Кпсс XXI съезі шешімдеріне байланысты қазақ совет әдебиетін зерттеу ғылымының міндеттері Қазақ сср ғылым академиясының мүше-корреспонденті Е. Ысмайылов «кпсс XXI съезі шешімдеріне байланысты қазақ совет әдебиетін зерттеу ғылымының



Дата16.03.2023
өлшемі41,48 Kb.
#75027

КПСС XXI съезі шешімдеріне байланысты қазақ совет әдебиетін зерттеу ғылымының міндеттері
Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті Е.Ысмайылов «КПСС XXI съезі шешімдеріне байланысты қазақ совет әдебиетін зерттеу ғылымының міндеттері» деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашы партияның XXI съезі өзінің шешімдерінде қоғамдық ғылымдардың алдына: «коғамдық дамудың заңдылыктарын және социалистік құрылыстың практикасын қорытатын күрделі еңбектер жасау, коммунизмге бірте-бірте өтумен байланысты проблемаларды шешу» міндетін қойғанын ескерте келіп, мынадай мәселелерге баса назар аударды. Мәселен, ол қазақ совет әдебиеті күрес жолында, халықтың жаңа өмір үшін күресін бейнелеу жолында дамығандығын ерекше атап көрсетті. Бұл ретте ол қазақ совет әдебиеті қалыпта- суының алғашқы кезеңінде С. Сейфуллин творчествосы төңірегінде болған әрқилы айтыстарға және социалистік реализм әдісін игеру жолындағы күрес пен қиындықтарға шолу жасады, бірқатар соны әдеби фактілер келтірді. Дүние тану мен көркем творчествоның ара қатынасы туралы мәселеге де баяндамашы едәуір көңіл бөлді. Социалистік реализмнің теориялық мәселелерін терең түсініп игеруде және идеялық қайшылығы бар ақын, жазушыларды дұрыс зерттеуде бұл проблеманы терең ашудың маңызы үлкен деп көрсетті ол.
Әдебиетіміздің тарихына шолу жасаған уақытта шын мәніндегі демократиялық әдеби мұралардың қазақ совет әдебиетінің даму жолында елеулі үлес болып қосылғандығын ұмытуға болмайды. Абай, Ақан сері Махамбет т. б. поэзиясы, олардың творчестволық өмірі, ғажайып сұлу қазақ эпосы қазақ совет әдебиетінің бар жанрында қандайлық жаңа, кесек шығармалар тудыруға мүмкіндік бергендігі бәрімізге аян.
Қазақ әдебиеті туралы сөз болғанда әлбетте қазақ совет әдебиеті нағыз профессионалдық үлкен әдебиет дәрежесіне көтеріліп кемелденіп отыр дейміз. Қазақ халқының бар дәуірдегі рухани мәдениетінің ішінде ең мол, жетілгені - қазақ совет әдебиеті.
Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңісі, Ленин партиясының ұлт саясатының бұлжымай жүзеге асуы қазақ совет әдебиетін барлық жанрда, алуан стильде гүлденген, ең озық әдебиетке айналдырды. Қазақ совет әдебиетінің социалистік реализм әдісін меңгеру жолында қандайлық зор табысқа жеткендігі 1958 жылы қазақ әдебиеті мен искусствосының Москвадағы он күндігі кезінде айқын танылды. Қазақ совет әдебиетінің бүкілодақтық көп ұлтты совет әдебиетінің ең бір белді және жемісті саласы болып дамығандығына үлкен бір айғақ - біздің заманымыздың аса көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің Абай туралы эпопеясының Лениндік сыйлық алуы, қазақ совет жазушыларының, атап айтқанда, Жамбылдың, М. Әуезовтің, С.Мұкановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің, Ә.Тәжібаевтың,
Т.Жароковтың, Ж.Саиннің, F.Ормановтың, Қ.Аманжоловтың және басқаларының таңдаулы шығармалары социалистік реализм әдебиетін молықтырып, оған елеулі, жаңа үлес қосып отыр.
Егерде бүкіл Совет Одағының экономикалық дамуында Қазақстанның тыңдағы егісі мен ауыр өнеркәсібіне, энергетикалық қуаты мен мал шаруашылығына ерекше маңыз беріле айтылатын болса, бүкілодақтық социалистік мәдениеттің алтын қазынасына қосылған қазақ жазушыларының таңдаулы шығармалары зор маңыз беріле айтылады. Демек, коммунизмге өрлеу жолында жасалып жатқан үлкен мәдениеттің қорына шынайы көркем туындылар беріп отырған бүгінгі қазақ совет ақын-жазушыларының қажырлы еңбектері кімді болсын сүйсіндірмей қоймайды. Қазақ совет әдебиеті өзінің қалыптасу және даму дәуірлерінің бар кезеңінде де орыстың алдыңғы қатарлы совет әдебиетімен іштей идеялық байланыста болды, Орыстың классикалық әдебиетінің дәстүрі, революцияшыл совет поэзиясының дәстүрі қазақтың ақын-жазушыларының үйреніп, өнеге алатын негізгі мектебіне айналды.
Қазақ әдебиеті тарихының фактілеріне келетін болсақ, мұнда да ескі, діншілдік мистикадан, феодализм заманының көзқарастарынан шыға алмаған Мұрат, Әубәкір, Шәңгерей сияқты ақындар өз заманының шындығын реалистік тұрғыдан суреттей алмады. Абай, Алтынсарин бастаған прогресшіл ағымға қарсы кертартпашыл бағытта жазды. Кітаби ақындардың қаламынан туған «Сал-сал», «Зархум» сияқты нағыз панисламистік идеологияны дәріптейтін барып тұрған зиянды шығармалармен қатар, екінші жағынан, «Мұңлық-Зарлық», «Сейпіл-Мәлік», «Шәкір-Шәкірат» сияқты ізгі адамгершілікті дәріптейтін шығармалар кездеседі.
XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде идеялық қайшылығы күшті бірталай ақындар осы күнге дейін зерттелмей жүр. Олар: Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Омар Қарашев, Нарманбет Орманбетов, Нұржан Наушабаев, т. б. Бұл секілді ақындардың қайшылығы мол, көркемдік идеялық дәрежесі әрқилы шығармалары кәзіргі әдебиетшілердің бір-біріне қарсы толып жатқан пікірлер айтуына мүмкіндік беріп жүр. Мұнын барлығы - осы аталған, ақындардың түрлі қоғамдық, таптық, идеологиялық орта, ықпалға байланысты көзқарасындағы қайшылықтардын әр мезгілде айқын бой көрсетуінен. Жазушы, ақынның дүние тануы мен шығармасындағы қайшылық, екі жақтылық, яғни күшті реалистік мотивтер мен әлсіз кертартпашылдық - олардың жасаған тарихи дәуірінің, өскен қоғамдық ортасының күшті-әлсіздігінің жемісі екендігі туралы маркстік-лениндік қағида бізге айқын.
Мәселен, артына өте мол әдеби мұра қалдырған Мәшһүр Жүсіп Көпеевті алатын болсақ, ол 1905 жылғы буржуазиялық-демократиялық революция дәуірінде саяси өмірге белсене араласып, халықтың ұлт бостандығы жолындағы талап-тілектерін прогресшіл тұрғыдан жырлады. Ақынның айқын саяси көзқарасы сыншыл шығармаларды жазуына мүмкіндік берді («Әкімдер мен кедейлер», «Шайтанның саудасы»)
Қазақ әдебиетінде реализм мәселесі - меніңше, әдебиет тарихының түйінді проблемасы. Ол сонымен бірге өткендегі мұра мәселесін шешудің де кілті болмақ. Реализм дегеніміз -- өмір шындығын көркем түйіндеп суреттеу, яғни тарихи-қоғамдық болмысты сол болған қалпында жалаң баяндап қоймай, көркемдік ләззат аларлық дәрежеге жеткізе көрсету. Осы тұрғыдан алғанда, Абайға дейінгі қазақ поэзиясында (жеке ақындардың да, ауыз әдебиеті үлгісі де) реалистік мотив қаншалық дәрежеде? Өмір шындығын көркемдік шындық биігіне көтерген бе? деген мәселелер түбегейлі шешуді талап етеді. Шындығында, жеке ақындардың поэзиясына қарағанда, ауыз әдбиетінің туындысы деп танылатын «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Біржан-Сара», «Әсет пен Ырысжан» сияқты идеялық көркемдік мәні жоғары шыгармаларда өмір шындығы анағұрлым кең, анағұрлым терең көрсетіледі және де сол өмір шындығы көркемдік өнердің биік талаптарына сай суреттеледі, эстетикалық ләззат береді, Бостандыққа, адамгершілікке, ар-намысқа талпынған ақылды, тапқыр, қазақ жастарының көркем образдары жасалған. Халық поэзиясының осындай үлгілерін тек фольклорлық шығарма деп қалдыруға болмайды, Осылармен салыстырғанда Бұқар,Шернияз, Сүйінбай т. б. толып жатқан ақындардың өлең-толғаулары өмір фактілерін әр көлемде қамтыса да реалистік сипаты төмен жатады. Тіпті халық бостандығын шешен-шебер жырлаған Махамбет поэзиясының өзі де бір тақырыптың, бір образдың - күрестің, күрескердің аумағынан аспайды. Демек, Абайға дейінгі поэзияда реалистік мотив дамымады. Ал, Абай, Алтынсарин, олардың ізін баса шыққан Торайғыров, Дөнентаев қазақ әдебиетінде реалистік поэзияны дамыта түсті.
Абай негізін салған реалистік дәстүрдің және өскелең тенденциялы болуының басты себебі - халық өмірімен, халықтың прогресшіл арман-тілегімен тығыз байланысты болуында және орыстың классикалы әдебиетінің идеялық-эстетикалық принциптерін шынайы игеруінде еді.
Осының нәтижесінде әдебиет өзінің өмірлік, сұлулық сипаты жағынан халықтың рухани дүниесін молықтыруға жәрдем етті. Қазак әдебиетінде демократиялық, прогрессивтік мәдениеттің элементі де міне осы реализм жолындағы поэзиядан көрінеді. Ал жалған романтизм мен кертартпашыл мистицизм жолындағы ақындардың (Мұрат, Әубәкір, Базар, Шәңгерей т. б.) және кітаби-діндар ақындардың поэзиясы реалистік дәстүрден алыс болды, қоғамдық өмірді қөркемдеп суреттей алмады, Өмірден түңілуді, дәурені өтіп бара жатқан феодализм заманын, ертедегі аңыз-әңгімелерді дәріптеп жырлаумен болды. Демек, реализмге қарсы әдебиет ағымы бір халықтың, билеуші қауымның мақсатына жататын мәдениеттің элементін тудырды. Алайда әдебиетте шын мәніндегі реализм проза жанрында дамып қалыптасатындығын есте тұту керек, Үйткені әдебиеттің басқа саласына қарағанда прозаның өрісі кең, өмірдегі уақиғаларды, тарихи күрес тартыстарды, адамдардың әралуан образдарын жан-жақты, терең қамтып суреттеу мүмкіндігі прозада мол. Реалистік шығармаларда халықтың тарихи қоғамдық тіршілігінің дамып өзгеруі ғана суреттеліп қоймай адамдардың жан дүниесінің өзгерістері, саналуан құбылыстары айқын суреттелуге тиіс.
Адамдардың қоғамдық өмірі мен рухани дүниесін суреттеген шын мәніндегі реализм қазақ совет прозасында туып қалыптасты. Мен осы ретте 20-жылдардың бас кезінде жарыққа шыққан «Шұғаның белгісі», «Айша», «Қорғансыздардың күні» атты көркем туындыларды алғашқы реалистік шығармалар деп атар едім, 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының бетінде Таутан Арыстанбеков осы шығармалардың жарыққа шығуы қазақ әдебиетіндегі үлкен уақиға, адам сезімі мен табиғат құбылысының суреттелуі проза әкелген жаңа леп деп баға берді. Бұл әлі үлкен проза болып қалыптаспаса да, бірақ революцияға дейінгі прозалық шығармалардан анағұрлым көркем, орыс әдебиетіндегі реалистік прозадан үйренуге мықтап бет бұрған тенденция еді. Реалистік проза поэзиямен салыстырғанда өте баяу дамыды, бұның жолында көп қиындық кездесті, Революциялық өмірдің шындығын суреттеуге келгенде поэзияның ағалық ролі алғашқы дәуірде басым болды. Өйткені талай ғасырдан бері поэзиямен суарылған оқушы өзі-нің өмірлік серігінен кезенді кездерде іздеп бағдар ала отыруы жаңа туа бастаған проза мен драматургия алғашкы дәуірде революциялык поэзияның негізгі позициясына қоңсы болып барып, бірте-бірте дамуына мүмкіндік алды. M. Әуезовтің Абай туралы эпопеясының жазылып шығуы қазақ совет әдебиетінің даму жолында жаңа дәуір екендігі даусыз. Социалистік реализм әдісімен жазылған «Абай жолы» романы өзінің терең мазмұнды сыншылдығымен де, жазушылық шеберліктің шыңдалып жетілген ерекше көркемдігімен де, тарихи адам өмірін, халықтар достығын бүгінгі қауымның талап-тілегі тұрғысынан жеткізіп суреттеген озық идеялы нысанасымен де бүкіл совет жұртшылығын қызықтырып, ынталандырып отыр. Мұнда, жазушы Абай бастаған халық өмірін, туған жердің алуан түрлі көріністерін ұлан байтақ кеңдікте, ақжарқын аяда суреттейді. Өте-мөте жақсы өмір үшін ескілікке қарсы күресуші адамдардың ішкі жан дүниесі барлық шытырман қат-қабатымен терең, әрі нәзік сырларымен айқын көрінеді. Өмірдің сыртқы көрі-нісімен, адам жанының даму сырлары айнымас бір қалыпта, бір мүсінде ғана емес үздіксіз өзгеру, құбылу, жетілу немесе қирап жаншылу процесінде, яғни динамикалық қозғалыс жағдайында бейнеленеді, Бұл дүние жүзілік көркем суреткерлердің шеберлік жолы.
Совет әдебиетінде типтік образ жасау, характердің даралық қасиеттері, ұлттық ерекшеліктің негізгі сипаттары, әдебиет тілін дамыту мәселелерін шешуде М. Әуезовтің «Абай жолы» романы айрықша үлес косқандығын, социалистік реализм әдебиетін байыта түскендігін бүкіл совет әдебиетшілері кеңінен зерттеп айтып отыр. Осы романмен қатар социалистік дәуірдің шындығын жан-жақты бейнелеген
Әдебиетте социалистік реализмнің жеңісі көркем шығармалардағы форма, стиль, тіл шеберлігі, композиция, характерлер, образ жасау, тартыс мәселелерін жан-жақты ашып зерттеуге мүмкіндік береді.
Демек, қазақ әдебиеті тарихының проблемалық, теориялық мәселелерін реалистік дәстүрдің дамып қалыптасуы тұрғысынан, ақын жазушылардың социалистік реализм әдісін қаншалықты меңгеріп алғандығы тұрғысынан қарастыру керек болады. Җанрлардың дамып қалыптасу мәселесі де әдебиеттегі реализмге байланысты. Бәрімізге мәлім, қазақ әдебиетінде поэзиядан басқа жанр революцияға дейін туып дамыған жоқ. Поэзия мен публицистикадан ажырап шыға алмаған кейбір прозалық шығармалар нағыз реалистік көркем проза дәрежесіне көтеріле алмағандығы бәрімізге аян. Проза мен драматургияның жанр ретінде қалыптасуы тек қазақ совет әдебиетінің тәжірибесінде жүзеге асты. Бұл жерде мен жанрлардың тарихына бара бермей, казіргі әдебиет сыны мен әдебиет тану ғылымының алдына теориялық проблема ретінде қойылып отырған бір-екі жайға назар аударғым келеді.
Бірінші - бұрынғы халықтық поэзия дәстүрімен байланысты драмалық және поэзиялық шығарма жасау, екінші - революциялық өмір шындығын бейнелеуде новаторлық жолмен іздену, мұның екеуі де қазақ совет әдебиетінің даму жағдайында заңды құбылыс еді. Бұрын тұрақты театры жоқ, театрлық өнерді дамытатын профессионал актерлері жоқ және оны жақсы қабылдайтын көрермендік дәстүрі жоқ жағдайда қалың бұқараның мәдени өресіне сай келетін түрлі драмалық формаларды іздеу керек болған. Оның ең алғашқы жеңіл түрлері көшпелі ауылдың әртүрлі жағдайында қоюға лайықты Б. Майлиннің «Неке қияры» сияқты бір перделі комедиялар болса, екінші бір формасы - ел арасында жатқа айтылып кең таралған аңыз-әңгіме, көркем жырлардың негізінде «Еңлік-Қебек», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Арқалық батыр», «Алдар көсе» сияқты көркем драмалар жазу. Бұл соңғы творчестволық тәжірибе, бір жағынан, қалың жұртшылықтың ынтасын театрға көбірек аударуға, олардың көркем өнерге деген талғамдарын жетілдірүге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, қазақ әдебиетінде драматургияның творчестволық проблемаларын шешуге мүмкіндік берді. Қазақ драматургиясы саласында социалистік өмір шындығын бейнелейтін реалистік драма жасау жолындағы ізденулер мен күрестер ешбір тоқталмастан жүргізіліп келеді. Оны біз «Қызыл сұңқарлар», «Майдан» пьесаларынан бастап бүгінгі «Жалғыз ағаш орман емес» атты революциялық өмірімізді бейнелеген шығармалардың жазылу тәжірибесінен жақсы білеміз. Әдебиеттің басқа жанрларымен салыстырғанда драматургия үлкен әдебиеттің дәрежесіне еркін көсіліп жете алмағандығын әдебиетшілердің барлығы қынжылып мойындап отыр. Әсіресе, бүгінгі социалистік өміріміздің шындықтарын көркем бейнелеген, совет адамдарының әралуан характерлерін ашып көрсеткен реалистік драма жасау, осы жанрдың ерекшелігін меңгеру - көркемдік шеберлікті жетілдіру мәселелері әлі толық шешіле қойған жоқ. Олай болса, қазақ драматургиясын бұдан былай дамыту проблемасы тек жазушы-драматургтің ғана алдында тұрған жоқ, зерттеуші-әдебиетшінің алдына да қойылып отыр.
Қазақ поэзиясында сюжетті поэманың қалыптасқан ең күшті үлгілері халықтың өз қиялында, өз жырында тәтті сезімге бөленген аңыз, әңгімелер негізінде жасалғандығын, мұның өзі қазақ совет поэзиясының даму жолында занды құбылыс болғандығын айрықша атап көрсету керек. Бұл топқа жататын поэмалар: С. Мұқановтың « Сұлушаш», И. Байзақовтың «Құралай сұлу», С. Сейфуллиннің «Көкшетау», «Аққудың айрылуы», I. Жансүгіровтың «Күйші», «Құлагер». Ә. Тәжібаевтың «Абыл», Ж. Саинның «Күләндә», Қ. Бекхожиннің «Мариям Жағоp қызы» т. б.
Академик қазақ әдебиетінің ғылымдық тарихын жасау жолындағы кемшіліктер мен міндеттерін нақты төмендегі мәселені атап көрсетті.
Қазақ әдебиетінің ғылымдық тарихын жасау аса күрделі, қиын проблема, мұның өзі қазақ әдебиет тану ғылымының бар дәуірдегі түйінді мәселесі болса, алдағы жетіжылдық жоспардың(коммунизмге жеті қадам) да ең басты проблемасы болып отыр.
Әдебиет тарихын жасау жолында қандайлық тәжрибеміз бар? Неден ұттық, неден сүріндік? Бұған да жауап бермеске болмайды. Қазақ әдебиет тану ғылымының тарихына көз жіберсек, оның негізінен екі кезеңді басынан кешіргендігін байқауға болады. Бірінші үйрену, идеялық творчестволық принциптерді игеру кезеңі. Бұл революцияның алғашқы кезінен соғысқа дейінгі дәуірді қамтиды. Екіншісі ­­­соғыстан кейінгі дәуір, яғни қалыптасып, даму дәуірі.
...Әдебиеттану ғылымы екі салада, яғни жинау мен зерттеу жұмысы салаларында қатар дамыды: 20-жылдардың бас кезінде ұйымдасқан Қазақстан өлкесін зерттеу қоғамы арқылы, кейін --1933 жылы ұйымдасып, Ғылым академиясының системасына көшкен Ұлт мәдениетін зерттеу институты тарапынан қазақ фольклоры мен әдебиетінің нұсқаларын көптеп жинау жұмысы жүргізілді. Жинап қана қоймай, бұл ғылми мекемелер қазақ фольклорының ең таңдаулы үлгілерін мезгілімен жариялап отырды. А. Мельков, А. Диваев, С. Сейфуллин, М. Әуезов және басқалардың басқаруымен қазақ эпосының, қазақ ертегілерінің бірнеше томдық үлгілері, Махамбет, Ығылман Шөреков, Шернияз сияқты ақындардың өлеңдері де өз алдына кітап болып басылып шықты. Ал 30-жылдарда фольклор нұсқаларымен қатар Абайдың, Торайғыровтың, Дөнентаевтың, Алтынсариннің, Ақан серінің, Сүйінбайдың т. б. Өлеңдер жинағы жарияланды.
Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет үлгілерін кең көлемде жинап, оны бір жүйеге келтіру, жариялау жұмысы СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалы және кейін Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институты тарапынан үздіксіз жүргізіліп келеді.
Әдебиет тарихын зерттеудегі ең үлкен қиындық, ең төзбестік сорақы кемшілік - біздің әдебиетші ғалымдарымыздың кітапханаларда, архивтерде, қолжазба фондаларында сақтаулы бай түп нұсқа материалдарды жан-жақты зерттеп игермеуі. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші ғалымдар түп нұсқадағы қолжазбаларды қадағалап зерттемейінше, өзгесін былай қойғанда, Мәшһүр Жүсіп Қөпеев, Ә. Диваев қалдырған қолжазбаларды түгел оқып игермейінше,шын мәніндегі ғылыми еңбек жазылады дегенге сену қиын. Сөйтіп, әдебиет пен фольклордің нақты фактілік материалдарын арнайы зерттемейінше, тек бұрын-соңды басылған кітаптарды ғана пайдаланып жазған еңбектер бірін-бірі қайталауға, сайып келгенде ғылыми ойдың тоқырауына апарып соғады. Біз бұл кемшілікпен батыл күресуіміз керек. Осы жөнінде нағыз материалдың ортасында отырған Қазақ ССР Ғылым академиясының ғалымдары басқаларға үлгі көрсетуге тиіс.
Екінші бір елеулі кемшілік - әдебиет тану еңбектерінде ғылыми аппараттың жеткіліксіздігі мен ғылми адалдықтың кемдігі. Әрбір ғылыми еңбек, егер ол жаңа, соны пікір айтуға талаптанса, алдымен, белгілі фактіге, документке, дәлелге сүйенеді, сонымен бірге өзі зерттеп отырған мәселе туралы бұрын не жазылды, қандай қорытындыға келді, олардың дұрыс-бұрыс жері қандай, барлығын да атап көрсетіп отыруға міндетті. Бұл жалғыз әдебиет тануда ғана емес, ғылымның барлық саласында ежелден қалыптанған дәстүр. Амал қанша, біздің қазақ әдебиетшілері ғылымдағы осы адалдықты, заңды дәстүрді сақтамай жүр.
Қазақ әдебиетінің әртүрлі мәселелері туралы бұрын-сонды жазылған еңбектер кейінгі жазылған кітаптарда пайдаланылса да аталмайды, тіпті сын ретінде де ауызға алынбайды. Бұған мысалдар мен дәлелдер толып жатыр. Дегенмен кейбіреулерін келтірейік. Жас әдебиетші Әнуар Дербісәлиннің Алтынсарин туралы кітабы шықты, бірақ өзіне дейін Ыбрай Алтынсарин туралы М. Әуезов пен М. Жолдыбаевтың 1933 жылғы, Х. Жұмалиевтің 1940 жылғы оқулықтарындағы, Ә. Сыдықовтың 1949 жылғы монографиясындағы дұрыс пайдалы пікірлер туралы түк айтпайды.
Жолдастар! Қазақ әдебиет тану ғылымының бұдан былай үздіксіз дамып, КПСС XXI съезі қойған талаптарына сай жаңа еңбектер жазу үшін сын мен айтысты өрістетіп отыру басты бір мақсат. Өзара пікір таласынсыз, өзара сынсыз творчестволық ғылыми ой дамымайды. Ал біздің әдебиет тану жұмысымызда өзара сын шамалы, сынның өзі тек әркімнің бет ажарына, беделіне қарап айтылады. Әдебиеттің қандай мәселесіне болса да партиялық принципті қатаң сақтап, кем-кетістікті әділ де батыл сынап, ортаға салып отыру - біздің дамуымыздың мықты тетігі болмақ. Әсіресе сын мен пікір таласын (дискуссия) әдеби мұраның даулы мәселелері төңірегінде, совет әдебиетінің теориялық проблемалары төңірегінде күшті жүргізілуі қажет. Біздің әдебиетші ғалымдар, әсіресе орта буындағы әдебиетшілер, әдебиеттің тарихтық, теориялық мәні бар даулы мәселелеріне көп жоламайды. Әдебиеттің келелі мәселелері туралы пікір алысқанда айтылған ойлар мен қортындылардың бәрі бірдей мінсіз, талассыз бола бермеуі мүмкін. Біздің бірқатар әдебиетшілер қателеспес үшін даулы немесе теориялы мәселеге жолаудан қашады. Партияның XXI съезінің қарарларынан туатын қазақ әдебиет тану ғылымының алдында тұрған міндеттер мол және жауапты да. Сайып келгенде, оның негізгілері: қазақ әдебиетінің 4 томдық ғылыми тарихын жасау, қазақ совет әдебиетінде жанрлардың, реалистік дәстүрдің қалыптасып даму мәселелері, халықтар әдебиетінің өзара байланысын орыс әдебиетінің қазақ совет әдебиетіне идеялық творчестволық ықпалын зерттеу, социалистік реализмнің қазақ совет әдебиеті тәжірибесінде іске асуын теориялық тұрғыдан анықтау, қазақ әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосқан, бүкіл совет әдебиетін молықтыруға ат салысқан аса көрнекті ақын-жазушылар туралы монографиялық зерттеүлер жазу, қазақ әдебиеті тарихына байланысты әдеби архивтік деректерді ұқыпты жинап тексеру, бүгінгі әдебиеттің дамуына теориялық, эстетикалық ықпал жасайтын әдебиет сынын өрістету т. б. болып табылады.
Әдебиеттану ғылымы коммунизм құру жолындағы совет халқының білімін, рухани дүниесін молықтыра түсетін мықты идеологиялық құрал екендігі белгілі, Демек, ҚПСС XX-ХXI съездерінің тарихи қарарларынан туатын маркстік-лениндік творчестволық теория қазақ әдебиет тану ғылымының жарық жұлдызындай адастырмас қағидасы болып табылады. Біздің әдебиет тану майданында бұрын сан рет айтылған дайын қортындыларды қайта-қайта ұсына беретін, ғылымдық ойдың тоқырауына апарып соғатын жаттамалы ережелерге де (догматизмге),түрлі түстегі буржуазиялық идеологиялық қалдықтарына да, бас сауғалаушы, қандай пікірге болсын қосыла салатын екі жақтылыққа да принципті түрде қарсы күресе отырып, ғылыми творчестволық ойды дамытуға, қазақ әдебиетінің ғылыми тарихын жазуға, сөйтіп, коммунизм дәуірінің мәдени тілегіне сай шын мәніндегі аса күрделі (фундаменталды) монографиялық, теориялық еңбектер беруге түгел жұмылайық!

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет