  шықпақшы  болып  жатқан 
басылымның  «қадамы  қайырлы,  бауы  берік,  өмір  жасы  ұзақ  болып,  мақсатқа  жетпегіне 
тілектестіктерін  білдіре  отырып»,  қазақ  жұрты  үшін  аса  маңызды  екі  мәселені  көтереді. 
Оның  бірі  –  "Қазақ"газетін  «бір  жағадан  бас  шығарып,  бір  ауыздан  сөз    шығарып», 
«мұңды  жұртымыздың  мұңдасып,  бірінің  хал-жайын  бірі  біліп  тұруына  да  жәрдемдесу».  
Екіншісі - «бір нәрсе жазғанда басқа әріп, фарсы, ноғай қандастарымыздың (қандас, туыс 
деген  мағынада  –  Ә.Б.)  сөздерін;  орысша  оқығандарымыз  орыс,  яки  басқа  Еуропа 
жұртының тілдерін орынсыз көп кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазу» 
[3,  15-16-бб.].  Сол  сияқты  Петерборда  оқитын  түркі  халықтарының  бір  топ  жастарының 
(ішінде  Мұстафа  Шоқай  да  бар  –  Ә.Б.)  екінші  бір  топтың  патшаға  жағымды  діни  ұйым 
құрғандарына  қарсы  шығып,  «Сиратель-Мустаким»  жақтаушыларының  жаңа  әрекеттері 
туралы» үндеу қабылдаған болатын [3,16-17-бб.]. 
Өткен  ғасырдың  басында  Мұстафа  Шоқайлардың  тіл  мен  діннің  тазалығын  мәселе 
етіп көтерулері бүгінгі күні мемлекеттік мәртебеге ие болғанына ширек ғасырдан асса да, 
ана  тіліміздің  тәуелсіз  еліміздің  төріне  шыға  алмай  отырғаны,  діни  кеңістікте  еркіндік 
алдық деп жастарымыздың түрлі діни ағымдарға бой ұрып жүргені еріксіз еске түседі. 
Алаштың басқа жетекшілері сияқты Мұстафа Шоқай да тәуелсіздік идеясына тікелей 
даңғыл  жолмен  келген  жоқ.  Мысалы,  1917  жылғы  Ақпан  буржуазиялық-демократиялық 
революцияның  нәтижесінде  патшалық  монархияның  тақтан  түсуін  қызу  қолдаған 
Ә.Бөкейхан,  М.Дулатұлы  және  М.Шоқайлардың  «Алаш  ұлына»  атты  сүйінші  хатта: 
«Азаттық  таңы  атты.  Тілекке  құдай  жеткізді.  Күні  кеше  құл  едік,  енді  бұл  күн  теңелдік. 
Қам  көңілде  қаяу  арман  қалған  жоқ.    ...  Россия  қол  астындағы  халықтардың  бәріне:  дін, 
ұлт, тіл айырмасына қарамай, азаттық әперді» деп жазған болатын [4, 297-б.]. Алайда көп 
ұзамай-ақ Уақытша  үкіметтің саяси  әрекетін Алаш көсемдері түсінді. Мұстафа Шоқай да 
өзінің  «1917  жыл  естеліктерінен  үзінділер»  деген  еңбегінде:  «Біз  бұл  тұста  1917  жылғы 
революция ұлттық мемлекет құруымызға  мүмкіндік береді деп үміттеніп, сеніп едік. Бұл 
үмітіміз бен сеніміміз ақталмай, алданып қалдық» деп жазғанды [5, 14-б.]. 
 
Ал  1917  жылғы  21-інші  қарашада  “Қазақ”  газетінде  басылған  “Алаш”  партиясы 
программасының  жобасында  “Қазақ  жүрген  облыстардың  бәрі  бір  байланып,  өз  тізгіні 
өзінде болып, Россия республикасының  федерациялық бір ағзасы болуы” деп жазылғаны 
белгілі.  Сол  сияқты  1917  жылғы  22-інші  қарашада  Ташкентте  Түркістан  кеңестерінің 
өлкелік  съезінің  қорытындыларына  риза  болмаған  Мұстафа  Шоқай  бастаған  топ,  1917 
жылы 28 қарашада Қоқан қаласында өткен аймақ мұсылмандарының IVТөтенше съезінде 
Түркістан  территориялық  автономиясын  жариялағанда  да  оны  Ресей  демократиялық 
республикасымен бірлікте қараған болатын.  

54 
 
Шынында да, большевиктер билік  қолға тигеннен кейін  “ұлттардың өзін-өзі билеуі 
туралы”  ұрандарынан  тез  айнып,  өз  табиғатын  шынайы  танытқан  болатын.  Сөйтіп, 
Мұстафа  Шоқай  сөзімен  айтқанда,    «қызыл  сөздерге  боялған»  мұндай  үгіт-насихаттың 
нәтижесі  іс  жүзінде  «орыстың  ұлттық  рухына  негізделген  пролетариат  диктатурасынан 
басқа ештеңе де болмай шықты...» [6, 51-б.].  
1930  жылы  жазылған  «Автономиядан  –  тәуелсіздікке»    атты  мақаласында  Мұстафа 
Шоқай    Түркістан  (Қоқан)  автономиясы  туралы  өзінің  ойларын  былай  қорытындылаған 
еді:  “Өздерінің  балалық  дәуірін  еске  алатын  ересек  адамдар,  бірақ  сол  дәуірге  қайта 
ораламын  деп  ойламайтыны  сияқты  біз  де  саяси  өміріміздің  балалық  дәуірі  -  Түркістан 
автономиясын  еске  аламыз”  [3,  24-б.].  Осыдан  бес  жыл  кейін  жазылған  ”Он  жеті  қабат 
жер астында  қалғыр бір жарамсыз  қылық жайында” деген мақаласында тағы да Мұстафа 
Шоқай  1917  жылғы  төңкерістің  бас  кезінде  Алаш  жетекшілерінің  барлығы  федералист, 
унитарист  тәрізді  ағымдардың  ықпалында  болғандарын,  оның  орыс  демократиясына 
шамадан тыс сенуден туғандығын ашық айтқан болатын [6, 442-б.].  
Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік үшін күрес идеясы, халқының азаттық алуы туралы 
ой-тұжырымдары 20-сыншы жылдардың аяғына қарай айқындалды. 1929 жылы жазылған 
«Біздің  жол»  атты  мақаласында ол  басты мақсатты  былайша  алға  қойды:  «Біз,  Түркістан 
тәуелсіздігін  жақтаушылар,  еліміздің  еркі  үшін  және    жұртымыз  Түркістанның 
бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түрістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір 
де  жоқ  және  бұдан  соң  да  болмайды»  [6,  32-б.].  Осыдан  бір  жыл  кейін  жазылған 
«Автономиядан  –  тәуелсіздікке»  деп  жоғарыда  аталған  еңбегінде  Мұстафа  ұлттық 
тәуелсіздік  «Қытай  қорғаны»  сияқты  ешкімнен  оқшаулап  тастамайтынын  және  ешкімнің 
құқығына қарсы қойылмайтынын ескерте келіп: «Ұлттық тәуелсіздік  - өз отанымызды, өз 
құқығымызды қанаушылардың езгісінен қорғау...» деп жазды [7,24-б.]. 
Мұстафа  Шоқайдың  тәуелсіздік  үшін  күрес  тактикасы  да  аса  маңызды.  Ол  ұлттық 
жаудың тым күшті екенін, сондықтан большевиктер тепкісінде жатқан Түркістан аймағын  
ұлттық  ұйымынсыз  құтқару  мүмкін  еместігін  түсінді.  Ел  ішіндегі  кеңестік  саясаттың 
«әдеттен  тыс  езуі  мен  қанауы,  қатігездігіне»  қарсы  әртүрлі  бас  көтерулерден  хабардар 
Мұстафа  Шоқай  1930  жылы  жазған  «Көтерілістен  –  ұйымшылдыққа  (көтерілістен  –
ұйымға)»  деген  мақаласында  өзара  байланысы  жоқ  жергілікті  сипаттағы  бой 
көтерулермен  большевиктер  тепкісінде  жатқан  атамекенді  азат  етуге  болмайтынын 
ескерте  отырып,  күшті  бір  саяси  ұйымға  бірігуді  алға  тартты.  Сондай  ұйым    «Түркiстан 
ұлттық  бiрлiгi  (ТҰБ)»  болды.  Оның  бірінші  кезектегі  маңдай  алды  міндеті  және  таяу 
арадағы ең маңызды мақсаты былай айқындалған еді: «1) Түркістанды орыс пролетариаты 
үстемдігінен  құтқару;  2)  Түркістанда  орыстың  кез  келген    үстемдігінің    орнауына  жол 
бермеу;  3)  Бәрінен  бұрын  ұлттық,  тәуелсіз  Түркістан  мемлекетін  құру  болып  табылады» 
[6,  102-б.].  Бұл  әртарапта  бытырап  жүрген  жас  түркістандықтарды  тәуелсіздік  мұраттар 
жолындағы қасиетті күрес  майданына топтастырудың бірден-бір жолы болатын.  
Мұстафа  Шоқай  азаттық  пен  тәуелсіздікке  бастайтын  ең  төте  және  ең  қысқа  жол  – 
Түркістан ұлттық майданының ішкі бірлігін барынша нығайта отырып, оны ұлт-азаттығы 
үшін  күрес  жүргізіп  жатқан  басқа  халықтардың    орталықтарымен  тиімді  үйлестіру, 
мұнсыз азаттық пен бостандық бос сөз, тығырықтан шығудың бұдан басқа жолы жоқ деп 
санады.  «Ұлттық  еркіндік  және  азаттық  жолы»  атты  еңбекте  осы  міндетті  жүзеге  асыру 
үшін  саяси  күрестің  мынандай  тамаша  тактикасы  ұсынылды:  «Бәрінен  бұрын  өз 
қатарымызды,  түркістандық 
бірлігімізді 
күшейтейік. 
Түркістанның 
жұдырықтай 
жұмылған  ұлттық  бірлігін  Ресейден  айрылу  үшін  күресіп  жатқан  басқа  халықтардың 
ұлттық майдандарымен тығыз үйлестіре отырып, орыс империализміне қарсы қуатты күш 
ұйымдастырып, 
бірге 
қимылдайық. 
Орыс 
империализміне 
қарсы 
күрес 
майданындағылардың  ұлтын,  дінін,  нәсілін,  партиясын  тергеп-тектемейік,  алаламайық. 
Тек осындай жол  ғана  бізді  ұлттық  азаттыққа жеткізе  алады”[8,  107-б.].  Мұстафа  Шоқай 
бұдан  басқа  жолдардың  барлығын  алдамшы,  тұйық  санады,  тек  өзінің  ішкі      бірлігін 
нығайта  алған  халықтар  ғана  тәуелсіздігіне  қол  жеткізетінін  және  оны  қорғап  қала 

55 
 
алатынын  атап  көрсетті.  Мұндай  тәсілді  таңдап  алу  ұлттық  талап-тілектердің  толық 
жүзеге асырылуына көмектесетінін адамзат тарихындағы саяси күрестің талай тәжірибесі 
сан рет дәлелдеген болатын.  
Азаттық  үшін  күрес  жолында  Мұстафа  Шоқай  1928  жылы  Варшавада  Польшаның 
Бас  штабы  мен  Сыртқы  iстерминистрлiгiнiң  Шығыс  бөлiмi  эмигранттардың  барлық 
топтарын  бiрiктiру  және  КСРО-ға  қарсы  пайдалану  туралы  Ю.Пильсудскийдiң  алға 
қойған  мiндеттерiне  байланысты  құрылған  "Прометей"  (Ресейдiң  езгiсiндегi  халықтар 
лигасы)  халықаралық  ұйымында  да  қызмет  атқарады.  Бұл  ұйымға  Әзiрбайжан,  Дон, 
Карелия, Грузия, Волга бойы,  Қырым, Кубань, Солтүстiк Кавказ, Түркiстан, Украинаның 
және  басқалардың  өкiлдерi  кiрген  еді.    1934  жылы  жазылған  «Кавказ    фактісі»  атты 
мақалада  бұл  ұйымға  мынандай  сенім  көрсетілді:  «Барлығымызға  да,  украиндықтар 
сияқты түрік халықтарына да, Ресейден бөлініп және өздерінің тәуелсіз мемлекетін құруға 
ұмтылып, Ресей империализмінің барлық түрлеріне қарсы күресіп жатқандарға Кавказдың 
рөлі  айқын.  ...Біз  «Кавказия    фактісі»  болашақ  оқиғалары  күндерінде  өз  рөлін  толық 
атқарып, атамекенімізді ресей империализмінің бұғауынан құтқаруға ұлы көмек көрсетеді 
деп үміттенеміз» [2, 368-б.].  
Ұлттық  күреске  бел  байлап  кіріскен  адамдар  үшін  Мұстафа  Шоқай  аса  қажетті 
қасиеттер  қатарында  ұлтшылдыққа,  өз  ұлттың  айрықша  сүйе  білуге  ерекше  көңіл  бөлген 
еді.  Жеңіске  жету  үшін  Түркістанда  ұлттық  өкіметтің  үстемдігінен  басқа  ешбір  күшті 
мойындамау  негізіне  құрылған  осындай  идеяға  түсініктеме  бере  отырып  ол:  «Орыс 
тепкісіндегі  Түркістанның  ұлттық  қозғалыстарынан  жеңілмес  ұлтшылдық»  атты 
еңбегінде:  «Ол  (ұлтшылдық  -  Ә.Б.)  –  халқымыздың    жаны  мен  жүрегі.  Ұлтымыз  өмір 
сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деп жазды [6, 62-б.]. Ал 1934 жазылған «Большевиктердің 
«түрік  достығы»  деген  мақалада,  большевизм  өздері  негізінен  теріске  шығаратын 
«ұлтшылдық»  ұғымын  белгілі  жағдайларда  күрес  құрал  ретінде  пайдаланудан    бас 
тартпайтынын,  олар  еуропалықтарға  қарсы  қою  үшін  қытай  ұлтшылдығын,  ал  Англияға 
қарсы үнді ұлтшылдығын танитынын атап көрсетіледі [2,320-б.].    
Мұстафа  Шоқай  -  тар  шеңбердегі  ұлтшылдыққа    ешуақытта  бой  алдырмаған,  ру, 
ұлыстарға  бөлініп  халықтың  ішіне  іріткі  салатын  рушылдық  психологиядан  өзін  әркез 
алшақ  ұстаған  қайраткер.  Ол  түркістандықтарды  ру,  ұлыстарға  бөліп,  іштен  іріткі 
салатындарды    аймақ  тұрғындарының    ұлтшылдық  идеясы  мен  мұраттарының  жаулары 
деп есептеді.  
Ел  ішіндегі  бірлігіміз  бен  ынтымағымызды  арттыра  түсу,  бүгінгі  Қазақстан 
жағдайында  айрықша  мәнді  болып  отыр.  Сондай-ақ  үлкенді-кіші  көршілерімізбен  тату-
тәтті  өмір  сүріп,  екі  жаққа  тиімді  қарым-қатынас  жасау  да  мемлекетіміздің  сыртқы 
саясатының  маңызды  саласы  екеніне  сөз  жоқ.    Мұны  ең  алдымен  Орта  Азия  аймағында 
тұратын  халықтардың  барлығы  тереңірек  түсініп  жатса,  келешегіміз  бұдан  да  жарқырай 
түсер  еді.  Бұл  бағыттағы  Елбасымыздың  қажырлы  іс-әрекеті  айрықша  өміршең,  ерекше 
маңызды. 
Көреген саясаткер Мұстафа Шоқайдың 1930 және 1937 жылдары жазған «Түркістан 
ақындарынан»  және  «Жауларымыз  біздің  қызметтеріміз  туралы  не  айтады?»  атты 
мақалаларында айтылған «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз»
 
және «Біз, әрине, өзіміздің атамекеніміз Түркістанды кеңестік Ресейден де, басқа Ресейден 
де  біржола  бөліп  алуды  мақсат  етеміз.    Бұл  -  біздің  ұлттық  мұратымыз,  ұлттық  арман-
мүддеміз»  сипаттарындағы  асыл  армандар  араға  жарты  ғасыр  уақыт  салып  қана  жүзеге 
асқаны  белгілі.  1991  жылғы  16  желтоқсанда  жарияланған  «Қазақстан  Республикасының 
Мемлекеттік  тәуелсіздігі  туралы»  конституциялық  заңда  «Қазақстан  Республикасы  - 
тәуелсіз,  демократиялық  және  құқылық  мемлекет.  Ол  өз  территориясында  өкімет  билігін 
толық  иеленедi,  өзiнiң  iшкi  және  сыртқы  саясатын  дербес  белгілеп,  жүргiзедi»  деген 
қағидалар тайға таңба басқандай айқын жазылды.  
Міне,  бұған  да  ширек  ғасыр  болып  қалыпты.  Тәуелсіздік  жылдары  халқымыздың 
қолы  неге  жетті  дегенде,  ең  бірінші  ойға  еліміздегі  әлеуметтік  тұтастық  пен  ұлтаралық 

56 
 
түсіністік  оралады.  Жаңа  заманның  алғашқы  құжаттарының  бірі  –  «Қазақстан 
Республикасының   Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда» Республикада тұратын 
халықтарды  топтастыру  мен  олардың  достығын  нығайтуды  бірінші  дәрежелі  міндет  деп 
көрсетілгеніндей,  халқымыздың  бірлігі,  көп  этносты  Қазақстанның  ынтымағы  бүгін 
күнделікті шындығымызға айналып, мемлекетіміздің, Елбасымыздың сара саясаты болып 
отыр.  Сөйтіп,  кезінде  ел  ішіндегі  бірлік  пен  ынтымақты  нағыз  тәуелсіздік  пен  азаттыққа 
апаратын  және  оны  қорғай  алатын  төте  жол    деп  ұғынған  Мұстафа  Шоқайдың  да  асыл 
арманы орындалып келеді.  
Сонымен  қатар  азат  қоғамымыздың  қазіргі  даму  үдерісі  көрсетіп  отырғанындай, 
елімізде  түбегейлі  конституциялық,  саяси,  демократиялық  реформалар  оп-оңай  жүзеге 
асып жатқан жоқ. Жаңа қоғамдық институттар пайда болып, нарықтық қатынастар өмірге 
батыл  ене  бастағанымен,  тоталитарлық  жүйеден  демократиялық  тәртіпке  өту  аса  күрделі 
екенін  күнделікті  өмір  көрсетіп  отыр.  Сондықтан  бүгінгі  биіктен  қарасақ,  алдымызда  
шығар шыңымыз асқар, алар асуымыз асқақ. 
 
Алаш  ұлт-азаттық  қозғалысының  өзінен  бұрын  өткен  осы  сипаттағы  қоғамдық 
құбылыстардан басты артықшылығы ұлттық дербес мемлекет құруды өзінің басты міндеті 
етіп  қоя  алғанында  болатын.  Ұлттық  еркіндік  пен  дамудың  алғышарты  болуға  тиісті 
мұндай мемлекеттің қажеттігіне Мұстафа Шоқай да кезінде қайта-қайта оралған еді. 1929 
жылы-ақ «...Біздің мұратымыз Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық 
болатын  мемлекеттік  құрылымға  қол  жеткізу  болмақ.  Сонда  ғана  халқымыз  өз  жерінің 
нағыз қожасы бола алады» деп жазған болатын [6, 33-б.].  
 Қазақстан  Республикасының  жоғарыда  аталған  ең  алғашқы  құжаттарында  ұлттық 
мемлекеттікті  сақтау,  қорғау  және  нығайту  жөнінде  шаралар  қолданады  деген  біздің 
бүгініміз    үшін  де,  келешекке  де  қажет  аса  маңызды  қағиданың  орнына  кейінгі  кезде 
ресми құжаттарда «Қазақстан көп ұлтты мемлекет» немесе «Қазақстандық ұлт» деген сөз 
тіркестерін жиі қолданатын болдық. Сонда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақтың 
үлес  салмағы  аздау  кезде  ұлттық  мемлекет,  ал  халқымыз  қазақстандықтардың  басым 
көпшілігі  болғанда  көп  ұлтты  мемлекетке  айналдық  па?  Мәселені  бұлай  айтуымыздың 
қағидатты мәні бар. Мемлекеттің ұлттық сипаты айқындалмай,  мемлекет құрушы ұлттың 
мүддесі  шешілмей,  алдымен  тәуелсіз  мұраттары  жүзеге  аспайды,  елдегі  басқа  халықтың 
мәселелері  оң  нәтиже  бере  қоймайды.  Бүгінгі  мемлекеттік  мәртебе  берілгеніне  жиырма 
алты жыл болған қазақ тілі, ұлттық діл және дәстүрлі дін саласындағы кейбір қиындықтар 
осымен тікелей байланысты болып отыр.  
Тіпті  сан  ғасыр  ата-бабаларымыз  күресіп,  халқымыздың  сан  мыңдаған  серкелері 
құрбан  болып,  қол  жеткен  «Тәуелсіздік»  ұғымының  мағынасына  тереңдеп  бара 
алмауымыз да, тағдырдың осы басты сыйын жеткілікті  қастерлей,  қадірлей білмеуіміздің 
негізгі  себебін  азат  санамыздың  толыққанды  қалыптаспай  отырғанынан,  ұлттық 
рухымыздың төмендігінен іздеуге болар еді дегім келеді. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың 
«Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді 
де.  Ұлт  азаттығы  –  ұлттық  рухтың  нәтижесі.  Ал  ұлттық  рухтың  өзі  ұлт  азаттығы  мен 
тәуелсіздігі  аясында   өсіп дамиды, жеміс береді»,  - деген сөзін айта кетсек артық болмас 
[1,  187-б.].  Шынында  да,  ұлттық  рух  тамаша  қасиеттерге  ие  етумен  бірге  өз  ұлтыңды 
шынайы  тануға,    өз  халқыңның  алдындағы    өз  борышыңды  жоғары  сезіне  түсуге 
көмектеседі. 
Ұлттық  рух  сонымен  қатар шынайы  ұлтшылдық  үдерісінде  қалыптасатыны  белгілі. 
Мұстафа Шоқайша, халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығы 
ұлтшылдық    қозғалысқа  тән  және  соның  нәтижесі.  Алайда  біз  әлі  Алаш  көсемдері 
тұтынған  «ұлтшылдық»  ұғымын  кешегі  кеңестік  түсініктен  азат  ете  алмай  келеміз.  Бұл 
кейде  қайшылықты  жағдайларға  соқтырып  жүр.  Алаш  көсемдері  ұғынған  «ұлтшылдық» 
ұғымын  өз  халқына  шын  берілгендіктің,  өз  халқын  шынайы  сүюдің  көрінісі  деп 
танығанымыз дұрыс болар еді.  

57 
 
Бір  баяндамада  Мұстафа  Шоқайдың  өз  халқының  тәуелсіздігі  мен  азаттығын, 
отаршылық    тағдыр  кешкен  басқа  да  түрік  тектес  ұлттардың  қамын  ойлаған  биік 
мүдделері мен  өшпес идеяларын, осыған сәйкес бүгініміз бен ертеңіміз  үшін мәселелерді 
түгел  қамтып  шығу  мүмкін  емес.  Алдымызға  ондай  мақсат  та  қойып  отырғанымыз  жоқ. 
Дегенмен ол идея-ойлардың өзі мынандай тағылымдарға жетелейтінін назарға сала кеткен 
артық болмас: 
 
Біріншіден,  Мұстафа  Шоқайдың  «Тәуелсіздік»  идеясы  аса  күрделі  де  сан  салалы 
мағыналарға ие. Бұл ең бірінші тәуелсіздіктің иесі ұлттың мұддесіне қатысты. Сол себепті 
кешегі  кеңестік  кездегіден  саяси  мазмұны  да,  әлеуметтік  әлеуеті  де  басқа  құрып  жатқан 
мемлекетіміздің  ұлттық  сипатының  басым  болуы  мен  осыған  байланысты  ұлттық 
мүдделерге басымырақ көңіл бөлу алда да айрықша қажет-ақ.  
 
Екіншіден, өзінің ішкі бірлігін нығайта алған, ұлттық рухы жоғары  халықтар ғана 
тәуелсіздікке қол жеткізеді және оны қорғап қала алады деп санаған Мұстафа Шоқайдың 
терең мағыналы өсиеті бүгінгі Қазақстан жағдайында ерекше мәнді болып отыр.  
 
Үшіншіден,    Мұстафа  Шоқай  бүкіл  түркі  жұртының  бірлігі,  азат  өмірі  үшін 
күресті. Сондықтан бұл идея бүкіл түркі әлемінің алда алар асуы, шығар биігі бола береді. 
Бұл  бағыттағы  Президентіміз  Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаевтың  тұрақты  да  жемісті 
қызметінің алда да берері мол болмақ.   
Ұлттық  тәуелсіздіктің  бірден-бір  жалынды  жаршысы  және    тамаша  ұлттық 
идеялардың    иесі  ғана  емес,  сол  идея  үшін  бас  тіккен  тұлға  Мұстафа  Шоқай  еліне  деген 
сарғайған  шексіз  сағынышын  бір  сәт  баса  алмай,  жат  жерді  мәңгілік  мекен  етті.  Алайда 
ұлы  тұлғаның  асқақ  арманы  орындалды.  Елінде  тәуелсіздікке  жеткен,  жаңа  тұрпаттағы 
мемлекет құрып жатқан сүйікті халқы бар. Сол халқына мәңгі өлмейтін шығармаларының 
12  томдық  толық  жинағы  араға  алпыс  жыл  салып  жетті.  Бұл  телегей-теңіз  мол  мұра 
Қазақстанымыздың бүгінін байытып,  келешегін кемелдендіре түсері сөзсіз.   
 
 
Әдебиеттер: 
1.Дулатұлы  М.  Бес  томдық  шығармалар  жинағы.  2-ші  том:  Көсемсөз,  әдеби-сын 
және зерттеу мақалалары. / Құраст. Дулатова Г., Иманбаева С.  – Алматы: Мектеп, 2003.  – 
392 б.:
 
22 см.;  ISBN 5-7975-0223-2: 2000 дана. 
2.Уәлиханов,  Ш.    Көп  томдық  шығармалар  жинағы [Мәтін].  4-ші  том  /  Ш. 
Уәлиханов.- Алматы: Толағай групп", 2010.- 496 б.: 62х100.- "Мәдени мұра" сериясы; ҚР 
Мәдениет мин-гі; "Мәдени мұра" Мемлекеттік бағдарламасы;  
ISBN 
978-601-7066-
09-3:  3000 дана. 
3.Шоқай,  М.  Таңдамалы  шығармалар [Мәтін].  3  томдық,  1-  ші  том  /  М.  Шоқай.- 
Алматы: Қайнар, 2007.- 352 б.: 84х108.;  ISBN 9965-9948-5-4:  3 000 дана. 
4.Шоқай,  М.  Таңдамалы  шығармалар [Мәтін].  3  томдық,  2  -  ші  том  /  М.  Шоқай.- 
Алматы: Қайнар, 2007.- 392 б.: 84х108; ISBN 9965-9948-6-2:, 2 000 дана. 
5.Шоқай,  М.  Таңдамалы  шығармалар [Мәтін].  3  томдық,  3  -  ші  том  /  М.  Шоқай.- 
Алматы: Қайнар, 2007.- 384 б.: 84х108;  ISBN 9965-9948-7-0:  3 000 дана. 
6.Шоқай, М. Шығармаларының толық жинағы [Мәтін]. Он екі томдық, 2- ші том / М. 
Шоқай;  Құраст.:  К.Есмағамбетов.-  Алматы:  Дайк-Пресс,  2012.-  640  б.:  60х90;.  ҚР  Білім 
және  ғылым  мин-гі:  Р.Б.Сүлейменов  атынд.  Шығыстану  ин-ты;  ISBN  978-601-290-048-4: 
1000 дана. 
7.Шоқай, М. Шығармаларының толық жинағы [Мәтін]. Он екі томдық, 5- ші том / М. 
Шоқай;  Құраст.:  К.Есмағамбетов.-  Алматы:  Дайк-Пресс,  2013.-  540  б.:  60х90;  ҚР  Білім 
және  ғылым  мин-гі:  Р.Б.Сүлейменов  атынд.  Шығыстану  ин-ты;  ISBN  978-601-290-059-0:  
1000 дана. 
8.Шоқай, М. Шығармаларының толық жинағы [Мәтін]. Он екі томдық, 7- ші том / М. 
Шоқай;  Құраст.:  К.Есмағамбетов.-  Алматы:  Дайк-Пресс,  2013.-  572  б.:  60х90;  ҚР  Білім 
және  ғылым  мин-гі:  Р.Б.Сүлейменов  атынд.  Шығыстану  ин-ты;  ISBN  978-601-290-069-9: 
1000 дана. 
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет