Ж. Атыңнан айналайын, Қарқаралы Тұрсынхан ЗӘкен,жазушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор



Pdf көрінісі
Дата30.03.2017
өлшемі171,88 Kb.
#10611

 

18.06.2016 ж. 

Атыңнан айналайын, Қарқаралы 

 

Тұрсынхан ЗӘКЕН,жазушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор 

 «Алтай мұрасы» халықаралық автоэкспедициясы Қарағанды өңірінде 

14 маусым күні Астанадан оңтүстік-шығысты бетке алып шыға бере алғашқы сапарымыз 

еліміздің  ірі  индустриалды  орталығы,  шахтерлер  қаласы  170  жылдық  тарихы  бар 

Қарағандыдан басталды. Қарағанды мен оған іргелес жатқан Теміртау Елбасы Нұрсұлтан 

Назарбаевтың  жалынды  жастық  шағы  өткен,  білім  алып,  еңбек  жолын  жалғастырған 

қалалары.  Біз  алғаш  атбасын  тіреген  Қарағанды  мемлекеттік  техникалық 

университеті  де  кезінде  Елбасы  білім  алған,  жоғары  біліктілікке  ие  техникалық 

кадрлар  дайындайтын  еліміздегі  жетекші  оқу  орындарының  бірі.  Университет 

ректоры  А.М.Ғазалиев  экспедиция  мүшелерін  универсиеттің  оқытушылық-

профессорлық құрамымен және қол жеткен табыстарымен таныстырды. 

Аталған университеттегі мазмұнды кездесуден соң автоэкспедиция Қарқаралыға бет 

түзеді. Қарқаралыны Алтай сапарының басы етіп алуымыздың да өзіндік мәні ар.Өйткені, 

ол Арқаның айтулы шоқтығы, Алтай арқылы жүретін ежелгі далалық Жібек жолының 

маңызды бекеті. Оның үстіне, ол қазақ даласындағы бір топ атақты тұлғалар туып-өскен 

мекен. Алыс-жақынға аңыз болған сол бұлдыр тау көз ұшынан менмұндалаған сәттен-ақ, 

Мәди ақынның: 

Атыңнан  айналайын,   Қарқаралы,Сенен  бұлт,  менен  қайғы  тарқамады,  –деп 

басталатын әні алты қырдың ар жағынан әуелеп жеткендей болды. 

Автокеруен Қарқаралы тауының қойнауындағы қарлығаштың ұясындай ғана шағын 

қалаға  жете  беріп  тізгін  тартты.  Алдымыздан  қарсы  ала  шыққан  аудан  әкімі  Халел 

Мақсұтов  бізді  алдымен  Мәди  ақынның  қабіріне  бастады.  Мұрнымызға  қарағайдың, 

аршаның  жасамыс  жапырақтарынан  тараған  Қарқаралы  даласының  хош  иісі  келді.  Тура 

сарайыңды  ашады.  Оның  үстіне,  айнала  серек  тас,  сері  қарағай.  Алыстан,  тау  серісі 

құстардың қоңыраулатқан тұнық дауысы естіледі. 

Бізге  қасиетті  ораза  айында  ақынның  басына  келіп  аят  оқып,  ескерткішіне  тәу  ету 

бақыты  бұйырған  екен.  Қала  орталығындағы  Мәди  ескерткішінің  алдында  ақындар 

Дәулеткерей  Кәпұлы  мен  Серікзат  Дүйсенғазин  жырдан  шашу  шашса,  талантты  әнші 

Ерлан Рысқали кешқұрымғы тау мен даланы тербете «Қарқаралы» әнін шырқады. 


Орманды-тоғайлы,  жақпар-тасты  келген  көрікті  Қарқаралы  тауларының  шығыс 

етегінде, Қарқаралы өзенінің екі жағасында жайғасқан шағын қала өзінің бөлекше табиғи 

бітімімен ерекшеленеді. Осы өлкеге алғаш саяхат жасаушылар 1785 жылдардан бастап аяқ 

басқаны  тарихи  деректерден  белгілі.  Іргесі  1824  жылы  Ресей  империясының  әскери 

бекінісі,  яғни  Сібір  қазақтары  дала  губернаторлығының  әкімшілік-аумақтық  орталығы 

ретінде  қаланған  осынау  елді-мекен  1868  жылы  уездік  қалаға  айналған.  19-ғасырдың 

екінші  жартысында  жері  шұрайлы,  жайылымы  малға,  қойнауы  кенге  бай  Қарқаралы 

Орталық Азия мен Қытайдан Сібірге баратын керуен жолының торабы ретінде маңызды 

сауда,  кәсіпшілік  және  мәдени-ағарту  орнына  айналды.  Мұнда  шет  жұрттардан  саяси 

тұтқындар жер аударылып келетін. 

Қарқаралы  тарихы  ұлы  Абайдың  және  оның  әкесі  Құнанбай  қажының  есімімен  де 

тығыз  байланысты.  Құнанбай  1849  жылға  дейін  Тобықты  болысының  управителі 

лауазымын  атқарып,  содан  кейін  1852  жылдың  соңына  дейін  Қарқаралы  дуанында  аға 

сұлтан  болады.  Осы  кезеңде  Құнанбай  Өскенбайұлы  Қарқаралыдағы  мұсылман  жұрты 

үшін көк күмбезді мешіт салғызған. 

Мәди ескерткішінен соң біз Құнекең салдырған сол мешітте болдық. Тұтас ағаштан 

ерекше  архитектуралық  үлгіде  салынған  бұл  мешіт  Кеңес  үкіметі  орнағанға  дейін 

имандылық пен ұлттық дәстүрлердің орталығы болып келген екен. Кейін түрлі мақсатқа 

пайдаланылып, тек тәуелсіздіктен кейін ғана өзінің нақты мәртебесіне қайта ие болған. 

Данышпан Абай да Қарқаралыны жанындай жақсы көрген. Әкесі  Құнанбаймен тау 

қойнауындағы  осынау  шағын  шахарға  сан  мәрте  келіп,  от  ауыз,  орақ  тілді  Балта  мен 

Шөже  сынды  шайырлардың  жыр-толғауларын,  тамаша  тәмсілдерін  тамсана  тыңдайды. 

Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясында: «Абай әкесімен бірге Қарқаралыда тұр-

ғалы көп күндер болды. Қазір де қыс әбден түсіп, қар бекіп алған-ды. Құнанбай кішкене 

қаланың тап ортасындағы көк шатырлы, үлкен ағаш үйді жатақ еткен. Қазағуар, қонақшыл 

татар саудагерінің үйі» деп ерекше ықыласпен тебірене суреттейді. Даңқты жазушы тілге 

тиек  еткен  сол  әсем  ғимараттың  сыртында  бүгінде:  «Бұл  үйде  1850  жылдары  Абай 

(Ибраһим) Құнанбайұлы болған» деген ескерткіш тақта қойылыпты. 

Қарқаралының солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға 

дейін  атақты  Қоянды  жәрмеңкесі  өтетін.  Бүгінде  қаланың  өзіне  тән  дөңгелек  дәулеті, 

шағын  кәсіпорындары  мен  халыққа  қызмет  ету  салалары  бар.  Аудан  әкімі  Халел 

Мақсұтовтың  айтуынша,  ауданда  қазір  39  мың  халық  болса,  соның  26  мыңы 

экономикалық белсенді халық екен. Аудан ауылшаруашылығын негіз етеді. Бірақ жақын 

жылдардан бері кен ашу кәсібі қарқынды дамуда екен. Өнеркәсіп өнімінің негізгі бөлігін 

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мен «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-не қарасты 

кен  ашу,  кен  байыту  компаниялары  беріп  отырыпты.  Бүгінде  «Алтай  полиметалл» 

компаниясы  ауданнан  кен  байыту  комбинатын  салуға  64  миллиард  теңгенің 

инвестициясын  салыпты  әрі  ол  зауыттың  іске  қосылу  мерзімі  де  таяп  қалыпты.  Ауыл-

шаруашылығының  ұпайы  түгел.  Өсім  –  140  пайыз.  Ал  енді  аймақтағы  табиғат  қорғау 

ісінің, туризмнің тұралап тұруы көңілге кірбің ұялатады. 

Қарқаралының  көшелеріне  өңір  тарихына  із  қалдырған  тұлғалардың  – 

А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың, Ә.Ермековтің, Құнанбай қажының және Екінші дүние-

жүзілік  соғыстың  батырлары  Н.Әбдіров,  М.Мамраев,  П.Теряев,  А.Қосыбаевтың  есімдері 

беріліпті. Шағын қаланың бір көшесі ақын Қасым Аманжоловтың есімімен аталады. Тұр-

ғындар  Қазақстанның  тұңғыш  ғарышкері  Тоқтар  Әубәкіров  те  осы  Қарқаралы 

топырағынан шыққан деп мақтаныш етеді, әлбетте. 

Осында  біз  Қарқаралы  туралы  талай  тарихи  аңыздар  мен  ертегілер,  естідік. 

Солардың бірі – Шайтанкөл. Жартастарының қатпарынан қаулай өскен хош иісті қарағай 

мен қайыңдар, таңқурай мен тасжарған, тобылғы секілді түрлі бұталар көлге айрықша сән 

беріп тұрады екен. Жауын-шашын мол жылдары артық су Шайтанкөлдің шарасынан асып 

төгіліп, оңтүстік жағасындағы науа тәрізді арнамен ағып кетіп отырады дейді. Табиғаттың 

осынау ғажайып жаратылысын Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов сынды аға буын ақын-



жазушылардан  бастап  бүгінгі  күннің  ақыны  Серік  Ақсұңқарұлына  дейін  жырға  қосып, 

әспеттеп  келеді.  Жазиралы  Қарқаралы  табиғатын,  осынау  Шайтанкөлдің  сұлу 

жаратылысын шебер суреттеген «Сұлушаш» поэмасын Сәбит Мұқанов сонау 1928 жылы 

дүниеге әкелген екен. 

1909  жылы  «Қозы-Көрпеш,  Баян-сұлу»  қиссасын  орыс  жазушысы  М.М.Пришвин 

осы  төңіректе  естиді.  Ол  жал-жал  толқынды,  сайлы-сабатты  Қарқаралы  тауларын  алғаш 

көргендегі әсерін аса үлкен шабытпен жазады. Қазақтың мың әнін жинаумен аты шыққан 

әйгілі музыка зерттеушісі А.В. Затаевич те өз кезінде осы өлкеге арнайы келіп, мұндағы 

құймақұлақ,  күмбір  көкірек  жыраулардан  қазақтың  154  әнін  жазып  алған.  Ол  даңқты 

француз  жазушысы  Ромен  Ролланға  жолдаған  хатында  Қарқаралы  табиғатының  әсем 

бейнесін  суреттеп  жазады.  Қазақ  халқының  тұңғыш  ғалымы  Шоқан  Уәлиханов 

Қарқаралыда  1855  және  1863  жылдары  екі  рет  болып,  уақытын  негізінен  халықтың 

фольклор  мұраларын  жинауға  арнаған.  Шоқанның  сүйікті  досы,  белгілі  саяхатшы-этно-

граф  Г.Н.Потанин  осы  өңірде  болып,  одан  алған  әсері  туралы  орыстың  Императорлық-

географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесінде арнайы баяндама жасайды. 

Қарқаралы  ауданындағы  таулы-орман  ландшафтысы  негізінде  1998  жылы  осында 

Қарқаралы ұлттық табиғи саябағы құрылыпты. Алқаптың өсімдік флорасы мен жануарлар 

фаунасы  өте  бай.  Саябақта  кездесетін  аңның  40,  құстың  114,  өсімдіктің  66,  балықтың  8 

түрі  қорғауға  алынған.  Олардың  ішінде  Қазақстанның  Қызыл  кітабына  енген  аңдар  мен 

құстар,  өсімдіктер  де  бар  екен.  Дегенмен,  табиғаттың  бермесін  тартып  аламыз  деген  бір 

заманда Қарқаралы өңірі де беталды ойраншылыққа ұшырағаны байқалады. Әйтпесе, бұл 

дегенің  бүкіл  Қазақстанның  алақанға  салып  отыратын  асылы  емес  пе.  Ендеше,  елімізде 

Қарқаралы секілді табиғи бау-бақтар үкімет пен тұтас қоғамның айрықша қамқорлығына 

зәру. 


P.S. 

Әрине,  Қарқаралы  туралы  әңгімені  шағын  мақаланың  аясына  сыйдыра  алмасымыз 

сөзсіз. Дегенмен, Арқа төсіндегі осынау ғажайып өлкенің тарихы мен табиғаты, мәдени-

рухани,  әлеуметтік-экономикалық  келбеті  бізді  одан  сайын  қызықтыра  түсті.  Біздің 

экспедиция Қарқаралыдан осындай үлкен әсермен аттанды. 

 

 




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет