Жазбаша айтыстар



бет1/2
Дата31.12.2021
өлшемі21,25 Kb.
#23554
  1   2

Жазбаша айтыстар – өлеңдерін жазба түрде жазған, оқымысты ақындардың ортақ туындылары. Әрбір ақынның өзіне тән жазу мәнері, қағазға түсіру барысында сұрыпталған, екшелген, талғам таразысына салынған сырлы толғаныстары болатындығы белгілі. Жазбаша айтыстарда ақындар өмір келбеті, замана ағымы туралы, адамдардың мінез-құлық, дағды қасиеттерін саралап жырлайды. Өлеңмен замандасын ой бөлісуге шақырады. Жазбаша айтыстардың жазылуындағы дәстүрлі бағдар – сайысушы ақындардың бірдей өлеңдік өлшем өрімін қатаң сақтайтындығы, қара өлең үлгісіндегі он бір буындық өлең өлшемін сақтамаған ақынды сынайтыны. Жазбаша айтыстар қазақ поэзиясының көркемдік дәстүр тағылымын байқатады. “Жазбаша айтыс – ерте заманда Шығыс поэзиясында, атап айтқанда, араб, парсы, түрік, моңғол әдебиеттерінде болған үрдіс. Осы Шығыс елдерінде көне заманнан келе жатқан айтыс дәстүрі қазақ арасына кең тарады. Жазбаша айтыс ауызша айтыстың қорынан пайда болды, яғни соның заңды жалғасы. Егер ауызша айтысқа екі адам қатысатын болса, жазбаша айтысқа кейде бірнеше ақын араласады, айтыс ұзап кетсе, сырттан біреу тоқтау сөз салып, төрелік айтады. Мысалы, Ырысты мен он алты ақынның айтысы да жазу түрінде хатқа түскен айтыс. Мұнда қара өлең формасы мен ғазал араласып келеді. Ырысты мен он алты ақын адамгершілік, ізгілік, еңбек, әділдік, махаббат жайлы толғайды”, – дейді. Жазбаша айтыс Қазақстанның бірнеше өңірінде, әсіресе, Сыр бойында қарқынды дамыды. Сыр бойындағы жазба айтыс мұраларын ғалым Ә.Қоңыратбаев зерттеп, жүйелесе, зерттеуші М.Байділдаев оларды жинақтауда үлкен еңбек сіңірді.

Сыр бойындағы жазба айтыс жөнінде ғалым Т.Тебегенов өзінің зерттеу еңбегінде: “Ақындардың жазып айтысу дәстүрі қазақ әдебиетінің тарихында ХІХ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың бірінші жартысында айрықша дамып қалыптасты. Әсіресе Сырдария мен Әмудария аралығындағы қазақ, қарақалпақ ақын-шайырлары мен Қаратау атырабындағы Шығыстың классикалық әдебиетінің дәстүрлерін меңгерген ақындар шығармашылығында жазбаша айтыстар тұрақты орын алды”, – деп жазды. Демек, жазбаша айтысты ауызша айтыстың заңды жалғасы ретінде ақындарды сауаттылыққа, тапқырлыққа, көркем бейнелеуге, ой ұшқырлығына тәрбиелейтін сөз өнерінің ерекше жанрларының бірі деуге әбден болады. Осы орайда зерттеуші Е.Әбдіхалықова: “Қазақтың сөз өнерінде ақындардың бір-бірімен жазбаша түрде айтысуы, хат арқылы сөз додасына түсуі тек қана Сыр бойы емес, басқа да өңірлерде кездесіп отырғандығы мәлім. Ш.Құдайбердіұлының “Жайлаудың баласымен айтысқаны”, М.Дулатұлының “Қарақұс һәм адам”, Ж.Басығариннің “Ғылым мен надандықтың айтысқаны”, т.б. айтулы туындылары жазба айтыстың көркем әдебиеттің бір түрінде дамығандығын дәлелдей түседі”,– деп тұжырымдайды. Біз бұл тұжырымды құптай отырып, жазба айтыс үлгісінің бастауы көркем әдебиетте ХІ ғасырдағы Махмұт Қашқари жазып қалдырған “Жаз бен қыстың айтысы” және ХІІ ғасырдағы Қожа Ахмет Иасауидің “Диуани хикметіндегі” “Жұмақ пен дозақтың айтысы” туындыларынан, сондай-ақ Иасауи шәкірті Сүлеймен Бақырғани жырларындағы діни ұғымдардың сөз сайысынан қылаң беретінін аңғарамыз. Мұнан жазба айтыс ХІ ғасырдан басталды деген пікір туындамауы тиіс. “Жаз бен қыстың айтысы” мен “Жұмақ пен дозақтың айтысы” сондай-ақ ХХ ғасырда дамыған жазба айтыс үлгілеріндегі ортақ ұқсастық қағаз бетіне түскендігінде жатыр. Бірінде екі немесе бірнеше адам бірі-бірімен хат арқылы айтысса, екіншісінде, жеке авторлар абстрактілі ұғымдарды бір-бірімен айтыстырады.

Қазақ ақындарында жазып айтысу дәстүрі елеулі орын алған. Бұл әсіресе шығыстың классикалық әдебиетінен үйренген ақындар тәжірибесінде жиі ұшырайды. Шығыс әдебиетін үлгі тұтқан айтыскерлер сөз сайысында әйгілі “Мың бір түн”, “Кәлила мен Димна”, “Шахнама” тәрізді классикалық шығармалардан мысал-аңыздар келтіріп отыруды да үлкен білімділік санаған.

“Қазақ поэзиясындағы жазбаша айтыстар – ақындық өнер шығармаларының көркем әдебиет ұғымын құрайтын жанрлық түр” деген пікірдің жаны бар. Сыр бойының дауылпаз ақыны Т.Ізтілеуұлы сөз өнерінде ежелден келе жатқан ерекше дүние – айтыс жанрында да қалам тербеген ақын. Тапқырлық сөз, шешендік үлгідегі өлеңдерінен байқағанымыздай, Тұрмағамбет ақынның суырыпсалма ақындық қасиеті де көп айтыскер ақындардан кем болмаған. Бірақ көзбе-көз отырып айтысқандығы жөнінде дерек бір жерде ғана көрініс тапқан (Тұрмағамбет пен Нұрғалидың айтысы, 1934 жыл). Ол жазбаша айтыстың дамуына өзіндік үлесін қоса отырып, Сыр бойындағы жазба айтыс мектебін қалыптастырушылардың бірі болған. Тұрмағамбет ақын жазбаша айтысып қана қоймай, әр кезеңде болған ақындар айтыстарына аралық сөздер айтқан. Айтыс ұзап бара жатса, басу сөзбен тоқтатып отырған, айтыстың тату түрде тәмамдалуына себін тигізген. Сөзіміздің дәлелі ретінде Тұрмағамбеттің Омар мен Таубайдың Жүсібіне, Омар мен Нұрмаханға, Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіпке, Кете Жүсіп пен Даңмұрынға айтқан аралық сөздерін келтіруге болады.

Тұрмағамбет шығармашылығында жұмбақ айтысы мен хат арқылы жазбаша айтысу үрдісі үлкен орын алған.

Қазақтың нағыз сөз мәйегін, терең сырлы ой тұңғиығын, тұнық сөз тұмасын Т. Ізтілеуұлы басқа туындыларымен бірге жазба айтыста да молынан қолдана білген. Ақын шығармашылығының бағасын арттырып отырған да осы мәндес жырлары.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет