Жоспары: I кіріспе II негізгі бөлім



Дата02.12.2022
өлшемі26,76 Kb.
#54357

Тақырып: Қазақ тіліндегі буын және оның түрлері


Жоспары:
I Кіріспе
II Негізгі бөлім
2.1 Қазақ тіліндегі буын және оның түрлері
III Қорытынды
IV Пайдаланылған әдебиеттер


Кіріспе
Буын (фонетика) — сөйлеу мүшелерінің тұтастай қимылынан пайда болған бір немесе бірнеше дыбыстық тіркесі. Буынды тек дауысты дыбыстар ғана құрайды. Дауысты фонема өз алдына тұрып та, төңірегіне дауыссыздарды алып тұрып та Буын құрай алады. Буынға тән негізгі белгілер: 1) дауысты дыбыссыз Буын болмайды; 2) дауысты дыбыстың өзі де Буын бола алады (а-та, ә-же, а-па, т.б.). Бір Буында бірден артық дауысты болмайды, ал сөздің құрамында қанша дауысты дыбыс болса, сонша Буын болады (жұ-ды-рық, қа-лам, мек-теп); 4) Буында мағына болмайды; 5) Тілімізде байырғы сөздер, сондай-ақ, Буындар да екі дауыссыздан басталмайды (сқақ, рза, сланов деп жазбаймыз, дұрысы: сықақ, риза, сыланов түрінде келеді); 6) қазақ тілінде басқы (сөздің басындағы) Буын ғана дауыстыдан басталуы мүмкін, қалған жағдайда (екінші, үшінші, т.б.) Буындар дауыстыдан басталмайды. Тасымалдың дауыстыдан басталмайтыны содан (кә-сіп, қыз-ғал-дақ, мә-сі); 7) сөздердің айтылуындағы Буын саны мен жазылудағы Буын саны әрқашан бір-біріне сай келуі шарт емес (айтылуда: Сар-ар-қа, кел-ал-май-ды, ал жазылуда: Са-ры-ар-қа, ке-ле ал-май-ды). Тіліміздегі сөздер бір Буынды, не көп Буынды болып келеді. Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар өздігінен жеке тұрып Буын құрай алмайды, бірақ кейбір халық тілдерінде дауыссыздардың Буын құрайтын жайлары кездеседі (чех, серб тілдерінде). Мысалы, Буын чех тіліндегі vlk (волк-қасқыр), серб тіліндегі прст (палец-саусақ) деген сөздер бір өңкей дауыссыздардың тіркесінен жасалғанмен, әрқайсысы бір-бір Буынды сөздер ретінде қаралады. Ондай дауыссыздарды Буын құраушы дауыссыздар деп атайды.
2.1 Қазақ тіліндегі буын және оның түрлері
Қазақ тіліндегі сөздердің айтылуы мен жазылу заңдылықтарының дыбыстық жүйеге негізделетіні тілдегі құбылыстарға ғылыми тұжырымдар жасау әрекеттерін күрделендіре түседі. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ұсынған қағидалар уақыт өте келе тілдік қолданыстағы қайшылықтарға себеп болады. Тіл біліміндегі ғасырлар бойы сұрыпталған заңдылықтар кейбір ережелердің шеңберіне сыймай жатады. Бұл – қалыпты құбылыс. Ғылыми зерттеу үдерісі мен оқыту үдерісі үнемі сәйкестік тауып, үйлесімді нәтиже бере бермейді.Әсіресе, ғылыми зерттеу нәтижесінің шынайылығы оқыту үдерісі барысында айқындала түседі. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ тіліндегі буын мен оның түрлеріне берілген анықтамалар мен ғылыми тұжырымдар да оқыту үдерісі кезінде көкейкесті мәселелер туындатады. Фонетика саласының аясында ерекшеленетін буын және оның түрлері ережелік деңгейдегі нақты анықтаманы иелене алмай келеді.Оқулықтардағы ережелерден аңғаратынымыз – буынның жазылуда емес, айтылу кезінде ажыратылатындығы. Назар аударайық:
- Сөздегі бір дауыстының я дауысты мен дауыссыздардың дауыс толқынымен бөлшектеніп айтылатын тобын буын деп атайды /1/;
- ...сөздегі фонациялық (дыбыс жасайтын) ауаның қарқынымен үзіліп, бөлшектеніп шығатын бір дауысты немесе бірнеше дыбыс тобы буын деп аталады /2/;
- Сөздерді айтудағы дауыс құйылысының бірнеше толқынмен бөлшектеніп үзіліп-үзіліп айтылуындағы ауаның бір толқынын буын дейді /3/.
Бұларға қоса, буынды айшықтай түсетін шарттар беріледі:
- Буынды дауысты дыбыстар ғана жасай алады;
- Қанша дауысты болса, сонша буын болады;
- Жалаң ашық буын мен тұйық буындар сөздің ортасында, соңында келмейді;
- Сөздер буын арқылы ғана тасымалданады;
- Сөздер тасымалданғанда келесі буын дауыстыға басталмайды.
Осыншама қағида оқулықтардың бәрінде бірыңғайлық сипат алады. Бұларды білген оқушының буын мен оның түрленуінен қателік жіберуі мүмкін емес секілді көрінеді. Егер қанты сөзі неліктен қа-нты, жойқын сөзі неліктен жо-йқын болып бөлінбейді десеңіз, оған да жауабы дайын. Өйткені, ереже бойынша қатар келген екі дауыссыздың екіншісі келесі буынға көшеді.Бұл- буынның жылысуы.Сонымен қатар, буын қос дауыссызға басталмайды деген ережеміз тағы бар. Бірақ, буын туралы ережелер көбейген сайын, буын ұғымын түсіндіру қиындай түседі. Суық, қуақы, туынды, қиын, киім, қиық сөздерінінің су-ық, қу-а-қы, ту-ын-ды, қи-ын, ки-ім, қи-ық түріндегі буынға бөлу үлгісі беріледі /4/.Бұл үлгі жоғарыда көрсетілген ережелердің бәріне қайшы келеді; келесі буынның дауыстыға басталмайтындығын, жалаң және тұйық буындардың сөз ортасы мен соңында келмейтіндігін, айтылу кезіндегі сөздердің толқынды бөлшегін жоққа шығарады. Бұның бәрі буынға берілген анықтаманың негізінде күмәнді тұстардың бар екендігіне мегзейді. Өйткені, буынға берілген ереже оны оқыту барысында екінші рет еске алынбайды. Буынның түрлерін сұрыптағанда да буынның ережесі естен шығарылып, тек дауысты мен дауыссыз дыбыстардың қатар келуіндегі орын тәртіптері ғана қағидалық мәнді иеленуге сеп болады. Жалаң ашық буын мен тұйық буындардың неліктен сөздің ортасы мен соңында келмейтіндігі туралы ешқандай түсінік берілмейді.Шынында да, неліктен бұлай? Шәкірттер тарапынан осындай сұрақ қойылатын болса, ешбір оқулықтан жауап таба алмайсың. Ал оқытушы дұрыс жауаптан жалтара алмайды.Дұрыс жауаптан жалтарса, оқытушы емес.
Яғни, буын сөздердің айтылу барысындағы толқынды бөлшегінен емес, ырғақты бөлшегінен құралатын секілді.Егер сөздің ортасы мен соңында шартты түрде жалаң ашық және тұйық буындарды айтатын болсақ, сол ырғақ бұзылады. Сондықтан, бұл буындарды сөздің ортасы мен соңында келмейді дегеннен гөрі айтылмайды деген жөн сияқты. Буындардың кірігуі немесе буындардың жылысуы дегендердің бәрі - осы айтылу ырғағынан туындаған қағидалар. Ұл ма екен – Ұлмекен, Қара ой – Қарой, Қара ағаш – Қарағаш түрінде біріксе, жалаң ашық буын мен тұйық буынның қағидасына сүйенгендіктен емес, айтылу ырғағы бұзылатындықтан бірікті. Фонетиканың Буын тақырыбын оқыту үдерісінде сол буын сөзінің өзін буынға дұрыс бөліп бере алмаймыз. Мәселенің бәрі дауыссыз бен дауысты дыбыстың арасында келген У және И дыбыстары бар сөздерді буынға бөлгенде күрделене түседі. Осы тұста олардың қосарлы дыбыстан тұратынын ерекшелеуге тура келеді. Әрине, олардың емле ережесі бойынша қалай жазылатындығы дыбыстар жүйесін өткенде баяндалып, түсіндіріледі. Бірақ буынға бөлген тұстағы / айтылуындағы / ерекшелігі үнемі назардан тыс қалады. Буынның фонациялық ауаның қарқынына / айтылу ырғағына / негізделетін ережесін естен шығарамыз. Сөздің құрамында қосымша жалғанғанда өзгеріске ұшырап отыратын буынның түрі – екі дыбыстан тұратын ашық буын мен бітеу буындар. Өзгеріске ұшырағанның өзінде, олар бірінің орнына бірі ауысады.Егер буын сөзін бу - ын үлгісінде бөлшектесек, қосымша жалғанғанда бу – ы – ны немесе бу – ын – ы қалпына ауысады. Екі нұсқа да ережеге қайшы. Жиын сөзі де жи – ын түрінде алатын болсақ, дәл сондай кереғарлыққа тап болады. Оқулықтарда аталмыш екі дыбыстың (У мен И) әрі жеке, әрі қосарлы болып келетіндігі жайлы көрсетіледі. Бірақ қандай жағдайда ондай ерекшелік иеленетіні нақты айтылмайды.Ал бұл екі дыбыс сөздің басында ғана / у дауысты болғанда / жеке дыбыс ретінде қызмет атқара алады: у-лы, и-не. Басқа тұста, буынға бөлген кезде, дауысты дыбыс қызметінен айырылады. Осының салдарынан өзінен кейінгі дауыстымен бірігіп айтылады: бұ-уын, жы-йын немесе бұ-уы-ны, жы-йы-ны. Егер осы күнге дейін дәстүрге айналған қағидамыздан айнығымыз келмесе, онда «шартты түрде» деген ескертуді қайталап отырудан арылмауымыз керек. Бұл жерде бір буынды сөздердің құрамындағы У мен И дыбыстарын дауыстыға жатқызып, ашық буын күйінде ұсынылған тұжырымдарды дәлел ретінде келтіруге болатын шығар. Алайда, оларға дауыстыдан басталатын қосымшалар жалғағанда дәстүрлі тұжырымдар күмәнді болып қалады.Ойымыздың айқындығын мысалмен көрсетуге болады.
Берілген үлгінің нәтижесі бойынша буынға қатысты төмендегідей жаңа шарттар туындайды :
- Ашық буыннан кейін дауыстыға басталатын қосымша жалғанбайды.Яғни, бу, жу, ки, қи секілді сөздер дауысты дыбысқа аяқталмаған;
- Ашық буындардан кейін тұйық буындар келмейді. Яғни, бу-ын, жу-ын, ки- ім, қи-ын тұлғасындағы буынға жіктеу де қисынға соқпайды.
Сонымен қатар, бу,жу,қу,су,ту сөздерінің ( гу ғана Г – ге қатысты жіңішке ) жуан түбір, ал би,ки,ши,ти сөздерінің жіңішке түбір саналатынын да назардан тыс қалдырмауға тиіспіз.Бұл жерде басқа тілден енген поэма, поэзия, геометрия, биология секілді кірме сөздерді салыстырмалы түрде ұсынудың қажеті шамалы. Олар қазақ тілінің буын ырғағына бағынбайды. Қазақ тілін оқыту үдерісі барысында осындай күрделілік тудыратын құбылыстарды шәкіртке түсіндіру, олардың біліктілігін жан-жақты жетілдіріп отыру оқытушының басты міндеті болып саналады. Ғылыми тұжырымдар мен қағидалардағы кемшін тұстар келесі ғылыми зерттеу жұмыстарында түзетіліп, нақты шешімін табуы мүмкін. Ал оқыту үдерісі кезіндегі әдістемелік қателік кейін дұрыс шешімін тапса да, шәкірт үшін кеш болады. Сондықтан, өтілген тақырыптардың оқытушы үшін де, шәкірт үшін де күмәнді тұстары болмағаны жөн. Тақырыпты меңгертудің барлық амал-тәсілін қолданып, тосын немесе төтенше сұрақтар қойылмайтындай дәрежеге жеткізгенде ғана жиі айтылып жүрген инновациялық талап мүддесін қанағаттандыра аламыз. Тақырып меңгертудегі амал-тәсіліңіз де таптаурындықтан арылған, тосын құбылыстық деңгейінде болып жатса, құба-құп. Мысалы, У және И дыбыстарының қосарлылығы туралы жоғарыда келтірілген дәлелдер жеткіліксіз болып жатса, сын есімнің күшейтпелі шырайының жасалу жолын ұсынуға болады. Күшейтпелі шырайдың күшейтпелі буыны сапалық сын есімнің алғашқы дауысты дыбысына (оқулықтардағыдай алғашқы буынына емес) –п жұрнағының жалғануы арқылы жасалатынын білеміз. Осы тұста алғашқы дауысты дыбыс тіркесіне ерекше назар аудартқан жөн. Содан соң биік, жуас, қу, суық, типыл, тура секілді сын есімдерді күшейтпелі шырайға өзгертеміз: біп-биік, жұп-жуас, құп-қу, сұп-суық, тып-типыл, тұп-тура. Осылай айтамыз, осылай жазамыз. Сонда күшейтпелі буынның құрамындағы – ы, - і, - ұ дауыстыларының қайдан пайда болғанына күмәнмен қарауымыз керек пе !? Жоқ, керісінше, орфографияның ережеге негізделетінін, орфоэпияның заңдылыққа негізделетінін үнемі ескертіп отырудан танбағанымыз дұрыс.Әрине, біз ережемен бекітілген емле қағидаларына қарсы шығудан аулақпыз. Біз оқытушы ретінде шәкірт көңілінде «Бұл қалай?» деген сұрақтың қалмағанын ғана құптаймыз.Біз тек ережеге сай келмейтін мысалдарды оқыту үдерісі кезінде дұрыс бағытта өзгертуге әрекет жасаймыз. Әсіресе, буын мен оның түрлерін меңгертуде бұндай жағдайлар жиі ұшырасатынын жеткілікті түрде ұсынуға тырыстық.Бұларға қоса, күрделі сөздердің құрамындағы қатар келген дауыстылардың буынға бөлінуі де буын ережесінен алшақтау көрінеді. Дыбыстар жүйесіндегі кейінді ықпал үдерісі бойынша қатар келген екі дауыстының алғашқысы түсіріледі.Бұл құбылыс айтылған кезде басымдық танытады да, жазылған кезде құбылмалы күй иеленеді. Оның себебін ешқандай оқулықтан таба алмайсың.Егер күрделі сөз тіркес қалпында келсе жазылу барысында да, буынға бөлуде де қиындық туындамайды. Ал біріккен сөз қалпында келсе, ала-құлалық орын алады.Сөздердің айтылуы буынның да, кейінді ықпалдың да қағидасына сай келеді де, жазылуы бұл жүйеден шығыңқырап кетеді.Төмендегі салыстырмалы үлгіден айқынырақ көрінеді:
Берілген біріккен сөздердің буынға бөлінудегі күмән тудырмайтындары- айтылуы бойынша жазылғандары. Орфография ережесіне негізделгендері буынға қатысты тұжырымдарды жоққа шығарады. Тағы бір көңіл бөлетін тұс- қатар тұрған дауыстылардың ықпалдан гөрі буын ырғағына тәуелділігі. Өйткені, Өмірзақ сөзіндегі екі дауыстының айтылмауы / жазылмайды да/, осыған ұқсас Жанұзақ сөзінде бір дауыстының айтылмауы сөздердің басталуындағы ашық буындардың құрамына қатыстылығын байқататыны айқын. Біріккен сөздер тіркес күйіндегі күрделі сөздердей жеке буынға бөлуге, жеке тасымалдауға келмейді.Орфографиялық сөздігіміздің әр басылымында жазылуы өзгеріске ұшырап жататын сөздердің көкейкесті мәселесі өз алдына жеке тақырып ретінде қарастырылуы тиіс. Ғасырлар бойы қолданыста жүрген төл сөздеріміздің айтылу ырғағы буынның түрлеріне байланысты еместігін, керісінше сол айтылу ырғағы арқылы буын түрлерін жасап жүргенімізді естен шығарып алмайық. Дауысты дыбыстарды қанша жерден буын жасаса да, сөздердің ырғақпен бөлшектенуіне кедергі қылмасақ, буынның өзін де, түрлерін де оқыту үдерісі қиындық туғызбайды. Ғалым Құдайберген Жұбановша түйіндесек: - Буынды жақсы білмесең,емлені де білмейсің; сөз тудыру, сөз түрлендіру сияқты морфология негізін де ұға алмайсың, буынды білмейінше, сөз екпіні (ударение), сөз сазы (интонация) секілді сөйлем жүйесіне қатысты тіл құбылыстарының да сырына қана алмайсың...Қысқасы, буын жүйесін жақсы білмей тұрып, ана тілі сабағын басқаруға болмайды .
Тіліміздегі фонетикаға қатысты зерттеу еңбектері мен оқулықтардың буынға тиісті тарауларында буындардың алмасуы, буындардың жылысуы немесе буындардың кірігуі туралы тоқталып өтеді де, оның басты себебі ретінде жалаң ашық буын мен тұйық буынның түбірге жалғану үдерісінде екені атап өтіледі. Бірақ неліктен осы екі түрлі буын жалғанғанда буын алмасу құбылысы байқалатыны нақты көрсетілмей келеді. - ...Қазақ буындары сөз өзгерген сайын өзгеріп,жылжып отырады: Бір деген бітеу буын. Бұған –ақ деген жалғау қосса, бір-ақ күйінде қалмайды, буын қалпы өзгеріп, бі-рақ қалпына көшеді. Осы сияқты әрбір түбір сөздің соңғы буыны тұйық я бітеу болса, оған жалғанатын жалғау дауысты болып басталса, буын қалпын өзгертіп жібереді,- дейді проф.Қ.Жұбанов (1). Бұл үдерісті ғалым буындардың жылысу заңы дейді. Ал екі дауыстының қатар келген кездегі біреуінің түсіп қалуын (бара алмады// ба-рал-ма-ды) буындардың кірігуі дейді. Өткен ғасырдың 30-жылдары айтылған осы қағида әлі күнге дейін маңыздылығын төмендеткен жоқ.
Кей оқулықтарда бір буынның соңғы дыбысының екінші буынға ауысып, буындардың бастапқы сапасының өзгеруін буынның жылысуы немесе алмасуы(2) делінсе, екіншісінде дауыстыдан біткен буынға дауыстыдан басталған буын жалғанса, алғашқы дауысты түсіп қалады. Бұны буын ығысуы дейміз(3) делінген. Қалай айтылса да, буын алмасуы бар жерде дауысты дыбыстың қатысы бар екені белгілі. Бұл құбылыс сөз ішінде де, сөз арасында да үнемі байқалып отырады.
Көріп отырғанымыздай, дауыссыз дыбысқа біткен буынға жалғанған дауысты дыбыс буын алмастыру үдерісін жасағанмен, буын санын өзгертпейді. Ал екі дауысты қатар келген кездегі буын алмасу үдерісінде буын саны қысқарады. Дауыссыз бен дауыстының қатар келуіндегі буын алмасу құбылысы тек сөз ішінде ғана емес, біріккен сөз бен тіркес сөздер арасында да болады.Мысалы: көзайым// кө- за- йым, халықаралық// ха –лы- қа- ра -лық, барар еді //ба-ра- ре -ді, сипат алады//си- па- та- ла- ды. Буын алмасу үдерісін ерекшелеу – буын түрлерін ерекшелеудің басты сипаты. Тіпті буынның анықтамасын беруде басты назарда ұстайтын үдеріс. Өйткені, әлі күнге дейін ешбір зерттеу еңбегі мен оқулықта буынға нақты ереже берілген емес.Бірінде ...фонациялық ауаның қарқынымен кілт үзіліп шыққан бір немесе бірнеше дыбыс тобын буын дейміз (З)десе, бірінде ...сөздерді айтудағы дауыс құйылысының бірнеше толқынмен бөлшектеніп үзіліп-үзіліп айтылуындағы ауаның бір толқынын буын дейді(2) деп келтіреді. Бұндай ережелердің негізіне сүйенсек,буын алмасудың себебін іздеудің қажеті шамалы. Одан әрі буынның түрлері, буынның дауысты дыбысқа тәуелділігі баяндалады. Зерттеу еңбектері мен оқулықтардың бәрінде жалаң ашық буын мен тұйық буынның сөз басында ғана келетіндігі айтылады. Бұлар басқа буында келсе,міндетті түрде, буын алмасу үдерісі көрініс береді. Яғни,жалғыз дауыстыдан және дауыстыдан басталатын буынның сөз ортасы мен соңында келмеуі – заңдылық.Қазақ тіліндегі заңдылық тек орфоэпияда ғана бар.Буын алмасу осы заңдылыққа бағынады.Басты мәселе жалаң ашық буын мен тұйық буынның сөз ортасында келмеуінде емес, айтылмауында жатыр.Сөз ортасында дауыстыдан басталатын буын келсе, сөздің айтылу ырғағы бұзылады.Кілт үзілу емес,әуені жымдасқан сөз бөлшектері ғана буын құрай алады. Сондықтан болар, проф.Құдайберген Жұбанов: ...буынды жақсы білмесең, емлені де жақсы білмейсің..,буынды білмейінше,сөз екпіні(ударение),сөз сазы(интонация) секілді сөйлем жүйесіне қатысты тіл құбылыстарының да сырына қана алмайсың, буынды аңғармасаң, «ажарлап сөйлеу», «әсерлеп сөйлеу» сияқты сабақтарды да дұрыс алып бара алмайсың,-дейді(1). Буын алмасу үдерісі дұрыс сөйлеу ырғағын сақтап қалу үшін ғана жүзеге асырылады.Бұл - тілімізде табиғи түрде қалыптасқан құбылыс. Сондықтан буындардың жылысуын,кірігуін немесе жалпы алмасуын буынның түрлеріне қатыстыра сипаттағаннан гөрі,керісінше, буынның түрлерін осы буын алмасу үдерісіне қатысты айшықтаған нақтырақ болар еді. Тілімізде көкейкестілік деңгейі төмендемей келе жатқан фонетикаға қатысты біраз мәселенің түйінін буын алмасу үдерісі тұрғысында шешіп алуға болады. Біріншіден, У және И дыбыстарын дауыстылардың қатарына жатқызып, буын жасату арқылы көптеген кереғар тұжырымдарға тап болудан арылтар еді. Буын,жуын,суық,уық,қиық,қиын,жиын секілді сөздерді бу- ын,жу -ын,су-ық , қи- ық, қи- ын, жи- ын түрінде буынға бөліп оқытып келеміз. Бұларды айтқан кезде ешқандай ырғақ сақталмайды.Керісінше,кілт үзілістер арқылы(пауза) қинала қайталаймыз. Себебі,буын алмасу үдерісін сақтап, бұ- уын,жұ- уын, сұ- уық, қы- йық, қы- йын, жы -йын үлгісінде айтсақ, еш қиындық тумас еді. Әрине, У мен И дыбыстарының қосарлы екенін,олардың алдынан ұ- ү және ы- і дыбыстары келетінін білеміз. Білгеннен кейін ереженің бәрін теріске шығармай, шартты түрде алынған дауыстылар екенін оқушыға түсіндіргеніміз жөн сияқты. Екіншіден, буын алмасу құбылысы И мен У- дың ешқашан дауысты бола алмайтындығын түбірге қосымша жалғау арқылы дәлелдейді. Ереже бойынша сөздің соңы дауыссызға бітсе, қосымша дауыстыдан басталуы тиіс.Яғни,ту- ыс, жу- ып, қу- ар, жи- ыс, жи- ып,қи- ыл сөздеріндегі у мен и дауыссыз дыбыстар қатарына жатады.Тұйық етістіктің У жұрнағы да дауыссыз дыбыс болып саналады. Бұл жұрнақтан кейін де қосымшалар дауыстыға басталады: бару- ым,жүру- і, айту- ы, келу- і,толу- ы,қону- ы,көну-і. Үшіншіден, буын алмасу үдерісі қатар келген екі дауысты дыбыстың айтылған кезде қайсысының түсірілетінін де айқындап береді.Негізінен,сөз арасындағы қатар келген екі дауыстының алғашқысы түсіріліп айтылатындығы(элизия) ережеге айналған. Әйтсе де, проф. А.Айғабылов екінші дауысты дыбыстың да түсіріліп айтылытынына мысал келтіреді: не үшін/нешүн, жаңа ыдыс/жаңадыс . Бұның себебін тіркес құрамындағы мағыналық байланыстан іздейді. ...Не үшін тіркесіндегі бірінші сөз не бары екі дыбыстан тұратын бір буынды сөз. Оның соңғы дыбысы түсірілсе, н дыбысы ғана қалар еді де,мағынадан айрылған болар еді, -дейді(4). Буын алмасу үдерісі тіркес құрамындағы сөздердің мағыналық байланысынан емес, айтылу заңдылығынан туындайтынын осы тұста тағы бір рет байқауға болады. Не істеді? /нестеді ? қала іші / қалаші, қара ішік / қарашік,тете інім / тетенім,басқа ырым / басқарым секілді тіркестердегі қатар келген дауыстылардың екіншісі айтылмайды. Егер мағыналық тұрғыдан келер болсақ, не екен? тіркесінде алдыңғы дауысты түсіріледі – некен? Өйткені қатар келген екі дауысты да - ашық. Сондықтан қатар келген дауысты дыбыстардың қайсысы түсіріліп айтылатынын дауыстылардың ашық немесе қысаңдығынан іздеген жөн. Ашық дауыстыдан кейін қысаң дауысты айтылмайды.
Қорытынды
Қорыта айта келгенде, буын алмасу жолымен айтсақ, ашық дауыстыға біткен ашық буыннан кейін қысаң дауыстыға басталған тұйық буын келсе,екінші дауысты түсіріліп,буындардың кірігу құбылысы (буындардың ығысуы) пайда болады. Сөздердің құрамындағы буын жігін ажырата білу, буын түрлерінің ерекшеліктерін айшықтау, буын алмасу үдерісінің себептерін дұрыс түсіну қазақ тіл білімінде дәстүрге айналған кейбір қағидалардың қарадүрсіндігін сипаттай алады.Солардың бірі - тасымалға тән қағидалар: - тасымал буын арқылы жасалып, келесі жолға көшірілген буын дауыстыдан басталмайды; - дауыстының алдындағы й және у дыбыстары сол буынмен бірге келесі жолға көшіріледі.
Тіліміздегі фонетикаға қатысты зерттеу еңбектері мен оқулықтардың буынға тиісті тарауларында буындардың алмасуы, буындардың жылысуы немесе буындардың кірігуі туралы тоқталып өтеді де, оның басты себебі ретінде жалаң ашық буын мен тұйық буынның түбірге жалғану үдерісінде екені атап өтіледі. Бірақ неліктен осы екі түрлі буын жалғанғанда буын алмасу құбылысы байқалатыны нақты көрсетілмей келеді.
Бұларды жеке жеке қағида қылудың қажеті шамалы. Егер сөздің ортасы мен соңында дауыстыдан басталатын буын келмесе, оның тасымалдануы туралы қағида жасағанымыз жөн емес. Дәл осы секілді , сөз ортасы мен соңында дауыстыдан басталатын буын келмесе, оның алдында тұрған дауыссыз й мен у- ды бөліп алуға болмайтыны онсыз да түсінікті ғой. Бұл айтылғандардың бәрі ғылыми негізге сүйеніп тұжырымдалғандықтан, тілдік қолданыста орфографиялық ережелері мен орфоэпиялық заңдылықтарын сақтауы тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер
Әдебиеттер:
1. Н.Сауранбаев, Қазақ тілі,Алматы – 1953
2. С.Исаев, Қазақ тілі, Алматы – 1996
3. Ғ.Әбуханов, Қазақ тілі, Алматы – 1982
4. Рабиға Сыздық, Қазақ тілінің анықтағышы, Астана – 2000
5. Қ.Жұбанов, Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер, Алматы – 2010

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет