Көркем шығарманы оқыту барысында оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру дуйсенбаева Айнур Сагынбаевна магистрант М. Әуезов атындағы ОҚУ, Шымкент, Қазақстан Джетписбаева Сарсенгул Уразбековна



Дата09.05.2022
өлшемі44 Kb.
#33747

ӘОЖ 372.1

UDK 372.1

КӨРКЕМ ШЫҒАРМАНЫ ОҚЫТУ БАРЫСЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ЕСКЕРУ

Дуйсенбаева Айнур Сагынбаевна

магистрант М. Әуезов атындағы ОҚУ, Шымкент, Қазақстан

Джетписбаева Сарсенгул Уразбековна

п.ғ.к., доцент М. Әуезов атындағы ОҚУ, Шымкент, Қазақстан

Жетпісбаева Гүлжан Оразбекқызы

п.ғ.к., доцент Оңтүстік қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Шымкент, Қазақстан

Мектептегі оқу мен тәрбие, сыныптан тыс жұмыстардың барлығы да оқушылардың жас ерекшелігі, психологиясына байланысты ұйымдастырылады. Балаларға көркем шығарманы оқыту, кітапқа деген құмарлығы, сөз өнеріне деген ынтасы мен құлшынысын дамыту мектептерде әдебиетті оқыту, одан білім берудің аса маңызды, әрі күрделі жұмыстарының бірі болып табылады. Бұл мәселелерде де оқушылардың психологиялық ерекшелігі, жасы, оқып жүрген сыныбы ескеріледі. Көптеген ғалымдар, психологтар, мұғалімдер зерттеулері, пікірлер бойынша, оқушыларды көркем шығарманы оқытуға баулу, оны оқырман ретінде қалыптастыру бірнеше сатыдан тұрады.



  1. Кіші жастағыларға 5-7 сыныптардағы 10-12-дегі жасөспірімдер.

  2. Ересек жастағыларға 8-9 сыныптардағы 13-14-тегі жасөспірімдер.

  3. Үлкен жастағыларға 9-11 сыныптардағы 15-17-дегі жастар жатқызылды. Балаларды топқа бөлу, әрине, қатып қалған дүние емес. Қабілеті, дарыны, ынтасы, еске ұстауы, алғырлығы, ойлылығы жағынан бір сыныптағы бір жастағы балалардың өзі әр түрлі болып келетіні тәжірибеден белгілі.

Кіші жастағылар – психологиясы, мінез-құлқы, физиологиялық жағынан балалықтан кетсе де, әлі де қалыптасып, толысып жетпегендер. Олар – қимыл-қозғалысы жағынан шапшаң, өте әсершіл, әрі не нәрсеге де сенгіш, барлығын шындық деп қабылдайтын, жақсылыққа да, жамандыққа да құлай берілетіндер. Бұл жастағыларды ертегілер әлі қызықтырады, фантастикалық, қиял-ғажайып оқиғалары бар шығармаларды беріле оқиды. Кино, көгілдір экран алдынан кетпейтіндер де осылар.

Мектепте көп шулайтындар да, тез қимылдап, тез шешім қабылдайтындар да 10-12 жастағылар. Әдеби шығармаларды оқу, қабылдау ерекшеліктеріне келсек, поэзиядан, драмалық туындылардан гөрі әңгімелерді, қарасөзбен жазылған шығармаларды оқуға ынталы болып келеді. Оқыған шығармалардың мазмұнына қарай әр түрлі эмоциялық көңіл күйді бастарынан кешіріп, соны ұмыта алмай, дел-салдыққа түсушілік, алаңдаушылық оларда өте жиі кездеседі.

Олар оқып отырған кітаптарына, ондағы оқиғаларға толық сенеді.

Қорытынды: 10-12 жастағы балалар көркем туынды негізінде идея жататынын, ол авторға байланысты болатынын ойлана бермейді. Олар оқып отырған дүниесін өмірдің өзі деп қабылдайды және өз түсінігі, өз сезімімен қабылдайды. Сонымен осы жастағы балаларды кітап оқуға баулуда, оқырмандық мәдениетін қалыптастыруда мына мәселелерді басшылыққа алған жөн.

Кітапты қалай оқу керек, оқып отырып, неге назар аудару керек, яғни оқырмандық мәдениетін дамыту мақсатында үнемі басшылық жасау, ақыл-кеңес беру.

Ересек, 13-14 жастағы жасөспірімдердің психологиясы, физиологиялық даму барысында өзіндік ерекшеліктер бар. Олар айналаға, соның ішінде өнер туындыларына өз көзқарастарымен қарай бастайды. Осы жастағы балалардың қай жағынан болсын, әлі қалыптасып болмағанын, сынаптай толқып тұрған шақтарын естен шығаруға болмайды. Бұл шақ, психолог ғалымдардың айтуы бойынша, өте жауапты, маңызды шақ. Балалықтан кету, үлкендікке жету арасындағы нәзік көпір. Білім беру, тәрбие істерінде де бұл жасқа ынтамен, ерекше қараған дұрыс. 13-14 жастағы балалар 10-12 жастағы балаларға қарағанда көркем шығармаға басқаша көзбен қарай бастайды. Көркем туындыны оқып отырып, жүрегіне жақын нәрселерді еркін қабылдайды, әдеби талдау кезінде өз пікірлеріне көбірек жүгінеді. Кітаптағының барлығына бірдей сене бермейді, барлығына бірдей қуана да, қайғыра да білмейді. Авторға келіспеушіліктерін білдіреді, «дұрыс емес, бұлай болу керек қой» деген сөздерді олардан жиі естуге тура келеді.

Бұл жастағы балалармен жұмыстың ең маңызды түрі - әдеби, көркем тілдерін жетілдіру: «жазбаша, ауызша». Оқыған шығармаларын талдай білуге баулу. Жоғары сыныптарда оқушылардың көркем туындыны қабылдаулары да жас ерекшеліктеріне байланысты болады. Бұл жастағылар өзін еркін сезінеді. Көп нәрсені өз беттерімен шешкенді ұнатады, «бас бостандықтарын» сүйеді, әрі оны қызғыштай қоруға дайын тұрады. Өмірге, айналаға өзіндік көзқарасы қалыптаса бастайды. Бұл шақ, психолог тілімен айтқанда, адам болып қалыптасудың гүл атқан шағы, жастық шағының бастауы. Романтика, қиял, мұрат іздеу, алғашқы махаббат – бәрі-бәрі әсіресе, осы шақта құлпыра түседі. Міне, осындай жастағылармен мұғалім қандай жұмыс жүргізуі керек?

Әдеби шығармаларды талдауда, ең алдымен, оқушылардың өз пікірін, ойын, әсерін білу.

«Сенің пікірің, ойың қате» деп, кесіп айтудан сақтану, керісінше, талдау барысында олардың пікіріне ден қоя отырып, сенімді, дәлелді түрде, шындыққа жетелеу.

Әдеби шығармалар айналасында жиі-жиі пікір таласын өткізу, тілдерін дамыта отырып, пікірлерін қорғай білуге де баулу.

Бұл жастағы оқушыларға «алдындағы бала» деп қарамай, оқырман ретінде қарым-қатынас жасау, тең дәрежеде әңгімелесу, өз пікірін, не оқулық пікірін тықпаламау. Өздеріне қорытынды жасатуға жағдай туғызу.

Өнерге, сөз өнеріне деген оқушылардың шынайы сезімін, талабын жетілдіру үшін, әр мұғалімнің өзі жоғары мәдениетті, әдебиетті терең білетін, әдістемесі шебер, білімі жан-жақты, әр баланың шынайы досы, пікірлері болу керек.

Көркем мәтінді талдау шығармашылық жұмыстарды талап етеді. Қай көркем шығарманы оқыса да, оқушылардың ол туралы өзіндік әсері, пікірі туындайды. Біреуге қатты ұнаған шығарма екіншісіне ұнамауы мүмкін. Оқушы көркем туындыны өз дүниетанымы, сезімі, білім дәрежесіне байланысты қабылдайды. Әдеби талдаудың басты мақсаты – оқушылардың өзіндік қабылдауларын, пікірін - әдебиеттану ғылымының талабына сай ғылыми арнаған бағыттау болып табылады. Көпшілік ұстаздар талдауды бастамас бұрын, оқушылармен сол туынды жайында арнаулы әңгіме, пікірлесу өткізеді, тіпті шағын әдеби айтысқа да жетелейді. Оның тиімділігі сол, мұғалім оқушының көркем туындыны қалай қабылдағанын аңғарады, талдауда қандай мәселелерге ерекше назар аудару керек, соған бағыт-бағдар алады. Әдебиетші мұғалім алдындағы оқушыға оқырман деп қарап, оны оқырман ретінде тәрбиелеуі керек. Әр бала – жеке тұлға. Ол – психологиялық жағынан болсын, дүниетанымы, білімі жағынан болсын, бір-біріне ұқсамайтын жеке адам. Талдау, ең алдымен, міне, сол «жеке адамның» жеке пікіріне де сүйене жүргізілуі тиіс. Әдебиеттану ғылыми әдеби талдауда ең басты мына мәселелерге көңіл аудартады (ғылыми талдаудың негізгі принциптері мынадай):

а) Көркем туындыдағы авторлық көзқарас.

ә) Көркем туындыдағы мазмұн мен форма бірлігі.

б) Суреткердің көркем тәсілі, дүниетанымы, көзқарасы, олардың арасындағы байланысты ашу.

Әдеби талдауда осы принциптерді басшылыққа алу оқылып жатқан көркем туынды туралы, оның авторы туралы үстірт пікірлер мен жалған бағалардан сақтандырады. Әдеби талдаудың қай дәрежеде болуы мұғалімнің талдау әдіс-тәсілдерін қалай меңгергеніне де байланысты болып келеді. Талдауда композиция, сюжет, жазушы стилі, көркем туынды негізінде жатқан идея, оның көтерген мәселесі ерекше назарға алынады.

Әдеби талдаудың негізгі тәсілдері, бағыттары

Көркем туындыдағы жазушы ойы, идеясына көз жүгірту. Әдеби талдау үшін, ең алдымен, сол көркем туындыда жазылған, баяндалған оқиғалардың тарихи негізіне ерекше назар аудару керек. Мысалы, Абайдың көп өлеңдерін, соның ішіндегі «Қалың елім, қазағым» өлеңін жазуға әсер еткен, мәжбүр еткен 19 ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қауымының, қоғамының әлеуметтік жайы болған. Немесе Бұқар жырау толғауларының бәрі өз заманының тарихи айнасындай. Оның толғауларын сол өз заманындағы тарихи-әлеуметтік оқиғалар туғызған.

Көркем туынды композициясын талдау тәсіліне бас кейіпкерлердің іс-әрекетін салыстыру; негізгі оқиғаларды сұрыптау; портрет, суреттеулердің көркем туындыдағы орнына тоқталу жатады. Мысалы, «Қорғансыздың күні» (М. Әуезов) әңгімесінің басында жолаушылар суреттеледі. Әсіресе, Ақан портреті оның нәпсіқұмар жан екенін аңғартады, әңгімедегі негізгі сұмдық оқиғаларды осы портреттеу алдын ала болжатқандай болады.



  1. Жазушы стиліне талдау жасаудың маңызы сол, ол туында негізінде жатқан авторлық көзқарас, идеяны ашуға көмек жасайды.

Әдебиеттер

  1. Бітібаева Қ. Әдебиет сабағының түрлері мен үлгілері. А., 1994.

  2. Жұматаева Е. Әдебиетті оқытудың кейбір мәселелері. А., 1999.

  3. Қазақ әдебиетін жаңа технологиямен оқытудың кейбір жолдары /методикалық жинақ/.

  4. Құсайынов А., Оқулықтану мәселелері. А., 2000.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет