Жүнісов С. Ж88 Пьесалар



Pdf көрінісі
бет12/14
Дата24.03.2017
өлшемі0,59 Mb.
#10331
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

ЕКІНШІ БӨЛІМ
Оныншы көрініс
Тас үңгір – «Тастамның» іші. Балзия кемпір бір бұ-
рышта түс көріп, сандырақтап, «әлдекімдермен сөй-
лесіп», ауырып жатыр. Ортада тас ошақта шала жанған 
от. Аманай тысқа кіріп-шығып жүр. Іште өтер оқиғаға 
қатысы жоқ. Сырттан қартайған, қажыған Есет кіреді. 
Қолымда ескі бесатар.
Б а л з и я  (әлсіз үнмен). Бүгім-ай, Аманжан, Аман-
ай! Өй, мына лағнет, тағы да аю ма? О, лағнет!
Е с е т. Аю да емес, Аман да емес. Мен, мен!
Б а л з и я. О, алла тағала, адамбысың, жарқыным? Әлде 
адам бейнесіндегі әңкір-мүңкірдің бірімісін?
Е с е т. Жо-оқ, әзірейілмін, сенің жаныңды ала келдім.
Б а л з и я .   Е-е, менің жанымды қайтейін деп ең, өл-
меші кемпірдің жанын алмай тұра тұр, Аманайымды елге 
жеткізіп тастайын, сосын ала бер жанымды.
Е с е т. Өле алмай жатып, дәмең зор екен. Елге енді жете 
алмайсың, немерең Аманай да жете алмайды. Есіңде ме, 
бұдан алпыс жылдай бұрын мені осы арада атып кетпекші 
болғансың. Ата алмадың. Сол өкінішіңнің орнын мен 
толтырамын – мен атамын! Сені! Сосын немереңді!
Б а л з и я .  Сен Есетпісің, қаражүрек? Жас балада не 
шаруаң бар? Өшің менде емес пе еді, сұмырай!
Е с е т. Ә, сұмырай деймісің, өле алмай жатып тілінің 
ащысын, ал тарт сазайыңды!
А т ы м т а й  (айғай can). Тоқта-а!

237
Үстінде әскери киім, жас шамасы отыздардағы жігіт 
Атымтай шыға келгенде, Балзияға кезенген бесатарын 
оған бұрған Есет кезегімен үш рет атады.
А т ы м т а й  (жайбарақат). Маған оқ шығындап қай-
тесің, өлген адамға оқ өтпейді, сен мені бір рет «өлтіріп ең» ғой.
Е с е т. Иә, солай екен-ау.
Б а л з и я .  Сен кімсің, жарқыным-ау, сен, сен – За-
манайымбысың?!
А т ы м т а й .  Жоқ, Заманайдың әкесі Атымтаймын.
Б а л з и я .   Атымтай?! Ә-ә, Заманайдың туғанын ес-
тіген екенсің ғой.
А т ы м т а й. Ұл туғаныңды, оның атын, өзің айтқандай, 
Заманай қойғаныңды түрмеде жатып естігем.
Б а л з и я .  Иә, жала жабылып сотталып кетті дегенді 
естігеміз, бірақ кімнен болғанын анық білмедік.
А т ы м т а й. Өз қара басын сақтау үшін мені құрбан 
еткен мына Есет еді.
Е с е т. Сен де өшіңді алдың ғой. Түрмеден шыққан 
соң 37- жылы, «Есет – алаштың азаматы» деп мені ұстап 
бергенсің. Мен емес, әкем болатын – алаш үкіметі үшін 
елден ақша жинаған. Ал мен еш партияға жарамасам да 
түрмеге жарадым.
А т ы м т а й .   Әрине, сен түрмеде де қарап жатқан 
жоқ сың. «Нағыз халық жауы – Атымтай, оның баласы 
За манай ар жақта туған. Өзі де енді сол жаққа қашайын 
деп жүр», – деп, мені де кеңес түрмесіне ала жығылғансың.
Е с е т. Е, олай ала жығылған мен ғана деймісің? Сорлы 
қазақтар осылайша бірін-бірі қаматып, бірін-бірі құртқан 
жоқ па? Байтұрсыновтарға алаш деп Сәкен Сейфуллиндерді, 

238
Сәкендерге Сәбендерді айдап салған, бір қазақтың көзін 
екіншісіне шұқытқан зымиян саясат емес пе?! Енді қазір 
басқа себеп табылмаған соң, үш жүздің санасыз қазағын 
бір-біріне айдап сала бастаған жоқ па?
Б а л з и я. Ал сен «соғыста өлдім» дейсің. Соғысқа қалай 
барып жүрсің, онда нең бар еді?
А т ы м т а й .  Германиямен соғыстың басталғанын мен 
Тайгада ағаш кесіп жүріп естідім де, соғысқа алдыңғы шеп-
ке – передовойға сұранып кеттім.
Е с е т. Не үшін сұранып кеттің?
А т ы м т а й .   Отанымды қорғап, адалдығымды 
дәлелдеп, ақталу үшін.
Б а л з и я .  Қай Отанды?
А т ы м т а й .  Қай Отанды болушы еді? Өзімнің Ота-
нымды.
Б а л з и я .  Онда бақытты өліммен өлген екенсің!
А т ы м т а й .   Иә, Отан үшін өлгенімді бақыттылық 
санадым. Мен соңғы рет жауға қарсы тайсалмай ұмтылғанда 
«Отан үшін», «Сталин үшін» деп ұмтылдым. Көз жұмар 
алдында, қиналып жатып та, не үшін өлерімді түсініп кеттім.
Е с е т. Не деген сұңғыласың? Не деген болашақты 
болжағыш, әрі ашық ауыз сенгіш едің.
Б а л з и я .  Нағыз қазақ қой!
А т ы м т а й .  Әрине, саған түсініксіз. Елін, жерін тас-
тап, бас сауғалап кеткен адам Отан деген сөзді, ол үшін қаза 
табу дегенді түсінді деудің өзі күлкілі.
Б а л з и я .   Өлімге сұранып, қаза тауып ақталуды 
түсінбеймін. Қаза табар жұртыңды тірі сақтап қалуды түсі-
нетін едім.
А т ы м т а й .   Сол тірі сақтап қалам деп өзің ертіп 

239
кет кен қашқындардың болашақ ұрпағына Отан деген сөз 
мүлдем түсініксіз.
Б а л з и я .  Сен енді ұрпақты айыптамақпысың?
А т ы м т а й .  Жо-оқ, ұрпақта айып жоқ. Бірақ Отаны 
жоқ ұрпаққа сенімсіздікпен дүдамалдана қарайтын Отаны 
бар ұрпақты қалай айыптайсың.
Б а л з и я .   Оның бәрін өзіміз – бір-бірімізбен ұғы-
ныспаған өзіміз жасадық.
Е с е т. Атымтай, осы сен қай жерде қаза таптың?
А т ы м т а й .   Сталинград майданында, фашистерге 
қат ты соққы берген Сталинград қаласының түбінде. Оған 
ұрпақ риза шығар, мақтаныш ететін шығар.
Е с е т .   Ешкімнің де сені айтып мақтанғанын естігем 
жоқ. Сенің өлген жерінде де, елде де саған қойылған 
ескерткішті көргем жоқ. Сен түгілі Сталинградтың да аты 
өшті.
А т ы м т а й. Не дейт?
Е с е т .   Сенің атыңды атамақ түгілі, сенімен бірге со-
ғысқан, Отанын қорғаған өңшең ұрпақ жаяр 18 – 40-
тың арасындағы қазақ жігіттері бұрын болмағандай, ол 
шәһиттердің туған, өскен жерлері бос жатқан қу мекиен
иесіз жер, елсіз-күнсіз тың дала аталып, сендердің ауыл-
дарыңның аттары да мүлдем өзгеріп, зираттарың да жер 
бетінен жоғалған.
А т ы м т а й .   Не  дейт?! Сонда сендер – оқыған аза-
маттар, соғыстан аман қалған сілімтіктер не бағып жүр-
діңдер?!
Е с е т .   Халық жауы деп айдалған біздердің тірі қал-
ған өзің айтқан сілімтіктерін жаңа үкімет, бұрынғы үкіметті 
қаралау үшін ақтап, босатқан. Бірақ не керек, тың өлкесіне 

240
миллиондап келген келімсектердің арасында біздің білімі-
міз де, тіліміз де, тіпті түріміз де кем болып, қор, мазақ 
тіршілікпен өмір кештік. Өз жеріміз түгілі, өз тілімізге өз 
иелігіміз жүрмеді.
А т ы м т а й .  Жетті, жетті! Баяғы жырыңды жырлаудан 
әлі айықпаған екенсің. Сендей қисықтарды өлгенде қор ғана 
түзейді деуші еді...
Е с е т. Қателесесің. Көр де түзей алмаған ғой. Мен 
былтыр өлген адаммын. Көр сені де түзей алмапты– баяғы 
коммунистік қалпыңнан айықпапсың.
А т ы м т а й .  Өмірі бір партияның жүзін көрмеген сен 
сияқты адам коммунистік партияның қасиетін қайдан білсін!
Е с е т. Сен шығарсың білетін. Тірі жүрсең көрер ем, қазір 
баяғы он жеті миллион коммунисіңнен бірде-біреуі жоқ.
А т ы м т а й .  Е-е, соншама олардың бәрі қайда кетіпті, 
бәрін де бір күнде жер жұтты ма?
Е с е т. Қара жер өлген коммунистерді ғана жұтты. Ал 
тірілері бір күннің ішінде партбилеттерін жыртып, лақтырып, 
өртеп, өздерінің партиясын жалмап жұтты.
А т ы м т а й. Не дейт? Мұның жала, шылғи өтірік!
Е с е т. Өлген адам өтірік айтпайды. Қазір бұрынғы 
белсенді жас коммунистерін белсенді коммерсанттар, 
сау 
дагерлер, шылқыған байлар. Ал баласыз, панасыз 
қалған фанатик коммунистер тірі өлік, жаңа үкіметтің 
қайыршы лары. Сенің арша етің борша боп жүріп құрған 
колхоздарыңды да құлатып, құртып жатыр.
Б а л з и я .  Міне, естіген шығарсың, ГПУ-дің қызмет-
кері, коммунист Атымтай. Сендер өліп жатып бақытты-
мын деуге әбден жаттығып, төселгенсіңдер. Әйтпесе қыс-
қа өмірінде бар көргенің жоқшылық, түрме, соғыс. Сол 

241
ма жасап кеткен бақытың. Сол үшін ұрпағыңнан безіп, 
ұрпағыңды тентіретіп жібердің.
А т ы м т а й .   Иә, ендігі қалған бақытым – артымда 
қалған Заманайым екен. Ол қайда, Балзия? Өлейін деп 
жатқан сенімен соңғы рет арыздасып, соңғы рет ұлымды 
көрейін деп келіп ем.
Б а л з и я .   Ұлың да тура өзіне айнымай тартқан ұл 
болды. Ол да тағдырына жазған бар кінәні маған артып
мені жазғырумен өтті. Баласы Аманай туысымен соғыс 
коммунасы деген ескі сылтаумен сол кездегі аға ұлттар 
билеген қытай үкіметі Заманайды алып кеткен. Арада 
он жыл өткен соң іздеу салып таптым. Білік деген жерде 
құпия шахтыда кілең еркек заты ғана жұмыс істейді екен. 
Жатақханаларында бір күн ғана бірге түнеуге рұқсат 
алғанмын. Сол күннің өзінде ауыр жұмыстан қажып, мәң-
гірген ұлым өзімді құстаналап шықты. Адам баласына тән 
сағыну дегенді де мүлдем ұмытқан екен.
Жалаңаяқ, жалаңбас, қажыған, күйзелген Заманай 
шы ғады. Атымтайдан аумайды.
З а м а н а й ( Балзияға). Неге келдің? Сені кім ша-
қырды мұнда?! Менің мына ұсқынымды көруге келдің бе? 
Әлде мені өлді деп естіп, өлігімді алып кетуге келдің бе? 
Мұнда өлікті де ешкімге бермейді. Бірақ сен қорықпа, мен 
әлі біраз азап шекпей өлмеймін.
Б а л з и я .  Құлыным-ау, менің жазығым не, мен анаң 
емеспін бе?
З а м а н а й .   Балзия, менде анаға деген мейірім жоқ. 
Сен мені ел-жұртымнан, атамекенімнен, туған әкемнен 
алып кетіп, маған таныс емес жат адамдар, бірін-бірі біл-

242
мейтін, түсінбейтін, қамқорсыз, кіріптар, дәрменсіз жандар 
зорлықпен, азаппен мағынасыз тіршілік еткен қамау тор-
ға әдейі әкеп тапсырғандай көрінесің. Мен де торда жа-
тып жан-жағына жиырыла қарайтын уытын алған мыл қау 
жылан сияқтымын. Енді мені аяма да, мүсіркеме де. Бар 
сұрайтыным – ана келініңе – Әлимаға ұғындыр. Ама-
найды аман сақтасын. Ер жеткен күндердің күнінде мен 
көрмеген әкемді, мен көрмеген атамекенімді сол көрер. 
Менің арманымның орны сонымен ғана толар... Таңсәріде 
жұмысқа кетемін. Атыңды әкеп қоярмын. Елге жүре бер. 
Енді сені мұндағылар жатқызбайды да. Рұқсат жоқ. Бітті.
Заманай кетеді.
Б а л з и я .   Ертеңіне дінхұла, дінхұла деген айғай-
шудан оянып кетсем, бір сұмдық болған екен. Хан деп 
аталатын жер астында дінхұла дейтін газ болады екен. 
Сол көбейіп, зығыр майынан жасалған шамдары сөнген 
жұмысшылар, өздері де тұншығып, жер астында қалыпты. 
Заманай да сонда екен. Кешке дейін шахтыны төңіректеп, 
кете алмай жүрдім. Ұлым шықпады. Кешке ханның 
басшылары ағаулыттар келіп, енді дінхұла басылмайды деп 
шахтының аузын оқ-дәрімен жарып, аспанға атқан таудай 
топырақ үйіндісімен жаба салды. Жер астында терең ханда, 
екі жүз жұмыскермен екеуміздің ұлымыз Заманай да бірге 
көміліп мәңгі қала берді... (Балзия енді өз-өзінен есіріп
жынданған адамдай айғайлап.) Қызайлар, қайдасыңдар! 
Әне, атаулыттар келе жатыр. Ханға бармашы, барма деймін 
ханға. Көр, көр, тірідей көр. Дінхұла, дінхұла! (Балзия екі 
қолын көтере айғайлап құлайды.)

243
Е с е т. Е-е, әр жерде, түрлі өліммен өліп, шашылып 
қалған қайран қазағым!
А т ы м т а й .  Шашылмай-төгілмей елде, өз мекенінде 
өткен сен ғана екенсің.
Е с е т. Шашылмай-төгілмей?! Менің өлімім сендерден 
де жаман.
А т ы м т а й .   Өлімнің жақсысы мен жаманы болушы 
ма еді? Өз жерінде өлген ақ өлімді айтсайшы.
Е с е т. Өз елінде, өзіңді өзің атып өлтірген әлім де жақсы 
ма?
А т ы м т а й .   Иә, не жетпей өзіңді өзің майып қып 
жүрсін?
Е с е т. Өмірде мен де не қызық көрдім? Бәрі азап. 
Сүйгенімді ала алмадым. Жарым жасым қудалауда, жарым 
жасым түрмеде өтті. Қартайдым, үйсіз, ұрпақсыз қалдым. 
Қалған жарым жасым жоқшылықпен, тапшылықпен өтті. 
Бүйткен өмірі құрсын деп, соңғы сотталғанда тығып кеткен 
ескі бесатарымды тауып алып, өзімді-өзім аттым. Ішінде 
төрт оғы қалып еді, үшеуін саған текке жұмсадым. Балзияны 
атуым керек еді. Ол өзі де өлейін деп жатыр екен. Енді қазақ 
болып біржола өлейін – қазақты өлтірген күңшілдік. Менде 
ұрпақ жоқ, сенде неге ұрпақ болуы керек. Соңғы оғым – 
сенің ұрпағын Аманайдың үлесі!
Тастамның ортасындағы тас ошаққа тобатайын 
қойып, от жағып отырған Аманайға соңғы оғын атады.
Б а л з и я  (жанұшырып). Атпа, атпа, кәззап, атпа! 
Амана-ай!  (Орнынан атып тұрып Аманайға қарай 
еңбектей жылжиды.) Аманайым, амансың ба, оқ тиген 
жоқ па?!

244
А м а н а й ( таңырқап). Қайдағы оқ, әже? Қайдағы 
оқ?
Б а л з и я  (зорға құшақтап). Аман екенсің ғой. О, 
жасаған, түсім екен ғой? Тәубә, тәубә!
А м а н а й .  Әже, сен көп сөйледің. Әлгі, не деп едің, 
иә, көп сандырақтадың... Мен саған таңқурай теріп, шай 
қайнаттым. Қазір тобатайымнан құйып беремін. Терлеймін 
деп едің ғой, өзің айтқан таңқурайды көп-көп теріп әкелдім.
Б а л з и я .  Құлыным, жалғызым!
Музыка.
Он бірінші көрініс
Бірінші көріністегі жағдай. Томар-Омар Қанипаны ал-
дына алып, басынан сипап, әлдилеп, алдап-сулап отыр.
Т о м а р - О м а р .  Қанипашым, айналайын, сен кіш-
кене тынышталшы, сосын...
Қ а н и п а. Сосын Сәукелеге барамыз ба?
Т о м а р - О м а р .  Барамыз, барамыз.
Қ а н и п а. Алақай, Сәукелеге барамыз, меруерт тағамыз.
Т о м а р - О м а р .  Бар, үйге бар, далада жүрген есекті 
қайыр, сосын барамыз.
Қ а н и п а (атып тұрып). Кеттім, жеттім. Сәукеле, 
Сәукеле, Әңгек, Әңгек...
Қанипа кетеді.
Т о м а р - О м а р. Сәукеле деген сөзді естісе-ақ
Қанипаның ескі жарасы қозғалып, ауырып қалады.
Ә л и м а. Ата, Омар ата, жаңа не дедіңіз, айтыңызшы, 
Қанипа апам кетті ғой, енді айтыңызшы. Аманайлар 

245
Сәукелеге кетті дедіңіз бе? Оны қайдан білдіңіз? Сәукеледен 
неге өте алмайды, одан өтсе қайда барады?
Т о м а р - О м а р .  Сен онда, әуелі тыңдап ал, айтайын. 
Содан соң, саған айтар тілегім бар, соны орындасаң айтайын. 
Орындаймысың?
Ә л и м а. Айтыңызшы, тек айтыңызшы, сосын не айт-
са ң ыз да орындаймын. Сіздің маған жаман тілек тілемей-
тініңіз ді білем ғой.
Т о м а р - О м а р .  Ендеше тыңда... Бұл бір айтылмай 
ұмыт болған сыр еді. Қанипаға содан ауру жабысқалы оны 
жасырушы едік.
Ә л и м а. Айтыңызшы, айтыңызшы.
Т о м а р - О м а р .   Баяғы, ел басына зауал түскен 
ашар шылық жылы жасырып қалған малмен әлгі Балзия 
бас тап қашқан жолы көресінің көкесін осы Сәукеледен 
өткенде көрдік. Ол жерде ең қалың мұзарт бар. Мұзарттың 
үсті тілім-тілім, үңірейген-үңірейген атаңа нәлет әңгектер – 
түпсіз терең мұз жарықтары. Сол кез – тау бетінен Сайхұн 
желінің бет қаратпай, борандатып соғып тұрған кезі. Нағыз 
сойқан жел. Иттіркесе көшкен ел: бала-шаға, қатын-қалаш, 
улап-шулап кісінеген жылқылар, маңыраған қой, бақырған 
түйелер... Сол күнгі ең бақытсыз, ең, сормандай адам 
Қанипа екеуміз екенбіз. Мен Қанипаға, Қанипа маған сеніп 
жүріп әке-шешеміздің қолындағы тұңғышымыз да соңғы 
қуанышымыз да Меруерт атты бес жасар қызымыздан 
айырылыппыз. Кейін ел болып іздедік. Біртәулік өткенде 
зорға таптық. Таптық деймін-ау, әлдебір терең қуыстан 
қылғына жылаған, қарлыққан әлсіз даусымен көмек сұраған 
Меруертімнің жалынышты үні. Мұны естіген Қанипада 
ес қалмады. Әр әңгекті тінтіп, арқан байлап түсіп, ақыры 

246
төртінші әңгекке тереңдей түскенде қызымның даусы дәл 
іргемнен естілді... Не керек, сол жолы өзім де терең әңгекте 
қыстырылып, ақыры тарта-тарта бір арқан үзіліп, сол әңгекте 
кептеліп екі күн жаттым. Меруертімді құтқара алмадым. 
Өзімді жігіттер мұзға бауырлай қатқан балықтай сүйрелеп 
зорға шығарып алды. Ақыры, мен жұлыннан тиген суықтың 
зардабынан белден, екі аяқтан айырылдым да бұрынғы жай 
Омар емес, Томар-Омар атандым. Сормандай Қанипа бір 
жылдай шырт ұйқыда жатып: «Сәукеле, Сәукеле», «әңгек, 
әңгек», «Әне Меруерт жылап жатыр», – деп төсектен 
тұра ұмтылып, тысқа тауға жүгіретін болды. Шошымалы 
аурудың арты кірелі-шығалы есі бар шалыққа айналды. 
Сәукелені естісе-ақ ауруы ұстайды. Бірақ Сәукеле қайда, 
Меруерті кім – бәрін ұмытқан, тек жадында жатталған 
қисынсыз сөздерді мағынасыз қайталай береді... Сөйтіп, 
алғашқы және соңғы көрген қызығымыз Меруертіміз сол 
арада – терең әңгекте мұзға оранып мәңгі қалған...
Ә л и м а (ауыр күрсініп). Ақ әжемнің Аманайды неге 
алып кеткенін енді түсіндім. Менің күйеуге тием дегенімді 
кешпеген екен.
Т о м а  р-О м а р. Түсінем, қызым, түсінем.
Ә л и м а. Қалайша енді Аманайдан айырылып, жат 
жұртқа кетем...
Т о м а р - О м а р .   Қарағым Әлима, бұдан қалсаң 
өмір бақи жесір боп, жалғыз қалдым дей бер. Үрім-бұтағы 
құрып бара жатқан мына қарғыс атқан алақандай ауылда, 
енді саған көңіл қосып, үй болатын еркек кіндіктің жоқ 
екенін өзің білесің. Көр жыла, жер жыла, енді саған Заманай 
да, Аманай да жоқ. Ендеше, мына жігіттің етегінен ұста да, 
басың жас, бала-шаға сүйіп, үрім-бұтақ жайып, толықсып 

247
отырмайсың ба?! Әйел заты – ана болуға, ұрпақ жаюға 
жаралған!
Жалғыз шыбықты ат қып мініп алған Қанипа біресе 
күліп, біресе жылап «шапқылап» келеді.
Қа н и п а.
Әне Сәукеле, міне Сәукеле...
Әңгек-ай әңгек...
Меруертімді қайтып берші,
Берші деймін Меруертімді,
Өзім тағайын, өзім бағайын. 
Құлап қалды ғой, жылап қалды ғой 
Берші деймін Меруертімді 
Өзім тағайын, өзім бағайын. 
Әй, Сәукеле, Сәукеле, 
Сенің қалтаңда Меруертім жатыр, 
Қайтып берші, 
Берші деймін Меруертімді.
Қайғылы музыка.
Он екінші көрініс
Қылкөпір. Балзия мен Аманай жар жағалап келіп, де-
малып отыр.
Б а л з и я .  Ой, аллай, бәрі баяғы қалпы. Тек елу-алпыс 
жылдан бері ешкім өтпеген-ау, жалғызаяқ жолды шөп басып 
кетіпті. Жолға түсе бергендегі жаға тасқа жазылған сөздер 
де сол қалпы. Аздап қана бояуы өше бастаған:
«Төуекел түбі – жел қайық, 
Мінерсің де өтерсің, 
Қайғының түбі – тұңғиық, 
Түсерсің де кетерсің.»
А м а н а й .  Әже, әже, ана қара, ана қара.
Б а л з и я. О не?

248
А м а н а й .   Ана шың басындағы арқарды көрдің бе, 
арқарды?
Б а л з и я .   Ә-ә, ол маңында жусаған қозыларын 
қорғаушы қарауылшы арқар ғой.
А м а н а й .  Шіркін-ай, ана арқарды бір бүркіт аспаннан 
зуылдап келіп құлатса, оның еті, әже, неше күнге жетер еді?
Б а л з и я .  Оның... оның еті ме? Бір үйлі жанға, жо-оқ, 
отыз-қырық адамға жетеді.
А м а н а й. Не деген көп ет! Мен жалғыз өзім бір санын 
жеп қояр едім.
Б а л з и я .  Оны тобатайға салып қалай пісіресің? Айт-
қандай, тобатайың да Тастамда қалып қойды.
А м а н а й .  Етті шикілей жейтіндер де бар екен.
Б а л з и я .  Оны саған кім айтты?
А м а н а й .   Томар-Омар атам айтты. Мен қазір ши-
кідей де жер едім.
Б а л з и я .   Қой, қайдағыны айтпай. Амандық болса, 
мына қылкөпірден жарықта өтіп алсақ, түнделетіп те елге 
жетеміз.
А м а н а й. Ауылға барған соң, шіркін-ай, тамаққа тойып 
алып, үш күн, үш түн, жоқ, он күн ұйықтар едім.
Б а л з и я .   Иә, Аманай, кеш боп кетгі. Қылкөпірден 
өту қиын. Жүрейік.
Орындарынан тұрып сәл жүре бастаған Балзия кем-
пір ішін тартып сылқ түсіп отыра кетеді.
А м а н а й. О не, әже, о не? Не көрдің? Саған не болды? 
Тұрсаңшы, өзің айттың ғой ел жақын деп.
Б а л з и я .  Жол осымен бітті. Үзілді... Бәрі де бітті.
А м а н а й .  Үзілді? Не бітті? Не болды, әже?

249
Б а л з и я .   Әне, қарамай-ақ қой, басың айналады. 
Қыл көпір үзіліпті. Жар құлапты. Жалғызаяқ жол жоқ, 
бітті. Менің де бар жеткен жерім осы. Енді қайта шегініп 
жүрер хал жоқ. Жол үзілді...
А м а н а й. Әже, әже, енді не істедік? Басқа жол жоқ па?
Б а л з и я (сөзін зорға құрап). Басқа жол?.. Бар – екі 
жол бар, бірі бағанағы жолмен кері қайтып... Жылысайға 
түсу. Ирелендеген сай ішімен тың адам үш-төрт күнде жетер 
еді. Ал біз... Менің саған енді масылдықтан басқа пайдам 
жоқ. Мені тастап, әлгі жолмен қайта орал, ол – екінші жол. 
Шыңды бетке алып, күнбатысқа қарай тау өрлеп жүре 
берсең, елді табасың. Енді кет бұл арадан, әйтпесе екеуміз 
де осы жол айырығында қаламыз. Сен тірі жет. Бар, бар, 
құлыным. Аман бол!..
А м а н а й .  Мен сені тастап ешқайда кетпеймін!..
Музыка... Сәл қараңғыланған сахна қайта жарықтан-
ғамда, Аманай ұйықтап жатыр. Балзия жар қабағында...
Б а л з и я .  Қайтейін... Кешір, кешіре гөр. Соңғы жол-
ға Аманайымды жеткізе алмадым. Менің қылкөпірім де, 
соңғы сызығым да осы шығар. Мені осалдық жасады деме... 
Бүйтпесем болмайды: маған қарайлап Аманайымның кетер 
түрі жоқ. Аш бала енді бір күн аялдаса, шыдай алмайды. 
Аштықтан бұрлығып өледі. Бұдан әрі менің қарға адым 
сүйретілер мұршам жоқ. Менің көзім жоғалса, күдер үзіп, 
Аманайым да бұл арадан тезірек кетер. Елді табар. О, жалған. 
Кешір, кешіре гөр. Қастың суы, қанды су мені құшағыңа ала 
гөр! Сүйегімді ит-құсқа жем қылмай атамекеніме жеткізе гөр! 
Барым осы, кешір!
Құздан құлайды. Музыка.

250
Он үшінші көрініс
Сыртта гүрілдеп келіп тоқтаған машина моторының 
үні. Ай жарық. Бақты көрпеше ұстай шығады да, жерге 
жаяды. Соңында Әлима. Сәукеле тауы төніп тұр.
Б а қ т ы. Кел, отыр, демалып алайық. Машина моторы 
қызып кетті, ол да демалсын.
Әлима құлықсыз отырар-отырмастан Бақты оны 
бас салып, жығып, сүйіп, етегіне қол жүгіртеді. Әлима 
қарсылық білдіреді.
Ә л и м а. Қойшы, Бақты, асықпашы.
Б а қ т ы. Қашанғы асықпайын. Шыдамның да тау сыла-
тын кезі болған шығар...
Ә л и м а. Ана қарашы. Бақты, байқайсың ба, ана 
Сәукеленің дәл ортасында бақырайып тәтәй қарап отырған 
сияқты. Менің Аманайымды алып қалған жоқ па екен, 
сұрайықшы.
Б а қ т ы. Қайдағы тәтәй?
Ә л и м а. Мен анада бір айтып едім ғой.
Б а қ т ы. Есімде жоқ.
Ә л и м а. Ендеше есіне салайын.
Б а қ т ы. Сосын бола ма?
Ә л и м а. Жарайды, көрерміз. Әуелі тыңдашы тәтәйдің 
кім екенін.
Б а қ т ы. Ал тыңдадық.
Ә л и м а. Ертеде, осы өлкеде Ми деген қатыгез, жауыз 
хан болыпты. Ол мынадай қатал заң шығарыпты: «Адам 
көбейіп барады жер бетінде, енді елу жыл уақыт перзент 
көтеру тоқталсын. Ол үшін екі-үш жасқа келген сәби 

251
қыздардың аяғы, бөксе, кеудесі дәкемен танылып, аяғына 
хай кигізіліп, қолына таяқ ұстап, тәтәй деген атпен, перзент 
көтермейтін, тек ойнап-күлуге жарайтындай ғана қабілеті 
болсын!» Бертін келе, сондай бір тәтәйдің бойына перзент 
бітіп қалып, ол үшін өлтіретін болған соң, тауға қашып 
паналапты. Соңынан қуғыншылар жеткенде, кәдір түні екен 
дейді, «О алла тағала, менің сәукелемді тау қылып, өзімді 
перзентіммен бірге сол таудың астына жасыр, бұл сұмдық 
бұл таудан аспайтындай сәукеле тауы бөгет болсын», – деп, 
көк аспан ашылғанда тілек тілепті. Сол кезде, әлгі айтқаны 
орындалып, сәукеле тауға айналып, тәтәй сол тау ішінде 
қала беріпті.
Б а қ т ы. Мынауың аңыз ба, шындық па?
Ә л и м а. Томар-Омар атамыз аңыз деуші еді бұрын, кейін 
көшіп бара жатқан байлардан адасып қалған құйтымдай 
тәтәйді өзі тауып алып екі жылдай үйінде ұстады. Бірақ 
Қанипа күн көрсетпей, ол байғұс бір дауылды, жауынды 
түні жоқ болып шықты.
Б а қ т ы. Мен де оны естігем. Ал ендеше, Әлима, мен 
еркек тәтәймін.
Ә л и м а. Қойшы қайдағыны айтпай?
Б а қ т ы .  Ештеме қайдағысы жоқ, біз бір топ жігіттер 
келісіп, алдымен кришна дейтін үнділердің дініне кіріп, кейін 
қытай тәтәйлері болдық.
Ә л и м а. Сен шынымен ұрпақты жек көремісің, қалайша 
бала сүйгің келмейді? Сол – мүмкін бе?
Б а қ т ы. Ұрпақ, ұрпақ! Немене, ертең өсіп-жетіліп, бірін-
бірі жағадан алып өлтіретін, қыратын ұрпақты айтамысың? 
Адам көбейген сайын жер тарылады. Жер тарылған соң, 
адамдардың ындыны да тарылып, жер үшін талас басталады.

252
Ә л и м а. Бар адам баласы олай емес шығар.
Б а қ т ы  (одан сайын өрекпіп). Иә, иә, атамзаманнан 
бері келе жатқан адамдар арасындағы қырғын таластың, 
соғыстың ең бастысы жер үшін, жердің үсті мен астындағы 
байлық үшін, яғни әркімнің өз қара басының тіршілігі үшін 
болған. Болашақ ғасырда жер бетінде адам баласы осы-
лай өлгенінен туғаны көп болып өсе берсе, қанша болмақ? 
Бір ғана біздің қытай елімізде күніне қырық мың нәресте 
дүниеге келеді. Бара-бара жер бетіне адам сыймай кетеді. 
Сонда не істемек?
Ә л и м а. Әлгі табиғатты, құсты да қорғаймыз дейтіндері 
қайда?
Б а қ т ы. Ол сенің ана-а-ау атамекеніңде. Жо-оқ, ба-
ра-бара барлық жерде, аң да, құс та адамның тіршілігі үшін 
құрбан болады. Олар біткен соң, адам адамға шабуылдай-
ды. Яғни, біздің болашақ ұрпағымыз – болашақ соғыстың 
ұрпағы. Ендеше біз өмірге бір бала келтірсек, екінші балаға 
қарсы шығатын адам дайындап бермекпіз. Соғыс адамдарды 
азайтып, жер бетін тазалап отырмақ. Ендеше, бір ұрпақ, екі 
ұрпақ неге демалмайды, неге ұрпақ жаймай отыра алмайды. 
Егер екі буын ұрпақ бала көрмей етсе, жер, адам есебі 
соғыссыз-ақ шешілер еді... Өмірге ғажайып адам әкелем 
деп, өз басым айта алмаймын. Ал мен сияқты қарапайым, 
жай адамдар жетерлік. Данышпандар да, ғалымдарда дү-
ние жүзінде әзірше жеткілікті. Солардың айтқанын, көр-
сеткенін, тапқанын игеріп алсақ та біразға жарар. Жер де, 
адам да біраз демалуы керек. Соғыссыз демалуы керек. Ол 
– әркімнің қолында.
Ә л и м а. Сен өзің тәтәймін деп шын айтып тұрмысың?!
Б а қ т ы. Енді ойнап тұр деймісің?

253
Ә м и н а. Сонда... сонда қалай, шынымен, қалайша?
Б а қт ы. Жаңа айттым ғой, біз бір топ қытай жігіттері 
өзіміздің адамзат алдындағы парызымызды өтеу үшін 
өзімізді-өзіміз құрбандыққа шалдық. Мұнымыз еріккеннің 
ермегі емес екенін түсінген шығарсың?
Ә л и м а. Сонда қалай, сонда қалай?
Б а қ т ы. Не қалайы бар?! Қазір медицина ғылымы өскен. 
Дәрігерлік жолмен тәтәй болдық. Қорықпа, мен әке болуға 
жарамасам да, саған ер болуға жараймын.
Бұл кезде ай жарығы (пистолет жарығы арқылы) 
Бақты-тәтәйдің бетіне көгілдірлене түскен, Әлима 
оған қарап шын шошиды.
Ә л и м а. Алла, Алла, түсің қалай өзгеріп кетті? Сен, сен 
ұрпақсыз қалар, тірі... тірі аруақсың, тірі аруақ! (Сәукелеге 
қарай тура жүгіреді.) Аманай, Аман-а-а-ай, Аман-ай-ай. 
(Тау жаңғырығады, таулар қосылады.)
Б а қ т ы. Өй, шынымен кеткенің бе? Әлима-а, Әлима-а, 
Әли-ма-а-а!
Ол да Әлиманың соңынан жүгіреді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет