К. Амстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» еңбегін талдау. «Рухани жаңғыру»



Дата07.01.2022
өлшемі20,27 Kb.
#18193
түріОқулық

К.Амстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» еңбегін талдау.

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемдік әдебиеттің бірі – ағылшын дінтанушысы Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты еңбегі қазақ тіліне аударылғаны мәлім.

Әлемнің 40-қа жуық тіліне аударылған бұл кітаптың дінді әлеуметтік құбылыс ретінде зерттейтін мамандарға, монотеизмнің мәнін дін философиясы тұрғысынан танығысы келетін оқырмандарға берері мол.

Бүгінде әлемде 35 мыңнан астам әртүрлі дін мен конфессия бар. Олардың кейбірі бір-біріне өте ұқсас, ал енді бірі бір-біріне мүлде қарама-қайшы. Бұрынғы монах әйел Карен Армстронг олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетіп қана қоймай, иудаизм, христиан және ислам сынды үш авраамдық діннің мысалында Құдай феноменін және оның адамдарға ықпалын түсінуге тырысты.

Шын мәнінде, Құдай бар ма немесе жоқ па, ол соншалықты маңызды емес, бастысы – адамдардың оған деген қатынасы маңызды.

Құдайдың феноменін зерттеумен қатар, Армстронг жаңа діннің даму жолын анықтауға тырысады. Бұл Кареннің өзі үшін болса әлдеқашан анықтаған әрі мистикалық христианды ұстанады, ал басқаларға ешқандай тікелей кеңес бермейді. Алайда, ол христиан, иудаизм және исламның оң сипатымен қатар, шынайы ақиқатқа апаратын теріс жақтары бар екенін айтады. Сондықтан, қазіргі заманғы адамзатқа бір Құдай ғана қажет деп біледі.

Киелі кітаппен байланған бірқұдайшылдық түсінікке діни таным мен діни құрылым қалыптасты дегенді білдіреді. Киелі кітаптар, уахи, пайғамбарлық институты, иман шарттары немесе догматтардың қалыптасуы, мистикалық тәжірибе, Ақиқатты танудағы эпистемологиялық ізденіс бәрі де – осы ірі үш дін, яғни иудаизм, христиандық пен ислам тарихының өн бойында көрініс тапқан

Құдайды тануға деген ұмтылыс. Осы үш семиттік діни дүниетаным шеңберіндегі Алла, әлем және адам жайлы түсініктің мәнінде киелі кітаптар аяны мен діни тұлғалар тағылымы жатыр. Антика философиясының метафизикалық әлем жайлы мұрасын эманация теориясы аясында Құран аяттарымен ұштастырған ислам пәлсәпасаның өкілдері Құдайтанудың философиялық сызбасын жасаса, мутакаллимдер мен теологтар діни догматтарды рационал пайым мен діни мәтін үндестігі тұрғысынан негіздеді.

Ал ішкі танымға ден қойған ирфан өкілдері – мистиктер Тәңірді танудың эзотерикалық жолын таңдады. Мұның бәрін бір кітап аясында талдап шыққан Карен Армстронг шынында да құдайтанудың 4000 жылдық баянын оқырманға ұсынған.

Кітаптың аудармасына атсалысқан ғалымдардың айтуынша, бұл туынды бір ғана теологиямен шектелмейді, жалпы гуманитарлық саладағы бүкіл маман үшін азық болатын дүние.

Осы ретте ғалым Амантай Шәріп: «Мұнда адамзаттың басын біріктіруге ұмтылатын идеялар шоғырланған және діндердің тарихын зерттегенде бір-бірінен бөлектеп тастамай сабақтас екенін айтып, адамзаттың жалпы бір жаратушыны тануға деген ізденістерін баяндаған. Армстронгтың кітабын бірлікке, толеранттыққа, өзара түсіністікке шақыратын еңбек деп бағалауға болады. Ғылыми танымдық кітап ЖОО-да гуманитарлық мамандықта оқитын студенттердің оқу құралы болмақ», - деп өз ойын білдіреді.

Карен Армстронг кітабында Құдай туралы біздің таным үстірт, кейде тіпті өңі теріс айналған, бұрмаланған екенін айтады. Дәл сол себепті, Құдайды тануда апофатиялық тәсіл қажет деп біледі. Әрі кітап фундаментализм мен атеизмді сынауымен де маңызды.

Айтпақшы, атеизмге тіпті жеке тарау да арнаған. Армстронг заманауи атеистер Ричард Докинз, Кристофер Хитченс және Сэм Харрис Құдайға «қарсы» күресте фундаменталисттер қалай көреді, солай күреседі деп дәлелдер келтіреді. Фундаментализм – бұл діннің шынайы мәні – анахронизм.

Автордың пікірінше, «атеизм әрқашан белгілі бір түрдегі паразитке айналады». Яғни, Армстронг Құдай туралы әңгімені күнделікті, әдеттегі стереотиптен тыс жүргізуге шақырады. Фундаментализм табиғаты туралы ол былай дейді:

«Әрбір фундаментализм – діннің қарабайыр формасы. Қорқыныш пен мазасыздық құшағында қалғанда оны қорғау – дәстүрді бұзбайды».

Карен Амстронгтың позитивизм үлгісінде жазылған «Иудаизм, христиан және исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» кітабы теориялық философиялық, дінтанушылық методологиялар жас мамандарымызға ауадай қажет. Әрі бұл еңбек елімізде ұлттық жаңғыру бағытында қолға алынып жатқан кешенді жұмыстарға өзіндік үлес қосары анық. Алайда, кітапты түпнұсқадан бұрмаламай тікелей мағынасын ашу үшін ғалымдар аудармадағы біршама қиындықты айтты.

«Аударма барысында бірқатар қиындықтар болды. Әрине, ағылшын тілді ғалымдар өзгеше ойлап, басқаша жазады. Мәселен, Карен Армстронгтың кітабы бұған дейін басқа көптеген тілдермен қатар, орыс, түрік тілдеріне де тәржімаланған екен. Сол аудармалардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар.

Өз басым бұл кітапты тікелей ағылшыншадан тәржімалауға атсалыстым. Аударманың түпнұсқаға сәйкес болуына назар аудара отырып, оны оқырманға қазақшалап жеткізу үшін бар күшімізді салдық. Әр сөзден бастап, сөйлемнің мазмұнына дейін ертеңгі оқырманға бұрмаланбай жеткені абзал.

Термин мәселесі бірқатар қиындықтар туғызды. Бір тілден екінші тілге аударма жасауда әлбетте оңай емес. Өйткені, біріншіден, ол – менталитеттің мәселесі. Ағылшын басқаша, біз басқаша ойлаймыз. Сондықтан, бір тілдегі ұғымды екінші тілге ұғынықты етіп жеткізу күрделі.

Кітап маған редакторлыққа келгеннен кейін туындыны бір ізге түсіруге тырыстым. Өйткені, бір ғана терминді қазақ тіліне кіріктірудің өзі қиын. Айталық, «Козел отпущение» деген ұғым бар. Ол тіркесті қазақ тіліне қалай кіргіземіз? Мен осы тіркес үшін ғана бір күн ойланып жүрдім. Оны сәтті аудару үшін аталған сөздің қайдан шыққанын білу керек болды. Сөйтсек, бұл құрбандыққа шалуға қатысты рәсім екен.

Құрбандыққа шалу кезінде еврейлер бір бұзауды, бір қозыны, екі текені алып келеді екен де құрбандыққа шалады. Осы кезде екі текенің біреуін аман қалдырады. Қалғаны өлтіріліп, отқа жағылады. Осы текені аман сақтап, еврейлер бүкіл адамзаттың күнәсін соған арқалатып, мүйізіне қызыл жіп байлап, еркіндікке жібереді екен. Сонда ол не мағына? Еврей тілінде «әзәзау» деген сөз бар. Әзәзіл ғой біздіңше. Бірақ, оны әзәзіл теке деп аудара алмадық. Сондықтан, ол сөзді күнәһар теке деп алдық.

Міне, осындай бір ғана сөзді аудару үшін арғы мағынасына үңілу қажет. Сол секілді «небесная манна» - көктің күлшесі деп аударылды. Осы секілді мысалдар көп», – дейді ғалым Амантай Шәріп.



Ғылыми әрі объективті негізде жазылған бұл атақты туындыда иудаизм, христиандық, ислам, олардың сыртында буддизм, индуизм, конфуциандық, даосизм діндері, тіпті пұтқа табынушылардың нанымдары туралы сөз етілгенімен, оның еш жерінен адам ойын басқа арнаға салып әкететін ниет байқалмайды. Автор әр дәуірде өмір сүрген философтардың, ағартушылардың, мистиктердің, реформаторлардың діни түсініктерін ғылыми тұрғыдан пайымдап береді.

Британдық ойшыл Армстронгтың бұл еңбегінен басқа тағы да 11 кітабы орысшаға аударылыпты. Соның ішінде Мұхаммед пайғамбар және ислам тарихы туралы жеке-жеке екі кітабы бар. Сол сияқты, «Бір қала, үш дін: иудаизм, христиандық, ислам» деп монотеистік діндердің дүниеге келуіндегі Иерусалимнің орнын айқындап, ортақ адамзаттық құндылықтарды қастерлеуге шақырады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет