Лекция 1 Тақырып: Құқық негіздері пәні, әдісі және заң ғылымы Жоспар



Дата31.01.2023
өлшемі25,69 Kb.
#64211
түріЛекция


Лекция 1
Тақырып: Құқық негіздері пәні, әдісі және заң ғылымы
Жоспар:

  1. Құқық теориясы пәні.

  2. Құқық теориясының әдістері.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Мусаева, Ж.Т. "Құқық негіздері" пәні бойынша студенттердің оқытушымен өздік жұмысы сабақтарына арналған әдістемелік нұсқаулар : әдістемелік нұсқаулар студенттерге арналған / Ж. Т. Мусаева, Г. М. Жуматова, 2017. - 28 бет

  2. Мусаева, Ж.Т. Құқық негіздері [Электронный ресурс] : оқу құралы студенттерге арналған / Ж. Т. Мусаева, М. М. Кожухова, 2015. - 94/1 бет




Интернет ресурстары:

  1. https://ustaz.kz/materials/word/asyq_sabaq_ort_qayipsizdigin_aldyn_aly_saralary_jane_uiymdastyry-275587.html

 


Құқық теориясы жалпы мемлекет және құқық ғылымының пәні ретінде қоғамның, қоғамдық өмірдің құбылыстары-мемлекет және құқықтың пайда болуы, дамуы және қызмет істеу жолдарын, өздеріне тән заңдылықтарын, олардың таптық-саяси және жалпы адамзаттық мәнін, мазмұнын және түрін, заңды қарым –қатынастары мен байланыстарын, құқықтық сананың және құқықтық мәдениеттің ерекшіліктерін ашады.Осы қоғамдық қатынастардың мәнін ашуда мемлекет және құқық теориясы пәні басқа құқық салаларының пәндерімен тығыз байланыста болады. Әсіресе, мемлекет және құқық теориясы пәні тарихи принципке сүйене отырып, мемлекет және құқық тарихымен тығыз қарым-қатынаста дамиды. Ол әртүрлі мемлекеттердегі,әртүрлі мезгілдегі, кеңістік пен кезеңдердегі нақты мемлекеттік-құқықтық құбылыстар мен процестерді зерттейді. Ал, мемлекет пен құқық теориясының пәні бұл білімді жинақтап, жүйеге келтіріп, жаңа творчествалық сапа береді.Сондықтан, тарихи принцип мемлекет пен құқық теориясының негізгі принципіне жатады. Жалпы алғанда мемлекет және құқық теориясы пәнінің зерттеу шеңбері 10-12 мыңжылдықтардағы жалпы планеталық мерзімді қамтиды.
Мемлекет және құқық теориясының пәні заң ғылымының негізгі ұғымдары мен категорияларының жүйесін құрайды. Мысалы, құқық нормасы, құқықтық қатынас, құқық субъектісі т.б.
Барлық ғылым салаларының оқу пәнінің объектісі-өзі зерттейтін мәселелердің жиынтығы. Мемлекет және құқықтың объектісі оларды басқа құрылымдардан бөліп қарауға,сондай-ақ әлеуметтік құбылыстар жүйесінде олардың орнын анықтауға,сөйтіп,мемлекет пен құқықтың мәнін терең түсінуге жағдай жасайды. Мемлекет және құқық теориясының зерттеу объектісіне мемлекет пен құқықтың пайда болуы, дамуы,қызмет етуінің жалпы заңдылықтары, олардың мәні мен мақсаты,мемлекеттік-құқықтық реттеу механизмі жатады. Қоғамдық қатынастардың дамуына байланысты зерттеу объектілері жиынтығын ғылыми тұрғыда, ғылыми ізденістердің нәтижесінде жаңартылып, дамытылып отырылады. Оқу пәніне байланысты бұл ғылым саласы құқық пен мемлекеттік билік қатынастарын, мемлекеттің және құқықтың қоғамдағы қызмет рөлін, олардың басқарушылық, реттеушілік және қорғаушылық қызметтерін дамытуға, қоғамдық өмірдің экономикалық негіздерін реттеу мақсатында қоғамдық саяси процестерді, бағыттарды және құндылықтарды қайта құруға мүмкіндік беретін мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды, категориялар мен ұғымдарды құрайды.
Сонымен, мемлекет және құқық теориясының пәні-мемлекет пен құқықтың пайда болуының, дамуының және қызмет атқаруының заңдылықтары, олардың мәні, құрылымы және негізгі бөлшектері, принциптері, институттары.
Мемлекет және құқық теориясының әдістері дегеніміз мемлекеттік –құқықтық құбылысты зерттеуде ғылыми жолмен қамтамасыз етілген теориялық принциптердің, логикалық әдістер мен арнайы тәсілдердің жиынтығы. Яғни,ғылыми әдіс дегеніміз пәнді түсінудегі әдістер мен тәсілдердің жиынтығы.
Мемлекет пен құқық теориясы өзінің пәнін түсіну үшін көптеген амал - тәсілдерді пайдаланады. Олардың ішінде мыналары өзгеше болып бөлінеді:
1.Жалпыға бірдей әдіс-ойлаудың жан-жақты принципін көрсететін философиялық дүниетанымдық амал. Оған жататындар:
а)метафизика, мемлекет пен құқықты мәңгі және өзгермейтін институт ретінде қараушы.
б)диалектика-материалистік және идеалистік болып бөлінеді.
 Материалистік диалектика-қоғамдағы әлеуметтік–экономикалық өзгерістермен байланыстыратын құбылыс, әсіресе, жеке меншіктің пайда болуы және қоғамның таптарға бөлінуі, яғни бір-бірімен тығыз байланыстағы, нақты тарихи жағдайдағы мемлекет және құқықты дамушы категория ретінде қарастырушы.
Идеалистік диалектика:
 а) объективті идеализм;
 б) субъективті идеализм болып бөлінеді.
Объективті идеализмде мемлекет пен құқықтың пайда болуын жаратушы күшке байланыстырады.
Субъективті идеализмде мемлекет пен құқықтың пайда болуын адам санасының жемісі деп көрсетеді.
Философиялық амалдың орны үлкен болғанымен жалпы мемлекет және құқық жасаған жалпы әдістемелік категориялар мен принциптерді ауыстыра алмайды. Себебі,құқықтың мәнінің,мазмұнының және түрлерінің жалпы ғылыми түсініктерінсіз, заң шығару және жалпылама құқық жүйесінсіз, құқық шығармашылықтың жалпылама ғылыми түсінігінсіз, құқықты іске асыру, оны түсіндіру, құқықтық қатынас, заңдылық және құқықтық тәртіп, құқықты мінез-құлық және заңды жауапкершіліксіз және т.б. сонымен бірге демократияның категорияларынсыз, қоғамның саяси ұйымдастырылуынсыз, мемлекеттің мәні, мазмұны және түрлерінсіз, оның механизмі мен қызметінсіз, құқық шығармашылық және ойлау жұмыстарының нәтижесінсіз бірде-бір заң ғылымы саласы өзінің арнайы білім жүйесінің жемісін көре алмайды.
 2.Жалпы ғылыми әдістер-бұл жалпылама әдістер сияқты барлық ғылыми танымды қамтый алмайды, тек оның жеке сатыларында қолданылады. Оған мыналар жатады:
а) талдау(анализ)- күрделі мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды жеке бөліктерге шартты түрде бөлу;
ә) синтез-оның күрделі жақтарын шартты түрде біріктіру арқылы зерттеу;
б) жүйелік әдіс – ондағы әртүрлі байланыс түрлерін анықтауда объектіні түгелімен ашуға бағытталады;
в) қызметтік әдіс – бірден-бір әлеуметтік құбылыстардың басқаларға деген қатынас қызметін анықтауға арналады.
 3. Жеке ғылыми әдістер. Бұл мемлекет және құқық теориясының техникалық, табиғи және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ғылыми жетістіктерін меңгеру нәтижесіне байланысты қолданылатын әдістер.
Оған жататындар:
1) нақты-әлеуметтік әдіс, бұл құқықтық және мемлекеттік-саяси институттар қызметін, қазіргі кездегі құқықтық реттеудің сенімділігі немесе құқықты қорғау үшін субъектілердің шын мәніндегі мінез-құлқын зерттеуге арналады.Бұл әдіске анкета толтыру, сұрау, бақылау және т.б.әдістер кіреді.
2) статистикалық әдіс, бұл әдіс мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың сандық көрсеткішін алуға мүмкіндік береді.
3) кибернетикалық әдіс, бұл әдіс мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды кибернетика ұғымдары, заңдары және техникалық құралдары жүйесінің көмегі арқылы тануға мүмкіндік береді.
4) жеке құқықтық әдістер, бұл тек заңға ғана тән әдістер.
Оған жататындар:
а) формалды-заңдық әдіс. Бұл әдіске құқықты жүйелеу әдістерін, қайнар көздерін, ішкі құрылымын зерттеу тән. Мемлекетті зерттеуде мемлекет түрін, құрылымын анықтауда қолданылады.
ә) салыстырмалы - құқықтық әдіс, жалпы және арнаулы құрылымдарды анықтау мақсатында әртүрлі құқықтық жүйені салыстырып қарауға мүмкіндік береді, яғни түрлі елдердің мемлекеттік және құқық жүйесін зерттейді.
б) мемлекеттік - құқықтық реттеу әдісі. Мемлекеттер мен құқықтық құбылыстардың ұқсастығы болады, сондықтан біреуінің белгісіне қарап, екіншісінің белгісін анықтаймыз болады. Осы әдіске қарап,әртүрлі мемлекеттер мен құқықтық қатынастардың ерекшеліктерін ажыратамыз.
Мемлекет және құқық теориясының түрлі әдістері қоғамдық өмірдің күрделі құбылыстарын тануға мүмкіндік туғызады.
Тапсырма1
«Венн диаграммасын сызу арқылы мораль мен құқықтың айырмашылығы мен ұқсастықтарын анықтаңыздар»
Дескриптор: студенттер Венн диаграммасы арқылы мораль мен құқықтың айырмашылығы мен ұқсастықтарын анықтайды.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет