Кіріспе зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы



бет1/4
Дата09.05.2022
өлшемі75,06 Kb.
#33681
түріДиссертация
  1   2   3   4

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертациялық зерттеуде ХХ ғасыр басындағы саяси партиялар мен қозғалыстар қызметінде ұлт зиялы қауымы өкілдерінің автономиялы мемлекет тәуелсіздігі жолындағы қызметі мен Түркістанның ұлттық мемлекеттілігі мәселесін Батыстағы түркістандық саяси мұғажарлардың тәуелсіздікке деген идеологиялық ұмтылыстары қарастырылады.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазіргі кезеңде заман талабына сай ұлт тарихының ұлттық сана мен ұлттық рухты жоғары деңгейде дамытуға қызмет көрсетуі заңдылыққа айналып отыр. Ұлттың бірегейлігі мен біртұтас келбетін сомдайтын тарихғылымы болып табылады. Сондықтан да, тарихшылардың тарих алдында уащт арқалатқан жауапкершілігі зор. Ұрпақ арасындағы білім мен біліктілікке негізделген тарихи сабақтастықты жалғастыру және дамыту арқылы ұлттың рухы биіктей түседі. Кеңестік қоғам тұсындағы ұлт мүддесінің аяқ асты болған тұстарын объективті түрде зерттеп, шынайы зерделеу, тәуелсіздік жылдарында қазақ зерттеушілерінің басты нысанына айналды. Өйткені, кеңестік кезеңде қазақ халқының қайғы-қасіретке толы болған тарих беттерін ашуға мүмкіндік болған жоқ.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында жазықсыз қу даланған қазақстандық зиялы қауымның тағдыры кеңестік кезеңде айтылмады және жазылмады, оның себебі қазіргі уақытта баршамызға мәлім. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін, бұл мәселені зерттеу қолға алынды, алайда мәселе әлі де толықтай зерттеле қойған жоқ. XX ғасырдың басында қазақ қоғамында орын алған күншілдік, сатқындық секілді жаман, жат қасиеттер қазақ ұлтының зиялы қауымы өкілдерінің арасында да белең алып, соның салдарынан кеңес билігі одан сайын күшейе түсті. Мұны пайдаланған сталиндік үкімет қазақ зиялыларының басым бөлігін қудалауға ұшыратты. Қуғын-сүргін шаралары ой еңбегінің рухани болмысын меңгерген зиялылар үшін өте ауыр болып, олар рухани жағынан адам айтып түсіндіре алмас азап шекті.

Қазақтың интеллектуалды және кәсіби зиялы қауымы кеңестік саясаттың кесірінен жойылғандығы, Сталин дәуірінде басқару этикасының мемлекетте дұрыс қолға алынбағандығы және биліктің бөліну қағидасының мойындалмауы мен тоталитаризмнің, саяси плюрализмді жойғандығы ұлт тарихының өз деңгейінде жазылуына кедергі болды. Кез-келген қоғамның даму деңгейі зиялы қауым өкілдерінің дәрежесімен өлшенетіндігі жұртшылыққа жақсы таныс.

Патшалық кезеңде, одан қалды Кеңес өкіметінің отаршыл саясатынан туындаған аласапыран заманда өмір сүріп, біртұтас қазақ идеясын ту етіп, елдің еңсесін көтеріп, біріктіру арқылы аумалы-төкпелі уақыттың құрдымына жұтылмай, «аман» қалуды (егемендік) мақсат еткен ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының тарихтағы рөлін ерекше атауға болады. Олар бүгінгі демократиялық үдерістің бастауы болды және сол үшін де қуғын-сүргінге ұшырады.

Адамдарды жаратылысына тән еркін ойлау қабілетінен айыру, әрбір адамның өз ұлтына тән ұлттық сана-сезімін жою саясаты мұрағаттарындағы сарғайған құжаттарға қол жеткізу қиындығы, жасалынған қылмыстың ауқымды, әрі қатерлігінде болса керек. Сондьқтан да тарихты бұрмалаудың кеңестік үлгісінің ақиқаты толық ашылмауда. Нағыз шындықты айтқан адамды жау санау Кеңес өкіметінде дәстүрге айналған құбылыс болды. Оған, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы ел тағдырының дәстүрлі әрі табиғи дамуына жат саяси-экономикалық науқандардың қазақ қоғамының даму ерекшеліктеріне үйлеспейтіндігін айтып, халыққа ара түскен және сол себептен де жаппай қудалау көрген ұлт зиялы өкілдерінің тағдыры куә. Нәтижесінде халқымыздың ұлылығы мен ізгілігін, зердесі мен мәдениетін, ақылы мен философиясын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған зиялы қауым үлкен зардап шекті.

Ең алғашқы кезекте социалистік бастамаларға қарсы бағытталған кез- келген сыни көзқарастарды жоюға бағытталған қатал жазалау шаралары жүзеге асырылды. Революцияға дейінгі елге танымал көптеген қазақ ғалымдары мен зиялылары кеңестік құрылыстың жауларына айналды. Қабілетті ұлт өкілдері «ұлтшылдық», «панисламшылдық», «пантүрікшілдік» және партияның саясатымен «келіспеушілігі» үшін айыптап, қудалау кеңес үкіметінің бүкіл өмір сүрген жылдарында жалғасын тапты. Аса маңызды мұрағаттық құжаттарды және басқа да деректерді зерттеушілерден жасыру жалпылама тарихи тұлғаның қалыптасуына үлкен кедергі келтірді. Осылайша, Қазақстанның кеңестік даму кезеңі тарихының жекелеген беттерін зерттеуде жасанды түрде жалғандық жасалынды.

ХХ ғасырдың ең ауқымды екінші жартысында әлемдегі көптеген елдердің халықаралық саясатында түбегейлі өзгерістер болды. Дүниежүзін қарама-қарсы топқа бөліп тұрған «қырғи-қабақ» соғысы өте күшті қиратпа күшпен шексіз ауыр шиеленістер тудырды, ал бұл бір-біріне сенбейтін қарама-қайшы елдердің әдеттегі әлемге үстемдік ету бақталастығынан пайда болды. Сөйтіп, мықты иелігі болса да, кеңестік өкіметтегі уланған идеологиялық қайшылық терең адасуға алып барды.

ХХ ғасырдың 90-шы жылдардың басына қарай 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін жетпіс жылдан астам өмір сүрген кеңестік қоғамның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінде түбегейлі өзгерістер жүзеге асты. Пролетариат диктатурасы кезіндегі ұлы державаны тоталитаризмнің ең биік шыңына жеткізіп, дүниеге әкелген алауыздықтың нәтижесінен өзі жеңіліс тапты. КСРО бейнесіндегі социалистік империя күйреді. Бұрын одаққа кірген кеңестік республикалар, олардың қатарында Қазақстан да егемендік алысымен күйзелістен шығудың басқа жолын таңдап алып, әлем елдерімен дипломатиялық, мәдени байланыстарын кеңейте отырып, өздерінің ұлттық, демократиялық мемлекеттілігін құруда.

Қазақстан Республикасы 1991 жылдан президенттік басқарудағы егеменді және тәуелсіз мемлекетке айналып, КСРО құрамындағы жетпіс жылдық даму тәжірибесін объективті түрде бағалап, социалистік жолмен дамудан бас тартты. Кеңестік маркстік-лениндік тарихғылымы, коммунистік партияның қуатты идеологиялық аппараттың көмегімен, шетелдік кеңестік мектепті мойындамай және оларды арнайы тарихты буржуазиялық бұрмалаушылық қатарына жатқызып, жалған тарихи шындықтың өзіндік мектебін қалыптастырды.

ХХ ғасырдың соңына қарай әлемде түбегейлі өзгерістер басталды, Қазақстан тарихының даму барысында неше түрлі бастамалар көтерілді.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жолында дамуы, саяси демократиялық үрдісі отандық тарихтың КСРО құрамында болған жылдарындағы идеологиялық мақсатта бұрмаланған тұстарын қайта қарауды талап етеді.

Сонымен Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, одан бөлініп шыққан егемен елдерде даму үдерісінің өзіндік жолы пайда болды. Осындай мақсатпен тәуелсіз Қазақстан Республикасы да тарихи саланы жаңғырту мақсатымен айтарлықтай іргелі қадамдар жасап келеді.

1993 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы» заң қабылдады. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен 1997 жыл жалпыұлттық келісім мен саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу жылы болып аталынды. Ал саяси қуғын-сүргінге жазықсыз ұшыраған ұлт зиялыларын жасұрпақтың мәңгілік есте сақтауы үшін 31 мамыр саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күні деп белгіленді. Сонымен бірге елімізде 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, ол бойынша шетелдік мұрағаттар, кітапханалар және басқа мекемелерде сақталған төл тарихымызға қатысты тарихи-мәдени құндылықтарымызды жинақтауға үлкен қадамдар жасалды. Сөйтіп кеңес үкіметінің өктемдігінен арылған жас тәуелсіз мемлекеттер өз тарихын қайта зерттеулеріне қол жеткізді. Дегенмен, тарих ғылымын зерттеу бірден жақсы жолға түсе кеткен жоқ, ол біршама күрделі мәселе болып шықты, яғни жетпіс жылдан астам уақыт бойы кеңес үкіметінің идеологиясы мен саясатынан мүлдем бас тарту егемен Қазақстан тарихы ғылымының салаларында көптеген пікірталастар тудырып отырды, кейбір зерттеушілер кеңестік кезеңде бұрмаланған тарихымызға жаңашыл көзқарас қалыптастырды.

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін бұрынғы, яғни кеңестік билік тұсында бұрмаланған тарихымызды қайта қарауды кең қолға алды. Оның ішінде қазақ халқының біртұтастығын, егемендігін ұстанған, ал кеңестік саясаттан бас тартқан ұлт зиялы қауымы өкілдерінің тәуелсіз автономиялы мемлекет жолындағы қызметтері кеңестер тұсында зерттелген жоқ. Ал атап айтар болсақ, кеңестік билік тұсындағы тарих ғылымында түркі халықтарының ортақ мүдделерін алға тартқан қоғам қайраткерлері жүргізген саясат қудалауға түсті. Бұл зиялы қауым өкілдерінің ұсыныстары, идеялары мен ұстанған саясаттары, ортақ мүдделері мұрағат қойнауында қалып оны зерттеуге мүлдем тыйым салынды. Өйткені олардың көздеген мақсаты мен ұстанған қағидалары елдің егемендігі болатын.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 23 жылдығына қадам басқан қазіргі кезеңде еліміздің егемендігін баянды етуі әлі де болса, өзінің өзектілігін жоғалта қойған жоқ. Қазақ елінің өткен сындарлы тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, мемлекетіміздің тәуелсіздік жолындағы өткен кезеңдері сан қилы саяси-әлеуметтік оқиғалар желісімен өріліп жатқандығын көреміз. Тәуелсіздік жолында қазақ халқының ұлт зиялылары қай кезеңде болмасын, күресумен келеді. Осы жерде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев былай дейді: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал [1]. Қазақстан Республикасы Президенті пікірінң орындылығын ескере отыра, әсіресе Алаш қозғалысы өкілдерінің тәуелсіздікке деген тегеурінді күресінің болашақ еліміздің дербес мемлекет болуындағы маңызын атап өтпеу мүмкін емес. Алаш зиялылары Ресей империясының отарлық бұғаумен күресуді сонау 1905 жылғы бірінші орыс революциясынан бастап қолға ала бастады. Осы кезеңде қабылданған «Қарқаралы петициясы» Алаш зиялыларының тәуелсіздік жолындағы күресінің тұғырнамасы болған еді. Қазіргі кезеңде 20-жылдан асқан өткен тарихи уақытқа қарамастан, тәуелсіздік идеясының бастаулары толыққанды өзінің бағасын ала қойған жоқ. Қазақстан Республикасы Президенті тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан кең көлемді «Халық тарих толқынында» атты бағдарламаға байланысты М. Тажиннің баяндамасында мынадай тың ойлар ортаға салынды: «Жаңа тарих мәселелері бойынша зерттеудің тақырыптық аясын кеңейту керек. Олардың арасында біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың өтпелі кезеңінің көзге түсер ерекшелігі ретіндегі үш еселенген транзит; мемлекеттік менеджмент пен стратегиялық басқару жүйесі; мемлекеттік құрылыстың жүріп өткен әр белесіндегі әлеуметтік-саяси үдерістер; қоғамның жаңа әлеуметтік құрылымы жаһанданудың ұлттық мәдениетке ықпалы және басқа да көкейкесті тақырыптарды бөліп айтуға болады» [2].

Ұлт-азаттық қозғалыс барысындағы ұлт зиялы қауымы өкілдерінің тәуелсіздік жолындағы күресінің мән-маңызын айқындау барысында осы ұстанымды басты мақсат ретінде алып қарауға болады. Тарихшы-ғалым Х.М. Әбжанов: «Әлемдік және Отандық тәжірибені зерделесек, мәні мен көздеген мақсатына жеткен-жетпегеніне қарай азаттық дәуірінің әлденеше кезеңнен тұратынын байқаймыз. Бірі - номиналды азаттық, екіншісі - сындарлы азаттық, үшіншісі - шынайы азаттық. Номиналды азат ел басқа бір немесе бірнеше мемлекеттің ықпалынан шыға алмайтын кіріптар күйде қала береді. Сындарлы азаттыққа жеткен елге кешегі бодандық мұрасынан (рухани, тілдік, экономикалық, менталиттетік және т.б) толық қол үзбесе де өзіндік даму жолын таба алғандық тән. Шынайы азат ел ішкі-сыртқы саясатын әлемдік өркениет талабына, ұлттық мүддеге сай жүргізетін биіктіктен көрінеді», - [3] деп атап көрсетеді.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ халқының тарихында автономиялы тәуелсіз мемлекет құру идеясын ұлт зиялылары талай рет өз ұстанымдарында ұсынған болатын. Бұл туралы белгілі тарихшы ғалым Қ.С. Қаражанның мына пікірі өте орынды болып табылады: «ХХ ғасырда Қазақ халқы үшін мемлекетін қалпына келтіру мүмкіншілігі 1917 ж. Ресейдегі ақпан буржуазиялық-демократиялық төңкерісінен кейін туындады. Патша тақтан тайдырылғаннан кейін мемлекеттік құрылыс мәселесі толық шешілмеді. Осы тұста қазақ халқының мемлекеттілігін қалпына келтіру жауапкершілігін «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан ұлт зиялылары өз мойнына алады. Олардың ойынша Ресей құрамында федерациялық автономия алған Қазақстан демократиялық, президенттік үкімет басында құрылтай жиналысы мен мемлекеттік дума тұратын, яғни бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үлгісіне ұқсас республикаға айналуы тиіс еді» [4].

Қазақ елінің тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы ұлт зиялы қауымы өкілдерінің күресі мен қоғамдық-саяси қызметі осы уақытқа дейін ғалымдар тарапынан терең зерттеліп келе жатса да, көптеген пікірлер қарама - қайшылықтар тудыруда. Осы мәселеге қатысты мұрағат құжаттарындағы деректер де, көптеп ортаға салынды, халықтың талқысына түсті, бұл тұрғыдан М.Қ. Қозыбаев [5], К. Нұрпейісов [6], М.Х. Асылбеков [7], Т. Омарбеков [8], М.Қ. Қойгелдиев [9], Д.А. Аманжолова [10], Ә. Қара [11], Д. Махат [12] тағы басқа белгілі ғалымдар көптеген мәселелерге терең ғылыми талдау жасады. Сонда да бұл бағыттағы ақтаңдақтар әлі де болса жойыла қойған жоқ. Әсіресе, бұл жерде ұлт зиялыларының автономиялы мемлекет жолындағы идеяларына деген көзқарасы зерттеліп өзінің толық бағасын ала алмауда.



Қазіргі кезеңде ұлт зиялыларының тәуелсіздік жолындағы күресі мен қызметінің мәнін ашу, оның ортасындағы сабақтастықты көрсету тарихи таным үшін ғана маңызды болып табылмайды. Сонымен қатар, оның жас тәуелсіз еліміздің дербестігін нығайтуда тұғырнамалық та қызмет атқаратындығын көруге болады. Сонымен қатар, тәуелсіз мемлекетті одан әрі дамыту барысында өмірлік тәжірибеде де қолданатын ұстанымдары көп. Осы айтылған жағдайлардың барлығы тақырыптың өзектілігін көрсетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет