Ж елінің елшісі, Ұлтының Ұяты мырзатай Жолдасбеков



жүктеу 191.6 Kb.
Pdf просмотр
Дата30.03.2017
өлшемі191.6 Kb.

 

11.05. 2010 ж. 

ЕЛІНІҢ ЕЛШІСІ, ҰЛТЫНЫҢ ҰЯТЫ 

 

Мырзатай Жолдасбеков 

Олжастың асқақ, азаматтық үніне сай келешекте талай кітаптың жазылатынына еш 

күмән  жоқ.  Өйткені,  оның  есімі  халқымен  біте 

қайнасады,  бірге  тұтасады.  Ақын  өз  тағдырын, 

ақындық  мұратын  елінен,  туған  жерінен  ешқашан 

бөліп қараған емес. Олжас – алдымен ақын. Оның қай-

қай  өлеңінен  де  бағзы  бабалардың  кемеңгерлігін, 

жыраулық  даңғылдығын,  шешендігін,  айтқыштығын, 

ілгеріні  болжай  алатын  сәуегейлігін  айна  қатесіз 

танисыз. 

Әсіресе  ақ  өлең  үлгісіндегі  түнгі  шалғынға 

тұяғын  сүрткен  сәйгүлігі  (“Азия  алауы”),  ат  дүбірін 

түсінде  сезініп,  ұйықтап  жатып  жойқын  жортуылда 

жүретін  баба  рухы  (“Аян  берген  түн”),  “Жолы  ауыр  Асан  туралы”,  “Назым  Хикметтің 

өлімі”,  тіпті  80-жылдар  басында  кеңестік  оқырманды  қалың  ұйқысынан  сілкіп  оятқан 

“Игорь жасағы туралы жыр” дастанының түп тамырына үңілген “Аз и Я” кітабы орысша 

жазылса-дағы, қазақ иісі аңқып тұрған, қалың елін мақтаныш сезіміне бөлеген айтулы шы-

ғармалар – әлгі айтқандарымыздың айқын куәсі. 

Олжас – ұлтымыздың ар-ұяты һәм намысы. 

Ақын  шүу  дегеннен  лаулап  жанды,  дел-сал  жатқан  ұлы  даланың  бойына  қан 

жүгіртіп, жасын ойнатып, дүркіреп шықты; заты поэзияның рухын көкке көтерді. Олжас 

десе  көз  алдыма  бүгін  болмаса  –  ертең  от  шашқалы  тұрған  жанартау,  яки  ытырылып 

атылғалы  тұрған  барыс  елестейді.  Әлемді  дүр  сілкіндірген  “Адамға  табын,  Жер,  енді!” 

дастанын Кремльдің Съездер сарайында, Нью-Йорктің Колумбия университетінде оқыған 

сәттерінің, бүкіл әлемнің жарыса, қызыға оқығанының куәсіміз. Жаһанға дәл осылай жар 

салып келген ақын Олжасқа дейін тарихта аз болған шығар. 

2006 жылы тамыз айында Олжас Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында 

өзінің  мерейлі  кешін  өткізді.  Маңдайы  жарқ  етіп  сахнаға  шыға  келгенде  бәрімізді 

жетпісінде де ерекше әсерге бөледі. Суытылған тұлпардай, түлеген сұңқардай, сахнаның 

ажарын кіргізді. Ағыл-тегіл сөйледі. Арбауға түскендей күй кештік. Осының кепиеті неде 

деп  көп  ойландым.  Сөйтсем,  Олжастың  табиғаты,  жаратылысы  бөлек  екен.  Әр  сөзі 

жүректен  шығып,  жүрекке  жетеді  екен.  Қай  мәселенің  де  астарын  ашып,  әдібін  сөгіп, 

түйінін  шешіп  биік  сөйлейді.  Айызыңды  қандырып,  көкейіңдегіні  тауып  айтады. 

Баяғының  кемеңгер  билерінше  көсіліп  те,  шешіліп  те  сөйлейді.  Өйтпесең  Олжас 

болармысың, өйтпесең Олжабай батырдан туамысың, тектім, дейсің ішіңнен. 

Неге  екенін  қайдам,  Олжас  сөйлесе  көз  алдыма  эпос  елестейді  де  тұрады.  Өзі  де 

кейде эпостың қаһармандарына ұқсай береді. Оның поэзиясынан да, сөйлеген сөздерінен 

де эпикалық кеңдікті сезінесің. 

Халықаралық  қатынаста  да,  саясатта  да,  тарихи  жиындарда  да,  ғылыми 

конференцияларда  да  Олжастың  бойы  да,  ойы  да  ешқашан  аласарған  емес;  қай  елде  де, 

қай  жиында  да  жарқылдап  сөйлеп,  ұлтына  кір  келтірмей,  елінің  мәртебесін  өсірумен 

келеді. 


Ішкі Монғолия жерінен Иманғали ініміздің көмегімен Күлтегін тасының жапондар 

жасаған  көшірмесін  Астана  университетінің  төріне  әкеп  орнатып,  2001  жылы 

халықаралық  ғылыми  конференция  өткізген  кезімде  алуан-алуан  жүйріктердің  арасынан 

шоқтығы  биік  болған  да,  жұрттың  көкейіндегі  сөзді  айтқан  да  Олжас  еді.  Оның:  “Көш-

пелілер  –  біздің  арғы  тегіміз.  Түрк  қағанаты  сол  Орхон-Енисей  жазбаларынан  басқа 


ештеңе жасамаған болса-дағы әлем мәдениетінен өз орнын ойып тұрып алар еді” дегенін 

көпшілік әлі ұмыта қоймаған шығар. 

Сол  жолы  адамзаттың  Айтматовы,  Шыңғыс  ағамыз  өрелі  ой  айта  алмады.  Іштей 

өкініп қалдық. Мәнісін мен кейінірек түсіндім. Конференциядан соң кабинетте Шыңғыс, 

Иманғали үшеуміз оңаша шәй ішіп отырдық. Сонда: 

– Мырзатай! Мынандай қиын кезеңде зауыт, фабрика салу да керек шығар. Ал көп 

ел  көнін  көтере  алмай  отырған  заманда  мынандай  университет  салған,  елінің  келешегін 

ойлаған  Назарбаев  шынында  кемеңгер  екен.  Шынымды  айтсам,  Түрк  дәуіріне  қатысты 

осыншама  асыл  мұраларды  білмейді  екенмін.  Білуіміз  керек  екен.  Олжастың  бүгінгі 

сөзінен мағыналы көп ойлар түйдім, – деген, ешбір қызғанышсыз айтқан аға сөзі әлі күнге 

дейін құлағымда. 

Мен  мұны  айтқанда  Шыңғысты  кемітіп,  Олжастың  мерейін  көтергелі  отырғаным 

жоқ. Айтулы ақындығының үстіне Олжастың адамзат тарихына, оның ішінде Түрк дәуірі 

тарихына,  бабалардың  асыл  мұраларына  терең  әрі  жетік  екендігін  сол  жолы  риясыз 

дәлелдегендігін айтпақ едім. 

Ақындығына,  қайраткерлігіне,  азаматтығына  дау  жоқ  қой,  Олжасты  өз  басым  әрі 

лингвистиканың қазбагеріне, археологіне көбірек ұқсатамын. Қай нәрсені қолға алса-дағы 

ғылыми  астарына  үңіледі,  тереңдетіп  қазады.  Қай  тақырыпты  қозғаса-дағы  жеріне 

жеткізіп  иландырып  айтады.  Күмән  қалдырмайды.  2003  жылы  “Халықаралық  Абай 

клубының”  қолдауымен  Күлтегін,  Тоныкөк  тасқашауындағы  жазбалар  туралы  “Тастар 

сөйлейді”  деген  кітабым  жарық  көрді. 

Алғысөзді Олжас Сүлейменов жазды. 

Барша  қауымға  белгілі,  Орхон  өзені 

бойындағы 

тасқашауға 

бәдізші 


ойып 

түсірген  көне  түрк  мәтінін  ғалымдар  үш 

ғасыр  бойы  зерттеумен  келеді.  Бір  тобы: 

“таза  көне  түрк  жырының  нұсқасы,  әдеби 

жанрға жатады” (А.Щербак, И.Стеблева) деп 

топшыласа, біразы: “жоқ, бұл Түрк қағанаты 

туралы  тарихи  оқиғалар  түзілімі”  (С.Малов, 

Л.Гумилев),  деп  келді.  Шынтуайтында 

жетінші,  сегізінші  ғасырда  бабалардың 

басынан  өткен,  тарих  қойнауында  қалған  жанталас  кепті  сөйлеткен  бұл  бәдіздер  –  әрі 

тарихи  оқиғаның  түзілімі,  әрі  сол  кезеңнің  тарихи  жырлары  еді.  Мұны  ғылымда 

синкретизм  дейді.  Сол  асыл  мұраларды  ұзақ  жылдар  бойы  зерттеудің  нәтижесі  мені 

осындай ойға жетелейді. Осы байламды Олжас Сүлейменов те құптайды. Құптағаны сол – 

мәтінді  одан  әрі  тереңдете  зерттеп:  “Көне  түрк  тастағы  жазуы  туралы  қазіргі  таңда 

Жолдасбековтен артық айта алмаспыз. “Тастар сөйлейді”  – соның куәсі.  Тастағы бәдіз  – 

руникада текті бабалардың жүрек қылы, шері, тарихы таңбаланған. Оны жүрекпен оқыған 

ғалымның  қадірі  ерекше”  (М.Жолдасбеков,  Тастар  сөйлейді,  Халықаралық  Абай  клубы, 

Семей, 2003) деп тебіренгенін қалай ұмытарсың! 

Өз  басым  түрк  жазба  ескерткіштерінің  аз  сақталуына  Ұлы  Далаға  сегізінші-

тоғызыншы ғасырда келген ислам дінінің салқыны тиді деп санаймын. Олжастың: “Діни 

фанатиктер  тасқа  түскен  “бөтен”  жазуларды  саналы  түрде  жойып  жіберіп  отырған” 

(О.Сүлейменов,  “ЕҚ”,  Шекспирі  жоқ  елдің  Ньютоны  да  болмайды,  12  наурыз  2010  ж.) 

деген сөзі көкейге қонады. 

Президентіміздің  үшінші  мыңжылдыққа  жаңарған  санамен,  жаһандағы  жан 

біткенді жайпап өтетін апат қатерінен өз елінің, өз жерінің ғана емес, бүкіл жұмыр жердің 

тағдыры  үшін  жауапкершілікті  сезіне  алатын  ақылмен  қадам  басқаны  белгілі.  Қазіргі 

ғылыми-техникалық  прогрестің  қарқынды  дамығаны  сондайлық,  базбір  мемлекеттердің 

мұздай  қаруланып  алсақ  қауіпсіз  бола  қалады  екеміз,  әлемді  алақанымызда  ұстай  береді 

екеміз деген ұғымына қайран қаласың. “Ең бастысы, мемлекеттер мен халықтар арасында 


сенім  болуы,  бұл  аз  десеңіз  –  ядролық  қару  түптің  түбінде  бүкіл  планетаны  жойып 

тынатынын  түсіну”,  –  деді  Н.  Назарбаев.  Жауға  шабар  алмас  қылыштай  жарқылдаған 

жампоз  жан  сол  кезеңде  Президенттің  жанынан  табылды.  Ұлтымыз  үшін  ысырат 

көпірінен  өткендей  қиын  жылдары  апатқа  қарсы  шыққан  Олжас  Сүлейменовтің 

қаһармандығын  елі  де,  Елбасы  да  бағалай  білді.  Онсыз  да  қалың  елдің  сүйіспеншілігіне 

бөленген  Олжастың  есімі  сол  қозғалыстан  кейін  аңызға  айналды,  Отанымызда  Олжас 

есімді ұлдар, сүйікті ақынын пір тұтқан жастар көбейді. 

Ақынымыз кешегі империяның іргесі шайқала бастаған кезеңде ұлтымыздың ұлық 

перзенті, кемел басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың басына іс түскен 1987 жылғы 

наурыз  пленумында  тағы  да  жарқ  етіп  көзге  түсті.  Сол  пленумда  партияның  біраз 

лидерлері  қарақан басын қорғап, аяулы Димекеңнен іргесін аулақ сала сөйледі. Сондағы 

сөйленген  сөздер  ертесіне  орталық  газетке  басылды.  Жалғыз-ақ  Олжастың  сөзі  жарық 

көрмеді. Көп жұрт:  “Қалай болар екен, ақынның сөзі неге басылмады?”  – деп алаңдады. 

Арада  көп  жыл  өткенде  ғана  ақынның  сол  пленумда  сөйленген  сөзі  таңдамалы 

көптомдығында жарық көрді. 

Не айтты дейсіздер ғой: “Кеше ғана Қонаевқа данышпансыз, кемеңгерсіз деп кітап 

сыйлап, төбесіне көтере мақтап жүрген біраз кісілер бүгінгі зейнеткер Қонаевтан іргесін 

аулақ салыпты. Сен тимесең, мен тимен деумен жұмған аузын ашар емес. Биыл сталиндік 

зұлматтың  елу  жылдығы…  сол  елу  жылдықтың  құрбаны  қылып  –  Қонаевты  жазалайық, 

жазғырайық  дегенді  доғаратын  мезгіл  жетті…”  деп  мәртебелі  мінбеден  ашына  сөйлепті. 

Ерлік  емей  немене!  Әншейінде  мақтануға  бармыз  ғой.  Шапағатын,  қамқорлығын  көріп, 

қолтығына  кіргендер  тым-тырақай  бұқпантайлап  қашқанда,  ұлтымыздың  ожданы 

делінген,  бүгінде  бүкіл  қазақ  болып  аруағына  табынатын  Димекеңнің  жанында  жалғыз 

Олжасы қалды. Бұл ерлікке бергісіз мінез еді! Ағаға адалдықтың ең биік үлгісі еді! 

Олжастың бетке айтатын турашыл, тапқыр, төгіп, дестелеп сөйлейтін шешен ғана 

емес,  пайымы  терең,  зейіні  мықты  зерттеуші  ғалым  екенін  жұртшылық  жақсы  біледі. 

Олжас Сүлейменов – хас лингвист, тілші ғалым, заманымыздың ғұламасы десе де болады. 

Біз  білетін  тілші  ғалымдар  түрк  тілін  зерттеуге  келгенде  кешегі  кеңестік  дәуірде, 

бүгінгі тәуелсіздік кезеңінде тақырыбын сала-салаға бөліп, бұтарлап, бауырлас тілдердің 

бір-бірімен  байланысын,  туыстығын  түкпірлеп  таныған  болып  жүр.  Көбіне  тіл  мен  тіл 

байланысын қамтудан аспай келеді. 

Бір  сәт  Еуразия  кіндігінде  бой  салып  өскен  алып  дарақты  көз  алдымызға 

елестетейікші. Әлгі дарақтың тамыры әлденеше мың жылдарға кетеді. Енді осынау алып 

ағашты  –  бабадан  жеткен  ана  тіліміз  дейік.  Түрколог  ғалымдар  әлгі  ана  тіліміздің 

ғасырлар тереңінен нәр тартқан тамырына үңілудің орнына бір-бірімен басы бірікпейтін, 

пышырап  жатқан  дүниедей  көріп  –  сала-сала  ғып  зерттеуге  кірісті.  Көп  болғанда  – көне 

оғыз  тілі  мен  көне  қарлұқ,  қазақ  тілі  мен  алтай,  алтай  тілі  мен  қырғыз  тілінің 

сабақтастығын  көзге  елестетіп  уақыт  оздырды.  Өз  ішімізден,  өз тілімізден  диалект  іздеп 

шаршадық,  болмашы  тақырыптарды  зерттеген  боп  ғылыми  атақ  алу  жолына  түстік. 

Зайырлы  уақытты  сөйтіп,  әлгі  алып  дарақтың  өзін  емес,  бұтақтарын  зерттеумен  өткізіп 

алдық. Осыдан жарты ғасыр бұрын: “Жоқ, бұлай болмайды, біз бұтақтарды зерттедік деп 

шуласып  жүрміз,  нағыз  ғылымның  қайнар  көзі  –  ғасырлар  тереңінде,  тамырда  жатыр” 

дегенді айтқан Олжас Сүлейменов еді. 

Ақынның “Мың бір сөз” атты айтулы зерттеуінің негізгі бөлімі саналатын “Ежелгі 

түрктер.  Түрк  руникасы  және  өзге  жазулар”  тарауы  бірде  тарих  оқулығы,  кейде 

салыстырмалы грамматика сипатында оқырманды магнит өрісіндей тартады. “Жер бетінде 

бес  мыңға  жуық  тіл  мен  диалект  үлкен  отбасын  құрайды.  Бәріміз  де  ордалы  тамырдан 

тараймыз;  Африканың  экватор  белдеуінен  жүздеген  мың  жыл  бұрын  еңсе  көтерген 

адамзат – ұлт пен ұлысқа бөліне-бөліне – әуелі солтүстік Африка, сосын Жерорта теңізі, 

Таяу  Шығысты  жайлап  дүниеге  сөз  таратты.  Заманалар  белесінде  –  отбасы  шеңберінен 

шығып  –макрогруппа  –  үлкен  топ  деген  ұғымға  ұласты.  Ұлы  көш  миллиондаған  жылға 

созылып, жаңа сөз – лексика шоғырын, сөз галактикасын туғызды” деді ақын. 



Күн,  ай,  адам,  жол..,  т.б.  мыңдаған  сөздердің  шығу  тегін  түкпірлей  тексерген 

ғалым: “Осы күнгі көне оғыз, көне ұйғыр-қарлұқ, көне қырғыз тілі – орхон-енисей үшкіл 

жазуындағы таңбадан тарағанына көз жеткіземіз” (5-том, 429-бет) дейді. Кеңес дәуірінде 

түрк тілінің генеалогиясын А.М.Щербак 1970 жылы түзген еді. О.Сүлейменов көне түрк 

тілінің  генеалогиясын  одан  әрі  кеңейтіп,  тереңдетіп,  қайыра  түзді.  Бір  ғылыми  институт 

атқаратын  алапат  шаруаны  сөйтіп,  жалғыз  өзі  тиянақтап  шықты.  Түркологтар  тереңірек 

зер салатын мәселенің бірі осы деп ойлаймын. 

“Ер-тұрманды  ойлап  табу  осы  кезгі  төрт  цилиндрлі  двигателді  ойлап  шығарумен 

пара-пар  оқиға  болды.  Адамдар  ат  арқылы  ғаскерді  шығарды,  қару-жарақ  соған 

ыңғайланды.  Аттылының  киімі  өзгерді  (Аттиланы  –  М.Әуезов  аттылы  деді).  Гоби 

шөліндегі жосып жүрген жабайы жылқыны мініске айналдырған мезгілді санасақ, осыдан 

3  мың  жыл  бұрын  екен.  Пирамида  секілді  үш  бұрышты  таңба,  етегіндегі  ноқат  – 

заманында – фараонның дүниеге келуін, яғни анасы мен кішкентай фараонды елестеткен; 

ал  әлгі  пирамиданың  етегіндегі  ноқатты  алып  тастаса  –  күшіген,  яғни  үлкен  фараонның 

бақилық болғаны шығады. Осы таңбаның пайда болғанына 5 мың жылдың белесінде” деп 

жазады Олжас. “Лингвистиканы  – тарих күрегі дейміз. Кешегі мен бүгіннің көзқарасына 

сайып  қарасақ,  бәзбіреулер  әлгі  күректі  құдық  көзін  ашушы  емес,  көр  қазушы  рөлінде 

көреді. Өзімнің тереңге бас тіккен тәуекелімді көбіне әлгі көрқазушылар ұната қоймады” 

(О.Сүлейменов, Аз и Я, Алматы, “Жалын”, 1989) деп жазады өкінішпен. 

Алдағы  уақытта  сол  сақ  заманынан  зерттейтін  мәселе  аз  емес.  Мәселен, 

Қазақстанның  жерінде  осыдан  екі  жарым  мың-екі  мың  жеті  жүз  жыл  бұрын  сақ 

көсемдерімен бірге көмілген алтын әбзелді жылқының саны жетпіске жетті. Бәрінің де ер-

тоқымы, жүген-құйысқаны, өмілдірігі, тартпасы алтынды әшекей. Және ешқайсысы біріне 

бірі ұқсамайды. Шындығы, солардың бәрі де бүгінде біз білетін жол бойындағы таңбалар 

секілді  өз  дәуірінің  таңбалары  еді.  Түбінде  олардың  да  тылсымы  ашылып,  оқылады, 

сөйтіп, үлкен ғылыми жаңалыққа айналады деп ойлаймын. 

“Мың  бір  сөз”  кітабының  әзірге  баспа  бетін  көрген  тарауларын  оқып  шыққанда 

сөздің  ішіне  түсіп,  сөз  жауһарын  терген  ақынға  тәнті  бола  түсесіз.  Жап-жас  Олжастың 

орыс халқының байырғы жырын терең зерттегені,  өзіне дейінгі  талай ғалымдардың айта 

алмағанын  айтқаны,  тың  ойларымен  дәуірді  дүр  сілкіндіргені  таң  қалдырады.  Жырды 

өзінше  оқуға  Олжастың  табиғи  қостілділігі,  Русь  пен  Даланың  ғасырлар  тереңіндегі 

мәдени, рухани байланысын, сөзді сезіне білуі бел буғызды. Содан да “Жыр” туралы ақын 

пайымы  әрі  терең,  әрі  ауқымды  ойларға  жетеледі.  Шындығы  жаңа  туған  күнше 

шашырады. 

Ақынның ойлары дүмпулі жанартау мінезді, барынша батыл, барақатты әрі көшелі; 

еңсеңді  биіктетеді,  рухыңды  көтереді.  Әр  сөзінен  от  қызуы  бетті  шарпып,  сұлулық  пен 

іңкәрлік  лебі  жел  боп  тиеді.  Күйіп-жанып  сөйлейді.  Күйіп-жанған  сезімге  бөлейді.  Уыз 

мәйегі тіл үйіріп, жүрегіңізге жетеді. 

Біз  әңгіме  етіп  отырған,  70-жылдардың  ортасында  жарық  көрген  “Аз  и Я”  кітабы 

төңірегінде  біраз  шу  болғаны,  азуын  айға  білеген  Ресей  академиктерінің  ер-тоқымын 

бауырына  алып  тулағаны  есімізде.  “Әдебиетіміздің  бастау  бұлағы,  әліппесі  саналатын 

көне  жырды  өз  бетінше,  өзінше  жосық  іздеп  –  талдау  жасаған  қазақ  ақынына  айтар  сы-

нымыз  ерекше”,  –  деп  бастаған  бір  академиктің  сөзі  сол  кездегі  сыңаржақ  саясаттың 

отына май тамыза түскен болатын. 

1976  жылдың  қыркүйек  айында  Мәскеуде  ескі  досым,  көрнекті  әдебиетші, 

Достоевскийдің,  Тургеневтің  зерттеушісі,  профессор  Петр  Григорьевич  Пустовойттың 

үйінде  жұбайы  Сусанна  Андреевна  маған  “Вопросы  истории”  журналының  кезекті  са-

нында жарияланып жатқан кеңес академиктерінің қызғанышқа толы “Аз и Я” жайындағы 

дау-дамайының  гранкасын  көрсеткен  еді.  Сусанна  Андреевна  сол  журналдың  бөлім 

меңгерушісі  болатын.  Олжастың  кітабы  жайындағы  талас-тартыстың  материалдарын 

журналға әзірлеген екен. Әлі де жарияланбаған әлгі материалды оқып жағамды ұстадым. 

Әрі Олжастың ерлігіне әлі күнге дейін мақтанамын. 



Олжас  ақынға  шүйліккен  империя  ұлтшылдары  сол  кезеңде  қатты  кетті.  Мұндай 

қысымға тек ердің ері ғана төзетін еді. Сонда оларды шамдандырған “Аз и Я” кітабының 

“Сұңқарлар мен қаздар” деп аталатын бірінші бөлімінің айтпақ ойы не еді дейсіз ғой? 

“Игорь  жасағы  туралы  жырдың”  белгісіз  авторы  түрк  поэзиясы  жан  дүниесін 

тебіренткен  ортада  өскен  болып  көрінеді.  Сондықтан  ол  өз  шығармасын  славян-түрк 

тарихының  шым-шытырман  өзекті  мәселесіне  арнаған  –  дейді  автор.  –  Сырттан 

бақыламай,  жан-жүрегінен  өткізіп  жырлаған.  Өз  уақыты  мен  әлеуметтік  табының  адал 

перзенті  бола  тұра,  ол  ақын  оқырмандарға  түсініксіз  болады-ау  деп  жасқанбай,  тексте 

беймәлім түрк сөздерін ғана емес, өмірде бар түрк атаулары мен сөз тіркестерін еркін де 

табиғи  түрде  пайдалана  білген.  Ақын  шығармасын  ХІІ  ғасырдың  екі  тілді  оқырманына 

арнаған! 

Араға  бірнеше  ғасыр  салып,  Русьте  түрк  тілінің  маңызы  жоғалған  тұста  басқа 

тілдерден ауысқан “жырдағы” кірме сөздер көзге оғаш көрінетіндей, оқшаулана бастады 

(чага,  орьтма,  япончица  және  т.б.  жалпы  орыс  тіліне  кірмей  қалған  бізге  мәлім  сөздер). 

“Жыр”  –  алғашқы  мәніндегі  көптеген  түрк  сөздері  сақталған  сирек  ескерткіш…  “Жыр-

дың”  авторы  кейбір  тұста  кінәздің  ұдайы  қыранға  теңелуін  қалай  бермейді…  Дастан 

қыпшаққа  байланысты  құбылысты  аққу  бейнесімен  береді.  Тіпті  қыпшақ  арбалары  да 

“үріккен  аққудай”  қиқу  салады…  ХІІ  ғасырдағы  Киев  Русі  қалаларындағы  тіл  жағдайы 

маған Пушкин мен Толстой заманында екі тілде бірдей сөйлеген орыс ақсүйектерін еске 

түсіреді. 

“Пушкин айтты дегеннің біразын, Толстой романдарының көптеген беттерін – ХХ 

ғасырда  орыс  тіліне  аударуға  тура  келеді.  Тіл  тағдырының  тез  өзгере  қалуының  бір 

мысалы осы. ХІІ ғасырдағы түрк тілі кінәздер сарайларында ғана емес, сауда және соғыс 

ісіне кеңінен араласып отырды” (“Аз и Я”, ауд. Сәбетқазы Ақатаев, Алматы, “Жазушы”, 

1992) дейді  ақын. Парасатты пайым. Кезінде ұлардай шулағанмен, бүгінде бұл  ақиқатты 

пікірді бәрі де амалсыз мойындауға мәжбүр болып отыр. 

Кешегі кеңес дәуірінде ұлтаралық қатынас тілі болып орыс тілі жүрді. Ұлтаралық 

қатынас мәртебесіне ол-дағы шүу дегеннен көтеріле қалмады. Әуел баста жалғастырушы 

көпір  рөлін  атқарды,  ұйыстырушылық,  дәнекерлік  деңгейіне  –  ондаған  жылдар  бойына 

бірте-бірте  басқыштап  жеткені  мәлім.  Демографиялық  ахуал  да  өз  ықпалын  жүргізбей 

қоймайды. Қазақ тілінің көсегесі енді көгеріп келеді. Жылдар өте өз тіліміздің де биіктеп, 

үлкен басқышқа айналарын ішіміз сезеді. 

Келешекте  ұлтының  үш  тілді  қатар  меңгерген,  қай-қай  өркениеттің  өкілімен  тең 

иықтасып  тілдесетін,  бүкіл  әлемнің  білім  байлығына  еркін  енетін  ұлт  боларына  кәміл 

сенеді.  Сеніп  қана  қоймай,  өніп-өсетін  өріс  іздейді.  Кириллицаны  түрк-славяндық  ортақ 

мұра  деп  санайды.  Әуел  баста  славяндар  кириллицаны  Түрк  қағанатынан  алған. 

“Латиницаға көшеміз деп әуре-сарсаңға түссек, қазақ тілін – қазіргі білетін жазуының өзі-

мен  үйрене  алмай  жүрген  қазақтарды  тіпті  тілден  алыстатып  тынуымыз  мүмкін”  дейді. 

Орынды қауіп. Бірден екі алфавит ұстанатын ел бола бермейді. Іргемізде Ресей тұрғанда, 

Қазақстандағы  орыс  жұртшылығы  кириллицаны  қойып,  латиницаға  шүу  дегеннен  көше 

салады  деп  ойлаудың  өзі  қисынсыз.  Осы  тұста  өз  басым  Олжас  Сүлейменовтың  тіл 

туралы, жалпы адамзат дамуындағы тілдің айрықша рөлі туралы пікіріне құлақ қоямын. 

Кешегі  кеңестік  дәуірде  М.Суслов  бастаған  коммунистік  идеология  ақынды 

ұлтшылсың,  түрікшілсің  деп  сынаумен  шаршады.  “Игорь  жасағы  туралы  жыр”  хақында 

бөтен ешкімнің пікір білдіруі мүмкін емес, бұл ұлы орыс халқының мұрасы, тек орыстар 

ғана  зерттей  алады  деген  сандыраққа  Олжас  алғаш  рет  сең  жүргізді.  Көкейдегі  тереңін 

ашып,  жауһар  терді.  Енді  оның  оппоненттері  әсіре  интернационалиссің  деп  жармасады 

балағына.  Осындайда  абыз  Абай  сөзі  еріксіз  еске  оралады:  “Біздің  қазақтың  достығы, 

дұшпандығы,  мақтаны,  мықтылығы,  мал  іздеуі,  өнер  іздеуі,  жұрт  тануы  ешбір  халыққа 

ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Өстіп, 

жер  жүзіндегі  жұрттың  қоры  болып,  бірімізді  біріміз  аңдып  өтеміз  бе,  жоқ,  қазақ 

ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу 



жолмен  іздеп,  өрістерлік  күн  болар  ма  екен?”  (Абай,  Екі  томдық  толық  шығармалар 

жинағы, Алматы, “Жазушы”, 1995). Бірін-бірі аңдумен әлек болатын, алауыз қазағына осы 

күні  Абай  нұсқаған  өрістерлік  жолды  іздеп,  жөн  сілтеп  жүрген  Олжас  болып  көрінеді 

маған. 


Орта ғасырлардағы түрк тілінің сол кездегі орыс мәдениеті мен күнделікті тұрмыс-

тіршілігіне  әсері  –  ХІХ  ғасырдағы  француз  тілінен  де  ықпалды  болғандығын  мегзейді 

Олжас.  Мегзеп  қана  қоймай,  уәжді  сөзбен  тұғыры  биік  ойларға  жетелейді.  Біле-білгенге 

бәзбіреулер  келте  пішкендей  –  бұл  саясаттың  өткінші  ойыны  емес,  жалпыұлттық,  ұлтбі-

рігушілік  сипаттағы  аса  құнды  пікір  еді.  Дәстүрді  асылдап  ұстай  отырып,  бір-бірімізге 

төзімді  бола  түсейік,  бір-бірімізге  сеніп  тіршілік  етейік,  ынтымақ  болған  елге  –  Қызыр 

Ілияс қайырылады деп түйіндейді. 

Талантты  шығармалар  тілді  байытады,  тіл  елді  байытады.  Қазақ  тілі  –  бұл  күнде 

жетімсіреп есіктен сығалаған тіл емес. Тәуелсіздікпен бірге мемлекеттік мәртебесін алды. 

Түсіне  білген  кісіге  бұл  үлкен  жетістік,  ұлтымыздың  келешегін  айқындайтын  асқаралы 

асу. Қазір біраз ағайындар тіліміз биліктің барлық деңгейінде қолданыла алмай келеді… 

әлі де орыс тілі басым… үш тұғырлы тіл – қазақ тілінің тамырына балта шабады… ақпа-

раттық, эфир, теледидардағы орыс тілінің үлес салмағы еңсе жаздырмайды… деп уайым 

жейді.  Түңіле  сөйлейді.  Шындығында  асығып-аптығатын,  аласұратын  –  аспан  айналып 

жерге  түскендей  оқиға  болған  жоқ.  Экономикада,  саясатта,  мәдениетте,  білім-ғылымда 

қазақ тілінің аясы күнбе-күн кеңейе түсіп, беделі, бәсі көтеріліп келеді. Өзге ұлт өкілдері 

үйренуге ден қоя бастады. Еңсесін тіктеді, төбесі биіктеді. Қазақ тілі орыс, ағылшын тілі 

секілді  ұлтаралық  қатынас  тілі  болып,  халықаралық  беделге  ие  болу  үшін  уақыт  қажет. 

Тілдің дамуының өз эволюциясы бар. Ол терең құбылыс, ешқандай эмоцияға бағынбайды. 

Осыны түсінетін уақыт жетті. 

Олжастың әлемдік саясат, ой-сана жайындағы толғаныстары да арнайы зер салуды 

қажет  етеді.  Расында  да  қазір  тұйықталып,  есік  пен  терезені  қымтап  күн  көру  қиын. 

Адамзат жаһандану көшіне ілесіп қана өзінің салт-дәстүрін, ұлттығын сақтай алады. Жер 

басып жүрем деген кісі досты көктен емес, көршіден, жарық дүние тіршілігінен іздейді. 

Жұмыр жерде 7 мыңдай этнос бар екен. Әр этнос мыңдаған жылдар бойына ұлттық 

дәстүрін  сақтай  отырып  өзге  елмен  қоян-қолтық  өмір  сүрудің  әдіс-айласын  үйренумен 

келеді. 

Данышпандық – дүниелік сана, адам – дүние ауғанша сол сананың иесі. 

Ауыл  арасынан  ұзамаған  ұлтшылдық  тұйыққа,  тұмшалауға  тірейді.  Дүниелік 

діндердің  ең  басты  уағызы  –  ізгілік,  қайырымдылық,  мейірбандық.  “Зұлымдық  жаса, 

садақа  берме,  пендеге  қараспа,  қатыгез,  нәпсіқұмар  бол”  деп  уағыз  айтатын  жазбаны 

көрген  де,  оқыған  да  емеспіз.  Жұмыр  жердегі  рухани  құндылықты  түгел  қамтып  хатқа 

түсірген асыл қазыналар аз емес. Көз алдымызда табиғат ауысып, жер үсті жылып, мәңгі 

мұздар жылдам еріп, сілкініс, тайфун дүлейі үдей түсуде. Біраз елдің басшылары дүниелік 

заманақырға  амал  ойлаудың  орнына  –  өз  амбициясынан  аса  алмай,  өзара  таласып 

шаршауда. 

Олжас секілді дүниелік санадағы саңлақ тұлғалар қай елде де жоқ емес. Олар ұлтын 

жарыққа,  жұрт  көзіне  шығарсақ,  жаһандану  керуенінен  үзіліп  қалып  қоймасақ  деп  қам 

жейді,  шарқ  ұрып  жол  іздейді.  Сөйтіп,  өз  елінің  төлқұжатына  айналады.  Олжас  та 

еліміздің төлқұжатына айналған тұлға. 

Дүниелік санаға біз де олжа салдық. Олжасты көріп қазақ осындай болса дейсің. 

1979 жылы Ташкентте қос құрлық жазушыларының конференциясы дүркіреп өтті. 

Қос  құрлықтың  ұлт-азаттық  қозғалысы  кезіндегі  қаламгердің  рөлі  туралы  баяндаманы 

Олжас  жасады.  “Тәуелсіздік  алған  көп  елдің  президенттері  ақын  еді.  Сөз  зергері  –  адам 

жүрегіне жақын жүретін халық. Кейін олармен жұмыс бөлмесінде ұшырасып, сөйлесудің 

сәті түсті. Мысалға, ауған Тараки, сенегал Сингор, анголалық Аугустино Нето… Жарқын 

жүзді,  аңқылдаған  ақ  пейіл  жандар  болатын.  Ұлт-азаттық  қозғалысынан  кейін  әлгі 

ақындар  қол  жеткізген  тәуелсіздікке  тоқмейілсіп,  ұлтшылдық  аясында  қалды.  Өзім  сол 



кезде мынадай формула ұсындым:  “Ғасырлар бойғы отарлық  тәуелділіктен  – тәуелсіздік 

кезеңі арқылы – саналы өзара тәуелділікке. Көбі кейін осы формуланы іске асыра алмады, 

құр бекерге күйреп кетті”, – деп күрсіне жазады Олжас. 

Өркениет  сатысына  әлдеқашан  биік  басқыш  қойған  Еуропа  елдерінің  басшылары 

бұл күнде өз-өзіне қызығып, тәкаппарсып, жертәңіріси бермей, саналы өзара тәуелділікке 

ымырагершілікпен  қадам  басып  келеді.  Бұл  дегеніңіз:  жаһандану  көшіне  ілесемін  деген 

елдің бір-бірінсіз күні жоқ, бірін-бірі түсініп қана, жең ұшынан жалғасып қана өмір сүре 

алады деген ақиқатты мойындау. Ақылға бас ию. 

Ұлтына жаны ашитындар саналы өзара тәуелділікті жоққа шығармайды. Тіпті адам 

ағзасындағы  әрбір  мүше  бір-бірінсіз  өмір  сүре  алмайды.  Адам  мен  табиғат  та  солай. 

Оқшаулану – кісіні опат етеді, күйретеді. Қоғамдағы барша адам бір-бірімен байланысты, 

тәспінің тасы секілді көзге көрінбейтін жіппен жалғасып жатады. “Өзіммен өзім боламын 

деу – көртышқаншыл күнкөріс қамы ғана” – дейді көкірегінің көзі бар ақын. 

Тәуелсіздігімізді  зерттеген  келешектің  тарихшылары  көз  жеткізе  жатар,  әлемдік, 

дүниелік контексте – біздер оң нәтижеге қол жеткізсек, сөз жоқ, ең әуелі кемел саясаткер – 

Президенттің арқасында тәуелсіз тарихымыздың күні оңынан туды. Ал Президентімізге – 

осындай  көнтерілі,  кеңқолтық,  төзімді,  бауырмал  халық  бұйырғаны  оның  бағы  еді. 

Олжастың да үнемі осылай ынтымақ, бірлік дейтін қасиетті ұғымдарды қызғыштай қорғап 

келе жатқанына ризамын. 

Пролетариат жазушысы М.Горький ақын атаулыны “ұлттың сезгірлігі” деп атаған. 

Ақын  –  уақыт  тамыршысы,  қоғам  қан  тамырының  жүрек  лүпілін  жіті  сезіп-біледі. 

Көріпкелі!  Компасы!  Сезім  магниті!  Көріпкелдік  қасиет  қонған  ақын  бұрын  бізде  Абай 

болды, мұндай ақын қазіргі кезеңде Олжас деп ойлаймын. 

Мына  заманда  жалаң,  жадағай  шекпенді  ұраншыл-патриотты,  ұлт  жанашырын 

елестету  қиын.  Ұлтты  қорғаудың  әртүрлі  әдістері  бар.  Соның  ең  ұтымдысы  –  елінің 

басына  іс  түскен  қиын  кезеңде  –  сөзін  сөйлеу.  Арғы-бергіге  ой  жіберу.  Абайлап  жөн 

сілтеу.  Сөзін  өткізу.  Бауырмал,  жүректің  әмірімен  жүретін  интернационалист  қана 

халқына шын жанашыр, ұлтының ұяты, қара орман қазағының қамын жеуші. 

Қазақстан келешекте көп ұлтты, көп дінді мемлекеттің Еуразия кіндігіндегі бірден-

бір  үлгісі,  әрі  ұйытқысы  болып  қалады.  Келешек  –  саналы  тәуелділік  пен  түсіністікте 

екенін  жас  ұрпақ  жүрекпен  сезініп  өседі.  Үш  мәрте  дүркіреп  өткен  дүниелік  дәстүрлі 

діндер  құрылтайы,  2012  жылы  өтетін  төртінші  құрылтай  біздің  елдің  маңдайын 

жарқыратып,  айын  оңынан  туғызып,  адамзат  көшінің  алдыңғы  сапына  шығарары  анық. 

Осыны ойласақ еңсеміз көтеріліп қалады! 

Сенім дегеннен шығады. Ертеңгі күні көршіге, досқа сеніп қана күнелтеміз, ілгері 

басамыз, бір-бірімізді түсініп қана саналы тәуелділікке жетеміз. Сенімсіздік сорға бітеді, 

орға жығады. “Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік, – дейді абыз Абай, – бірлік қандай 

елде болады, қайтсе тату болады  – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік ат  – ортақ, ас ортақ, 

киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді… Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. 

Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы”. Осынау ойды ақын Олжас Сүлейменов 

уақыт  елегінен  өткізіп,  алақанға  салғандай  тарқатып  береді.  “Ең  әуелі  бізді  құтқаратын 

мүдде,  нәтиже  бірлігі,  адамзат  көшіне  мүдделес,  пиғылдас,  үндес  болып  қана  қосыла 

аламыз.  Тоғышарлық,  тәкаппарлық  тұйыққа  тірейді”,  –  дейді  ақын.  (О.Сулейменов, 

Собрание сочинений в семи томах, Алматы, “Атамұра”, 2004). 

Өткен  ғасырдың  аяғындағы  азаматтық  ой-пікір  қандай  болды  дегенде  де  ең  әуелі 

Олжас  Сүлейменов  ойға  оралады.  Сөзіміз  жалаң  болмас  үшін  оның  1999  жылғы  10 

наурызда  “Независимая  газетада”  шыққан  “Социализмді  сынаушылардың  қателігі”  атты 

үлкен мақаласын тілге тиек етсек те жеткілікті. 

Әуелі  ақын  қырғиқабақ  соғыс  отына  май  тамызушы,  Нобель  сыйлығының 

лауреаты, экономист Фридрих Август фон Хайек мырзаның: “Социализмде келешек жоқ, 

ауқымды  әрі  әулетті  құрылым  –  капитализм  ғана  бірсыңарлап  дами  береді”,  –  деген 

сыңаржақ пікіріне қарсы пайымды ой ұсынады. 



Социализмнің  бағасын  көне  дәуір  философы  Платон  анықтап  берді  дейді  ақын. 

Қоғам  ең  әуелі  әлсіздерді  қорғауы  керек.  Сосын  әркімге  лайық  бас  бостандығы  болсын. 

Осы екі мақсатты тең ұстап, қоғамдық үлесті теңдей бөлінуін бақылап қана кемел қоғамға 

қол жеткіземіз. Бұл көне философтың тұжырымы. Үңіліп қарасаңыз, осы ой қандасымыз 

әл-Фарабидің  “Ізгі  қала  тұрғындарының  қам-қаракеті”  трактатымен  үндес  еді.  “Несіне 

көлгірсиміз,  –  дейді  шындықты  бетке  айтатын  арқалы  ақын,  –  капиталистік  құрылымды 

тауға шығара мадақтап, арзан ұпай жинап үлгерген Хайек мырза: “Социализм – әуел баста 

қисық  жол,  тұйыққа  тірейді,  капитализм  ғана  ғажайып  қоғамның  үлгісі  болып  қала 

береді”, деген үстірт, мәселенің бетінен қалқып кітап жазып, өзін қарама-қайшы екі лагерь 

майданының  күрескерімін  деп  таныстырады.  Демократияны  –  қалталы  алпауыттың 

әупірім тәңірімі деп түсіндіреді”. 

Білімі  мен  білігі  қос  тізгіндей,  әріден  ойлап,  беріден  түйетін  Олжас  ақын:  “Жоқ, 

Хайек мырза, қателесесіз,  – дейді, – ең әуелі сізді шошытып тұрған “революция” сөзінің 

түптамыры,  латынша  revolutіon  –  дөңгелектің  кері  айналуы;  социалистік  төңкеріс 

көсемдері осы сөздің түп мағынасын мүлдем басқаша пайдаланып: құлап тұру, төңкеріліп, 

еңсені  тіктеу  деп  жаңылысты.  Қоғамдық  игілікті  қолдан  бермей,  тартып  алып  қана 

жетісеміз, жетеміз деп ойлады”. 

Төңкеріссіз,  зорлықсыз-ақ  қоғамды  ілгерілетуге  болатын  еді.  Кемел  социалистік 

сатыға аяқ салған Швеция, Финляндияны, 1979 жылдан даңғыл жолға түскен Дэн Сяопин 

реформасына ой жүгірте келіп: “Сіз іздеген құбыжық – социализм деген сөзде тұрған жоқ, 

бар  пәле  өндіргіш  күштер  мен  игілікті  бөлісу  арасындағы  қарама-қайшылықта.  Өндіріс 

сатысын  сапалы  басқышпен  үйлестіргенде  әрі  күшті,  әрі  нәтижелі  жоспарлауға  қол 

жеткізгенде  –  Платон  айтып,  Фараби  мегзеген  ізгілікті  қоғамға  қол  жеткіземіз.  Өңеш 

жыртқан  байбалам  орға  жығады.  Барша  игілікті  пысықтарға  бөліп  беріп,  ауызды  қу 

шөппен  сүртіп  қалған  жедел  жекешелендіруден  гөрі,  ірі  капиталды  мемлекет 

бақылауында  қалдырып,  әркімге  –  қабілетіне,  бәріне  мүмкіндігінше  деген  социализмнің 

қағидасынан  адаспай,  кемелді  келешекке  қадам  басамыз”,  дейді  ақын.  Жөн  сөз.  Осы 

мақаласында Олжас қоғамның дамуы жөнінде келелі ойлар айтады. 

Қазақ  нағыз  толстойшыл  халық.  Қазақтар  бәріне  далалық  кеңдікпен  қарайды, 

жітірек, көбірек көре алады. Алысты шолады. 

Өз ұлтын сүюді әркім әрқалай түсінеді. Біреу жөні келсін-келмесін мәртебелі мін-

беге  шығып  жұдырығымен  ауаны  түйгіштеп,  жанын  жеген  жәйттерді  тізбелеп,  ашына 

сөйлегенді  ұлт  жанашыры  деп  біледі.  Келесісі  лауазымды  шенеунікті  сынап-мінесем 

жұртымның  жел  жағына  шыққаным  деп  түсінеді.  Үшіншілер  тырнақ  астынан  кір  іздеп, 

кемшілікті тізіп берсем мұратыма жеттім дейді. 

Елім  өзіме  қызмет  етсін  демейді  Олжас.  Еліме  еңбегім  қызмет  жасасын  дейді. 

Қаламын жүрегіне  сүйеп, ғажайып зерттеулерімен, азаматтық  сөзімен осылай адамзатқа, 

ұлтына  қызмет  етіп  келеді.  Мақтау,  марапат  дәметпейді.  Күңіреніп  көзге  де  түспейді. 

Қиынға  салар  қазанат секілді.  Шынайы парасат,  биік  болмыс  дейтініміз  осы  болу  керек, 

сірә! 


Кез  келген  елде,  сол  ұлысты  мекендеп  отырған  жұрттар  арасында  татулық,  көр-

шілік  хақы  дейтін  бар.  Әйтсе  де  сол  татулық  тек  жергілікті,  байырғы  жұрттың  есебінен 

ғана, яғни сол ел иесінің құл болуы арқылы ғана жүзеге аспауы керек. 

Мысалға, Алманияда, Францияда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері ел иесі немістен, 

я француздан артықпыз деп ойламайды. Бар тағдырын байланыстыра жүреді. Төске өрлеп, 

кеудеге  шаппайды,  күреп  тапқан  байлығын  бойыма  құт  қылсам,  тыныш  өмір  сүрсем, 

негізгі  ұлт  немістер  мен  француздардың  ығына  жығыла  жүрсем  деп  тілейді.  Ал  бізде  – 

керісінше.  Базбіреулер  өсіп,  өркендеп  отырмыз  демейді.  Өзінің  сорын,  көршінің 

байлығын, көшенің лайлығын, базардың нарқын, жалғанның тауқыметін қит етсе қазақтан 

көретіндер  әлі  аз  емес.  Осы  келеңсіздікке  алғаш  қарсы  шыққан  да  Олжас.  Ұлтсыздану 

ұранын көтеріп жүрген базбір замандасына ақын төл ұлтының  – кеңқолтық көнтерілігін, 

төзімділігін  қарсы  қойып,  сабырға  шақырды.  Төзім  шеңберін,  “адамзаттың  бәрін  сүй, 



бауырым  деп…”  дегенді  алдыға  тартып,  атадан  жалғасып  келе  жатқан  жақсы  салт-

дәстүрді үзіп алмай, қара орманын үнемі ынтымаққа шақырумен келеді. 

Ұлан-ғайыр даланы уысында ұстап тұру үшін әз Тәуке тұсында құрылған үш жүз – 

этностық  емес,  әкімшілік,  аймақтық  бөлініс  еді.  Қазақ  жер  ыңғайына  қарап  жіктелген. 

Рулық құрылым – ұлттың ұйысуына, мемлекеттіліктің ірге бекітуіне, жат жерлікке қарсы 

майданға  құрал  есепті.  Енді  осыны  бүгінгі  дымбілместер  –  шын  бөлінісу  деп,  қазақты 

руына  қарап  алалау  құралына  айналдыра  бастады.  “Шошынарлық  құбылыс!  Қазақтың 

біріне-бірі  бөтен  үш  бөлек  жүз  деп  –  бір-біріне  айдап  салып,  үлесін  жеп  үйренген 

отаршылардан  өтіп,  саясат  құралына  айналды”,  деп  күйінеді  ақынымыз.  Жершілдік, 

рушылдық  әуендер  билікке,  лауазым  басқышына  ұмтылған  топтардың  айла-шарғысына 

айналмасын деп сақтандырады. 

Олжас ақын Черчильдің “Ұлыбританияның мәңгілік досы да жоқ, мәңгілік жауы да 

жоқ,  мәңгілік  мүддесі  ғана  бар!”  –  деген  сөзін  жетілдіре  отырып:  қазақта  ұлттық  сана, 

саяси  белсенділік  қай-қай  ұлттан  жоғары,  жаңа  дәуірдің  ғылым-білімін  үйренуден  оза 

шабады,  мықтылармен  мүдделес  болайық  деп  ұқтырумен  келеді.  “Ру,  жүзге  бөлінген 

бауырларымызды – өзгелер құнсыздық көрінісі – комплекс неполноценности дейді, жарлы 

мен  жетімге  болысайық,  Махамбет  кім  үшін  қан  төкті!..  Мұрат  неге  зар  шекті!.. 

Шортанбай қалай құса болды!.. Ұлт мүддесін саудаға салмайық” деп зар қағады. 

Ұлттық  идея  –  даурықпаның  қолына  тисе  –  деструктивті,  қиратқыш  күшке  ие 

болады.  Ізгі  жүректі  адамның  қолында  болса  –  жасампаздыққа  жалғасады.  Біраз  ағайын 

жау  шапқандай  дүрлігіп,  байбалам  салып  жатқанда  да:  “Қазақстанның  ел  бірлігі  док-

тринасы”  –  жинақталған  құнды  тәжірибені  қорыту,  алдағы  күнге  икемді  тегершік  іздеу. 

Өзге  түк  те  емес.  Доктринаны  жетілдіруге  пікіріңді  білдір,  тіліңді  күзет,  әйтсе  де  әр 

сөйлемнің  астарында  құбыжық  кетіп  бара  жатыр  деп  бос  даурығу  жарамайды”  деді 

Олжас. Сонда да қайбір қазақ газеттері бетінде Олжасты сынау, мұқату етек алды. Ондай 

ағайындарға: босқа даурықпаңдар, “Қыш кітапты”, “Дүниені көркейтіп көрер көз керекті” 

(“Исправляя  метафорой  мир”),  “Жібектің  жолын”,  “Аз  и  Я”  кітабын  қайта  оқыңдар  дер 

едім.  Өйткені,  олар  –  еңсе  тіктер  рухнама  көзі,  ойыңды  байытатын,  адасқанға  тура  жол 

сілтейтін, ақылға ақыл қосатын қымбат мұралар. 

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары, дағдарыс кезінде ашынған ұлт патриоттары, 

ұлтшыл-радикалдар Олжасты тым солшыл, орысшыл, асфальттық ақын деп сынады. Тіпті 

ашық хат та жазылды. Сол кезеңде ақын “АиФ” апталығына “Тарихтан тағылым алайық, 

халқым” деп сыр-сұхбат берді. Аптыққан жоқ, ашуға басқан жоқ. Өзінің ат үстінен түспей 

жүріп  Тәжікстанда,  Әзірбайжанда,  Таулы  Қарабақта,  Чешенстанда,  Грузияда, 

Югославияда көрген-білгенін сүзе келіп, құру – қиын, күйрету – оңай, деді. Ресей бізсіз де 

өз бетінше өмір сүре алады, бодандықтан құтылған қазақтар да өлместің күнін көрер. Әйт-

се-дағы  ғасырлар  бойы  орыс  пен  қазақты  жалғап  жатқан  рухани,  мәдени,  моральдық, 

материалдық  күретамырды  қиып  тастайтын  болсақ,  кім  ұтып,  кімнің  ұтылатынын  көзге 

елестету қиын, деді ақын. Қазақ Олжасты осынысы үшін де кінәлады. 

Тағы бір мысал айтайын. Петропавл қаласында Алаш арысы Мағжан Жұмабаевқа 

тұңғыш рет үлкен тұғыр қойылады. Қазақ тілді ақын-жазушылар ескерткіштің ашылуында 

бірінен  соң  бірі  лапылдап  сөйлейді.  Орыс  тілділерге  сөз  тимейді.  Неге  жиналғанын 

түсінбейді.  Жиналған  халықтың  90  пайызы  орыс  екен…  біраздан  соң  шетінен  сусып… 

біртіндеп кетіп қалады. Митингіде кісі аяғы сиреген кезде келеңсіз жәйтті көлденең тарта 

сөйлеген отты ақын өз оппоненттеріне қаратып: “Өкініп жүрмейік, кілең қазақ жиналған 

жерде  жалт-жұлт  етіп  делебе  қоздырып  патриот  болу  оңай.  Керісінше,  көп  ұлттың  бас 

қосқан жиынында – жұрттың жүрегін қозғап сөз айту қиын” деген екен. Осыған қалай дау 

айтуға болады? 

Өзге  жұрт  Қазақстан  десе  –  мұнайды,  темірді,  көмірді,  уранды,  өзге  де  қазба 

байлығымызды елестетеді. Көп болса жер көлемі ұлан-ғайыр деседі. Ал әлдебір кезбелік 

жасап, қаңғып жүрген французды кездестірсек, көз алдымызға Бальзак, Сезанн, генерал де 

Голль елестейді. Эйфель мұнарасы бой көрсетеді. Ал қазақ десе – ешкім ештеме білмейді. 



Арғы-бергі  елді  аралап  жүрміз:  соңғы  жылдары  ғана  Қазақстан,  қазақ  десе  –  Абайды, 

Назарбаевты,  Сүлейменовті  ауызға  алатын  болып  жүр.  Бұл  да  болса  –  бір  заманда 

басымыздан  ұшып  кеткен  бағымыздың  қайтып  оралғаны  деп  білемін.  Барымызбен 

мақтанып,  барымызды  қадірлей  білгеніміз  жөн  болады.  Жақыныңды  жаттай  күт,  жат 

жанынан түңілсін! 

Олжас – сергек сананы қалыптастыруға үздіксіз қызмет етіп келе жатқан қайраткер. 

Қазақстан сияқты елде сергек тарихи сана қалыптастырудың маңызы ерекше. Бізге бірлесе 

өмір сүрудің, саналы өзара тәуелділіктің тарихи тәжірибесі басқалардан гөрі көбірек керек 

деген  ақынның  бүгінгі  жас  ұрпаққа  сергек  тарихи  сананы  қалыптастыруға  үздіксіз 

атсалысып келе жатқанын ешкім бүгінде терістей алмайды. 

Саналы  өзара  тәуелділік  дейтіні  –  ақын  силлогизмінің  мықтылығын,  көрегендігін 

көрсетеді. Дүние бір-біріне тәуелділіктен ғана төңкерілмей тұр. Демократия да сол секілді. 

Демократия ешқашан, ешкімге таза еркіндік кепілдігін бермейді. Таза еркіндік  – қиялда, 

ертегіде ғана. Қазір базбір оппозициялық газеттер мен жекеменшік теледидар – не болса 

соны  жазып,  не  болса  соны  көрсетіп,  демократияны  жалаңаш  шындық  деп  даурығады, 

еркіндікті белден бассақ дейді. Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі деген осы болады. 

Кереғар дау-дамайдан шындық  туындайды дейтін данышпандар кейінгі  кезде жас 

ұрпақ  тәрбиесіне  ештеңе  қоса  алған  жоқ.  Жүрекке  жетіп,  көңіл  толқытатын  шынайы 

шедевр  туғыза  алған  жоқ.  Ата  тарихының  баянын  да  жеткізіп  айта  алмай  жүр.  Цензура 

аяқ-қолымызды  байлады,  тұмшалады,  желкемізден  тоқпақ  кетірмеді  деп  жылайды  олар. 

Біле  білгенге  “Дон  Кихот”  инквизицияның  оты  өршіп  тұрғанда  дүниеге  келді,  “Абай 

жолы” коммунистік қырағылықтың қас қақпай тұрған кезеңінде туды. Олжастың ойынша 

–  әлеуметтік  сана,  суреткерлік  тегеурін  –  болат  серіппе  секілді,  сыртқы  күш  қаншама 

сыққан сайын – серпімділігі арта түседі. Зор қысымнан алмас, жауһар дүниеге келеді. Тірі 

сөз де солай. 

Қара  орман  қазақтың  әлі  күнге  жоғалмай  келе  жатқан  кеңқолтық,  мейірбан,  адал, 

аса  төзімді,  текті  мінезі  бұрынғы  қиын  заманда  ғасырлар  белесінде  қалыптасып  үлгерді. 

Алмас  тасындай  жаңа  қырынан  әр  тұста  жарқырап  көрінуде.  Қазіргі  –  барынша  еркін, 

демократияшыл дәуірдің мінезімізге қосыла қалған жаңа сипатын көре алдық па, жоқ па? 

Тағы да Олжасқа бұрылып жауап іздейміз. 

Өзінің  тырнақалды  өлеңінде  “Достар,  маған  қарап  қазақты  танып-біліңдер”  деген 

ақын  –  жарқ  етіп  шыққан  өткен  ғасырдың  60-шы  жылдарынан  бастап  тек  қана  қазақ 

рухымен сөйлеп, қазақтың жарық  жалғанда қандай екенін, келешекте қандай кемелдікке 

жетерін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келеді. 

Осы айтқанымыздың дәлелі ретінде Олжастың жап-жас кезіндегі естелігінен мына 

бір үзіндіні келтіргенді жөн көрдім: “В литературном институте Горького со мной вместе 

учились  представители  всех  пятнадцати  республик  Союза.  Каждый  из  нас  представлял 

свой  народ,  его  культуру,  характер,  традиции,  жизненную  философию.  Тем,  с  кем  ты 

встречался  могли  больше  никогда  не  увидит  казаха.  По  тебе  судили  о  твоем  народе.  И 

осознание  этого  накладывало  особую  ответственность.  Если  ты  умен,  весел,  добр  и 

мужествен, значит, все казахи такие. Если ты лжив, коварен, труслив, не держишь слово – 

все  казахи  такие!  Вот  такая  моральная  нагрузка  ложится  на  каждого  из  нас  с  уличного 

детства, где тебя в ребяческих драках приучили не только себя защищать, но, оказывается, 

и отстаивать достоинство своего народа”. 

Бұған  сөз  қосудың  өзі  артық  болар  еді.  Өйткені,  Олжастың  ұлттық  болмысы, 

ұлттық мұраты, ұлтына деген махаббаты бала жасынан қалыптасқан. Сол тұғырдан түскен 

емес, сол принциптен ешқашан тайған емес. 

Жақында  “Егемен  Қазақстанда”  жарияланған,  Сауытбек  Абдрахмановқа  берген 

сұхбатында  Олжас:  “Толстой  –  кемел  қаламгер.  Тургенев,  Бунин,  Паустовский  стилист 

ретінде Толстойдан шеберірек болуы мүмкін. Бірақ Толстойдың дүниеге қарайтын нүктесі 

биікте,  сондықтан  ол  өмірді,  адамдарды  басқаша  көрген.  Толстой  әлемді  “біздер”  және 

“бөгделер”  деп  бөлмеген,  ол  үшін  Наполеон  да,  Қажымұрат  та  бөгделер  емес,  өзінің 



артықшылығы  мен  кемшіліктері  қатар  жүретін  кәдуілгі  пенделер”,  деп  айтты.  Олжас  та 

солай,  әлемді  “біздер”  және  “өзгелер”  деп  бөлмейтін  Толстой  секілді  дүниеге  қарайтын 

нүктесі  биік  адам.  Мұны  бүгін  түсінбегендер  бәрібір  ертең  түсінеді.  Айтқандай,  сол 

сұхбатқа  байланысты  газет  сайтында  “Бұл  ары-беріден  кейін  тапсырыспен  жазылған 

мақала  екені  көрініп  тұр.  Жанымызда  қырғыздар  шулап  жатқанда,  елге  ақыл  айтатын 

осындай басалқалы мақалаларды жариялау керек болған  болуы керек” десе, сол пікірдің 

ізінше  басқа  бір  оқырман  “Қателестіңіз,  біріншіден,  бұл  мақала  айтқаныңыздай  қыр-

ғыздардың  “шуынан”  бұрын  жарияланған,  екіншіден,  “сылдыр,  орысша  тәрбиеленген 

қазақ ұлтын сүйе алмайды, тапсырыс” дегендеріңіз бәрі бекер. Өте бекер! Артық айтылды, 

Жаратқан  Иеміз  таразыласын!”  деген  түсініктеме  қосыпты.  Олжас  сияқты  тұлғалар 

осындай  оқиғалар  орын  алуы  мүмкін  екенін  ақындық  алғырлықпен,  суреткерлік 

сезгірлікпен  болжай  да  алатындай  көрінеді  кейде.  Осындай  алып  ақынның  парасатына 

тәнті  бір  оқырман  газеттегі  сұхбат  туралы  өз  байламын  түйіндей  келіп,  “Олжас 

Сүлейменовтің білімдарлығына тағы да бір көз жеткізген сәтті сұхбат! Аман болсын, арда 

ағамыз!” десе, тағы бір тілекшісі: “Қаншама ой, не деген шеберлік. Таңырқамасқа шараң 

жоқ, білімді болсаң осы кісідей бол!” дейді. Бұл арда ақынға халықтың айрықша ілтипаты 

екені айдай анық. 

Қазақта ұлық деген сөз бар. Көшелі керуен тартқанда – жол бастайтын нар түйені 

ұлық дейді; күн көзі жылт етіп наурыз келгенде – үлкендер бірін-бірі қуантып: ұлық күнің 

құтты болсын десіп жатады. Жұртты аузына қаратып билік айтқан көкірегі көмбе қарияны 

сөз  ұстаған  ұлық  кісі  деп  төрге  оздырады.  Ұлық  болсаң  –  кішік  бол  сөзі  тағы  бар.  Өз 

басым  заманымның  ұлық  кісілерімен  дәмдес-тұздас,  сырлас  еткеніне  тағдырыма  іштей 

елжіреп,  күніге  он  тәубелеп,  шүкіршілік  қыламын.  Сол  ұлықтарымның  бел  ортасында 

маңдайы  жарқырап  Олжасым  жүреді.  Кеудесіне  жұлдыз  тағып,  төңірегіне  сәуле  түсіре 

алмайтындар да болады. Ал Олжастың өзі – жарқыраған жарық жұлдыз. 

Олжас  Сүлейменов  –  көрнекті  мемлекет  әрі  қоғам  қайраткері,  ірі  дипломат  әрі 

саясаткер, әлемдік тұлға, ұлттардың дәнекері, өз халқының адал перзенті, замана ойшылы, 

ұлы ақын, мақтанышқа айналған тұлға. Ол – елінің елшісі, ұлтының ұяты. 



Ақиқаты осы. Бұл тарихи шындықты ешкім терістей алмайды. 

Каталог: fulltext -> temat
temat -> Кенесары хан Ерғазы Қадашұлы
temat -> Смагүл, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжандар өз шыгармашылығын Абайға арналған өлең жолы, мақалалармен ашқан. Абайға карап
temat -> Ыбырай алтынсарин
temat -> Ж. Туды жықпаған тұлға Шалғынбай Б
temat -> Г. Таусылмайтын жазылып – «Қарқаралы – Қазылық»
temat -> 2015 март Казахстан: вопросы языковой политики Тулеутай Байгабатов, кандидат исторических наук, доцент Карагандинского индустриального университета
temat -> Ж. Атыңнан айналайын, Қарқаралы Тұрсынхан ЗӘкен,жазушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор
temat -> Ж. Киелі жерім – қасиетті елім
temat -> 6 шілде 2016 ж. Президент баспасөз қызметі мен


Поделитесь с Вашими друзьями:


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет