Казахский суд биев общекультурная ценность с. З. Зиманов



бет1/9
Дата06.01.2022
өлшемі176,6 Kb.
#16721
  1   2   3   4   5   6   7   8   9

ҚАЗАҚ БИЛЕР СОТЫ – ОРТАҚ МӘДЕНИ ҚҰHДЫЛЫҚ

КАЗАХСКИЙ СУД БИЕВ –

ОБЩЕКУЛЬТУРНАЯ ЦЕННОСТЬ

С.З. ЗИМАНОВ

Билер соты төрелігінің он үлгісі

I

Би — көшпелі қазақ қоғамындағы сот iciнің басты тұлғасы. Tiпті icтi басқа жолмен шешу қисындырақ болса да, халық бәpiбip билерге, билердің кесіміне жүгінуді жөн санаған. Бұқара санасында тарих пен жұрттың жадына терең бойлаған соттың icтepі мен дала заңының тасымалшысы және сақшысы ретінде қалыптасқан би-қазылар дауласушы жақтардың дәнекерлері боп есептелетін. XIX ғасырда Қазақстанды отарлаған орыс әкімшіліктері органдарында қызмет eтіп, көнекөз билер қауымының соңғы тұяқтарын көріп-білген орыс шенеуніктерінің мынадай сөздері сақталған: «В сознании народном звание бия принадлежит тем немногим, которые отличаясь безукоризненной честностью, с природным умом соединяют глубокие познания в коренных обычаях народа. Би есть живая летопись народа, юрист или законовед его» — «Miнсіз адалдығымен көзге түсіп, өзінің табиғи даналығын салт-дәстүрлердегі терең таныммен ұштастыра бiлгeн ілуде бipi ғана халық санасындағы би лауазымына ие болған. Би — халық шежірешісі, зaңгepi немесе заң маманы». (Козлов И.). Қазақтардың тұрмыс-салтын біліп қана қоймай, тіптен де жетік меңгерген А. Леонтьев қазақтардың қарапайым құқықтарына арналған кітабында би-қазылар кызметінің мәнін айқындайтын бірқатар нұсқау-нормаларына тоқталған: «Бидің билігі — жұрттың бірлігі» — «Судебное решение бия служит единению народа»; «Билік айтқан би емес, бітім тапқан би болар» — «Творящий только суд не является бием, а бием-судьей является тот, который приводит к примирению и перемирию сторон»; «Көп жылдар бұрын — Много лет тому назад, — деп жазды И. Крафт, — Ұлы Даладағы 6ip бидің даналығы және әділетімен атағы шығыпты. Оған тіптi шалғайдағы дауласушылар да арнайы келіп, әрқашан әділ, әpi жедел шешім алған... Ең ақылды және ең әділ адамдар би боп есептелетін, олар ресми түрде сайланбағандықтан, жеке бip рудың немесе партияның өкілі емес-тін. Халық арасында кімнің адал және ақылды адам ретінде атағы шықса, дауласушылар соның алдына барып, жүгінетін. Күллі Далада үш, көп болса бес би болған шығар, және олар әpбip icтi ары мен халық дәстүріне cүйеніп қарастырған». Бұдан бұрынырақ Қазақстанның барлық оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарын қамтыған Түркістан өлкесінде бес жыл қызмет еткен және «Көшпелі елдің халық сотына» дербес еңбек арнаған шенеунік Г. Загряжский былай деп жазған: «Народному суду кочевого населения»,—писал: «Киргиз (казах — С.З.), известный по своему уму, безукоризненной нравственности, справедливости, опытности в киргизском судопроизводстве, а, следовательно, и в знании киргизских обычаев, на основании которых производятся суд и расправа у киргизов, именуется бием» — «Жаза және сот icтepi негізделген салт-дәстүрлерді жетік меңгерген, сот саласында мол тәжірибе жинап, адалдығымен ерекшеленген және парасат-пайым, өрелі өнегесімен аты шыққан қазақты би деп атайды». Қазақстанның Батыс бөлігінің басқару орталығы болған Орынбор қаласында және Орынбор ғылыми архивтік комиссиясында қызмет еткен, қазақ тілін жақсы білген шығыстанушы-ғалым А. Словоохотов қазақ билер сотын «халық ақиқатының жаршысы», «дауласушы жақтардың дәнекершісі» деп атаған. Ол Орта Азияның басқа да түркі тілдес халықтарында болмаған осы сипаттас билер сотының көшпелі қазақ халқында қалайша қалыптасып, кең қолдау тапқанын анықтауға тырысты. «Быт кочевника настолько точно определен, степная жизнь так резко обособлена, стоит в таком противоречии с бытом земледельца, что кочевнику-степняку нечего заимствовать от земледельца поселянина. То, что составляет культурное богатство последнего, чем он гордится и что создает, не подходит к условиям степной жизни привольного кочевья» — «Көшпелінің тұрмыс-салты анық, айқындалып, далалық, өмірге бейімделіп, ерекшеленгені сонша, тіпті отырықшы халықтың тұрмысына қарама-қайшы ғана емес, олардың өмірінен алып-қосары жоқ. Отырықшы ойлап тапқан және мақтан тұтатын мәдени құндылықтар емін-еркін көшіп жүргендердің салтына сәйкес келмейді»,—деп жазды ол. Автордың есептеуінше, би-қазылар өз бойларына осы «емін-еркін көшу» өмірінің барлық қасиет-құндылықтарын дарытқан. Оның ойынша, би «халықтың шежірешісі, құқықтық сана-сезімін саралайтын заң маманы» болып табылады. Қазақстандағы отарлау әкімшілігінде он жылға жуық кызмет еткен тағы бір атақты шығыстанушы-ғалым, профессор В.В. Григорьев өз зерттеулері барысында мынадай тұжырымға келген: «Мы видим у киргиз (казахов — С.З.) такое превосходное судопроизводство и такие порядки следственного и судебного процесса, каким могут позавидовать многие издавна цивилизовавшиеся народы» — «Қазақтардың саңлақ сот ici мен соттық тергеу процестерінің тәртібіне бұрын өркениет еткен елдер қызыға қарар еді».

II

Би-қазылар, тіптi өз тайпасы жайлаған жерлерден тыс аймаққа және өз жүзге ғана емес, басқа жүзге де танымал болған әйгілі билер де аппарат немесе арнайы білiмi бар адамдар ұстамаған, тек кейбіреулері шабармандарды қажет еткен. Жыл мезгілдеріне қарай жер-суды иемдену барысында, күнделікті күйбең тipлiк пен шаруашылықта және жалпы көшпелі өмірдің тұрмыс-салтына байланысты туындаған басқа да даулы мәселелер жөніндегі маман да, сарапшы да, бағалаушы да осы билер еді. Олар осындай жан-жақты болу үшін дала мектебінде тәрбиеленіп, шынығатын. Би-қазылардың пайымы, тәжірибесі мен даналығы олардың соттық кесім-шешімдерімен айқын байқалады. Төменде осы төреліктердің типтік үлгілері келтірілген. Даулы істерде көбінe үш нәрсе басымдық танытатынын айта кеткен жөн: жылқы, әйел тағдыры және ер адамның қазасы.

1. «Бота дауы», немесе кейін күллі Орта жүзге танылып, әйгілі би атанған, ал ол кезде жиырма жастағы Төле бидің тәжірибелі би шеше алмаған күрмeyi қиын icтi қалай шешкені туралы. Даудың мәні мынадай еді. Көршілес көшпелі қауымның eкi тұрғыны аруанадан туған ботаны бөлісе алмай, дауласып қалады. Және екеуінің де айтқан уәждері мен дәлелдері сырттай қисынды боп көрінеді. Сөйтіп, олар дау-дамайымен тәжірибелі Әлібек бидің алдына барады. Төленің әкесі Әлібек би жүгіне келгендерді қарсы алып, шағымдарын тыңдап болған соң, екі-үш күн ауылында қонақтауларын өтініп, өзіне мұрсат сұрайды. Осыдан-ақ даулы мәселенің мәнісін анықтап, ақиқатын ашу және шындық пен әділдікке негізделген нақты шешім шығару жолында бидің солқылдақтық танытып тұрғаны байқалады. Сондықтан дауласушы жақтардың көңіліне күдік орнайды. Eкi жақтың өзара арыз-талаптары тыңдалған алғашқы сот кезеңіне қатысқан Төле де Әлібек бидің кібіртіктеп қалғанын көреді. Әкесін мақтан тұтатын жас жігіт алыстан арнайы келгендердің күдігі мен наразылығы әулетінің атағына дақ түcipep деп уайымдайды. Сондықтан ол осы қиын icтің күрмеуін шешу үшін әкесінен рұқсат сұрайды. Ұлын сот icтерінe баулып жүрген әкeci баласына жолын бepiп, даулы жақтардың алдынан өтеді Билер соты алаңында шолпан жұлдыздай жарқырап келе жатқан Төленің беделіне қанық дауласушылар бұған қарсы болмайды. Төле би дәстүрлі ережелерді ұстана отырып, оларды сотқа шақырады. Ботаға таласушы eкi жақ кезекпен уәждерін ортаға салып, ботаның иeci екендіктерін дәлелдеуге тырысады. Бота өте бағалы, көшпелі қоғамда аңызға айналған бip өркешті, әдемі, әлді, әpi сымбатты аруанадан туғандықтан, дау-дамай қыза түседі. Талапкер өз құқығын былайша қорғайды: Әдетте буаз малдар туар алдында оңаша қалғанды қалайды, оның да буаз аруанасы туатын күнi жақындағанда тобынан бөлініп, дала кезіп кетеді. Бip апта бойы іздеумен болған иeci ботасын аңсап, мазалы күй кешкен інгенін тау бөктерінен әрең табады. Kөзi жасқа, дауысы қайғыға толы аруана дегбірсізденіп, даланы кезіп жүр екен. Егер оның ботасы шала туылған болса немесе қасқырларға жем болса, інген сол арадан алысқа кетпес еді қайта сол жерді айналшықтап, қан тамған орындарды иіскелеумен болар еді. Бipaқ ондай нақты орын байқалмағандықтан, талапкер ботаның ұрланғанын түсініптi. Енді, міне, бірнеше айдан соң жоғалтқан ботасын жауапкердің табынынан табады. Асыл тұқымдыларға тән ерекшелігіне, енесіне ұқсас көзқарасы мен дауысына қарап, өз ботасын жазбай таныпты. Бipaқ талапкер бейбіт түрде ботасын қайырып беруді өтінгенде, жауапкер үзілді-кесілді бас тартқан. Ал, жауапты адамның айтуынша, оның да аруанасы жуырда туыпты, сондықтан ботаға таласудың еш қисыны жоқ. Оның үстіне бота енесінің қасынан шықпайды, түйе де оны шеттетпейді, қайта бауырына басады екен. Жауапкер epтiп келген түйеші де осыны растап отыр. Сөйтіп, eкi жақта ботаға деген құқығынан айрылғысы келмей, отырып алды.

Төле би жай ғана кесім емес, дауласушы екі жақ та epiкciз мойындайтын, ақиқатпен ұшталған әділ төрелік айтуы тиic еді. Сот процесінің негізгi қатысушылары мен олардың жақтаушыларының куә сөздері сенімді шешім қабылдау үшін жеткіліксіз болады. Оның үстіне екі жақтың айтқан сөздерінің салмағы бірдей болғандықтан, жағдай қиындай түсті. Бағалы жануарды ешқайсысы да қолдан шығарғысы келмейді. Төле би сот өтіп жатқан жерге бота мен eкi енесін алдырады. Жас бидің төрелігін тыңдау үшін көрші ауылдардан да ағылған жұрт тына қалған. Төле би қасындағы көмекшілеріне шөккен ботаның артқы сирақ-санын қыл арқанмен қатты қыса байлауларын өтінеді. Осыны ауырсынған бота бақыра бастағанда інгендердің бірінің көзінен жас парлап, ботаға қарай жүгіре жөнеледі, ал екіншісі бей-жайлық танытады. Теле би қазы ботаның табиғи түйсікке epiп, жан дауысы шыққан ұрпағын қорғауға ұмтылған түйеге тиесілі екендігін, ал оның иесі — талапкер екендігін жария етеді. Жиналғандар Төле бидің кесімін бip ауыздан қолдайды. Ал жауапкер асыл тұқымды ботаға қатты қызыққандықтан, төлінен айырылған өз түйесіне epтiп жібергенін мойындаған. Осыдан кейін Төле бидің атағы асқақтай түскен еді.

2. «Сөздің атасы кім? Анасы кім?». Ой мен қисынды жаттықтыратын осы тектес сауалдарды талқылап, пікірталас тудыру әрекеттері қазақ қоғамында жиі көрінic тауып, әдетке айналған.

Кейде мұндай сауалдардың салдарынан дау-жанжал да туындап кететін. Осындай біp оқиға: бірде Қазыбек бидің ауылының маңына бip сауда керуені аялдайды. Ондағы саудагерлер өзара келісе алмай, жанжалдасқан сайын аралары шиеленісіп келе жатыр еді. Әлгі ауылда әйгілі Қаз дауысты Қазыбек би туратынын білген олар екі топқа жарған дауларын айтып, бидің алдына баруға бел буады. Бip топты негізінен өзбектер құраса, екінші топта қазақтардың саны басым екен. Олар «сөздің атасы кім, анасы кім?» деген сауал төңірегінде таласып келе жатқан. Өзбектер тобы бірде Сөздің атасы — ислам, анасы — исламға деген сенім екендігін айтса, енді бірде Сөз пайда табудың көзі болғандықтан, оның атасы — манат, яғни ақша, ал анасы — сол ақшаны табу амалы екендігін дәлелдемек болады. Ал қазақтар тобы Сөз атасы — би, анасы — шешендік, яғни Қызыл тіл екендігін дәлелдеп бағады. Бұл дау сауда керуенінің бірлігіне қауіп төндіріп қана қоймай, eкi жақты қанды қақтығысқа итермелеп тұрғаны еді. Осы оқиғаны баяндаушылардың айтуынша, Қазыбек би қалың ойға батып, жауабын кешіктіре былай деген: «Сөздің атасы — бірлік, сөздің анасы — шындық». Даулы жақтар Қазыбек бидің жауабына тәнті болып, араз боп кірген үйден достасып шығады.

3. «Бip әйелге eкi еркектің таласы». Бұл оқиғаны Дала аймағының батыс бөлігінде күнелткен қазақтардың аузынан орыс шенеунігі И. Крафт жазып алған: «Көп жылдар бұрын би алдына бip әйелді ерткен eкi еркек келіп жүгінеді. Еркектердің бipeyi сол уақыттың өлшеміне сай сауатты екен, ал кезіндегі сауаттылар өздерін молда санап, ру әміршісінің қасында хатшылық және Бұқара мен Ресей елшілері келгенде, аудармашылық қызметін атқаратын. Ал екіншіci — билеушінің босағасында жүрген сауатсыз малай екен. Соңдарынан epіп келген сымбатты, жалғызбасты әйел де әміршінің сарайында қызмет ететін көрінеді. Әлгі eкi еркек осы нәзік жандыға таласып жүр екен. Бұл орайда, олар сұлудың қалауын сұрамастан, би сотына бас ұрады. Билер сотының ережесіне сәйкес, алдымен eкi жақ та қазының кесіміне cөзсіз көнетіндерін бекітетін жоралғыларды орындайды. Сосын кезектесе, әйелдің тек өзіне тиесті екендігін растайтын айғақтары мен дәлeлдeмeлepiн ортаға салады. Би eкi жақты да мұқият тыңдаған соң, әйелді қалдырып, үш күннен кейін келулерін өтінеді. Еркектер кеткен соң би үй шаруасымен айналысып жүрген әйелдің жүріс-тұрысын аңдып, тамақ әзірлеу әдici мен дастархан жаю мәнеріне назар салады. Және оның жазу құралдарын жақсы жинай білетінін, отырықшылардың өміріне тән астарды даярлауға ұмтылып, «мәдениетірек» еркекке ұнағысы келетінін байқайды. Осыдан-ақ би әйелдің көшпелі емес ортаның тұрмысына бейімделген сауатты еркек үйінде жиі болатынын түсінеді. Үш күндік мерзімнен кейін қазы түсініктеме бере отырып, өз кесімін айтады, дауласушы екі жақ та қисынды шешімінің әділдігін мойындайды».

4. «Жорға дауы». XVIII ғасырда өмip сүрген кіші жүздегі Сырым би (кейін ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болған) өзінің байқағыштығымен танылып, көптеген күрделі сот процестеріне Төбе би болып сайланған. Бірде оның алдына eкi адам келеді. Бipi — бидің руласы, әpi жақын туысы, ал eкіншіci — алыстағы басқа рудан шыққан жергілікті би. Жауапкердің жақын туысы екендігін білсе де, талапкер-кедейлікке ұшыраған жергілікті би Сырым биге жүгінуді ұсынады. Ceбeбi, билер сотының ерекшелігі сол, әcipece биік деңгейдегі Сырым сияқты билер «Тура биде туған жоқ» деген қағиданы қатты ұстанатын. Даулы мәселенің мәні: Талапкер-бидің айтуынша, жергілікті бip қайраткерді еске алу мақсатында ұйымдастырылған ат жарыста бас бәйгені жeңiп алған оның жорғасын атақты атбегілер аса жоғары бағалап, болашағы зор асыл тұкымды ат екендігін болжапты. Бұл жорғаның табыннан бөлек жайылып, түнгі қотанға кейде келіп, кейде жайылымда қалатын әдеп бар екен. Бірде ол үйірге мүлде қосылмай, ізім-қайым жоғалады. Екі жыл өткен соң, шағымданушы би шалғай жердегі Әлім ұлы руларының жайлауындағы үлкен тойға қонақ боп барған екен. Осы мерекеге орай өткізілген ат жарыста ол шабысына, артқы аяғын сілтейтін әдеті мен сыртқы жабу-түгіне қарап, бұрынғы жорғасын жазбай таниды. Бipaқ жорғаның жаңа иeci жануарды қайтарудан бас тартады. Жауапкер шындықты жасырмастан, өз түсініктемесін береді: ол талапкер-бидің ауылынан алыс жерде табыннан ажырап, қасқырлардың талауына түскен жаралы атты табады. Оның сұлу мүсіні мен отты кезіне тәнті болып, бағып-қағады. Жылқы жазылған соң нағыз жорға екені білінеді. Жауапкер жануарға деген құқығын ежелгі қыпшақ-қазақтардың «Жұртта қалған жұрттікі» деген заңымен бе кие түседі. Табыннан тыс жайылатын жорғаның жоғалуына жануарын үйір ішінде жүруге үйретпеген талапкердің өзi айыпты. Және жорға езге тайпаның жайлауынан, яғни жауапкердің руы жайлаған өрістен табылған, сондықтан «Адасқан малдың түбі — eкi жыл» деген қағида да аяқ астынан олжалы болған адамның құқығын қорғап тұр. Осылайша жауапкер куә беру барысында «Жарғы» заңдар жинағына сүйеніп, жорғаны қылжақ қожайынына қайтаруға міндетті емес екендігін дәлелдеп бақты. Ал сот қазысы — Сырым би қазақтың «Жарғысын» тереңірек білгендіктен, «Тапқан қуанады, таныған алады» немесе «Тапқан ие, таныған — иeci» деген құқықтық нормаларды келтіре отырып, ұзақ-сонар cөзін айтады. Бұл нормалардың күшi қалған қағидаларға қарағанда басым еді, бipaқ даулы жақтардың жауапкершілік деңгейі жеке-жеке қаралатын. Сырым би де осыны ескере отырып, балама шешім қабылдайды:

а) жауапкер жорғаны бұрынғы қожайынына қайтаруы тиіс,ал талапкер eкi жыл бойы әлгі атты емдеп, баптап, бәйгеге қосқаны үшін материалдық шығынын және жылқыға бауыр басып қалған жауапкердің жан күйзеліci үшін моральдық өтемақысын төлеуге міндетті;

ә) өтемақының көлемі бip жылдың ішінде eкi рет өтетін ат жарыстарда берілетін төрт бәйгелік жүлделі, яғни жиырма құнанның құнын құрауы қажет (бip бәйгелік жүлде — бес жылқының құны). Бидің пайымына сай, егер жорға аман болса, екі жылда төрт жүлделі қанжығаға байлатар еді;

б) немесе жорға жауапкерде қалып, ол бұрынғы қожайынына eкi жүлделі— он құнанның құнын төлеуі тиіс.

Жорғаның бұрынғы иeci кейінгі кезде кедейлік күнін кешкендіктен, және жануарды баптап, бәйгеге қайта қосу үшін тағы да уақыт өткізіп, шығындалатынын ойлап, би-қазы айтқан талапқа сай тұлпарды жауапкерге қалдыруды ұйғарады. Оның бұл шешіміне жиналған қауым куә болады. Ал Сырым бидің төрелігін халық әділ, әpi деп кесім ретінде қабылдайды.

5. «Таңбалы ат тұяғынан». Халық арасында бұл соттық келісімi әртүрлі билердің менппе жатқызады, алайда барлығының мағынасы 6ip. Би алдына тұлпарға таласқан eкi адам келеді. Бip нұсқаға сәйкес, атағы жаңа шыға бастаған биді көре алмағандар, оны халық алдында cүріндіру үшін қасақана дауласқан. Ал келесі нұсқаға сай, керісінше дауласушылар бидің тiлeктecтepi болғандықтан, оны жаттықтырып, тәжірибесін шыңдау мақсатымен алдына жорта барады. Жұрттың айтуынша, би-қазы шағымданушылардың шикілігін iштей сезсе де, өзінің бітімi мен дау-дамайды шешу қабілетін көрсетуге бел буады. Ол жануарды танудың үш кезеңін өткізеді. Атты өзі тектес бірнеше жылқының қасына қойып, дауласушылардан өз жүйрігін көpceтyлepiн өтiнeдi. Eкi жақ та даулы атты нұсқайды. Ендігі кезекте би әлгі жануарлардың бәрін жабулап тастап, жанжалдасқан еркектерден атты аяғына қарап тануларын ұсынады. Бұл жолғы сынақтан да олар сүрінбейді. Ақыры би таласушылардан аттардың қасына жақындап, өз жануарының жүгенінен ұстауларын сұрайды. Осы әрекеттердің бәрін жіті бақылап тұрған би-қазы еркектердің бipi аттың нағыз қожайыны екендігін жария етіп, ал жалған сөйлеген екінші даугерге тepic пиғылы үшін айыппұл салады. Мұндай шешімге би мынадай қисынмен келген еді алғашқы eкi кезеңде ол даулы жануардың eкi ер адамның бipiнe сәл серпіліс танытқанын байқайды, бipaқ нақты шешім шығару үшін бұл жеткіліксіз еді Үшіншіден, даулы жақтар жылқыға жақындап, жүгенін ұстаған шақта, ат иесін анық танып, жылы қабақпен бip тұяғын көтере түскен. өзінің байқағыштық қабілетімен би дұрыс шешім қабылдаған еді.

Аты-жөні анық сақталмаған қазының осы 6ip соттық оқиғасы «Таңбалы ат тұяғынан» деген атаумен ел есінде қалды.

6. «Елін тапқан нар дауы». Әйтеке бидің төрелігі туралы бұл аңыз 1962 жылы Қызылорда облысында жазып алынған болатын. Әңгімеге сүйенсек, аталмыш сот ici Әйтеке бидің атағы асқақтап тұрған XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басы аралығында көрініс тапқан. Сырдария өзенінің алқабында асыл тұқымды аруана-нарларды өcipiп-өpбiтетін әлдебіреу бip түйесін шалғайдағы Түркімения тұрғынына сатады. Араға eкi жыл салып, елп жануар 6ip апталық жолды — сулы тосқауылы бар бес жүз шақырымдық жерді басып eтiп, бұрынғы қожайынына қайтып келеді. Бұл оралудың астарында талай қиямет-қайым жатыр eдi. Қазақтың көшпелі— малшылары осындай асыл тұқымды нарлардың қасиет-киесін жақсы білетін. Әcipece, бұл тұқымның, аруаналары өздері туған қотан мен қожайындарына бауыр басатындары соншалық, бөтен жерге бipaзғa дейін бей1мделе алмай, кейде тіптi бұрынғы ауылдарын аңсап, қашып келеді екен, халықтың айтуынша, туған жерінде өлгенді қалайтын көрінеді. Бөтен елге сатылған әлгi аруана да осының кебін тартады: оның қасіреттi күйін байқаған жаңа қожайыны алғашқы жылы-ақ буаз болған малын әрдайым күзеттіріп қояды. Бұл тұқымдас түйелер буаз кездерінде алысқа ұзамайтын және ботасына сондай үйір келетін. Бір түнi туған қорасын аңсаған аруана біpaз өсіп, қатайған ботасын epтiп, туған жеріне қарай қашып шығады. Соңдарынан қуғыншы келіп, ботаның мойнына құрық салғанда, ботақан қатты қышқыра бастайды, ал eнeci салт атты қуғыншыны таптап, босап шыққан ботасын ертіп кете барады. Жолда оларды үлкен өзен күтіп тұрған еді. Алайда ботақан суға түскенімен, дарияның терең жеріне келгенде, қорқыныштан жағаға қайта шығады. Аруана ботасының қасына оралғанда, көмескі дыбыстардан қуғыншылар тобының жақындағанын ceзiп, төлін өзеннен жүзіп өтуге мәжбүрлемек болады, бipaқ мұнысынан түк шықпаған соң, ботақанын бip теуіп құлатып, қуғыншылардың тұзағына түспесін деген оймен таптап өлтіреді, ал өзi арғы жағаға жүзіп өтіп, туған жеріне жетеді. Бұл оқиға көршілес— қазақтар мен түрікмендердің қарым-қатынасын шиеленістіріп жібереді. Түркімендер қазақтардан аруананы қайтарып берулерін және мерт болған қуғыншының құнын өтеп, ботаның да орнын толтыруларын талап етеді, себебі аталмыш қайғылы оқиғалар қазақ жерінде орын алған, оның үстіне мұның бәpi — Отанына оралуды аңсаған аруананың ici, сондықтан «оның Отаны» жауапқа тартылуы тиic. Қазақтар өздерінің наразылықтарын білдіріп, түркімендердің талаптарын орындаудан бас тартады. Бұл даудың өрши түскені соншалық, тіптi түркмендер мен қазақ руларының арасында «соғыс» басталу қауіпі туындайды. Әйтседе, eкi жақты қанағаттандыратын шешім табыла қоймады. Ақыр соңында олар Қазақстанның оңтүстік-батысында ғана емес, басқа да көршілес аймақтарға атағы шыққан Әйтеке биді Төбе би қып сайлайды.

Әйтеке би даурыққан бұқараны басу үшін eкi жақтың өкілдеріне, алдымен олардың мүддесін қорғаушы аға билерге, кейін аруананың бұрынғы және жаңа иелеріне, сосын жиналғандарға назар сала, мынадай сауалдарға жауап берулерін өтінеді:

а) «Ұрлық жоқ, зорлық жоқ, қорлық жоқ жерде қандай айып түрлері болады?»; ә) «Еліне қайтқан ерге кім борышты? Жеріне сағынышпен қайтқан нарға кім борышты?»; б) «Нар тәуекел» басында үлгі болып нардан қалды ма, адамнан қалды ма?»; в) «Ұрпағын жауға қимай өлімге қиса, кім жауапты?».

Әйтеке би қалың бұқараның басып қосқан сот процесіне қатысушылары мен жалпы жиналған қауымға жасаған үндеуі арқылы даулы eкi жақ арасындағы қатты кернеуді босатып қана коймай, басты мақсатына да жеткен болатын: ол жиналғандардың өз ботасының жанын пида ету арқылы туған жеріне оралған жануарға деген аяушылық ceзімін тудырып, жандандыра түседі. Бұқараның түсінік-пайымы мен дауласушы жақтардың жауап сөздерін мұқият тыңдасымен, Әйтеке би eкi жақтың аға билepiнiң қолдауымен өз төрелігін ортаға салады: а) аруананың алғашқы қожайыны түйені өзіне қалдырып, түркімен жағына ақшасын қайтарады; е) ботасын жоғалтқан аруананың жаралы жанын емдеп, жүдеу түрін бұрынғы қалпына кайта келтіру шараларына жұмсалатын шығынның орынын толтыруға түркмендерге төленетін ақының жартысы алынады; б) құлазыған даладағы қуғыншы eкінші мен асыл тұқымды анасының аяғында мерт болған ботаның зауалы — тағдырдың жазғаны. Әйтеке би өз шешімін мына мазмұндас сөздермен бекіткен екен: аруана өзi аңсағандай өмip сүруге лайық және ол өзінің осы бip жанкештілігімен туысқан халықтардың жанын жақындата түсті. Бидің осындай кесімi ұзаққа созылған дау-дамайға нүкте қойды.

7. «Құланнан туған бecтi жүйрік ат дауы». Бұл оқиғаның мазмұны мынадай: Жылқы үйірінің айғыры табыннан бір байталды бөліп, айдалаға қалдырып кетеді. Дала кезіп жүрген әлгі байтал жабайы жылқы-құландар табынына қосылып, келер жылы құлындайды. Дәулетті адамның малын бағып жүрген бip жылқышы далада еркін күн кешкен құландардың арасындағы құлынды биені байқап қалады. Жылқышы мен оның табынынан үріккен құландар қаша жөнеледі, олармен біpгe әлгі бие де кете барады, ал қатты шабысқа қатайып үлгермеген құлыны соңдарынан қалып қояды. Табыншы әкелген құлыншақты бай қожайын дәстүрлі түрде бip биеге теліп жiбepeдi. Сөйтіп, есейген құлын бестi болған шағында талай ат жарыстың бас бәйгесін қанжығаға байлатады. Осындай жарыстардың бірінде тұлпардың иесіне бip адам келіп былай дейді: «Мынау — менің жылқымнан шыққан ат. Мұның менікi eкендігін сүйегінен таныдым. Атты қайдан алдың?». Жүйріктің қожайыны: «Өз жылқымның баласы. Өз биемнен туған. Ел біледі», — деп жауап береді. Eкi жақ та ерегесіп, өз дегендерінен қайтпай, бecтіге таласып отырып алады. Іс насырға шаба бастағандықтан, дауласушылар әдейі іздеп, сол аймақта атағы жайылған Ақтайлақ бидің (1742 —1838) алдына барады. Eкi жақтың айтқандарын тыңдаған би, дәлел-айғақтары бip-бipiнeн асып түспегендіктен, «мамыр айында қой қоздағанда келіңдер, сонда өз кесімімді айтамын» деп елшілерді шығарып салады. Көктемде eкi жақ Ақтайлақ бидің ауылында қайта бас қосады. Енелерін күткен жүздеген қозы қорада қамалып тұрған еді. Қошақанын емізу үшін өрістен қайтып келе жатқан қойлардың бірін нұсқап, Ақтайлақ би бестісін даулаған адамға былай дейді: «Қамауда тұрған төлдердің ішінен мына қойдың қошақанын тауып ал да, енесіне әкеп қос». Талапкер қойдың өзіне тән ерекшеліктері мен белгілерін жіті бақылап болған соң, қошақандарды сұрыптауға кіріседі, сосын көп қозының ішінен бipeyiн таңдап алып, қойдың қасына әкеледі. Сөйткенше болған жоқ, жаңағы қой өз төлін танып, иіскелеп, емізе бастайды. Сол мезетте Ақтайлақ би icтi талапкердің пайдасына шешіп, мынадай терелік айтады: «Бұл ат иeci енесінен қалған жас құлынды биесінe теліп, өлтірмей мал қылып асырап, қазір мінe бәйге ат болды. Мұның еңбегі зор. Сондықтан асыл аттың басын жеті бестіге кесем. Аттың иeci — сен, аттың жарым бағасын төле де атыңды ал, болмаса атты иеленіп жүрген кісіден жарым басын ал да, сонымен бітіріңдер». Жиналғандар Ақтайлақ бидiң шешімін толығымен қолдап, әділдік орнағанын айтысты.

8. «Бала дауы». Билер сотында қаралған кейбір дау-жанжалдардың күрмeyi тым күрделі болғандықтан, қарапайым, дәстүрлі процессуалдық әдістермен түбiнe жету қиын, тіптi мүмкін емес еді. Мұндай кездерде, жағдайға қарай, дауласушы жақтарға психологиялық ықпал жасау әдісін пайдаланатын. Халықтың тарихи жадында әйгілі Қазыбек бидің (1667 — 1763) атымен байланысты 6ip оқиға сақталып қалған. Сот iciн шебер жүргізу өнерімен атағы шыққан Қазыбек биге 6ip балаға таласқан eкi әйел жүгінеді. Олардың бipi бұрын сәбиін жоғалтып алып, енді мына әйелдің үйінен тапқанын, бipaқ баласын қайтара алмай жүргенін жеткізеді. Екінші әйел бұл баланы өзi туғанын айтумен болады. Екі жақтың да не куәгерi, не айнымас айғағы жоқ. Бipaз толғанған Қазыбек би баланы екі әйелдің ортасына қойып, қолдарынан ұстатқан соң, өткip дауыспен: — Егер сіздер өз еріктеріңізбен баланың нағыз анасының кім екендігін мойындамасаңыздар, мен баланы eкігe бөліп тастаймын. Сонда eкеуің де баланың мәңгілік бейнесіне ие болып, ауылдарыңның қасында көміліп жатқан бала бейітіне барып тұрасыңдар,- деп, қылышын қынабынан суырып алады. Осы мезетте баланы жоғалттым деген әйел жан ұшыра айғайлап, жылап жiбepeдi: — Ойбай, би, баланы жармаңыз, мен одан бас тартамын, әйтеуір қайда жүрсе де, аман болсын, — деп ол баланы өз денесімен қалқалап, бидің семсерінен қорғамақшы болады. Ал екінші әйел: — ең болмағанда баланың жартысы менікi болсын, — деп қарап турады. Қазыбек би аяғының астында жалынып тұрған әйелді тұрғызып, өз орнына барады да, кесімін жария етеді. — Ешқандай ана өзінің туған баласын өлімге қимайды. Сондықтан мына бала «Tipi жүрсін, жармаңдар» деп зар жылаған әйелдің екені cөзсіз.

Бидің бұл дана шешімі туралы әңгіме күллі қазақ даласын шарлап кетеді.

9. «Ұрғашы түлкі дауы». Әйтеке бидің (1682 —1766) алдына түлкіге таласқан eкi егде аңшы кeлeдi.«Балам, біздің дауымызды шешіп берші. Мен мына түлкінің терісін алмақ оймен, жаздың басынан бepi жүнінің жылтырап өскенін күтіп, iнін аңдып жүр едім. Терінің тамаша қалыпқа eнуі үшін бip айдай уақыт қажет. Алайда мына адам әлгі аңды iнінен жырақ жүрген кезінде атып алыпты»,— дейді алғаш сөйлеген даугер. Ал екіншісі «Мен оның iнiнe түсіп, дала кезіп жүрген жерінен атып алдым, сондықтан түлкі менікі», — деп ақталады. Осы жерде аздаған ақпарат бере кетейік. Әйтеке би XVII —XVIII ғасырларда өмip сүрген ең атақты және данышпан би-қазылардың алғашқы үштігіне кірген. Төле би мен Қазыбек би сияқты ол да халық жадында терең сақталуда, сонымен катар еткен ғасырдағы саяхатшылар, шығыстанушылар мен ұлттық қайраткерлердің жазбаларында Әйтеке би жайлы құнды деректер мен әңгімелер, сондай-ақ бiрегей соттық төреліктері туралы мағлұматтар жиі кездеседі. Түлкіге қатысты осы оқиғада да оның табиғи көрегендігі айқын байқалады. Ол мәселенің мәніне терең үңіліп, бүге-шүгесіне көз жеткізген соң, түлкінің өлігін қарап шығып, өз кесімін айтады: — Егер түлкі еркек жынысты болса, атып алған аңшының олжасы болар еді, ceбeбi еркек аң қаңғыма өмірді қалайды. Бipaқ түлкі ұрғашы болғандықтан, олжа інін аңдып жүрген адамға тиесілі, ceбeбi ұрғашы аң алысқа ұзамай, iнін күзетумен болады.

Бидің қисынды шешіміне ел ғана емес, аңшылардың өзі тәнті болып, ризашылығын білдіріпті.

10. «Шідер ат сақтайды, ат ер сақтайды, ер ел сақтайды». Төле бидің алдына иесінің киіз үйінің маңында жайылып жүрген аттың аяғындағы шідерін шешіп алмақшы болған ұрыны әкеліп, ата-баба заңы бойынша жазалауын сұрайды. Би төрелігінің мәнi түсініктi болу үшін мынадай дерек бере кетейік: Жылқы малы қазақ қоғамы мен хандықтарында аса қастерлі де, құнды жануар болып табылады. Жылқы ұрлау, айдап әкету, барымталау немесе жаралау сияқты әрекет жасағандарды Дала заңы қатаң жазалаған. Бұл жануарлар сыртқы жаудан қорғанудағы басты құрал және көшпелі өмip мен күнделікті тұрмысқа ыңғайлы көлік ролін атқаратын. Ecім хан (XVI — XVII FF.) мен Тәуке ханның (XVII — XVIII ғғ.) заңнамасында жылқы өліміне деген жауапкершілік ер адамның қазасынан кейінгі eкіншi орында тұрған. Және бip қызығы, қазақтың «Жарғы» заңдар жинағы жылқы құнына байланысты айыппұл көлемін белгілемеген, себeбi аттың бағасы түpi мен түсіне, шығу тегіне қарап анықталатын, бұл міндет би-қазылардың құзырына қалдырылған. Енді Төле би қарауындағы шағымға қайта оралайық көшпелі қазақтарда ат аяғын тұсайтын құралдың бipнeшe түpi болған: «тұсау» алдыңғы eкi сирақты тұсайды; «өре» қатарлас орналасқан артқы сирақ пен алдыңғы сираққа салынады; «шал шөре» — алдыңғы оң аяк пен артқы сол аяққа немесе алдыңғы сол аяқ пен артқы оң аяққа; «шідер» — алдыңғы екі сирағы мен артқы бip сирағына. Аталмыш оқиғада шідер қолды бола жаздаған. Бұл бұйым — өрілген теріден және ат қылының арқанынан жасалатын қымбат зат. Шідер, әдетте, бағалы жануарға салынады. Ұры мен куәгерлердің сөздерін мұқият тыңдаған Төле би, деректерде жазылғандай, «қарапайым болып көрінетін icтің шешімін ойлап, ұзақ отырады». Сосын өз кесімін жария етеді. Ұрлық жасауға ұмтылған адам шідерді үш жылқының артқы бip-бip аяғына кигізіп, үшеуін үш жаққа айдауы тиic. Егер шідер үзiлiп, жылқылардың ең болмағанда бipeyi босап шықса, айыпталушы жауапкершіліктен мүлде босатылатын болады. Бipaқ шідердің мықтылығы сондай, үш атты да ұстап тұрады. Сондықтан Төле би «бұл шідер ат сақтайды, ат ер сақтайды, ер ел сақтайды» деген даналыққа сүйеніп, ұрыға шідердің «қызметтік» құнына сай айыппұл салады. Осы ұстаным мен шідердің беріктігін сынау тәжірибесін ескере отырып, би «бұл шідер — үш ер» деп түйін жасайды. Төле бидің осы төрелігі мен берілген жазаның қисынды дәйектемесі жиналғандарды бей-жай қалдырмады.



III

Би-қазылар лауазымы, кызмет дәрежесіне, яғни қоғамдық беделінің деңгейіне қарай бөлінеді. Төбе би — сот құрылымындағы жоғарғы саты. Әдетте, жан қуаттарының құндылығына үйір көшпелі қазақтардың кезеңінде бұл атақ бедел мен кәсіптік деңгейдің белгісі болып табылатын. Өз Жүзінде, белгілі бip аймақтар мен ipi рулық қауымдарда үлкен құрметке ие болған билер Тебе би аталатын. Олардың лауазымы шыққан аймағы мен ықпалы өтiмдi өңірлердің атауымен қоса айтылатын. Мысалы, XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың басында өмip сүрген Төле би — Ұлы жүздің Төбе биі, Қазыбек би — Орта жүздің Төбе биi, Әйтеке би — Kiші жүздің Төбе биі болып есептелген. Өз кезінде дауласушы жақтардың қалауымен күрделі icтepгe талай рет Төбе би болып сайланған билер бұл атаққа тұрақты түрде ие болған. Олардың алдына әділдік іздеп басқа Жүз бен рулардың өкілдері де келе беретін.



Билер сотына келмес бұрын дауласушы жақтар маңызды, күрделі, әpi шиеленісіп кеткен icтepiнe Төбе би таңдау мәселесін мұқият талдап, талқылайтын. Айта кететін жайт, ез руының абыройына нұқсан келтірмеуді көздеген әpбip жақ алдын ала өзінің Төбе биін, Қaзipгi тілмен айтсақ, қорғаушы-заңгерін анықтап алады. Мәселен: XIX ғасырдың ортасында Жетісудағы Алтын-Емел шұрайлы қыратын иемденуді көздеген Матай мен Жалайыр руларының арасында үлкен қақтығыс болады. Бұл рулардың жерлері ғана емес, билеуші-сұлтандары да бөлек еді. Осы қантөгісте Жалайырдан төрт кici, Матай руынан үш адам қаза табады. Екі жақ та өздеріне тіліктес руларға «мият» жариялайды, яғни билер сотында қолдауларын сұрайды. Тезек төренің қоластындағы жалайырлықтар Шу өзенінің бойында көшіп жүрген Дулат руына шабарман жібереді. Ал матайлықтар Арғын тайпасына үміт артады. Іс насырға шаба бастайды: бірнеше адам құрбан болған қақтығыс қандастар арасындағы соғысқа ұласуы ықтимал еді. Тез арада билер сотын шақыру керек болды. Бұл үшін алдын ала бірқатар маңызды мәселелерді шешу қажет: қайда және кімге жүгіну керек, әділ және адал сот еткізу үшін кiмдi Төбе би қып сайлайды. Өз кезегінде, даулы eкi жақ сотта шағымдарын жеткізетін өз билерін дайындайды, осы билер өзара келісіп, Төбе биді сайлаулары тиіс. Көрші руларға аттандырған шабарманы оралған соң, Жалайырдың билеушici Әли сұлтан белгілі билердің кеңесін құрады. Олардың арасында Сұраншы батыр (Шапырашты руынан), Туғанбай би (Талгар өңірінен), Қарабай би мен Диқанбай би (Ботабай аймағынан), Сары би (Сары Yйсін руынан), Байғазы би мен Кебекбай би (Қасқарау аймағынан), Дәулетәлі би (Сәмбеттен) және тағы басқалары болған еді. Қызу пікірталас пен талқылаудан кейін ру қауымының мүддесін қорғау үшін ақсақалдар сотына баратын билерді анықтай бастайды. «Алдағы сотқа осы жиналған билердің барлығы бара ма, елде басты біp өкілді жібереміз бе?», — деп сұраған сұлтанға кейбір қызба жандар «бәpiміз барып, матайлықтарды қан-жоса қылайық» деп шуласады. Сонда өз өңіріне танымал Бөлтірік би «бiз бәpiміз ағайындымыз, бip-бipiмiзбен қанша қырылыссақ та, ақыры бейбіт шешімге келуге міндеттіміз — бұл ата-бабамыздың өсиеті» деп тоқтау айтқан көрінеді. Осы сөздерден кейін ең тәжірибелі биді таңдауға кіріседі. Әpбipey өз тегінің биін ұсынады. Сиқымнан шыққан Шомай биді ұсынғанда: «Ол көбіне ұсақ-түйек істердің шешімімен шектелген, ал қaзipгi жер дауы өте маңызды» деген уәж айтылады. Сәмбет ауылынан келген Дәуітәлі «тым толық және ебедейсіз» болғандықтан, қолдау таппайды. Ал Қарабай бидің «биден гөpi жауынгерлік қабілеті басымырақ» екен. Атақты Сұраншы батыр «сезбен емес, семсермен шабысқанды жақсы көреді». Үйсіннен шыққан атақты Сары би туралы «көбіне әйелдер арасында болғанды ұнатады және солардың дауын шешкенді жөн көреді деген наз айтылады. Жиналғандар арасында жасы үлкен бip дана манадан бepi үндемей отырған еді, енді сол салмақты дауысымен жұртты өзіне қаратып, қызыл тілімен қыза сөйлейді «Мұндай үлкен дауға ауыздыға сөз бермейтін, аяқтыға жол бермейтін, айтулы шебер адам бару керек. Өз ата Ысты аруағы деп ауыздарына алмайсыңдар. Бұл дауға Ысты Бөлтірік барсын. Онан шешен, онан тапқыр қайсың барсың, — деп бipaз тоқтайды да, — оған cepiк Кебекбай би болсын, қасына epiп Байғазы би барсын». Данышпан қарияның ұсынысы қабылданып, Алтын-Емелге Жалайыр руының мүддесін қорғау үшін әлгі үш өкілді аттандырады.

Матай тайпасында да осыған ұқсас жағдай болған еді. Ұзақ айтыс пен талқылаудан кейін, матайлықтардың мүддесін қорғау міндеті Құнанбай би (басты өкіл), Құсбек төре және Тенеке би сынды белгілі тұлғаларға жүктеледі.

Оқиғаның одан әpi өpбyi тіпті қызық. Бес-алты күннен соң өкілдер алдын ала белгіленген сот өтетін жерге келеді. Матайлықтар Қоянкөз атты қотанның бip жағына арнайы салынған киіз үйге түседі. Қотанның келесі жағына жалайырлықтар тоқтайды. Олардан бөлек түрлі ру-тайпалардан әдейі келген қонақтар қаншама. Оларға да ондаған киіз үйдің шаңырағы көтеріледі. Сот өтетін жердің тұрғындары елшілер мен басқа да келушілерді, дәстүрге сәйкес, қонақжайлылық танытып, қарсы алумен болады. Соттың жартылай ресми бөлiмi екі жақтың алғашқы елшілерінің— Бөлтірік би (1771 —1854) мен Құнанбай бидің (1804 — 1885) кездесуімен ашылады. Keлiccөздep, әдеттегідей, мейірбандық пен сыйластық шеңберінде жүріп, даулы ic бойынша ортақ шешімге келу мақсаттарын айқындайтын қисынды-фәлсафалық сөз жарыстарын өткізеді. Ақыр соңында, Төбе би болып Бөлтірік би сайланады. Осы лауазымға тағайындалмас бұрын ол «Мен айтсам істің дәлелін, биліктің әділін айтам» деп ант етеді. Қолда бар деректерге сүйенсек, ол осы антынан таймаған. Бөлтірік би Алтын-Емелдің тарихын суреттеп, оның көп ғасырдан бepгi иелерін атап, шатқал және құдықтардың атауларын және Алтын-Емелде мекен еткен талай халық жайлы сыр шертетін көктастарда сақталған жазу-белгілерді мысалға ала отырып, өз сөздеріе бекіте түceдi. Сол халықтардың ішінде Жалайыр одағы да бар тын, соңғы жүзжылдықтарда салынған мазар-бейіттерде олардың ата-бабасының аты-жөні жазылып, сақталғаны да рас. Би шешімі айғақ пен дәлелге толы болғандықтан, келесі жақ амалсыз келіседі. Билер сотында көрінic тапқан бұл оқиға Ж. Дәдебаевтың еңбегінде, дәлірек айтсақ, 1994 жылы Алматы қаласында басылған Бөлтірік биге арналған кітабында суреттелген.

Ру-руға бөлініп, жайлауларда көшіп жүретін әpбip қауымдастықтың, мейлі ол үлкен немесе шағын болсын, өз биі болатын. Және би бipey емес бірнешеу еді, сондықтан халықтың таңдау мүмкіндігі болған. Көбіне, олар көпке жақын және адалдығымен, билігімен, даналығымен аты шыққан, яғни сот iciнің талаптарына сай биге жүгінгенін жөн санайтын.



Осы орайда, сот iciнің мәні мен түпкі мақсатын айқындайтын нұсқаулар мен қағидалар жүйесі болғандығын және билер сотында осы мақсатқа жетудің өзіндік әдістерi мен негіздері қолданылғанын айта кетейік. Аталмыш қағидалар қысқа-нұсқа және еске оңай сақталатын ұйқас түрінде айтылған. Кез келген дәрежедегі би-қазы осы заңдылықтарды білiп қана қоймай, оларды ұтымды пайдаланып, қажет болса, қаралып жатқан жайтқа сәйкес қисынды мазмұны мен бағдарына сай түсініктеме бepyi тиіс. Кейде мәнерлі және ұйқасты болуы үшін қағидалардың негізi ойына басқа бip саланың нұсқаулығын қосады. Мәселен, «Дау мұраты—біткен, қыз мұраты — кеткен» деген нұсқауда бұл анық көрінеді, яғни алғашқы негізі ойды кейінгісі үстемелеп тұр. «Дау түбі — бітім» деп қысқа қайыруға да болады. Билер сотында «екі жақты келістіре» отырып, қоғамдағы тұрақтылық пен қауымдардың, жалпы халықтың ынтымақтастығын нығайту — басты мақсат пен мiндет болып табылады. Әйгілі Қазыбек бидің «Сөз атасы — бірлік, Сөз анасы — шындық» деген даналығы да билер сотындағы пікірталастың мақсаты шындық пен әділеттікке негізделген халық бірлiгiн бекіту екендігін меңзеп тұр.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет