Жанатаев Данат Жанатайұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент



Дата25.03.2022
өлшемі16.69 Kb.
#28736

Жанатаев Данат Жанатайұлы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент

Дәурен Жадыра, Зағыпар Оралхан, Советова Меруерт,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистрантары

Мұхтар Әуезов және қара жылан бейнесі

Халқымыздың кемеңгер ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің биыл 125 жылдығы. Әлемге Абайдай ұлы тұлғаның бейнесін танытқан, дана да дара жазушымыздың шығармалары әлі күнге дейін өзекті. Тек кейіпкерлер әлемін ғана емес, сол дәуірдің қоғамдық, әлеуметтік мәселелерін көтеріп, әрдайым қазақ даласында қалыптасқан ахуал түрлі тақырыптарға қалам тартты. Оған қаламгердің «Қилы заман», «Қараш-қараш» оқиғасы, сондай-ақ әйел теңсіздігін көтерген біртуар әңгімелері дәлел бола алады. Сондай әңгімелерінің бірі – «Қаралы сұлу».

«Қаралы сұлудың» алғашқы нұсқасы Семей қаласында мұғалімдер техникумында ұстаздық етіп жүрген кезінде жазылған. Бұл кезде қаламгер өзінің алдына саясаттан тыс, таптық тұрғыдан ада, таза көркемдік мақсатты көздеген әдеби шығармаларды жазу туралы мақсат қойып, тәуелсіз қаламгер болуға ұмтылып жүрген.

Қазақ қоғамындағы әйелдер галереясын жасаған жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесі – жесір әйелдің күйін, ішкі сезімін, психологиясынан сыр шерткен туынды. Алдымен, әңгіменің екі нұсқасының жазылуы мен айырмашылығы туралы сөз қозғасақ, саясаттың салқын лебін кінәлаймыз. Алғашқы нұсқасында айрықша суреттелген феодалдық көрініс кеңестің көңілінен шыға қоймайды. Бай ауылының суреті, «қажылық», Әзімқанның күрескерлік рухын амалсыздан көмескіленген. Ал негізгі айырмашылық әңгіменің көркемдік шешіміне келіп тіреледі. «Қаралы сұлудың» бірінші нұсқасындағы басты көркемдік нысана – қазақ әйелінің рухани тазалығын және еріккүшін көрсету. Сондай-ақ, тағдыр талқысы, өмір азабы, жар сүюге деген табиғи сезім адамның шығу тегіне қарамайтындығын көркем сөз арқылы дәлелдеу.

Бірінші нұсқада басты кейіпкер нәпсісін жеңіп, адал махаббатының тұнығын лайламай, таза сақтап қалады. Бірінші нұсқадағы құмарлығын жеңген Қарагөз образы екінші нұсқада жеңіледі. Неге жеңілгендігіне себеп іздер болсақ, автордың әйел бейнесін ашуда нәзік күйімен көрсетілген ерлігін сыншылар талабына сай аңызға айналған Қарагөзді қарабайыр қазақ әйелі ретінде бергендей ой қалдырады. Ал тұтастай әңгімеде Қарагөздің трагедиясын драмалық тартыспен бейнелеп, әйел психологиясын ашады. Жазушы жеткен жетістіктерге әңгіме ішінде көрсетілген уақыт пен кеңістік (көктем мезгілі, Қайыңды жайлауы), астарға айналған мотивтердерді, махаббаттың өзгеше үлгісін көрсетуді жатқызуға болады

«Қаралы сұлу» әңгімесі Қаракөздің басынан өткерген трагедияны баян етеді. Әрбірі бір-бір өмірдей сарылған ұзақ алты жыл бойына Қаракөз қара жамылған қайғылы жесір келіншек. Өмірінің бар қызығы мен бояуы Әзімханмен бірге белгісіздікке батып жоғалған күннен бастап ол ендігі ондайды қаламайды да. Автор мұны «Қаракөз ондай күннің болуын тілемейді де... Сондай халды көксететін ой келсе, оны да көңіліне дарытпай, өшіріп жоқ қылатын» деумен танытады. Әңгіме айналасы алтынға толы боса да қара торға қамалған сұлудың қайғылы күйімен басталып, толықтай қайғы мен қасірет күйін кешкен жесір әйел өмірі мен қызығы жалғасқан думанды өмірдің арасындағы контрастты шебер көрсеткен. Сонымен қатар қазіргі қара жамылған Қаракөз бен кешегі шуақты күнің еркесі Қаракөздің арасындағы контраст та айқын көрсетілген.

1925 жылы жазылған әңгімеде негізгі оқиғамен байланыста сол заман проблемалары да айтылады. Мәселен, Сыбанбай мен Үсен ауылдарының арасындағы араздық, барымта, шабыс-беріс, қыз бостандығы, теңдігі, жесір дауы, қалың мал мәселесі негізгі идеялық желіні толықтырып, әңгіменің құндылығын артырып тұр.

«Қаралы сұлу» әңгімесінен модернизмнің бояуын байқауға болады. Қаракөздің ішкі әлемінде хаос күннен күнге ұлғайып, санасы тыныштық іздеп ішкі дисонансты бастан өткеріп жатқан кезде белгісіз бір сезім туындайды. Әңгімедегі кейіпкердің осы бір ішкі сезімге «қара жылан» деп ат қоюы Жан-Поль Сартрдың «Лоқсу» романының кейіпкері Роконтеннің аяқ астынан бойын билеген сезімді «лоқсу» деп атауына ұқсас. Екі шығармада да сырқы әлемдегі проблемалық мәселелер емес, адамның жеке басындағы, күнделікті тұрмыста еленбейтін сезімдер үлкейтіліп көрсетілген.

Енді осы әңгімеді Қарагөздің бойын билеген қара жылан нәпсіні, құмарлықты танытады. Ал осы әңгімеге қатыстыра алатын жылан туралы тәмсілдер жетерлік. Серікбол Қондыбайдың «Жылан және айдаһар: арғықазақ тарихын танудағы жыланның сыбағасы» зерттеуінде жыланның символдық ерекшеліктерін тарқата көрсетеді. Соның ішінде адамның рухының тумастан бұрын да, өлгеннен кейін де жылан кейпінде болуы ой салады. Қарагөздің Әзімханға деген махаббаты, оған деген құштарлығы жылан болып оның жанын бойламады ма екен? Егер ондай пікірге келсек, Қарагөздің құмарлық құшағында болуы – жанын бойлаған Әзімханның жылан кейпі. Бұл әңгімеге мифологиялық сипат бере түседі.

Автор ұсынып отырған қара жамылған жесір әйел бейнесін пендешілік ойлар шырмауығына ораса да жақсы жағынан көрсетіп, әр кез ақтап алып отыратын сияқты. Әңгіменің екі нұсқада жазылуы да Қаракөздің автор өзі ұнатқан жанкешті әйел образын ақтау мен сақтау үшін жазылған секілді. Әңгіме сетингінде де жесір әйел образы позитивті тұрғыдан берілген. Мәселен, Үндістанда жесірлерден қатер, дерт келеді деп қоғамнан шектеу, тіпті сати салтына байланысты жұбайы өлген әйелді жұбайымен бірге тірідей өртеу секілді қаралау да, Ресейдегі өткен ғасырларда жесірлерді бір образ шегіне салып асқақтату Қаракөз образына тән емес. Келген жері құрметтеп, мақтап, бас қылып отырса да Қаракөз оқиға шеңберінде антагонитс те, протагонист те емес. Ол – адам атына лайық болу үшін күресіп жүрген жан.



Қара жылан образына келгенде қара және жылан сөздерін жеке-жеке алып қарастырған күннің өзінде екеуі де екі мәнге ие символдық ұғымдар. Әңгімеде «Қара жыландай нәпсі, қара жыландай жат, іштегі қара жылан жүз толғанып иіріледі, қара жыланша иірілген қара сезім, қара жыланды туғызып тұрған дене, қара жыландай ойлар» және т.б. болып берілуі қара жыланның негатив позицияда тұрғандығын танытады. Жылан барлық дерлік елдердің мифологиясында кездеседі. Онда жылан әлемдік әйел бастауымен байланысты болып келіп агрессивті күш, адам бойындағы қара ойларды оятушы, қиратушы символы ретінде берілген. Еврейлерде жылан жамандықтың, азғырудың, күнәнің, тән құмарлығының, бұзушының сиволы. Әңгімедегі қара жыландар да осыны автор атап айтпай-ақ Қаракөзге әсер етуден танытып тұр.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет