Лекция тезистері №1 Лекция. Пәнге кіріспе Отандық тарихты оқудың тұжырымдамалық негіздері



бет1/20
Дата19.04.2022
өлшемі278,6 Kb.
#31517
түріЛекция
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

«Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнінен

лекция тезистері
1 Лекция. Пәнге кіріспе

1. Отандық тарихты оқудың тұжырымдамалық негіздері

2. Қазақстанның қазіргі заман тарихының басты мәселелерінің өзектілігін айқындау

3. Қазақстанның қазіргі заман тарихының тарихи деректері мен тарихнамасының талдануы


1. Тәуелсіз Қазақстан тарихын жоғары оқу орындарында пән ретінде студенттерге оқыту барысында Қазақстан Республикасының тәуелсіздік кезеңі тарихын оқытудың тұжырымдамалық ұстанымдарын саралап алғанымыз дұрыс. Тарихты оқытудың қалыптасқан жүйесі және негізгі қағидалары Тәуелсіз Қазақстан тарихы пәнін оқыту барысында да қолданылады. Қоғамдық-гуманитарлық салалардағы зерттеулер мен оқулықтарда пайдаланылатын бірнеше ұстанымдар бұл пәнде де өзекті болып табылады. Олар:

- объективтілік (шынайылық) – бүгінгі күрделі әлемде адам қабілетіне, ұлт жігеріне бағынбайтын заңдылықтар бар. Қазіргі заман ақпараттар заманы, адамзат баласы бір ақпараттық кеңістікте, бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүруде. Бұл мәселе - Тәуелсіз Қазақстан тарихын оқып түсінудің басты шарттарының бірі;

- субъективтілік (жеке көзқарас) – тарихи үдерістердегі тұлғаның орнын көрсету осы ұстанымның негізгі мақсаты. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының басынан кешкен күрделі кезеңге қатысты жеке тұлғалардың, қайраткерлердің еңбектерін пайдалану бұл тақырыпты ашып көрсетудің қайнар көздерінің бірі;

- тарихилық – Қазақстан тарихы дүниежүзілік тарихтың заңдылықтарына бағынышты, дегенмен ұлы далада бірнеше мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген және өмір сүре беретін қағидалар бар. Тарихилық ұстанымы Тәуелсіз Қазақстан тарихының әлемдік тарихтың заңдылықтарымен және ұлы дала тарихының қағидаларымен байланысты екенін көрсетеді;

- сабақтастық – бұл ұстанымның негізі Қазақстан халқының этникалық және мәдени-рухани тамырының көне және бұрынғы заман үлгілерге барып ұштасатынын дәлелдеу. Сонымен бірге, Тәуелсіз Қазақстан тарихы өзіне дейінгі ірі тарихи кезеңдермен, мемлекеттермен және өркениеттермен сабақтас құбылыс;

- өркениеттік – қазіргі заман адамзат баласының дамуын постмодернистік, техногендік өркениетке бастайды. XIX-XX ғасырлардан басталған бұл құбылыс бізге де өз әсерін тигізуде. Әлемдік өркениет факторын есепке алмай Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды тарихын жазу мүмкін емес;

- жүйелілік – адамзат қоғамы тұтас жүйе. Тәуелсіз Қазақстан осы жүйенің құрамдас бөлігі. Сондықтан ұлттық-мемлекеттік тарихты оқытуда жүйелі-құрылымдық ұстанымды пайдалану қажет.

Тәуелсіз Қазақстан тарихын оқыту қалыптасқан әдістемелік негіздерге сүйенеді. Оның әдіснамалық, теориялық, әдістемелік проблемалары оқулықта толық ашып көрсетілген. Оқулықтың басты мақсаты – студенттерге терең білім, талғамды түсінік беру, түрлі ұстанымдар мен күрделі тарихи мәселелерді талдауға және өз бетінше пайымдай білуге дағдыландыру. Қазіргі уақытта оқытушылар мен студентттердің түрлі деректер мен зерттеулерді қолдануына және оларды салыстыра зерделеуіне көптеген мүмкіндіктер бар.

Қазіргі қоғамда өркениет проблемасы терең пайымдаулардың пәніне айналып отыр. Адамзат өркениетінің болашағын зерделеумен айналысатын ғалымдар арасында түрлі көзқарастар да бар. «Тарихтың ақыры» немесе парасатты тарихтың басталуы туралы пікірлердің, «өркениеттер қақтығысы» жайындағы болжамдардың да бар екендігі белгілі. Әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасу үрдісінде ұлттық – этникалық және мәдени құндылықтарды сақтау аса маңызды.

ХХІ ғасырдың басында әлем көптеген өзгерістерге ұшырады. Қазіргі Қазақстан тарихын оқыту үрдісінде салыстырмалы әдіс арқылы өткен, қазіргі және болашақ арасындағы өзара байланысты көрсету, сонымен қатар тарихтың ұлттық, өңірлік және ғаламдық қырлары арасындағы шынайы байланысты көрсету де аса маңызды.

2. «Қазіргі Қазақстан тарихы» пәні – ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі ауқымды тарихи кезеңді қамтиды. 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейінгі Қазақстан тарихы – бұл рухани дамудың, күрес пен табандылықтың және жасампаздықтың жылнамасы. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстанның сан ғасырлық тарихының дәуірлік оқиғасы болды. Сондықтан ғасырлар тоғысындағы, ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы егемен Қазақстан тарихы – бұл тәуелсіздік алған және жаңа мемлекетті құрған республика азаматтары жетістіктерінің заманауи жылнамасы.

Тәуелсіз Қазақстан тарихы – бұл Отандық тарихтың заңды жалғасы және маңызды бөлігі болып табылады. «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» деген қанатты сөз қоғам мен мемлекеттегі тарих ғылымының міндеттерін нақты анықтап тұр. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің іргетасын әлемнің елеулі бөлігіне ықпал еткен ұлы дала көшпелілерінің мемлекеттік дәстүрі және бірнеше жүз жылдық барысындағы қазақтардың азаттық жолындағы күрес тарихы, Ресей және Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы құрамында өмір сүрген тәжірибесі құрайды.

Қазақстан шынайы тәуелсіздік жолына түскеніне 27 жыл болды. Қазақстан Республикасы Президенті 2009 жылы 6 наурыздағы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» Жолдауында: «Дүние дамуымен есептегенде жиырма жыл деген көп те емес шығар. Бірақ біз үшін үлкен кезең тұтас бір дәуірмен тең» деген еді. Осы аз ғана уақыттың қазақ елінің тағдырында алар орны мен тарихи маңызы ерекше. Бірнеше жүз жыл бойы тәуелсіздік үшін күресіп, тағдырдың талқысына көп түскен қазақ елі, қысқа мерзім ішінде санадан ұмытылып, жадыдан өшіп бара жатқан егеменді мемлекеттілігін жаңғыртып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің ортасында болашаққа қарыштап қадам басты. Бұл кезең – Қазақстан Республикасында тұратын барлық халықтардың ауыз бірлігімен, Н.Ә. Назарбаевтың кемел басшылығымен тағдырдың қатал сынына төтеп берген кезеңі. Мемлекет аз ғана уақыт ішінде өз дамуының саяси қырларын анықтап, нарықтық экономикаға өтуді жүзеге асырды, күрделі әлеуметтік күйзелістерді басынан кешірді. Жаңа әлемге бейімделген жаңа Қазақстан қалыптасты. Осы бір тарихи кезеңнің тағылымын зерттеу, зерделеу тарих ғылымының маңызды міндеті болып табылады.

Жоғары оқу орындарында «Қазіргі Қазақстан тарихын» оқыту студенттер бойында патриотизм мен азаматтық позицияны қалыптастыруға, Қазақстанның сан ғасырлық тарихы бойынша терең ғылыми білімдерді бекітуге ықпал етуші фактор болуы тиіс. Әсіресе, Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы, қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларындағы реформалар үрдісі, ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктері өскелең ұрпақ санасына құйылуы тиіс.

Осыған орай, төмендегідей міндеттер туындайды:


  • Проблемалық көзқарас негізінде, тарихи дамудың жалпы заңдылықтарын талдау арқылы ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы кезеңдерін, мазмұнын және мәнін ашу;

  • Тарихтың ежелгі кезеңдерінің негізгі проблемаларын зерделеу арқылы сол дәуірді халқымыздың бесігі, кейінгі тарихи дамудың алғышарты ретінде көрсету;

  • Қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің қалыптасу үрдісінің басты бағыттарын ашу;

  • Қазақ хандығының өмір сүрген кезеңі мен отарлық қыспақпен тәуелсіздікті жоғалту барысындағы тарихи даму ерекшеліктерін дәйектеу;

  • Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының мәні мен қайшылықтарын айқындау;

  • Тәуелсіздіктің қалыптасу жағдайындағы өтпелі (транзитті) қоғамдағы тарихи үрдістердің (саяси, экономикалық, социомәдени) негізгі заңдылықтарының мазмұнын зерделеу;

  • мемлекеттік тәуелсіздіктің саяси – құқықтық негізін құрайтын құжаттарды (деректерді) білуді қамтамасыз ету;

  • Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың егемен мемлекетті нығайтудағы, еліміздің халықаралық қауымдастықтағы лайықты орын анықтаудағы тарихи рөлін көрсету;

  • Мемлекет эволюциясын және оның тәуелсіздік кезеңіндегі институттарын қарастыру;

  • Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени реформалау үрдістерінің барысы мен нәтижелерін және экономикалық қуатының өсуін айқындау;

  • Еліміздің әлемдік және өңірлік қоғамдастыққа халықаралық қатынастардың дербес субьектісі ретіндегі кіру үрдісін ашу;

  • Студенттер бойында ғылыми негізде азаматтық ұстанымды қалыптастыруды, мемлекеттің ішкі өміріндегі оқиғалар мен халықаралық қатынастарды зерделей білуге дағдыландыруды қамтамасыз ету;

3. Тарихтың фактісіз жазылмайтындығы белгілі. Тарих ғылымының дәстүрлі деректемелік негізі әр қырлы археологиялық, этнологиялық, фольклорлық және өзге де материалдардан тұрады. Тарихшылар кітапхана қорлары мен мұрағаттарда сақталған көптеген деректерді қолданады. Тәуелсіздікке дейінгі Қазақстан тарихының деректемелік негізін археологиялық қазба жұмыстарының материалдары, антикалық, ортағасырлық – батыс, парсы, араб, орыс, қытай, моңғол және өзге де тарихшы-жылнамашылардың еңбектері, мұрағат құжаттары құрайды. Қазақстан тарихына кеңестік кезеңдегі түрлі құжаттық деректер де өзіндік үлесін қосады. Алайда, сол он жылдықтардың идеологиялық ізін де ескерген орынды.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде қоғамдағы саяси, әлеуметтік – экономикалық және рухани өзгерістерді бейнелейтін негізі деректер, құжаттар мен материалдар:



  • Республиканың басым бағыттары мен даму нәтижесін, мақсат-міндеттерін айқындайтын мемлекет басшысының жарғылары, жолдаулары, баяндамалары, сөйлеген сөздері;

  • Парламент тарапынан қабылданған заңнамалық құжаттар;

  • Еліміздің ішкі және сыртқы дамуын, Қазақстан дамуының саяси-өңірлік, әлеуметтік экономикалық қырларын нақтылайтын үкіметтік қаулылар мен құжаттар;

  • Атқарушы биліктің орталық және өңірлік органдарының құжаттары, түрлі деңгейдегі мәжілістер материалдары;

  • Азаматтық қоғам институттарын, саяси партиялардың, шетел сарапшыларының ұстанымдарын бейнелейтін материалдар;

  • Тәуелсіз Қазақстанды құруға ат салысқан тұлғалардың естеліктері;

  • Әлеуметтанулық сауалнамалар материалдары мен статистика мәліметтері;

  • Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша қазақстандық және шетел ғалымдарының тұжырымдамалық және іргелі еңбектері;

  • Мерзімді басылым материалдары;

  • Өзекті мәселе бойынша интернет-қорлары.

Тәуелсіз Қазақстан тарихын жазуға негіз болатын құжаттық негізін заңнамалық актілер мен стратегиялық құжаттар құрайды. Бірінші кезекте «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңы» (1991 жыл), 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының Конституциясы», ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан - 2030: барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» (Алматы, 1997) және Елбасының басқа да Жолдауларын атаймыз. Заңнамалық актілер мен стратегиялық құжаттар Тәуелсіз Қазақстанның негізін салып, оның болашақ даму қырларын анықтап,елдегі іргелі өзгерістерге жол ашты.

Мемлекеттік стратегияны талдауда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері маңызды болып табылады. Өйткені, Елбасы еңбектерінде мемлекет пен азаматтық қоғамның дамуы, ішкі және сыртқы саяси жағдайлар туралы, тәуелсіздіктің қалыптасу үрдісіндегі мәселелер, табыстар мен қиыншылықтар туралы толық ақпарат беріледі. Президент еңбектерінің өзектілігі, оның тарихи үрдістің қарапайым ғана қатысушы емес, КСРО – ның ыдырауы және тәуелсіздіктің қалыптасуы кезінде, қазіргі уақытта да маңызды шешім қабылдаған саясаткер екендігімен түйінделеді. Елбасы еңбектері тарихи фактілерге толы ғана емес, сонымен бірге талдау негізінде әрі жан-жақты сипатта жазылған. Оларда 1980 жылдардағы кеңестік қоғамның дағдарысы, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алу үрдісі, экономикалық реформалардың жүргізілуі мен мемлекеттік-саяси жүйенің дамуы зерделенеді.

Қазақстан экономикасын жаңғырту (модернизация) бойынша берілген деректер ішінен заң күші бар және экономикалық дамуды жандандырған Елбасының жарғылары, Қазақстан халқына Жолдауы және мемлекет басшысының ірі халықаралық форумдар мен кеңестерде сөйлеген сөздерін атауымыз қажет. Сонымен бірге Республикада мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру сияқты аса күрделі, қарама – қайшылығы мол мәселеге қатысты кейбір оқиғалар мен үрдістер құжаттық деректерде жеткіліксіз берілген, сонымен қатар аналитикалық материалдар мен публицистикалық мақалалар саны да мардымсыз. Осыдан келіп реформалар барысын, елдің әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіші ретіндегі статистикалық мәліметтерді талдаудың маңыздылығын айта кетуіміз де керек.

Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде Қазақстан тарихын зерттеудің бай дәстүрі бар. М.Х. Дулати, Қ.Жалайыр, Қ. Халиди, Ш. Уәлиханов, Г. Потанин, Ә. Бөкейханов және т.б. ғалымдар мен ойшылдар Отан тарихының күрделі мәселелерін шешуге сүбелі үлес қосты. Кеңестік жылдарда ұлттық тарихнама С.Асфендиаровтың, М. Тынышбаевтың, Х. Досмұхамедовтың, Е.Бекмахановтың, Ә. Марғұланның, Г. Дахшлейгердің, Р. Сүлейменовтың қаламынан шыққан толымды еңбектермен байыды. Ел тарихының жарқын беттері тәуелсіздік тұсында жазылғаны күмәнсіз. М.Қозыбаев, М.Асылбеков, К.Нұрпейісов, К.Байпақов, Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев, Қ.Атабаев, В.Зайберт т.б. танымал ғалымдардың еңбектері ұлттық тарихтың ақтаңдақтарын жоя бастады.

Тарихнаманың маңызды арқауы Қазақстан республикасының Тұңғыш Президентінің мемлекеттік қызметі, әсіресе жаңа Қазақстанның жаңа астанасы Астананы салдыруы болып табылады. Қазақстанның жаңа астанасы туралы Елбасының «Еуразия жүрегінде» (Алматы, 2005) еңбегінде астананы ауыстырудың негіздері, мемлекеттің дамуындағы ел астанасының мәні терең ашылып көрсетіледі. Осы орайда ғылыми, публицистикалық және құжаттық шығармалар қатарындағы төмендегідей кітаптарды айтуға болады: Н. Ә.Назарбаевтың «Халыққа арнау» (2007), «Ел басы мәртебесі – ел мәртебесі»(2007), «Қазақстан. Жаңа асулар жылы 2002» (2003), М. Касымбеков «Становление института президентства в Республике Казахстан» (2000), «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» (2005), Ж. Сааданбеков «Нурсултан Назарбаев. Законы лидерства» (2005), «Қазақстан. Тәуелсіздіктің 15 жылы»(2006), «Қазақстан әлемнің тоғызыншы мекені»(2007), О.Видова «Нурсултан Назарбаев: портрет человека и политика» (1998), «Бәйтерек» (2003), А. Джаксыбеков «Так начиналась Астана» (2008) т.б.

Халықаралық қатынастар тарихнамасында Қ. Тоқаевтың«Беласу. Дипломатиялық очерктер» (2003), «Под стягом независимости. Очерки о внешней политике» (1997); «Дипломатия Республики Казахстан» (2002), «Нұр мен көлеңке» (2008), Т.Мансұровтың «Казахстанско-российские отношения в эпоху перемен» (2001) зерттеулері ерекше орынды иеленеді. Саяси тарих бойынша әдебиеттер қатарынан - К. Бұрхановтың, Б. Сұлтановтың, Б. Аяғанның «Современная политическая история Казахстана 1985-2006 гг.» (2006) еңбектерін атауға болады.

Қазіргі уақытта аталған тақырып төңірегінде салмақты және іргелі зерттеулер қолға алынуда.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет