Жерге орналастыру шешімдерінің тиімділігіне әсер етуші экономикалық Әлеуметтік жағдайлар



Дата09.11.2022
өлшемі21,34 Kb.
#48794

ӘОЖ 332.33.54


ЖЕРГЕ ОРНАЛАСТЫРУ ШЕШІМДЕРІНІҢ ТИІМДІЛІГІНЕ ӘСЕР ЕТУШІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЛАР

Амангелди М, Айторе Е- АП-21-6к2 тобының студенттері


Онғарова Ақмарал – магистр, оқытушы

Жерге орналастыру, қоғамның өндірістің құрамды бөлігі ретінде, әрқашанда нақты экономикалық жағдайларда жүргізіледі. Ол бірінші кезекте сол кездегі өндіріс әдісіне тән объективтік экономикалық заңдар мен өндіргіш күштерінің және өндірістік қатынастарының арасындағы белгілі бір байланыстармен себептеледі. Сондықтан жерге орналастыруда жобаларды дұрыс негіздеу және жылдам жүзеге асыру мақсатымен, басқаша айтқанда, жоғары экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тиімділікке барынша тез жету үшін, осы заңдарды жан-жақты ескеру қажет. Салааралық және шаруашылықаралық жерге орналастыруды жүргізгенде оларға қатысты объектілердің макроэкономикалық күйін, салалар мен шаруашылықтардың мүдделерін, сонымен қатар нақты экономикалық жағдайларын зерттеу қажеттілігі туындайды.


Экономикалық жағдайлардың арасында, негізінен ішкішаруашылық және учаскелік жерге орналастыруда ескерілетіндеріне, мынадайлар жатады:

  • Жер алаптарының құрамы мен аудандары, оларды әр түрлі мақсаттарға игеру мүмкіншіліктері;

  • Жалпы өнімге, шығындардың өтелуіне жөне дифференциалдық табысқа қарай, құндық немесе аналитикалық (балдық) көрсеткіштер арқылы жер сапасының өндіргіш қасиеттерін бағалау;

  • Серіктестіктер мен кооперативтердің, шаруа қожалықтары мен басқа да агроқұрылымдардың мамандандырылғандығы (өндірістік бағыттары), шаруашылықаралық және интеграциялық байланыс­тары, нарықтық инфрақұрылымдары мен өнім тапсыру жөне жабдықталу пунктерінің орналасуы;

  • Ауылшаруашылық кәсіпорындары мен бірлестіктердің шаруашылық жүргізу жүйесі және экономикалық нәтижелері, салаларының көлемі мен құрылымы, егіншілік жүйелері мен егістік аудан­дары, өндірістік және каржы көрсеткіштері (егіншілік және мал шаруашылығы бойынша), а.ш. дақылдарының түсімділігі мен алаптарының өнімділігі, жалпы өнімі мен табысы, кірістері мен өндірістің рентабельділігі;

  • Шаруашылықтардың ұйымдастыру-өндірістік құрылымы, еңбектің ұйымдастырылу деңгейі;

  • Кәсіпорындардың еңбек ресурстарымен, а.ш. техникасымен, өндірістік қорларымен қамсыздандырылғандығы және енбектің энергиямен қаруландырылғандығы;

Шаруашылықтың іс жүзіндегі жер алаптарының құрамы мен ау­дандары оның өндірістік бағытын, мамандандырылғандығын жөне салаларының үйлесімін себептейді. Мысалы, жыртылған жердің үлес салмағы жоғары болса – астың өндіруге, табиғи жайылымдардьщ мол-шылығы – қой шаруашылығьш жүргізуге қолайлы жағдай жасайды. Айтарлықтай кең ауданды шабындықтары мен жайылымдары бар шаруашылықтарда басты назар осылардың өнімділігін арттыру, территорияларын реттестіру мәселелеріне аударылады. Керісінше, мал азығы алаптары шамалы кәсіпорындар мал азығын өндіру жыртылған жерге ауыстырылып, көк азық конвейері ұйымдастырылады, арнайы мал азығы ауыспалы егістері енгізіліп, осы мақсатпен жұмысшы учаскелері мен суармалы жайылымдар жобаланады. Осымен қатар трансформацияға жарамды учаскелер белгіленіп, шаруашылықтың мелиоративтік қоры жасалады.
Жерге орналастыруда экономикалық жағдайлар екі әдіспен ескеріледі: біріншісі, территорияны өндірістің мұқтаждықтарына қарай бейімдеу арқылы, екіншісі, өндірісті территорияның реттілігі мен касиеттерін ескере отырып өзгерту. Бірінші жағдайда өндірістің салалық құрамына сәйкес алаптардың аудандары мен құрамы қалыптастырылады, еңбек пен көлік шығындарын мол талап ететін дақылдардың егістіктерін шаруашылық орталықтарына, мал фермаларына барынша жақындату мүмкіншіліктері және жер массивтерінің пішін кескіндіктерін жақсарту, алаптардың ұсақ контурлылығы мен ыдыраңқылығын жою қажеттілігі қарастырылады. Екінші жағдайда шаруашылықтың өндірістік бағыты, мамандандырылғандығы, мал фермалары мен бөлімшелерінің орналасуы, ауыспалы егістіктері мен а.ш. дақылдарды өсіру технологиялары топырақтардың құнарлылығы мен таралуына, эрозияланғандығына және жердің басқа да кеңістік ерекшеліктеріне қарай анықталады. Шаруашылық орналасқан аймақтың топырақ -климаттық жағдайлары алаптардың құрамы мен арақатынастарын себептейді, ал соңғысы шаруашылықтың мамандандырылғандығын, демек территорияның реттестірілуіне тікелей әсер етеді. Мысалы, астың өндіретін шаруашылықтарда алаптардың басым бөлігін жыртылған жер құраса, қой шаруашылықтарында табиғи жайылымдардың үлес салмағы айтарлықтай жоғары. Қала маңында орналасқан, еңбек ресурстарымен толығырақ қамтамасыз етілген шаруашылықтарда көбінесе интенсивтік дақылдар (көкөніс, картоп және т.с.с.) шоғырланады.Ал, мал өсіруге мамандандырылған кәсіпорындардың егістік құрамында мал азығы дақылдарының (көпжылдық және біржылдық шөп, жүгері, тамыр жемістілері және т.б.) үлес салмақтары едөуір артығырақ болады.
Жерге орналастыруда ескерілетін негізгі әлеуметтік жағдайларға жатады:

  • Қалыптасқан қоныстану жүйесі, халықтың құрамы мен коныстану тығыздығы, миграциялық процестердің динамикасы;

  • Елді мекендердің саны, орналасуы, көлемдері, мақсатталғандығы және жабдықталу деңгейі, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы

  • Мал фермаларының түрлері, саны, көлемі, егіншілік пен мал шаруашылығында өндірістік процестердің механикаландыру деңгейі;

  • Еңбекті ұйымдастыру, ақы төлеу, материалдық және моральдік ынталандыру формалары;

  • Жол торабының күйі, халықтың көлікпен қамтамасыз етілуі, су көздерінің тапшылығы, елді мекендер мен өндірістік орталықтардың сумен қамсыздандырылуы және жайылымдардың суландырылуы;

  • Жеке үй (қосалқы) шаруашылқтарының даму деңгейі, оларды ұлғайту мүмкіндіктері;

Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының қалаларға көшу процесі үдейе түсуде. Бұл шаруашылықтардың еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуіне теріс әсер етеді, сондықтан жерге орналастыруды жүргізгенде міндетті түрде ескерілуге тиісті. Әрбір жеке жағдайда ауыл жанұяларын жақсы жабдықталған, қора-қопсылары бар үйлермен қамтамасыз ету көзделеді.
Осы мақсатпен жерге орналастыруды жүзеге асыру барысында елді мекендердегі жердің іс жүзінде пайдалануы зерттеліп, бос учаскелері айқындалады, жеке қосалқы шаруашылықтарының ұйымдастырылуы, оларды ұлғайту мүмкіншіліктері қарастырылады. Сондай-ақ шаруа фермерлік кожалықтарының динамикасы мен әрі қарай дамуы зерттеледі.
Осы аса маңызды әлеуметтік проблеманың шешілуі жерді пай­далану экономикасымен, әрбір елді мекеннің дамуымен бай­ланысты. Халық миграциясының белсенділігі жұмыс орындарының, денсаулық қорғау, білім беру және мөдени – тұрмыс қызметтерінің бар болуына, транспорттық қатынастарының даму деңгейіне тікелей байланысты. Бұндай қызметтер мен жұмыс орындарының жоқтығы, шарасыз, халықтың қалаларға көшуін себептейді. Осының нәтижесінде шағын ауылдардың едәуір бөлігі құлдырап, оларды сақтап қалу мәселесі бүгінгі күннің шешімін күттіртпейтін проблеманың біріне айналып отыр. Бұл мөселені шағын елді мекендерде қажетті мөлшерде жұмыс орындарын қамтамасыз ету, оларды жаңа шаруашылық құрылымдарын ұйымдастыруға пайдалану және дағдарыс жылдары жойылған мал фермалары мен кешендерін қалпына келтіру арқылы шешуге болады. Өзі кезегінде бұл іс-шаралар шағын қоныстарының жандануына және оларда мәдени-тұрмыс объектілерін (ФАП-терін, мектептерді, дүкендерді және т.с.с.) салуға септігін тигізеді.
Жерге орналастыру жобаларында жер пайдаланушылықтардың кеңістік кемшіліктерін (алабарлық, шалғайжерлік жөне т.с.с.) жою арқылы жолы жоқ жерлер мен жергілікті маңыздағы жолдарда жүру қашықтықтары айтарлыктай қысқартылады. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің демалу және санитарлық-гигиеналық жағдайларын жақсарту мақсатымен алқаптық қостар мен орман жолақтары жобаланады, жарамсыз және тасталған жерлерде ағаш өсіру, жалпы мәдени ландшафттарды қалыптастыру және жақсарту жөніндегі шара­лар жоспарланады.


Әдебиеттер:

  1. Қазақстан республикасының «Жер кодексі» 2003

  2. М. Нұрпейсова, Қ. Рысбеков, О. Сарыбаев, Д. Киргизбаева, Геодезия –Оқулық, Астана: Фолиант, 2016

  3. Ж. Сейфуллин, Жер кадастыр – Оқулық, Алматы: ҚазҰАУ, 2001

  4. Ж. Игильманов, Г. Кусаинова, А. Игильманов, Инженерлік геодезия – Оқулық, Алматы: Эверо, 2016

  5. Т.Есполов, Т.Жоламанов, Т.Пентаев, О.Абралиев, Жер кадастры - Оқулық, Алматы: 2013

  6. Т. Тұяқбаев, С. Солтабаева, Ж. Нукарбекова, Ы. Жақыпбек, Инженерлік геодезия – Оқулық, Алматы: 2013


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет