Ж. Е. Жаппасов XVI-XVIII ғҒ. ҚАзақ-орыс


Студенттің дайындалуы үшін берілетін сұрақтар



Pdf көрінісі
бет2/11
Дата22.12.2016
өлшемі1,15 Mb.
#212
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Студенттің дайындалуы үшін берілетін сұрақтар 
                                                           
25
 
Едилханова  С.А.  Взаимоотношения  казахов  и  джунгар  в  XVIІ-XVIІІ  вв.  Историография  проблемы.  -  Дис.  канд.  истор. 
наук. - Алматы, 2003. – С. 133. 
26
 
Сабденова  Г.Е.  Кеңестік  дәуірдегі  Қазақ  хандығының  көршілес  елдермен  байланыстарының  тарихнамасы  //  Тарих 
ғылымы ХХІ ғасырда атты халықаралық Бекмаханов оқуларының материалдары. - Алматы, 2001. - 2-бөлім. - 66-70 бб. 
 

 
19 
 
1. Қазақ-орыс қарым-қатынастарының бағыты. 
2. XV-XVIII ғғ. қазақ-орыс байланыстарының тарихнамасы. 
3. Төңкеріске дейінгі зерттеулердің маңызы мен ерекшеліктері. 
4. 
Кеңес 
үкіметі 
кезеңдегі 
қазақ-орыс 
қарым-қатынастарының 
тарихнамасының бағыты. 
5.  Тәуелсіздік  жылдарындағы  қазақ-орыс  қарым-қатынастарының 
зерттелуі. 
6. XVІ-XVIII ғғ. қазақ-орыс байланыстары туралы тарихи деректер. 
7. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «История Казахстана в русских 
источниках XVI-XX веков» сериясымен 2005-2007 жж. шығарылған 10 томдық 
еңбектің құндылығы мен ерекшелігі. 
8.  Қазақ  хандығының  көрші  елдермен  қарым-қатынастарының  тарихын 
зерттеген зерттеушілер. 
 
1.2    XVI-XVIІІ  ғғ.  қазақ-орыс  елдері  арасындағы  дәстүрлі  елшілік 
байланыстар тарихы
 
Қазақ  хандарының  ХҮІ-ХҮІІІ  ғасырлардағы  сыртқы  саясатында 
халықаралық даулы мәселелерді шешу үшін түрлі келісім шарт жасап, сондай-
ақ  елшілер,  арнайы  өкілдер,  жаушылар  мен  тәржімешілерді  өкілеттілік 
тұрғысында  жіберіп,  оларға  үлкен  жауапкершілік  жүктеген.  Қазақстан 
дипломатиясының тарихына үңілер болсақ, бұлар алуан түрлі болды. 
Қазақ-орыс  қарым-қатынастары  ХҮІ  ғасырдың  басында,  яғни,  Қасым, 
Хақназар  хандар  тұсында  басталғанымен,  ресми  елшіліктер  ХҮІ  ғасырдың 
соңында  Тәуекел  хан  тұсында  жанданды.  Дегенмен  де  қазақ  ханы  Қасым  хан 
(1511-1521  жж.)  тұсында  қазақ-орыс  елі  арасында  байланыстар  ХҮІ  ғасырдың 
басында  басталғаны  туралы  болжамдар  бар.  Зерттеуші  В.  Басин  қазақ  этно-
саяси  одақтың  құрылуымен-ақ  екі  ел  арасында  саяси  және  шаруашылық, 
дипломатиялық байланыстар орнады дей келе: «Жәнібектің ұлы Қасым ханның 
(1511-1523  жж.)  тұсында,  Қазақ  хандығының  бірінші  рет  гүлдену  кезеңінде, 
Қазақстан  мен  Ресей  арасында  дипломатиялық  байланыстар  орныққан  еді. 
Оның дәлелі патша мұрағатының (1575-1584 жж.) құжаттарында сақталған 38-
ші  жәшікте  «Қасым  хан  тұсындағы  қазақтардың  кітабы  мен  тізімі»  деген 
жазудың болуы», – дейді. Сондай-ақ, автор Қасым ханнан кейін де орыстардың 
Қазақстанға деген қызығушылығы жойылмағанын жазады. 
 
Қазақстан мен Россия арасындағы ең алғашқы саяси байланыстар дәл осы 
кезеңде жасала бастады. Осындай дипломатиялық қатынастардың болғандығын 
1575-1584  жылдары  жүргізілген  патша  мұрағатының  тізімдерінде  былай 
көрсетіледі:  «38-жәшікте  Қасым  ханның  тұсындағы  қазақ  кітаптарымен 
көшірмелері бар». Бұлар Қасым ханның патша үкіметімен дипломатиялық  хат 
жазысулары  болса  керек.  Мұрағат  материалдарының  табылмауы  салдарынан 
орыс  мемлекеті  және  қазақ  хандығының  алғашқы  келіссөздері  қандай 
мәселелер  жайында  болғандығы  және  олардың  немен  аяқталғаны  осы  күнге 

 
20 
дейін  беймәлім.  Қасым  хан  дүниеден  өткеннен  кейін  де  орыс  елі  Қазақ 
хандығының ішкі және сыртқы жағдайын бақылауын тоқтатпаған.  
Орыс  елі  Орта  Азия  және  шығыс  мемлекеттерімен  сауда-саттық 
жасайтын  керуен  жолдарының  қауіп-қатерсіз  болуына  көп  көңіл  бөлетін. 
Шығыс  елдеріне  бағытталған  бұл  керуен  жолдарының  көпшілігі  Қазақстан 
территориясы  арқылы  өтетін.  Сондықтан  да  орыс  мемлекетінің  Қазақстанмен 
достық  қарым  –  қатынаста болуға  тырысушылығы  табиғи  құбылыс  еді.  Оның 
үстіне  патша  үкіметі  шығыс  елдеріне  жіберілген  өз  елшілеріне  Қазақ 
хандығының  Орта  Азия  хандықтарымен  қарым-қатынасын,  оның  ішкі 
жағдайын тексеруді арнайы түрде талап ететін. Мұның өзі орыс елшілерінің өз 
миссиялары жөніндегі күнделіктерінде, Қазақ хандығының көршілес елдерімен 
байланысы, әскери жағдай туралы жазылған мәліметтерінен көрінеді. Мәселен, 
А. Сабырханов: «1534 жылы ноғайларға жіберілген орыс елшісі Данилл Губин 
қазақ  жасақтарының  күштілігі,  олардың  Ташкент  қаласы  үшін  соғысып, 
жеңіске  жеткендігі  туралы  патша  ІV  Иванға  хабарлаған.  Сол  елшінің 
мәліметіне  қарағанда,  Қазақ  хандығының  Сібір  хандығы  тарапынан  болып 
жатқан  шабуылдарды  қару  күшімен  болса  да  тоқтатуға  әзір  екендігін  атап 
көрсеткен»
27
.  Ал  зерттеуші  В.  Басин  орыс  елінің  Ноғай  мырзаларынан,  өз 
көпестері мен елшілерінен жинаған мәліметтерінің негізінде XVI ғ. 50 ж. Қазақ 
хандығының    күшейгендігін  көрсете  отырып,  оның  көрші  елдер  тарапынан 
үнемі шапқыншылыққа ұшырап отырғанын атап өтеді. Бұл жағдай қазақтардың 
күшті  әрі  сенімді  одақтас  іздеуге  мәжбүр  етті.  Даладағы  оқиғалар  қазақтарға 
сондай  одақтас  солтүстік-батысындағы  көршісі  –  Ресей  ғана  бола  алатынына 
көздерін жеткізді деп көрсетеді. Мұнда, біріншіден, Қазақ хандығы XVI ғ. ІІ - 
жартысында  қайта  өрлеп,  көршілес  Ноғай,  Сібірдегі  Көшім  хандығына 
қорқыныш  пен  үрей  тудыртып,  Бұхара  ханымен  одақтасып  отырса,  ол  неге 
одақтасты  солтүстік-батыстағы  Ресейден  іздеуі  керек.  Екіншіден,  мұнда 
Ресейдің  мемлекет  ретінде  тарихтағы  алаты  рөлін  тым  жоғарылатып  жібереді 
де, IV Иванның тұсында ғана Ресей саяси бірігуін аяқтайды дейді. 
Қазақ хандығының Ноғай ордасымен қарым-қатынастары туралы, осы екі 
елдің  арасында  болған  соғыстар,  қақтығысулар  жөнінде  орыс  елшілері  Семен 
Мальцев, Борис Доможировтар өз үкіметіне, орыс еліне тәптіштеп жеткізген. 
Орыс  мемлекетінің  Қазақ  мемлекетінің  сыртқы  саяси  жағдайына 
соншалықты назар аударуының мәні мынада болатын:  
-
 
Біріншіден, сауда жүргізетін керуен жолдарының тыныштығын көздесе; 
-
 
Екіншіден,  Қазан  хандығының  Сібір  хандығымен  наразылығын 
пайдаланып, оларды бір-біріне айдап салу болатын. 
Бұл ретте орыс үкіметінің ойынша, Қазақ хандығымен әскери одақ құрып, 
Сібір  хандығына  екі  жақтан  соққы  беру  –  сол  тарихи  кезең  үшін  таптырмас 
амал болатын. 
                                                           
27
 Сабырханов А.
 
Қазақстан мен Россияның XVIII ғасырдағы қарым-қатынастары (қазақтың кіші жүзіне қатысты 
мәліметтер негізінде). – Алма-Ата: ҚазССР-ң «Ғылым» баспасы, 1970. – 9-28 бб.
 
 

 
21 
Қазақ  хандығы  мен  орыс  елі  арасындағы  елшілік  қатынастар  ХҮІ 
ғасырдың  екінші  жартысынан  бастап  жандана  бастады.  Осы  кезде  орыс 
мемлекеті  Қазан  хандығы  мен  Астрахан  хандығын  жаулап  алып,  Сібір 
патшалығын  өз  қол  астына  қаратқан  болатын.  Екінші  жағынан,  Хақназар 
билеген Қазақ хандығының да территориясы ұлғайып, Ресей мен Қазақстанның 
шекарасы  жақындай  түсіп,  екі  мемлекеттің  экономикалық  және  саяси 
байланыстарының  күшеюіне  жағдай  жасала  бастағанды.  Хақназар  тұсындағы 
Қазақ  хандығының  территориясының  батысқа  қарай  ұлғаюына  Ноғай 
Ордасының  іштей  әлсіреуі,  Астрахнь  хандығының  құлауы  себеп  болды.  ХҮІ 
ғасырдың  50-ші  жылдарында    қатты  күйзелушілікке  ұшыраған  Ноғай  Ордасы 
ағылшын  көпесі,  әрі  Москва  үкіметінің  агенті  Дженкинсонға  қаңыраған  елсіз 
дала сияқты көрінген. Ноғайлардың мұндай шаруашылық және саяси жағынан 
күйреуін  1558  жылы  Ноғай  ордасына  жіберілген  орыс  елшісі  де  растайды. 
Ноғай  елшісін  билеушілер,  бір-бірімен  өзара  жауласқан  екі  партияға  бөлінген 
болатын.  Ысмайыл  бастаған  бір  ноғай  ұлықтарының  Москваға  қосылуын 
жақтаса,  Ысмайылдың  туған  інісі  Жүсіп  бастаған  екінші  партия  қазақтарға, 
өзбектерге қосылуға ұмтылды. Сөйтіп 1557 жылы Астрахан  құлағаннан кейін 
Жүсіп  мырза  Ысмайылмен  байланысын  біржолата  үзеді  де,  көп  ұзамай  ол  өз 
ағасымен  болған  күресте  қаза  болады.  Осыдан  соң  оның  қарамағындағы 
ауылдар  Жайықтан  өтіп,  қазақтарға  келіп  қосылады.  Нәтижесінде  Қазақ 
хандығының шекарасы батысқа қарай созыла түседі. 
Кейбір авторлардың айтуынша Хақназар башқұртстанның оңтүстік-шығыс 
аудандарына  үстемдік  жүргізген.  Біздіңше,  бұл  башқұртстанның  оңтүстік-
шығыс  жақтарында  көшіп  жүрген,  солармен  көршілес  Ноғай  қауымдарына 
Хақназардың  басшылық  еткені  туралы  деректермен  байланысты  мәліметтер 
болса  керек.  Мұның  барлығы  Хақназар  тұсындағы  Қазақ  хандығының 
халықаралық  жағдайының  жақсарып,  оның  саяси  беделінің  арта  түскендігін 
көрсетеді.  Сол  себепті  көршілері  Қазақ  хандығымен  жақсы  қарым-
қатынастарда болуды құптаған. 
1573  жылы  орыс  патшасы  Иван  Грозный  Қазақ  ханы  Хақназарға  өзінің 
Третьяк  Чебуков  бастаған  елшілігін  жібереді.  Орыс  елшісінің  алдына  Қазақ 
хандығымен  тығыз  байланыс  жасау  міндеті  ғана  емес,  сонымен  бірге  Қазақ 
ханы Хақназарды Сібір хандығының ханы Көшімге қарсы әскери одақ жасауға 
көндіру  мақсаты  да  қойылған  болатын.  Бірақ  бұл  елшілік  сәтсіз  аяқталды. 
Себебі,  орыс  елшісі  Третьяк  Чебуковты    Көшім  ханның  туысқаны  Мәметқұл 
тұтқынға  алып,  Қазақ  хандығына  өткізбей  қояды.  Өйткені,  Сібір  ханы  Көшім 
Хақназардың  орыс  мемлекетімен  одақ  құрып,  күшейіп  кетуінен  қауіптенетін. 
Бұл  туралы  В.  Басин:  «Өкінішке  орай,  Третьяк  Чебуков  бастаған  елшілік 
көздеген  мақсатына  жетпеді.  Қазақтар  мен  орыстардың  одақтасуынан 
қорыққан  Көшім  бұл  елшілікті  қазақ  жеріне  жібермеді.  Оның  інісі  Мәметқұл 
1573 ж. шілдеде Тобольск маңында елшілікті ұстап алып, жойды», - дейді. 
 Сөйтіп,  Қазақстан  мен  Ресейдің  әскери  одақ  құрудағы  бірінші 
дипломатиялық    қадамы  ешбір  нәтижесіз  аяқталады.  Алайда,  ХҮІ  ғасырдағы 
алғашқы  орыс  елшілігінің  бірінші  сәтсіздігі  Қазақстан  мен  Ресей  арасындағы 
дипломатиялық қатынастарды тоқтата алмайды. 

 
22 
Жоғарыда    Орта  Азия  хандықтары  және  шығыс  мемлекеттерімен  сауда-
саттық жасауда Қазақстан территориясының патша үкіметі үшін тиімді екенін 
айтқан  едік.  Орта  Азиямен  сауда  жасау  туралы  мәселе    Москва  үкіметінің 
саясатында  елеулі  орын  алды.  ХҮІ  ғасырдың  50-ші  жылдарында  бұл  мәселе 
англияның сауда компаниясының артықшылықтарын келіссөзде де  атап өткен  
болатын. 
XVI-XVIII  ғғ.  Қазақ  хандығы  мен  Ресей    империясы  арасындағы 
байланыстар  профессор  Ж.Қ.  Қасымбаевтың  еңбектерінде  кең  түрде 
қарастырылған  мәселелердің  бірі.  Автор  1986  жылы  жарыққа  шыққан 
еңбегінде:  «XVIII  ғ.  Ямышевск,  Железнинск,  Семей,  Өскемен  және  т.б. 
бекіністердің салыну тарихын көптеген жылдарға созылған орыс-қазақ қарым-
қатынасының  дамуы  мен  Қазақстанның  Ресейге  қосылу  тарихымен 
бөлшектеусіз  байланысты.  Орыс  мемлекеті  XV  ғасырдың  өзінде  көрші 
Қазақстанға  үлкен  қызығушылықпен  қараған.  Оның  өзі    Ресей  мемлекетінің 
әлеуметтік-экономикалық  және  саяси  дамуымен  байланысты  терең  себептерге 
негізделді»,  - дейді. Ж.Қ. Қасымбаев одан әрі: «Көшім хандығының жойылуы 
және  Ресейге  батыс  Сібірдің,  Қазан,  Астраханның  қосылуы,  Сібір  және  қазақ 
даласына  баратын  Кам  сауда  жолының  құрылуы  қазақ-орыс  қарым-
қатынасының  дамуына  қолайлы  жағдайлар  туғызды.  Орыс  мемлекетінің 
Қазақстанға  қызығушылығы  әсіресе,  XVI  ғасырда  ұлғаяды.  Өйткені,  Ресей 
ортаазиялық хандықтарымен сауда және дипломатиялық қарым-қатынастарды 
орнатқаннан  кейін  қазақ  даласы  арқылы  Хиуа  мен  Бұхара  орталықтарындағы 
қала қолөнершілерімен транзиттік сауда жүргізді. XVI ғ. соңы  -  XVII ғ. қазақ 
даласы  арқылы  Бұхара  мен  Хиуадан  Ресейге  44  елшілік  және  Ресейден  9 
елшілік ортаазиялық хандықтарға өтеді. Оларда көп тауар мен адамдар болды. 
Орта  Азиядан  шыққан  сауда  керуендері  қазақ  даласы  арқылы  Астрахан, 
Еділдің жоғарғы ағысымен Саратов, Самара, Қазан және т.б.  орыс қалаларына 
бағыт алады. Сонымен қатар, ол сауда керуендері қазақ даласы арқылы  Сібірге 
де  –  Бұхарадан  Сырдария,  Түркістан,  Сарысу,  Ұлытау,  Есілдің  жоғарғы 
ағысымен Ертіске, одан Тобылға дейін барды. Орыс мемлекеті бұл транзиттік 
сауданың  дамуына  қатты  қызықты  және  ортаазиялық  хандықтардың  сауда 
керуендеріне,  көпестерге  қазақ  даласы  арқылы  өткенде  қауіпсіздікті 
қамтамассыз  етуі  үшін  қазақ  хандығының  саяси  жағдайымен  және  олардың 
көрші елдермен қарым-қатынасына терең үңіле бастады», - дейді. 
Орыс  мемлекетінің  Қазақстанмен  берік  байланыс  жасауы  Орта  Азия  мен 
шығыс елдеріне әрі төте, әрі қауіпсіз жолды ашты. Мұның өзі Россияның Қазақ 
хандығымен  де  тікелей  екіжаққа  тиімді  сауда  жүргізуіне  қолайлы  жағдай 
туғызды.  Мәселен,  1574  жылы  орыс  патшасы  ІҮ  Иван  Кама  бойының  біраз 
жерлерін  билеген  Строгоновтар  дейтін  ағалы-інілі  ірі  феодалдарына 
қазақтармен  емін-еркін  сауда  жасауға  грамота  береді.  Бұл  құжаттың 
мәліметтеріне  қарағанда  қазақ  саудасының  басты  саласы  жылқы  болған. 
Строгоновтарға  берілген  грамотада  Қазақ  жерінен,  Бұқарадан  келген 
саудагерлермен  олардың  баж  салығынсыз  сауда  жасалуына  патшаның 
ризалығы  мен  рұқсаты  берілген.  Ресей  мен  Қазақстанның    сауда-саттық 
байланысы  түзелгеннен  кейін  екі  елдің  арасындаға  саяси  байланыстары  да 

 
23 
жақсара бастаған. ХҮІ ғасырдың 70-жылдардың аяғында Қазақ ханы Хақназар 
өзінің «патшамен, ұлы князьбен тату екенін» айтқан
28

Бірақ  осы  сауда  және  саяси  қарым-қатынастардың  одан  әрі  өркендеуіне 
Сібір  хандығы көп тосқауыл жасады. ХҮІ  ғасырдың 70 - жылдарында Россия 
мен  Сібір  хандығының  өзара  қатынастары  шиеленісе  түскен  кезең  болатын. 
Сондықтан да орыс үкіметі Сібір хадығына қарсы күресте сенімді одақтас іздей 
бастады.  Дәл  осындай  одақтас,  орыс  үкіметінің  ойлауынша,  Қазақ  хандығы 
болатын.  В.  Басиннің  айтуынша:  «Ресейге батыстағы  Сібірдің  қосылуы  қазақ-
орыс  дипломатиялық  байланыстарының  нығаюы  мен  дамуы  үшін  маңызды 
роль атқарды. Өйткені, XVII ғ. басында Қазақстанның батысында алғаш орыс 
мемлекеті  пайда  болған  еді»,  -  дейді.  Әрине,  бұл  тұста  Сібірдің  Ресейге  өз 
еркімен қосылмағанын оның Көшім ханмен қаншама жылдар бойы соғыстары  
дәлел бола алады. 
Кеңестік зерттеу еңбектерінде  Қазақ ханы Тәуекел де (1586  – 1598 жж.) 
Мәскеу  үкіметімен  достық  қарым-қатынаста  болуды  жақтады  деп  көрсетеді. 
ХҮІ  ғасырдың  90-жылдарында,  патша  Федор  Ивановичтің  тұсында  орыс 
мемлекетімен Қазақ хандығының  бұрынғыдан да гөрі саяси жақындаса түсуіне 
қолайлы  жағдай  туды.  1588  жылы  Сібірде  Тәуке  ханның  немере  інісі  Ораз-
Мұхаммед  сұлтан  тұтқынға  алынып,  Мәскеуге  жөнелтілді.  Мәскеу  үкіметі 
Қазақстанмен жақындасуда Ораз-Мұхаммедтің  бұл жағдайынан ұтатындығын 
жақсы  түсінген  патша  оған  сый-құрмет  көрсетеді.  Ол  кейінірек  ХҮ  ғасырдың 
орта шенінде  құрылған орталығы Ока өзені бойындағы Қасым патшалығының 
басшысы,  ханзадасы  етіп  қойылды.  Бұл  туралы  М.  Вяткин  1588  жылы  Қазақ 
ханы  Тәуекелдің  інісі  Ораз  Мұхамметті  орыстардың  тұтқындағаны  туралы 
және сол үшін 1594 жылы орыс патшасына Тәуекел ханның елші жібергендігін 
жазады.  Автордың  айтқанындай:  «Шын  мәнінде  Құл  Мұхамметтің  келуінің 
себебі сұлтан Ораз Мұхамметті  тұтқыннан босату еді»,- деп, екі ел арасындағы 
дипломатиялық байланыстың сыртқы саясаттағы ірі оқиға екендігін атап өтеді. 
Сондай-ақ  автордың  пайымдауынша  Тәуке  хан  тұсында  қазақ-орыс 
байланыстары  жандана  түседі.  Автор  бұл  еңбекте  қазақ-орыс  байланыстары 
Қазақ елінің қажеттілігі дей келе, мұндағы орыс елінің қазақ жерін  шығысқа 
кілт пен қақпа  ретінде қарағандығын ескермейді.   
«Мәскеу  үкіметінің  қазақ  сұлтаны  Ораз-Мұхаммедке  артқан  үміті 
ақталады.  1594  жылы  Мәскеуге  Тәуекелдің  елшілері  де  келеді.  Оған  Қазақ 
хандығының    Бұқарамен  күресінің  шиеленісіп,  екі  мемлекеттің  ортасындағы 
саяси  қарым-қатынастардың  нашарлай  бастауы  себеп  болды.  Сондықтан 
қазақтың  ханы  Тәуекел  Мәскеуге  өз  елшісі  Құл  Мұхаммедті  жіберіп,  Бұхар 
ханы  Абдолла  және  Сібір  патшасы  Көшіммен  күресте  орыс  мемлекетінің 
әскери  көмек  беруін  сұрады.  Оның  үстіне  Тәуекел  өз  елшісі  арқылы  Мәскеу 
үкіметінен  Қазақ  хандығын  Ресейдің  қол  астына  алуын  өтінген.  Бірақ  қазақ 
елшісі  Құл  Мұхаммедтің  Мәскеуде  жүргізген  келіссөздеріне  қарағанда,  Қазақ 
                                                           
28
 Сабырханов А. 
Қазақстан мен Россияның XVIII ғасырдағы қарым-қатынастары (қазақтың кіші жүзіне қатысты 
мәліметтер негізінде). – Алма-Ата: ҚазССР-ң «Ғылым» баспасы, 1970. – 22 б.
 
 

 
24 
ханы  Тәуекел  Ресей  қол  астына  алуды  өтінгенде,  Қазақ  хандығының  саяси 
тәуелсіздігін  мүлдем  жою  деп  түсінбеген.  Ресейдің  қол  астына  алуын 
сұрағандағы  оның  негізгі  мақсаты  -  Бұқар  және  Сібір  хандықтарына  қарсы 
күресте Қазақстан мен Ресей  арасындағы одағын құру  мақсаты болған», - деп 
атап өтеді А. Сабырханов. Зерттеуші Г.К. Сатыбекова Айқап журналын зерттей 
келіп,  Айқаптың  1913  жылдың  13-  нөмірінде  «Қазақтардың  жағдайы  туралы» 
деп аталатын мақалада 1594 жылы Қазақ ханы Тәуекел бұхар ханы Абдолламен 
күресу  үшін  әскери  көмек  сұрап,  өзінің  орыс  мемлекетінің  боданы  болуға 
ынтасы  бар  екенін  білдіріп  Мәскеуге  өз  елшілерін  жібереді  делінген.  Мұнда 
Айқап  журналы  Қазақ  ханы  Тәуекелдің  інісі  Ораз  Мұхаммет  туралы,  оның 
орыс  елінде  Қасым  хандығында  өмірінің  соңын  өткізгені  жайлы  және  бұл 
жағдайдың  қазақ-орыс  байланыстарына  әсері  туралы  бір  ауыз  сөз  айтпайды. 
Одан әрі қарай Тәуекел хан бұл бодандықты Бұхарамен күрестегі әскери одақ 
ретінде  қарастырғанын  атап  өтеді  де,  алыстағы  Ресей  Қазақ  ханына  реалды 
көмекті  көрсете  алмады  дейді.  Тарихымызға,  деректерге  үңілсек,  біріншіден, 
Қазақ  хандығы  әскери  одақ  жасасқан  елдердің  боданы  болыпты  дегенді 
тарихта  естімедік.  Екіншіден,  1594  жылғы  елшіліктен  кейін  небәрі  4  жылдан 
кейін  Қазақ  ханы  Тәуекел  Бұхаралық  ІІ  Абдолла  ханды  жеңеді.  Егерде  1594 
жылы Тәуекелдің күші жетпеген болса 4 жылдан соң ол қалайша Мауреннахр 
билеушісін  өз  күшімен  жеңе  алды.  Үшіншіден,  бұл  кезде  орыс  елі  Сібірді 
бағындырып,  Қазақстан  шекарасынан  алшақ  емес  еді,  Ресейді  алыста  жатып 
Қазақ хандығына көмектесе алмады деп ақтау да орынсыз. Оның саяси астарын 
аңғаруымыз қажет-ақ. 
Құжаттарға  қарағанда  Мәскеу  мемлекеті  Қазақ  хандығының  Ресей  қол 
астына  қарау  туралы  өтінішіне  ризашылықпен  қарап,  оған  әскери  көмек 
көрсетуге әзір екендігін білдірген. Дегенмен Ресей ол уақытта Қазақ хандығына 
әскери көмек көрсетпеді. 
Тәуекелдің  елшілері  сол  Мәскеуде  жүрген  кезінде,  онда  Иран  шахының 
елшілері  де  келіп  жатқанын  естиді.  Қазақтар  мен  Ирандықтардың  сол  кездегі 
ортақ  жауы  Бұқар  ханы  Абдолла  болатын.  Сондықтан  қазақ  елшісі  Құл 
Мұхаммед орыс патшасынан Иран елшілерін орыс елшілерімен бірге Тәуекелге 
жіберілуін сұраған. Қазақ елшілерінің бұл өтініші қабылданған. Ол туралы №6 
құжатта:  «Да  как  пришел  к  нашему  царьскому  величеству  посол  твой 
Кулмагмет,  а  в  то  ж  время  прислал  к  нашему  царьскому  величеству 
кизылбашской  Аббас-шах  посла  своего  Гадибека    о  дружбе  и  о  любви  и  о 
ссылке  для  доброго  дела,  и  бил  челом  нашего  царьского  величества  шурину 
слуге  и  конюшему  боярину  и  воеводе  дворовому  и  содержателю  великих 
государствы  царства  Казанского  и  Астораханского  Борису  Федоровичу 
Годунову  посол  твой  Кулмагмет  о  том,  чтоб  ему  позволить  видеться  с 
кизылбашским  послом.  И  нашего  царьского  величества  шурин  Борис 
Федорович  Годунов  до  нашего  царьского  величества  доносил  и  нам  о  том 
печаловался,  и  мы,  великий  государь,  царь  и  великий  князь  Федор  Иванович 
всеа Русии самодержец, позволили послу твоему Кулмагметю с кизылбашским 
послом  видетца  и  людьми  сослатца.  Кизылбашской  посол  послал  человека 
своего  с  твоим  послом  к  тебе,  к  Тевкелю-царю,  и  к  царевичем,  а  твой  посол 

 
25 
Кулмагмет послал своего товарыща с кизылбашским послом к кизылбашскому 
Аббас-шаху.  И  как  у  тебя  Аббасшахов  человек  будет  и  тебе  б  тово  шахова 
человека отпустить к шаху и сам бы еси  с шахом сослался о всяком добре», - 
делінген. 
1595  жылы  14    наурызда  бояр  думасының  шешімі  бойынша  қазақ 
хандығына  Вельямин  Степанов  бастаған  орыс  елшілігі  жіберілетін  болып 
белгіленді.  Бұл  шешім  туралы  патша  Федор  Иванович  18  наурыз  күні  Ораз 
Мұхаммедтен  Тәуекел ханға:  
-
 
Біріншіден, орыс елшілігінің басшысы В. Степанов барлық келісілетін 
мәселелер  бойынша  орыс  өкіметінің  атынан  сөйлейді,  сондықтан  да  оның 
айтқанына сенімсіздік тудырмауы керек;  
-
 
Екіншіден,  орыс  елшілігіне  ешқандай  қысым  көрсетілмей,  өз 
миссиясын  атқарғаннан  кейін  Мәскеуге  жедел  қайтарылуы  қажеттігін  айтқан 
болатын. 
Сонымен,  1595  жылы  28  наурыз  күні  патша  Федор  Иванович  елшілік 
басшысы  В.  Степанов  үшін  жазылған  грамотаға  қол  қойған.  Бұл  грамотада 
елшінің қайсы жолдармен және қандай көліктермен жүруі туралы да айтылған. 
Елшілік  құрамында  В.  Степановтан  басқа  Тәуекелдің  елшісі  Құл  Мұхаммед, 
Иран  шахы  Аббастың  өкілі  Дервиш-Мұхамед,  бұларға  ерген  үш  татар  және 
елшілікке қызмет ететін тілмаш Гриша Мельников болған. 
Әдеттегідей,  елшілікке  берілген  нұсқау  егжей-тегжейлі  болатын.  Мұнда 
елшінің  өзін-өзі  қалай  ұстау  керектігі,  Тәуекел  ханға  айтатын  жауабы,  тіпті 
ханға  деген  сыйлықтарын  қашан  және  қалай  тапсыру  керектігіне  дейін 
көрсетілген.  Нұсқау  бойынша  орыс  елшісі  келіссөздерді  тілмаш  арқылы 
Тәуекел ханмен жеке отырып жүргізуі керек. Сол кездегі  дипломатиялық салт 
жоралары  бойынша  патша  жіберген  грамотаны  хан  өз  қолымен  қабылдайтын 
болған. 
Орыс  елшісі  В.  Степановтың  Тәуекел  ханмен  жүргізген  келіссөздері, 
негізінен, екі мәселенің төңірегінде болды. Бірінші - қазақ-орыс әскери одағын 
құру,  екінші  -  Қазақ  хандығының  Ресей  қол  астына  қарауы  туралы.  Орыс 
патшасының  жіберген  грамотасында:  «егер  Тәуекел  хан  мен  сұлтандар  орыс 
мемлекетінің  қол  астына  қараса,  орыс  патшасы  олардың  өз  жауларына  қарсы 
күресінде әскери көмек беруден бас тартпайды» деп көрсетілген. 
Ал,  Тәуекелдің  немере  інісі  Ораз-Мұхаммед  сұлтанды  елге  қайтаруды 
өтінген  тілегіне  патша  оның  орнына  Тәуекел  өз  баласын  аманатқа  жіберген 
жағдайда  ғана  босата  алатынын  білдірген.  Сонымен,  патша  үкіметі  Ораз-
Мұхаммед сұлтанды Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды нығайтуға 
жәрдем етеді деп санаған. 
Қазақ  ханымен    келіссөздер  жүргізуден  басқа  орыс  елшісі  В.  Степанов 
қазақтардың  санын,  олардың  негізгі  кәсібін,  әскерінің  құрамы  мен  қару-
жарақтарын,  қалмақтар  және  басқа  да  көршілес  мемлекеттермен  қарым-
қатынастарын біліп, осылар жөнінде патша үкіметіне түгелдей мәлімет беруге 
тиісті  болатын.  Бұл  секілді  мәліметтер  Ресейдің  басқа  елдермен  ара 
қатынастарын орнатуда аса қажетті деп есептелінетін. 

 
26 
Әрі  ұзақ,  әрі  қиын  жолдармен  сапар  шеккен  орыс  елшілері,  Тәуекел 
ханның  ордасына  жетіп,  мұнда  екі  ай  аялдады.  1595  жылы  30  мамырынан  30 
шілдеге  дейін    қазақ  жерінде  болған  В.  Степанов  бастаған  орыс  елшілігі  сол 
жылдың  қыркүйек  айында  Самараға,  ал  қазанның  бас  кезінде  Мәскеуге  қайта 
оралады. 
Бұл  елшілік  келіссөздер  нәтижесінде  Қазақ  хандығы  мен  орыс 
мемлекетінің  арасында  берік  әскери  одақ  құрылмаса  да,  екі  елдің  ара 
қатынастарын жақындастырып, олардың достық, тату жағдайда тұруларына өз 
әсерін тигізбей қойған жоқ
29

Осы  елшілікке  байланысты  материалдармен  танысу  Қазақ  хандығы  мен 
орыс  мемлекетінің  арасындағы  қажетті  саяси  қарым-қатынастардың    үздіксіз 
болып  тұрғанын  аңғартады.  В.  Степанов  елшілігінің  маршруты  бұл 
қатынастардың  қай  пункттер  арқылы  болғанын  да  көрсетеді.  Осы  елшілікке 
қатысты 11 құжатты кітаптың соңында қосымша ретінде беріп отырмыз.  Оны 
өздеріңіз оқып, танысып шығуларыңызға болады.  
Қазақ  хандығы  мен  Ресей  арасын  байланыстырып  тұрған  жол  Қазаннан 
басталатын.  Содан  әрі  Кама  өзеніне  жетіп  Башкирия  өлкесі  арқылы  Жайық 
өзенінің  жоғарғы  салаларына  тіреліп,  бұл  өзенді  қазіргі  Орынбор  қаласының 
маңынан  кесіп  өтетін.  Бұдан  әрі  ол  Ырғыз  өзеніне  шығып,  қазақ  даласымен 
Сарысу  өзенінің  басталар  жерінен  Талас  Алатауына  келіп  тірелетін.  Осы 
қашықтық В. Степановтың айтуына қарағанда 9 аптаға жуық уақыт алған. Бұл 
жолдың көпшілігі сусыз даланың өң бойымен өтетін. 
Әрине,  бұл  жол  Қазақ  хандығы  мен    Ресейді  байланыстырып  тұрған  ХҮІ 
ғасырдағы  негізгі  жолдардың  бірі  болатын.  Бұдан  басқа  қазақ  даласын  Сібір 
қалалары  Тары,  Түмен,  Тобольскімен    байланыстыратын    жолдың  болғаны  да 
мәлім. 
Орыс елшісі В. Степановпен бірге Тәуекел хан өз баласы Мұрат сұлтанды, 
елшісі  Құл  Мұхаммедті  және  оларға    қосып    үш  адамды  Ресейге  жіберген. 
Қазақ  ханының  бұл  елшілігі  туралы  мәліметтер  сақталмағандықтан,  оның 
қандай мәселелер жөнінде  Мәскеуде келіссөздер жүргізіп, нендей нәтижелерге 
қол жеткенін айту қиын. Тәуекелдің орыс елшісін жақсы қабылдап, оған сый-
құрмет көрсетуі және орыс мемлекетіне тағы да елшісін жіберуі оның Ресеймен  
саяси  қатынастарды  жақсартуға,  екі  ел  ортасында  бұрыннан  келе  жатқан  
дәстүрлі    достықты    одан  әрі  жалғастыра  беруге    ұмтылғанын    көрсетеді,  деп 
қорытындылаған зерттеуші А. Сабырханов. 
1594 жылы орыс  мемлекеті  Қазақстан арқылы  Сібірмен байланыс жасау 
әрекеттеріне  кірісе  бастады.  Осы  мезгілде  Ертістің  саласы  Тары  өзенінің 
бойында  оңтүстікке  көшіп  кеткен  Көшім  ханның  Тобольск  бекінісіне  жасаған 
шабуылдарын  тоқтату  мақсатымен  Тары  қаласы  салынған  болатын.  Бұл 
уақыттан әлдеқайда бұрын орыстар Ертіс өзенін бойлап едәуір алға жылжыған-
ды. Олардың Ямыш көліне дейін келіп, кішкене кемелермен  тұз алып кететіні 
                                                           
29
 Сабырханов А.
 Қазақстан мен Россияның XVIII ғасырдағы қарым-қатынастары (қазақтың кіші жүзіне қатысты 
мәліметтер негізінде). – Алма-Ата: ҚазССР-ң «Ғылым» баспасы, 1970. – 23-28 бб.
 
 

 
27 
кәдуілгі іске айналғанды. Тарихи зерттеулерге қарағанда, орыстардың кішкене 
қайықтардан құралған керуендері Ертіспен жоғары  өрлеп Қазақстанға, ал Орта 
Азия елдерінің  сауда керуендері  қазақ далалары арқылы Ресейдің Астрахань, 
Самара  т.б.  қалаларына  қатынап  тұрған.  Бұқардан  шыққан  сауда  керуендері 
Ертіс  бойын  жағалап  Сібірге  барып,  бұл  жерде  олар  өздерімен  бірге  алып 
келген  мата,  кептірілген  жеміс  т.б.  товарларын  астыққа,  аң  терілеріне 
айырбастап  кейін  қайтатын  болған.  Ал,  Тобольскіден  шығатын  сауда  жолы 
Орта  Азияға  қарай  Ертіс,  Есіл  өзендері  арқылы  өтіп,  одан  әрі  Ұлытаудан 
Сарысу  өзенін  бойлап  Түркістан  қаласына  дейін  баратын.  Бұл  жерден 
Сырдария өзені арқылы Бұқараға барып тірелетін. Орта Азия  хандықтарымен  
тиімді  сауда  байланыстарын  одан  әрі  кеңейтуде,  сауда  керуендерінің  қауіп-
қатерсіз  қатынап  тұруында  Қазақстанның  шешуші  роль  атқаратынын  жақсы 
түсінетін орыс  үкіметі Қазақстанмен тату тұруға тырысатын. 
Бұл  ретте  Қазақстан  мен  орыс  мемлекетінің  саяси-экономикалық  және 
шаруашылық  қатынастарын  зерттеушілер  үшін  өте  қынжыларлық  мына  бір 
жайды айта кеткіміз келеді. ХҮІ ғасырдың 90-жылдарынан ХҮІІ  ғасырдың 60-
жылдарына  дейінгі  мерзім  ішінде  болған  қазақ-орыс  саяси  қатынастарын 
жалпы  сипаттайтын,  соның  ішінде  елшілік  қатынастары  туралы  мәліметтер 
алатын  тарихи  құжаттар  сақталмаған.  Егер  осындай  құжаттар  болған  деп 
есептелінгенмен осы кезге дейін зерттеушілер оларды таба алмай жүр.  Соның 
салдарынан  бір  ғасыр  шамасы  уақыт  ішіндегі  қазақ-орыс  қарым-
қатынастарының    тарихы  әзірге  дейін  жазылмай  келеді.  ХҮІ  ғасырдың  аяғы 
мен  ХҮІІ  ғасырдың  басында  Қазақстан  мен  орыс  мемлекетінің  арасындағы 
саяси,  дипломатиялық  және  басқа  да  қарым-қатынастардың  біраз  әлсіреуін 
байқауға болады. Себебі, ХҮІІ ғасырдың бас кезіндегі Ресей мемлекетінің ішкі 
жағдайына  байланысты  болды.  Ол  өте  шиеленіскен  болатын.  Ал,  Қазақ 
хандығы 
болса, 
бүкіл 
ХҮІІ 
ғасырдың 
өнбойында 
Жоңғария 
шапқыншылықтарына  ұшырап  отырды.  Сөйтіп  өздерінің  ішкі  жағдайының 
қамын  жеген  екі  мемлекет  те  белгілі  бір  уақыт  ішінде  сыртқы  саяси 
байланыстарға баса көңіл аудара алмаған болуы ықтимал. Дегенмен, Қазақстан 
мен  Ресейдің  саяси  қатынастарының  әлсіреуін  тек  осы  фактімен  түсіндіру 
дұрыс емес еді. 
Бұл  қатынастардың  әлсіреуіне,  екінші  жағынан,  торғауыт  қалмақтардың 
батысқа қарай жылжуы да көп әсерін тигізген. Олардың жайлаулары жаздыгүні 
Ырғыз,  Елек  және  Жем  өзендерінің  бойларында  болатын.  Ал,  қыс  айларында 
Жайық  өзенінен  өтіп  үлкен  және  кіші  өзен  мен  Самара  өзенінің  жоғарғы 
жақтарына барып қыстайтын. Осы жерлерді қалмақтардың басып алуы себепті 
құрғақ  жолдың  жабылуы,  сөз  жоқ,  қазақ-орыс  елшілік  қатынастарының  одан 
әрі нығаюына уақытша болса да кедергі  жасаған. 
Торғауыт-қалмақтардың осы жерлерді иемденуінің нәтижесінде Ресей мен 
Орта Азия  мемлекеттерінің арасындағы сауда-саттық, елшілік қатынастардың 
әлсірегенін көрсететін архив материалдары көп-ақ. Мәселен, мұны Хиуа ханы 
Испендиардың 1641 жылы орыс патшасы Михаил Федеровичке жазған грамота 
қағазынан  да  анық  байқауға  болады.  Хиуа  ханы  Ресей  мен  Хиуа  хандығы 
арасындағы жолды қалмақтардың жауып тастағанын, олардың екі ел ортасында 

 
28 
жүрген  саудагерлерді  өткізбей,  малын  талап  алатынын  айта  келіп,  торғауыт-
қалмақтарға  қарсы  бірігіп  күрес  жүргізу  жөнінде  ұсыныс  жасаған.  Сонымен 
бірге  Хиуа  ханы  Испендиар  орыс  патшасынан  Жем  өзені  бойына  қала  салып, 
бұл жерге әскери күш жіберуін де өтінген. 
Дегенмен,  осындай  қиын  қыстау  кедергілерге  қарамастан  ХҮІІ  ғ. 
өнбойында  да  сонау  көне  заманнан  басталған  қазақ-орыс  қарым-қатынастары 
жалғаса бергенін көптеген деректер толығымен растайды. 
Ресей  үкіметінің  Қазақ  хандығымен  саяси  одақ  құру  және  сауда-саттық 
қатынастарын  ұлғайтуға  бағытталған  шараларын  Тобольск  воеводасы                     
И.С.  Куракиннің  1616  жылы  посол  приказымен  хат  жазысуларынан  байқауға 
болады. 
Мұнда 
келтірілген 
құжаттарға 
қарағанда, 
орыс 
патшасы                              
И.С. Куракиннің атына хат жазып, онда Сауранды билеп тұрған қазақ сұлтаны 
Аблаймен  (орыс  құжаттарында  Аблайхан)  байланыс  жасауды  тапсырған. 
Тобольск воеводасы Аблаймен екі мәселе бойынша келіссөздер жүргізуге тиісті 
болған.  
-  Біріншіден,  сол  кезде  Сібірдегі  орыс  қорғаныс  қамалдарына  шабуылдар 
жасап тұрған қалмақтарға қарсы бірігіп күресу үшін соғыс одағын құру; 
-  Екіншіден,  сұлтан  Аблай  қол  астындағы  жерлерде  орыс  көпестерінің 
емін-еркін  сауда  жасауына  мүмкіндік  туғызу  және  қазақтарды  Сібір 
қалаларындағы  сауда-саттыққа тарту еді.  
Бірақ,  Бұқар  ханы  Имамқұлдың  Қазақ  хандығына  жасаған  шабуылының 
нәтижесінде  Аблай  Сауранды  тастап  қашуға  мәжбүр  болды.  Сондықтан  орыс 
үкіметінің  Қазақстанмен  саяси  және  сауда  қатынастарын  орнатудағы  бұл 
жолғы дипломатиялық шарасы жүзеге аспай қалған
30
.  
Солай болғанмен де Ресей үкіметі Қазақ хандығының саяси, халықаралық 
және  ішкі  жағдайымен  айналысуға  ықыласын  кеміткен  жоқ,  қайта  Ресей 
Қазақстанның географиялық орны, халқы, алып жатқан территориясы жөнінде 
мәліметтер жинауға кіріскен еді. 
Мұны  «Үлкен  сурет  кітабында»  («Книга  большему  чертежу»)  келтірілген 
мәліметтерден  анық  байқауға  болады.  Бұл  кітап  ХҮІІ  ғасырдың  І-ширегінде 
дәлірек  айтқанда  1627  жылы  жасалған.  Мұнда  орыс  мемлекетінің  жерлері 
сипаттамасынан басқа, осы елмен шектесе жатқан халықтардың территориясы 
туралы  да  құнды  мәліметтер  бар.  Бұл  мәліметтер  тарих  үшін  таптырмайтын, 
өте  сирек  кездесетін  мағлұматтармен  құнды.  Кітап  жазылардың  алдында 
осыған  кірген  елдердің  географиялық  жағдайын  зерттеу  жөнінде  орасан  зор 
жұмыс  істелінген.  Әлбетте,  бұл  мәліметтер  аз  уақыттың  ішінде  жиналуы 
мүмкін емес. «Үлкен сурет кітабының» шығуы - орыс халқының көптеген жер 
зерттеушілерінің,  елшілерінің,  патша  қызметінде  болған  басқа  да  адамдардың 
еңбегінің  нәтижесі.  Кітап  ХҮІІ  ғасырдың  өн  бойында  басқа  елдерге  сапар 
шеккен  орыс  мемлекеті  өкілдерінің  іс  жүзінде  қолданатын  құралы  есебінде 
болған.  
                                                           
30
 
Сабырханов А.  Қазақстан мен Россияның XVIII ғасырдағы қарым-қатынастары (қазақтың кіші жүзіне қатысты 
мәліметтер негізінде). – Алма-Ата: ҚазССР-ң «Ғылым» баспасы, 1970. – 27-28 бб.
 

 
29 
Сонымен, «Үлкен сурет кітабында» қазақтар және Орта Азия тұрғындары 
жөнінде келтірілген жинақты мәліметтер орыс мемлекетінің осы халықтармен 
ғасырлар  бойы  жүргізен  экономикалық  және  шаруашылық  қарым-
қатынастарының  негізінде  келіп  шыққан.  Осы  байланыстардың  нәтижесінде 
«Үлкен  сурет  кітабына»  енген  географиялық  білім  қоры  бірте-бірте 
жинақталып, ХҮІІ ғасырдың І-ширегінде өз сипаттамасын тапты деуге болады. 
Келтірілген  мәліметтердің  жиналу  процесін  қадағалау  өте  қиын.  Ал,  бұл 
деректердің  қолжазбалардан,  Орта  Азия  мен  Қазақстанда  болған  орыс 
елшілерінің  күнделіктерінен  және  саудагерлердің  ауыз  екі  берген 
жауаптарынан алынғаны сөзсіз. 
Мұрағат  қазыналарынан  осы  уақытқа  дейін  Қазақстан  мен  Ресей 
арасындағы  ХҮІ  ғасырдың  аяғынан  келесі  ғасырдың  60-шы  жылдарына  дейін 
болған  елшілік  қатынастар  туралы  баяндайтын  мәліметтердің  табылмауына 
қарамастан,  «Үлкен  сурет  кітабында»  келтірілген  деректерге  сүйене  отырып, 
біз  мұндай  байланыстар  мүлдем  тоқтап  қалған  екен  деген  қорытындыға  келе 
алмаймыз.  
Патша  үкіметі  Орта  Азия  қалаларымен  Сібір  ортасындағы  керуен 
жолдарды  билеп  тұрған  Қазақ  ханы  Тәукемен  байланысты  күшейтуге  әрекет 
жасаған.  Тәуке  де  орыс  мемлекетімен  достық  қарым-қатынастарда  болуды 
тілеген.  Өйткені  қазақ  билеушілері  Орта  Азия  хандықтарымен  Сібір 
ортасындағы  Түркістан  және  Сауран  сияқты  керуен  жолдарындағы  маңызы 
күшті  қалаларды  билеп,  одан  көп  пайда  түсіріп  отырған.  Оның  үстіне 
қазақтардың  сататын  малы  үшін  Сібір  таптырмайтын  айырбас  сауда  орны 
болып есептелінетін.  
Тәуке хан Ресеймен елшілік қатынастарды нығайта беру мақсатымен 1669 
жылы өз елшісінен орыс патшасына сыйлық ретінде 1 ат беріп жіберген. Қазақ 
елшісі  құрметпен  қабылданып,  орыс  елшілері  Онюшка  Шапошников  және 
Назир  Надировпен  бірге  қайта  оралады.  Орыс  елшілері  Түркістанға  тоқтап, 
Тәуке  ханға  кездесуге  және  орыс  патшасының  оған  жіберген  грамота 
қағазымен  сыйлығын  тапсыруға  тиісті  болады.  Олар  осы  тапсырманы 
орындағаннан  кейін  Қазақ  хандығының  астанасы  Түркістан  қаласынан 
Бұқараға аттанады. 
Біз бұл орыс елшілерінің Тәукемен нендей мәселелер жөнінде келіссөздер 
жүргізгеннен  ашып  айта  алмаймыз.  Себебі,  келіссөздер  тақырыбы  туралы 
сақталған  мәліметтер  жоқ.  Дегенмен,  орыс  патшасы  өз  елшілері  арқылы 
Қазақстанмен  елшілік  және  сауда  қатынастарын  жасап  тұруға  ұсыныс 
жасағаны ықтимал. 
Шапошников  пен  Надиров  Бұқарда  екі  айдай  уақыт  болып,  Түркістанға 
қайта оралғанда Тәуке өзінің Тұғынай, Қарашай деген елшілерін оларға қосып, 
Сібірге  аттандырған.  Қазақ  елшілері  орыс  патшасының  атына  жазылған  хат 
және оған арналған садақ, жібек, кездеме т.б. сыйлықтар алып барады. 
Қазақ  елшілері  1670  жылдың  қазанында  Тобольскіге  келіп,  одан  әрі 
Мәскеуге барған.  Бұл  елшілердің  Мәскеуде жүргізген  келіссөздері  және оның 
нәтижесі  немен  тынғаны  жөнінде  мұрағат  материалдары  әлі  күнге  дейін 

 
30 
табылған  жоқ.  Сондықтан  қазақ-орыс  елшілерінің  Мәскеудегі  қызметі, 
нәтижелері жөнінде біз әзірше ашып айта алмаймыз. 
Жоғарыда айтылғандай, Қазақстан Тәуке  ханның (1680-1718жж.) тұсында 
да  Жоңғариямен  күресін  тоқтатқан  жоқ.  Өзінің  хандық  құруының  алғашқы 
күндерінен бастап-ақ Тәуке хан барлық күшін Қазақ хандығының саяси бірлігін 
нығайтуға және оның саяси тәуелсіздігін сақтап қалуға жұмсады. Тәукенің хан 
билігін  күшейтудегі  ниетін  орыс  елшілері  Федор  Скибин  мен  Михаил 
Трошинге  айтқан  мына  сөздерінен  де  байқауға  болады:  «Түрік  сұлтанының 
немесе Иран шахының Тәуке ханнан несі артық? Олар да оның өзіндей!» 
Көп жылдарға созылған Жоңғариямен күрес Қазақ хандығының Ресеймен 
жақындасуын  тездетті.  ХҮІІ  ғасырдың  аяқ  шенінде  солтүстікте,  Сібірде  қазақ 
қоныстары орыс мемлекетінің шекарасымен іргелесіп қона бастады. Мұның өзі 
Ресей  мен  Қазақстанның  сауда  және  саяси  қатынастарын  нығайтуға  қолайлы 
жағдай  туғызды.  Сөзімізді  дәлелдеу  үшін  Тәуке  ханның  1691  жылы  орыс 
патшасына жазған хатына тоқтала кетейік: «сіздің бабаларыңыз бен әкеңіз сол 
кездерде (ХҮІІ ғасырдың 30-60 жылдары туралы айтылып отыр.) өз адамдарын 
бізге  жіберіп,  ал  біздің  елшілер  сіздерге  барып  тұратын-ды.  Екі  елдің 
арасындағы  сауда  адамдары  бір-бірімен  кеңесте  болып,  достық  қатынаста 
болатын».  Келтірілген  үзіндіге  қарағанда  екі  мемлекеттің  арасындағы  саяси-
дипломатиялық  қарым-қатынастардың  бірден-бір  өлшемі  болып  есептелетін 
сауда  байланыстарының  ХҮІІ  ғасырдың  30-60  жылдарында  да  үзілмегендігі 
байқалады. 
Сауда-саттық  қатынастарын  бұдан  былай  да  үзбей,  жалғастыра  беірудің 
қажет  екендігін  екі  елдің  де  мемлекеттік  қайраткерлері  жақсы  түсінген. 
Мысалы, Тәуке хан 1694 жылдың  қазан айында өз елшісі Қолтубай Аталықов 
арқылы  орыс  патшасы  І  Петрге  Ресеймен  достық  қарым-қатынасты  қалпына 
келтіру  туралы  хабарлаған.  Сол  кездегі  елшілердің  өзі  бір  жағынан,  сауда-
саттықпен  айналысқанын  Қ.  Аталықов  бастаған  елшілік  қызметінен-ақ  анық 
байқауға  болады.  Басқаша  айтқанда,  мұндай  елшіліктерді  кіші-гірім  сауда 
керуені  десе  де  болғандай.  Мәселен,  осы  ретте  қазақ  елшісімен  бірге 
Түркістандық саудагер Елсейіт Шүкіров те келген. Бұл екеуі алып келген төрт 
тең  сауда  жүктің  ішінде  бұқаралық  маталар  және әр  түрлі  кездемелер  болған. 
Жалпы  сол  кездегі  елшіліктерге  сауда  керуендерінің  ілесе  жүруі  де  жиі 
кездеседі.  Бұл  салт  сол  елшілікті  жіберген  елдің  көршісі  мен  достық  қарым-
қатынаста  екендігін  растайтын  белгісі  болса  керек.  Елші  Қолтубай  Аталықов 
Тәуке  ханның  бұл  бағытта  қандай  келісімдерге  болса  да  баратыны  жөнінде 
және  өткен  кездердегі  достық  қарым-қатынастарды  қайтадан  жандандыруға 
дайындығын орыс үкіметіне жеткізген.  
Елші  Қолтубай  Аталықовқа  Тәуке  ханның  екінші  тапсырмасы  ХҮІІ 
ғасырдың 80-ші жылдарында қазақ феодалдарының  Сібір селендеріне жасаған 
бір шабуылы кезінде орыстар қазақтың Келді деген атақты мырзасын тұтқынға 
алып  қалған  болатын-ды.  Тұтқыннан  Келдіні  босату  үшін  қазақ  шонжарлары 
біраз  әрекеттер  жасағанымен,  нәтижесіз  қалған-ды.  Енді  Тәуке  хан  Келді 
жөнінде  орыс  патшасы  І  Петрге  арнай  хат  жазып,  оның  босатылуын  сұраған. 
Қазақ-орыс қатынастарына арналған №12 құжатта «А ныне Казыя-салтана имя 

 
31 
особой малой владелец ездил с воровскими людьми с своих урочищ на ваших 
людей,  и  я  к  ним  ездил  месяц,  и  тот  салтан  ездил  к  русским  сторонам  с 
каракалпаки  вместе  для  сесветного  последнего  худова  дела,  и  я  их  за  такое 
худое  дело  крепко  бранил,  и  в  стыд  привел,  и  говорил  я  им,  чтоб  они  
здравствовали на своих государствах, а мы бы здесь. И мы такому худому во-
ровству  и  недоброму  делу  не  рады,  и  не  надобно,  и  не  любим,  что  меж 
царствами  такие  дурости  чинятся.»,  -  деп  жазылған.  Қазақ  елшісінің  сөзіне 
қарағанда, Тәуке хан өз сұлтандары мен билерін талай рет жинап алып, оларға 
орыс  шекараларына  тұтқиылдан  шабуыл  жасауларын  тиюды  талап  еткен.  Екі 
елдің арасында анда-санда болып тұратын осындай тиімсіз қатынастар туралы 
айта келіп, Тәуке хан олардың екі жағы үшін де «қайырымсыз іс» екенін, бұдан 
былай оларға жол бермеу керектігін көрсеткен.  
Бірақ  Тәуке  ханның  бұл  талаптарына  қарамастан,  қазақтың  ру  басылары 
орыстың бекіністері  тым  жақын  болғандықтан  Ресейге онша  сене  қоймайтын. 
Дегенмен, жоңғарияның қауіп төндіруі және онымен күресу орыс мемлекетімен 
қалайда  жақындасуды  талап  етті.  Жоңғар  отрядтарының  орыстың  Сібіріндеге 
селендеріне  шабуылын  тоқтатпауы  Сібірдегі  орыс  әкімшілігінің  де  мазасын 
алып,  енді  Қазақстан  мен  Ресей  арасындағы  одақ  екі  жаққа  да  табиғи  нәрсе 
болып  көріне  бастады.  Оның  үстіне,  патша  үкіметі  қазақ  жерлерін  шығыстың 
бай елдеріне - Орта Азия мен Үндістанға өтетін қақпа деп танып, Қазақстанмен 
арақатынасты  бұзбауға  тырысты.  Сондықтан  да  орыс  үкіметі  1694  жылы  өз 
елшілерін  жіберіп,  екі  мемлекет  арасындағы  қарым-қатынастарды  нығайтуға 
тағы  да  бір  адым  жақындағандай  болды.  Орыс  елшілігін  Федор  Скибин  мен 
Матвей  Трошиндер  басқарған.  Олар  екі  жарым  мың  километрдей  жол  жүріп, 
Тәуке  ханның  ордасы  Түркістан  қаласында  болып,  онымен  келіссөздер 
жүргізген.  Бұл  келіссөздердің  мақсаты  –  Қазақстан  мен  Ресейдің  қарым-
қатынастарын  жақсарту  және  екі  елдің  арасындағы  дипломатиялық 
байланыстарды  одан  әрі  нығайту  болатын.  Орыс  үкіметі  өз  елшілері  арқылы 
Тәуке  ханнан  қазақ  феодаолдарының  орыс  мекендеріне  шабуыл  жасауын  тию 
туралы  талап  қойғанда,  Тәуке  хан  орыс  селендеріне  шабуыл  жасап 
жүргендердің  хан  ордасынан  алыстағы  өкілдері  екендігін,  оларға  тиым  салу 
қолынан  келмейтіндігін  айтқан.  Ал  енді  орыс  мемлекетімен  алдағы  болатын 
қарым-қатынас  мәселесін  Тәуке  хан  билердің  кеңесіне  салғанда,  олардың 
көпшілігі  Ресеймен  соғысуды  қолдап  шыққан.  Қазақ  шонжарларының 
Ресеймен  бейбіт қатынаста болуы  екі ел  үшін де  тиімділігін  түсінбегендіктен, 
орыс  елшілері  Ф.  Скибин  мен  М.  Трошинді  соғыс  тұтқындары  ретінде 
Түркістан  қаласында  қалдырған.  Тәуке  хан  бұл  істің  қолайсыздығын  түсінген 
болуы керек,  әйтпесе  Трошин  мен Скибиннің оп-оңай  Бұхараға  қашып  кетуін 
түсіндіру  қиын-ақ.  Олар  1697  жылы  аман-есен  Тобольск  қаласына  қайта 
оралған
31

Жоғарыда  айтылған  елшіліктің  Қазақстан  мен  Ресей  арасында  болған 
дипломатиялық  қатынастар  тарихынан  айтарлықтай  орын  алатынын 
                                                           
31
 
Сабырханов А. Қазақстан мен Россияның XVIII ғасырдағы қарым-қатынастары (қазақтың кіші жүзіне қатысты 
мәліметтер негізінде). – Алма-Ата: ҚазССР-ң «Ғылым» баспасы, 1970. – 27-28 бб.
 

 
32 
айтпағанның  өзінде,  оның  ХҮІІ  ғасырдағы  Қазақ  хандығының  экономикалық, 
шаруашылық  тарихын  зерттеудегі  маңызы  да  үлкен.  Мәселен,  Скибин  мен 
Трошиннің  келтірген  мәліметтеріне  қарағанда,  қазақтар  тек  қана  көшпелі  мал 
шаруашылығымен емес, сонымен бірге егін шаруашылығымен де айналысқан, 
отырықшылық  тұрмыста  болған.  Бұлардың  айтуына  қарағанда,  сол  кездегі 
Қазақстанның ұлан-байтақ жерінде қалалық аудандар да болған, бұлардың бәрі 
Түркістанмен  іргелес  жатқан.  «Қазақ  ордасының  қалалары  Түркістанның 
төңірегінде,  олардың  бірі  екіншісіне  көрініп  тұрады»,  -  дейді  Скибин.  Мұның 
айтуынша, Қазақстанның территориясында сол кездің өзінде 20-дан 32-ге дейін 
қала болған.  
Осы мәліметтерді тағы бір орыс елшісі Василий Кобяков та растайды. Бұл 
елші  Тәуке  ханға  қазақ  феодалдарының  орыс  селендеріне  жасаған 
шабуылдарының  себебін  білуге  жіберілген-ді.  Оның  айтуынша,  Тәуке  ханның 
қол  астында  20  қала  болған,  олардың  бәрі  күйдірілмеген  кірпіштен  салынған.    
В. Кобяков Тәуке ханның әскері 80 мың шамасындай екенін және мұның үстіне 
алты  мыңдай  қарақалпақ  қолының  қосылатыны  жөнінде  айтады.  Соған 
қарағанда,  қарақалпақтардың  Тәуке  ханнан  тәуелді  болғанын  аңғару  қиын 
емес.  
Василий  Кобяков  қазақтардың  бидай,  арпа  және  тары  өсірумен 
айналысатыны  туралы  да  деректер  келтіреді.  Қазақтарда  ірі  қара  малдың 
VIIIжоқтың қасы екенін, қой мен жылқының көп екендігін орыс елшісі дұрыс 
байқаған. 
Сонымен,  Қазақстанда  болған  орыс  елшілерінің  тарихын  зерттеуде  тек 
олардың  саяси  қарым-қатынастарды  нығайтудағы  роліне  ғана  тоқталу 
жеткіліксіз. 
Қазақстанда 
болған 
кезіндегі 
олардың 
байқауларында, 
мәліметтерінде  қазақ  тарихы  үшін  аса  құнды  және  сирек  кездесетін  деректер 
бар. Осы жағына да баса көңіл аударған жөн.  
В.  Кобяковтың  деректері  Қазақ  хандығы  мен  Орта  Азия  хандықтарының 
арасындағы  тығыз  сауда  қатынастары,  Түркістан  қаласының  Ресеймен  Бұқар, 
Хиуа ортасындағы елеулі транзиттік ролі, қазақ шонжарларының осы сауданы 
бақылап, одан түсіретін пайдасы және басқа көптеген мәселелер туралы құнды 
мәліметтер береді. Сонымен қатар орыс елшісінің Қазақ хандығының ішкі және 
сыртқы  саяси  жағдайы  туралы  бақылаулары,  оның  жасаған  кейбір  қонымды, 
әрі  сенімді  жобалаулары,  әсіресе,  өз  көзімен  көрген  уақиғаларды  тәптіштеп 
баяндауы,  міне,  осылардың  бәрі  ортағасыр  дәуіріндегі  Қазақстан  тарихының 
кейбір  басты  мәселелері  бойынша  таптырмайтын  тарихи  материалдар  болып 
есептеледі.  Сондықтан  елшілік  тарихын  зерттегенде  жалпы  қазақ  тарихының 
сол  дәуірдегі  басқа  да  мәселелерімен  байланыстыра  сөз  етсе,  әрі  ұтымды,  әрі 
татымды болар еді демекпіз
32

ХҮІІ  ғасырдың  бастапқы  кезіне  дейін  болған  қазақ-орыс  елшілік 
қатынастар тарихын зерттеудің қажеттілігі, кезек күттірмейтін мәселе екендігі 
                                                           
32
 
Сабырханов А. Қазақстан мен Россияның XVIII ғасырдағы қарым-қатынастары (қазақтың кіші жүзіне қатысты 
мәліметтер негізінде). – Алма-Ата: ҚазССР-ң «Ғылым» баспасы, 1970. – 27-28 бб.
 
 

 
33 
тек  жоғарыда  айтылғандармен  шектелмейді.  Осы  қарым-қатынастардың 
нәтижесінде  Қазақстан  Ресейге  ғана  емес,  басқа  Европа  елдеріне  де  мәлім 
болып, тарих беттерінде мәңгі із қалдырды.  
Қазақстанды  географиялық  зерттеу  ісінде  орыс  елшілерінің  атқарған 
қызметі  айтарлықтай.  Мәселен,  Федор  Скибин  мен  М.  Трошиннің 
мәліметтеріне сүйеніп, ХҮІІ ғасырдың соңында карта жасалынды. Бұл картаға 
Скибин  мен  Трошин  бастаған  елшіліктің  Тобольскіден  Түркістанға  дейін 
жүрген жолы кірген. Осы картаның негізінде 1701 жылы Семен Ремезов өзінің 
«Сібірдің сурет кітабы» («Чертежная книга сибири») атты еңбегін жасады. Бұл 
кітапта қазақтың үш жүзінің де территориясы да көрсетілген. 
ХҮІІ  ғасырдың  аяғына  дейін  болған  қазақ-орыс  елшілік  қатынастарының 
жалпы  шолуын  бере  отырып,  одан  шығатын  негізгі  қорытындыларға  тоқтала 
кетейік.  
- Біріншіден, Қазақстан мен Ресей арасындағы тарихи қатынастар ілгеріден 
басталып,  олар  дипломатиялық,  шаруашылық  немесе  сауда-саттық  түрінде 
болсын барлық жағдайда, әр кезеңде үзілместен жалғасып отырған.  
-  Екіншіден,  ХҮІІ  ғасырдағы  елшілік  қатынастар  Қазақстан  мен  Ресейдің 
саяси, экономикалық байланыстарының нығаюына ықпал етіп, екі ел бірін-бірі 
шаруашылық, саяси-әлеуметтік және географиялық жағынан таныған.  
- Үшіншіден, Ресейдің Қазақ хандығына деген қызығушылығы әр кезеңде 
нақты деректердің негізінде айқын байқалады.
   

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет